Мырқының қажыға баруы. Меккедегі тәкияны кім салды?
Мырқы Мұртазаұлы Жарасбай немересі тек Сыр өңіріне емес, бүкіл қазаққа белгілі, аңыз, бай кісі болған. Оның байлығының көптігі сондай, он мыңдаған жылқы, түйе, ірі қарасы мен жүз мың қой-ешкісінен басқа, Еуропаның банкілерінде алтын ақшалары сақталғаны туралы айтылады. Бұл әңгімеге қарағанда, Мырқы қазақтар ішіндегі ең бай адамдардың бірі болғандығы ақиқат.
Тарихи деректер мен ауызша әңгімелерден бізге жеткен мағлұматтарға қарағанда Мырқы 1820-1825 жылдар арасында дүниеге келген. Себебі онымен қатар аты аталатын немере інісі Аппаз 1830 жылы дүниеге келген. Аппаз туралы тарихи деректерде туған және дүниеден қайтқан жылдары анық жазылған (1830-1922ж.). Ал, Мырқының туған жылы мен дүниеден өткен уақыты туралы нақты мәлімет табылмады. Г. Меңлібаев, А. Дәрменбаев, З. Сейітов және басқа авторлардың шығармаларында «1830 жыл болуы мүмкін», деген пайымдау бар. Бірақ, бұл тұжырымның нақты еместігі, оның немере інісінің туған жылымен сәйкес болуында болып отыр. Сондықтан, ол 1820-1825 жылдары дүниеге келген деп айтуға болады. Ал, дүниеден қайтқан жылдары туралы, кейін осы шығарманың соңына қарай баяндаймыз.
Бұл шығарма жаппас Мырқыға тобықты Құнанбайдың Сыр өңіріне келуі, олардың Меккеге қажылыққа баруы, Меккеде тәкия (қонақ үй) салуы және елге оралуы туралы болады. Бұл әңгімені бұдан 60 жылдай бұрын, тарихи шығармаларды жатқа білетін ұста-зергер Таңбайұлы Нұрпейіс атамнан естіген едім. Тарихи мәліметтерге толы осы әңгіме көптеген болжамдар мен ойдан қосылғандардың ақ-қарасын анықтауға септігін тигізер деген оймен жариялап отырмын.
Арқада үш жүзді шақырып, Құнанбай атасы Өскенбайға ас беріпті. Асқа келгендер сол заманның жол-жоларғысымен келіп, сый-сыяпат көрсетіліп, бәйге шауып, көкпар тартып, ақын мен жыраулар небір мадақтаулар айтып, жиылған жұрт риза болып тарапты. Осы асқа арнайы Ташкенттен екі өзбек аспаз алдырып, құрметті қонақтарға палау берілген екен. Ол кезде асқа палау беру үрдісі болмапты. Бұл жаңалық Құнанбайдың ерекше ас беруімен, даңқын бұрынғыдан да көтере түсіпті.
Ас біткен соң, екі өзбек еліне қайтар кезде, Құнанбай олардан: «Сіздер бұрын мен берген астан артық ас жасағандарды көрдіңдер ме?», - деп сұрапты.
Өзбек аспаздың біреуі: «Көрдім. Кіші жүз, он екі ата байұлы Жаппас руында, Мырқы, Аппаз байлар атасы Жарасбайға Тобыл бойында ас берді. Жиылған адамға сан жетпейді. Тамақтар алтындаған күміс табақтармен тартылды. Олардың жайлауы арқада, қыстауы Сыр бойында Ақмешітте», - дейді.
Бұл әңгімені естіген Құнанбай Мырқы, Аппаз байлармен кездескісі келеді. Осы ойымен Сыр бойындағы Мырқы мен Аппазды қонаққа шақырады. Шақыртуды қабыл алып, екеуі Шынғыстауға сапар шегеді. Құнанбай қонақтарын жоғарғы дәрежеде, ұлттық сый-сыяпатпен қарсы алады. Елді аралатып, шешен билермен сұхбаттастырып, әнші мен жыршылардың өнерімен таң-тамаша етеді.
Осы сапарында Мырқы өзінің Меккеге қажылыққа баруға ниет етіп жүргендігін айтады. Құнанбай да барғысы келетіндігі туралы жеткізеді. Екеуі қажылық жолға бірге баруға сөз байласады. Бірақ, Құнанбай қаржы жинап, екі жылдан кейін жолға шығатыны жайлы баяндайды.
Ол кездегі ең ыңғайлы жол Ақмешіт арқылы Шалқарға барып, одан әрі қарай пойызбен Орынборға жету. Орынбордан тағы пойызбен Қара теңіз порттарының бірінен кемеге отыруы керек еді. Кемемен Ыстанбұлға, сосын Бейрутқа, әрі қарай көлікпен Шам немесе Иерусалимға соғып, керуенмен Мекке мен Мединаға жетеді екен.
1870 жылдары Орынбор – Ташкент темір жолы Шалқар станциясына дейін салынып, пойыз қатынайды. Ол туралы қыпшақ елінен сол кезде қажылыққа барған Мәтібай ақынның өлеңі дәлел:
Сәлемде Торғайдағы қалған жұртқа,
Атамыз батыр Қоблан, анам Құртқа.
Қайырлы сапар болсын дей көріңіз,
Салауат айтқан сайын бізді ұмытпа.
Шалқардың келіп түстік қаласына,
Сәлемде арғын, қыпшақ баласына.
Келген жан бұл дүниядан қайтпақ керек,
Риза боп жер мен көктің арасына.
Баруда Орынборда бес күн жаттық,
Алланың кесім еткен дәмін таттық.
Тоғыз күн Ыстанбұлда еру болып,
Қаржылар қылады екен сауда-саттық.
Сұлтанның консулынан билет алдық,
Тәуекел параходқа жүгім салдық.
Жол екен күн тәулік Қара теңіз,
Мүдірмей Ыстамбулға жетіп бардық . . .
Әзірет Хамзаға жаяу бардым,
Ахат таудық түбіне таяу бардым.
Көлік жоқ ыстық күнде жаяу жүріп
Әр жерде бір отырып, есім тандым.
Біреуі зияраттың мешіт Қағба,
Көп адам намаз оқып тұрдық сонда.
Мұздалина тауына қайта шығып,
Минада құрбан айтып шалдық жолға.
«Қажы Меккеге қалай барып келдің», дегенде Мәтібай ақын айтқан екен. «Ол кезде исі қазақ жерінен қажылыққа баратындар Меккеге аттанар алдында, Орынборға жиналады. Бәрі мәжіліс құрып, әңгіме-дүкен қыздырып, ақындарға өлең-жыр айтқызады. Мен ортаға үлкен орамал жайып, барлығын мақтап жыр төктім. Олар бірінен-бірі асырып ортадағы орамалға ақша тастады. Осылай жол қаражатымды жинап алдым».
Құнанбай мен Мырқыда осы Шалқар арқылы Меккеге қажылыққа баруға келісіпті. Екі жылдан кейін Құнанбай сапарға дайын екенін айтып хабар береді. Мырқы да жол қаражатын қамдап, Құнанбай келген соң Ақмешіттен Шалқар арқылы жолға шығуға ұйғарады. Құнанбай жолда Түркістанға соғып, қасындағы нөкерлері, қосшыларымен тағы басқа шығарып салушыларын ертіп, Ақмешітке келеді. Ол кезде Сыр өңірінің талантты азаматтары мен ақын-шайырлары Бұхара, Самарқан, Ташкент сияқты орталықтарда арабша діни оқу оқыса, Қазан, Петербор, Орынбор, Уфа сияқты ірі қалаларда орысша білім алатын еді. Солардың бірі Бұхарада білім алып, медресе ашып, бала тәрбиелеген Қалжан ахун еді. Қалжанның Құнанбаймен кездесуін Ардақ Назаров айтып, жазып жүр, сондықтан қайталамай-ақ қойайық. Тек, ол Құнанбайдың қажыға бара жатқан сапарда екенін нақты айтпайды.
Шалқармен Ақмешіттің арасы суыт жүргенде төрт-бес күндік жол. Бірде түстеніп отырғанда қажылыққа қаражат жинау туралы әңгіме болады. Құнанбай: «Қаражатты ағайындарым жинап берді», дейді. Сонда Мырқы айтқан екен:
-Сіздің қаражатыңыз жесір қатын мен жетім баланың көз жасы екен ғой, - дейді.
-Ал, сен қаражатты қайдан алдың – дейді Құнанбай намыстанып.
-Мен қаражатты өзім жинадым. Мыңдаған малым бар. Қоқан, Хиуа, Бұхара сияқты елдермен орыстар арасында керуенмен сауда-саттық жасаймыз. Менің қолтығымның астында «тай тұяқ» алтын бар. Жолға қаражат жетпей жатса, соны жұмсаймыз, – дейді Мырқы.
Осы әңгімеге назар салсақ, Мырқының сол заманда саудамен айналысқан аса бай адам болғандығы белгілі болып отыр. Бұдан басқа Жаппастан шыққан көрнекті ақын Кеншібай Жағабайлы қызы Ақсұлумен айтысқанда Мырқы туралы былай деді:
Таласпа біздің Жаппас баласына,
Айтар ма мұндай сөзді ағасына.
Үйлер бар Мырқы салған өз күшімен,
Ақмешіт, Перовск қаласында.
Ол үйдің әр бөлмесі біткен дейді,
Отыз бес – қырық мың теңге шамасына.
Үйлерін сіздің елдің көріп жүреміз,
Жаппастың жете алмайды қорасына.
Сонымен қатар, жоғарыда Құнанбайға Мырқының байлығы туралы айтқан, екі өзбектің сөзін, айтыстағы Кеншібай ақынның мына сөзі дәлелдеп тұрғандай:
Жаппастың сап-сары алтын жиған мүлкі,
Маймандос келеді оның барша жұрты.
Шығады қыз-бозбала серуенге,
Үстіне масатымен киіп құлпы.
Бұл елді ешбір адам қылмайды өсек.
Жақсыны күнә болар жаман десек.
Үйінде алтын аяқ, күміс табақ,
Жинаған қазынада болмас есеп.
Тай сойып, қозы орнына қонағына,
Төсейді қалы кілем қымбат төсек.
Келтірілген өлең жолдарынан, аспаздардың: «Палауды алтындаған күміс табақтармен қонағына тартты», дегені дәлелденіп отырған жоқ па? Яғни, Мырқының байлығы туралы айтылған әңгімелер тарихи шындыққа негізделген болып тұр.
З.Сейітов (биология ғылымдарының докторы, профессор) жазған кітапта: «Мырқының атасы Жарасбай, оның баласы Мұртазада бай болып, даңқы орыстың ақ патшасына да жетіпті. Патша Жарасбайды балаларымен Санкт-Петербургке шақырып, түрлі сыйлықтар беріпті. Сол кезде сыйға берілген алтын шатыр 1928 жылғы тәркілеуде талан-таражға түсіпті», - дейді. Жарасбайдың Петерборға баруы туралы Кеншібай ақын былай жырлайды:
Айрықша Жылкелдінің салтанаты,
Нашарға және қандай марқабаты.
Байлығы, мырзалығы, бәрі сай кеп,
Патшаға Петерборда білінді аты.
Осы келтірген үзіндіде, Жарасбай әулетінің, оның ішінде Мырқы мен Аппаздың ерекше зор байлыққа ие болғандығы қазақ еліне ғана белгілі болып қалмаған. Патша үкіметі де хабардар болғанға ұқсайды. Орыс патшасының қабылдауында болып, қымбат бағалы сыйлыққа ие болу өте сирек кездесетін уақиға. Сондықтан, Мырқының Меккеге қажылыққа «тай тұяқ» алтынмен баруы да, барған жерде ізін қалдыруға талаптанғандығын көрсетеді. Сол мақсатының орындалуы, оның Меккеге тәкия (қонақүй) салуы еді.
Мырқы мен Құнанбай бастаған қаржылар Мекке қаласының, әкімінен тәкия салуға жер сұрайды. Әкім құрылыс салуға жердің аздығын айтып, шығарып салады. Қажылар қалайда, қажылыққа келгендер тоқтайтын қонақүй салудың жолын іздейді. Сөйтіп әкімге «бір өгіздің терісіндей жер беріңіз», - дейді. Ондай жерге не істей алады деп, ойлайды әкім. Келісім байласып, «бір өгіздің терісіндей» жер беруге ұйғарым жасайды. Қажыға барған қазақтар базарға барып, өгіздің терісін сатып алады. Оны таспа қылып тіледі. Өгіз терісінен ұзын жіп таспа жасалады. Міне осы жіппен қоршаған жерге тәкия (қонақүй) салуға рұқсат алады.
Мырқы қолтығына тығып апарған «тай тұяқ» алтынын осы тәкияны салуға жұмсайды. Құрылыс аяқталған соң, қажылар құдайы жасайды. Ол туралы Шәкәрім қажы жазып кеткен. Тәкия үй кіші жүз Жаппас Мырқы қажының атына жазылу керек еді. Бірақ белгісіз себептермен Досжан қажының атына жазылыпты. Жазылу себебі ол кісінің Меккеде біраз жыл тұрып, елге кейін оралуы болса керек. Қанатбай сопы мен оның күйеу баласы Сұлтан Меккеде тұрып қалады. Бұл туралы көптеген жазба мәліметтерде келтіріліп жүр.
Қажылар парыздарын өтеп, Ыстамбұл арқылы елге қарай жол жүреді. Қара теңізде кемеде келе жатқанда, Мырқы қажы кенеттен науқастанып, қайтыс болады. Кемеде қайтыс болғандарды тас байлап, суға тастау міндеттелген. Мырқыны да солай теңізге тастайды. Міне, «Мырқының мазары жоқ» деген қанатты сөз содан қалған.
Меккеден қайтқандар Орынбордан Шалқарға келген соң, Құнанбай қажы Ырғыз – Торғай – Қарқаралы арқылы еліне кетеді. Мырқының қасындағы кісілер Ақмешітке келеді. Ағайынға естіртіп, туған туыстарына көңіл айтып, ас береді. Қайғымен жүріп, ағайындарға айтылған Меккедегі қонақүй ұмыт бола бастайды.
Қажылыққа барып келген Құнанбай елінде Меккеде тәкия салған жұмыстары туралы аңыз қылып, барған жерде айтып жүреді. Міне осы жағдайларға байланысты Меккеге жай салуда тек Құнанбайдын ғана аты атала береді. Одан басқа, Совет үкіметі Мырқы әулетін тәркілеп, ағайындары қашып басқа елдерге жер ауып кетті. Соңғы жылдары тәуелсіздіктің арқасында өткеніміз орнына келіп, жоғалғандарымыз табылып, тарихи әділеттілік орнап келеді. Солардың бірі, ел есінде сақталған Мырқының қажылыққа барып, тәкия (қонақүй) салуы болып отыр. Құнанбай мен Досжан қажылар бұл істің басы-қасында болып, Мырқыға көмектескен. Бірақ, тәкия (қонақүй) салуға жұмсалған қаржы Мырқыныкі болған. Сол себепті, ол ғимарат Мырқының атына жазылу керек еді. Асығып елге қайтқандықтан, сол жақта біраз уақытта қалған, арабша өте сауатты Досжан қажыға құжаттарды рәсімдеу тапсырылған шығар. Міне, сондықтан тәкия (қонақ үй) сол кісінің атына жазылған болып тұр. Бұл туралы Шәкәрім қажы да растап отыр: «Мен пақыр 1905 жылдан 1906 жылға қарай, қажылыққа барғанда тәкияны көрдім. Менен бұрын қажылар кіріп қалған екен, оларды ренжітпей пәтер алып түстім. Бірақ Сұлтан айтты: тәкия осы күнде кіші жүз Досжан қажының атына жазулы екен, не себебі екен білмедім деді», - деп жазған.
Қаржыны тәкияға кім төлегені туралы былай деді: «Марқұм қажы (Құнанбайды айтып отыр) бірде сөз ретінде тәкия үйді сатып алушы болғанымен басты қаржыны төлегендер Кіші жүзден барған қажылар деп айтқан-ды. Мүмкін осындай себептермен Досжан атына жазылуы,»- деп өз ойын қорытады.
Қажыға «тай тұяқ» алтынмен барған Кіші жүз Жаппас Мырқы тәкия жайға қаржыны төлеген болып тұр. Ал басқа қажылар жер сатып алуға, жәйді салуға рұқсат мәмілесін жасауда келіссөздер жүргізіп көмектескен. Сондықтан, тәкия жәйді салуға сол кезде бірге барған барлық қажылардың үлесі бар, - деп айтуға болды. Бірақ, Құнанбайдан басқаларының аты аталмауы марқұмдардың аруағына қиянат болады. Қасиетті Мекке жерінде Қазақ атынан тәкия салған Мырқы, Құнанбай, Досжан сияқты қажылардың аттары қатар аталу керек. Бұл кейінгі ұрпаққа парыз.
Қорытынды
Жазылған әңгіменің деректерге негізделгендігін еске ала отырып, төмендегідей қорытындыға келіп отырмыз:
1. Қажы Мырқы Мұртазаұлы 1820-1876 жылдары өмір сүрген. Оның 1875-76 жылдары Меккеге қажылық сапарға Құнанбай, Досжан, Қасынбек датқа, Шәбден батырмен бірге барғандығы белгілі. Бұл туралы Ғ. Меңлибаев еңбегінің 207 бетінде: «1975 жылғы Ресей императоры елшісі Стамбұлдан Орынбор генерал-губернаторына 25 қазақ Меккеге бара жатыр. Олардың шетелдік төлқұжатсыз келгендігін хабарлайды», - деп жазылған. Сапарға бара жатқандар бесеу, ал хабарда неге 25 адам, - деп жазылған сұрақ туындайды. 25 болатын себебі қажылардың қасында 3-4 кісі жолбасшысы мен көмекшілері болады. Мысалы, жоғарыда айтылған Мәтібай ақын Торғайлық болыс Қыпшақ Баймұратқа еріп барған.
2. Мырқы қажы сапарға «тай тұяқ» алтын алып барады. Ол сол заманның асқан байы еді. Оның байлығын сумұрын Ораз, Жаппас құрманай Кеншінбай және басқа ақын жырлаған. Бұл мағлұматтар З.Сейтов, Ғ.Меңлібаев, А.Дәрменбаев еңбектерінде және Айтыстар жинағында толық баяндалған.
3. Меккеде тәкия жайды (қонақүйді) барған қажылар бірігіп, бір-біріне көмектесіп салған. Бірақ, қаражатын Кіші жүз Байұлы Жаппас Мырқы төлеген болып тұр. Бұл туралы Құнанбай қажының немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы жазып кеткен. Сондықтан, Меккедегі тәкияны салған Мырқы, Құнанбай, Досжан деп айту керек. Және де, Меккеде қазақтар бірнеше тәкия салды деген жаңсақ пікір. Себебі қонақүйдің жерінің өзі қымбат тұрады. Басқа қажылыққа барғандардың Мырқы сияқты көп қаражаты болмаған.
4. «Мырқының мазары жоқ» деген сөз теңіз үстінде кенеттен қайтыс болғандығын білдіріп тұрғандай. Олай болмаса, Мырқы сияқты аса бай адамның мазары болмауы мүмкін емес? Сол себепті, Мырқы қажы 1876 жылы кемеде қайтыс болған деген, дұрыс мәлімет сияқты. Ә. Дәрменбаев еңбегінде «1870 жылдан кейін тарихи құжаттарда Мырқының аты кездеспейді», - деп жазылған.
Әдебиеттер:
- Ғ. Меңлібаев, Қазақ халқы ежелгі ру – тайпалары мен Жаппас тарихы, Қызылорда – Қағанаты, Қызылорда, 2015.
- М. Ғалым, Қыпшақтар ( халық халық туралы) , КМУ, Көкшетау, 2012.
- З. Сеитов, Жизнь-миг, день-вечность, Алматы, 2011.
- Д. Досжанов, Абай айнасы, Алматы, 1994.
- Ш. Құдайбердіұлы, Түрік, қырығыз-қазақ һәм хандар шежіресі, Алматы, 1991.
- Қ. Исабай, С. Байжан-ата, Қажыға барған қазақтар, Алматы, 1996.
- Айтыс, 1,2 том, Жазушы, Алматы, 1964.
- А. Дәрменбаев, Аманат, Қызылорда-Қағанаты, Қызылорда,2020.
Шегебай Нұрсейітов, профессор
Abai.kz