Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 1918 0 пікір 10 Сәуір, 2012 сағат 12:33

Шекараны шулатып жүрген 60 адам кім?

 

Кеше ел Үкіметі кезекті селекторлық кеңесін өткізіп, шағын және орта бизнестің хал-ахуалын талқыға салды. Оның аясында көктемгі егіс жұмыстары да пысықталды. Бірақ күні кеше ғана қымбаттап кеткен жанар-жағармай мәселесі қозғалмады. Бірақ кеңестен кейін журналистердің «қолына түскен» министр Мыңбаев мырза барлық жағдайды түсіндіріп берді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, егіс жұмыстарына жеңілдетілген жанар-жағармайдың тек 20-25 пайызын ғана жеткізіп үлгерді.

 

 

Кеше ел Үкіметі кезекті селекторлық кеңесін өткізіп, шағын және орта бизнестің хал-ахуалын талқыға салды. Оның аясында көктемгі егіс жұмыстары да пысықталды. Бірақ күні кеше ғана қымбаттап кеткен жанар-жағармай мәселесі қозғалмады. Бірақ кеңестен кейін журналистердің «қолына түскен» министр Мыңбаев мырза барлық жағдайды түсіндіріп берді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, егіс жұмыстарына жеңілдетілген жанар-жағармайдың тек 20-25 пайызын ғана жеткізіп үлгерді.

 

Кәсіпкерлер «түсіне» қарай тексеріледі

Отандық кәсіпкерлер елімізде бизнес үшін жасалып жатқан жағдайға қанағаттанбай жатыр. «Оны Президенттің атына және құзыретті мем­ле­кеттік органдарға кәсіпкерлер тарапынан түсіп жат­қан арыз-шағымдардың санына қарап білуге бо­лады», - дейді Бәсекелестікті қорғау агенттігі­нің төрағасы Мәжит Есенбаев. Оның сөзіне қа­ра­ғанда, шекарада әлі күнге дейін кедендік заң­бұ­зушылықтар бар. Оған қоса, делдалдардың кө­лең­келі бизнесі кеңейіп, сан алуан қылмыстық топтар көбейіп кетті. Осының бәрі кедендік түсім­дерді азайтып отыр. Бүгінде Бәсекелестікті қорғау агент­тігі бұл жағдайды түзету үшін шекара айма­ғын­да бақылау органдары мен тиісті тексеру құ­жат­тарын барынша қысқартуды ұсынады. «Бізде тиіс­ті құжаттар дайын. Үкімет қолдайтын болса, біз барлық іс-шараны атқаруға әзірміз», - дейді М.Есенбаев мырза. Осыған орай, кедендік бекеттердің саны да қысқартылмақ. Қазіргі кезде еліміздегі 107 бекеттің 25-і шекарада орналас­қан. Алдағы уақытта әрбір бекеттің жеке төлқұ­ж­а­ты (паспорты) енгізіліп, сол жерде жұмыс істейтін әрбір кеденшінің нақты міндеті айқын­далатын болады.

Осы жұмыс барысында тиімсіз кедендік бекеттерді қысқарту жоспарланып отыр. Ал кәсіпкерлерді «түсіне» қарай тексеру көз­делген. «Сыртқы экономикалық іс-әре­кетке қатысатындарды үш топқа бөледі. Бұл - әлемдік тәжірибе. Біз де кәсіп­керлер­ді «жа­сыл», «сары» және «қызыл» топқа бөл­дік. «Жа­сылдар» ара-тұра тексерілсе, «сары­лар» мер­зімді түрде бақыланады. Ал «қы­зылдар» тұрақты түрде тексеріле­тін болады», - дейді Бәсекелестікті қор­ғау агент­ті­гінің басшысы. Оның сөзіне қара­ған­да, жос­пар бойынша атқарылатын жұ­мыс­тың ар­қасында отандық кеден сала­сы­ның әле­уетін екі есе өсіріп, бюджет табы­сын арт­ты­ру­ға болады. Бүгінде Үкімет агент­тік­тің бар­лық ұсынысын қолдап отыр.

Айта кеткен жөн, М.Есенбаев «Қорғас» және «Қордай» бекеттерінде қалыптасқан жағдайға алаңдаулы. «Бүгінде Қазақстан - Қытай шекарасында шамамен 50-60 адам бар. Олар сол жердегі жағдайды ушық­ты­рып отыр. Менің қолымда ол адам­дар­дың толық тізімі бар. Олардың әрбіре­уі­не тиісті төлқұжаттар мен қызметтік визалар берілген екен. Біздің консулдық қызмет осы жағдайды жіті бақылауға алып, барлық мән-жайды тексеріп шығуы тиіс», - деген М.Есенбаев мырза, өкінішке қарай, аталған адамдардың немен айналысатынын немесе не себепті жағдайды ушықтырып отыр­ғанын нақтылап жатпады.

Сондай-ақ ол Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан шекарасында орналасқан «Қор­дай» бекетін де сынға алды. Ол жақтан Қытай мен Түркияның заңсыз тауарын Қазақстанға заңсыз жеткізу бүгінде тұрақты «бизнеске» айналып кеткен.

Жанар-жағармай қымбаттады, ал егістік жұмыстары әлі аяқталған жоқ

Жақында «Қазақстан теміржолы» компаниясы жол жүру билеттерінің бағасын 10 пайызға көтерді. Баға көтеруді «Эйр Астана» компаниясы жалғастырып, билет құ­нын бірден 16 пайызға шарықтатып жіберді. Енді, міне, қымбатшылықтың толқыны жа­нар-жағармайға да жетті. Өткен аптаның соңында Табиғи монополияларды реттеу агенттігі республикадағы жанар-жағармай­дың шекті бағасын көтерді. Оған сәй­кес, «Аи - 92» - 112 теңге, «Аи - 80» - 91 тең­ге, ал дизель 95 теңге тұратын болды. Мұнай және газ министрі Сауат Мың­баев­тың мәлімдеуінше, бұл - Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің шешімі. «Әзір­ше бұл шешімнің кері әсері жоқ: жанар-жағар­май келіп жатыр, жағдай тұрақты. Енді бізде жанар-жағармайды им­порт­таудың ортақ бір жүйесі жоқ қой. Сон­дық­тан тіркеуден өткен кез келген мұ­най өнім­дерін жеткізуші ол импортты әке­ліп жатады. Бүгінде әрбір облыс өзіне қа­жетті жанар-жа­ғармай көле­мін біледі. Егер жетпей қал­са, мұнай өнім­дерін тасымалдау­шылар оны жеткізіп береді. Әрине, оның коммер­ция­лық жағы қиындап жатса, біз ол мәсе­лені Табиғи монополияларды реттеу агенттігі және Экономика министрлігі­мен бірле­сіп шешетін боламыз», - дейді С.Мыңбаев.

Жанар-жағармай қымбаттады. Ал егіс­тік науқанына тиесілі жеңілдетілген отын­ның тек 20-25 пайызы ғана жеткізілген екен. Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге 360 мың тонна жеңіл­де­тілген жанар-жағармай қарасты­ры­лып отыр. Оның бағасы - 81 теңге. Бұл на­рық­тық бағадан 10-15 пайызға төмен. «Сә­уірдің 6-сына дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге 96 мың тонна жеткізілді», - дейді А.Мамытбеков. Дәл сол күні Таби­ғи монополияларды реттеу агенттігі жанар-жағармайдың шекті баға­сын көте­руді ұйғарды. Соған сәйкес дизель оты­ны­ның құны 95 теңгеге дейін өсті. Мұ­най және газ министрлігінің хабарлауынша, биыл көктемгі егістік науқанына ар­нал­ған дизель отынының бағасы көте­ріл­мейді. Ол сол қалпында 81 теңге/литр болып қала бермек. Дегенмен бүгінде оны тасы­мал­дау қиын­ға соғып отыр. Егер «Қазақ­стан теміржолы» тасымал қыз­метінің баға­сын көтере­тін болса, жеңіл­де­тілген жанар-жағармай­дың бағасы да өсуі әбден мүм­кін.

Арман АСҚАР

«Алаш айнасы» газеті

 

0 пікір