Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 2253 0 пікір 29 Наурыз, 2021 сағат 18:39

"Рухани жаңғыру" ұрпақ тәрбиесіне атсалыспақ

Қазіргі таңда балаларды қалай тәрбиелеген дұрыс? Жаһандану процесі күн сайын қарқынына еніп, адам басындағы шекараларды жойып, ұлт түсінігін тұманды еткен сәтте жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңірудің жолы бар ма? Баланың болашағын жарқын етер мамандықты қалай таңдауын үйрете аламыз? Бұл қазір өте өзекті сұрақтың бірі. Себебі әр ата-ананы алаңдататын басты сауалдардың қатарына жатады. Ата-ана ұрпағы үшін алаңдайды. Әр азамат өзінің ұрпағы заман талабына сай өмір сүріп, бабалар еңбегі мен жолын да ұмытпағанын аңсайды. Бұл тәрбие деп аталатын үлкен ұғымның бір бөлшегі. Осы сауалдардың жауабын тауып, нақты бағыт пен бағдар сілтейтін жобалар жасалуда. Оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асыру жоспарланып отыр.

«Бүгінгі адам геосаяси, технологиялық өзгерістерге сай келуі тиіс. Жаһанданудың талаптары осындай. Алайда осы талаптарды орындай отыра қалай ұлттық бірегейлікті, ұлттық құндылықты, отбасылық тәрбиені жоғалтып алмауға болады. Келешек ұрпақ өзгерістерге сай келуі тиіс. Яғни оның санасы ашық, прагматикалық негізде ойлай алатын, бәсекеге қабылетті, эволюциялық өзгерістерге жауап бере алатындай болуы шарт. Сонымен қатар біздің ұрпағымыз, қазақстандықтар өзінің тарихын, құндылықтарын біліп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыруы керек. Қазақ отбасында бала тәрбиесіне үлкен мән берілгенін айтуға тиіспіз», — деді «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Жанар Буканова.

Расымен де тарихтың терең тұңғиықтарына қарай отырып, қазақ халқы бала тәрбиесіне мән беріп, ұрпағының болашағы қандай боларына алаңдаушылық білдіріп, салт пен дәстүрдің оның өмірінде ойнайтын рөлі жайлы ойға батқан. Қазақтың терең тарихы мен дәстүрі ата-бабамыз үшін маңызды болған. Өйткені салт пен дәстүр тек қана өткенді ұмытпау үшін емес, адамның дұрыс бағытта ғұмыр кешуі үшін де маңызды.

«Бұл құндылықтар аталарымыз бен апаларымыз арқылы, әке-шешелеріміз арқылы беріліп, қалыптасып отырды. Бүгін отбасы құрамы үлкен өзгеріске ұшырады. Бүгінгі күні жас отбасылар көбіне ата-анасынан бөлек, жеке тұрады. Егер бірнеше жыл артқа қайтатын болсақ, онда әр жас отбасының әке-шешесімен, тіпті ата-апасымен бірге тұрған сәттеріне куә болар едік. Олар өз тәжірибелері арқылы қалай өмір сүру керектігін көрсетіп отыратын. Бүгін сол дәстүр үзіліп барады. Жас отбасыларға енді шаңырақ құрған сәтте жақсы қатынас құрып, бала тәрбиесіне ортақ көңіл бөлуге, салт пен дәстүрді үйретуге қиындықтар туындап жатады. Өткен ұрпақтың тәжірибесі жас ұрпақта жоқ», — деді Жанар Буканова.

Бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» институты жас отбасылардың шаңырағы берік болуы үшін жұмыстарды бастамақ. Биыл ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе отырып институт арнайы жас ата-аналар мен жас отбасыларға арналған «Ұлттық тәрбие» платформасын іске қосады. Ол бірнеше айдар мен бөлімшеден тұрады. «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Жанар Буканова бұл туралы былай дейді: «Біз аса білікті деген мамандарды, психологтарды, педагогтарды шақырамыз. Ата-аналар үшін видеодәрістер дайындаймыз. Онда келесідей сұрақтар көтерілетін болады: баланы қалай дұрыс тәрбиелеу керек, баланы еңбекті сүюге қалай үйреткен абзал, бала бойындағы прагматикалық қасиеттерді қалай оятамыз. Ең маңыздысы адам бойындағы ең игі қасиеттерді, адамгершілік, отансүйгіштік, қайырымдылық, ізгілікті үйрету». Енді тек қана IQ емес, адамның эмоциялық көрсеткішін есептейтін EQ есептеу жүйесі де маңызды болмақ.

«Ата-аналар балаларын қалай тәрбиелеуді біліп, оларды қалай бағыттап отыруды ұғынғаны маңызды. Егер біз Германия немесе өзге де Еуропа елдерінің тәжірибесін алатын болсақ, онда олардың 3-4 жастағы балаларға: «сен кім болғың келеді?» деген сұрақты қоятынын көре аламыз. Бұл сұрақты еуропалықтар балаларына өмірінің әр кезеңінде қойып отырады. Әрине бала жауабы өзгеріп отыруы мүмкін. Себебі ол өмірді көреді, жан-жағындағы адамдарға қарайды, тәжірибелерін ескереді, солайша шешім шығарады », — деді ол. Сонымен қатар енді жастар арасындағы қарым-қатынасқа да көңіл бөлінбек. Оларға отбасылық татулықтың, қарым-қатынастың маңыздылығы түсіндіріледі. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары де назардан тыс қалмайды. Оларға арнап арнайы бағдарлама жасалды.

Қыркүйек айынан бастап «Кемел болашақ» атты платформа іске қосылады. Онда өскелең ұрпақты «Рухани жаңғыру» принциптеріне үйрететін болады. Жастар бәсекеге қабілеттілікті, оқуға құштарлықты кеңінен үйренетін болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы Елбасының ұсынысымен қабылданған еді. Бағдарламаның маңыздылығы сол, қазақ халқы ғасырлар бойы отарлық езгіде жоғалтқан тілін, ұмытқан тарихын қайта түлете бастады. Қазақ тіліне әлемдік кітаптар аударылып, тарих саласында зерттеулер жасалуда. Қазақ тілі латын әліпбиіне көшу үстінде. Мемлекеттің дамуына үлес қосып жүрген жастарды ұлықтау, таныту бойынша «100 жаңа есім» жобасы іске асып келеді. Бұл «Рухани жаңғырудың» бір бөлігі ғана.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302