Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3657 0 пікір 16 Сәуір, 2012 сағат 09:24

Бағдат Шаймерденова: «Колбинның алдында 38 минут сөйлеп еді...

 

 

Айтарын ашып айтып, кесек, кескін мінезімен жұрт жүрегінен орын тепкен аяулы азамат, қарымды қаламгер -  Сафуан Шаймерденов. Жазушы болмысындағы Жаратушы берген дара қасиеттің күн өткен сайын жаһұттай жарқырап, көз қарлықтыратыны - Біз тебіреніп сөйлеп, тепсініп келгенде теріс айналып кететін қарама-қайшылықтың ұлы заңдылығын ескертсе керек. Дулат жарықтық бұл әлсіздігімізге «сөзім бар да, өзім жоқ» деп, «диагноз» қойыпты. Бүтін тұлға күйінде «тік жүріп, тік басқан» қайран Сафуан ағам-ай, дейсің осындайда... 15 сәуір күні көзі тірі болса тоқсанға толатын қаламгер туралы ойымызда жүрген сауалға жауап алмаққа жазушының жары Бағдат Шаймерденовамен әңгімелесіп қайтқанбыз. Газет-журналдарға Сафакең туралы бір ауыз сөз шықса да жинап, теріп отырған жазушы жары көп нәрсені аңғартты...

- Әңгімені «тағдырыңызға тура келген сері­гіңізбен» алғаш танысқан, дәм-тұзыңыз жарасқан кезден бастасаңыз...
- Соғыстан кейін білім қуған жастар Алматы, Ақмолаға ағыла бастады. Қарағандыдағы мұғалімдер дайындайтын институтта екі жыл оқып, Ақмолаға мұғалім болып қызметке орналастым. Ол кезде ұлдар бір бөлек, қыздар бір бөлек оқитын гимназиялар ашылған. Мен Сталин атындағы ер балалар қазақ орта мектебінде қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүрдім. Екі-үш жыл жемісті қызмет еткен соң, облыстық оқу бөлімінің көзіне түсіп, олар мені Алматыға Қазақ Мемлекеттік университетіне (қазіргі ҚазҰУ) оқуға жіберді. Бұрын екі жыл оқығаным бар, үшінші курсқа қабылдандым. Сөйтіп, қызығы мен қиындығы қатар жүретін студенттік өмірге ара­ласып кеттік. Ұлы жазушы М.Әуезов, Б.Кен­жебаев, С.Бәйішов, М.Балақаев, С.Кеңесбаевтар сабақ берді. Ол кездегі жастардың білімге құштарлығы да ерекше еді. Курста Сафуан Шаймерденов, Зейнолла Қабдолов, Мырзабек Дүй­сенов, Рахманқұл Бердібаев секілді азаматтармен бірге оқыдым. Келешек жарым Сафуанмен сол кезде таныстым. Ол кезде студенттер театрға, кітапханаға көп баратын. Уақытты дұрыс пайдаланатын. Сол таныстығымыз үлкен махаббатқа ұласты. Оқуды бітірісімен үйлендік. Қартайғанда махаббат, жастық туралы әңгіме айтқан да бір қы­зық екен. «Дүние бір қисық жол бұраңдаған» де­мекші, күнгейі мен теріскейі алма-кезек өмір бо­лып тұрады. Қандай жағдай болса да сый­ластығымызды ең бірінші орынға қойдық. Қызметімізді атқардық. Елге мақтаныш әкелген, қазақтың атын шығарған бала тәрбиеледік. Хоккейші, көгалдағы хоккейден халықаралық дәре­жедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, Азия хоккей федерациясы кеңесінің мүшесі, КСРО-ның жас-
тар және ересектер арасында 9 дүр­кін чемпион, екі рет күміс жүлдегері, КСРО ха­лықтары спартакиадасының жеңімпазы, Еуропа чемпиондары кубогының және КСРО кубогының иегері, "Динамоның" алты жыл, КСРО құра­ма­сының бес жыл капитаны болған, көгалдағы хок­кейден қыздар құрама командасының бас бап­кері және республикалық көгалдағы хоккей федерациясының президенті Саян баламызбен мақтанатын едік. Тым ерте өмірден озды. Алла- Та­ғалаға жақсы адам керек дейді ғой, қолдан ке­лер шара бар ма?.. Міне, ол да тарихқа айналып кет­ті...
- Сафуан ағамыз сомдаған «Инеш» образы туралы не айтар едіңіз? Оған сіздің әсеріңіз болды ма?
- Сәкеңнің шығармашылығына келсем, ең алғаш «Болашаққа жол» деген студенттік өмірден алынған роман жазды. Екі-үш жыл материал дайындап жүрді. Елуінші жылы жазып бітірді. Кейін романның атын «Инеш» деп өзгертті. Сәкеңнің бұл шығармасын жастар жастанып оқыды. Көп сыншының назарын бұрды. Бәрі мақтады. Шынымен де тілі, көркемдік жағынан өте сәтті жазылған, өмір шындығын терең бейнелеген шығарма еді. Кейін бұл роман орыс, венгр, неміс, башқұрт, тәжік, өзбек, украин, т.б тілдерге аударылды. Бұл шығарманың елдің назарын бұрғаны Сәкеңнің қазақ әйелінің образын сәтті сомдап шыққаны. Инеш пен Мәулен ара­сындағы махаббат хикаялары басымыздан өткен дүниелер, өмір шындығы. Романның өмір­ге келуіне өзіміз бастан кешкен көп жайттар әсер еткені жасырын емес...
- Жалпы, ол кісі қазақ әйелінің қай қасиетін ұлықт­­аушы еді?
- Қазақ әйелдері иманды, еркектің алдын ке­сіп өтпейтін, өнерлі, мінезді, ұрпақ тәрбиелей алатын парасаты болса екен дейтін. Ерінің бе­тінен алып, ертеден кешке дейін қақылдап, шапылдайтын әйел затын ұнатпаушы еді. Өз басымда ол кісінің әр басқан ізін аңдып, соңынан шы­рақ алып түсетін әдетім болған жоқ. Беталды тер­геп, тексермейтінмін. Тек өзіме тиесілі қыз­-метімді атқарып, тамағын пісіріп дегендей шаруаммен болатынмын. Сәкеңнің туыстарын, дос ағайындарын құрметтейтінмін. Үйге келсе шамамша күтіп алып, бір шыны су берсем де пейіліммен, ниетіммен бердім. Сен еркекті құрметтесең, еркек те сені құрметтейді. Сенен алыстап ешқайда кетпейді. Осы күні күйеуімен арпалысып отыратын әйелдер көп, негізі ерді еркін ұстау керек. Ақымақ, мәдениет­сіз, парықсыз әйелдерді аяймын. Сәкеңнің: «Жазушының жары мұғалім болғаны жақсы екен», - деп жазғаны бар. Бір ғұмырда бұйырған, маңдайыма жазылған, Сәкеңнің жары ретінде қолымнан келгенше көрсеткен міндетім мен парызымның дұрыс болғандығынан айтылған сөз деп санаймын.
- Сафуан Шаймерденовтың қалам тартқан тұсы қазақ әдебиетінің кіл классиктерінің көзі тірі кезіне тура келіпті. Алыптармен аралас-құралас болған шығарсыздар...
- Ол кездегі әдебиеттегі, басқа саладағы болсын еліне елеулі, халқына қалаулы адамдармен аралас-құралас, дос-жар болған адамдарымызды санасақ, тым ұзаққа кетерміз. Мұхтар Әуезовтен үш жыл сабақ алдық. Осы күні «Әуезовтен сабақ алдық, көрдік, білдік» дейтіндер көбейіп кетті ғой. Үш жыл көз алдында өскен біздерден ол кісі ағалық, ұстаздық қамқорлығын аяған жоқ. Сәкеңнің шығармашылығы туралы Әуезов, Мүсірепов, Мұқановтар алғаш «талантты жазушы шықты» деп жұрттан сүйінші сұраған адамдар. Қ.Бекхожин, З.Шашкин, Т.Ахтанов, Қ.Мұ­хаметжанов, М.Хасенов, Ә.Нұрпейісовтармен қоян-қолтық араласып тұратынбыз. Сәкеңді оқуға түсірген де Сәбит Мұқанов екен. Отбасы боп Ғабит Мүсіреповтің шаңырағымен көп араластық. Құсни жеңгеміз ақылды, данышпан адам еді. Өзі мұғалім. Көбінде сол үйде жүре­тінбіз. Тамақ істеу, қонақ күту дегенді бізге үйретеді. Құсни апа деп атаушы едік. Көп тәрбиесін миға тоқып, санаға құйып өстік. Әлібек Дінішевтің шешесі Кәмила апай да мені туған сіңлісіндей көруші еді. Саяным үлкен қызының атын Кәмила деп қойды. Сыйлас­тықтың, ағайындықтың құрметінен туған нәрселер ғой бәрі. Гүлнар Дулатова апайымызбен көрші тұрдық. Оқыған отбасы. Күні бүгін араласамыз. Сәкең екеуміздің ба­рымызды асырып, жоғымызды жасырып дегендей сыйлас, сырлас болған кісілердің қайсы бірін айта-
йын...
- Ағамыз кейбір жазушы-ақындарды сын­шылардың байқамай жүргенін ылғи айтып отырады екен. Елден ерек байқағыш, әділетті, кісілік мінездері осындай бір кішігірім көзқарастарынан байқалып тұрады...
- Сәкең жас әдебиетшілерді тәрбиелеуге аса ден қойды. Елуінші, алпысыншы жылдардың өзін­де келешек әдебиеттің болар баласын дөп басып таныған еді. Қазіргінің ақсақалы боп қал­ған Қалихан Ысқақ, марқұм Сайын Мұратбеков, Есенжол Домбай, Марал Ысқақов, Мұхтар Шаханов, Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Софы Сматаев, Төлен Әбдіков, Смағұл Елубай секілді қаламгерлерге жылы пікірін білдіріп, дер кезін­де ағалық қамқорлығын аямады. Қалихан інісі бірінші повесін Сафуан Шаймерденовке арнаймын деп жазды ғой. Кейінгі олардан да жас, ешкім біле бермеген жас ақын-жазушыларға да солай жасады. Бүгінгі талантты ақын Гүлнар Са­лықбаева туралы да жылы лебізін білдірді ке­зінде. Талантты танып, өнерді бағалауға келгенде Сәкең адал да, мейірбан, әділетті болды. Оны өзі таныған, бағасын берген іні-қарындастары та­лай жазды.
- Ертеректе Рабиндранат Тагордың «Күйреуін» жастанып оқушы едік. Кімнің аударғанымен жұ­мысымыз болмайтын. Шығармадағы Рамеш Ба­будың махаббат хикаялары, қилы тағдыры қы­зық­тырып, өзге дүние естен көтеріліп кететін. Ке­йін білдік, сол шығарманы аударған Сафуан аға­мыз екен. Көркем аударманың да тігісін жатқызыпты ғой, жарықтық...
- Ол кісі көркем аудармамен алпысыншы жыл­дардың бас кезінде айналысты. Өзің айтып отырған калассик жазушы Рабиндранат Тагор­дың «Күйреу», «Гәуірмаһан» романдарын аударды. Осы шығармаларды аудару үшін неше жыл материал жинады. Индия халқының тұрмыс, салт-са­насымен танысты. Мәскеуден шығатын «Индия» атты журналды алдырып, түгел танысып шықты. Аудармаға да өте бір үлкен дайын­дықпен, жауапкершілікпен отырды. Аударғанның жөні осы екен деп, жеңіл-желпі дүние жасауды қала­майтын. Көп аудармашылар секілді тіл бі­лумен ғана шектелмеді. Өзі аударып отырған шығар­мадағы халық жайлы мағлұматқа қа­нық­қан соң, ары қарай тәржімаға көшетін. «Күйреуді» болсын, басқасы болсын жұрттың жылы қа­был­дағаны содан шығар. Өзі айтып отырушы еді: «Тагор шы­ғармаларын оқығанда, қазақ туралы сен айт­пағанды ол айтып, сен жаза алмағанды ол жазып тастағандай әсер аласың», - деп. Екі халықтың психологиясындағы, тұрмысындағы ұқсастық­тардың көп екендігін де ұдайы айтатын. Осының бәрі үлкен ізденістердің, еңбектің жемі­сі ғой. Көркем аударманы жазушының қалып­тасуы, қанат қатайту жолындағы үзеңгі қағыс, трамплин деп білетін жарықтық. Сәкеңнің көр­кем аудармалары туралы сыншы Жұмағали Смағұлов жаз­ған еді кезінде...
Өздерің білесіңдер, ол кісі драмалық шы­ғар­малар да жазды. Драмалық шығармалардың
ке­йінгі проза жанрындағы еңбектеріне өте жақ­сы әсері болғанын, көп сөзділіктен арылып, жи­­нақылыққа үйреткенін айтатын. Кейін жа­зылған «Ит ашуы» драматургияның әсерімен құлпырып, түрленгенін бір журналистке берген сұхбатында келтіреді. Кезінде облыстық, Республикалық театрларда бес-алты пьесасы үз­­бей қойылушы еді. «Дөкей келе жатыр» атты комедиясы Жа­сөспірімдер театрының сахнасында ұзақ жылдар қойылды. Бір жылда оншақты рет сахналанатын. Кейін түсіп қалды. Қоюшы режиссері кәріс жігіт еді, Мәскеуге көшіп кетті. Жұртты қыран-топан күлкіге қарқ қылатын, әрі қай заманда болсын кездесетін, өзгермейтін жағым­паздық, жыл­постық секілді адам мі­нез­дерінің жағымсыз тұстарын ашып көр­сеткен тамаша пьеса еді.
- Бұл пьесаның қайта сахналануына ділгір боп отырған адамдар жоқ па?
- «Өлдің Мамай қор болдың» дейді ғой. «Өзі жоқтың көзі жоқ». Біраз нәрселерге өзің жүгіруге тура келеді. Жасым болса сексен бесте, жүріп-тұруым да оңай емес. Талғат Теменов дұрыс адам секілді, бір барып өтініш жасау ойымда бар.
- Президенттің қолынан «Отан» орденін алып тұрып, өз халқының рухани тірегі екенін толық сезінетін, ашық пікірін айта алатын Сафуан Шаймерденов пен бүгінгі марапатталып жатқан ақын-жазушының мінездері туралы не айтар едіңіз?
- Сәкеңнің мінезі тік, кімге болса айтарын ірікпей айта алатын. Ештеңені жасырып, жал­бақтамайтын. Осы мінезі шығармасынан да көрініп тұрады байқаған адамға. Желтоқсан оқиғасы кезінде жанын шүберекке түйіп, Қазақстан Жазушылар одағы пленумында отыз сегіз минут сөйлеп, Колбиннен де, басқасынан да жасқанбай қазақтың басына келген трагедияны ашына айтқанын жұрт біледі. Сол кезде Жазушылар одағын басқарып отырған Олжас Сүлейменов бұл көзсіз батырлықтан үрейленсе ке­рек, «сәл қысқарта сөйле» дегеніне қарамаған ғой жарықтық. Сөзін толық аяқтап, мінберден түсіп келе жатса қолын көрсетпей, үстелдің тө­мен жағынан ұсынғандар болыпты. Осы оқиға­дан кейін анасы бар, мынасы бар Сәкеңді бір жыл тексерді. Онда да ештеңеден қорқып, сасқа­лақтаған жоқ. Сабырлы күйінен жазбады. Одан кейін қазақ тілін Қазақ ҚСР-ының территориясында мемлекеттік тіл ретінде республиканың негізгі заңы Конституцияға енгізу, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі көтерілген тұста жарғақ құлағы жастыққа тимей, қызмет жасады. Елі, ұлты үшін жанын аяп, жасырынған шағын көрген емеспін өмірі. Ертеректе Елбасы қолынан Отан орденін алып, марапатталған кезде де аңғарған адамға біраз нәрсенің басын ашып айтқаны көрініп тұрады. Сонда: «Сіз әман­да тыныштық егіп жүресіз. Мен бұндай қасиетті ел басқарған адамның кемеңгерлігі деп білемін. Бірақ тыныштық бар да Тәуелсіздік бөлек. Бұл екі құбылыстың бір-біріне қайшы келетін кездері көп. «Тыныштық, тыныштық» деп жүріп Тәуел­сіз­дігімізден айырылып қалсақ, онда кім болға­нымыз? Менің ұғымымда, жеме-жемге келгенде азаттығымыз үшін тыныш­ты­ғымызды құрбан етуге болады. Дүниелік тарих­тың пайым-үлгісі солай. Ал тыныштығымыздың қамы үшін Тәуелсіздігімізді құрбан етуге әсте болмайды...», - деген еді. Мен кейде ойлаймын Президентке ашық пікір айтатын адам жоқ-ау деп. Сафуанды осы сөзі үшін жек көрген жоқ, қайта жақын араласып жүрді. Кімнің жанымен, шынайы ұлт, мемлекет үшін сөз айта алатынын ол кісі біледі ғой. Әйтпесе, Президент бола ма. Астана қала­сы­ның әкімі Иманғали Тасмағанбетов те күні бүгін ескерусіз қалдырған емес.Бүгінде Президенті­­міздің қолынан сый-сияпат алып жатқан адамдарды теледидардан, газет-жур­налдан көріп отырам. Көбі жағымпаздыққа, өтірік мақтауға, болмаса жеке басының пайдасына қатысты шаруаларға көшкен. Мемлекеттік сана, ұлттық ар-намыс дегенді мансұқтағандай сезіледі кейде маған. Елдің, жұрттың ықыласы­нан, құрметінен артық не бар пайымды адамға! «Жазушы өз халқының рухани көсемі болу керек», - деп санайтын Сафуан Шаймерденовтың ұс­танымы ер сыналар тарихи сәтте де, былайғы бейбіт күннің мейманасы тасыған, марапат пен даңқ салтанат құрған кезде де өзгерген жоқ.
Мен қырық бес жыл мұғалім болған адаммын. Өмірімде бір балаға екілік баға қойған емес­­пін. Жасытпайын, сағын сындырмайын деймін. Біздің халық көп қорлық-зорлықты бастан өткерген ел. Содан ба екен, жалтақтықтан, құлдық психологиядан әлі арыла алмай келеді. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болуға дайын. Бүгінмен ғана өмір сүріп, ертең туралы ой­лау­ға құлықсыз. Мінезі жасыған елдің ертеңі қиын болады. «Құл жиылып бас болмас, құм жиылып тас болмас» дегенді дана халық осын­дайға қаратып айтса керек. 
- Адамның, ұлттың бақытсыздығы туралы әң­гіме болса, ол кісі нені өлшем етті?
- Ол кісінің ең бір жек көретіні, бақытсыз, сор­лы санайтыны - өзін-өзі сыйламайтын, ті­лінен, ділінен, дінінен аулақ, космополит, жал­қау, отбасында берекесіз, жар таңдауда қателес­кен адамдарды аяйтын. Ал енді ұлттың ба­­­­қыт­­­сыз­дығы дегенге, ол кісі өмірімен жауап берді деп ойлаймын. Бақытсыз халық болмасақ екен деп ғұмыр бойы күресіп өтті. Жаны шырылдап, еліне қызмет етті. Жер бетіндегі бақытсыз халықтардың тағдырынан ғибрат алып, соны мысал ғып айтып отыратын. Ертеректе бір газетте жарияланған саны өте аз ел туралы әңгімені аузына жиі алатын. Бразилияның ну орманының бір түкпірінде абао дейтін халық бар екен. Бар жоғы он төрт-ақ адам. Көбейіп, өсіп, сапалы халық болуға өздері кінәлі көрінеді. Араларынан ақылды, мықты, парасатты біреу шықса, өңгелері тарпа бас салып, жеп қоятын әдеттері бар екен. Олардың түсінігінде жаңағы парасатты, қабілетті адамның қасиеті етін жегендерге дариды деген ұғым қалыптасқан екен. Шынымен де кешегі Абайды сабаған, зиялыларының үстінен арызды қарша боратып, жау деп ұстатып жіберген елдің солардан қандай айырмашылығы бар. Іштарлық жасайтын, көреалмайтын, барын басына көте­ріп, ұлықтай алмайтын әдетіміз бар ма? Бар. Сә­кең осы бір жаман әдетімізге жүрегі ауырып, шыр-пыр болушы еді...
- Ол кісінің өмірден қайтқанына төрт-бес жыл­дың жүзі болды. Тірі болса тоқсанға толар еді. Осы даталы күнге байланысты не айтар едіңіз?
- Талантты адамдарды уақытында көтеріп, на­сихаттау жеткіліксіз. Өлген соң қадіріне жет­пеппіз деп өкініп жатады. Бұл қазақтың бойын­дағы бір жаман әдет. Қазір оған өзінің таныс-білісі болмаса ескерусіз қалдыратын тағы бір те­ріс пиғыл жамалды. Өмір бір қуаныш, бір қай­ғыдан тұрады. Сыртым бүтін, ішім түтін. Қатты күлуден қалғалы да қашан. Еліне елу жыл қызмет атқарған ерімнің архивін ақтарып, уақыт өткізіп жатқаныма төрт-бес жыл болыпты. Өмірі жазу-сызусыз өтпеген жарымның бүкіл жазғандары он томдай болады екен. Насихаты болмаған соң, қайта басылып таңдамалы шығармалары шық­пады. Кітаптары еш жерде жоқ. Сәкең қай­тыс болғалы біраз жыл өтсе де, әлі елінде, Сол­түстік Қазақстан, Астана, Алматыда еш нәрсе жасал­ма­ғаны жаныңа батады екен. Көше, мектеп, кітапханаға атын берсе, соған лайық өмір сүрген адам ғой деп ойлаймын. Мен де қанша жасармын, көзіңмен көріп кеткің келеді екен. Өлген адамға ештеңенің керегі жоқ, ұлтына қызмет еткен жанның есімін, еңбегін ұлықтау ұрпақ үшін қажет. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген, менің тілегімді біреу болмаса біреу ел тізгінін ұстап отырған азаматтарға жеткізер деп сенем. «Жыртық үйдің Құдайы бар», - дейді ғой, Аллаға тапсырдым. Сәкең қолынан келгенше «әй, кәпір» атанған жоқ. Бекерге сөзін шығын­да­майтын. Мәселені дұрыс, әділ шешетін, жа­рықтық!.. Сыншы Шерияздан Елеукеновше айт­сам: «Тік жүріп халқының ойындағы сөзін айта білетін қайраткер», - еді. Желтоқсан оқи­ғасы, тіл, жер мәселесі болсын елінің өміріне араша түскен ер еді. Маған салса Халық қаһарма­ны деген атақ берер ем. Жұрт күлер. Күле берсін. Ақи­қаты сол. Мұғалім өтірік айтпайды. Пай­ғам­барымыз айтқан екен: «Шүкіршілік, тәубе, қа­нағат, барға риза бол», - деген сөзді. Сәкеңнің өзі де: «Өмір болса, кезек жетеді», - деуші еді. Бәрі рет-ретімен болып жатар. Сейтжан Омардың ал­тынға айыр­бастағысыз баласы туралы: «Жанай десем, жаныма жаз орнайды», - деп айтқан сөзі бар. Осы сөзді мен де айтқым келеді. Саяным­нан қалған үш қыздың Құдай бағын ашсын. «То­ты­ның тоқсан тарауындай» болып барады, кезінде Сафуан ағасы дәл таныған Гүлнар Салық­бае­ва­ның өлең жолымен бітірейін сұх­батымды. «Тоналар бәрі тоналар, өзіңдей кімдер бо­ла алар...».

Сұхбаттасқан Ырысбек Дәбей

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5514