Зікірия Жандарбек. Қазақ ауыз әдебиетіндегі тарих
Қазақ халқының дәстүрлі тарихи жады оның шежірелері мен батырлық жырларында, киелі аңыздары мен діни дастандарында сақталған және халық сол тарихты өзінің шынайы тарихы деп білді, өз ұрпағын сол рухта тәрбиеледі. Қазақтың өзі туралы өзгелер жазған тарихтан хабары болған жоқ. Хабары болса да мойындаған жоқ. Және қазақ өз тарихын көзінің қарашығындай сақтады. Оны қазақ даласына таралған мына аталы сөздерден көруге болады: «Тегін білмеген тексіз.», «Жеті атасын білген ер, жеті елдің қамын жер.» Бұл сөздердің астарында ауыр салмақ жатқанын аңғару қиы емес. Қазақтың осы қасиетін этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек былай бағалайды: «Қазақтың шежірешілдігін, дәлірек айтсақ, қазақтың тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге болады. Бұл, әрине, ерекше жаралғандықтан немесе артта қалғандықтан емес. Қазақ халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігімен, ең алдымен, оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салты болуымен салыстырған жөн» [1, 31 б.] Демек, қазақ халқы өзінің тарихи жадына сергек қарады, көзінің қарашығындай сақтай білді. Сырт көз қазақтың төл тарихи жадының қадір-қасиетін сезінбегенімен қазақтың осы қасиеті ұланғайыр далада шашырап жатқан халықтың рухани, мәдени тұтастығының кепілі болды. Себебі, бұл шежірелер мен аңыздарда, батырлық жырлар мен діни дастандарда өзгелер сезіне бермейтін халықтың рухани тұтастығының негізі жатты.
Қазақ халқының дәстүрлі тарихи жады оның шежірелері мен батырлық жырларында, киелі аңыздары мен діни дастандарында сақталған және халық сол тарихты өзінің шынайы тарихы деп білді, өз ұрпағын сол рухта тәрбиеледі. Қазақтың өзі туралы өзгелер жазған тарихтан хабары болған жоқ. Хабары болса да мойындаған жоқ. Және қазақ өз тарихын көзінің қарашығындай сақтады. Оны қазақ даласына таралған мына аталы сөздерден көруге болады: «Тегін білмеген тексіз.», «Жеті атасын білген ер, жеті елдің қамын жер.» Бұл сөздердің астарында ауыр салмақ жатқанын аңғару қиы емес. Қазақтың осы қасиетін этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек былай бағалайды: «Қазақтың шежірешілдігін, дәлірек айтсақ, қазақтың тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге болады. Бұл, әрине, ерекше жаралғандықтан немесе артта қалғандықтан емес. Қазақ халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігімен, ең алдымен, оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салты болуымен салыстырған жөн» [1, 31 б.] Демек, қазақ халқы өзінің тарихи жадына сергек қарады, көзінің қарашығындай сақтай білді. Сырт көз қазақтың төл тарихи жадының қадір-қасиетін сезінбегенімен қазақтың осы қасиеті ұланғайыр далада шашырап жатқан халықтың рухани, мәдени тұтастығының кепілі болды. Себебі, бұл шежірелер мен аңыздарда, батырлық жырлар мен діни дастандарда өзгелер сезіне бермейтін халықтың рухани тұтастығының негізі жатты. Қазақ халқының осы қасиеті туралы Шоқан Уәлиханов таңдана отырып былай деп жазған болатын: «Қазақ өзінің көне аңыздары мен сенім-нанымдарын қайран қаларлықтай тазалықта сақтай білген. Одан да өткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы, әсіресе, өлең-жырлар еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатынын қайтерсіз. Көшпелі, сауатсыз ордадағы ауызша тараған үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық»*[2, с. 390* Сілтеме А. Сейдімбек аудармасында беріліп отыр]. Бұл айтылғандар қазақ халқының тарихи жады сақталған ауыз әдебиеті үлгілерінің қаншалықты маңызы барлығын көрсетеді. Бар тарихы ауыз әдебиеті үлгілерінде сақталған қазақ түгіл, жазба тарихы бар халықтардың өзі ауызша тараған тарихи аңыздардың маңызы жоғары екендігін жазады. Мысалы, ағылшын зерттеушісі Пол Томсон жазба, құжатты тарихтың да өзіндік кемшілігі болатынын атап көрсетеді. Ол ауызша тарихтың маңызы жөнінде былай дейді: «Ауызша тарих түбегейлі өзгерістердің құралы болмауы мүмкін; алайда бәрі оның қолданылуына байланысты. Соған қарамастан, ауызша тарих тарихтың мәні мен маңызын, сонымен бірге мақсатын да өзгертуі мүмкін. Ауызша тарих көмегімен тарих ғылымының зерттеу тәсілін өзгертуге, оқытушы мен оқушы, аға ұрпақ пен жастар арасындағы кедергілерді, білім беру орындары мен сыртқы әлем арасындағы алшақтықты жойып, барынша ашық айтуға мүмкіндік береді». [3, с. 15]. Демек, тарихты тек жазба тарихи деректерді негізге алып жазуға болмайды екен. Өйткені, жазба тарих өмір шындығын бір жақты көрсетіп, тарихи үдерістердің бар шындығын ашуға мүмкіндік бермейді. Ол туралы П. Томсон не дейді? Тағы да соған жүгініп көрейік. Ол: «XX ғасырға дейін тарих ғылымының негізгі нысанасы бірінші кезекте саясат болды. Бұл билік үшін күрестің құжаттық тұрғыдан қайта қалпына келтірілуі еді. Онда жай адамдардың өміріне немесе экономикаға, дінге аз көңіл бөлінетін... Тарихи кезеңдер патшалықтар мен билеуші әулеттер билеген кезеңімен өлшенетін» [3, с. 15], - дейді. Әрине, тарих ғылымы билік үшін күрестің немесе билеуші әулет өкілдерінің таққа келіп кетуін есепке алып отыратын жылнама болуы тиіс емес. Мұндай бағытта жазылған тарих қоғамның рухани сұранысын қанағаттандыра алмайды және ол тарих сол дәуірде ғана өмір сүріп, одан кейінгі кезеңнің талқысына түседі. Бұл тарих ғылымының бір жақты болмауы керектігін көрсетеді.
Кеңес өкіметі кезіндегі жазылған ресми тарих пен халық жадында сақталған оқиғалар тізбегін салыстырып көрер болсақ, онда шын тарихтың қайсы екенін халық аңғарар еді. Мысалы, Созақ көтерілісі туралы жазылған ресми тарих пен халық жадында сақталған деректерді салыстырсақ, екеуінің арасында қаншалықты алшақтық бар екенін байқаған болар едік. Сондай-ақ, 1932 жылғы ашаршылық туралы ресми тарих пен халық жадында сақталған деректер арасында үлкен сәйкессіздік бар. Демек, бұл тарих ғылымы өзінің түпкі мақсатына жету үшін қоғамды құрайтын барлық әлеуметтік қатпарлардың (топтардың) барлығының белгілі тарихи кезең туралы көзқарасы ескерілуі қажет екендігін білдіреді. Ортағасырлық тарихты зерттеуде халық ауыз әдебиеті үлгілері пайдаланылып келе жатқанына да аз уақыт болған жоқ. Әрине, ауыз әдебиеті үлгілері тарихшы-этнограф ғалымдар тарапынан кеңінен қолданылып келеді. Олар әр халықтың шығу тегіне талдау жасарда міндетті түрде халықтың ауыз әдебиеті үлгілері мен шежірелеріне баса мән береді. Ресейлік ғалым-этнограф Л. С. Толстова халықтың шығу тегіне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін әртүрлі ғылым салаларын қатар пайдаланып, зерттеуді кешенді түрде жүргізсе ғана оң нәтиже беретінін айтып, ғылымның мына салалары толық қамтылуы тиіс деп есептейді. Олар: археология, этнография, антропология, деректану, тіл білімі, ономастика және тарихи ауыз әдебиеті үлгілері [4, с. 4]. Егерде халықтың шығу тегін анықтауда ауыз әдебиеті үлгілерін пайдалану мүмкін болатын болса, онда неге ауыз әдебиеті үлгілері сол халықтың тарихын жазуда пайдалануға болмайды деген заңды сұрақ туары анық. Тарихи аңыздар мен батырлық жырлар, шежірелер текке пайда болған жоқ қой. Олардың белгілі бір тарихи оқиғаларға қатысты шыққаны анық. Кейде осы тарихи ауыз әдебиеті үлгілері тарих ғылымының шешілмей тұрған мәселелерін шешіп беретін кезі де аз емес. Ол туралы жоғарыда еңбегіне сілтеме жасаған Л.С.Толстова былай дейді: «Между тем анализ данных исторического фольклора - на фоне материалов смежных дисциплин - может быть порой весьма плодотворным для разрешения тех или иных спорных вопросов этногенеза и реконструкции ранней этнической истории народов, поскольку и в фольклорных материалах нашли отражение исторические судьбы этносов, их возникновение, развитие и трансформация» [4, с. 5]. Бұл тарихи ауыз әдебиеті үлгілерінің тарих ғылымында шешуші фактор болу мүмкіндігі бар бар екендігін көрсетеді. Бірақ, «Ауыз әдебиеті үлгілерін тарих ғылымының қажетіне қалай пайдалануға болады және оның жолдары қандай?» - деген заңды сұрақ туындары анық. Тарихи ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеудің білгірі В. М. Абаев ауыз әдебиеті үлгілеріндегі тарихи деректерді пайдалану жолдары туралы былай дейді: «Для того, чтобы извлечь из народной песни и легенды историческую правду, надо уметь понимать ... бесхитростный язык предания. Особеность этого языка заключается в том, что он передает историю не в форме последовательного логичского изложеия событий, а в хужожественых образах и обобщениях. Нужно эти образы расшифровать, чтобы увидеть скрытую за ними историческую реальность»[4, сс. 8-9]. Демек, тарихи ауыз әдебиеті үлгілерін тарих ғылымы қажетіне жарату үшін жоғарыда айтылған шарттарды меңгеру керек. Оны меңгеру үшін аңыздар мен батырлар жыры, шежірелердің шыққан кезеңі мен сол дәуірдегі діни, рухани, саяси үдерістерді анықтау қажеттігі туады. Сонда ғана аңыздар мен батырлар жырларындағы, шежірелердегі тарихи деректер өз құпиясын ашып, тарихи дерек ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Өкінішке орай, қазақтың тарих ғылымы мұндай ауыз әдебиеті үлгілерін пайдалану тәсілдерін әлі толық меңгерген жоқ. Ауыз әдебиеті үлгілеріне деректанулық тұрғыдан талдау жасалынбастан сол күйінде пайдалану мысалдары бар. Соңғы жылдары қазақ тарихшылары тарапынан ұлттық тарихты қайта жазуға ұмтылыс, жазылған еңбектерінде ауыз әдебиеті үлгілерін тарихи дерек ретінде пайдалану мысалдары бар. Сол еңбектердің біразы Е. Масанов, Ж. Абылғожин, И. Ерофеевалар тарапынан қатты сынға алынып, қазақ тарихшыларының жіберген қателіктері көрсетіліп, арнайы кітап та жазылды. Кітап «Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана» [5] деп аталады. Бұл кітапта айтылған сынның дұрысы да, бұрысы да бар. Ол айтылған сындарға талдау жасай отырып, дұрысын «дұрыс» деп қабылдап, жіберген қателіктерді жөндеп, сыннан тиісті қорытынды шығарылуы керек. Мысалы, осы кітапта айтылған И.Ерофееваның мына сыни пікірі ескеруге тұрарлық. Ол былай дейді: «Следует особо отметить, что источниковедческое изучение и научно-практическое использование фольклорного жанра исторической информации до сих пор в историографии Казахстана бессистемный и малопродуктивный характер, и в этом отношений работы современных профессиональных историков мало чем отличаются от исторических сочинений дилетантствующих писак-мифотворцев. Большинство авторов различных исследований по истории Казахстана ХVІІІ- середины ХІХ в. практический не владеют методикой компаративного системно-структурного анализа народных преданий, полностью заимствуют приведенные в них исторические версии без всякой внешней и внутренней критики их содержания и установления степени достоверности содержащихся в их фактических сведении на основе сопоставления последних со свидетельствами аутентичных документальных источников и данных так называемого «внешногго знания» (т. е. эмпирических фактов из смежных и естественных наук)»[5, сс. 162-163]. Автордың бұл пікірімен таласу қиын. Мұндағы айтылған сынды түзеу қазақ тарихы ғылымына пайдалы болары анық. Алайда бұл кітапта айтылған сындар ішінде көңілге қонбайтындары да бар екенін айтып өтуге тиіспіз. Әйтседе бұл жерде оған жауап беру біздің мақсатымызға сай келмегендіктен, бұл мәселені кейінге қалдыруды жөн көрдік.
Қазақ халқының тарихи жадын құрайтын ауыз әдебиеті үлгілері: шежірелер, киелі аңыздар, батырлар жыры, жыраулар поэзиясы барлығы бір-бірімен сабақтас, бірін-бірі толықтырып тұратын тарихи деректер жүйесінің әртүрлі бөлшектері. Олар бірінсіз бірі толық мәлімет бере алмайды. Мысалы, шежіре бір өзі нақты дерек көзі бола тұра, осы шежіремен байланысты шыққан аңыздармен бірлікте қарастырылмаса, онда шежіре деректерін пайдалану мүмкін емес. Алайда шежіре - қазақ халқының тарихи жадының негізгі сүйегі. Шежіреге өң беріп, ондағы кісі аттарын тарихи тұлғаларға айналдыратын шежіремен байланыста туған аңыздар мен жыр-дастандар. Егерде шежіре мен тарихи аңыздар, жыр-дастандардағы оқиғалар арасын байланыстыра білсек, онда бір белгілі тарихи кезеңнің суретін аламыз. Ол суреттегі кейіпкерлерді толық қозғалысқа түсіріп, тарихи кезеңнің шындығын ашу үшін сол кезеңдегі діни, рухани үдерістермен бірлікте қарастырылуы қажет. Сонда біз кез-келген тарихи оқиғаның себеп-салдары мен нәтижелеріне толық талдау жасай аламыз. Әрине, зерттеу жұмысы толық, әрі нақты болу үшін шежіредегі немесе аңыздарда айтылатын кісі аттарының, тарихи оқиғалардың қай кезеңге тиіс екенін анықтау үшін ауыз әдебиеті үлгілері жазба деректермен бірлікте зерттелуі керек. Мысалы, шежіренің бір нұсқасында Өзбек хан аты аталады. Алғашқы қадам сол Өзбек ханның қай кезеңде өмір сүргенін, кім болғанын анықтау мәселесінен тұрады. Одан кейін аңыз бен тарихи деректер арасындағы байланыстың шындық деңгейін және аңызда баяндалған оқиға тарихи кезеңді қай тұрғыдан суреттеуге бағытталғанын анықтау мақсаты тұрады. Мысалы, бір оқиға туралы бірнеше аңыз бар. Олардың арасында белгілі алшақтық бар. Егерде осы аңыздарға дұрыс талдау жасалынатын болса, онда бір оқиға бірнеше қырынан баяндалғанын көруге болады. Осы ретте ауыз әдебиеті үлгілерін қарастыру оларды тарихи дерек көзі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауыз әдебиеті үлгілері тек бір халықтың тарихына қатысты деректерді емес, сол халықтың шығу тегіне, туысқан халықтармен арадағы байланысына қатысты мәліметтер бере алатын бірден-бір дерек көзі болып табылады. Біз жоғарыда еңбегіне сілтеме жасаған Л.С.Толстова халықтардың шығу тегіне қатысты ауыз әдебиеті үлгілерінің маңызын былай тұжырымдайды: «Исторический фольклор является одним из существенных источников в деле восстановления этногенеза народов, в прошлом не имевших и почти не имевших письменности , а так же для восстановления тех этапов этногенеза народов, письменные памятники по которым не существовали или не сохранились - наряду с такими источниками как археологические, антропологические, лингвистические в частности онамастические, собственно онамастические. Легенды и предания, родословные, исторические песни и поэмы, эпос вносят существенный вклад в дело выяснения вопросов этногенеза народов, переселений отдельных компонентов, вошедших в их состав, этнокультурных связей с другими народами, взаимоотношений отдельных родо-племенных и этнических групп в составе народов дают материал для толкования и уточнения деталей тех или иных исторических событий, восстановления особенности быта и культуры народов»[4, с. 11]. Бұл жерде ғалым ауыз әдебиеті үлгілерінің тарих ғылымы үшін қаншалықты маңызы барлығын айқын аңғартып отыр. Мысалы, жыраулардан қалған мұраларға зер сала отырып қазақ халқы мен Алтын Орда құрамында болған өзге түркі халықтарының арасындағы байланыс қай дәрежеде болғанын, ол халықтардың этникалық жіктелуге қашан түскенін, оның себептерін анықтауға болады. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет сияқты жыраулар поэзиясы қазақпен қоса татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ, өзбек халықтарына ортақ. Демек, аталған елдер Алтын Орда кезеңінде бір халық ретінде өмір сүрген деп топшылауға болады. Мысалы, Өзбек ханнан бастау алатын шежірелерде Сейілхан, Жайылхан, олардан тарайтын халықтар түгел таратылып беріледі. Ал, Әбілхайырдан таратылатын шежірелерде қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ халықтары көрсетілген және бұлар осы аталған халықтардың этникалық жіктелу кезеңіне сай келеді. Сондықтан, ауыз әдебиеті үлгілері қазақ халқының тарихи жадының негізі деп айтуға болады. Енді сол қазақ халқының тарихи жадының тармақтарына жеке-жеке тоқталып өтелік.
Шежіре адамзат қоғамында қандай роль атқарды деген сұраққа ғалымдар әлі толық жауап бере алған жоқ. Өйткені, шежірені зерттеушілердің шежіренің қай кезеңде түзілгенінен, оның түзілу себептері астарында не жатқанынан хабарсыз болғандықтан шежіренің қоғамдағы нақты қызметі туралы пікірді әлі айта алған жоқ. Әрине, қазақ шежіресіне ден қойып зерттеген ғалымдар, оның қазақ халқы тарихында өзіндік орны бар дерек көзі екендігін толық мойындады. Мысалы, түркі халықтары шежірелерін арнайы зерттеген орыс ғалымы Н.А.Аристов қытай, парсы, түркі жазбаларындағы түркі халықтарының шығуына қатысты деректердің толық еместігін, олардан гөрі әлі көшпелі өмір салтын сақтаған түркі тайпалары арасында таралған шежірелердің тарихи шындықты дәл беретінін айтады[6, с. 7]. Ал, М.Тынышпаев болса, қазақ шежірелерін зерттемей тұрып, қазақ халқының тарихын жазу мүмкін еместігін алға тартады[7, с. 68]. «Қазақ шежіресі хақында» атты зерттеу авторлары; «Шежіре рудың, тайпаның, халықтың тарихының құрамды бөлігі»,- дейді [8, 5 б.]. Осы шежіре туралы айтылған үш пікір де шежіренің халықтың тарихымен байланысты екендігін қуаттайды. Ал, қазақ шежірлері туралы сүбелі еңбек жазып кеткен ғалым-этнограф А.Сейдімбеков болса, «Шежірешілдік - құрғақ хронология немесе адам аттарының жалаң тізімі емес. Қазақ шежіресінің тарихи концепциясы туыстық байланыстарды саралауға негізделген. Демек, туыстық атауларды белгілі дәрежде шежірелік термин десе болады»[1, 39 б.],- деп шежіренің және бір қырын ашады. «Қазақ шежірелері - тарихи дерек көзі ретінде» атты диссертациялық еңбек авторы М.Алпысбес: «Шежіре - қазақ руларының тегі шыққан түркі жұртындағы дәстүрлі мәдениет тудырған әлеуметтік, тарихи білім, генеалогиялық жады сабақтастығы болып табылады. Шежіре ұғымының астарында «тарихи-әлеуметтік жады» түсінігі сақталған. Шежіре дәстүрлі білім құбылысы ретінде табиғи түрде қалыптасып, сан ғасырлар бойы ауыз екі айтып, әңгімелесу мәдениеті жағдайында жетіліп, жалпы әлеуметтік, қоғамдық сипат алып, жалғасып, ұрпақтардың рухани құндылықтары мен халықтың біртұтас этникалық өмір сүру жалғастығын баяндап, ұзақ дәуір бойынан берідегі ұлт тарихының терең тармырын тануға қызмет атқарады»[9, 8 б.], - дейді. Бұл жерде автордың шежіренің қоғамда атқарар қызметінің жан-жақты екендігін көрсетеді. Шежіренің қоғамда атқарар қызметі мұнымен шектелмейді. Мысалы, белгілі ғалым М.Мырзахметов: «Кез-келген қазақ жеті атасын білсе, айтып берсе ешқандай деректерге сүйенбей-ақ, оның қайсы ел, қай жерден шыққанын шежіре білген саңлауы бар қазақ баласы дөп басып, тауып бер алады» [10, 3-5 бб.], - дейді. Демек, әрбір қазақ өз шежіресін білуге тиіс болды. Сол арқылы халық кімнің кім екенін анық білді. Бұл бір жағынан қоғамның әрбір мүшесіне өз шежіресін, тарихын білуді міндеттесе, екінші жағынан қоғамға жат көздің кірмеуін де қадағалады. Осыған байланысты халық арасына тараған мынадай мақал да бар: «Тегін не қу жасырады, не сұм жасырады, не құл жасырады». Бұл мақал шежіренің қазақ қоғамында сан қилы қызмет атқарғандығына тағы бір дәлел. Сондай-ақ қазақта: «Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» деген де мақал бар. Шежіре білу кімнің кімнен тарағанын, кімге барып қосылатынын білу ғана емес, сол жеті атаға дейінгі ата-бабаларының басынан өткерген тарихты толық меңгеру дегенді меңзейді. Басқаша айтқанда, өз халқының өткенінен хабардар адам, оның тағдырына немқұрайды қарай алмайды. Құрбанғали Халидтің «Қазақ насабшылары жүз, екі жүз жылғы істерге таласып отырмайды, уақиға мың жылдан бері болса, ішінде жүргендей біле береді» [11, 56],- деуі қазақ шежіресінің халықтың тарихи жадын сақтаудағы салмағының қаншалықты ауыр екендігін байқатады.
Қазақ шежіресінің қоғамда атқарар қызметінің жан-жақты екендігін жоғарыда айттық. Алайда, шежіренің ортағасырлық түркі мемлекеттерінде (Алтын Орда, Өзбек ұлысы, Қазақ хандығы) мемлекеттің құрылымдық жүйесін реттеуші құрал болғанына көңіл аударылмаған еді. Белгілі этнограф Ж.Артықбаев осы мәселені қозғады. Ол бұл мәселе туралы былай дейді: «Генеологические отношения основыватся на реально действующих родовых связях и иерархии, за которыми зримо вступает само своеобразное государственно-политическое устроиство Казахского ханства... . Иерархическая структура родового устроиства как основа этносоциальной организации казахского общества институционализируется в политическую общность»[8, с. 138]. Демек, қазақтың рулық, тайпалық құрылымдары тек туыстық, қандық жақындықты білдіріп қоймайды, сонымен бірге мемлекеттің құрылымдық жүйесін құрайтын бірліктер болып шығады. Ж.Артықбаев этноәлеуметтік топтың негізі «ата баласы» деп есептейді. «Ата баласын» іштей өз ара жеті атаға дейін қыз алыспайтын қандас ағайындар құрайды. Бұл қоғамның ұйымдасуы негізі қандық, туысқандық қатынастар деңгейінде қалыптасады»- дейді де, ойын былай түйіндейді. «Но, уже следующий уровень родства, выступающая как структурная составляющая этносоциальной организации-род ... является уже единицой политической»[8, с. 139]. Бұл қазақ шежіресінің қоғамда саяси реттеушілік мәні де болғанын көрсетеді. Осы ойды ары қарай дамытпас бұрын мына бір мәселенің басын ашып алуымыз керек.
Қазақ шежіресін зерттеуші ғалымдардың осы күнге дейін жауабын таба алмай келе жатқан екі мәселесі бар. Біріншісі, қазақ шежіресінің ислам дініне қатысы болса, екіншісі, қазақ шежіресінің алғашқы қалыптасу кезеңі. Егерде қазақ шежірелерін зерттеуде осы екі мәселенің басы ашылатын болса, онда шежіредегі ашылмай келе жатқан көп сұрақтың жауабы табылған болар еді. Кеңес өкіметі тұсында шежіре туралы қалам тартқан зерттеуші-ғалымдар қазақ шежірлеріндегі исламға қатысты деректерді қабылдай алмады. Бұл үрдіс Хорезм, Қоқаннан келген қожа, молдалардың шатастыруы деп есептелді. Мысалы, филолог-ғалым Ә.Нұрмағамбетовтың «Сығымдап дәуір келбетін» атты мақаласында мынадай жолдар бар: «Шежіренің басты кемшілігі анық, әрі ашық айтқанда, өрескел өтірігі түркі тектес тайпаларды құлағынан басып ұстаған құлындай шырқырата отырып, Мұхамбет пайғамбар сахабаларының біріне телуден басталады да, тарихта ізі жоқ жадтан жалған жасалған адам аттарымен жалғастырып соңын осы күнгі «қазақ» атты атамызға әкеліп тірейді» [12, 23 б.]. Бұл жерде автордың исламға қарсылығын сол кездегі марксистік танымға сай қалыптасқандығымен байланысты екендігін ескеруіміз керек. Оның үстіне, бұл кісілер шындықты айтқысы келсе де айта алмаған болар еді. Автордың бұлай қателесуінің басты себебі, шежіренің қашан түзілгендігінен, қазірге дейін жеткен қазақ ру, тайпаларының қай кезеңде қалыптасқандығынан, ол кездегі түркі жұртындағы саяси-идеологиялық үдерістерден хабарсыз болуымен байланысты екендігі түсінікті. Академик Ә.Марғұлан болса, қазақ ру, тайпаларының қалыптасу кезеңі мен шежіренің түзілу кезеңін анық байқағанға ұқсайды. Ол кісі қазақ арасына тараған шежіренің «негізі саяси оқиғадан ислам дінін қырға таратудан шыққан» [13]- дейді. Бұл мақалада академик Ә. Марғұлан өз ойын толық ашып айтпағанымен ол кісі қазақтың рулық, тайпалық, жүздік құрылымдарының қай кезеңде қалыптасқандығынан, қазақ шежірелерінің қашан тарих сахнасына шыққанынан хабары болғанын, бірақ, кеңінен таратып айта алмағанын көреміз. Кезінде ол кісі айта алмаған шындық Йасауи жолының таралу тарихына қатысты жүргізілген зерттеу жұмысымызда толығымен анықталды [14 ]. Академик Ә.Марғұлан өз мақаласында осы мәселені тура айтпаса да, ишарамен білдіргені аян. Қазақтың «ислам Өзбектен қалған» деген қария сөзі астарында Өзбек ханның Жошы ұлысында ислам дінін мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеру оқиғасы жатыр. Қазіргі бізге дейін жеткен қазақ халқы құрамындағы рулық, тайпалық жүйелердің қайта топтастырылып, жүздік құрылымдардың қалыптастырылуы ислам дінін мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілгеннен кейінгі мемелекеттің құрылымдық жүйесі. Қазақ шежіресінің алғаш түзілген кезі осы тарихи оқиғамен тікелей байланысты. Осы оқиға түгелімен Өзбек ханнан бастау алатын қазақ шежіресінде айқын көрінеді. Басқаша айтқанда, Өзбек ханнан басталған шежіре осы тарихи оқиғаның бейнелі кестеленген көрінісі. Ислам дінінің қазақ шежіресінен көрініс табуының себептерін осы оқиғадан іздеген жөн. Шежіре Өзбек ханнан басталып, оның үш ұлы Ақарыс, Жанарыс, Бекарыстан қазақтың үш жүзі тарайды да, одан ары қарай тайпа, руға жіктеліп жеке кісіге дейін жетеді. Әрине, бұл жерде Өзбек ханнан басталып, одан үш арыстың таратылуы, олардан ру, тайпа аталарының, олардан жалпы халықтың шығуы көңілге күдік ұялатары анық. Тарихи жазбаларда ешқашан аттары аталмаған үш Арыс кім? Тайпа, ру басындағы кісілер болған ба? - деген заңды сұрақ туындары хақ. Арыстардың да, ру, тайпаға «ата» болып шежіреде аттары аталып жүрген кісі аттары - өмірде болған, сол, ру, тайпалардың қалыптасуына барын салған тарихи тұлғаларға тиесілі екендігіне дау жоқ. Алайда, шежіреде ол тұлғалардың өз аттары емес, бүркеншік аттар берілген. Егерде сол кезең тарихына тереңірек үңіліп, саяси-идеологиялық үдерістерге талдау жасалынар болса, онда ол тұлғалардың кім екендігіне толық көз жеткізуге болады.
Өзбек ханнан соң Алтын Орда мемлекеті ұзақ өмір сүре алған жоқ. Өзбек хан тағына отырған Әз-Жәнібек мемлекеттің діни-идеологиялық саясаты мен мемлекеттің басқару жүйесін толығымен өзгертті. Асан Қайғы бастаған халық Алаша есімді тұлғаны хан көтеріп, Алаш мемлекетін тарих сахнасына шығарды. Бұл оқиға да қазақ шежіресінен орын алды. Қазақтың үшінші шежіресі Әбілхайыр ханнан бастау алады. Бұл шежіре Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейінгі Әбілхайыр хан бастаған Өзбек ұлысының мемлекет есебінде қалыптасуының бейнелі көрінісі. Бұл шежірелерде де үш арыс бар. Бірақ бұл тұлғалар Өзбек хан тұсындағы тұлғалар емес, Алаша хан тұсындағы, Әбілхайыр хан тұсындағы жүздік құрымдардың басшылары. Алаш пен Өзбек ұлысы тұсындағы тарихи оқиғаларға талдау жасалар болса, онда бұл кісілердің өз аттарын анықтауға толық мүмкіндік болады. Демек, бұл қазақ шежіресінің жайдан-жай шықпағанын, қазақ шежіресінің әр түрі белгілі бір тарихи кезеңнің бейнелі кестеленген көріністері екенін білдіреді. Қорыта айтқанда, шежіре - тек рудың, тайпаның, оның құрамындағы жеке кісілердің қайдан шыққанын, кімнен тарағанын білдіретін кесте емес, сонымен бірге, қоғамның әрбір мүшесінің сол ру, тайпаға, жүзге, ең соңында мемлекетке қатысты екендігін білдіретін, сол мемлекеттің құрылымдық жүйесіндегі орнын көрсететін аса күрделі құрлығы (механизм). Шежіре арқылы ел тұтқалары жазу-сызусыз-ақ қоғамдағы әр бір адамның мемлекеттік жүйеге қатысын еш қиындықсыз біліп отырды. Сондықтан да қазақ шежіресінің қоғамда өте күрделі қызметі болды және ол сырт көзге өзінің ішкі құпиясын ешқашан ашқан емес. Сол себепті, қазақ шежіресі бойына соншама тарихи жадты сақтай тұра, шешуі қиын түйінге айналды. Шежірені жанды тарихқа айналдырып, рух беретін қазақ халқының ауыз әдебиетінде, жыр-дастандарда, киелі тарихтар мен аңыздардағы баяндалатын оқиғалар. Егерде шежіре кестесіне осы жыр-дастандардағы, аңыз-әңгімелердегі, киелі тарихтардағы баяндалатын тарихи оқиғалар орын-орынымен қойылатын болса, онда шежіре кестесі жай ағаш емес, миуалы жеміс ағашына айналады. Мысалы, Майқи би мен Алаша ханға қатысты аңыздардың өзі қаншама. Осы аңыздарды Алаша ханнан таратылатын шежіремен бірлікте қарастырылар болса, ешқашан жазба дерек бетіне түспеген, ауыз әдебиеті үлгілерінде ғана сақталған, «Алаш» атты мемлекет туралы нақты мәлімет алуға болады.
Ал, Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет жыраулар шығармаларын тарихи тұрғыдан талдау жасалынса, Алтын Орда мемлекетінің ыдырау себептерін толық ашуға мүмкіндік туады. «Ноғайлы жырлары» деп аталған жырлар топтамасы болса, ХV-ХVІ ғғ. кешегі Алтын Орда сынды мемлекетке тұтқа болған халықтың өз-өзімен қырқысып, өзгеге жем болған қасіретті тарихын баяндайды. Өкінішке орай, бұл тарихтар осы күнге дейін біржақты қарастырылып келді. Бүгін тарих ғылымының сол кемшін тұсын толтырудың сәті түсіп отыр.
Қорыта айтқанда, біз қазақ халқының тарихын зерттеудің методологиялық мәселелеріне арналған ой-пікірімізді тұжырымдай келе, қазақ халқының тарихын зерттеудің өзіндік ерекшеліктері барлығына, оған тек евроцентристік көзқарас пен тарихты зерттеудің материалистік тұрғыдан түсіну атты маркстік методологиялық өлшеммен келіп, қазақ тарихын зерттеу мүмкін еместігіне көз жеткіздік. Өйткені, қазақ халқының ешкімге, керек десе, кеше ғана өзінен бөлініп, жеке этникалық бірліктерге айналған туысқан түркі халықтарына да ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік түркінің өршіл рухын бойына жиған рухани болмысында, рухани болмысының өзегі болған Йасауи жолында еді. Ол ерекшелік ескерілмей жазылған тарихта қазақ халқының бітім-болмысы ешқашан көрінбек емес. Сондықтан біз осы жұмыс барысында осы ерекшеліктің кілтін қайтсек табамыз, қайтіп қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерінде сақталған тарихи жадын қазақ тарих ғылымы кәдесіне жаратамыз деген сұрақтарға жауап іздедік. Осы зерттеу барысында ол сұрақтарға біршама жауап берілген де сияқты. Бірақ бұл тәсіл осы кезге дейінгі жазылған тарих пен тарихи жазба деректерден бас тарту емес, керісінше сол тарихты қазақ халқының тарихи жадында сақталған деректермен байыту, қазақ халқының тарихына жан бітіру, ата баба рухын ояту болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Сейдімбеков А. Тарақты А. Ауызша тарихнама // Қазақ. -Алматы: «Білім», 1994. -Б 31-47.
- Валиханов Ч.Ч. Сборник сочинении в пяти томах. -Алма-Ата: 1961-1972 гг.
3. Томсон Пол. Устная история. -Москва: Издательство «Весь мир», 2003.-368 с.
4. Толстова Л.С. Исторические предания Южного Приаралья. -Москва: «Наука», 1984.
5. Масанов Н. Э., Абылгожин Ж., Ерофеева И. Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. -Алматы: «Дайк -Пресс», 2007. -296 с.
6. Аристов Н. А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведение их чиленности. СПб. 1887.
7. Тынышпаев М. История казахского народа. Учебное пособие. -Алматы: «Санат»,1998. -224 с.
8. Артықбаев Ж.О. Историческое наследие М.Ж.Копеева. Павлодар, 2004. -214 с.
9. Алпысбес М. Қазақ шежіресі тарихи дерек ретінде. Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы: 2007.
10. Мырзахметов М. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі туралы // Құдайбердіұлы Ш. Түрік-қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. -Алматы: «Қазақстан» және «Сана». 1991. -Б 3-5.
11. Халид Қ. Тауарих хамса. -Алматы: Қазақстан, 1992. -304 б.
12. Нұрмағамбетов Сығымдап дәуір келбетін // «Білім және еңбек», №9, 19986. -Б 23-26.
13. Марғұлан Ә. Ғылымға жүгінген жөн / Білім және еңбек», №10, 1969.
«Абай-ақпарат»