Сенбі, 23 Қараша 2024
Әзіл-шыны аралас 4992 15 пікір 15 Сәуір, 2021 сағат 13:25

Жоғары білімді «есек»

Даңғарадай кафенің іші бос. Тек төр жағында зор денелі жалғыз қазақ тамақ ішіп отыр. Алдында графинге құйылған арақ. Киім киісі, түр - пішіні  зиялы қауым өкіліне ұқсайды. Мойнында галстук.

-Інішек,- деді ол,- біздің жоғары биліктегілер жетік білетін «түсінікті» тілде маған қарап, кел, менің қасыма отыр. Серік бол.

-Отырайын, мырза,- дедім мен де оған сол «түсінікті» тілде. Маған тамақ алып келген даяшыға тағы бір рюмка алдырды.

-Ал, інішек,- деді екі рюмкаға арағын құйып болған соң. Шақырғаныма ренжіме. Ара- тұра осы кафеге келіп, «біреу- міреуге» шер тарқатып тұратыным бар.Келіңіз, таныстық үшін алып қояйық.

-Келін бар ма?

-Бар.

-Келіңіз, келін үшін алып қояйық.

-Бала-шаға барма?

-Бар.

-Келіңіз, балалар үшін...

-Қызмет бар ма?

-Бар.

-Келіңіз...Сіз неге ішпей отырсыз?

-Ішіп отырмын. Аздап.

-«Анау» бар ма?

-Бар.

-Келіңіз...

-Ал «анау» ше?

-Бар.

-Келіңіз...

Бұл қашан шерін тарқатар екен деп отырмын. Байқаймын, қатты қызды. Бір сәтте ол маған бажырая қарап тұрып: «Мен жақында жаңа атаққа ие болдым», деді.

-О, құтты болсын, мырза!- дедім мен. Қуанышыңызға ортақпын.

-Бұл өзі бұрын - соңды ешкім алмаған атақ.

-Тіпті керемет екен. Бірінші болып алсаңыз, сіздің оңай адам болмағаныңыз ғой. Атағыңыз абыройыңызды асыра берсін! Ұзағынан болсын!

-Бұл менің әлі ешкімге айтпаған құпиям еді.

-Ол не дегеніңіз, мырза. Халқыңыздан «айқайлап», сүйінші сұрауыңыз керек қой.

-Сіз әлі мән-жайды түсінбей тұрсыз,- деді ол. Бұл атақты айқайлап айтуға болмайды. Сыбырлап қана айту керек. Ешкім естімесін.

-Сонда ол қандай атақ?

-«Өз тілін менсінбейтін құрметті есек құда» деген атақ.

-Астапыралла, не деп тұрсыз?! Сонда осындай атақты Үкімет беріп отыр ма? Сіз не, Үкіметпен құда ма едіңіз? Үкімет «тізімінде» мұндай атақ жоқ сияқты еді ғой.

-Үкімет емес, жақында танысып, табысқан құдаларым беріп отыр. Мен өзі өз тілімде қақпаймын ғой. Ал олар болса, «түсінікті» тілді түсінбейтіндер «ауылынан» екен. Бір жеті құдалықта да, тойда да қазақша бір ауыз сөз айта алмадым.  Өзге тілде «сайрадым» да отырдым. Бұл өзі «қыршаңқы» ауыл екен. Құдаларының, келген қонақтарының мінез-құлқына, түр-пішініне қарап, түрлі «атақтарды» «арқалатып» жібереді екен. Сол құдалықта «Бегемот құда», «Картоп мұрын қайнаға»,  «Шегіртке күйеу» деген сияқты «құрметті атақтары» бар «әпенделермен» таныстым. Ауылдың «Ақсақалдар алқасы» өзара ақылдаса келіп, маған «Өз тілін менсінбейтін құрметті есек құда» деген атақты лайық көріп, «қаулы» шығарыпты. Қазір елімізде «анау» да, «мынау» да «пәленше-түгенше» қаланың «Құрметті азаматы» деген атақтарды таласа «сатып алып» жатыр ғой. Тап сол сияқты. Айырмашылығы мұнда әзірше «тегін».  Сонымен  мен өз тілін менсінбейтін есек болып шыға келдім.

-Қойыңыз мырза,- дедім мен,- сол үшін, өз тіліңізді менсінбейтініңіз үшін есекпін деп тұрсыз ба? Онда тұрған не бар? Өз тілін білмейтіндер, менсінбейтіндер жалғыз сіз емес қой. Бірақ есекпін деп жүрген ешкімді көргенім жоқ.

-Олар есек болмаса да, мен есекпін. «Қаулыда» солай көрсетілген.

-О, не дегеніңіз, мырза? Сіздің оқыған, жоғары білімді адам екеніңіз түріңізден көрініп тұр.

-Мен «қаулыға» сүйеніп, айтып тұрмын. Қаулыда: «Бұл құдамыздың сырты--бүтін, іші - түтін» деп «жазылған». Оның үстіне: «Құдамыздың түр-тұлғасы «кесек», бірақ ішкі дүниесі - есек» деп көрсеткен. Сонда мен жоғары білімді есекпін ғой. Алпысқа келіп қалсам да, өз тілімде сөйлеп көрмеппін.

-Мырза, «Алпыс, алпыс дегенің - талтүс» деген заман ғой қазір. Алпыс деген не тәйірі. Әлі «жассыз» ғой, үйреніп аласыз. Алпыс тұрмақ жетпіс, тіпті сексеннен асқан ел-жұртқа танымал «ғұламалардың» ішінде де өз тіліне «ақылы» жетпей, өзге тілде «сайрап» жүргендер жетеді. Бірақ олар өздерін сіз сияқты «пәленшемін» демейді ғой. Сізге не болған өзіңізді қорлап.

-Інішек, мен өз тілімді түсінемін. Бірақ сөйлей алмаймын. Түсінесіз бе, сөйлей алмаймын. Талай жерде масқара болдым. Бұдан өткен қорлық жоқ екен.

-Мырза, түсінсеңіз соның өзі жетіп жатқан жоқ па? Бұл біздің қоғам үшін үлкен жетістік қой. Біздің қоғамда өз тіліңде, яғни, мемлекеттік тілде сөйлеу міндетті ме? Міндетті емес. Біздің Парламентте өз тілін түсінбек тұрмақ, біліп тұрып, әдейі сөйлемейтін депутаттар, Үкімет мүшелері аз емес. Ал бірақ солардың қайсысы өзін «пәленшемін» дейді. Демейді. Ал сізге не көрінді сонша? Неге күйінесіз, неге қапаланасыз, не үшін өзегіңіз өртенеді?

-Неге күйінбейін, неге қапаланбайын, құдаларым есек деген «атақ» берсе. Апыр - ай, бұрын адаммын деп жүріппін - ау!

-Түу, сіз қоймадыңыз ғой. Ақырын сөйлеңізші, біреу - міреу естіп қалмасын. Естіп қалса, шынымен есек деп қалар. Бірақ мен сізді түсініп тұрған сияқтымын. Сізді әлсін-әлсін «түрткілеп», есекпін деп айтқызып тұрған арақ деген «ит» қой.  Солай деңізші, енді. Мас адам не демейді. Солай емес пе?

-Арақ қандай «ит» болса да, біздің өтірік айтатын екіжүзді шенеуніктер сияқты емес, шындықты айтқызатын «ит». Әйтпесе, мен есекпін деп айтамын ба? Сіз мені әбден шаршаттыңыз. Есек екенімді мойындай салсаңыз қайтеді? Келіңіз, менің құдаларым берген «мәртебелі атағым» үшін алып қояйық!

Дамир Әбішев

Қостанай қаласы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502