Сәрсенбі, 9 Сәуір 2025
Жаңалықтар 2427 0 пікір 10 Сәуір, 2012 сағат 05:45

Әліби Жангелдин. Менің ғұмыр жолым* (жалғасы)

*1946 жылдың желтоқсан - 1947 жылдың қаңтар айларында Ә.Т.Жангелдиннің өз аузынан тарих ғылымдарының кандидаты Р.И. Голубева жазып алған бұл естеліктер кейбір қысқартулармен ұсынылып отыр.

Біз Торғайды тастап шықтық. Жоғарыда айтқандай, мен шабуыл жасауға кеңес бермедім. Қорғаныс шебін құрып, өзімізді қорғау керектігін айттым. Сөйтіп менің сөзіме көбірек құлақ асты. Ешқандай шабуыл жасамай, жазалаушы отряд бізге шабуылдайтын болса, қорғана алуымыз керек деп шештік.

Торғай облысында хандық құрдық. Оның басында - хан. Ол - азық-түлікпен қамтамасыз ету қамына және әскери дайындыққа жауапкер. Оның көмекшісі бар. Мыңбасылар көтерілісшілер әскері қолбасшысына яғни сардарға-бас қолбасшыға бағынады. Аманкелді Иманов сардар болып тағайындалды. Менің ешқандай лауазымым болмады, бірақ, шын мәнінде, әскерді ұйымдастыру және соғыс міндеттерін орындау бойынша жұмыстарды атқардым. Халық арасында ұйымдастыру жұмыстарын жүргіздім. Бас қолбасшы бізден жарлықтар алып отырды.

Халыққа өз мүдделерін қорғау керек екенін, жеңіске жеткен жағдайда олар ешкімге тәуелді емес, өз өміріне өзі билік ететінін түсіндірдік.

*1946 жылдың желтоқсан - 1947 жылдың қаңтар айларында Ә.Т.Жангелдиннің өз аузынан тарих ғылымдарының кандидаты Р.И. Голубева жазып алған бұл естеліктер кейбір қысқартулармен ұсынылып отыр.

Біз Торғайды тастап шықтық. Жоғарыда айтқандай, мен шабуыл жасауға кеңес бермедім. Қорғаныс шебін құрып, өзімізді қорғау керектігін айттым. Сөйтіп менің сөзіме көбірек құлақ асты. Ешқандай шабуыл жасамай, жазалаушы отряд бізге шабуылдайтын болса, қорғана алуымыз керек деп шештік.

Торғай облысында хандық құрдық. Оның басында - хан. Ол - азық-түлікпен қамтамасыз ету қамына және әскери дайындыққа жауапкер. Оның көмекшісі бар. Мыңбасылар көтерілісшілер әскері қолбасшысына яғни сардарға-бас қолбасшыға бағынады. Аманкелді Иманов сардар болып тағайындалды. Менің ешқандай лауазымым болмады, бірақ, шын мәнінде, әскерді ұйымдастыру және соғыс міндеттерін орындау бойынша жұмыстарды атқардым. Халық арасында ұйымдастыру жұмыстарын жүргіздім. Бас қолбасшы бізден жарлықтар алып отырды.

Халыққа өз мүдделерін қорғау керек екенін, жеңіске жеткен жағдайда олар ешкімге тәуелді емес, өз өміріне өзі билік ететінін түсіндірдік.

Біз жазалаушы экспедицияның әрекеттерін, санын, жаудың қаншалықты бізден басымдығын біліп отыру үшін қаладан хабарсыз кетпеуге тырыстық. Біздің өз барлаушыларымыз жасақталды, ол жазалаушы отрядттың саны мен қаруы туралы ақпар  жеткізіп отырды. Содан кейін ғана Торғайдан бірте-бірте жылжып қашықтадық.

Торғайдан көтерілісшілерді жазалау үшін бірнеше дүркін жазалаушы отрядтар жіберілді.

Біздің тактикамыз мынадай еді: жазалаушы отряд немесе полк, я полктер шыққанда, олардың жолбасшылары біздің негізгі күштеріміз қайда орналасқанын, не істеп жатқанымызды білетіндіктен, мен  бес жүздей адамды бір бүйіріне, тағы бір бес жүздей адамды екінші бүйіріне аттандырамын. Олар жазалаушылардың тылына шығып алады. Жазалаушылар өткен кезде, кенет көтерілісшілер бір жағынан шыға келеді. Содан соң екінші жағынан да пайда болады немесе желкесінен көрінеді.

Біз шабуылдай алмайтын едік. Қаруды жазалаушылардан тартып алған соң ғана иелендік. Осылайша біз оларды апта бойы алаң етіп титықтатамыз, содан соң олар бастарын кейін бұрып қайтып кетеді. Жарты айдай тынышталады. Содан соң жазалаушы отряд қайта шығады.

1917 жылдың ақпанына дейін осылай жалғасты.

Жазалаушылар бізге маза бермеді. Орынбордан генерал Лаврентьев бастаған жазалаушы отряд жіберілді. Жол бойы жазалаушы отряд халықты да, көтерілісшілерді де аяусыз жазалады. Бірінші шайқас арғын әскерімен болды. Арғындар әскерінің быт-шыты шықты. Арғын ханы берілді. Оны және нөкерлерін Торғайға ұстап алып кетті. Арғын ханы Торғайдың поштасынан тартып алған ақшаны уезд бастығына қайтарды. Арғын руы көтерілісшілері түгелдей талқандалды. Енді тек қыпшақтар ғана қалды. Қыпшақтар ақпан революциясына дейін табандылық танытты.

Торғайға жақын маңдағы болыстықтардағы зиялылар табансыздық танытып, келісімге барды. Ол аяусыз патша жазасынан қорықты, мойынсұнғыштық арқылы жендеттерден рақымшылық көреміз деп ойлады. Осынысымен олар көтерілісшілер қатарына жік туғызды. Мысалы, Шұбалаң мен Түсөң, сондай-ақ, басқа болыстарда зиялылар уезд бастықтарына барып, жастарды тыл жұмыстарына жіберткізді. Осылайша екі ру арасы бөлініп кетті.

Біз шегіне отырып, жазалаушылардың әрбір қадамын бақыладық, іштей ұйымдаса түстік, әскер үшін ат жемін, киім, қоныс мекендер жеткізуде, қорғанысты нығайтуда ең қажетті шараларды жүзеге асыруға күш салдық.

Кенжеқарада жазалаушылар көтерілісшілердің жылжуын тоқтатты. Бізді талқандауға тырысқан бірнеше дүркін ұмтылыстары нәтиже бермеді. Содан соң біз Доғалға дейін шегіндік.

Біз барлық кезде Торғаймен байланысты үзбедік. Онда байланысқа Байқадам Қаралдинді қалдырдық. Ол уезд бастығының тілмәші еді, бізбен астыртын байланыс жасап отырды. Оның өз адамдары болды.

Жазалаушы отрядтар толыға берді.

Торғай  қаласы гарнизонының бастығының талап етуімен Орынбор қаласы жақтан Ақтөбе, Шалқар, Ырғыз арқылы бірте-бірте толықтырулар келіп жатты.

Торғайда жазалаушы экспедиция орналасты. Толықтырумен ол 10 мың адамға жетті. Онда пулемет, пушкалармен қаруланған драгундар, казактар, артилеристер, гусарлар жиналды.

Жорық кезінде жол-жөнекей артилериядан жазықсыз бейбіт халықты атқылады, жазалаушылар қорғансыз әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетті, мүлікті талады.

Торғай жазалау экспедициясының орталығына айналды. Жазалаушылар сондай-ақ, Орынборда, Ақтөбеде, Шалқарда, Ырғызда үстемдік етті. Бірде біз олардан жеті адамды ұстап алдық, мылтықтарын тартып алдық.

Желтоқсанда жазалаушылар көтерілісшілерге қарсы шабуыл бастады. Жол басшылары ретінде Сүйін Атабаев, Зейнолла Құлжанов сияқты ақсақалдарды алды.

Бірінші ұрыс Кенжетай маңайында Баймұрат мешіті бағытында болды.

Бірінші қақтығыста көтерілісшілердің негізгі күшімен емес, жекелеген отрядтарымен кездесті, өйткені негізгі күш алға кетіп қалған еді.

Біз партизандық тәртіппен жау назарын аудару үшін оның тылына 150, 300-дей, 500-ге дейін адам жіберіп отырдық. Сөйтіп оларды титықтаттық, себебі олар негізгі күштің қайда екенін білмеді.

Бірінші ұрыстан кейін екінші шайқас енді негізгі күш орналасқан жерде өтті. Шайқас 8 сағатқа созылды. Бізде қаза болғандар көп емес болды, сонда да дала қойнына шегінуге тура келді.

Жазалаушы отряд одан арғы қуалауды мүмкін емес деп тауып, Торғайға оралды, онда ақпан революциясына дейін тұрды.

Бұл ұрыстан соң сан жағынан жаудан көп болғанымызбен, қолдағы қарумен жеңе алмайтынымызға көзіміз жетті. Егер революция жүзеге асса, біз құтқарыламыз, егер революция болмаса, бізді бәрібір талқандайды. Сондықтан өзімізді аман сақтау үшін шетелге: не Ауғанстанға, не Түркияға өту керек.

Әскери Кеңесте мен, Амангелді Иманов, Әбдіғаппар Жанбосынов, Қарабаев бәріміз басып өтетін елдер бізге кедергі жасамас үшін оларға өз өкілдерімізді жіберу керек деп шешім қабылдадық.

Ол кезде шекара-ашық, бірақ  баратын елдер бізді қабылдай ма деп уайымдадық.

Мен революцияның жақын және сөзсіз болатын іштей сезетінмін. Петроградтан көмескі сыбыстар жетіп жатты. Мен мүмкіндігімше жолдастарымды жігерлендіріп жүрдім.

Көрші елдерге делегаттар жіберуге шешім қабылдадық, олар көтерілісшілердің кетуін қамтамасыз етіп, жаңа елде оларға жер берілуін қарастыруы тиіс.

Мені Ауғанстанға баруға бекітті. Мен бірнеше тілде еркін меңгергенмін. Ол кезде ағылшынша біраз білетінмін, ал түрік тілінде еркін сөйледім. Бұл маған келісімге қол жеткізуге септігін тигізетін болуға тиіс.

Мен тез-ақ жиналдым. Жүрер алдында жолдастарыма: «Алда мені не күтіп тұрғанын болжау қиын, бірақ көктемге дейін менен ешқандай хабар болмаса, аттар мен түйелерді қамдап, Ауғанстан шекарасына көшіңдер. Сол жерде сендерді қарсы аламын» дедім, одан соң: «Егер жазалаушылар келіп қалса, біздерді жеті атамызға дейін сөгіңдер, негізгі бүліншілік ұйымдастырушы қашып кетті, ал біздер бейбіт халықпыз деп кектеніп ашуланыңдар» деп айтуға  келістік.

Мұндай сақтық етуге газеттердегі Орынбор губернаторларының мені тірідей не өлідей ұстап әкелу туралы хабарландыруының байтақ далаға жетуі мәжбүр етті.

Жолбасшылар алып, атпен жолға шықтым. Менімен бір уақытта басқа өкілдер де аттанды: Жанбосынов Сәдмен мен Зинейдин Имановты Қытайға жіберді.

Мен байтақ даланы басып өтіп, Бұқараға бет алдым. Жол-жөнекей менен қандастарым көмегін аямады. Менің жолым Түркістан, Ташкент арқылы жатты. Елде мені жақсы біліп, серіктестерімді барлық жерде ыстық ықыласпен қарсы алып, барлық қажеттермен жабдықтап отырды. Біздерді өзбектер де жақсы қарсы алды.

Мен өзімнің сыртқы ұсқынымды мүлде өзгерттім. Өзбек киімін кидім, өзімді өзбек етіп көрсеттім. Түркістанда мені мешіттің бас шырақшысы шейх қуанышпен қабылдады, онымен мен бұрын кездескенмін, бірнеше жыл бұрын өзімнің киноаппаратыммен оның үйінде болғанмын. Ол маған Бұхара әміріне хат жазып берді. Әмірге хат былай деп басталды: «Құдіретті алла атымен. Қазақ халқы кәпірлердің қанауында қайғы шегуде. Бізге, мұсылмандарға, бауырларымызға қол ұшын беру - қаиетті парыз...».

Біз Бұхара әмірімен өз істеріміз туралы сөйлесуге болатын сияқты көрдім. Сақтық жасап, серіктерімді қала сыртына қалдырдым да, өзім түйеден түсіп, бір таныс өзбекке кеттім. Мен оның әмірге жақын екенін білетінмін. Мен алыс сапардан пайғамбар мешітіне оралған діндарға ұқсадым. Үстімде қалың шаң басқан жыртық ескі киім, қолымда үлкен таяқ. Күн жүзімді күйдіріп барады.

Үй қожайыны мені бірден танымады. Ол менен болмашы қайырмен құтылғысы келді. Әмірге хатты қолына ұстатқанымда, мені танып, қайта сәлемдесті. Ол әмірге баруды қоя тұруға кеңес берді, уақытша тұру үшін маған үй-жай белгіледі. Серіктерім менен бөлек тұруы керек деді. Маған еш жерде көрінбеуді қатты тапсырды, өйткені барлық жерде мен іздестірілуде екенмін.

Мен белгіленген мекенжайға кетіп, қашан өзімді шақыратынын тағатсыз күттім. Осылайша бірнеше күн тұрдым.

Бірде түнде біреу тереземді қақты. Әлдебіреу маған хат әкелді. Біз екеуміз қалаға еніп, әмірдің қорасына жеттік. Жол бойы үндеспедік. Үнсіз әмір сарайына жақындап, үнсіз сарайға кірдік.

Бұл адам сарай ішін жақсы білетін көрінеді, өзін де мұнда білетін сияқты, өйткені барлық жерде үнсіз өткізіп жатты.

Әмір бұл сарайда тұрмайды екен, ол қала сыртындағы жаңа сарайында тұрақтаған. Мұнда Министрлер Кеңесінің төрағасы, әмірдің орынбасары орналасыпты. Таныстық: Мырза Насрулла-бей-Куль-Құсбегі. Сол жерде серігім маған:

- Сені қабылдайтын әмір емес, оның бірінші уәзірі. Ол әмірден де күшті. Сен оған бәрін бастан-аяқ айтуыңа болады, -  деді. Мен аң-таң абдырап қалдым:

- Маған әмір керек.

Осы кезде есік ашылып, мені Құсбегіге шақырды. Бір көргеннен-ақ ол маған сенім ұялатты.

- Маған бәрін бастан-аяқ айтуыңа болады, мен - сенің досыңмын, - деді.

Мен оған сонғы айларда Қазақстанның бастан кешкенін, жазалаушы экспедицияның әрекеттерін, бейбіт халықты, әйелдер мен балаларды аюандықпен зәбірлегенін, қыстақтар мен ауылдарды талағанын барлығын бір сағат бойы айттым.

- Мен бәрін де түсінемін, - деді ол, мені тыңдап болып,- сенің әрекеттерің дұрыс, тактикаң да дұрыс. Мен сенің алдымен маған жолыққаныңа қуаныштымын. Мен саған бұл жөнінде көмектесуге тырысамын. Ал қазір өзің тоқтаған жерге бар да күт. Мені көріп әңгімелескенің туралы ешкімге айтпа, сен бұрынғыдай жата бер, еш жерде көрінбе. Бірнеше күннен кейін жауабын аласың, ал әмірге барма.

Мен бағынуға мәжбүр болдым. Бірнеше күннен соң менің әлгі үндемес серігім тереземді қақты:

- Қазір Ауғанстанға керуен дайындалуда. Бір аптадан соң сонымен кетесің. Сен Ауғанстан әміріне хат аласың, ол хат сені мақсатыңа жеткізеді, - деп жауап әкелді.

Бұл 1917 жылдың 4 ақпаны еді. 13 күннен соң Петербургте ақпан революциясы  жүзеге асты.

Осы жерде Бұхараның бұрынғы бірінші уәзірі туралы бір-екі ауыз айтқым келеді. Мырза Насрулла-Бей-Куль-Құсбегі өте ақылды адам болды, әмір оның ықпалында еді, бір жағынан одан именетін, өйткені әмір тағына оны өзінің бәсекелесі бола ма деп санайтын. Әмір әрқашан оның пікірімен санасып, кеңесі бойынша әрекет жасайтын.

Ақпан революциясынан кейін оның кеңесі бойынша әмір парламент құрып, конституциялық монарх болып қалуға шешім қабылдайды. Құсбегі оған конституция жобасын береді. Бұл туралы имандар мен молдалар біліп қалып, оны өлтіріп таста, әйтпесе бәріміз де құримыз деп көндіреді. Сөйтіп бірде түнде қырғын жасайды: Құсбегі, оның отбасы және туысқандары түгел бауыздалады.

Бұхараға ақпан революциясының болғаны туралы хабар жетеді. Петроградтан түскен бірінші, екінші және үшінші телеграммаларды жасырғанмен, төртінші телеграмманы халыққа жариялауға тура келеді.

Сөйтіп мен кейін қайттым.

Шалқарға жетіп, өзімнің серіктестерімді тауып, оларға Торғайға хат жазып, Шалқар арқылы жедел аттандырдым: «Патша үкіметі жойылды. Егер жазалаушы отряд халықты талауды жалғастыра берсе, оларды қырға алыс түкпірге алдаусыратып тарта беріңдер. Мен келгенше, ешкімге сенбеңдер, қаруды тастамаңдар», - деп жаздым. Серіктестеріме де осы Аманкелді Имановқа, Әбдіғаппар Жанбосыновқа жазғанымдай ақыл-кеңес еттім.

Сөйтіп өзім Петроградқа кеттім. Онда С.Құрманов деген Темір елінің қазағын көрдім, оны 1916 жылы патша үкіметі тыл жұмыстарына алған екен. Екеуміз Смольныйға баруға шештік. Онда Петроград Кеңесінің большевиктер фракциясының бір өкілімен таныстық. Мен оған Қазақстанда жазалаушы отрядттар қорғансыз халыққа зорлық-зомбылық жасап, тонап, талап жатқанын айттым.

Мені тыңдап болып, большевик фракциясының өкілі тиісті адамдармен бұл туралы сөйлесетініне уәде берді, ол бізге бірнеше күннен кейін келіңіздер деді.

Екі күн өтті, мен сағат 10-00 де Смольныйға бардым. Құрманов - жанымда. Мені бір азаматпен таныстырды. Бұл - меншевик Соколов еді, кейін уақытша үкіметте юстиция министрі қызметін атқарған. Мені тыңдап алып, ол:

- Біраз күте тұрыңдар, - деді.

Он минөттен соң, ол мені шақырып алып:

- Менімен жүріңіз,- деді. Мен оған ілестім. Біз үлкен мәжіліс залына кірдік: шуылдаған қолдау, қолшапалақтау. Мемлекеттік дума мен Жұмысшы және солдаттар депутаттарының Кеңесінің біріккен мәжілісі өтіп жатты. Осы мәжілісте төрағалық етіп тұрған Чхеидзе маған сөз берді. Мен алдымен сасып қалдым, содан соң батыл сөйлеп кеттім.

- Жолдас азаматтар! Адамдар азаттық алды. Біздер, қазақтар, орыс халқымен бірге еліміздің патша қанауынан азат болуы жөнінде өз қуанышымызды білдіреміз. Мұнда Ресейде сіздер өз зәруліктеріңізді талқылап жатырсыздар, ал қазақ даласында генерал Ловрентьев бастаған экспедициялық армия, Николай ІІ-нің жазалаушы отрядтары өздерінің қылмыстық істерін жалғастырып, қазақ халқын мыңдап қырып-жоюда.

Менің сөзім кезінде залда шу көтеріліп, «масқара», бұл масқара ғой!» деген дауыстар естіліп жатты.

Менің сөзімнен кейін, жиналысқа қатысып отырған большевиктер жазалаушы экспедицияны шұғыл шақырып алуды талап етті. Олардың ұсыныстары бірауыздан қабылданды.

Соңы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 1676
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4431
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 3416