Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 2307 0 пікір 20 Сәуір, 2012 сағат 05:03

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІ

Тәртіп меңгеруші жарқылдап, тым жайдары кейіпке кіре қалды осы мезетте. Бәріміздің атымызды да күле атап, «хау-хауын»1 изектей айтып, үйіміздің қайда екенін, «қалада ма, қырда ма?» деп те, «тауда ма, қыстақта ма?» деп те сұрайтынды шығарды. Саясат сабағынан лекция бастасымен-ақ оң қолының жеңін түріп, ақ қолғап ішіндегі салалы бес саусағын тарбита жаяды да, алдымен білегін көрсетеді: «міне, Жұңхуа ұлты деген осы. Ұлы Жұңхуаның дәл мына бес саусақ сияқты бес тармағы бар. Олар: ханзу, мәнжу, моңғол, мұсылман, заңзу. Көрдіңдер ғой, біздің кімнен туылғандығымызды! Бәрі білектен - Жұңхуадан тараған. Егер осы білектің күші болмаса, мына бір саусақ не бітірмек? Білектен айырып, кесіп тастаңдаршы қане, не болар екен?»

Дөңгелек көзілдірігін қиық көзінен алып та, қайта салып та сұрайды бұл сұрауын. Мезі қылған бұл сұрауға да, қасқа тісімнен жирендіріп болған құбылмалы өзіне де назар салмай, көбіміз парта астындағы кітабымызға сақтықпен ғана үңілеміз. Аударушы Ақылбай көрмегенсиді де, «шешен» меңгеруші өз сөзімен өзі мәз, сөйлей береді. Әлгі сұрауына келгенде ғана көпшілікке ыржия қарап тұрып алғандықтан, Тілеуқан қайырды жауабын.

- Кесіп тастасаңыз, шоршып-шоршып барып өліп қалады. Қане, кесіп көрсетіңізші!

Ақылбай мырс ете түсіп алдыңғы жауабын ғана аударып берді.

ІІ

Тәртіп меңгеруші жарқылдап, тым жайдары кейіпке кіре қалды осы мезетте. Бәріміздің атымызды да күле атап, «хау-хауын»1 изектей айтып, үйіміздің қайда екенін, «қалада ма, қырда ма?» деп те, «тауда ма, қыстақта ма?» деп те сұрайтынды шығарды. Саясат сабағынан лекция бастасымен-ақ оң қолының жеңін түріп, ақ қолғап ішіндегі салалы бес саусағын тарбита жаяды да, алдымен білегін көрсетеді: «міне, Жұңхуа ұлты деген осы. Ұлы Жұңхуаның дәл мына бес саусақ сияқты бес тармағы бар. Олар: ханзу, мәнжу, моңғол, мұсылман, заңзу. Көрдіңдер ғой, біздің кімнен туылғандығымызды! Бәрі білектен - Жұңхуадан тараған. Егер осы білектің күші болмаса, мына бір саусақ не бітірмек? Білектен айырып, кесіп тастаңдаршы қане, не болар екен?»

Дөңгелек көзілдірігін қиық көзінен алып та, қайта салып та сұрайды бұл сұрауын. Мезі қылған бұл сұрауға да, қасқа тісімнен жирендіріп болған құбылмалы өзіне де назар салмай, көбіміз парта астындағы кітабымызға сақтықпен ғана үңілеміз. Аударушы Ақылбай көрмегенсиді де, «шешен» меңгеруші өз сөзімен өзі мәз, сөйлей береді. Әлгі сұрауына келгенде ғана көпшілікке ыржия қарап тұрып алғандықтан, Тілеуқан қайырды жауабын.

- Кесіп тастасаңыз, шоршып-шоршып барып өліп қалады. Қане, кесіп көрсетіңізші!

Ақылбай мырс ете түсіп алдыңғы жауабын ғана аударып берді.

- А... а... міне, солай болады. Құдіретті білектен, ұлы Жұңхуадан айрылу деген арам өлу ғана, басқа еш нәрсе емес! Дұрыс жауап!

-       Менің түсінбеген бір жерім бар,- деді Тілеуқан, домалақ мұрны жыбыр ете түскенін өзі де сезгендей, қатты түйіле түсті.

- Өзін барлыққа келтіріп жарылқаушы білектен айрылып күн көремін деу-саусақтар үшін үлкен ақымақтық. Жұңхуаның бес баласы, әрине, ондай ақымақ емес. Ал, кейбір таудағы кейбір ақымақ қазақтар құйыршық болып кетіпті. Соларды да біз туысқанға санап, бір Жұңхуаның баласы дейміз бе?

- Қайдан естідің?- дегенде меңгерушінің қиық көзі жылтыңдай ойнақтап, әрқайсынымызды бір-бір түртіп өтті.

- Жаздық демалыста үйге барғанмын ғой, Құдайға шүкір, біздің үй қалада, жұп-жуас қазақпыз. Ал таудағы қазақтардан құйыршық шығыпты.

- А... а... сен енді барып көр, қазір қайда екен сол бандыларың, ха.... ха... ха!... Сөзге көнгендері тып-тыныш орнына келді де, көнбеген кей бұзықтарының өлігін қасқыр мен қарға жеді. Банды жоқ қазір, ешқай тауда жоқ, тып-тыныш... Банды болу - өлу деген сөз. Көрдіңдер ме, біздің  армияның қанша екенін?... Бәрлерің де үйлеріңе хат жазыңдар, Оспан қарақшының азғыруына ерсе-ақ қырылады, сендер тірі көре алмайсыңдар, оларды сақтандырыңдар!... Бізде Минго үкіметі, яғни ең-ең халықшыл үкімет бар, түрмеге алмайды. Шың Шысайдың ашқан түрмесі жабылып жатыр. Түрмелердің орнына мектеп, аурухана салмақшымыз!

- Түрмеге қамап асырап әуре болғанша, осылай қырып тауысу тыныш емес пе, түрме не керек?- деп күбірледі асау Әмірқан. Қасында отырған бір сабақтасы бүйірінен түртіп қалды. Ақылбай оның «түрме не керек» деген сөзін ғана меңгерушінің өз сөзіне үйлестіріп аудара салды.

- Меңгеруші, Шың Шысай қамаған адамдарды қайтетін болдық?- деп тағы жылтыңдай қалған Тілеуқанға мен басымды шайқап қалдым.

- Олардың көбі қазір үйлеріне қайтарылып болды,- деді меңгеруші, жүзі жанбай, көзілдірігі жарқ-жұрқ ете түсті. - Банды шыққан жерлердің кейбіреулерінің адамдары ғана қайта алмай жатыр. Үкімет оларды бандылар өлтіріп кетпесін деп әдейі осында сақтап отыр. Енді олардың бар наразылығы өз жерлерінен шыққан бандыларға ауған. Банды тазаланып болған соң бәрі қайтады, қызмет пен ақша беріп қайтарады оларды. Сондықтан, бәріміз де халықты тынышталуға шақыруымыз, бас бандыларды құртуымыз керек. Сендер бәрің де ұлы Гоминданның мүшесісіңдер, осы тез уақыт ішінде ата-аналарыңа, туысқандарыңа, тіпті тамыр-таныстарыңның бәріне де хат жазып, насихат айтыңдар, сөйтіп, қырылып қалуынан сақтаңдар!... Біздің санминжуий - Сұн жұңшан...- деп қалып, ыршып түсті өзі. Көсем атын атарда ізетке тосыннан осылай келетін әдетімен, оқтау жұтқандай кердие қалды, - әпенденің ұлы мұраты, біздің қолбасшымыз - ұлы философ, генералисимус Жяң жұңжың - Жұңхуа халқының бақыт жұлдызы ол батпайды да, өшпейді де, жеңістен жеңіске жете береді. Дүниенің ұлы бірлігін сөзсіз іске асырамыз!... Хаттарыңа осылай жазыңдар!... Бір кезде Наполеон: шығыста ұлы алып ұйықтап жатыр. Ол оянса дүниені алақанында ойнатады деген екен. Сол алып - Жұңго мемлекеті қазір оянып, тік тұрды. Дүние енді көзін ашуға тиісті. Ешқандай жабайы мақлұқ бұл алыптың шынтағына ілінбек емес, қырылып қалмай тұрғанда біздің кешірімімізге кеңшілігімізге ие болсын, басқа жолы жоқ!... Хаттарыңа осылай жазыңдар!...

Меңгерушінің осы сөзін Ақылбай тыжырына тұрып, аударып болды да ол шыға бергенде, салқын ғана ресми дауыспен:

- Биғабіл,- деп шақырды, шяужаңның бір лекциясын аударып едім. Соны көшіріп берші, қазір жүр!

«Шығыс Түркістан» қимылының бұларды енді шыңғырта түскенін осы «жеңімпаз» үгіттен байқаған мен партамнан күлімсірей түрегелдім. «Бандыларды мүлде жоғалттық, тып-тыныш болды» дей салып, тынышталуға шақырыңдар деген мына сасқалақ сандырағына күліп едім. Түрмедегілерді бұрынғыдан бетер тұмшалап, балаларын маңайына да жолатпай отырып, «түрмедегілердің көбін қайтарып болдық, кейбіреулерін бандылардан қорғау үшін ғана бағып отырмыз» дегені есіме түскенде ызам мұрнымнан шыққандай мырс-мырс ете түсіппін. Алдымда келе жатқан Ақылбай күлімсірей қайрылды.

- Менің аударған «дәрісімнің» дәміне тамсанып келемісің?

- Жоқ, болдырған сиырдың жапалауына таңырқап келемін.

- Түр-түрімен жібере ме екен?- деп күлген Ақылбай, менімен қатарласа жүріп күбірледі. - Қазір осы үгіт бар тауға шапқылады. Басшысын жұртқа таныс Сәдулерден сайлап, топ-тобымен жіберіп жатыр. Түлкі боп келіп азулап қойған қасқыр түлкі жылмаңға қайта ауысты.

Ақылбай мені өзі жататын үйге ертіп кірді.

- Отыр, - деді күлімсіреген қалпымен, шағын үстелінің жанына орындық қоя сөйледі. - Көшіретін жұмысқа емес, әңгімелесетін жұмысқа шақырдым. Сонда да менің мына аудармамды алдыңа жая отыр. Басқа біреу келіп қалса әңгіменің «көшіру» жұмысына айналуы оңай болсын... Жә... қазіргі оқудың да, қызметтің де түгел үгітке ауысып жатқан себебін түсінетін шығарсың?

Әлменнің айтқан байланыстырушы адамы осы Ақылбай болар ма екен деген ойға келсем де, анықталғанша сыр бермеуге бекіп, сұрауына бас изей салдым:

- Түсінікті ғой.

- Олай болса, бұл аттанысқа біздің де қатынасуымыз, үгітке кірісуіміз керек қой!

- Не тақырыптағы үгіт?

- Меңгерушінің жаңағы нұсқауы бойынша болады да, - деп Ақылбай жымия қарады. Мені байқағысы келетін сияқты.

- Мұндай керемет «шешендік» талап ететін «үгітке» менің қабілетім жетпейді ғой, мұғалім!

- Жетісінше істей тұрамыз да, - деп ол енді мырс-мырс күлді.

- Ондай қабілет біткенше мен өзімнің шәкірттік тыңдаушылығымды сақтай тұруым керек қой.

- Ендеше, «керемет шешендікке» емес, шындыққа ғана сүйенетін үгітке қалай қарайсың?... Мәселен, өтірігіне қарсы шынын ашу, ұйықтатуға қарсы ояту мақсатындағы мақала жазуға қалайсың?

- Ондайды ғой ойлап көруге болар. Бірақ, қалай жазып, қалай жариялау керек екенін білмеймін. Қазіргі білетінім - тілімнің қышуы ғана.

- Бәсе,- деп Ақылбай ірі ақ тістерін жарқырата күлді, - Енді келістік!... Осы реткі жалпылық үгіт науқаны маған бір ой түсірген, менің де тілім қышулы. Сыпыра өтірік үгіттің ішінде бірер шыны да болу керек қой. Менің тілім санминжуийдің шын сырын аша «үгіттеуді» аңсап қышыды. Мен соның үшіншісін - ұлт мұратын «үгіттеймін», сонысын қазақшаға аударып бастырамын. Мұным қалай?... Мақсатымды түсіндің бе?

- Түсіндім,- деп жымидым мен, - бірақ, онысын өздері толық жарияламай отырғанда, сіздің аударып, айырым бастыруыңызды шектемей ме?

- «Халықшыл» үкіметіміздің ең негізгі саясаты сол болғандықтан, оны өз халқына оқытып түсіндіру қаншалық айып болмақ?... Тергей қалса, өзін тергейміз, «біз Жұңхуа ұлты емеспіз бе, бізге «ұлт мұраты» керек емес пе, санминжуиймізді халыққа үгіттеп, үйреткізбейтін сен қайдан келген немесің» дейміз бе!... Кәменді де осы теориямен мойындаттым.

Ақылбайдың бұл амалына қарық бола күлдім мен. Дәл қазір мұның үкімет саясатын үгіттеу емес, өткір әшкерелеу болатыны айқын еді. Көтерілісші халықтың отына май құятынына көзім жеткендей. Осылай өз далдасына тұрып алып, өзін атқылау мұндай ақымақ жаумен Үрімжі жағдайында күресудің ең ұтымды бір тактикасы болатынына сүйінішпен күлдім.

- Осындай қазақ оқушылары ең көп мектеп - осы мектеп қой, - деді Ақылбай тағы да. - Бізде қазір жас әдебиетшілер көбейіп қалғанын, олардың бәрі «үгіт қызметіне құлшына» дайын тұрғанын айтып алдыңғы күні «Шинжяң газеті» редакциясымен келістім. Аптасына қазақша газеттің бір бетін бізге бермек. Сол бетті сейсенбі сайын бір толтырып тұратын болдық. Мектеп атында болғанымен негізгі шығарушы сендердің класс пен мен ғанамын. Осыны шығара алмыз ба, жоқ па?

Жұртшылықты, тіпті осындағы сабақтастардың өздерін де түгел оятып, жұмылдыра түсудің сәтті орайы табылғанын сезе құлшындым:

- Сіздің әлгіндей аудармаларыңыз қосылып тұрса, толық шығара аламыз.

- Мұндай әшкерелеу үгітінің аударушылық қана емес, одан әлдеқайда өткір, алуан түрі болады ғой... Сабақтастарыңа қалай жазудың, нені жазудың жөнін ашық айтпай, еппен бастап әкетуді міндетіңе аламысың?

- Мақұл, шамамның келісінше...

- Бұл сыр екеуміздің арамызда ғана тұрсын... Бүгін кеште Кәзен мен Кәменді қосып, жай ғана «әдеби журнал шығару» сөзімен жиын ашамыз. Мектеп атынан әсіресе Кәменді қоса шақырып кәукелетпесек қатерлі болады. Оның өз идеясы мен өз тілінде сөйлеп қабылдатуды ұмытпайық...

Сырттан қарағанда қойдай қоңыр осы ат жақты, сұрғылт көзді кексе жігіттің ақылды аударушылығы мен доп ойнына асқан шеберлігін ғана көріп жүретінмін, ішінде алай-дүлей толқынды теңіз барын бұрын мұншалық сезбеген едім. Әлде де толық ұқтырмай-ақ толқындатып ала жөнелгені байқалды маған. Соншалық ауыр жүретін қарт мінезді жігіт баскетболға түскенде киікше орғытып, неше метр биікке көтеріліп кеткенін өзі сезбейтінін айтушы еді. «Бұл жолы да менің алдымда қаншалық биікке көтеріліп кеткенін сезді ме екен?» дей шықтым ішімнен. «Жай ғана жымиысты сөзімен жылжытып, күрес тактикасының тың толқынына міндіре салды ғой мені, «Шығыс Түркістан», «ұйым» дейтін сөздерден иіс те сездіргені жоқ!... Мені толық түсінеді өзі, Әлменмен сырлас. Бірақ, Әлмен маған айтқан төте байланысты басшы бұл емес сияқты, сөзі төте емес, көлбегейлілеу, көлбей шығып жатыр ғой?»

Ақылбай жиынды сол күні кеште, ашықтан-ашық ғылыми бөлімінің кеңсесіне шақырды. «Кәмендердің өз тілі, өз идеясы бойынша сөйлеудің» қайнарына кіре түстік келіп. Біздің кластан менен өзге Оралқан банжаң мен Ынтықбай, Серәлі келді, төменгі кластардың банжаңдары қатынасты, үш оқытушыны қосқанда он-он бір ғана адам екен.

- Мектебіміздің абыройы үшін, осындағы барлық қазақ оқушылары үшін әсіресе тіл-әдебиет әуескерлеріміз үшін өте игілікті бір істі ақылдаспақпыз,- деп бастады Ақылбай сөзін. Бұл өзі біздің санминжуийлік саяси теория мен философия үйренуімізді кемелдендіретін, болашақ қаламгерлеріміздің бетін ашып, тілін ұстартатын, сөйтіп үкіметіміздің үгіт-насихат тәрбие қызметіне елеулі үлес қосатын іс...

Ақылбай өстіп ағындата келе, мектебіміздің қазақ оқушылары атынан апталық журнал шығатынын, «Шинжяң газеті» қамқорлық етіп, бір бетін біздің сол журналға арнағанын хабарлады. «Шындап бірлікке келсек, бұдан екі есе көлемді журнал шығаруға да күшіміз жетеді» деп сенетіндігін айта сұрады сонан соң бізден.

- Мұнымыз ақылдасу жиыны, мектебіміздегі қазақ оқушыларға өкілдік ете алар деп сендерді ғана шақырдық. Осы журналды шығара алатындығымызға мына ұстаздарыңды сендіре аласыңдар ма?

- Толық сендіре аламыз, - деп қалып едім, жиынға келе жатқанымызда пейілімді байқап қалған сыралғы Ынтықбай мен Серәлі маған ере сақ-сақ ете түскенде, қалғандары түгел от алғандай сақылдады.

- Мұндай шабыттандыру болса ғой, біздің класс түгелімен ақын,- деп үстемелей қуаттады Оралқан, - басқа кластарда да жазуға талаптанып жүргендер көп, шығара алады.

- Төбелесе жүріп Биғабіл мен Ынтықбай-ақ толтырар оны,- деп күле күбірледі Кәзен мұғалім Кәменге қарап.

Кәмен басқаша пікір айта алмай қипыжықтай түсті де, көпшіліктен сырт қалғысы келмегендей бас изей салды. Аз кідірістен соң бәріміздің алдымызға түсе жөнелді:

- Аптасына бір рет болған соң, тіпті екі бетін де толтырар едік,- деп Ақылбайға қарады. - Мен барып сұрап, тағы бір бетін қостырып алайын... Мақала реттеуге уақытым жеткілікті ғой!

Ақылбай «сүйінген» бейне көрсете, ақ тісін жарқырата күліп жіберіп изеді басын.

- Дұрыс, бірақ алдымен осына қамдауымыздың сапасын байқаған соң ақылдасайық. Сегізінші әріп ұсақ қой, бір бетке де недәуір мақала сияды.... келістік пе көпшілік? Ал енді журналымыздың аты туралы пікірге келейік. Лайықты деген аттарыңды көрсетіңдерші қане!

- «Бақыт» болсын,- деді Кәмен. Тыпыр еткізбей басып отыра қалғысы келгендей, алдымен қамтуды ойлаған сияқты. «Осы апатты бақыт деп үгіттетпекші ғой бұл шошқа» деген ойдан тісім шықыр ете түсті.

- Мен... «Күрес» деп атауды лайық көремін!- дедім.

Кәмен адырая қарады да, Ақылбай мен Кәзен маған да, Кәменге де көз астыларымен бір-бір қарасып қойды.

- Тағы да қандай атты ұсынасыңдар?- деді Ақылбай жымия түсіп. - Алдымен айтып алайық, онан соң талқылап көріп, бірін қабылдаймыз!

Басқа қатынасушылар «Үміт», «Жас талап» сияқты оқушыларымызға лайық тағы бірнеше аттар ұсынды. Ақылбай бәрін жазып алды да:

- «Түлек» деген ат лайық па екен деймін,- деді. Кәзен де осы атқа қосылатындығын білдірген соң, Кәмен өзі ұсынған атының дұрыстығын дәлелдей жөнелді:

- «Бақыт» деген сөздің мағынасы айқын,- деді ол,  бұл журналға қоюға лайық ат. Жяң уииуанжаңның басшылығындағы Жұңхуа Минго - біздің бақытымыз. Бұл журналда біз сол бақытты ғана жырлаймыз. Ұлы көсемімізді, санминжуийді жырлаймыз, бақыт - осы!

- Калаусының бұлай жырлауы да, оны бақыт деп атауы да ып-рас... дұп-дұрыс! - деп «ып-рас» деген сөзді әдейі жаңылғанси қостым. - Бірақ, бұл ат журнал мазмұнының бір жағын ғана қамти алады. Біз сол бақыттарымызды шын сүйсек, жырлап қана қоймай, оның жауларымен күресуіміз де керек! Бұл журналда шығатын мақалалар сыпыра жырлау, үгіті ғана емес, жауларға қарсы күрес үгітін де қамтуы қажет. Мәселен, Жұңхуа Мингоның бірсыпыра жерлерін басып алып, қанды қырғын салып отырған жапон фашизміне қарсы, оның Шинжяңдағы құйыршығы Оспанға қарсы мақалалар да жазылады. Сондықтан, «бақыт» жақсы ат болса да, журналымыздың мазмұнын толық қамти алмайды. Менің «күрес» деген атты ұсынған себебім осы. Жақсылықты жырлаудың өзі де күрес қатарына жатады.

Ақылбай Кәменге «жеңілдік» дегендей күлімсіреп қарады да, Кәзен маған жуан басын изеп-изеп қалып еді Кәмен өз пікірін қызарақтай қуаттап, толықтай түсуге тырысты:

- Осы журналды шығару құқығына ие болуымыздың өзі де бір үлкен бақыт емес пе?

- Әрине, бақыт, Калаусы, жырлайтын бақыт қой бұл да, оған дауым жоқ. Бірақ сол бақыттардың жауын түйрейтін мағына бере алмай қалып тұрғаны ғой пікір тудырғаны!

- Сенің бір сөзіңде қате түсінік бар. Шинжяңдағы бандылар жапоннан жәрдем алып отыр ма?... Бұл бандылар кімнің құйыршығы? Білесің бе өзің?

- Қате болса түсіндіруіңізді өтінемін. Бірақ кімнің құйыршығы болса да, оған қарсы күресті де үгіттеуіміз қате болмас!... Қате ме иә?!

Кәмен жауапсыз тоқырды да, мен Шинжяң көлемінде Гоминданның Совет одағын әлі де «жау» деп атай алмай келе жатқан жағдайын пайдаланып, Кәменнің қате деген түсінігінің өзіне дүрсе қоя бердім:

- «Құйыршықтың» қожайыны жөніндегі өз түсінігім былай: біздің ішкі жауымызға әрине сыртқы жауымыз ғана жәрдемдеседі. Сыртқы жауымыз Жапон фашизмі ғана. Одан басқа жау бар деп айтпағансыз. Сондықтан, Оспан - Жапонның ғана құйыршығы деп түсінемін. Мұны қате түсінік десеңіз, оқушыңызбын ғой, анықтап ұғындырып қойыңызшы, қане!

Бір-біріне қарасып қойып жымыңдасқан Ақылбай мен Кәзен басқа сөздерге күлгенсіді де, сабақтастар менің талабымды қайталап, Калаусыдан бұл жөнінде бәрінің де түсініп алғысы келетінін айтысты. Тұншыққандай тығыла күреңіткен Кәменнің бет-аузы бүлкілдей түсті. Қаншалық ширыққанымен де құлшылықтың рыздығы қоршылық қана ғой, қожайындары ұғындырған құпиялығын әшкерелеп алудан қорыққандай жұтынып-жұтынып қалды.

- Ұғындырамыз әлі!- деп күмілжи күбірлеп қана қойды Кәзенге қарап.

Жеңілгені сезілді. Әйтеуір «бақыт» деп бағжиюдан қалғанын білген соң мен де өз шанағыма түсе қалдым; журнал шығаруды қабылдату үшін «асқазанын» дәрілей тұру керек қой. Оның «бақытын» желкемізге мінгізбей, жеңу үшін ғана айтқаным болмаса, марксизмнің «Күрес» дейтін ұранынан Гоминданның ат-тонын ала қашатынын білетінмін. Соны атағанымда бұл құйыршығының алара қараған себебі де сол ғой.

- Калаусы, ұстаз алдында қайшы сөйлеп, әдепсіздік көрсеттім ғой деймін, кешіріңіз!... Жақтырмасаңыз «күрес» дейтін атты ұсынудан мен де қайттым! Бұл журналға ол да сыңар жақты ат сияқты.

- Иә, мұның да дұрыс,- деді Ақылбай, шындағандай сөйлеп. Мәселе талқымен, айтыспен ғана шешіледі. Айтыс ата бетіне де қарамайды. Бетке қаралса айтыс бола ма? Сонда да ұстазыңның құрметін сақтап, бұлай кешірім сұрай айтысуың аса жақсы үлгі. Өз ұсынысыңның да сыңар жақтылығын түсіне қоюыңа Кәмен мұғалімінің тіпті разы. «Күреске» Кәмен де, біз де осылай қарап отырғанбыз.

Кәменнің жадырай қалғанын байқай қарап сөйледі.

- «Бақыт» жақсы ат болса да, осы журналдың мазмұнын толық қамти алмайтыны рас сияқты ма, қалай?!

- Олай болса осы ұсынылған аттардың біреуін қабылдайық, қане?- деп Кәмен құлаған тағына қайта мінгендей тіктеле отырды...

Реті бойынша талқылай келгенде көпшіліктің пікірі «түлек» болсын ба, «тілек» болсын ба деген екеуіне ғана құйылып еді. Кәмен «түлек» дегенге тағы да түксие, түйіле қалды. Бірақ, Ақылбай мен Кәзен мұғалім ұсынған ат болғандығынан ашық қарсы пікір айта алмай қипыжықтай сұрады:

- «Түлек» деген жас бүркіт пе еді, көзіне көрінгеніне түседі деуші ме еді?

Ақылбай оған жымия қарап қалды да, Кәзен қайырды жауабын:

- Рас, жас құс. Алғыр келеді дейді. Оқушыларымыз сондай алғыр болса екен деген тілекпен ұсынып отырмыз. Журнал солардікі ғой!

- Бұл да «күрес» мағынасындағы ат болып кетер ме екен?!- деп күмілжіді Кәмен, - алғыр емес, албырт құс дейді ғой!

- Оқушыларым қыран болып кетіп бүре түсер ме екен деп қорқамысың?- деп күлген Кәзенге Ақылбай қосыла сақылдап күлді. Сабақтастар жымиыса қарап қалды Кәменге.

«Бәрін қойып, осы журналымыздың атын «күшік» қойсақ, иттерге қалай жағар еді? - деген оймен күлдім мен. - Әйтеуір қырандығы жоқ, ит аяғына құйғаныңды ғана ішіп, құйрығын бұлаңдата беретін «ерке назды» жануар ғой!».

- Олай болса «тілек» болсын, - дедім мен күлкі басылған соң.

- Болсын, - деді бірнеше дауыстан соң Ақылбай мақұлдап. - Жақсы тілектің жағымсыз жері бар ма. Әйтеуір, қайыр тілеу мағынасында болмас, басқа қатер жоқ, үйлеседі... Атында не тұр, мәселе затында ғой... Ендеше, келістік, істеріңе сәт болсын, сабақтастар! Бас мақаланы мына мұғалімдеріңмен ақылдасып, мен жазып берейін. Класс басшылары сендер сабақтастарыңа толық хабарлаңдар! Бірінші реткі жазғандарың алдағы үш күн ішінде келіп болсын... Қысқа әңгіме, мақала, өлең керек. Қазірше осы үшеуін қабылдаймыз!...

Ақылбайдың «мәселе затында ғой» дегені, маған тағы бір ескерту еді. Сол «затын» қалыптастыру мені түн бойы ойландырды. Журналдың «заты» халықты ояту - күреске шақыру болуға тиіс. Әлмен: «алға шығып көрінуші болма, шпионнан сақ бол» деп еді; Ақылбай: «не жазуды сабақтастарыңа ашық айтпай жетекте» деді. Бұл да көзге түспе дегені. Ұйымдастыру қызметі маған жүктеліп, оның түбі қатерлі болған соң сақтандырғаны ғой бұл, қалай «жетектесем» көрінбей тұрармын?...

Сол түні өлеңнің бейнелей әшкерелеу әдісіне лайық үш-төрт түрлі тақырып тауып едім. Оны да шу дегеннен алға түсіп, шұбырта жөнелгім келмеді...

Оралқанның журнал туралы хабарландыруын естісімен жазудан дәмелі сабақтастар бас сипаса бастады. Астыңғы ернін салпитып жіберген Тілеуқан кемпір бейнесіне келе қалып, бетін шымшыды.

- Бетім-ау, немді айтайын!... Ыппырт, адыра қал, өнейлісін өзінің, мақтатып алмақ!

- Мақтай алсаң мақтай бермеймісің, онда не тұр? - деді Оралқан.

- Е, «ағамды дәл басынан жақсы аттың, жасай бер айналайын» деп жазсам, үлкен ұлының миы шашылып кеткенде шыңғырып жіберген шешемнен ұят болмай ма?

Тілеуқанның бұл сөзін тез жаба салғысы келген Ынтықбай күлкіге айналдырды.

- Тілеуқан, ей, Тілеуқан!... «Базардан алып келген бес тиын деп, сөздерін екеуіңнің естиін деп» дейтін өлеңің бар еді ғой, тым болмаса соны жазсаңшы!

- Ондай сөз газетханадан ұят болмай ма?

- «Былай жүрсең өгіз өледі, былай жүрсең арба сынады» дегеннің өзі болды ғой мынау, - деп күлді біреуі.

- Бір кезде Шың Шысайды көкке көтерген Жаңқабайлар жерге кіргендей ұялып жүрмей ме қазір?- деп біреуге Қуат күбірледі.

Көп көрінбейтіндіктен «бейтаныс» аталып жүрген көзілдірікті мұғалім келмей қалған бір бос сағатта әдебиетшілеріміз тағы да бас сипасты. Әрқайсысына үңіліп байқасам, Ынтықбайдың ғана бет алысы дұрыс сияқты. Ол мисал өлең жазып жатыр екен. Басқаларының көбі өздері газеттен көріп жүрген мақтаудың көне шиырында сүрініп-қабынып келе жатқандай. Бірсыпырасы жаза салып, айқұш-ұйқыш сызып тастапты.

- Қай бабамның басы бар еді осы зиратта, - деп қалған Серәлі атып тұрды орнынан, - ей, Биғабіл, ей, не жаздың, сен бір оқып берші, есіме бірдеме түсер ме екен!

- Бір тақырыптың мазмұнын дайындап едім. Өлеңге айналдыра алмай жатырмын,- дедім мен әдейі.

- Соныңды айтып берші тым болмаса.

- Сен туғанда неге қуанып едім,- деп Тілеуқан қу жабыса қалды, - айтшы көкешім, айналып кетейін!

- Өздерің ойласаңдаршы! - деп кейігенсідім мен, тақырып деген көп қой!... Осы қойылып жатқан киноның бәрі мысал емес пе?

- Өтінген соң бұлданбай айтып бере салсаңшы, одан нең кетеді,- деп қалды Қуат.

Немқұрайды кейіпке келе қалып, түнде дайындалған бір өлең тақырыбын атадым да, қара сөзбен кестелеп қойған мазмұнын оқып бердім: аты «Сары бақай жапон» еді. Гоминдан әскерінің бейнесі беріліп, қадаға шаншылған адам басына қанды қолын соза, арандай ашқан аузынан сілекейі шұбырып тұрғаны суреттеледі. Соңына «мына қарақшының еті тәтті екен» деген сөзін айтқызу жобаланған.

- Мағналы екен мынауың, қандай әсерлі!- деп қалды түсіне қойған Серәлі. Оралқан аңыра сұрады:

- Мына қанды қолың кім, ей, Биғаш?... «Шибиген арық саусақ, ши борбай, ақсиған орсақ тіс, сары бақай» екен өзі.

- «Жапон» деп екі жерде айтылып тұрса, басқа кім болушы еді шырағым-ау?- деді Қуат. Сасқанынан өзінен үлкен Оралқанға «шырағымын» да қосып жіберді.

Өзі кім деп танитынын байқағым келіп, Оралқанға сұрау тастадым:

- Ожа, мұны кімге ұқсатып отырсыз, өзіңіз айтшы!... Жапоннан басқа осындай жауыз бар ма еді, әлде?

- Жоқ, жоқ,- деді аңқаулық етіп қойғанын енді ұққан Оралқан, - олар да сары киімді, сары балтыр екен ғой, дәл өзі, жапон!

- Мұның қылығын өзіміздің сары аяққа таңатын болсаңыз,- дегенде Тілеуқанның мұрны жыбырлап кетті, меңгеруші «Минго армиясын осындай көремісің» деп қарныңыздан бес шелек май ағызар!...

Бұл тақырыпты өлеңге айналдыра қоймағанымды байқаған Серәлі демалысқа шыққанымызда сұрап алды да, Тілеуқан, Шақан, Салықтар бірінен-бірі жасырына келіп қолқалап, қалған үшеуін әкетті.

- Қалай жазу керек екенін осы тақырыптарыңнан бәрі ұқты,- деп сыбырлады Қуат, «керуен сарай» қорылға басқан кезде. - Сенің осы үлгіңмен Ынтықбай да бір-екеуіне үйретті. Мұнан соң тақырып ауыстырмай-ақ қой, тергей қалса, біреуі айта салар!...

Біздің кластан екінші күні-ақ бірнеше жауынгер өлең шыққанын байқап қатты қуандым. «Жол анасы - із», із түсіп соқпаққа айналған соң-ақ жол болғаны ғой. «Әлі талай түр, талай дәу табан түседі бұл соқпаққа» деген ойға келіп, журналдағы міндетімнің негізі орындалғандай көңілім жай тауып отыр еді. Кәмен жетіп келді класқа. Жүрісі сұйықтау, жүзі суықтау көрінді. Кең танауы ісініп алыпты. Бір қолы сымының қалтасында. Партаға бір қолымен ғана тіреніп, ширай сұрады:

- Мақала жаздыңдар ма?

- Бос уақыттарында жазып жатыр,- деді Оралқан.

- Сендерге сабақ болатын бір мәселені айтып қояйын: екінші жылдықтағы оқушылардың бір-екеуі үкіметті алқайтын өлеңге қарсы шығыпты, сендердің араларыңда ондай сөз болды ма?

- Естімедік,- дей салды бірнешеу.

Кәмен «Тілек» журналы, оған қандай шығарманың зәрулігі туралы сөйлей жөнелді сонан соң. Өзінің ең аңсаған тағамын атағандай жұтынып, «Жяң зұңсайынан» бастады да, «Жұңхуа Минго», «Санминжуийлеріне» тамсанып, олардың «данышпандығы» мен «ақиқаттылық», «құдіреттіліктерінің» бірін қалдырмай сөйлеуге тырысты. Бұл лекциясы өзінше меңгерушінің сөзінен де «дәмділеу» сөйленіп тұрған тәрізді, сарғыш көзіне қан жүгіріп, екі езуінен көбік бұрқырады. Бірақ ол қаншалық көпіргенімен зер салған ешкім жоқ. Сабақтастардың көзі парталарының астына жайылған өз қағаздарында ғана еді.

- Осылай жазыңдар, ұқтыңдар ма?!- деп сақ ете түскенде ғана басымыз көтерілді.

- Ұқтық,- деді Серәлі, - жазып болған соң көресіз ғой. Қате болса баспай-ақ қоярсыздар, қиналмаңызшы Калаусы!

Өзінің бүгінгі «ханзу тілі» сағатын осындай арсылдап тұрып жеп болды да, езуінің көбігін жалана жөнелді өзі. Демалысқа шығып, класқа қайтып кірісімізбен танауы бұрынғыдан да ісініп қайта жетті. Бұл жолы бет терісінің сарғыш бояуынан ніл де жоқ. Сұп-сұр болып кірді.

- Журнал шығарып, бізге мақтатып алмақ қой дегендерің қайсыларың... Бағана, таңертең... тұрсын орнынан!

Көпшілік жым-жырт тына қалды. Мұны айтқан Тілеуқан қыбырсыз отырып алды да, оны ешкім қузамай, «білмейміз», «естімеппіз» дей салды. Оны Кәменге кім айтып қойғанын сезе қойдым: жаңағы демалыста Сәбит атты «үнсіз күрең» аталған сабақтасымыз Кәменнің артынан қарағыштап қойып солай кеткен болатын. Сол «үнсізге» жасырын тіл біткені белгілі бола қалды; құлақ болуға тартылған екен.

- Мақтанышты жазуға қарсы сөйлеген кім, айтыңдар!- деп ақырып қалды Кәмен.

Үнсіз бедірейген Ынтықбайдан бастап, арт жақта отыратын Оралқанға қарасам, жуан денесін партаның астына сиғыза алмағандай мыжырая тығылып күреңітіп алыпты. Оның қасында отырған Түгелбай түксие күңгірледі:

- Өлігіңе отыройындар, сабақ оқытатын емес қой бұ!

- Не дейсің ей қырғыз?! - деп түйілді оған Кәмен.

Түгелбай тұрып әлгі сөзін анықтап айтты да, жалғастыра түсті:

- Біресе төбелеседі, біресе тілдеседі, біресе жалған пәле жабады бір-біріне, шөйтіп отырғанда бір-біріне не дешіп қойғонын біз қайдан білеуіз!... Былай жазба, былай жаз деп енді сіз дәріс өткөнді қойдығыз, тігі біз оқибыз ба, оқыбайбыз ба, мұғалім?!

Түгелбайдың бұл сөзінен өтірік төбелестің ұшқынын тауып, мен түрегелдім де, сабақтастарыма атыла қарадым. «Үнсіз күрең» де «мөлиіп» отыр еді.

- Ей, кім еді солай сөйлеген, біз естімегенді естіген - сендерсіңдер ғой тағы... Біреуімізге жала жауып, тағы сорлатқасыңдар ғой!- деп Ынтықбайға төнгенсідім. - Ашық айтыңдаршы!

- Пәле жауып отырған тағы сен жылансыңдар,- деп Ынтықбай да атып тұрды. - Біз қашан естіппіз?

- Бар өтірікті шығаратын сендерсіңдер! - деп Серәлі атып тұрғанда:

- Кім айтыпты өтірікті? - деп қатарынан Шақан мен Салық көтерілді. - Найманнан басқа шағатын кім бар мұнда!

Өш ауылдың итінше жаппай үріп тағы да «тіктесе» қалғанымызды бұл жолы Кәмен қолма-қол пайдаланғысы келді.

- Отырыңдар... отырыңдар!- деді зекіп. Қайта отыра қалған Шақанды тұрғызды орнынан. - Сен айт, «мақтатып алмақ қой» деген кім?

- Ол өтірік,- деді Шақан, - айтыңызшы, сол өтірікті айтқан... егер найман болса, өңешін жұлып алайын!

- Серәлі, тұр!... Кім айтты осы сөзді?

- Керейдің біреуі айтқан болсашы, шіркін аяр ма едім мен сізден... естімедім!

- Биғабіл, сен естідің бе кім айтқанын?

- Естімедім,- дедім мен де қайта түрегеліп, - маңайым ондай сөзден аман екені анық... Осыншалық пәлеге қалуымыздың себебін де түсінбедім. Бұл журналға өз шамамыз неге келсе сонымен көмектеспек едік. Үкіметтің үгіт қызметі болғандығы үшін үлес қосу ниетімізбен қиналып отыр едік. Жазу құқығы бізде, жарамай қалса, баспаға бермей қою құқығы сіздерде емес пе, анау бірдеме деп қойыпты, мынау жазып қойыпты дегендей сөзбен тергей берсеңіз ешнәрсе жаза алмайды екенбіз калаусы! Үлес қосамыз деп үлкен шатаққа қосақталатын сияқтымыз. Біздің негізгі міндетіміз оқу ғана, тып-тыныш қана оқиық! Қойдық енді жазуды, айтыңыз осыны мектепке.

- Жоқ, олай емес, олай емес, бұл тергеу емес, біреудің мәселесін анықтау ғана... жазыңдар, жазыңдар!... Ей, сен бері жүрші ей! - деп Кәмен сұқ қолын шошайта салды да Тілеуқанды ерте жөнелді.

Сабақтастар көрсетушінің кім екенін талқылап, өзара күбірлесе жөнелгенде, Ынтықбай «білдің бе» деген пішінмен маған қарады. Бұқпа Сәбитті иегімен ымдап көрсетіп, партаны түйіп қалдым мен. Ынтықбай, Шақан, Салық үшеуі сыбырласып, орнынан Салық түрегелді. Өтіп бара жатып Сәбиттің аяғына сүрінген болып жығылды да, қайта тұра сала жұдырықтап ала жөнелді Сәбитті. Қара тақта алдына сүйреп апарып тепкілей берді. Жауын енді тапқан ашулы сабақтастар арашаласын ба, тұс-тұсынан кіжінді.

- Ұр, өлгеніңді..., аяма! - деп бір жағынан ұмтылған Серәліні мен ұстап жібермей қойдым.

- Енді аяқтан шаламысың?

- Қашан шалдым? Өзің ғой...

- Тілеуқанды да шалмадың ба, шақпадың ба! Міне шалмадың, міне!... міне!... шаламысың енді?... Енді шаламысың?... ша...ла...мысың?!

- Ағатай-ай, ағата...й!... Шалмайын енді, шалмайын ағатай шалмайын!

- Енді шағамысың деймін, шағамысың!...

- Шақпайын!... шақпа...иын!... шақпайын енді!...

- Ей, сабақтастар, енді мынаның жон терісін сылимын!... Айтқанымыз бар ғой! - деп Салық бұрышқа сүйрей жөнелді.

Оралқанды арашаға енді жібердік. Бойкүйез арашаға Салық бой берер емес, анда-санда бір мұрсат тапқан болып ұрып, жұлқынып кіжіне берді.

- Мұның шалуынан тұмсығым бұзылса, тұмсық салып бермейсің банжаң, арашалама!... Міне, міне, әкеңнің аузын!... Араға түспе деймін банжаң, қоя бер!... Бұл сүмелек Тілеуқанды өлтірсе, сен тірілте алмайтын болған соң былай тұр деймін!... Міне!... Шаламысың енді!... Шағамысың?

- Ой, енді мұнан соң қойсын деймін ғой, ешкімді шақпасын, - деп бажалақтағансыды Оралқан, - енді тыныш жүреді, ешкімге қастық қылмайды деймін, ей енді тыныш жүремісің?!... Айтсаңшы өзің!

- Айтайын, айтайын, тыныш жүремін ағатай!... енді... енді...

- Ей мақлұқ, енді... қысып жүремісің?!- деп барып Ынтықбай түсті араға.

- Қысайын!... Қысайын!...

Көпшілік Салықты тоқтатып, Сәбитті талқыға сала жөнелді де, шынын айтқызып, қашан, не деп шаққанын сөйлетті. Тілеуқанның «нақақ» екеніне де мойындатты. Мұнан соң тәртіп бөліміне барып жасырын шағым айтса, «өлетінін» де кесетті.

- Егер енді шақсаң, осы кластан біреуміз тірі қалсақ сені өлтіреміз!- деп Түгелбай көрсетті жұдырығын.

Осы кезде домалақша мұрны томпақ бетімен бірдей боп тегістелген Тілеуқан келіп кірді. Жылтыңдап тұратын қушыкеш көзі де ойнағанын енді қойғандай, «бүркеніп» алыпты.

- Өлгісі келмеген адам «өтірікке» мойындай ма? - деп бұртиды сонда да. Бұртиғаны - күлгені екенін әрең таныдық. Ынтықбай Сәбитке соңғы ескертуін соны көрсете айтты да:

- Ішшу, ей кісім... ей Шақан!- деп шақырды. - Мына екеуін суханаға апарып, ыстық су алып берші, беттерін жусын! Үстілерін тазалауға көмектес! Мына сүмелек енді бүлк етсе, бүйрегін оямыз!

Есепші Омарқан таяқ жеген екеуінің жүрісіне қарап күлді:

- Екеуінің жеген таяғы тура пропорция1 болыпты!

- Мұндай есепті дұрыс шығарудың әдісін енді толық түсінген шығармыз,- дедім мен көпшілікке ескерте. - Мұнан соң икстың2 орнын бәріміз іздей жүрелік, осы сабақ басқа кластарға да дұрыс оқытылса, миымыз көп ашымайтын болар еді!

Көреген тергеушім, дүниеде өзіңізден бұрын нелер бұзықтықтың өткенін көріп, тісіңіз қышыған-ақ шығар. Олай болатыны - сондағы үкімет ісі сіздің алдыңызда «төмен сауат», «әдеттегі ғана» үйреншікті қызмет қой. Олардың қабілетсіздігіне сіздей шебер қайраткердің әрине жаны ашиды. Жұңхуа3 Миңгода4 адам желкесінен найза түсірмеуге міндеттелген үкімет емеспе еді. «Үкімет» деген - «үкім ет». Ал, үкімет үгітіне келгенде «қабілеті жоқ» болып, оған қарсы үгітке келгенде «тілі қышитын», «үкіметтің далдасына тұрып алып, өзін атқылайтын», тыңшыларын тыныштандырудың есебін «оқытатын» мендей қатерлі бұзықты дүниеде болар деп ойламаған да шығарсыз. Қылмыс түлегі жақсы тілектің астынан, міне, жыртқыш тұяқтарын сапсита ұшпады ма!

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"


1 Хау (ханзуша) - жақсы, жарайды.

1 Тура пропорция (математикалық атау) - теңдік қатынас.

2 Икс - математикалшық таңба (х). Жасырын, жұмбақ санның белгісі.

3 Жұңхуа - орталық гүлжазира (өз ішінде Қытай мемлекеті осылай аталады).

4 Жұңхуа Миңго - Гоминдан құрған мемлекеттің аты (Қытай халық мемлекеті).

0 пікір