Сенбі, 23 Қараша 2024
Шолу 3753 2 пікір 2 Сәуір, 2021 сағат 18:42

Covid-19. Олқылықтарымыз бен жетістіктеріміз...

Бірінші рет Қытайдың Ухан қаласында басталып, бүкіл дүниежүзін жайлап үлгерген короновирус індеті елімізде тарала басталғанына бір жылдан асты. 10 наурыздағы мәліметке қарағанда, бұл ауруға жер шарында 118 млн адам шалдығып, одан көз жұмғандар саны  2,4 млн-ға  жеткен. АҚШ пен Мексика, Үндістан, Батыс Еуропа елдерінде індет қатты өршіп тұр. Мәселен АҚШ-та ауру жұқтырғандар 30 миллионнан асты, қайтыс болғандар  534 мың.  Бразилияда сәйкестіре  алғанда - 12,4 млн және 277 мың. Үндістанда - 12,5 млн және  460 мың.  Халық саны  145 млн Ресейде  4.5 миллион адам  ауру жұқтырып, опат болғандар 90 мыңнан асты. Ал  18,7 млн тұрғыны бар   Қазақстанда 227 мыңнан аса адам ковидке шалдығып, 2830 науқас қайтыс болған. Вирусты этиологиялы пневмониямен 49670 адам ауырып,    657 өмірден озған.

Мен дәрігер болмасам да, жарты ғасырдан аса өсімдіктер патологиясымен айналысқандықтан микробиология саласынан, вирусологиядан біраз хабарым бар. Сол себепті короновирус пандемиясы басталысымен ғаламторда жарияланған ақпараттарды талдап, қорытынды жасап, «Abai.kz» порталында үш мақала жарияладым.

Өткен жылы 18 наурызда жарық көрген: «Короновирус пандемияға айналды» деген мақаламда  індет 9-14 наурыз аралығында Германия мен Италиядан оралған 4 отандасымызда байқалғанын, олармен бірге келген 200-ден аса жолаушылардың көпшілігі карантинге оқшауланбағандықтан инфекция тез тарала бастағанын, 18 наурызда ол 33, оның ішінде Алматыда 15, Нұр-Сұлтанда 18 адамда тіркелгенін жазған едім.

Короновирустың елімізде кең таралып кетуіне жол  бермеу үшін мемлекет басшысы арнайы қаулы қабылдап, санитарлық гигиеналық шаралар іске асырыла бастады. Мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарының студенттері мезгілінен ерте демалысқа жіберілді. Көп адам қатысатын  халықаралық және қоғамдық шаралар, той томалақтар доғарылды немесе шектелді. Әсіресе бір уақытта мыңдаған адамдар жиналатын жұма намазын мүлде доғарғаны дұрыс болды.

Қазақстан телеарнасының «Ашық алаң» бағдарламасы аясында Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты қызметкері Диас Ахметшәріп пен профессор Динагүл  Баяшева және т.б. қатысуымен бес-алты рет сұхбат жүргізіліп, індеттен сақтану шаралары насихатталды.  «Қолды тәулігіне бірнеше рет сабындап жуу, арнайы қоспалар немесе спиртпен зарарсыздандыру, қол беріп амандаспау,   түшкірсең аузыңды  орамалмен  немесе жеңіңмен  жабу,  жабайы аңдар мен құстардан аулақ жүру, денені шынықтыру, ағзаның дертке беріктігін нығайту үшін көкөністер қолдану қажеттігіне назар аударылды. Көп нәрсеге немқұрайлы қарайтын біздің отандастарымыздың сақтық щараларын  бұлжытпай орындауы екіталай еді.

Короновирус Қытайда тарала бастағаннан елімізге екі-үш айдан кейін  келгенімен, індетпен күресуге дайындығымыз шамалы екені белгілі болды. Ол негізінен тұмау сияқты ауа арқылы (воздушно-капельная инфекция) жұғатындықтан көшеде, қоғамдық орындар мен көліктерде бетперде пайдалану қажеттігіне көңіл аударылмады. Оның себебі кейін белгілі болды: Алып сатарлар табысқа кенелу үшін халықтың мұқтаждығын пайдаланып, дәріханаларда 20-25 теңге тұратын бетперделерді көтере (оптом) алып,  200-250 теңгеден сата бастапты. Алматыда оларды   тігетін үш-төрт цех бар екен, бірақ Қытайдан келетін шикізаттың жоқтығынан жұмыстары тұралапты. Шымкенттен халық саны бір миллионға тақаған «Нұр-Сұлтанға»  жүз мың дана бетперде жіберілмек болды. Оның үстіне оны үш-төрт сағат сайын ауыстырып отыру керек деп дәрігер кеңес беріп жатты. Павлодарда  тәулігіне 500 мыңдай бетперде шығаруға мүмкіндік бар екен, бірақ ол іске кірісе қоймапты. Наурыз айындағы еліміздегі жағдай осылай болды. Қоғамдық  орындар мен көшелерде бетперде таққан бірен-саран адамдар ғана кездесетін.

Короновирустың елімізде кең таралып кетуіне жол бермеу үшін елімізде 16 наурыздан төтенше жағдай жарияланып,  екі айға созылды. Қалаларда блокпостылар қойылып, автокөлік  қатынастары тоқталып, азаматтардың көшеге шығуы қатаң шектелді. Көпқабатты тұрғын үйлерді бірінде ковидке  шалдыққан науқас байқалса,  ғимарат карантинге алынып, кіреберістері мен айналасы,  қалаларда халық көп жүретін көшелер мен саябақтар, қоғамдық көліктер мен аялдамалар   зарарсыздандырылды. Әрине  санитарлық-гигиеналық тұрғыдан бұл шара қажет шығар, бірақ вирус жоғарғы температураға берік, оны жоятын бірде-бір химиялық зат жоқ екенін ескерсек, миллиаррдатаған бюджет қаражаты босқа ысырапталды.

«Abai.kz» порталында жарияланған екінші мақалам: «Короновирус, экономика және азық-түлік қауіпсіздігі» деп аталды. Онда індеттің дүниежүзінің экономикасына кері әсеріне, атап айтқанда  қалыпты халықаралық қатынастар доғарылып, бірталай мемлекеттер шекараларын жауып, өндіріс тоқырап жатқанына  тоқталған едім. Олардың салдары және мұнай бағасының төмендеуінен біраз елдердің ұлттық валютасы құлдырап, Қазақстанда бір АҚШ  доллары  400-440 теңгеге дейін  көтерілді. Қорғаныс заттары, вирусты анықтайтын тест,  дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал жабдықтар және т.б. қажеттіліктермен қатар,  дертке шалдыққан азаматтарды емдеуге мемлекет бюджетінен орасан қаржы жұмсалды. Өткен жылдың мамыр айында короновируспен күресуге 6 триллион теңге немесе 13 миллиард доллар, ЖІӨ-нің 8 %-ға жуық қаржысы жұмсалды деген ақпарат болды. Денсаулық сақтау министр А.Цойдың ресми дерегі бойынша 2020 жылы  короновирусты шектеуге 114 млрд 826 млн, Қаржы министрінің бірінші орынбасары Б.Шолпанқүлының мәліметіне сәйкес 191,9 миллиард теңге жұмсалыпты. Медицина қызметкерлерінің  ерен еңбектері ескеріліп, оларға рухани және қаржылай қолдау жасалып, бірінші топқа жататындардың жалақысына қосымша төлемақы берілді. Өткен жылғы 26 тамыздағы мәліметке сәйкес қызмет барысында 8532 дәрігер короновирус жұқтырып, 230-ы дерттен қаза болыпты.

Президент Қ.Тоқаев төтенше жағдайға байланысты жолдауында халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге баса назар аударып, ауылшаруашылық өндірісін қолдауға  5 пайыздық үстемемен 70 миллиард, көктемгі егіс жұмыстарын мезгілінде атқаруға арзандатылған жанармай және басқа қажетті материалдармен қамтамасыз ету үшін шаруа қожалықтарына 100 млрд теңге қаражат бөлінетінін мәлімдеген еді.

Өкінішке орай карантиндік шараларға байланысты шаруақожалықтары біраз қиыншылықтарға тап болды. Фейсбукте еліміздің азық-түлік корпорациясы басқармасының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың Президент Қ. Тоқаев пен Премьер министр А. Маминге жолдауы жарияланған еді. Ол карантиндік шараларды қадағалау үшін қойылған блокпостыларда отырғандар неше түрлі анықтамалар талап ететінін, жалпылай рәсімделген белгілі бір құжат жоқ екеніне тоқтала келе, көпшілік шаруа қожалықтары тұқым, жанар-жағармай, гербицидтер және т.б. егіс науқандарына қажет материалдарды облыс орталықтарынан жеткізе алмағандықтан, егіс науқандарынан бас тартуға мәжбүр болып отырғанына назар аударған еді.

Короновирус пандемиясына қарамастан еліміздің аграрлық секторы өткен жылды табыспен аяқтады.  Ауылшаруашылығына бөлінген инновация  15 пайызға ұлғайып, нәтижесінде  азық-түлік өнімдерін өндіру 5,6 %-ға  артып, оның жалпы құны 6,3 триллион теңгені құрады.  Ет пен сүт және басқа малшаруашылық өнімдері 3 пайызға көбейіп  2,6 триллион теңгеге жетті. 18,3 миллион тонна астық жиналып, нан өнімдерімен еліміздің тұрғындары толық қамтамасыз етіліп, 7-8 миллион тонна бидай мен ұн  көрші елдерге экспортқа шығарылды.

Осы мақалада короновирус жыл аяғында немесе келесі жылдың басында қайталанып, дерттің  зардабы әлде қайда жоғары болуы мүмкін екеніне тоқталған едім.  Біз Қытай үкіметі сияқты бір-екі аптада бірнеше мың адамға арналған аурухана сала алмайтынымызды ескеріп, Алматы мен Нұр Сұлтан, Шымкентпен қатар, облыс орталықтарында жұқпалы ауруханалар және дәрігерлерге арналған жатақханалар мен асханалар  салып, іске қосу қажет екеніне назар аудардым. Әрине.   Өткен жылы Елордада дүниежүзілік жетістіктер мен тәжірибені ескере отырып екі жүз адамға арналған жаңа аурухана салынып, пайдалануға берілді. Оның құрылыс жұмыстары мен қажетті құрал жабдықтарына бесжарым миллиард қаржы жұмсалыпты. Алматы мен Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 16 модулды ауруханалар салынып іске қосылды.

Бір миллионнан аса тұрғындары бар мегаполистер Алматы мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары короновирус пен пневмонияның таралуы бойынша алғашқы орындарда болды.  Індеттердің көп таралған аймақтары өндіріс дамыған Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар  облыстары екенін, демек той томалақпен қатар, жұмысшылар шоғырланған кәсіпорындарда санитарлық және гигиеналық талаптардың сақталмауы індеттің таралуына себепкер болып отырғанына тоқталған едім. Атырауда жұмыста болған жүзге жуық жұмысшылар короновирус жұқтырып,   үйлеріне қайтарылғаны жайлы ақпарат болған.

Короновирус елімізде жаңа тарала бастаған кезде шетелдерден оралған мыңдаған  азаматтарды екі апта карантинде ұстап, науқас адамға жақын болғандарды провизорлық емханаларға жатқызып, көп қабатты үйдің бір пәтерінде індетке шалдыққан адам тіркелсе, оны тұтасымен  карантинге алып, айналасы мен кіреберістерін зарарсыздандыруға миллиардтаған қаражат жұмсалды. Бірақ короновирус пен пневмония асқындаған мамыр, маусым мен шілде  айларында  емханаларда  орын тапшы болғандықтан оларға тек ауыр науқастар ғана жатқызылып, жеңіл және орташа дәрежеде ауырғандардың көпшілігі  үйінде  емделуге мәжбүр болды.  А. Абдрасулов өткен жылы  шілдеде  ауруханаларда орын болмағандықтан науқастар коридорда жатқанын жазыпты.

Мұнай бағасының құлдырауы, әуе мен темір жол қатынастары, туризм салаларының,  көптеген ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар, орта және шағын бизнес субъектілерінің тоқырауына байланысты мемлекет бюджетіне түсетін салық бір триллион 700 млрд  теңгеге  азайғанына,  төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз қалған үш миллионға жуық азаматтарды қаржылай қолдауға мемлекет бюджетінен миллиардтаған қаржы жұмсалып жатқанын, сондықтан экономиканы  құлдыраудан құтқару үшін қатаң үнемдеу саясатына  көшуіміз керек және төмендегі шараларды іске асыру қажет екенін назар аударған едім.

►Алматы мен Нұр -Сұлтанда және облыс орталықтарында миллиардтаған қаржы жұмсалатын жобалар мен құрылыстарды  тоқтату;

►Спорт пен мәдениет салаларына бөлінетін қаражатты қысқарту,  әсіресе айына бірнеше миллион жалақы төлеп шетел легиондарын щақыруды доғару;

►Әртүрлі министрліктер мен әкімшіліктерде,  «Самұрық Қазына», «ҚазМұнайгаз», «ҚазАгро» және т.с.с. квазимемлекеттік мекемелерде істейтін шенеуніктердің санын қысқартып, жалақысын шектеу;

► Байлығын оффшорлық аймақтарда жасырып отырған заңды және жеке тұлғалардың қаржысын елімізге қайтарып, отандық экономиканы қолдауға пайдалану;

►Табысына байланысты жаңа салық жүйесін ендіру; мәселен айлық жалақысы 250-300 мың теңгеден асса  ұсталатын салық  15%, 500 мың - 1 млн болса  - 20- 30 % ға дейін  жоғарылату;

► Парламент депутаттарының жалақысы мен оларға көрсетілетін  қызметтерді шектеу.

Өткен жылдың 13 шілдесінде жарияланған:  «Короновирус мен пневмония өршіп тұр» деген мақаламда індеттің бірінші толқынын ауыздықтай  алмай тұрғанда, жығылғанға жұдырық дегендей оған пневмония қосылғанына тоқталған едім. Маусым айында бұл індетке 623 адам шалдыққан, немесе көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есе жоғары, 1- 8 шілде аралығында 56809   науқас тіркеліп, 39 702-ының этиологиясы вирустық,  9789 бактериялы екені анықталыпты. Ресми деректерге қарағанда жарты жылда пневмониядан 1780, короновирустан 375 адам қайтыс болыпты.

Соңғы кезде Қазақстанда кең таралған  бұл ауруды дүниежүзілік денсаулық сақтау  ұйымы  (ДДСҰ)  короновирус індетінің бір түрі деген болжам жасағанын, осыны ескерсек, бүгінгі таңда оған шалдыққандар 250 мыңнан, қайтыс болғандар 2 мыңнан асқанын жазған едім. Өкінішке орай Өкпені жасанды тыныстандыру аппаратының, дәрі дәрмектердің  тапшылығынан талай науқастар, ішінде елімізге белгілі  тұлғалар мен саясаткерлер  қайтыс болды. Елімізде тек тамыз айының соңына қарай пневмонияға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар жайлы ресми ақпарат беріле бастады.

Осы мақаламда денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселенің бірі науқастарға қажет дәрі-дәрмектер,  қорғаныс киімдері мен арнайы құралдардың жетіспеуіне  назар аударған едім. Дәрі дәрмектердің 85 пайызы 884 млн АҚШ долларына импортталып келген екен: бірінші орында Германия, екінші – Ресей,  отандық өндірістің үлесі 15 пайыздан аспаған.

Пневмонияның кең таралуы, ковидке шалдыққан азаматтардың көпшілігі үйде емделуіне байланысты сұраныс артып, дүрбелеңнен дәріханаларда көптеген дәрілер тез арада сатылып,   зәруге айнала бастаған еді. Олар Ресей мен Өзбекстан және Түркия мен Үндістаннан тасымалданды.   Батыс Еуропа мен Түркияда тұратын қандастарымыз да гуманитарлық көмек ретінде дәрі-дәрмектер мен қорғаныс, тыныс алу  құралдарын жібергеніне тоқталдым.  Алыпсатарлар оңай табыс табу үшін  дәрі дәрмектер мен қорғаныс заттарын заңсыз сатумен айналысып, біразын  құқық  қорғау қызметкерлері ұстағанын,  жалпы құны 725 млн  182 мың заттар тәркіленгеніне тоқталған едім.  Батыс Қазақстан облысының шекарасынан  Ресейге 6,7 млн бетперде, 40 мың антисептиктер, бір мың  дана қорғаныс костюмдерін өткізбек болған.

Егемендік жылдары мұнай бағасы шарықтап, бюджетке миллиардтаған қаржы түсіп жатқан жылдары отандық дәрі өндірісін қолға алуға болатын еді. Осыған орай  Президент Қ.К. Тоқаев:  «Біз қашанғы дәрі дәрмекке тәуелді боламыз, намыс қайда?», деп бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының нұсқауымен құқық қорғау және сыбайлас жемқорлықпен күрес мекемелерінің қызметкерлері алыпсатарлармен  ымырасыз күрес жүргізді .

Осы мақаламда Covid -19  вирусын анықтайтын отандық тест жүйе қажет екеніне, Қытай мен Ресей, АҚШ пен Батыс Еуропа ғалымдарымен бірлесе дертке қарсы вакцина шығарып, қолдануды тездету қажеттігіне назар аударған едім. Республика биотехнология орталығының жауапты қызметкерінің мәлімдеуінше маусым айында бар жоғы бес-алты мың отандық тест пайдалануға берілуі жоспарланған екен. Бұрынғы денсаулық министрі  Біртановтың мәліметі бойынша өткен жылдың  13 наурызында елімізде 15 мың ПТР сынама болған екен. 28 маусымдағы ақпаратқа сәйкес  бір аптада 500 мың адам тексерістен өткенмен,  кезекке тұрғандар саны азаймаған. Шілде мен тамыз айларында Алматы қаласында тест  жетіспеуінен бірнеше тәулікке зертханалардың жұмысы тоқталды. Covid-19  анықтайтын тест осы күнге дейін елімізге шетелдерден, көбінесе Оңтүстік Корея  мен Ресейден тасымалдануда.

Сонымен елімізде короновирус пандемиясы басталып, алдымен төтенше жағдай, кейіннен локдаун және карантиндік шаралар іске асырыла бастағанына бір жылдан асты. Әрине ол еліміздің экономикасына, халқымыздың табысы мен тұрмыс жағдайына, күнделікті өміріне, қалыптасқан салт дәстүріне өз әсерін тигізбей қоймады. Мемлекеттің қолдауына қарамастан бірталай шағын және орта бизнес ошақтары жабылды, жұмыссыздық көбейе түсті.  Мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындары студенттерінің қашықтан оқу жүйесіне көшуі электронды байланыс  саласындағы кемшіліктердің бетін ашып, миллиардтаған бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғанын немесе қолды болғанын көрсетті. Алыстағы ауылдарды былай қойғанда, Елорда  түбіндегі кейбір елді мекендер тұрғындары ғаламтор қызметін пайдалана алмай әбігерге түсті.  Короновирус пандемиясы ғылым, әсіресе медицина саласында олқылықтар жеткілікті екенін көрсетті.

Қатерлі індетпен күресте қол жеткен жетістіктермен қатар, қап әттеген- ай, дейтін өкініштер жетіп артылады. Көптеген елдердің  тәжірибесіне назар  аударсақ,  орын алған кемшіліктер  айқындала түскендей. Солардың  бәріне болмаса да, негізгілеріне тоқтала кеткенді жөн көрдім.

Бірінші. Елімізге ендірілген төтенше жағдай  (ТЖ) өз міндетін атқара алды ма? Бұл сұраққа  оң жауап  беру  қиынырақ. Алғаш Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында байқалған инфекция бір айдың ішінде  еліміздің барлық аймақтарына таралып үлгерді. ТЖ-ға байланысты ірі қалалардың шетіне блокпостылар қойылып, тәулік бойы күзет жүргізу үшін тәртіп сақшылары мен дәрігерлермен қатар, әскерилер техникаларымен, кейінірек әскери міндетті азаматтарды тартудың қандай қажеттілігі бар еді? Мәселен Алматы қаласының айналасына отыздан аса блокпостылар қойылды.  Олардың кейбірінде қалаға кіргісі немесе шыққысы келгендерден полиция қызметкерлері  жүйелі түрде пара алып келгені кейін белгілі болды. Блокпостылар арқылы мөлшері өте ұсақ, микроскоп арқылы көрінбейтін вирус инфекциясының таралуын тоқтату мүмкін емес еді. ТЖ кезінде қалада, әсіресе көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындарға  екі ай бойы үйқамақта отыру оңайға түскен жоқ. Мәселен  екі немесе үш бөлмелі пәтерде отбасы мүшелері көшеге  шықпай отыруға мәжбүр болды. Оның екі-үш ержеткен баласы болса, әрқайсысы сабаққа дайындалуы керек, демек компютер немесе смартфонмен жұмыс істеп, ғаламтор пайдаланады. Ең бастысы қала тұрғындары таза ауада жүріп, үйде көп қимылдамай отырғандықтан олардың ауруларға қарсы иммунитеті төмендеді. ТЖ кезінде ішімдік саудасы, отбасылардың ажырасуы 40  пайызға дейін артқан  көрінеді. Қаншама шағын және орташа кәсіпкерлер табысынан айрылды, мемлекет екі милионнан аса адамға 42,6 мың  теңге көлемінде жәрдемақы төледі. ТМД кеңістігінде Белорусь, Батыс Еуропада Швейцария және т.б. мемлекеттер төтенше жағдай жарияламады, Ресей  біздегідей қатаң шектеу шараларын қолданбай, карантин жариялады.

Екінші. Короновирус пен пневмонияға шалдыққан тұрғындар  жайлы ақпараттың шынайлығы күмән келтіреді. 25 наурыздағы ресми ақпаратқа сәйкес 236200 адамда КВИ+ , 50152 - КВИ-   жұқтырған, демек науқастар халық санына шаққанда 2 пайызға жетпейді. Өткен жылы  1-8 шілде  аралығында  пневмонияға шалдыққан 56809 науқас тіркеліп, 39702-ның этиологиясы вирустық,  9789 бактериялы екені жарияланған еді. Шілде айында оған 250 мың адам  шалдыққаны,  көпшілігі вирусты этиологиялы екені, қайтыс болғандар 2 мыңнан асқаны жайлы ақпарат болды.  ДДСҰ ның арнайы шешімі қабылданғаннан кейін бұл індет жайлы   ресми ақпарат қыркүйек айынынан  беріле бастады.

Өткен жылы Қазақстан телеарнасының «Ашық алаң» бағдарламасы жүргізген сұхбатта, жаңылмасам тамыз айында, мәжіліс депутаты Түркістан облысының 70-80 пайыздан астам тұрғындары қатерлі індетке шалдыққаны жайлы айтқан еді. Осы мәлімдеме шындыққа үйлесетін сияқты. Карантиндік және сақтық шаралар қатаң сақталынбай, той томалақтар өткізіп, тіптен жүздеген адамдар қатысуымен көкпар ұйымдастырылына қарамастан,  қыс  айлары мен  наурызда    халық саны бір милллионнан асатын  Шымкент  қаласы,  тығыз орналасқан Түркістан мен Жамбыл облыстары көбінесе жасыл аймақта болды. Бұл тұрғындар арасында ұжымдық иммунитет қалыптасуына байланысты болуы мүмкін.

Үшінші. Күнде көгілдір экран мен радиодан неше рет қайталанатын сақтық шаралардың тиімділігі мен орындалу мүмкіндігі күмән тудырады. Мәселен, қоғамдық орындарда жөтелетін немесе түшкіретін адамдардан 1,5 -2 метр қашықтықта тұру. Жолаушылар толы автобуста немесе азық-түлік  дүкеніне кірсең  кімнің жөтеліп, түшкіре қоятынын қайдан білесің?  Өткен жылы автобусь және басқа қоғамдық көліктерге отыратын жолаушылар  сиымдылығынан 50 пайыздан аспау керек деген талап қойылды. Оны кім реттемек, жүргізушіні кім тыңдайды? Таңертең қала тұрғындары қызметіне үлгеру, кешке қарай тездетіп үйіне жету керек. Бептпердені екі үш сағат сайын ауыстырып тұру, қоғамдық көліктерде қолғап киу, оны күнделікті зарарсыздандыру жайлы. Бұл шаралар науқастармен  жақын қатынаста болатын дәрігерлер үшін қажет екені күмән тудырмайды, ал барлық тұрғындар үшін қандай қажеттілігі бар? Инфекция ауру адаммен жақын қатынаста болғанда  жұғады. Бастапқы кезде жүз мың адамның ішінен, өткен жылы жаз айларында шамамен он -жиырма  мың адамның арасында бір- екі науқас  кездесуі мүмкін еді. Локдаун кезеңінде көшеде, немесе саябақтарда үш адамнан артық жиналмау ескертілді. Аялдамада, дүкендер мен дәріханалар алдында   бірнеше адам тұрса,  не істеу керек?

Төртінші. Короновирусқа байланысты мемлекет деңгейінде қабылданған кейбір шаралардың  дұрыстығы   күман тудырады.   Мәселен бір жылдан аса жоғарғы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларының көпшілігі қашықтықтан оқып, ауылдық жерлерде тұратындардың біразы ғаламтор жүйесінің машақатын көрді. Бұл шара мектепте немесе университетте ауру жұқтыру қатері жоғары болатынына негізделген болу керек. Ресми статистика бойынша нәтиже қарама-қайшы болды. Мәселен үстіміздегі жылдың 10 ақпанында жарияланған мәлімет бойынша ковидке шалдыққан  7500 оқушының жартысынан көбі қашықтықтан оқығандар, демек үйінде отырып  ауру жұқтырғандар. Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аударсақ, олардың көпшілігінде off lain білім беру сақталыпты. Швейцария және т.б.  елдер   мектеп оқушылары мен студенттерді қашықтықтан оқытуға індет асқынғаннан кейін ғана ауысыпты. Елімізде жаңа оқу жылын күзде off lain форматта бастап,  бірінші тоқсанды, мүмкін екіншіні де  бітіруге болатын еді.  «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дегендей, Білім және Денсаулық сақтау министрліктері төменгі (1-5) және жоғарғы (9-11) сыныптар үшін негізгі пәндерден сабақтарды бірінші наурыздан off lain форматта бастау туралы қаулы қабылдады. Егер бұрын бір класта 15 оқушымен шектесе, енді  25 оқушыға дейін рұхсат етілді. Өкінішке орай, Алматы мен Нұр -Сұлтанда індет өршуіне байланысты мектептерді жабуға  тура келді.

27 наурызда «Ашық алаң» бағдарламасында ұйымдастырылған сұхбатта сабақтарды қашықтықтан оқытуға байланысты оқушылардың білім деңгейі күрт төмендеп кеткені, шешуін қажет ететін біраз түйткілдер жайлы пікір талас болды. Сала қызметкерлері жиі тексеріп «санитарлық нормалар сақталынбады» деп  айыппұл салатыны, оны мектеп директоры төлеуге мәжбүр екені де айтылды.  Жоғарғы оқу орындарының студенттері қадай білім алып, курстан курсқа көшіріліп жатқаны жайлы ресми ақпарат жоқтың қасы. Біз бір мәселені ұмытпауымыз керек. Болашақ қоғамның дамуы адами капиталмен тығыз байланысты, ол  терең білі мен біліктіліктілікпен  анықталады. Бұл жағынан 2020 жылы 174 елдің ішінде Қазақстан 55 орында болды.

Бесінші. 2021 жылдың қыс айларында  арнайы салынған модулдық емханалардың науқастармен толтырылуы 30-40 пайыздан аспады, демек 60-70% орындар бос болды. Ауруға шалдыққан адамдардың 5-6 мыңы стационарлық жағдайда емделсе,  15-20 мыңы үйінде емделіп жатты. Демек олардың инфекцияны қарым қатынаста болатын жақындарына жұқтыру мүмкіндігі артты.  Осыған байланысты вирусты пневмония мен ковидке шалдыққан науқастар не себепті оқшауланып, стационарлық жағдайда емделмейді, деген сұрақ туындайды. Өткен жылы тіптен короновирусқа шалдыққан  науқаспен  қатынаста болды деген адамдардың өзін іздеп, провизорлық емханаларға    жатқыздық емес пе?

Осыған орай ғаламтордың «Мир тесен» айдарында Вадим Земгагаков: «Я имею в виду угнетение мозговой деятельности разного рода администрации и иных структур, принимающих неадекватные, но обязательные к испольнению законы и постановления», деп жазғаны біздің    санитарлық эпидемиологиялық қызметкерлердің қарарлары мен қаулылары жайлы айтылғандай.

Алтыншы. Осы уақытқа дейін короновирус пен пневмония індеттерінің маусымдық даму ерекшеліктері, оларға ауа райының тигізетін әсері  жайлы нақты тұжырым жоқ сияқты. Мәселен өткен жылы індет көктемнің соңына қарай үдеп, жаз айларында, әсіресе маусым мен шілдеде қатты өршіп, күзге қарай бәсеңсігендей болды. Ақпан айында өткен мәжіліс пен маслихат депутаттарының сайлауынан кейін біраз көтеріліп, наурыз мейрамынан соң тіптен өршіп кетті. Осы араларда ауа райында да айтарлықтай өзгерістер болып жатты, біресе теріскей мен күнгейде күн жылынып көктем шыққандай болса, артынан іле шала қарлы боран мен үскірік аязға алмасты. Соңғы тәуліктерде Алматы мен Нұр Сұлтан қалаларында жағдай мүлде күрделеніп, тәулігіне 400-500 науқастар тіркелуде, арнайы емханалардың 70-80 пайыз төсек орындарында науқастар  жатқан көрінеді. Қазақ ауылшаруашылық университетінің зертханасы оңтүстік астанада короновирустың ұлыбританиялық және  африкалық штамдарын анықтаған көрінеді. Сонда еліміздің медицина саласындағы ғылыми орталықтар мен санитарлық эпидемиологиялық  мекемелер не бітіріп отыр? деген сұрақ туындайды.

Ең бастысы. Короновирус індетінің қатерін төмендетудің негізгі жолы ұжымдық иммунитет қалыптастыру, демек ауруға қарсы вакцина қолдану. Бұл жұмыс АҚШ,  Индия, Батыс Еуропа және т.б. елдерде өткен жылдың қаңтар айынан қолға алынды. Мәселен, бүгінгі таңда АҚШ 120 миллионнан аса , Ұлыбританияда  20 миллионға жуық тұрғынға екпе жасап үлгерген.  Өкінішке орай бұл жұмыс бізде баяу жүріп жатыр. Денсаулық сақтау Министрі А. Цойдың мәліметіне қарағанда  20 наурызда Ресейдің Спутник V короновирусқа қарсы  егілгендер  120 мыңнан әрең асқан, негізінен дәрігерлер мен мұғалімдер және тәртіп сақшылары. Қарағандыда аталған вакцинаны өндіретін зауыт іске қосылып,  сәуір айында бір миллионға жуық тұрғындарға екпе жасалмақ,  күзге дейін 7-8 миллион адамға екпе жасап үлгереміз бе?.. Егер отандық «Казковид» екпесінің тиімділігі жоғары болып, маусым айынан бастап өндіріле басталса, онда не себепті министр А.Цой екі үш елден (ішінде Ресей мен Қытай бар) вакцина алу жайлы келіссөз жүргізіп жатыр, деген сұрақ туындайды.

Мұрат Қойшыбаев,

Алматы қаласы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371