Жайырдың жампозы – Жәркен ақын...
Өткен жылдың тамыз айында жолымыз түсіп отбасымызбен Қазақстанға туысшылай бардым. Алматы іргесіндегі Райымбек ауылында тұратын балдызым Амантай ауылдас ағартушы ағамыз Кәдірдің үйінде арқа-жарқа әңгіме дүкенін құрдық. Ертесі құжаттарымызды көші-қон полициясына тіркеп алған соң ендігі жұмыс Алматы қаласының көрікті жерлерін қыдырып, тамашалау болды.
Жасыл орманмен көмкерілген байырғы қала Алматы бізді бірден баурап әкетті. Кезінде талай ақынды өзіне тамсандырған, ғашық қылған, жырларына арқау болған бұл ару қаланың көркіне біз де тамсанып, таңдай қағыстық. Түстікте бойын тік ұстаған, ақ басты қарт Алатау тұр. Қала жолдарындағы көліктер иін тіреседі. Өте-мөте әлеуметтік орындарда адамдардың сыбырға жақын сөйлесуі, қоғамдық көліктерде үлкендерге жастардың қарғып тұрып орын беруі, сырттан келген бізге біртүрлі жылы сезім бағыштады. Ал қаланың кешкі көрнісін айтып-сұра ма, әлем-жәлем, көше шырақтары көздің жауын алады. Еріксізден аспандағы қалың жұлдыз Алматыға кешкі қонақасыға келген бе деп қаласың.
Біз Алматы қаласында біраз басылымда журналист, бөлім редакторы болып жұмыс жасаған, Қытайдың жоғары оқу орнында бес жыл бірге оқыған сабақтасым Әлімжан Әшімұлының бастауында Көктөбе, Көкбазар, Республика алаңы, Республика сарайы, ҚР ұлттық мұражайы, Қазақстан ғалымдар үйі, Қазақстан Жазушылар одағы, Әуезов пен Абай атындағы театр, Арбат, СУМ, Медеу дейсің бе, аты белгілі көрікті жерлердің бірталайына барып, көзайым болдық. Соңында Қытайдан аңсап келген бір бұйымтайым есіме түсіп, Әлімжанға:
– Әлеке, кешеден бері бізге серік болып көп жерді көрсеттің, көрсетіп қана қоймай оның тарихы мен ерекшелігі туралы қысқаша мағлұмат та бердің. Мен саған отбасымның атынан көп рақмет айтамын! Енді саған айтар бір өтінішім бар, қайтсең де ақын Жәркен Бөдешке мені жолықтыр. Елге барғанда айта жүрейін, – деп тағы бір жұмыстың шетін бүлк еткізіп едім, Әлімжан да қарсы болған жоқ.
– Сағи, сен Алматыға күнде келіп жатқан жоқсың ғой, жарайды. Бірақ мен ол кісінің мекен-жайын білмейді екенмін, оның үстіне телефон нөмірі де менде жоқ. Сонда да бір мүмкіндік қарастырып көрейін. Сол үшін алдымен Жазушылар одағына барып ол кісінің мекен-жайын алайық, – деді. Сол күні күн жексенбі болатын, содан алаңдаған мен дегбірсізденіп:
– Әлеке, бүгін күн жексенбі ғой, Жазушылар одағына барғанымызбен ол кісінің дерегін кімнен сұраймыз, – дедім. Маған қарап күлген Әлімжан:
– Сағи, сен уайымда ма, Одақты күзететін күзетшілер де Қазақстан жазушыларының аты-жөні, мекен-жайы, керек десең үй, қолтелефоны жазылған кітапша болады. Соған қарап ақын Жәркен Бөдештің мекен-жайын аламыз, – дегені.
Айтса-айтқандай күзетшілерден кітапшаны сұрап алған ол кітаптың бетін парақтап Жәркен ағаның мекен-жайын тауып, әпсетте қағазға жазып алды. Содан соң такси ұстап міндік те, «Құлагер» ықшам ауданы қайдасың деп, тартып кеттік.
Ару қала Алматының Сейфуллин даңғылында жеңіл көлікпен зымырап келеміз. Әлімжанның не ойлап келе жатқанын білмедім, бірақ менің көңілім астаң-кестең. Апырау, біз барғанда ол кісі қарсы ала қоя ма? Ол кісі мен үшін алғанда тау ғой, тау болғанда Алатау емес пе?! Ал мен өзімді оның қасында төбешіке те санамаймын. Оның үстіне алдын ала телефон шалып ескертіп, келісім алмадық. Мен өлеңімді оқысам, мынауың өлең емес, сенен ақындық шықпайды, өлең жазып әуре болма десе қайтемін деген үрей бойымды билеп, көз алдымда қысылған бейнем кес-кестейді. Осындай аласапыран ойдың жетегінде «Құлагерге» де жетіп үлгіріппіз. Зәулім-зәлім қабат үйлердің арасын аралап келе жатқанбыз, кенет Әлімжан:
– Сағи, көрдің бе? Әне, Жәркен ағаның өзі отыр. Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады деген осы, бүгін сенің жолың болды, – деді, жеңіл әзіл араластырып, есік алдында отырған екі адамды нұсқап. Айтса-айтқандай, Жәркен аға есіктің алдындағы орындықта бір жігітпен әңгімелесіп отыр екен. Бірден танып, көзім оттай жанып, қуанғанымнан аяғым жеңілдеп кетті. Аяғымды жылдам басып бардым да, Әлімжанан бұрын қолымды Жәркен ағаға ала жүгірдім.
– Армысыз, аға!
– Құдайға шүкір, бармыз!
Жүздерімізден күлкі есті, құшағымыз айқасып, есендік сұрасып жатырмыз. Айқасқан құшағымыз жазылып, орындыққа жайғасқан соң Әлімжан:
– Жәке, аға! Мына жігіт менің Қытайдағы курстасым, Аты-жөні – Сағи Мұсаұлы. Күні кеше Қытайдан келді, сізге арнайы сәлем берем деп болмаған соң, ертіп келген жайым бар. Дұрыс істедім бе? – деді күліп.
Жәркен аға Әлімжанның арқасын алақанымен жеңіл қағып тұрып:
– Өте, дұрыс істегенсің інім! Мені өрден келгендер жиі іздеп тұрады, – деді де терең бір күрсініп алды да, маған қарап сөзін қайта сабақтады: – Сенің мына курстасың екеуіміз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында бірге жұмыс жасадық. Әлімжан еларалық «Қазақ елі» газетінде тілші, бөлім редакторы болды, қаламы қарымды журналист. Менің жақсы көретін інілерімнің бірі. Сені маған бұл ертіп келмеген де, кім ертіп келеді дейсің. Мына пәтерді жақында алдым, Әлімжанның бұл үйдің мекен-жайын білмейтін жөні бар, – деді күліп.
Мен Жәркен ағамен алғаш осылай кездестім, менен ел-жұртты сұрады, – Әлгі Думан (сазгер Думан Қизатұлын айтады) аман-есен жүр ме?
– Бәрі аман-есен, өзіңіз көргендей, – дедім қысқа қайырып.
Екеуара таныстық жасасып болған соң, мен ол кісінің «Ауыл сағынышы» деген өлеңін оқи жөнелдім:
Ұқсайсың меніменен бір туғанға,
Ұқсайды мінез-құлқың тұр-тұлғаң да.
Анамның саусағының табы түскен,
Ағатай жанқалтаңда құртың бар ма?
Сағынған сағынышым бар басымда,
Ауылдан артық жаннат бар ма сірә?
Өреден ірімшік-құрт ап қашатын,
Сағындым кезқұйрығын, қарғасында.
Аман ба, ауыл-аймақ, жұртым менің,
Аман ба, мен білетін бір түп емен?
Боздаған боз даланың ботасы едім,
Жанымды ашылатшы құртың менен?!
Сағындым сахараның қыр көктемін,
Сағындым Сарғұсынның жел өттерін.
Сағындым сары күзде қоңыраулатып,
Қайтатын аққу-қаздың тізбектерін.
Иә, сары күзді әнге бөлеп қайтқан аққу-қаздың тізбегі қандай ғажап сурет. Кезқұйрық, ананың саусағының табы түскен құрт, боздаған бота қылаяғы өлескі мен тезекте жүретін қара қарға бәр-бәрі де ауылға деген сағыныштың шынайы болмысы ғой.
Жәркен Бөдеш толқып кетті білем, жанарынан қуаныштың лебі есіп, жас парлап кетті. Бір орында байыздап отыра алмай қозғалақтай берді.
Бұл ән мәтіндегі «сағынған сағынышым» емес, «сарғайған сағынышым», «қыр көктем» емес, «қыз көктем», «сағындым Сарғұсынның жел өттерін» емес, «сағындым салқын самал тұзды өпкенін» екенін автордың өз аузынан естідім. Бұл өзгерістерге енген өлең жолдарына ақын қарсы болған жоқ, дейтұрғанмен түпнұсқа қалпында айтылғаны ақынға деген құрмет деп есептеймін өз басым.
Автордың айтуына қарағанда бұл мәтіннің шығу тарихы да қызық екен. Қазақстанның бұрынғы Талдықорған обылысында (Қазіргі Алматы облысының орталығы) тұратын Шәкен деген кісі 1990 жылы Тарбағатайдың Толы ауданына туысшылап келеді. Толыда екі-үш ай жүрген әлгі кісі арада күйші Ғизат Сейтқазыұлымен танысып қалады. Шәкен аға еліне қайтар кезінде Ғизат аға ол кісіні Қорғас өткеліне дейін шығарып салады. Сонда ол: «Мына сәлемдемені Жәркен Бөдешке табыс ет!» деп аузы тігілген шағын қалтаны беріп жібереді. Сәлемдеме Жәркен ақынға аман-есен жетеді. Ол қалтаның аузын ашқанда оның көзіне бір түйір арша мен бір уыс құрт оттай басылады. Апыл-құпыл екеуін қолына алған Жәркен ақын қалта толған басқа сәлемдемені әйеліне сыра салып, аршаны құшырлана иіскейді, бір тал құртты аузына салып алып ұртын бұлтыңдатып сорады. Араға күн салып көңілжықпас жерлестерін үйіне шақырып, кішігірім дастарқан жайып оларға: «Менің туған жерімнен дәм келді!» деп құртты ұсақтап бөліп, ал аршаны тіс шұқығыш қып таратып береді. Көп уақыт өтпей ақын туған жерге деген сағынышы мен толқыған көңіл күйін, жоғарыдағы «Ауыл сағынышы» атты өлеңге сидырып жазады. Бұл өлеңді ақынның өзі теледидарда оқиды.
«Құланның қасуына мылтықтың басуы дегендей» арғы бетте теледидар (ол кеде шекараға жақын аймақтарда Қазақстанның «Алатау» телеарнасы бұлдырлап болсада көрінетін) көріп отырған күйші Қизат Сейтқазыұлы өлеңді үнтаспаға жазып, баласы Думанға тыңдатады. Бұл өлең өнерлі отбасында дүниеге келіп, жастайынан музикамен сусындаған Думан Қизатқа бірден ұнай кетеді. Ол көп ойланбастан: «Әке, осы өлеңге ән жазсам қайтеді?» деген ойын бірден айтып салады. Қизат аға да бұл өлеңнің әнге сұарнып тұрғанын айтып, әнге лайық шумақтарын таңдап береді. Сонымен «Ауыл сағынышы» деген ән осылайша өмірге келген екен. Араға талай жыл салып Жәркен Бөдеш Қытайға келгенде Толыдағы жерлестері ақынның алдынан шығып қарсы алғанда осы әнді шырқайды. Ал күйші Қизат Сейтқазы замандасы Жәркен ақынға арнап жазған «Сарқасқаның сарыны» деген күйін күмбірлетіп төгеді. Өлеңнің мән-мағанасын түсініп оны әнге бөлеген Думанға ақын ағасы Жәркен ризашылдығын білдіріп алғыс-батасын жаудырады. Аталған әннің мәтіні Жәркен Бөдештен осылайша туса, ал Думаннан қоңыр дауысты ән лапылдайды. Әншілерде бұл әнді мұратына жеткізіп орындайды. Міне сонан бері шырқалып жұрт жүргінен терең орын алған бұл ән өткен жылдары «Дос» тобының орындауында, Алматы қаласында жүлдеге ие болыпты.
Мен өлең жайлы Жәркен ағадан кеңес сұрғаным да: «Өлең киелі өнер, байқамасаң киесі атады. Ол үшін көбірек іздену керек, оған қоса өнерге, әсіресе поэзяға адалдық керек» деді.
Жылқы мінез халықпыз,
Өскен аттың жалында.
Қара тауға көшкеміз,
Оранып ақ сағымға.
Жылқы десе елеңдеп,
Тіп-тік басып тұяқты.
Сезгірлікті сезімтал,
Жылқы бізге сыйлапты.
Шу асауды құлақтап,
Жасымызда-кәріміз.
Ханға сәлем бермедік,
Салдық құрық бәріміз – деп «Ат мынау» деген өлеңімді оқып бергенімде, Жәркен ақын:
– Сағи, інім, сен менен де мықты екесің! – деп жүзі жайраңдап, екі көзі жайнай берді. Сонда мен өзімді ыңғайсыз сезініп:
– Аға, мынауыз әділетсіздік болар, менде сіз айтқандай мықтылық та, тым талант та жоқ, сіз қазақтың біртуар арқалы ақынысыз, сіздей жанпоз ақыннан маған мысқалдай өнер дарыса екен, жұқса екен деп әдейі ырымдап келіп едім, – дедім.
Осыдан кейін Жәркен аға өзінің «Туған жер» деген өлеңін оқи жөнелді:
Туған жердің қар-мұзы,
Аязыңмен жуындыр.
Туған жердің бал қызы,
Бұрымыңмен буындыр.
Туған жердің бұлағы,
Толқыныңмен ат мені.
Туған жердің жыланы,
Шырылдатып шақ мені.
Туған жердің шеңгелі,
Тырна аямай бетімді.
Туған жердің желдері,
Аузыма құй өтімді.
Туған жердің доңызы,
Қан жоса қып жарып кет.
Туған жердің қоңызы,
Домалатып алып кет.
Туған жердің қасқыры,
Кемір ақын сұйгін.
Туған жердің тас, құмы,
Сені солай сүйемін.
Туған жерінен еріксіз алыстап кеткен, ортасын темір тікен бөліп тұрған ақын Жәркен бұл өлеңін жеріне жеткізіп жазады. Айтыңызшы, бүгінге дейін туған жерге деген махабатты осыдан артық қайсы ақын айта алды?! Исі қазақ баласы бұл өлеңді тебіренбей, еміренбей оқуы мүнкін бе? Туған жер құдыреті өз перзентін еріксіз тарту күшінің құдіреті осы шығар. Жәркен ақынның өз сөзімен айтқанда «сұмдық өлең» жаздырған. Міне бұл шумақ термешілер үшін таптырмайтын толғау болса керек.
Ақын аға «Жайыр» деген өлеңін оқығанда дауысы дабылдап шығып тұрды. Мен өзімді Жайырда жүргендей кұй кештім, себебі Жайырға бірнеше рет барғанмын. Оның үстіне «Жайыр» деген ат маған бала кезден таныс еді. Радиода Қизат ағаның «Көркем Жайыр» деген күйін бала кезімнен көп еститінмін. Біздің шеруші руы Толы ауданында ауыл-ауыл болып отырады екен. Менің әкемнің әкесі Қамза деген осы Жайырда туылыпты. Жыңғылдағы шерушілердің кей балаларының аты Жайырбай, Жайырбек болып келетін. Үлкендерден «Бұл қалай?» деп сұрағанымда олар: «Жайырдағы туысымыздың қолында бірнеше жыл жүріп келгесін, осы жердегілердің қойып алған лақам аты ғой» десетін. Жайырдың шөбі қысқа, кенеулі, малға жұғымды, топырғы құнарлы дегенді көп естимін. Адам туған топырағына тартып туады дейді екен. Жәркендей ақынды дүниеге әкелген даламда бір қасиет бар-ау деп ойлай беремін.
Біз ақын ағаның үйінде дастарқан басында әңгіме дүкеннің көрігін қыздырған сайын қыздыра түстік. Мен ақын атасынан бата алу үшін жаныма ұлым – Шаттықты ертіп алғанмын. Шаттық Жәркен атасына Қазақстанға келгенен кейін өзінің әсерін ханзу және қазақ тілінде әңгімелеп берді. Сонда Жәркен ақын:
– Балам, ханзу тілі мен қазақ тілін жақсы сөйлейді екенсің, орыс тілінде үйрен. Өнер-білім көптік етпейді, зор азамат бол! – деп батасын берді.
«Ақын болу үшін алдымен терең ой, тебіренетін жүрек болу керек» деген екен Бауыржан Момышұлы.
«Ұшады,
Қонады,
Кілең ақ ұлпа балапан,
Үлбіреп бала тән,
Сүйсініп еріп кетеді,
Тоссаңыз ып-ыстық алақан,
Аяз қарыса саршұнақ,
Боран ұлыса қарсылап
Ып-ыстық қойынға тығылып,
Қарда жаурайды қалтырап» дейді.
«Қар да жаурайды» деген өлеңінде ақын табиғатқа жан бітіріп жіберген. Менде поэзя деген киелі өнердің аязына жаурап сонау алыстан бір туар ақыннан жылылық іздеп келген жоқпын ба?! деймін өзіме-өзім сұрау тастап.
Жәркен аға «Жайырдың жалғызы» деген романыныңда жамбасын жерге тигізген өз ауызынан естіп қалдық.
Біз барғанда есік алдында Жәркен ағамен бірге отырған жігіт темірден түйін түйетін (өзі ағайынды екі жігіт екен) ұста екен. Әрі Жәркен ағаның көршісі екен. Ол Жәркен ақынның 70 жылдық мерей тойында бір айбалта ұсыныпты. Ақын аға одан бұрын оған арнап «Балға мен төс» деген поэмасын жазыпты. Осыдан бір жыл бұрын өткен «Арғы тауға асумын. Бергі тауға белеспін» деген осы шығармашылық кештің жақсы өткенін Әлімжан Әшімұлы сөз арасында айтып қалды.
Ақынның балалық шағындағы бір оқиғадан ой алып жазған өлеңі тіпті қызық. Ақын бала кезінде қозы-лақ бағып жүріп жаңбырдың астында қалады. Абайсызда жаңбырдан аяғы тайып, сырғанап отырып жар қабағына барғанда құдай оңдап қолы бір түп шеңгелге ілінеді. Сол шеңгелдің арқасында бала аман қалады. Сонда бала ақын:
«Ақылыммен кеңесем,
Мақсатыма жетердей.
Өмір деген не десем,
Бір түп шеңгел екен ғой» деп өлең жазған екен. Ал мен осы өлеңнің әсерінен Жәркен Бөдешке арнап «Бір түп шеңгел» деген поэма жаздым.
Осы орайда бір қызықты жайтты айта кеткім келіп тұр. Бір журналдан Жауһарбек Шайқыұлының «Туған жер» деген өлеңін оқыдым. «Жәркен Бөдешұлының ізімен» деген ескертуі де бар екен.
«Туған жердің арасы,
Шырылдатып шақ мені.
Туған жердің мотосы,
Май жолына ат мені.
Туған жердің қыздары,
Бұрымыңмен буындыр.
Туған жердің ұлдары,
Ішейікші бүгін бір».
Қысқасы ақын ағаның шығармашылығы бір мектеп. Ол кісінің қай шығармасын оқысаңыз рухыңызға серпін беріп, жаныңды желпи түседі. Сыршылдық пен сыншылдық, сағыныш пен мөлдір сезім, асқақ фапос бәр-бәрі Жәркен ақын жырларында бар. Өнер мен мәдениетте шекара жоқ деген осы шығар. Қолына қалам ұстап, талпынған жастардың көбі Жәркен ағасын төңіректесе, Жәркен аға да олардан ағалық ақылын аямай беріп жүреді. Алматыда бірнеше жыл тұрған ақын Білісбек те Жәркен ағадан аз дәріс алмаған көрінеді. Бұл да болса Жәркен ақынның болам деген баланың басынан сипаған, елге сиымды адам екеннін дәлелдесе керек.
Осылайша біз Қазқстан Жазушылар одағының мүшесі, «Көкше құрақ», «Қос қанат», «Аспан дауысы», «Жұлдызға орнын ай бермес» қатарлы 20 неше кітаптың авторы, Халқаралық әдеби «Алаш» сыйлығының және түркі елдері поэзясы фестивалінің лауреаты, қазақ поэзясының құбылысы, кесек талант иесі Жәркен Бөдештің кісілігінен, көпшілдігінен, даладай жомарттығынан шұрайлы әңгімелерінен жанымызға шуақ құиып қимастықпен қош айтып аттандық. Қоштасарда ол кісі «Жұлдызға орнын ай бермес» атты жыр кітабына:
«Сағи ақынға!
Шын ақындық тілекпен, шабыт – теңіз».
Құрметпен, ағаң Жәркен Бөдешұлы 7 тамыз 2015 жыл Алматы. деген қолтаңба жазып қолыма ұстатты.
Сағи Мұсаұлы,
Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz