Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2518 0 пікір 17 Сәуір, 2012 сағат 05:37

Нұрлан қажы Байжігітұлы. Уақытын шайтанға берген азаматтар арамызда баршылық

Бисмиллахир - рахманир - рахим!

Бисмиллахир - рахманир - рахим!

«Алла тағаланың жер, көктегі нәрселерді біліп, басқарып тұратынын білмейсің бе? Шексіз бұлар Кітапта жазылған. Оны білу - Алла тағалаға оңай» деген «Хаж» сүресінің 70 - ші аяты бар. Жанымызды уысында ұстаған Жаратқанның Ләухулмахфузына жазған қайбір тағдырына болмасын басымызды изеп, оның ауыр тұстарына көнемізде, бар құштарымызбен осы өмірге сұранады екенбіз. Сонда Жаратқанның төккен мейірімі соншалықты, тап - таза жақұт күйдегі жан мен тәнді тәй-тәйләтіп, үлкен өмірдің есігінен кіргізеді. Негізінде, шынайы иманмен өмір сүре білген адам өмірдің ащысын сезбей өтеді, қаттысы жұмсақ, ауыры жеңіл. Бір қызығы, қияметте Алла тағала өмірдің бар жақсылығымен үлде мен бүлдеге оранған адамға жәннет жақсылығының бір шетін көрсеткенде, ол адам өзінің жалған өмірде ешқандай жақсылық көрмегендігін мойындайды екен. Ал бұ жалғанда бейнет көрген адамға тозақ қиыншылығын көрсеткенде, ол адам Жаратқанға жалбарына дүниеде  рахат өмір сүргендігін айтады екен. Сол сияқты, дүние деген таразының тасындай алма - кезек. Өмір өте қымбат уақыттан тұратын үлкен аялдамадағы сабырдың уақытша тұрағы. Оның тық - тық еткен сағатының тіліне сабырлы бола білсең ғана, төзіп жеңіске жетесің. Әлбетте, оған асқан төзім мен қажыр қажет. Дегенмен, өмірінің заңын өзі құрып, «Берсе қолынан, бермесе жолынан, маған бәрібір» дейтіндер, қазақ айтқандай «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүретін пенделер де бар. Көкейімде «Тегінде Жаратушыға бәрібір болса, олар қалай болар еді?» деген сұрақ тұрады.

Жаман істер өмірді қысқартады, жақсы істер берекетпен ғұмырды ұзартады. Сондықтан, ондай ат үсті ойынан ұтылмаса, ешқашан дүниеден олар ұтпайды. Жеңіл өмірді қолымен уақытша құрғанымен, алдында оның ауыр жүгі бар. Қайткен күнде де тіршіліктен тынысын айырмаған адам оның ауыртпалығына кезігеді, жеңілдігін күтеді. Ал өз дегеніндей «ауырдың үстінен, жеңілдің астынан»  өту еш пендеге ешқашан берілмеген. Сондықтан, бұ дүниенің дөңгеленген заңдылығын бұзбау әр мұсылманның міндеті.

Бүгінде «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген екен хакім атамыз Абай.  Абай атамыздың сондағы айтқан еңбегі бүгін қандай күйде, біз соған көңіл бөлдік пе? Бұлай дейтінім, қазіргі таңда жұмыстың сан түрі бар. Құмырсқаның тірлігі болса да, екі қолға бір жұмыс әр бұрыштан табылады. Бұрыңғыдай «Қолыңда бір жапырақ қағазың болмаса, еш жерге ілінбейсің» дейтіндей, уайым жоқ. Әрине, ол өмірлік жолдаманың орны бөлек. Дегенмен, еңбектің адамзатқа берер пайдасы мол. Еңбек тынымсыз тірлік болғанымен, оның қоғамға, халыққа, отбасыға, жеке адамзатқа беретін қасиеті - үміт, келешек, мирас. Әрине, бұл қасиеттерді тудыртатын адам. Ал сол адам еңбекті дүниеге адал жолмен әкелмесе, адам тағдырындай оның да өмір жолы бұзылады, кірленеді, ластанады. Немесе терлеп тапқан табыстың көзі ашық болғанымен, жабық яғни қисыны келмеген арзан дүниемен әр жерде қалады. Бүгінде, сол еңбектің «жүрегін» жылататын жайттар көп. Соның бірі -- қазіргі мұсылман ер азаматының жұмыссыздыққа салынғаны. Біреулері таңның атысы, кештің батысы теледидар алдында. Біреулері денсаулығының кішкене кінәраттын сылтауратып, мүгедек атанғанымен, көше кезуден шаршамайды. Біреулері   араққа салынып отбасын ойран етіп жүр. Жұмыссыздардың бар ойлап тапқан жеңіл тірлігі ұрлық - қарлық,  алып - сату, сұрау,  карта ойыны және т.б. Ең сорақысы, біреуді мәдени түрде арбаға жегіп, қалтасындағы ақшасын сусыз өсіріп, өздері үйінде жатқандар. Бұлардың бәрі зеріккеннен жалқау болып, еріншектіктің салдарынан ерік- жігерін құрдым еткендер. Ал, отбасы нәпақасын жинап, ерінің ырзығын ошағына ырыс етуге тиіс әйел заты бүгін түзде, ат үсті қызметте, күрекпен табыс табуда.

Қазір әкені тыңдайтын бала қалған жоқ тәрізді. «Өзім білемнің» арты өзгенің өзегі болды. Сонда, керегелі шаңырақты шайқалтпай, тік көтере ұстаған бабамыздың рухын бүгінгі ер азаматтар жоғалтып алғаны ма? Әрине, бұл барша мұсылманға шашылған күл емес. Десек те,  уақытын шайтанға тұтқынға берген мұсылман азаматтар арамызда баршылық. Олар бүгіннің зары, ал ертеңгі келешек ше, бүгіннен туған баланың ертеңі қандай болмақ? «Алик - малик - шарик» деп, бастан құндыз бөрік ұрлағанның заманы өткен. Алайда, еліміздегі  мешіттерді аралап, білегін сыбана өтірік көлгірситін мұсылман ері мен әйелдері шықты қазір. Жалған жағдайын жайып салғанда,  ет жүрегің езіліп барыңды алдына тосасың. Сөйтіп отырып, көзіңді ала бере қалтаңды сыпырып кетеді. Мешітке именбей кіріп, «Мен мүсәпірмін, менің күнім нашар, маған жәрдем беруге тиістісіз» дейтіндердің көзіне тіктеп қарасаң да, ұяттың ұшқыны жоқ. Неге? Өйткені,  ар - ұяттың өзі сол адамнан безе қашқан секілді. Сонда, мұсылман қауымының ниеті осыншалықты неге бұзылып кеткен деп күрсінесің. Абылай ханының түсіндегі жолбарысы  қасқырға, қасқыры түлкіге, кейінгілері бақа - шаян мен құрт - құмырсқаға айналған ұрпағын жорыған Бұхар жыраудың айтқандары келгендей ме бүгін деп және уайымға батасың.  Дегенмен, екі дүние де бір Алланікі. Ал әрбір қасиетті ошақтың әулие әкесі мен анасы болып отырған жандарға айтарым, ұл не қызыңыз сыпырғыш алып еңкейіп жер сыпырғаннан, белі өмірлікке бүгіліп қалмайды, оларды адал еңбекке тәрбиелеуіміз керек. Сонау дүркіреген Кеңес үкіметінің берген бір жақсылығы сол, бүкіл қоғам еңбекте болатын. Ол кезеңде Абай атамыздың сөзін жарқын жүзбен айтушы едік. Осы сөзімізге орай ғалымдардың  аузындағы бір мысалды айта кеткенім орынды болар.

Бір патша өзінің уәзірлерімен емес, үнемі бір қойшысымен ғана кеңеседі екен. Патшаның бұл ісін уәзірлері жақтырмайтын. Сондығынан болар, бір күні патша уәзірлері мен қойшысын сынға алыпты. Бәрін жиып алып, қолдарына бір-бірден алтын ұстатып, оны ортадағы жанған отқа тастауды бұйырады. Сонда, уәзірлер арасынан тек қойшы ғана алтынды отқа ойланбастан лақтырады. Бұл ісін көрген уәзірлер қойшыны мысқылдап «Алтынның қадірін қойшы қайдан білсін?» депті. Қойшы болса, «Бұл алтыннан маған патшамның әмірі артық» деп, бәрінің мысын басыпты. Келесі күні патшаның келесі сынағы болып, бәріне шикі алма беріледі. Бұл алманың шикілігіне тістері батпаған әрі ешқашан шикі алма жемеген уәзірлері оны лақтыра бастайды. Ал қойшы болса, алманың шикілігіне қарамастан, оны құмарлана жепті. Уәзірлері болса «Бишара, алма көрмеген қойшы ғой» деп, тағы мысқылдапты. Сонда қойшы «Ардақты хан ием! Сіз әрдайым маған піскен де тәтті алма бересіз. Ал бүгін бір рет болса да шикі алма бердіңіз. Мен оның шикілігіне қарап, жемей тастасам, сізге деген құрметім жойылып, қанағаттықтан кетпеймін бе?» деп, тағы да бәрінің мысын басқан екен.  Міне, осы мысалдағы патша Жаратқан Алла. Ал уәзірлер мен қойшы қанағатты және қанағатсыз пенделер. (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздан келген бір ұзақ хадисте «...Менің үмбетімнің жауыздары байлық ішінде туылады, байлық ішінде өседі. Сөзді ұстарып сөйлейді...» яғни еш қиындық көрместен, жалқау болып тәрбиеленеді деген сөз. Адам қандай болса да, бір істің маманы болуы керек. Дәуіт (ғ.с.) пайғамбарымыз да темір ұстасы болғаны белгілі. Қазіргі уақытта көп адам осы жеңіл жолмен тез баюға әуес. Қажырлана жұмыс істеп, тер төгіп еңбектенуден қашады. Біле білсеңіздер, бұл мұсылманға жат қылық. Халқымыз «Жақсыға жақсылық істесең, есінен кетпейді. Жаманға жақсылық істесең, есігіңнен кетпейді» деген.   Ал сол жақсылық істеген адам егер де қарыз бермесе, қарғыс тілейтіндер жиі кездеседі. Онымен қоса, алған қарызын уақытымен бермей, әр түрлі өтірік сылтау құрып, жүзінің арын төгіп, одан әрісінде бермей, ағайын мен елден безіп, тіпті басқа елге қашатындар да бар. Ал бұл істер шынайы мұсылманның амалына жата ма? «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» дей келе, елімнің иманды да адамгершілік қасиеттегі перзенттері жұмыстың түріне қарамай арланбай еңбектенсін. Тіпті, асханада  даяшысы болса да «Мен мұсылманға қызмет жасап жатырмын» деген үкілі үміті болсын. Еңбектің есесі зейнет болса, сол зейнеттің шарапатын дүниеде немесе қияметте көреріміз ақиқат. Ұрпағымызды еңбекпен ризық табу жолына тәрбиелейік, ағайындар. Әумин!

Нұрлан қажы Байжігітұлы Асанов

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Өскемен аймақтық өкіл имамы

«Абай-ақпарат»

0 пікір