Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2608 0 пікір 17 Сәуір, 2012 сағат 05:18

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Күлән Нұрияның қатарындағы орындыққа күле, жеңіл келіп отырса да үлкен адам бейнесіне түсіп, салмақпен ойлана күрсінді.

- Құттықтаймын, бақытты болыңдар!- дегенде қос қарашығы мөлтілдеп, екеумізге кезек аударылды. Сөзін Нұрияға қарап сабақтады сонан соң. Менің басыма түскен өкініш,- деп қалғанда Күләннің қызғылт тартқан ақ сары жүзіне білінер-білінбес мұң көлеңкесі іліне қалды. - Иә, өкініш сендерден мүлде аулақ болатынына сенемін. Мұны алдымен Момынбайдың естелігін оқығанда байқап едім. Биғабілдің өмірге көзқарасы мен мінезі қазір маған өте айқын. Екі басты, екі тілді опасызға тіпті де ұқсамайды... Ал,- деп, Күлән енді маған қарап, күле сөйледі, менің сіңілімнің мойны берік. Беті көз алдындағы сенде ғана. Басқа жаққа ешкім бұра алмайтынына бір сөзді мінезі кепіл. Бірақ, сендерге кесір келсе, өз маңайларыңнан келуі мүмкін. Сондықтан, бұл жақындықтарыңды менен басқа ешкім сезбесін. Басқалардың алдында жат адамша байланыс жасаңдар, көзқарастарыңнан байқап қоймасын... Игіліктің ерте-кеші жоқ, - деп тағы қызара түскен Күлән, сөзін тұқыра сөйлеп аяқтатты. - Әлі жассыңдар ғой, асықпассыңдар. Адамгершілік опалыққа ғана тұрақтайды екен. Екеуіңе айтарым осы ғана. Енді мен шай жөндейін!

Мен шайға қарамайтынымды айта бергенімде Күлән лып етіп есіктен шығып та үлгерді. Орнымыздан тұра құшақтастық.

V

Күлән Нұрияның қатарындағы орындыққа күле, жеңіл келіп отырса да үлкен адам бейнесіне түсіп, салмақпен ойлана күрсінді.

- Құттықтаймын, бақытты болыңдар!- дегенде қос қарашығы мөлтілдеп, екеумізге кезек аударылды. Сөзін Нұрияға қарап сабақтады сонан соң. Менің басыма түскен өкініш,- деп қалғанда Күләннің қызғылт тартқан ақ сары жүзіне білінер-білінбес мұң көлеңкесі іліне қалды. - Иә, өкініш сендерден мүлде аулақ болатынына сенемін. Мұны алдымен Момынбайдың естелігін оқығанда байқап едім. Биғабілдің өмірге көзқарасы мен мінезі қазір маған өте айқын. Екі басты, екі тілді опасызға тіпті де ұқсамайды... Ал,- деп, Күлән енді маған қарап, күле сөйледі, менің сіңілімнің мойны берік. Беті көз алдындағы сенде ғана. Басқа жаққа ешкім бұра алмайтынына бір сөзді мінезі кепіл. Бірақ, сендерге кесір келсе, өз маңайларыңнан келуі мүмкін. Сондықтан, бұл жақындықтарыңды менен басқа ешкім сезбесін. Басқалардың алдында жат адамша байланыс жасаңдар, көзқарастарыңнан байқап қоймасын... Игіліктің ерте-кеші жоқ, - деп тағы қызара түскен Күлән, сөзін тұқыра сөйлеп аяқтатты. - Әлі жассыңдар ғой, асықпассыңдар. Адамгершілік опалыққа ғана тұрақтайды екен. Екеуіңе айтарым осы ғана. Енді мен шай жөндейін!

Мен шайға қарамайтынымды айта бергенімде Күлән лып етіп есіктен шығып та үлгерді. Орнымыздан тұра құшақтастық.

- Кәмен бар ма еді?... Кездесе алмай қалған кездерімізде үзбей хат жазысып тұрайық... тез қайт,- деп құшты Нұрия, - ал... қайта ғой,- деді ернін әрең ажыратып, бұрыла бердім мен. - Тоқтай тұршы,- деп енді өзі асыла түсті де өзі сүйді, қайта ғой!

Құшағын жазып шегіне берген оны мен тарттым:

- Тұра тұршы... ал... кеттім!...

- Тоқтай тұршы!... ал, бар енді!

Бұлдырап ашылған көзіммен есікті әрең тауып, бытырап шашылған есімді әрең жиыппын.

- Шай ішіп кет?- деген Күләнға не айтып шыққанымды да білмеймін...

Күләннің «Менің басыма түскен өкініш» деп атаған сәтсіздігіне «Қалың мал» сахнаға қойылып болғанша өзінен сұрай жүріп, айта алмай, қысқарта сөйлеуінен түсініксіз болып қалған жайларын хат арқылы Нұриядан сұрап ұғындым:

Күлән бұдан үш жыл бұрын - 1941 жылдың көктемінде бір оқушымен көңіл қосыпты. Әкесі Шың Шысайдың алғашқы түрмесінде өлген, жаңа өспірім оқушы қыз аурулы жесір шешесі мен жалғыз бауырының күн көру қамын ертерек ойлаған көрінеді; жоғары мектеп бітіріп, «Шынжаң газетінен» жаңа ғана қызмет алған, бұрыннан көз таныс Мұсатайдың қолтығына іліне кетіпті. Ілініпті де бірігіпті - шешесіне айтып, тұрмысқа шығу рұқсатын алыпты да кинодан қайтқан шақтарда күйеуді үйіне түнетіп жүріпті.

Қатпарлы Еренқабырғаның ерен семіз қартасын сорған ауқатты кісінің шырайлы ұлы білімді азаматтардың бірі саналып жүрген екен. Той жасау қамына енді кіріскен кезеңде бір түні «қара машина» алыпты да жоғалыпты.

Түн кезген қара машина, әрине, барса келмес қараңғы үйге апарады ғой. Мұсатайдың қандай кереметі бары жұмбақ, кеткеннен үш күн өткен соң-ақ қалыңдығын жасырын шақыртып алып, түрмеде кездесіпті. Қатты жүдесе де қабағы ашық, көңілді екен. «Екі-ақ күн қиналдым. Бүгіннен бастап қызметке шығарды, үкіметке аса маңызды қызмет, ешкімге айтушы болма! Сен алаңсыз болсын деп қана айтып отырмын, мен туралы екі ойлы болма!» деп бетінен сүйіп қайтарыпты. «Тойды үш жыл ғана кешігіп жасаймыз, сонысы болмаса, дәреже жақтан әлдеқайда өсіп шығамын. Үш жыл деген үш-ақ күн ғой. Оған дейін оқып ал, сонан соң... мұратымызға жеттік дей бер!» деп қалыпты.

Жасынан қам көңіл болып өскен зерделі Күлән саналы деп қосылған «жан сәулесінің» жартымиша сөйлеген мына сандырағынан опық жеп, ойлана қайтыпты:

Түрмедегі ауыр күмәнді әр қылмыстының камерасына бір түнеп қайтып жүретін «кенеп дағарлы тыңшы» барын естуші еді. Жазалаушылар қанды дағарға салып, сүйретіп әкеп тастаған тыңшы, өте рақымсыз соққыланған қылмыскер бейнесімен ыңыранып жатып, камерадағылардың сөзін, есіркеуін тыңдайды, жөн сұрағандарына «қинала-қинала» жауап қатып, сыр тартып қайтады да, сол есіркеушілерді ертеңіне-ақ жазалатады.

Күлән өз сүйгенінің дәл сондай «дәрежелі қызметке» тағайындалғаннан секем алып жылайды. Мұндай жиіркенішті қызметке, әрине, өз ықтиярымен емес, «қиналуға шыдамай кіріптар болды-ау!» деп еңірейді. «Бірақ мұнысын «Мұратқа жетудің кілті» дегендей тым түйсіксіз сөйлеуі қалай, Мұсатайдың осынша жылтсыз болғаны ма?» деп өкінеді. Сөйтсе де сүйген жүрек кешірімшіл болмай ма, бұл рет Мұсатайдың мұнысына кешірім етудің пәтуасын тапқандай болыпты. «Мұрат - дәреже деп менің көңілімді аулау үшін ғана айтқаны шығар... Тіпті, басқа қызмет те бар емес пе» деп қорытып, әйелдер институтына оқуға кірген соң да жексенбі сайын барып кездесіп тұрыпты.

Аңсаған тамағын апарып, кірлеген киімін жууға алып қайтады. Алғашта киімдері қанмен сіресіп, аз дегенде қан дағы түсіп қайтады екен, кейінірек таза қайтып, таза жуылып тұрыпты. Өзі де бұрынғы іспетіне сәл ұқсаңқырап, Күләнды айырым, таза бөлмедегі керуетінде дем алдырып қайтаратын болыпты.

Сөйтіп, Мұсатайдың қызмет алғанына сенсе де, сол қызметінің алалдығынан күманданып жүрген Күлән бір күні жууға алып қайтқан сымының артқы қалтасынан жұмарланған кірсіз жаңа қағаз тауып алыпты. Жарты бетіне жазылған, Мұсатайдың өз жазуы.

«Дағарға түскен соң Шәріпқан қамалған камераның есік алдында бір сағаттай жаттым. Шәріпқан қасындағы біреуге сөйлеп отыр екен: «шыға қалсаң Оспанға сәлем айт, бұл үкіметпен келісімге келемін деп алданбасын, соғыса берсін. Қару-жарақ Жеменей шекарасы және Қобда арқылы Советтен келіп тұрады. Оны Дәлелқан қамдайды» дегенде, бір шалдың: «мақұл, жеткізейін» деген сөзі естілді. Осыдан соң еш дыбыс естілмей қалып еді. Кілтші есік ашып мені камера ішіне...».

Мұсатайдың аяқтамай қалған бұл жазбасын түйіле оқыған Күлән сымды елегенге тастай салып, көйлекті алып қараса, арқа өңірі қанмен жабысып қатып қалған екен, Күлән еңіреп жіберіпті. Бұл жаланы үкіметтің Мұсатайға осылай қинап жаздырып жатқаны елестеп жылапты да, көз жасын тез тиып, қайта қатуланыпты: «бір-екі аптадан бері Мұсатайдың бұлай қандалмай, өңі кіре қалғаны, тіпті жақсы бөлмеге, тәуір краватқа ие болуы қалай?... Басқа тұтқындарға апат төндіргеннен көрген рақаты шығар!»

Осы жорамалымен кейінгі жексенбіде бара тергепті күйеуді. Түрмедегілерге қандай зұлымдық істегенін жалпылай сұрап, ештеңе айтқыза алмапты. Шәріпқан дутұңның* үстінен жазылған шағым қағазының жуылатын сым қалтасында кетіп, Күләннің қолына түскенін Мұсатайдың өзі сезбейтін сияқты.

- Дағарға түсіп, басқа камералардан тың тыңдадың ба?- деп Күлән шытына үңілгенде күйеудің үлкен қоңыр көзі жарқ ете түсіпті.

- Кім айтты?

- Сырыңды менен жасырамысың, уағдаң қайда? Істеп жүрген қызметің не қызмет? Соны айтшы маған!

- Тілмаштық,- деп күрсініпті Мұсатай. Не істесем де сен үшін, тірі қалып сенімен үйлену үшін істеймін Күләш, қылмыс сұрама менен!

- «Дәреже» алып, «мұратқа жету» үшін дейтіндерің де бар еді ғой?

- Дәреже де, мұрат та сенімен бірге... жаным, маған бір үлкен пәле жабысқан. Екі тәулік қатты қинап, еріксіз мойындатқан. «Алтайдың Оспанымен байланысқансың» дейді. Расында титтей де таныстығым жоқ еді, бірақ, тірі қалайын деп мойындағанмын... Енді соны тергеушілерге тілмаштық қызмет істеп өтемекпін.

«Қорқып мойындадың да тыңшы болдың, тілмаштық емес, басқалардың тілін суыртып өлтіріп, «мұратыңа» солай жетпекпісің!» демек болып барып өзін тоқтата қойыпты Күлән, сүйгенін оншалық жамандыққа тағы да қия қоймапты. Оның сондай пәлелі қағазын өзі мыжып, жұмарлай салуынан үміт күтіпті.

- Тілмаштықтан басқа міндетің жоқ па?... Дағарға түсіп, басқа камералардан тың тыңдамадың ба?

Екі сұраққа да жауап қатпай едәуір ойланған Мұсатай, ақыры басқаша жауап айтыпты:

- Күләш, жаным, екеумізді айыру үшін әртүрлі өсек таратушылар болуы мүмкін.

- Шәріпқанның камерасының алдында, дағар ішінде жатып не естідің?!

- Жоқ, ондай іс істемедім, ол - өсек!

Күлән бұл жігітпен алғаш уағдаласқаннан бері тастаған «сіз» деген сөзді енді қосыпты:

- Сабаса ғана мойындайтын жігіт екенсіз-ау өзіңіз... Мынау кімдікі?!

Күлән ұсынған қағазды бассалыпты Мұсатай:

- Е-е-е-е!- деп ойлана қалыпты да, есіне енді түскендей сыдырта жөнеліпті. - Бұл... бір қылмыстының тергеушіге берген жауабы... Мен осылай жазып алып, ханзушаға аударып бергенмін... Мұны қайдан таптың?

- Сымыңның қалтасынан,- дей салыпты қисынына сеніңкірей қалған Күлән.

Біраз ойланып отырған соң сенгенін селге кетіргендей бір факт тағы жеңіпті - «тілмаштың арқасын тілгілеп, қан жоса етіп аудартушы ма еді?» деген логика еді ол. Бірақ, бұл жолы Күлән турасынан тергеуден тайсап, жігітінің әлгі жауабына сенген шыраймен орағыта сұрап анықтауды жеңіл көріпті:

- Дағарға түскен кісі Шәріпқанның осы сөзін рас естіп пе?

- Кім білсін оны, әйтеуір осылай әшкереледі ғой... Шәріпқандай сақ адам есік сыртынан тыңдаушыға естілетіндей етіп сөйлей ме?

- Онда не үшін өтірік жала жабады?... Шәріпқанға өш адам ба екен өзі?

- Жоқ жаным, түрмеде әр адам өз жанын ойлауға тиісті. «Өзіңді ақтау үшін оның сырын әшкерелейсің» деп бұйырған соң... Өтірік болса да естідім деп әшкерелегені ғой!

- Онан да шынын ғана айтса болмай ма?

- Шынын айтса сенеме тергеуші... «Сыбайласың болғандықтан сырын жасырдың» деп қинамай ма? Және Шәріпқанға ең сенімді бір сырлас ақсақалын камераға әдейі қосып, сол екеуінің не сөйлесетінін тыңдатып отырмай ма?

- Жала жаппаған тыңшыны ұра ма?

- Ұрғанда қандай!.. Тергеуші өзі күткен жерінен шықпаса өте қатты жазалайды екен.

- Қай жеріне ұрады?

- Басың-көзің дей ме ол, жалаңаштап қойып, тілгілей бермей ме?.. Бірақ... мына әшкерелеген адам сол өтірігінен танып алып еді, жатқызып қойып дүреледі.

- Не үшін танып алды ол?

- Шәріпқанда бір камерада екеу ғой, бетпе бет келгенде мойындата алмайтынын біліпті және оған жала жапқысы да келмейді. Тергеуші сонда да зорлап қол қойғызып алды оған!

Сол дағардағы тыңшы Мұсатайдың өзі екеніне көз жеткізген Күлән тітіреніп қалып және сұрапты:

- Ол адам дағарға түсіп, неше камераға тыңшы болып барған екен?

- Дағарға түс десе түсіп, бар десе бармай лажы не оның, бірнешеуін тыңдап шығыпты.

- Сол арқылы силанған жері бар ма?

- Оны қойшы жаным, білмеймін. Келші сағындым ғой!- деп құшақтап қыса түсіпті Мұсатай.

- Ал, әлгі тыңшы Шәріпқанды сыртынан ғана тыңдап қайтып па әлде камерасына да кіріп пе? Қызық екен, толық айтшы!

- Камераға кіргізіп тастамайтын болса дағарға сала ма... Бірақ, ешкімге айтушы болма, жаным, бұл өзі үлкен құпиялық...

- Маған сенбеймісің!... «Бір-бірімізден жасыратын ісіміз болмасын» дегенің қайда өзіңнің!

- Байқамай біреуге айтып қоймасын дегенім ғой. Оны екі сақшы дағарымен есік алдына қаумалап апарып, біраз жатқызған соң камераны ашып, ішіне лақтырып тастайды да, есікті қайта құлыптайды. Бұлай лақтырып тастамаса түрмедегілер оның тыңшы екенін сезіп, сөйлемей қояды... дейді... дағар өте сирек тоқылған екен, ішіндегі адам бәрін айқын көріп жатады. Шәріпқан камераның бір жағында, сом темірлерден жасалған тар қапасқа зор денесін әрең сиғызып, тұқырып алыпты. Оның камерасына тыңшыдан сәл бұрын кіргізілген шал, Шәріпқанның қарсысындағы кеңірек қапаста малдасын құрып отырыпты. (Ол - бұрын Шәріпқанға жақын жүретін ел адамы екен. Сырласатынын білгендіктен үстілеріне тыңшы кіргізіп отырмай ма?) Шал қан-қан дағарға түршіге қарап: «ой бейшара-ай!» деп қалғанда тұқырып отырған Шәріпқан оған көзінің астымен бадырая қарады... Тергеушінің көзі дәл осындай болса, адамның жүрегі жарылып кетер еді. Шәріпқан шалға соншалық суық қарады. Арықтағаннан ішіне түсіп кеткен үлкен көз шарасы бос күбідей үңірейгенде ар жағынан бірдеме жарқ ете түскендей болды. «Сөйлеме» дегені екен, шал үнсіз бедірейіп отырып қалыпты!... Содан ертеңіне сақшылар дағарды қайта сүйреп әкеткенше ол екеуі тіл қатыспапты, - деп тоқтатты Мұсатай сөзін.

- Дағарға түсіп тыңдап жүрген өзің екеніңді шүбәсіз ұқтым,- деп суық жымиған Күлән қатты күрсініпті. Тым болмаса, сөзіңнің етістік жалғауларынан жасыра алмасың бар, менен жасырамын деп несіне әуре болдың екен?... Бірақ мұнан соң ешкімге жала жабушы болмаңыз!...

Осыны айтып шыға берген Күлән у ішкендей сенделектеп қайтыпты үйіне. Өмірден күткен серігі осындай су жүрек, ынжық па еді! «Екі күн қиналуға шыдамай есалаңға айналыпты-ау... Сөйлеген сөзінің сиқын қарашы, қанша жалтарса да жаңылып, Шәріпқанның камерасына кірген өзі екенін дәміл-дәміл әшкерелеп алады. Тыңшы болған өзі екені Шәріпқанның көзін суреттеуінен де көрініп тұрмай ма. Япыр-ай неткен масқаралық еді!... Бар пәлені қорқақтығы мен шыдамсыздығынан тапқан ғой, сол әлсіздігін біліп алған тергеуші не істетпейді оған! Қылмыс іздететін иті, қаралайтын күйесі, атса мылтығы, шапса қылышы, сөйтіп өлім ұрығын артқан есегі болғаны ғой!... Қайтып қана жар етерсің бұл арамды!... Жоқ, арамдықпен емес, шарасыздықтан істеп жүр ғой соны, бейшара! Өзі де айтпады ма, жала жапқысы келмейтінін... намыссыз «қызметін» менен жасырғаны - арланғандығы ғой, әйтпесе маған деген ақ ниеттілігі бар... біреуге азап келтіретін жала жаппайтын етсем! Одан басқа не шара бар бұған?... Басына мұндай іс түскенде тастап кетсем, опасыздық болмай ма? Қандай жанға қосақталсам да, өзім таптым ғой, боларым болмады ма!... Ой әттеген-ай!...»

Ой талқысына осылай түскен Күлән мең-зең болса да, әр жексенбіде барып кездесіп жүріпті. Барған сайын басқаға пәле тауып бермеуін тапсырыпты. «Жала жаппа. Жаппадың деп қанша қинаса да шыда. Жазасына екі-үш рет шыдап кетсең, өздері сынуы, босап қалуы мүмкін.... біреуге жала жаппадың деп өлтіре ме?... Өлтірсе де халық алдында, менің алдымда алал өлім болсын, мені... десең, осылай бол!» деп те айтып кетіп жүріпті.

Жууға алып шыққан киімінен жараның қанын көргісі келіп, үңіле іздейтін болыпты. Ол киімдерден кейде азын-аулақ қан дағын көрсе де, көбінесе таза қайтатын болыпты. Таза қайтқанынан басқаларға тартқызып, қанын төккізіп жүргенін сезеді. «Болары болған ғой», артын күтейін деп, өсиеттен жалықпапты сонда да.

Сөйтіп жүргенде түрме Гоминданға өтіпті. Бұл үкіметтің «Шың Шысай қамаған адамдарды босатамыз, енді түрмелемейміз» деген «жайдарылығына» сеніпті де, күйеуінің киімін бұрынғыдай тәптіштеп зерттемейтін болыпты. Қан көзіне түсе қалған күнде де «өз мәселесін анықтап шығару үшін қинағаны болар» дей салады екен.

1943 жылдың күзінен соң киімдерінен қан түгіл сірге де көрінбей, тап-таза шығатын болыпты. Өзі де ажарланып, қалыңдыққа құшақ жайғыш халге қайта жеткенін көреді Күлән. Бірақ, ондай құшаққа сүйінуді көптен бері қойған ол бұл ажарланудың жайын анықтағанша тіпті ілінбеуге де бекіп алыпты. Сөйтсе де, ажар астынан анық ит болғандығын көрмей, «үкіметтің кеңшілік күтімінен» деп мөлшерлеген екен. Түрмеден тараған хабарлар бұл мөлшерін де қатеге шығарып, Мұсатайды қаралай тарайтын, қабаған итке теңей тарайтын болыпты.

Жансебіл махаббат сонда да жан үзе алмай, «опасыз» аталғысы келмей, «әлде де анықтайын» деп іздеп барыпты бір күні. Бірақ, түрме күзетшісі: «кездесуге рұқсат жоқ» деп қайтарыпты.

Мұның себебін түсіне алмаған Күләнға Мұсатайдың басқа атпен Құлжада жүргені 44 жылдың басында ғана естілген екен. «Бәсе!» деп қалыпты да, қолын бір-ақ сілтепті - «дағар ішінен тіміскілеп жүріп, күткен «дәрежесіне» жеткен екен ғой! Пәлеқорлықтан еңбек сіңірмеген болса ел аралатып еркіне жіберер ме? Ол жерде қанша сорлыны сойғызар екен... Болды енді, бітті... Сондай жаладан өлген әкем үшін түкірдім сол опасызға...»

Сөйтіп, ой-сезімі енді тынышталып қалған Күләнді осы жақында сақшы басқармасы шақыртып, бір кеште жеңіл машина келіп әкетіпті. Шақыртқан Ху Гожынның өзі екен. Өз кабинетіне жалғыз қабылдапты. Фашистік Германиядан оқып келген қанқұйлы жендет, спор шпионның қанды көзі күле қадалыпты Күләнға:

- А... а... Күлән жолдас*, кел! - деп, қуатты қолымен қолын қаба тартыпты өзіне. Шошып қалған Күлән ханзуша ең сыпайы тілмен амандыққа амандық айтыпты да, қолын күшей тартып шығарып, шеткі бір креслоға отыра кетіпті. Оның оңай-олпы қыз еместігін байқаған Ху Гожын өз орнына барып отырыпты да, одағайлықтан сыпайыгерлікке ойысып, өзінің «қамқорлық» күшін көрсете арбапты енді.

- Сіздің әйелдер институтынан жақсы диплом алып шығуыңызға, мына жақсы қызметке орналасуыңызға мен көмектескенмін. Сіздей білімді әйелдердің көбеюін тілеймін!

- Рахмет!- депті Күлән күлімсіреген болып. - Сіздің мені қалай танып, неліктен қамқорлық еткеніңізге ғажаптанып отырмын.

- Мен Мұсатайды жақсы танимын. Сіз соның қалыңдығысыз, сол таныстырған.

Күләннің беті дуылдап қыза жөнеліпті мұны естігенде. «Итпен құда болсаң боқпен той жасайды» деген осы ғой. Соның қалыңдығы болған соң маған да соның кебін кигізбек шығар» деген оймен өзін одан біржолата аулаққа тартыпты. Ашу екені де, қорлану екені де белгісіз, алқымын бірдеме керней түскендей сезіліпті өзіне.

- Қазір мен Мұсатайды танымаймын, одан безгенмін!

- Не себепті?!

- Ол қылмыс істеді. Біздің Жұңхуа Мингоға опасыздық етті! Сол үшін оған тұрмысқа шықпайтын болғанмын!

- Олай емес, белгілі дәрежеде қылмыс өткізсе де, кейін одан жақсы тазарды. Енді ол біздің өз адамымыз. Оның семьясын біз қорғаймыз. Одан ажырадым дегенді айтпаңыз! Ол, опасыз емес!

Күлән Мұсатайдан құтылудың қиын екенін енді түсініп, қақпанға мықтап түскендей қысылыпты. Одан мүлде суынғанын ашық білдірудің қатерлі болатынын сезіп, жаңағы сөзінен жалтара тұрудың амалына көшіпті:

- Ол жағы маған түсініксіз, қылмысынан арылып, жақсы адам болса, түрмеге неге жатады? Көптен бері менімен кездесуден де шектелді. Түрме басқарушылар кездестірмей қойды... Жақсы адам болса неге олай?!

- Ха - ха - ха... ол, түрмеде емес, өте жақсы қызметте. Ол қызметі біткен соң... сіздің қасыңызға келеді. Түсіндіңіз бе? Оғанға дейін сіз менің қамқорлығымда боласыз... тұрмысыңызға не керек?... Жұңхуа ұлтының барлығы бір семья, не керек болса, тартынбай айтып тұрыңыз маған... тұрмысыңыз қандай?

- Тұрмысым жақсы, ешнәрсе керек емес.

- Ха-ха-ха... Күлән жолдас, менен титтей де тартынбаңыз! Сізді мен өте жақсы көріп қалдым, неткен сүйкімді әйелсіз!... Сіз жоғары тұрмысқа лайықсыз, сізге не керек болса, бәрін қамдаймын!

Ху чужаң1 осылай көкіп отырғанда, Күлән өзі естіп-білген талай мәселені, талай ұждансыздықты елестетіп, көз алдынан өткізіп болыпты. Осы сақшыға шпион болған бірнеше әйел барын еститін. Бір-екеуі өзі оқыған мектепті бұрынырақ бітіріп шыққан таныс қыздар еді. Олар күндіз дем алып, түн бойы осы чужаңның сайранында болады екен. Таң бозара жеңіл машинамен мас қайтып, өз үйлері тұратын аулалардың қақпалары ашылғанша босағада сұлап жатқандарын да естіпті. «Сол өсектерде айтылатын атышулы төсек міне, керме шымылдықпен қоршалып тұрмай ма!»... Осыларды ойлай отырып Күлән тітірене жауап қайырыпты:

- Мұндай сөзді маған айтушы болмаңыз, мен сіз білетін «сүйкімді» әйелдерге тіпті де ұқсамаймын және маған ешнәрсе керек емес!

- Ха-ха-ха... бұл сіз айтуға лайық емес жауап. Менен ешқандай жамандық көрмейсіз,- деп чужаң үстел үстіндегі америка вискиінен екі рюмкаға құйыпты. Сіз санминжуийді сүйесіз бе?

Бұл тажалдың алдында «сүймеймін» дей алсын ба:

- Әрине, сүйемін,- депті Күлән.

- Жұңхуа Мингоны қорғайсыз ба?

- Қорғаймын.

Чужаң екі рюмканы екі қолына ұстап, Күләннің алдына келіпті.

- Келіңіз онда, екеуміз бір тілектің адамы екенбіз, осы сөзіңіз үшін ішелік!

- Мен ішпеймін, рахмет!- деп Күлән орнынан тұрып бас иіпті. - Мен ешқандай жағдайда да ішпеймін!

- Ендеше сіз үшін мен ішейін,- деп чужаң екі рюмканы да өзі қағып алып, Күләннің қатарындағы кең креслоға шалқалай түсіпті, - Санминжуийді сүйсеңіз мені де сүюге, Жұңхуа Мингоны қорғасаңыз Синжяңда алдымен мені қорғауға міндеттісіз! Солай емес пе?

- Солай... мен Санминжуийдің «халықтық құқық мұратын» өте сүйемін. Ол Жұңхуа Мингоның әрбір азаматының құқығын қорғайды.

- Мені қалай көресіз?

- Сіз - сол мұратты қорғауға ең борышты чужаңсыз.

Хугожынның қанды көзі бағжаң ете түссе де күлген болыпты:

- Ха-ха-ха... дұрыс, дұрыс! Менің қасыма отыруға құқықтысыз, мен сіздей жүрегі бар әйелді сүюге құқықтымын. Солай емес пе, келіңіз!

- Мен өзіңіз жақсы көріп зор міндет артқан адамның қалыңдығымын ғой. Ешқай жақсы кісі өзінің жақсы көрген қызметтесіне опасыздық еткен емес. Егер оған опасыздық етсеңіз, сіздің оны жақсы деп бағалауыңыз жалған. Олай болғанда мен одан да, оның қожайыны - сізден де безуге құқықтымын. Мұны мен Жушауляң слиңның1 алдында баяндауға да құқықтымын.

- Ха-ха-ха... әзілдесуге татитын әйел екенсіз... жақсы. Солайда, сіздей сұлуды сүймеуге еркім жоқ қой!... Азаматтық міндет бір басқа да, жүрек бір басқа болады. Бар адамда да сондай, солай емес пе?!

- Адамның жүрегі қалай қойса солай тұра қалатын ойыншық емес,- деп кідірген Күлән дәл қазір ашық тойтарыс жасаса, бұл қабанның зорлық күшке кеткелі тұрғанын сезіп, ойланып қойған бір сылтауын айтыпты. Чужаң, бүгін сізді көргеніме қуаныштымын. Менің шешем қатты науқас, қайтамын, рұқсат етсеңіз.

- Не ауру?

Күлән чужаңды өзінен жирендіретін аурудың атын атауға ұялғанси, тұқыра қайтарыпты жауабын:

- Сиплс... мен туылғаннан бар, ескі ауру екен. Ана жылдар емделіп, жазылғандай көрінген соң дәрісін тоқтатып қойып еді. Енді тіпті күшейіп кетті. Кеште қиналады. Тез қайтып жетуім керек!

- А-а-а... мақұл, сізді менің машинам апарып қояды. Күлән жолдас, мен сізге Мұсатайды ұмытпауды тапсыруға шақырғанмын. Ол - біздің ең жақсы азамат. Қызметі бітісімен қайтып келеді. Сіздің тойыңызды мен жасап беремін. Тұрмысыңызда қиыншылық болса, маған келіп айтып тұрыңыз. Біз мұнан соң бір семьяның мүшелері сияқты боламыз. Бірақ бұл байланысымызды ешкімге, тіпті шешеңізге де білдірмейсіз!... Егер біреуге айтып қойсаңыз, үлкен жазаға ұшырап қаласыз, ұқтыңыз ба? Сіз мұнан соң өзіңізді Жұңхуа Мингоны қорғауға әрқашан дайын тұратын, шын берілген азаматша деп біліңіз! Мұсатайдың семьясы сондай бақытты семья болуға тиісті! Қалған істі кейін сөйлесеміз!...

Хугожын бұл рет осыны айтып шығарыпты да, үш-төрт күн өткен соңғы бір кеште тағы шақыртыпты. Машина келгенін білісімен көрпе жамылып, жата қалған Күлән, «ауырып» жатқанын айтып, бармай қалған екен. Ертеңіне кеште шақырушы шофер тағы келіп, чужаңның хатын ұсыныпты. «Дереу келіңіз, өзіміздің дәрігерге емдетемін, тез жазыласыз!» деген сөз екен.

- Рахмет айтты деңіз,- депті Күлән, - дәріленіп жатырмын, соны байқайын. Жазылмасам өзім-ақ барамын...

Бұдан соң аурудың сылтау бола алмайтынын білген Күлән, бауырын күзетке қойып, қақпа алдына машина келгенде-ақ бөтен киіммен үйінен шығып кететін иә жасырынатын болыпты.

Күләннің Нұрия екеумізді құттықтай отырып, «басыма түскен өкініш» дегені осы екен. «Өкініш қана емес, үлкен қырсық» деп түсіндім мен.

Пъеса сахнаға қойылатын күні түсте үйіне бір кіргенімде Мұсатаймен байланысының енді қалай болатынын сұрадым өзінен.

- «Доңызға ерген балшыққа аунайды» деген мақал бар ғой. Қайтсем де енді ере қоймаспын... Мына түсірген құйынан құтылсам, өзінен құтылу қиын емес қой,- деп күрсінді. Бәрінен қиыны Хугожыннан құтылу сияқты. Ол мені таппай қоймайды ғой. Аңдушыны шұбыртып-ақ қойған шығар қазір!... Шпиондыққа тартса, не десем болар екен?

- Тапсырғанын мүлде орындамай таста,- дедім мен, - бір дәніктіріп алсаң, Мұсатайдың өзіне айналғаның.

Бір жағымда отырған Нұрия бұл сөзімді бас изеп құптады да, Күлән қарсы сұрау қоя күлімсіреді:

- Саясатына қарсы болып ашық көрініп қалмаймын ба?

- Өзіңше қалай еткің келеді?

- Құрғақ емізік берсем қайтеді?

- Хуың оған алдана қоятын кішкене бала емес шығар... Мен өзім осы саясатын емгім де, емізгім де келмейді.

Бұл сөзіме келгенде жатып атар күлкісімен сық ете түсті Күлән:

- Күйеужан, саясат дегенді бүкіл ұстазыңа, барлық сабақтасыңа емізгеніңді ұмыттың ба? Сіңіліммен қазіргі отырысың ненің күші?... Класыңдағы өтірік төбелес пен мына пъесаң қалай шықты?!

- Бұлар шпиондық емізік емес шығар?

- Бәрі бір емізік, бір саясат, сенің сол саясаттарың ойға орала береді... Ал, кейеужан, осы оқиғаны Нұрияш, Ақылбай үшеуің ғана естідіңдер, басқа ешкім естімесін.

Осыны айтты да Күлән ауыз үйге шығып кетті.

- Бұл Ақылбаймен сырлас,- деді Нұрия менің иығыма басын сүйеп.

-       Бәсе, әлгі «саясат» соның ақылы екен ғой?- дей құштақтадым. Гоминданға мүше болуда Ақылбайдың маған айтқан сол іспеттес ақылы есіме түсе қалып еді.

- Екеуі көңілдес пе?

- Иә, бірақ, Күлән сөз бермей жүрген сияқты, «мына пәледен құтылмай уағда бермеймін» дейді.

- Мұсатаймен байланысын Ақылбай біле ме екен?

- Біледі дейді,- деп күліп жіберген Нұрия бетін менің омырауыма басты.

- Неге күлдің?

- Ойламай күліппін, мұндайға күлуге болмайды... Бүгін кеште ойындарыңа келгеніммен сені көре алмайтын сияқтымын ғой, иә?...

Екеуміз бір мезет үнсіз жабысып қалыппыз. Нұрия алқына жалғастырды сөзін.

- Кәмен соңымнан әлі қалмай жүр, қасыңа бармасам бармай-ақ қояйын, сен үшін бәріне шыдаймын. Сен де шыда!...

Тағы да бірдем тына жабысып алып, құшақ жаздық.

- Қайтып кетейін бе?- деп сұрандым мен. Нұрия оған жауап айтпай, басқа сөзге көшті:

- Жаңа Күләнға: «сақшы тапсырмасын мүлде орындама» дегеніңе өте разы болдым. Бір беттілік жақсы ғой.

- Ақылбай аса ақылды жігіт, Күлән өз теңін енді тапқан екен... Әлгі «құрғақ емізік» соның айтқаны болса, мүмкін дұрыс та шығар. Бірақ, мен де бірбеткейлікті сүйемін!...

Құдіретті тергеушім, Гоминдан мен сіздің Гуңшандаң өліспей беріспейтін қарама-қарсы екі партия емес; мәнсапқорлардың жеке мүдделерімен ғана қан төгісіп, екі атпен аталып жүрген бір партия екендіктеріңізді бас ұрандарыңыздың бірлігінен ғана танитынмын. (Гоминдан «дүниенің ұлы бірлігі» деп, сіздер «коммунизм» деп ұрандағандарыңызбен екеуі бір мағынадағы «дүниені басып алу» сынды бір ғана ұран ғой). Екеуіңіздің де өкпелеріңіздің бірдей зор ұлтшылдықпен қабынатындығы да сол бірліктеріңізді түсіндірмей ме?

Кітабымның осы тарауында әшкереленген Гоминданның сақшы бастығы Хугожыңның қолындағы тұтқындары мен олардың әйелдеріне жүргізген саясатынан екеуіңіздің ұп-ұқсас қылмыс тәңірлері екендіктеріңіз анықталды. Мәселен, ойы түгіл түсінде көрмеген қорқынышты қылмыс жасап шығып, Мұсатай сияқтыларды сол қылмысқа қинап мойындатып алып, жан түршігерлік қылмысты іс істету, әйелдерін ерлері жөнінен жалынышты етіп, көңіл ашар ретінде қорлық-күңдікке салу, ол жауыздың әдеттегі ермегі болыпты.

Ал, сіздерде ондай ермектің алуан түрлісі жетіліп, өтіліп жатпай ма! (Көсемдеріңіздің «мылтықтан әкімшілік жаралады» дегендегісі осындай шегіне жеткен зұлым арман екен ғой). Қазір бір миллиард екі жүз миллион халықты тонап-бұлай, ыңғай бомбы-аэроплан, танкы сатып алып жатқандықтарыңыздан сұмдықтың енді қандай кереметін көрсетпек екендіктеріңіз белгілі болып жатыр-ау!... Қылмыс тәңірлері жаратқан қылмыстардан Қытай аспаны қуырылып, жершары шіріп, сасып, тіршілік тынысы буылып барады?

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Дутұң (қытайша) - уәли (аймақ бастығы)

* Гоминданның саяси өкілдері «жолдас» деген атауды қолдана беретін.

1 Чужаң (ханзуша) - басқарма бастығы.

1 Слиң (ханзуша) - қолбасшы.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502