Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІ
Жаңа жыл алдындағы жарты жылдық сынау аяқтай бере Қабен үйіне қайтуға дайындала бастады.
- Осы мектептен аманымызда кетіп құтылайық,- деп маған да айтты. - «Есің барда елің тап», үйімізге тірі жетіп алайық!
Бұл туралы мен де ойланып көргенмін, Бексапа мен Өмірбек те осыны айтып еді, қайтқым келмеген. Бұл қала қаншалық қатерлі болғанымен не оқимын десең де табылып тұратын қала еді. Мектептің оқытуы мардымсыз болса да өз бетіңмен оқып білім алуға қолайлы жағдай көп болатын. Сонсын ғана қимай жүргенмін. «Менингиттен аман қалған сияқтымыз ғой. Осылай сақтана жүріп оқысақ болмады ма?» деген ұйғарымға келгенмін. Қабенге осы жауапты айттым.
- Біреуінен құтылсаң тағы бір пәле дайын тұрған шығар, меңгерушінің өнері жетпей ме оған?- деді Қабен. - Адымың сайын арамдық ойлап жүрген дұшпаның баршылық екенін өзің де біліп жүрсің Биғаш, сенің де қайтып кеткенің жөн, әйтеуір мен кетемін!
Бексапа мен Өмірбек те осындай бекімін айтып еді. Жанашыр достарымнан тек Қуат қалатынын медеу еткендей, тағы да қалатынын ойлап тұрыппын да:
- Нұрия да қайта ма?- деп қалыппын.
Қабен күліп жіберді, қарқылдай күлгенде жүзі қызғылт тарта қалды. Оған таңданыспен қарасам да, бетімнің қызуынан өзімнің де қызарғанымды байқадым.
- Неге күлесің?
- Біліп қойдым, қуларым!
- Нені білдің?
ІІ
Жаңа жыл алдындағы жарты жылдық сынау аяқтай бере Қабен үйіне қайтуға дайындала бастады.
- Осы мектептен аманымызда кетіп құтылайық,- деп маған да айтты. - «Есің барда елің тап», үйімізге тірі жетіп алайық!
Бұл туралы мен де ойланып көргенмін, Бексапа мен Өмірбек те осыны айтып еді, қайтқым келмеген. Бұл қала қаншалық қатерлі болғанымен не оқимын десең де табылып тұратын қала еді. Мектептің оқытуы мардымсыз болса да өз бетіңмен оқып білім алуға қолайлы жағдай көп болатын. Сонсын ғана қимай жүргенмін. «Менингиттен аман қалған сияқтымыз ғой. Осылай сақтана жүріп оқысақ болмады ма?» деген ұйғарымға келгенмін. Қабенге осы жауапты айттым.
- Біреуінен құтылсаң тағы бір пәле дайын тұрған шығар, меңгерушінің өнері жетпей ме оған?- деді Қабен. - Адымың сайын арамдық ойлап жүрген дұшпаның баршылық екенін өзің де біліп жүрсің Биғаш, сенің де қайтып кеткенің жөн, әйтеуір мен кетемін!
Бексапа мен Өмірбек те осындай бекімін айтып еді. Жанашыр достарымнан тек Қуат қалатынын медеу еткендей, тағы да қалатынын ойлап тұрыппын да:
- Нұрия да қайта ма?- деп қалыппын.
Қабен күліп жіберді, қарқылдай күлгенде жүзі қызғылт тарта қалды. Оған таңданыспен қарасам да, бетімнің қызуынан өзімнің де қызарғанымды байқадым.
- Неге күлесің?
- Біліп қойдым, қуларым!
- Нені білдің?
Қабен тағы да күліп ап жауап қайырды.
- «Биғабіл да қайта ма?» деп, сені Нұрияш та сұраған менен. Енді жасыратын нелерің қалды... Ол да осылай қызара сұраған.
- Қарындасың болған соң аға-бауырлық қана жақындығымыз бар, күлмей-ақ қой!- деп қызарақтадым мен.
Оқу қайта басталғалы Нұрияға Момынбайдың өлімін естірту үшін Қабенмен бірге бір рет қана барып қайтқанымды есіме алдым. Жүректерді былай қойып, көздерді де сүзістірмей, ортақ қаза үстіндегі ортақ қайғымызды ғана білдірісіп айрылғанбыз. Алыстан жарқылдасып, жақыннан жылт етіп қана жасырынып тұратын ұшқынымыз ешқашан ашық тұтанған емес. Күзге жақындағанда Нұрияның үйіне барып қайту жөнін ақылдасуы Қабеннің орнына аға тұтуы есебінде ғана өтіп еді. «Қисыны келмейтін іске қиырдан жүгіруді қояйын» деп өзімді шаужайлап жүргенмін.
Жүзіме көз қиығымен бір-екі рет қарап қойған Қабен «күйеу жігітті» ұялтпайын дегендей күлімсіреуін тиып, бастапқы сұрағыма жайма-шуақ жауап қайырды.
- Оның әкесі түрмеде ғой, соған қарайлайды, ол да қайтпай оқимын дейді... Бірақ, түбінде осы пәлелі жерден аман шығып кетулерің жақсы, әсіресе өзің!... Ал, қайтқаныңша Нұрияға... мен үшін... көз қарақ бол, беті ашылмаған әйел бала ғой!... Оның өзіне де «Биғабілға тапсырамын, соның ақылы бойынша жүр» деп қайттым,- деп Қабен теріс айнала күлімсіреп жүре берді. - Өзі ерке өскен, тым өткір бала еді, не болғанын білмеймін, осыны айтқанымда жүзі қызара қалып, төмен қарай берді.
Арада екі күн өтіп, енді жүрер кезінде Қабен мені құшақтай алды. Екі бетіме бетін кезек-кезек басты да қолымнан жетектей жөнелді. Көңілім босай қалып еді. Жұртқа «екі апта демалысқа ғана шыққан сабақтастар осылай құшақтаса ма!» деген күдік туғызбау үшін беки қойдым. Қабен қақпа алдына шыққан соң қолымды қатты қыса күбірледі.
- Нұрияшты өзіңнің адамгершілігіңе тапсырдым!- деді жалғыз-ақ. Бұл сөзіне іштей қысылсам да алаң болмауын айтып жолына амандық сұрай бердім...
Бастауыш мектептен бері бірге оқып келе жатқан Бексапа мен Өмірбектен де бөлініп, көңілсіздік күй тағы да баурай қалып еді. Қыстық демалысқа босағанымызға екі үш күн өткен соң жатақхана терезесінен бір сабақтасым шақырды.
- Ақылбай мұғалім шақырады, тәртіп бөлімінде отыр.
Оқып жатқан кітабымды тыға салып, сыртқа шықтым. Қырбақ қардан соң серпіле бастаған сұр бұлт астынан түске көтеріліп қалған күн көрінді. Тәртіп бөліміне барып кірдім. Ақылбай төрдегі орындықта отыр, қорқынышты бөлімде «үлкен құбыжық» көрінбейді, жайы мәлім кіші құбыжық Кәмен ғана бар екен. Маған етене, ақ жарқынсыған шыраймен күлімсірей қарап, орындық нұсқады.
- Театр сахнасына шығып көріп пе едің? - деп сұрады Ақылбай менен.
- Дөрбілжінде шығып көргенмін. Бірақ ыңғай қыз рөлін ойнайтынмын. Енді қыз болудан үмітім үзіліп барады.
- Тым болмағанда кемпір болып шығарсың?- деген Кәменге қарай қалдым. Кекесіні яки рас екенін байқағым келе қалып еді.
- Неге?- деп күлді Ақылбай менің сөзіме.
- Үнім өзгеріпті.
Ақылбай мырс-мырс күле түсіп:
- Болады, басқа рөль да бар ғой,- деді, - сені Сәду хұйжаң1 атап тізімдетті. Былтыр сендерге бас мұғалім болған ғой. Біледі екен. Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы «Шұға»2 пъесасын дайындамақ. Кеш сайын соның жаттығуына қатынасасың. Бұл мектептен мына Кәмен екеуміз, сенен басқа және екі оқушы бар. Әр күні кешке жақын бірге барып, бірге қайтып тұрыңдар! Мектеп осы шартпен рұқсат етті, қалай дейсің?
Мен мақұлдық білдіріп шықтым. Күлән сол ұйымға жәрдемші хатшы болып орналасқан еді. «Ол Нұрияны қалай да, осы жаттығуға шақыртқан шығар» деген оймен қызулана шықтым, «Сәду бізге мұғалім болғанда мені сахнадан емес, партадан ғана көрген ғой, мені де Күлән таныстырған болса керек...»
Мөлшерім дұрыс сияқты, сол күні кеште барғанымызда Күлән мені ежелгі досынша қол соза қарсы алды. Әр мекемеден, тіпті семья әйелдерімен де келіп, бірқыдыру кісі жиналып қалыпты. «Нұрия қашан келер екен?!» деген ынтызарлық көзімді есіктен айырар емес. Уақыт өткен сайын көңілім күңгірттеніп бара жатты. Нұриядан өзімді тежеу, аға болып алу шартым ойыма да келер емес, онсыз тіршілігім тіршілік еместей, ынтыға, үзіле қарадым есікке. Оның шақырылған-шақырылмағанын қасымда отырған Күләннан сұрайын деп қанша оқталғаныммен, қызара қалатынымды біліп, батылым жетпеді. Беймаза көңілім әлем-тапырақ...
Сәду клуб сахнасын қоралай отырған бізге сөйлей жөнелді. Өзінің бұрынғы оқушылары «алты жыл киді» дейтін ала трике шапанын тастап, жарқыраған су жаңа қара құрым пальто, құрым етік киген, сиректеу қоңыр шашты, аққұба Сәду тіл-әдебиет лекциясына он шақты жыл төселген жаттық та жетік тілмен бүкіл қазақ мәдениеті туралы сөйлеп, қазақтың мешеу сахна өнерін дамытуды баса дәріптеді. Бұрынғыдай принциптік қана үкімет сөзі емес, өз жүрегінен шыққан, өз ұлтының мәдениетіне жаны ашыған қамқор сөз тыңдаушыларын үйіріп әкетті. Мұнысы жалпы жағдайдан тапқан жалқылық беталысы, жаңа өрісі екенін түсінгендеймін. Сонда да көзімді есіктен аудармай отырып тыңдадым.
Бұдан соң ұйымның тағы бір кексе қызметкері қағаз жайып, күні бұрын бөлінген рөл орындаушылардың есімін оқып шықты. Пъесаның бас кейіпкері Шұғаның рөлі Күләнға беріліпті. Соны ғана естіген сияқтымын. Басқа рөльдарға кімдерді ұйғарғанымен ісім болған жоқ, көзім де, көңілім есікте. «Жарқ етіп неге кіріп келмейді сол Шұға! Неге сонша зарықтырды?!» бұл жайымды сезіп отырған Күлән білегіме тіреулі шынтағымен түртіп қалды бір кезде. Жалт қарадым.
- Өзіңіздің қай рөлға шығатыныңызды естідіңіз бе? - деп күбірледі де, сық ете түсті. Мен жауапсыз жымиып қана қойдым. Тағы сұрады, тағы үнсіз жымия салып, есікке қарадым. Қыз аузы мен мұрнын баса еңкейіп, ұрлана күліп алды да:
- Келмейді ол!- деп қалды.
- Кімді айтасыз?- деп мен білмегенси сұрап жалтарсам да, олай созақтатып отыруға дәтім жетпей, бажырая сұрадым. - Неге келмейді?
- «Неге келмейді» деп кімді сұрайсыз?
- Соны, - деп тұқыра түсіппін. Ішкі күйімді толық сезіп отырған қыз қыстыға күлді.
- Нұрияны іздеп отырсыз ғой?- деп тамағын керней түсті.
- Ол шақырылмаған ба?
- Шақырылған, мен де барып қайттым. «Кеште қайтуым қиын, қатынаспаймын» дейді. Және...
Күлән «жәнесін» айта қоймаған соң:
- «Жәнесі» қалай? - деп тағы сұрадым. Ол маған Кәменді иегімен нұсқап қойды. Аз кідірістен соң аузын құлағыма тақай сыбырлады:
- Кәменнен қорқады. Сізге айтқан шығар... - Мен төмен қарап отырып қалдым. Қыз тағы да шынтағымен бүйірімнен түрте сыбырлады, - сөйтіп, өз рөліңізді де ұқпай қалдыңыз-ау!... Ол қызға айтайын, бар жайыңызды осыдан-ақ түсінсін.
- Нені айтасыз, жаңсақ болады!- деп жалбарына қарадым мен оған. Өзімді тежейтін жайым есіме енді түскендей, енді бекінген райға келе қалдым. - Айтарлық ештеңе жоқ!...
Жаттығу басталды да, сахна ортасына тұра қалған Кәмен Күләнді да, мені де шақырды.
- Сіз Кәрімнің рөліндесіз, жүріңіз!- деп Күлән маған күбірлей орнынан түрегелді.
Ақылбай Шұғаның сүйгені Әбіш рөлін алып, маған оның жолдасы Кәрім рөлі біріліпті. Кәмен махаббат жауы - Қарасай рөлінде екен. Драмма ауыл жастарының кешкі сауығынан, осылардың арасындағы тартыстан басталатын. Мен де барып тұра қалдым...
Дөрбілжіндегі Айтбек пен Дәулетке жетпегенімен, бұл жерде де мықты актерлар бар көрінеді. Бірақ, мұндағы мәдениет қайраткерлері сырын да, сипатын да ішіне тартып, өздеріне әлде бір қалып жасап алып қана саяси бақылаудан аман жүрген адамдар тәрізді. Рөлге шықпай, бос отырған уақыттарында тіс жарып сөйлеспейді, әзіл де, қалжың да жоқ, түп-түзу келіп қатынасып, түп-түзу қайтысып жатады, тасқынға көп соғылып, көп мұжылған малта тастардай тым биязы көрінеді. «Араларында шпион-тыңшы көп болғандықтан осылай отырыса ма екен» деп те ойлаймын. Бірақ, мен білетін шпиондар жоқта да сол бәз-баяғы қалыптарынан аумайды.
Рольға шықпаған шақтарында Күлән әмісе менің қасыма келіп отырады. Қуа келіп бір жағынан Кәмен қоныстанады. Сондықтан, бізден де құтымды сөз шықпай жүрді.
- Арырақ отыршы, Кәмен!- деп қалды бір кезекте Күлән. Қабағы сәл шытынып, ақ сары жүзі сәл қызғылт тарта түсті.
- Қастарыңа отырғызғыларың келмей ме?- деп Кәмен күбірледі. - Мен саған тың хабар айтайын деп отырмын!
- Ал, айт онда!
Кәмен Күләннің аппақ құлағын қос қолымен бассалып, ұзағырақ сыбырлады да, орнынан тұрып кетті.
- Не дейді?- деп сұрадым мен ол кеткен соң.
Күлән күліп жіберіп, сәл кейкіштеу болса да келісті мұрнын бір шүйіріп қалды:
- Мұның сөзін қойшы, «Үрімжінің бар тауына банды келіп ұялапты, Үрімжіні қоршап алмақшы екен, ешкімге айтпа» дейді.
- Сенуге болатын сөз сияқты ма?
- Бұл бір суайт қой... бірақ,- деп Күлән күлімсірей кідірді, - менімен дос болғысы келеді өзінің. Мені тарту үшін шынын айта беретіні де бар. Алдыңғы күні...
Пьесаға суфлер1 болып отырған Сәдудің рөльға шақыруымен Күлән сахнаға шығып кетті де, он шақты минуттан соң қайта келіп жалғастырды сөзін.
- Бандылар Баркөл мен Мори жақтан аттанып, Шонжы тауына келіпті деп әнеу күні басқа біреуден естігенмін. Бірақ, үкімет әскері қуалап тастапты деп еді. Қайта келген ғой, бұл сөзінің біраз шындығы бар.
- Сізге бұл желім қай жөнінен дос болмақ екен, білдіңіз бе?
Күләннің көзі күлмің қақты.
- Нұрияның кілті менде деп білетін сияқты.
- Біздің мұғалім өзіңізді «мұқияттап» жүрген болмасын?
Күлән күліп жіберді де мұрнын шүйіріп, иегін көтеріп қалды.
- Біреудің сырын тартуға шебер екенсіз, маған бәрімді айтқызып болдыңыз, енді сіз айтыңызшы... Нұрияға өкпеңіз бар ма?
- Жоқ... ешқандай!
- Оған неге көрінбейсіз?
«Көрінгеннен не пайда» дей жаздап барып, қарсы сұрау қойдым мен.
- Көрінбеді деп кім айтады?
- Айтпасаңдар да білемін,- деп күлімдеді Күлән, - Нұрияның жатақханасында алғаш көріскенде-ақ ыңғайларыңды көзқарастарыңнан түсінгенмін. Нұрия менен сырын жасырмаушы еді, кейінірек сіз «келіп тұра ма?» деп сұрасам, үнсіз қызарып төмен қарайды. Тақауырлатып қайта сұрағанда ғана басын бір шайқап қояды. Ол жасырса да мен жасырмайын, сіз көптен-ақ көрінбей қойғансыз... Оған қарап көңіліңіз жоқ па екен десем, халыңыз одан қалыспайтын сияқты ғой?
Күлән сық-сық күліп, аузын басып алды.
- Қалай?- деп аңтарыла қарадым мен. Жүзімнің тағы қызара жөнелгені байқалды. Күлән мені көз қиығымен аңди қарап:
- Әне,- деді, - сен Нұрияшша қызардың... пьеса дайындығына алғаш келген күні оның қатнаспайтынын естігендегі жүдеуің де қалай екеніңді түсіндірген... Көріспейтіндерің, өздеріңді осыншалық қинайтындарың не?
Күләннің тым сезімтал, көпті білетін көсем қыз екеніне көзім жеткендей болды. Нұриямен қисынымыз келіспейтін ахуалымды айтайын деп оқталсам да, қимастығым қия бастырмай тоқтатып қалды.
- Жатақханасында адам көп екен,- дей салдым, - жаздағыдай емес.
- Қақпа алдындағы хабарласу бөліміне айтсаң шақырып береді. Немесе келгеніңді білдірсең өзі шықпай ма? Қазір демалыс уақыттарың ғой, барып көрісіп тұр!... Келеді деп әр күні күтеді, үнсіз сарылып көп отыратын болыпты.
- Әр күні күтетінін қайдан білдің?
- Білемін, сол... сырын менен тартпақсың ғой күйеу жігіт, мұнан соң менің алдымда ибалы болғайсың!
- Хұп!- дедім мен түзеліп отыра қалып,- қайынбикем қайырымдылық етсе, ибам түгіл, иманымды да үйірейін!
- Е, міне, жас жігіт деген осылай болады, есікке құр жалтақтап болжырай бермей, өстіп шыныңа келсеңші!... Әнеу күні мөлмеңдей бергеніңді де айтып қойдым оған! - деп Күлән енді аңдысуды қойып, ашыла түсті. - Осында алғаш келген күні Нұрияны күтіп, көзің төртеу болып кеткенін, келмейтінін естігеніңде бар дүниең селге кеткендей көз жанарың өше қалғанын... бәрін айттым!
- Неге сонша асырып айттың енді?
- Қайдағы асыру, қайта менің төмендетіп айтқаным бұл. Бәлем сол кездегі өз жүзіңді өзің көрмедің ғой, адам баласының жаны ашырлықтай мүсәпір болып қалғансың!...
- Шұға!- деп шақырды суфлер Күләнді. Күлән сахнаға шығып рөлін атқара берді. От пен судың өтінде бірдей қалғандай бір түрлі қиналысты ойға кеттім. Алыстайын десем арман-мұратым Нұрияның жанында екені хақ, жақындайын десем жауыз тағдырдан хауіптенемін. «Көзге оттай басылатын көркем қыз, жұртты таңдандыратын дарын талай мықтының таңдайын тақылдатпай ма... Шарты жетпей, жағдайы келмей көп күттіретін мені күтіп, ең қызықты өмірін өксітіп отыра ма! Менен жақсы мыңдап табылмас па оған? Кешегі Халима сияқты келемежге айналдырып, тіпті одан жаман жан азабына жығып кетпес пе?!... Әй, болмас, сап-сап айтып, өзімді сақтап қалуым керек қой бұл өрттен!» - Осы оймен қынжылып отырғанымда Күлән қайтып келді.
- Нұрияға неге олай айттың?- дедім мен.
- Не бопты, ол да қуансын... сен білмейсің күйеу, қыз деген өз көңіліндегі жігітінің өзімен бірге ауруын жақсы көретін халық. Сенің жүрегіңнің де сол ауруға душарласқанын естісе, оның ауруы жеңілдей түседі. Ол жас қыз ғой және жүрегі тым нәзік екен... Тани білсең,- деп күлімдей кідірді Күлән, - мен көп қызбен сырлас болдым, дәл Нұриядай қызды табу қиын!...
«Әй, өзің осы аурумен көп ауырған қызсың-ау!» деген оймен жымиған мені кейінгі «жүрегі тым нәзік екен» деген сөзі тасқын боп ағыза жөнелгендей сезілді. «Нұрия, сірә, менен де ауыр халге түскен-ау, ол тіпті ауырып жүр екен ғой!... Қой, қой, сөзсіз көрісіп тұруым керек, мән-жайды ашық айтып, пікірін білуім, түсінуім керек!»
- Бүгін таңертең біздің үйге келіп қайтты, - деп жалғастырды Күлән сөзін, - сенің әлгі мүшкіл халіңді айтқанымда тіпті елжіреп кеткендей сезілді. «Пьеса дайындығына мен де қатынасайын ба онда?» деп қалды да, ашыққа шыға қалуын өзі іле-шала сезіп, қызара түсті. Мен: - Қазірше осы бойы қатынаспай тұрғаның жақсы,- дедім оған. - Екеуің бір-біріңе қарап мөлтеңдесе бересіңдер де, бәріне сездіріп қоясыңдар, оқушысыңдар ғой, әсіресе Кәменнің қастығына ұшырарсыңдар! Алдыңғы әзіліме «қойшы!» деп күліп жіберді де, кейінгі сөзіме мойындағандай, төмен қарап басын изеді.
Күләннің бұл ақылына мен де мойындап, шын разылықпен сүйіне қарадым өзіне.
- Ақылың абзал екен-ау Күләш!
Күләннің ақ сары жүзі сәл қызарыңқы тартты да, төмен қарап сөйледі:
- Екеуіңді жақсы көремін. Табысуларыңа қолымнан келгенінше көмектескім келеді.... тіпті бар ниетіммен тілеулеспін сендерге.
Мен рахмет айттым....
Жаттығудан кеш тарадық. Ертең таңертең Нұрияны іздеуге асыққандай құлшына келіп жатып едім, ұйқым келер емес, аунақши бердім. «Нұрия маған рас солай ынтызар ма екен?!... Бірақ, мендей кім табылмайды оған... Тәуір біреу табылып үшкірсе, ұмыта салатын Халима сияқты соқпалы дерт пе әлде?!... Емес... емес... мұның мінезі одан мүлде басқа. Халима қашан бұлай ауырып еді, мен ол жөнінде қашан мұндай балдан тәтті, қылдан нәзік, қорғасыннан ауыр қиял кешіріп көріп едім! Жай-жағдайым тұрмыс құруды ойлауға да қазірше мұрса бермейтіндігін айтып қоя салу ойым, өз жүрегіме удай ащы тиіп жүрмей ме! Өзімді ұстауға, тиуға келгенде пілдей күшім Нұрия елестегенде шам маңындағы жынды көбелектей қалтырай қалатынын неше рет басымнан кешіріп көрдім ғой!... Жоқ, бұдан жүрегімді тия алмайды екенмін... қой, тұра тұр, тұра тұр, басымның ақылын тыңдайыншы! Жүрек өз жетегіне ере кететін қай пендесін жындандырмаған, махаббат мәселесіне алдымен бастың қызмет істеуі абзал шығар!...» «Мол тұрмыста өскен ерке бұлан сұлу сені қашанға дейін күтіп отырар,- дейді басым, - қыздың көзі қырымға түспей ме, қиырдағына тартпай ма. Нұрия қанша ақылды болғанымен, азғантай ғана жастық өмірі сені күттіріп тұрар ма, ол қырық күндік қана бәйшешек сияқты емес пе. Жиырма жастан асқансоң-ақ кекселік тартатынын білер де, біреумен кетер. Бүкіл жүрегіңмен сүйген құштарыңнан айрылғанда көр сен өзіңді, бүкіл махаббат атаулыдан безе суынған жүрегіңе көз жасың сүңгі боп қатар!» - Басымның кері тартып кекжиіп жүргені осы хауіп қой. Ал осыны қайталап тексеріп көрейікші, мен ол қызға өзімнің қаншалық кедей баласы екенімді кірпіш құюыммен-ақ ұқтырып едім ғой! «Қалыңдық ойлауға халым жоқ, үйіме қайтуға да қарымы жетпейтін, жайы мүшкіл сорлымын, кербездігіме қарап, әлде кім екен деп қалма!» дегенді екі-үш рет ишаралап едім-ау. Момын жездесінің ерлене қалжыңдауы менің қамшылауымнан екенін сезе қойып, «бұл ынжыққа бұл өнер қайдан бітті, сіз қайрап қойдыңыз-ау деймін!» деп іле түскен алғыр қыз бұл ишарамды түсінбей ме. Тіпті қалт жібермей түсінгендіктен күрсінген ғой. Сол кедейлік жайымды біле тұрып-ақ мен үшін еркінен осыншалық айрылып, ынтызарлығын паш етсе, ең болмағанда енді үш жыл күте алмас па!... Көрісе жүріп кесетіп айтсам, келісуіміз иә кетісуіміз армансыз болмай ма, жүректі мұндай бітеу жарамен сыздатып, асқындата беруім қайткенім? Жоқ, енді сырды ашуым керек. Жайымды ауырлата ашық айтып кесетейін, шыдап күте алмайтыны білінсе, алыстасу екеумізге де жеңіл болмас па?... Әй сол «жеңілің» құрып-ақ қалсын-ай, қалай алыстай аларсың?!
Кінәратсыз, тұнық мөлдір жаны қандай оның!...
Нұрын құя тамылжыған әні қандай оның!...
Гүлін тосып, күлкі үйірілген ерні қандай шіркін!..
Жанға тыныс, жүрекке от-жалын атқан лебі қандай?...
Әр күні ашық аспандай кең, мейірім төккен көзі қандай?...
Сезімге бай, сергек ойлы, терең сырлы сөзі қандай?...
Шындап сүйсе - шыдап күтсе, жаным болар!
Жанға балап мәңгі айтар әнім болар!
Күте алмаса - кете барса, қанып ішкен зәрім болар.
У берсе де лажым не, сімірем де сезіп балдай!...
«Қарашы, құштарлықтың тілін, неткен төкпе ақын еді, тілге оралған осы ойымды ырғаққа салып жіберсе, от өлең болып шыға келмеді ме?» деген оймен көрпемді серпе тастап, басымды көтеріп алдым. Денем от боп жанып, бұлауға түскендей терлеп кетіппін. Бас жағымнан орамал алып, желпінгенімді сеземін. - «Талай тіл, талай жыр берерсің Нұрым!... Гүлім!» - деп қалғанымды сезбей тақпақтаппын.
- Не болды ей саған, не айтып отырсың?- деп қалды бір жағымда жатқан Қуат. Мен сылқ түсіп жата кеттім. Бір жағымдағы Тілеуқан басын менің жастығыма қоя сыбырлады.
- Саған бір жынның шалығы тиген екен, ә?!... Ей, сен осы әртістігіңді маған берші, ақысына сол «нұрың» мен «гүліңнің» пірісі - күннің өзін тауып берейін, шыжылдатып күйдірсін де жатсын!
- Былжырамашы, ей! - деп теріс аунап түстім. - Түс көріп едім, сандырақтаппын ба?
- Түс көрсең жәннатқа кірген сияқтысың ғой, қайырлы болсын!
- Ары жат, ары жат!
«Ертең сөзсіз барып кездесуім керек!» деп ойымды жалғастыра бердім...
Таңертең асханаға алдымен кіріп, ботқа күрішті бұрын құйып-ақ ішіп едім, зал есігінің алдына тұра қалған меңгеруші ысқырық тартып, бар дабырды бір-ақ басты.
- Тамақтан соң зор жиын бар, ешқайда шықпайсыңдар!- деп тасқынды ағыныма дәу «қара бурасын» шөгере салмасы бар ма. Булығып отырдым да қалдым.
Үйіне қайтпай қалған оқушылар алаңға түгел тізіліп, жоқтама жүргізіле бастады. Пагон-какардаларын асынып-тағынып толық әскери форымға келіп алған жяугуандар жан-жағымыздан шақылдап, тым зейіл түске еніпті. Мамырлай басып келіп қасқа бас мүдірдің өзі сөйледі.
Сөйлегені сөз емес-ау, тұп-тура әскеришесінен қайырған шорт-шорт бұйрық болды.
- Бүгін, осы қазірден бастап мектебіміздің тәртіп-ереже қолданбасына мынадай өзгерістер енгізілді: бірінші, әрқандай оқушы тәртіп бөлімінің рұқсатынсыз мектептен шықпайды, көшеге рұқсатсыз шыққан оқушы қатал жазаланады; екінші, сыртқа шығатын жұмыстары болса бес оқушы бірлесіп келіп тәртіп бөлімінен рұқсат сұрайды, беске толмаса рұқсат берілмейді, беске толған соң ғана тәртіп бөлімі біреуін төртеуіне міндетті группа бастығы етіп сайлап шығарады, оған бағынбағандары қатал жазаланады. Группа бастығы жауапкерсіздік етіп, мектептен шыққан соң әрқайсысын өз еркіне қоя берсе, оған мектептің ең жоғары жазасы беріледі, мүшелеріне үлкен күнә жазылады; үшінші, сыртқа шыққандар басқа мектеп оқушыларымен сөйлеспейді, басқа мектепке бармайды, көшеде басқа мектеп оқушыларымен сөйлескені, көшеде басқа мектепке кіргені қатал жазаланады, ұқтыңдар ма?... Бұл - оқу-ағарту меңгермесінің бұйрығы...
Төбемнен жай түскендей мелшиіп тұрып қалыппын. Түн бойы «Көкірегімді сипалап, қасымда отырған» Нұрия, жаңа ғана ыстық ботқаны өңешім күйгеніне қарамай бырылдата тартып жатқанымда да «асықпай ішші, мен қасыңдамын ғой!» деп жанымда тұрған сияқты еді! Енді әпсәтте арамызға темір тор құрылып, мәңгіге айырғандай сезілді, қол жетпес айға айналғандай алыстап, құштарлығымды қоздыра тым биіктен нұрлана түсті, бір сәтке шақшиған күнді күйдіріп барып, қара бұлтқа енді, міне, көз жасы ыстық тамшы болып тамды... тас қараңғы түнекке кіре, май шырақтай қалтылдап, өшкіндей күйіп барады!...
Жиын сол бұйрықпен таратылды, қолымнан тартқан Қуатқа ілесіп жатақханама кетіп барамын.
- Түрме болды-ау мынау! - деп егілемін ішімнен.
- Әлгі Алтай көтерілісшілерінің қоршап келе жатқаны рас болды ғой? - деді Қуат. - Қаупы күшейген сайын қысады ғой енді!
Жатақханаға сүлдерім жетіп, орныма құлай кеттім. Қатерлі өртке іліккенім, мұның кемінде оқуыма кедергі болатынын сезулімін. «Еңбек - айықтырушы күш» деген сөзді оқып едім бір романнан. Дереу кітаптарыма жармастым, өзімді алдандыруым керек қой!
«Суға кеткен тал қармайды» дегендей, оқығаным миыма қонбаған сайын түйіле үңілгеніммен, өзім құмарта оқитын ғылыми оқулықтар бүгін көкейіме қонар емес. Оны тыға салып роман іздедім. Қолымда бар әдеби шығармалардың ішінен қазіргі өз күйіме сәл лайық келетіні - Пушкиннің «Капитан қызы» мен «Дубровский», Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуы», Спандиярдың «Қалың малы», Сәбиттің «Адасқандары» сияқты. Төртеуін жастығымның астына жастанып, біреуіне үңіле жатып едім, оқымай құшақтап жата бергенімді кешке жақын айыққанымда бір-ақ білдім. Айықтырған - тәртіп бөліміне Ақылбайдың шақыртуы болды.
Ақылбай қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымына барып мектеп мекемесінен бізді сұраған қатынас әкеліпті де, Кәменді меңгерушіге салыпты. Әр күні кеште жаттығуға қатынастырып, ешкімге сөйлестірмей «аман» әкелуге сол тыңшысы міндеттелген соң баруымызға рұқсат етілген екен.
«Нұриямен тілдесе алмай қалдым-ау» деген опығым жеңілдеп, қуана шықтым қақпадан. «Бар жайымды Күләнға айтып ұқтырсам, ол менің өзімнен де айқындай жеткізіп, байыптап түсіндірмей ме» деп құлшына жетіп едім. Бірақ, өткен күндердегідей кеңірек сөйлесудің орайы табыла қоймады, Кәменнің сұм көзі менен айрылар емес. Рөлін орындау үшін сахнаға шыққанда да мені аңди отырады да, далаға шығарында өзіне жақын біреуіне тапсырып кетеді. Менен өш алмақ екенін түсіндім де, Күлән бұрынғысындай қанша жақын отырып, қанша сөйлескісі келсе де, тіл қатпай қойдым. Менің жүзіме таңдана қарап қойып отырған Күлән, аңдуға түскен жайымды сезе қойды білем:
- Желіміңнің айтқан «бандысы» рас болды,- деп қалды басын төмен сала беріп. Жалғасын біраз кідірістен соң айтты. - Боғданың бізге жақын бөктеріне дейін келіпті.
Мен қолымды мұрныма апара беріп тіл қаттым:
- Соның шарпуы бізді буды!...
Кәмен сезіп қойғандай, маған сүзіле қарай келіп алдыма тұра қалды:
- Мұнан соң анау сабақтастарыңның қасында бол! - деп ызбарлана күбірледі де орныма отыруға ыңғайлана берді. Мен оның ту сыртынан Күләнға көзімді қыса түрегеліп, екі сабақтастың қасына барып отырдым.
Дәретке шыққан болып барып, Нұрияға хат жазғым келді. Бірақ не деп жазарымды білмей қинала бердім. «Дертім де сен, дауам да сен, өзің білші не деймін мен» деп, Мәжнүнше жазу да келіссіз сияқты. «Әлі сөйлесіп келіскеніміз жоқ қой, межелеген уақытымды күте ала ма, күте алмай ма?! Күте алмайтын жағдайда басын құр ауыртып, бекер әуреге салып қайтпекпін!» деген ой қинайды. «Мені күте аламысың?» деп тосын жазудан өрескел сөз бар ма!...» Сонда да сыртқа шығып, дәретханаға беттедім. - «Жаным, қатты сағындым, деп жазу одан да бетпақтық қой!» - Тіліме оралған осылардан басқа сөзім жоқ сияқты. Сонда да қаламым мен қойын дәптерімді суырып алыппын.
Жадағайлап қана амандық сұрай тұрудан басқа басар жол, ашылар есік табылмады: «сәлем, Нұрияш!... Бүгін таңертең сізбен амандасып қайтпақ едім, мектеп тәртібі түрмеге айналып кетті. Аман болыңыз, деніңізге саулық тілеймін!» - Осы сөздерді дәретхананың күңгірт шырағы сығалап тұрған дауалға жастай сүйкедім де алты бүктеп бармағыма қыстырдым.
- Көзімді қыса кетуімнен бұйымтайымды сезген Күлән мен есікке таяй түскенде алдымнан шықты. Жанай кіріп пальтосының қалтасына хатты сүңгіте бергенімде, қолымды іліп әкетті.
Күләннің артынан Кәмен баспалай шығып келеді екен. Қыздың маған кідірмей кеткенін көрсе де, сарғыш көзі тімтіне қарады маған.
- Мұнан кейін далаға беталды шыға берме! - деп күбірлей өтті. Ыза келетін сөз болса да ыңғайына жүре тұрмай жал жоқ еді, ұстара қазір соның қолында ғой. Қайрыла қалсам да жайдары сөйледім:
- Дәретке бардым, мұғалім еке, мұнан кейін рұқсат сұрап шығайын!...
Жаттығудан тарағанымызда Күлән сүзе қарайтын өткір қара көзін күлімдете өтті жанымнан:
- Таңертең-ақ... а... ертең келесіздер ғой?
Жаңылғансып, сұраумен әдейі бұза қайтарған жауабын түсініп, көңілдене қайттым.
Кәмен үшеуімізді тізе айдап мектеп қақпасына жеткенде, кулиң1 сұраған бірнеше дауыс шақ-шақ ете түсті. Мылтық кезенген төрт күзетшіге аңыра қарап тұрып қалдық. Мұғалімдер мектебінің қақпасын қарулы әскер күзетуші ме еді? Кәмен алдыларына барып кулиңін күбірлеп қана айтты. Қол ишарасымен қақпадан кірдік. Мылтық шақылдатып тұрғандар әскер емес, өзіміздің ханзу сабақтастар екен. Ұйғыр, қазақ, моңғол оқушылар жатақханаларының төбесіне де ыңғай ханзу сабақтастар шығарылыпты. Бәрі де зекіреді, бәрі де мылтықты. Тұсына келгенімізде өңшең күзеннің айғырынша шақылдасады. Кейбірі жолымыздан атып тұра арс ете түсіп қалып жатты. Бәрінен де Кәменнің сыбырлы кулиңімен өттік. Егер осы сұр бұлтты түні қасымызда шпион Кәмен болмаса, мына сабақтастарымыз кулиң білмейтін адамды атып тастайтын сияқты. Ату бұйрығын алғандықтары деміктерінен аңғарылады.
Сұмдықтың әкесін ең түптегі өз жатақханамның төбесінен көрдім: үш сирағын кере бұғып пулемед төне қалыпты, мойнын дәл маңдайшаның үстінен созып тұр. Меңгерушінің «үлгілі класын» «силауға» қаншалық құмарта төнгенін пулемед далдасында отырған жуан-жуан төрт-бес ханзу сабақтастың шақпақ қайыра шақылдауынан тани қойдым, сұр түтекпен бірдей түтеп, аязша жұтынады. «Тоқта!» «тұр, солай!», «көтер, қолыңды!» деседі. Даңғырлай сөйлей барып күбірлеген Кәмен есік ашты да, солардың өздерінше бір шақ ете түсіп кіргізді мені.
Сабақтастарым әлі ұйықтамапты, көбі киімшең, сұрланып отыр. Ақай мен Момынбайдан қалған елеген енді дәрет астауына айналған сияқты, сары суға толып «керуен сарайдың» есік алдында тұр.
- Бұл не?!- деп тіксіне сұрадым мен.
- Сыртқа шығармай қойды,- деп алдымен Әмірқан тұтана қарады маған, - жатақханаға отырдық!
Ашуланғандағы дағдысынша танауы қызарып, едірейіп алған Салық төмен қарап тілдей күбірледі:
- Иттің балалары!... Көсеу мен тас көмірдің ірілерін де алып кеткенін қарашы мына суықта!
- Төбемізден пулемед мылтық кезеніп отырып, жатақханамыздағы қысқаш пен тас көмірден қорқып, жиып әкетті, Биға,- деп Серәлі күлді, - мына батырлығына не айтарсың?
Ұзын жағы мен иегін сипалап ауыр ойда отырған Қуат жуан басын қаси сөйледі:
- «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» ғой шырақтар, бәрінен осылардың қорқақтығы қорқынышты!
- Рас,- деп басын изей тұқырды Ынтықбай, - егер әлгі... тауға келгендер Үрімжінің шетіне ілінсе, бізді алдымен өзіміздің мына сабақтастар қыратын сияқты... Мынасы соның нысайы! Әшім жяугуанға барып баяндауға жіберер ме екен?!
- Міне қырады! - деп гүж ете түсті жуан Шақан. - Ұзынырақ арқандарың болса әкеліңдерші, қазір-ақ әкелерін көзіне көрсетейін!
Тілеуқан елең қағып, күлімсірей сұрады:
- Не қыласың оны?
- Шалма тастап жіберіп, плимотын жерге топ еткіземін де, Әшім жяугуанға апарып беремін!... Ханзу сабақтастар осы мектептің оқушысы болғанда, біз жауы болып келіп пе едік осынша?
- Қолыңда көсеу де жоқ, артыңды қысып отыр, - деді Салық, - бәрімізді қырғызасың!
- Бәрібір, тыныш отырсақ та қырыламыз ғой,- деп Ынтықбай күбірледі оған. - Таудан қарулы қазақ келе жатқанда, қолында байлаулы тұрған қазақты аясын ба, «қасқырдың баласы тауға қарап ұлиды», бәрі жау демей ме?
Серәлі тағы күлді:
- Таудан керей түскенде ойдағы найман қарсы шығар деп мылтық бере қоймайды-ау өздері!
«Міне, ақылға енді келе жатыр,- дедім мен ішімнен, - пулеметтің аузы ақыл түсіре бастаған екен!»
- Шырақтар, жайшылықта бір-бірімізге қырғи қып салғанмен жаугершілікте бәрімізді бір-ақ матап қырар!- деп Қуат Ынтықбайдың түсінігін күшейте қуаттады....
«Ұлтшылдықтың өртін мылтықтың түтігімен көсеп өршіткен деген осы ғой» деген оймен күлімсірей шешіндім, - «аңқау пенделердің талайы-ақ түсер осы өртке, оқыр да үйренер әлі!...»
Төбемнен қандай қатер төніп тұрғанына қарамай толық шешініп, көрпеге кірдім. Жүрегім сәл жай тапқан сияқты, Нұрияшқа аз да болса лебім кетті ғой әйтеуір. Кешегі ұйқының орнын енді толтырармын.
- Қазірше қыра қоймас, - дедім Қуатқа қарап, - күзетуі тым жақсы, сергек екен, бізді ең болмағанда ақымақтықтың қасқырынан қорғай алар!...»
Ұйқымды қандыра оянып, күндізгі уақытымды кешегідей зая жібермей, кітап оқып өткіздім. Жатақханаға дәреттендіргеніне наразы болған сабақтастар шамдана бірлесіп, тәртіп бөліміне шағым айтып жатты. Оған кіріспей тұра тұруды жөн көрдім. Оралқан таудағы үйіне демалысқа кеткен. Ынтықбайлардың пиғылына әлі сене алмай отырмын.
Кешегі жаттығуға барып біраз уақыт өткен соң Күлән сыртқа шығып бара жатып, маған ымдай кетті. «Сыртқа шық!» дегені еді. Көпшілік алдында Кәменді бір ұялтып, сәл еркіндік ала шыққым келді.
- Баугау, мұғалім еке,- дедім көпшілікке естірте дауыстап,- дәретке барып келейін!
Әртістер ду күлді. Суфлерлік істеп отырған Сәду де жалт қарап, күліп жіберді. Кәменнің сары жүзі күреңітіп тығыла қалды.
- Мұның не?- деп қызғылт тарта жымиды жақын отырған Ақылбай.
- Дәретке бармай болмайтын сияқты,- деп өзім де ұялғанси тұқыра міңгірледім, - кешегі бұйрығы бойынша рұқсатсыз шықпайтын болғам!
Кәменді қағытқан мысқылдар әр жерден шығып жатты. «Рұқсат» ишарасын көргенше қадалып мен тұрмын. Иегін тым ыңғайсыздана көтерді Кәмен. Күл беттенген ыңғайсыз рұқсатын солай тартып ала жөнелдім.
- Мәнсабың қайырлы болсын, Кәмен! Екі ай оқытушы болғаныңда өзіңе тете жігіт оқушыларға бүйтсең, төрт айда бұтына жібертерсің!- деп қалды бір әртіс.
Күлән зал есігінен сәл қиыстай шығып, шам жарығынан шалғайырақ мүйісте күтіп тұр екен.
- Нұрияш саған сәлемдемеге «Япыр-ай» әнін айтып берді,- деді, - есіңде шығар, өз жатақханасында үшеуіміз бірлесіп айтып едік қой.
Осыны айтты да кешегі өз хатымдай бүктелген бір жапырақ қағазды ұстата салды. Ып-ыстық тиді алақаныма. Асыға ашып, түн қараңғылығында үңіле түстім де, маңдайшадағы шам түбіне ұмтылдым.
«Шыға алмай жүрген халыңызды ұқтым. Маған денсаулық тілегеніңізге рахмет. Сізге де соны тілеймін!» деп жазыпты Нұрия. Ақырғы сөзінің дәл үстіне бір тамшы су тамғандай, дақ түсіп қалыпты. Көзінен оқыста ыршып түскен жас тәрізді.
Клуб залына қайтып кіре бергенімде алдымнан Кәмен шықты.
- Бұл жерде «баугау» айтып, рұқсат сұра деген кім саған?!
- «Далаға беталды», рұқсатсыз шықпайтынымды білдіргенім ғой, сізден рұқсат сұраудың несі айып?
- Мұнан соң бұлай рұқсат сұраушы болма, маған қарап ымдай салсаң болмас па еді!... Жоқ, тіпті мұнан соң менен дәретке рұқсат сұрамай-ақ қойшы сен!
- Құп, мақұл!
Қайтып келіп екі сабақтастың Күлән отырған жақ шетіне отырып едім, Нұрияның сәлемдемеге айтқан «Япыр-айы» көмекейімді бүлкілдете берді. Тым тереңнен шалқитын сол мұң ағыны ағытыла шығып ала жөнелгісі келгендей, қызықтырып, елітіп барады. Бірақ, орындыққа еңкейе отырып, Күләнға естілердей ғана ыңылмен айтып отырмын. Күлән естіп отырғанын білдіріп, басын изеп-изеп қойды.
Бұл әнді жатақханасына екінші рет барғанымда Нұрияның өзі бастап айтқан болатын. Онда «Қамар сұлудағы» Ахметтің мына өлеңіне қосып айтып еді:
«Япыр-ай, көзқарасың тәуір еді,
Мінезің салмақтылау ауыр еді.
Жауабың кеше-бүгін болмаған соң,
Көз жасым көктен құйған жауын еді...»
«Әннің өз сөзі бұл емес, бір қыздан осы сөзімен үйреніп қалыппын» деп, өлеңінің өз жағынан ешкімге қаратылмағанын сездіріп еді сонда. Бүгін мұны сәлемдемеге жолдауы өзінің жүрек күйін, бар сырын маған төккені емес пе?
Бұған жауап ретінде мен де сол рет өзім бастаған «Айнам көзді» жолдағым келді. Бұл әнге сонда мен мына өлеңді қосып едім:
«Көзімнің жанарындай сәулем едің,
Көңілімнің шын қуаныш дәурені едің.
Кетпейсің күндіз естен, түнде түстен,
Басымды не сиқырмен әуреледің?!»
Бұл да «Айнам көздің» өз сөзі емес, халық өлеңі екенін, өз сөзін білмейтіндігімнен қосқанымды мен де ескерткенмін. «Осы өлеңді есіне түсірсе, жауап сәлемдемемнің өз сәлемдемесіне сай келгені» деп ұйғардым. Бір орайы келгенде Күләнға мұны анығырақ айтып тыңдаттым да, жолдай қойдым:
- Менің сәлемдемем осы, оған айтып бергейсің!...
Күлән түсінгендігін білдіре күлімсіреп, бас изеді.
Тергеушім, мұндай «әділетті замандарда» қылмыскер пенде қысым көрмей жүрмейді ғой. Қысым күшейген сайын оған қарсы кернеу күші де үстемелей өсетіні табиғи құбылыс. Бұл, адамзатта ғана емес, бүкіл жан-жануар, мақұлықтарда да, тіпті барлық жансыз заттарда да бар қасиет. Бірақ, сізше болғанда бұл, «сары ғылымның сайқал теориясы». Бұлай дейтін себебіміз ұлы әділет иесі болған сіздің заңыңызда: қысымға ұшыраушы қысушыға қарсы кернеу белгісін білдірсе «нақтылы кері төңкерісші» есептеледі ғой. Қысылушы өзі жойылғанға дейін қысымға бойұсынып, қыңқ етпей өле салуға міндетті. Демек, кернеу күші - кері төңкерістік күш.
Осы қағида бойынша бұл тараудағы менің қылмысым, жер бетінде жасауыма мүмкіндік бермейтін қылмыс. Мәселен делік: қуығым кернеп кеткендіктен дәретке шығуға Кәменнен рұқсат сұрадым; құрсағым кернеп кеткендіктен арқамнан жасырын ағытқан желім, саяпыл боранның бір тәулік үрлеуінен кем түсе қойған жоқ; ал, Гоминданның қыстауымен шақылдаған қытай сабақтастарымыздың көзімізге мылтықпен түрткілеуіне қарсы кернеу күші, менен тіпті қатерлі сөз шығарды: «Гоминдан ұлтшылдықтың өртін мылтықтың түтігімен көсеп өршітті» деп жіберіппін; Нұрия екеуміздің ынтызарлығымыз кернегенде жай бір әндердің аттарын ғана сәлемдеме етіп бір-бірімізге жолдап, тұтас бір күн сөйлескендей құмардан шықтық; жатақ үй төбесіндегі мылтықтар сыртқа шығармай қамап, қуық-құрсақтарымызды кернеткенде толтырмаған қуыс ыдысымыз қалмады!...
Мінеки кері төңкерісшілдік деген. Жер шарында мұндай кернеу күші аз ба? Кері төңкеріс қылмыстыларының басымен ғана (неше миллиард болсаңыздарда) тойдыра алатындығымызға енді де күмәнданасыз ба?!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
1 Хұйжаң (ханзуша) - ұйым бастығы.
2 Бейімбет Майлинның трагедиялық драмасы.
1 Актердың сөйлейтін сөзін сыбырлап оқып отыратын театр қызметкері.
1 Кулиң (ханзуша) - қарауылдан өту үшін айтылатын құпия сөз.