Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2047 0 пікір 18 Сәуір, 2012 сағат 05:14

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: «КӨНБЕСЕҢ «ПРЕСС-ХАТАҒА» АТТАНДЫРАМЫЗ!»

17-сәуір күні Ақтауда «Шетпе ісі» бойынша да сот процесі басталды, сондықтан екі сот процесі туралы Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитет мүшелерінің жедел мәліметтері негізіндегі репортаждар бұдан әрі қарай қатар беріліп отырады. Бүгін осы материалдан кейін «Шетпе ісі» жөніндегі тұңғыш репортаж назарларыңызға ұсынылады.

17-сәуір күні Ақтаудағы соттың 16-шы отырысында сотталушыларды сұрау жалғасқан.

Сотталушы Жанат Мұрынбаев: 16-желтоқсан күні ертеңгілік мен отбасыммен, әйелім мен балаларымды ертіп, мейрамды көруге алаңға бардым. Сағат 10-дарда әкімдік пен полиция балалар мен студенттердің колоннасын алып келді. Алдарында салтаттылар. Оларды бұрын мейрамдар кезінде алаңға үнемі өтетін жері кең 3-ші және 5-ші ықшамаудандар жағынан кіргізетін, ал бұл жолы, неге екенін,  жұрт жиын тұрған және жұмыс киімін киген мұнайшылар шоғырланған, бір мезгілде үш-ақ адам өте алатын тар кіреберіс арқылы әкімдік жағынан алып келді. Осыны пайдаланып, полиция бірден шеп құрды да, «колоннаға жол ашамыз» деген сылтаумен мұнайшыларды алаңнан сыртқа қарай ығыстыра бастады.

Прокурор: Сіз алаңда 16-сы күні тәртіпсіздіктер дайындалғанын білдіңіз бе?

Жанат: Жоқ, әрине. Білсем, сол күні алаңға кішкентай балаларым мен әйелімді ертіп барар ме едім?

17-сәуір күні Ақтауда «Шетпе ісі» бойынша да сот процесі басталды, сондықтан екі сот процесі туралы Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитет мүшелерінің жедел мәліметтері негізіндегі репортаждар бұдан әрі қарай қатар беріліп отырады. Бүгін осы материалдан кейін «Шетпе ісі» жөніндегі тұңғыш репортаж назарларыңызға ұсынылады.

17-сәуір күні Ақтаудағы соттың 16-шы отырысында сотталушыларды сұрау жалғасқан.

Сотталушы Жанат Мұрынбаев: 16-желтоқсан күні ертеңгілік мен отбасыммен, әйелім мен балаларымды ертіп, мейрамды көруге алаңға бардым. Сағат 10-дарда әкімдік пен полиция балалар мен студенттердің колоннасын алып келді. Алдарында салтаттылар. Оларды бұрын мейрамдар кезінде алаңға үнемі өтетін жері кең 3-ші және 5-ші ықшамаудандар жағынан кіргізетін, ал бұл жолы, неге екенін,  жұрт жиын тұрған және жұмыс киімін киген мұнайшылар шоғырланған, бір мезгілде үш-ақ адам өте алатын тар кіреберіс арқылы әкімдік жағынан алып келді. Осыны пайдаланып, полиция бірден шеп құрды да, «колоннаға жол ашамыз» деген сылтаумен мұнайшыларды алаңнан сыртқа қарай ығыстыра бастады.

Прокурор: Сіз алаңда 16-сы күні тәртіпсіздіктер дайындалғанын білдіңіз бе?

Жанат: Жоқ, әрине. Білсем, сол күні алаңға кішкентай балаларым мен әйелімді ертіп барар ме едім?

Прокурор: Сізді ұрып-соқты ма?

Жанат: Ия, тергеуші Әуезов Қалдыбай мен маска киген үш ОМОН ұрып-соқты.

Сотталушы Парахат Дүйсенбаев: Мен Жаңаөзенде 1989 жылдан тұрамын, сондықтан дәл 16-желтоқсанда биліктің бірінші рет (!!!) жұртты тура алаңға киіз үй тігіп, от жағып, қазанға ас пісіруге мәжбүрлеуіне таң қалам. Ал, мейрам басталған бойда әкімдік пен полиция салтаттылар бастаған балалар мен студенттер колоннасын дәл біз тұрған әкімдік жақтағы тар жолмен өткізе бастады. Бұрын жолы кең 3-ші және 5-ші ықшамаудандар жақтан өткізетін. Полиция шебін басқарған Әбдірасул Өтешев колоннаға жол ашқандай түр көрсетіп, өздерінің басты міндеті - мұнайшыларды алаңнан тықсыру әрекетіне кірісті. Және сол кезде бізді боқтап-балағаттаумен болды. Екеуміз ұшырасып қалғанда ол менің анамды боқтады. Сөз ретімен айта кетейін, менің анам  - Батыр-ана. Соған шыдамай кетіп, мен Өтешовтың өзін боқтадым. Мұны мен мойындаймын. Ал сол қасірет күні мен алаңда заңға қарсы ештеңе жасаған жоқпын. Оның есесіне халыққа оқ атқандар менің әкемді өлтіріп, туған қарындасымды ауыр жарақаттады. Қазір ол да, мен сияқты, сотталушы орындығында отыр.

Және менің өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естігенім - әйелдер босанатын үйдің тасасынан шыққан полицейлер шебіне Мылтықовтың: «Огонь на поражение!» - деп бар даусымен бұйрық бергенін айтқым келеді. Неге полиция нысанаға алғандардың көбі, тіпті жаралы болса да, сотталып жатыр, ал халыққа оқ атып, қаншама адамды өлтіргендерді соттамайды???

Мені тұтқындаған кезде тергеуші Ержан үш ОМОНмен бірге: «Тәртіпсіздіктерді ең бірінші бастаған осы!» - деп, мені аяусыз ұрып-соқты. Одан кейін де бұл Ержан мені өзінің кабинетінде үнемі ұрып-соғумен болды. Бірде ол, қолымның кісендеулі болғанын пайдаланып, мені еденге құлатты да, шалбарымды шешіп: «Егер сен тергеуге қажет көрсетулер бермесең, мен мына дубинканы артқы тесігіңе тығам!» - деп қорқытты.

Сотталушы Серік Ақжігітов өзіне сұрақтарды орыс тілінде қоюды өтінген. Өйткені ол қазақ тілін нашар біледі екен. Алайда оны тұтқындаған кезде және одан кейінгі алдын-ала тергеу барысында тергеушілер ҚПК талабын бұзып, оған аудармашы бермеген. Осы жағдайдың анықталуына орай адвокат Сәрсенбина ресми талап-тілек жасап, сотталушыны ұстау сәті мен тергеу тұсында орын алған өрескел заң бұзушылықтар негізінде соттан Ақжігітовті тұтқындау мен одан алдын-ала алынған жазбаша көрсетулерді заңсыз деп тануды өтінген.

Сот отырысының екінші жартысында сотталушылар Жаңбыр Ерғазев, Жарас Бесмағамбетов, Жеңіс Бөпілов, Самат Қойшыбаев, Расул Мұхамбетов сұралған.

Олардың барлығы өздері жөнінде, 16-желтоқсан қарсаңында, дәл қасірет күні және одан кейін болған оқиғалар туралы баяндап берген. Ұсталған сәттен бері бастарынан өткерген ұрып-соғу, азаптау, қорлау және басқа заңсыздықтарды (оның ішінде, адам қашан талап етілген қылмыстың бәрін мойындамайынша бірнеше жендет толассыз азаптайтын үрейлі «пресс-хата»-мен қорқыту да бар) бүгелі-шігелі әңгімелей келе, өздерінің бұрынғы көрсетулерінен түгел дерлік бас тартқан.

Адвокат Сәрсембина тергеуші Өнеровтің прокурор Тойжан мен судья Салиевке Ерғазевті тұтқындау жөнінде жіберген хатында процессуалдық қателер жіберуіне байланысты Жаңбырдың бұлтартпау шарасын өзгертуді және тергеу әрекеттерін негізсіз деп табуды өтінген талап-тілек түсірген. Мәселен, хаттың бас жағында Ерғазев туралы айтылса, аяқ жағында Әспентаев туралы айтылған. Сонымен қатар, Өнеров тергеу тобының құрамына тек 28-желтоқсан күні ғана енгізілген, сондықтан тұтқындау үшін санкция сұрауға құқығы болмаған. Және күдіктілерді анықтау мақсатындағы тергеу шаралары кезінде Ерғазевтің фотосуреттерінің ксерокөшірмелері ұсынылғандығын, ал ҚПК фотосуреттің түпнұсқасы пайдаланылуын талап ететіндігін айтқан.

Судья бұл талап-тілекті ашық қалдырған.

Әспентаев, Ерғазев пен Мұхамбетовке қатысты талап-тілек түсірген адвокат Жуаспаева олардың, 16-желтоқсанда жарақаттар алса да, жәбірленушілер құрамына кіргізілмегендігін, ал қару қолданған полицейлердің үстінен жүретін соттың 27-сәуірде басталатындығынын негізге алып, соттың тиісті құжаттарды дер кезінде жолдап, процессуалдық шешім қабылдауын өтінген.

Талап-тілекті қабылдап алған судья материалдар жолданады деп уәде берген.

«ШЕТПЕ ІСІ»: СОТ ПРОЦЕСІ АШЫҚ НАРАЗЫЛЫҚТАН БАСТАЛДЫ

17-сәуір күні Ақтаудағы Оралмандарды бейімдеу орталығында Шетпедегі оқиғаларға байланысты сот процесінің 1-ші отырысы басталған. Бастапқыда мұнда «Жаңаөзен ісі» бойынша сот процесін өткізу жоспарланған екен. Орталықтың ғимараты қаладан шалғай, көлік нашар қатынайтын жерде орналасқан көрінеді (ертеңігілік журналистер 20 минут күтіп, көлік болмаған соң жол үстінен мәшина ұстауға мәжбүр болған). Бірақ, соған қарамастан, осы іс бойынша сотталушылардың туған-туыс, жақындары мен жанашырлары сот процесіне көп жиналған.

Сотталушылар тізімі (барлығы 12 адам):

Әбезов Қажымұрат

Әдиев Асан

Бақытжанов Ғабиден

Дұрысбаев Есенқос

Ермұқанұлы Қасым

Жылқышиев Бекберген

Мырзатаев Жұмабек

Мәмбетов Ержан

Сабырбаев Нұрболат

Сәдіғұлов Дүйсенбек

Төлеев Асылбек

Төлеуов Қуаныш

Сағат 10-да судья Мырзабеков Бердібек Қалшабекұлы (суретте) сот отырысын бастаған. Ол сотты «ашық жүреді» деп жариялаған, алайда БАҚ-тардың арнайы бөлмеге ауысуын өтінген. Ал, дыбыс және бейнетүсірулерді тек алғашқы 10 минут ішінде жүргізуге рұқсат етіп, одан соң тыйым салған. Прокурорлар (Тұраев, Жанаев, Әбжетов, Есмұратов - барлығы да Маңғыстау облысынан) бұл тұрғыда судьямен келісіп, ал адвокаттар мен сотталушылар, керісінше, процестің толық түсірілуін қалаған.

Сөз сұраған сотталушы Төлеуов, егер оның адвокаты Сансызбайұлы процеске қатыспайтын болса, өзі де қатысудан бас тартатындығын мәлімдеген. Сондай-ақ, залға өзінің туыстарын жіберуді талап еткен. Сол жерде анықталғандай, Сансызбайұлы «Жаңаөзен ісі» бойынша сот процесіне қатысып жатқандықтан, сот Төлеуовке басқа адвокат - Өстеміровті тағайындаған екен.

Бұдан соң сотталушы Ермұқанұлының адвокаты Исмаилов іс материалдарымен танысып шығу үшін сот процесінің басталуын кейінге ысыра тұруды өтінген. Өйткені істе ҚПК-ның 100-ші бабы бойынша қуіпсіздік шаралары қолданылатын жаңа куәлар пайда болыпты.

Кеңесу бөлмесіне кеткен судья қайтып оралған соң Исмаиловтың талап-тілегін қанағаттандырмағанын, ал Төлеуовке басқа адвокаттың заңға сәйкес тағайындалғандығын айтқан.

Сот отырысын одан әрі жалғастырған судья сұрауға жәбірленушіні шақырған, бірақ осы кезде сотталушылар наразылық ретінде түгел орындарынан тұрып, отырмай қойған. Олардың біреуі: «Біз сот әділ өтеді екен десек, бұл жерде тағы да бізге жала жабатынға ұқсайды ғой. Біз залда журналистердің, К+ телеарнасының болуын, процестің тележазбасы жүруін талап етеміз!» - деген.

Судья оларды отыруға және тынышталуға шақырған. Алайда сотталушылармен ынтымақтастық білдірген залдағы жұрт та орындарынан тұрып, олардың талаптарын қайталаған.

Сотталушылардың бірі: «Біз халық үшін тұрдық, қазір де тұрамыз. Халыққа қарсы оқ атқандарды соттау керек!» - деп мәлімдеген. Залдағылар мұны қол соғып қошеметтеген, содан соң сотталушылардың микрофонын өшіріп тастаған. Сөйтсе де, сотталушылар тар саңылауға ауыздарын тақап: «Бізге оқ атқандар мен бізді ұрып-соққандар осы залда отыр. Ал біз кімді өлтіріппіз? Кімге зорлық жасаппыз? Куәларды шифрмен жасыратындай, біз немене, лаңкестерміз бе? Егер әділеттілік болмаса, біз өзімізге қол жұмсауға дайынбыз!» - деп айқайлаған.

Залда бірінші қатардан бір тап-тұйнақтай шал түрегеліп, пристав жылдам ұсына қойған микрофон арқылы тыныштыққа, сот пен заңды сыйлуға шақырған. Сөйтсе, залдағылардың айтуынша, ол Шетпенің бұрынғы соты, қазір ақсақалдар кеңесінің мүшесі Итемген Орынбаев деген «қария» екен.

Осыдан соң судья залдан шығып, күзет сотталушыларды алып кеткен.

Жарты сағаттан соң қайтып оралған судья сотталушылардың залға кіруден бас тартқандығын, бірақ оларсыз да сот жүре беретіндігін айтып, сұрауға жәбірленушіні шақырған. Сол сәт залдағы адамдар орындарынан дүр көтеріліп, шығар есікке қарай беттеген, ал залда тек процестің тараптары ғана қалған.

Сонымен, биліктің өз құрбандарын «соттау» жөніндегі екінші процесі басталды. Жауапқа тартылушы 12 азаматтың да, оларды қолдаушы қарапайым халықтың да шектен шыққан заңсыздық, озбырлық пен әділетсіздікке қатты күйініп, күрт ширығуы және ашық наразылық білдіруі жағдайында... Әрине, судья Мырзабеков айтқандай, «сотты сотталушыларсыз да жүргізе беруге» болатын шығар, бірақ гайканы, әсіресе «халық» атты «гайканы» тым қатты бұрап жіберудің ақыры не болатынын биліктің бұл «винтигі» біледі ме екен? Әй қайдам...

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 17-сәуірі.

«Абай-ақпарат»

Екінші суретті түсірген - Андрей Цуканов

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5456