Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3299 0 пікір 23 Сәуір, 2012 сағат 08:47

Хат жазып тұр...

Ұялы телефонның хат жазысу мүмкiндiгiн кеңiнен пайдаланып жүргендердiң бiрi мен шығармын. Бiр ғажабы, бiреулердiң маған жазған хаттары да, менiң бiреулерге жазған хаттарым да, арнайы өшiрiп отырмасаң, телефонның жадында жиналып тұра бередi екен. Қайталап оқысаң, өткен өмiрiң есiңе түсiп, санаңда жаңғырып, сол сәттердi қайтадан басыңнан кешкендей боласың. Тағы бiр қызығы, хаттарды өлеңмен жазғанға ештеңе жүрмейдi. Әсiресе, таңы өлеңмен атып, күнi өлеңмен бататын, айналасын ақындар қоршаған мен сияқты кiсiге өлең-хаттардың қадiрi бөлек. Бөгде сөз қоспай, ойыңды жеткiзiп айта аласың. Өзiме жиi SMS хаттарын жолдап жататын Серiк Абас-шахтан бiр хатыма жауап болмай қалғанда, былай деп сәлем жолдаппын:

Неге жауап бермедiң эсэмэске,

Түстi ме төбеңдегi көсем еске?!

Әншейiнде ауызын жаппай жүрiп,

Тойда өлең таппаған осы емес пе?

Ол кезде "Хабар" арнасында бас продю­сер болып қызмет атқарып жүрген Серiк "Қазақстан" телеарнасына қызмет ауыстырған екен, былай деп хат жазыпты:

Көңiлiңе мың алғыс, аға, арнаған,

Кiнәңiз де орынды тағар маған.

Хат-хабарсыз кеткенiм заңды шығар,

ҚАЗ арнаға ауыстым хабарнадан.

Ұялы телефонның хат жазысу мүмкiндiгiн кеңiнен пайдаланып жүргендердiң бiрi мен шығармын. Бiр ғажабы, бiреулердiң маған жазған хаттары да, менiң бiреулерге жазған хаттарым да, арнайы өшiрiп отырмасаң, телефонның жадында жиналып тұра бередi екен. Қайталап оқысаң, өткен өмiрiң есiңе түсiп, санаңда жаңғырып, сол сәттердi қайтадан басыңнан кешкендей боласың. Тағы бiр қызығы, хаттарды өлеңмен жазғанға ештеңе жүрмейдi. Әсiресе, таңы өлеңмен атып, күнi өлеңмен бататын, айналасын ақындар қоршаған мен сияқты кiсiге өлең-хаттардың қадiрi бөлек. Бөгде сөз қоспай, ойыңды жеткiзiп айта аласың. Өзiме жиi SMS хаттарын жолдап жататын Серiк Абас-шахтан бiр хатыма жауап болмай қалғанда, былай деп сәлем жолдаппын:

Неге жауап бермедiң эсэмэске,

Түстi ме төбеңдегi көсем еске?!

Әншейiнде ауызын жаппай жүрiп,

Тойда өлең таппаған осы емес пе?

Ол кезде "Хабар" арнасында бас продю­сер болып қызмет атқарып жүрген Серiк "Қазақстан" телеарнасына қызмет ауыстырған екен, былай деп хат жазыпты:

Көңiлiңе мың алғыс, аға, арнаған,

Кiнәңiз де орынды тағар маған.

Хат-хабарсыз кеткенiм заңды шығар,

ҚАЗ арнаға ауыстым хабарнадан.

Маған өлеңмен SMS хаттар жолдап тұратын Серiк Абас-шахтың бiр ерекшелiгi, қоғамда болып жатқан кез келген оқиғаға байланысты өзiнiң көзқарасын бiлдiрiп отыруға тырысады. Рас, оның кейбiр сөз қолданыстары, жасанды ұйқастары менiң ойымнан шыға бермейдi. Алайда, өлеңдерiн көпшiлiкке жариялап, ақынмын деп атағын шығаруға таласы жоқ Серiктiң ондай селкеу сөздерiне онша мiн таға бермеймiн, оғаш ойларын қызықтап, қал-қадарымша жауап берiп жүремiн. Бiр жолы Серiк мынандай хат жолдапты:

Жүрсiн аға, ерте ғой жыр-естелiк,

Шабыт жағын сақтаңыз "күреске" енiп.

ТЖ болып қашанғы шыдамақпыз,

Намыс жатыр тапталып, "престелiп"

Менiң жауабым:

Сөздерiм қалса ойыңда престелiп

Жазарсың мен туралы бiр естелiк.

Балталаса бұзылмас ұйқасымды

"Қалтаңа сап", ұмытпай жүр ескерiп.

Бiр жақсысы, саясаттағы кейбiр оқиғаларға келгенде, Серiктiң қаламы сүйреңдеп кетедi. Бiр жолы, Астана мен Алматыда қысқы Азиада өтiп жатқан кезде, ол маған "Махаббат, денсаулық, Азиада қалай?" деп хат жолдапты. Мен өлеңмен жауап бердiм:

Қызғаныштан жан едiң өзiң ада,

Әдiл жауап берейiн базынаңа.

Махаббат пен денсаулық орынында,

Уайымым жалғыз-ақ - Азияда.

Мәжiлiстiң сайлауы жүрiп жатқан кезде Абас-шах менi тағы да өлеңмен қажапты:

Жүлдесiне ат қосып, тай қыстырып

Ақындарды жүрсiз ғой айтыстырып.

Шықпайсыз ба "Ақ жолға" "Нұр-сезiммен",

Қалауланып өзiңiз "тайтыс" құрып?

 

Мәжiлiстi ақ жолмен "таза алдаңдар",

Оңай шешпес басына "тәж алғандар".

Жүрсiндер жүре бермей "отырмай ма"

Ауысқанға арттары "қажалғандар"?

Сайлау десе, менiң төбе шашым тiк тұратынын Серiк iнiм қайдан бiлсiн? Кезектен тыс сайлау, референдум өткiземiз деп, алашапқын болып жүрген кезiмiзде, ол тағы бiр сәлем жолдапты:

Ұтпадық ұят үшiн қырқысып түк,

Көзiмiздi "күн-сәуле" тұр қысық қып.

Алтысына шiлденiң Жаңа жылды

Ауыстырмай тынбайды-ау "Нұр-пысықтық".

Сайлау мәресiне жеткен кезде, мен де Серiкке кезектi қалжыңымды жiбердiм:

Қалiң қалай "Хабардағы" қаламдас?

Қаламгердi қамықтырған ел оңбас.

"Бiз жеңдiк" деп, аспанға атып бөркiмдi,

Содан берi жүрмiн әлi жалаңбас.

 

Серiк те есесiн жiбермептi:

Кемел жасқа келсеңiз де, аңғалсыз.

Бiздiң елде "Нұр" болмаса, шам да әлсiз.

Ақын аға, бөркiңiздi қайтесiз,

Артын ашып, жүр ғой халық дамбалсыз!

Серiктiң осындай шамшыл шумақтарын әлi күнге қайталап оқып, ойланып қаламын:

Үй құсымыз,

Ұйқысы - мұз,

Торға қашқан қауiптен,

Бiр қоразы ғұмыр кешкен

Миллиондаған тауықпен.

Қыт-қыт үннiң бар есебiн

Есептемей айтатын

Мақтанамыз балгер-бұлбұл

Ертiсбаев - тәуiппен.

Немесе:

Палауын асып отыр Сайрамда ағам,

Иван да мас,

Дәл бүгiн Байрам да "адам"

Құттықтаймын қазақты мейрам атты

Келiмсектер күнiмен тайраңдаған.

Астанаға Белоруссияның президентi Александр Лукашенко келген күнi мен Серiкке сұрақ қойыппын:

Дәметiп жүрген кезде жұрт батадан,

Мен өзiм жүрушi едiм сыртқа таман.

Минскiде ми ашып жатқан кезде

Астанада неғып жүр мұртты атаман?

 

Серiк те қолма-қол жауап берiптi:

Байқамапсыз батпандай батқан iздi,

Жақсы көрiп келген жоқ "Батька" бiздi.

Жақын жұрты кеткен соң тыңдамастан

Өзi жайлы жырлап жүр жатқа "аңызды".

Египеттiң президентi Хосни Мубарак аттан құлап жатқан кезде мен Серiкке хат хазыппын:

Вузымызға ат қойып "Нұр-Мүбарак",

Бiр күн қазақ болып ек, бiр күн араб.

Мүбарактың мұрнынан қан кеткенде

Терезеден ағамыз тұрды қарап.

Маған айтыс ақындары өлеңмен хат жазып жатады. Әсiресе, кезектi айтыстың дүбiрi шыққан кезде, мұндай хаттар жиiлей түседi. Астаналық Бақытжан Қасымовтың өлең-хаты солардың бiразымен мазмұндас:

Уа Жүке, жаман iнiң бабында әлi,

Додасыз тауым жатыр шағылғалы.

Түсiмде айтыс пенен сiздi көрем,

Өлеңнiң жәрмеңкесiн сағынғалы.

Халықаралық айтыста төртiншi жүлдеге ие бол­ған Еркебұлан Қайназаров та ризалығын төрт жолға сыйғызыпты:

Болмаған соң тiлiм - тас, таңдай - темiр,

Жырмен бағып жүрмiз ғой жанды әйтеуiр.

Шүкiрлiк төрттiң бiрi болғаныма,

Көптiң бiрi болмасам болды әйтеуiр.

Бұл - жүлдегер болған ақынның назы болса, айтыстың аламанына қосыла алмай қалған ақынның хаты менiң жанымды ауыртады. Бiр айтыста қатты сүрiнiп кетiп, айтыстан шеттеңкiреп жүрген қызылордалық Ержеңiс Әбдиев былай мұң шағады:

Маған жастай дем берiп адал достай,

Жарқыратқан өзiң ең ақ алмастай.

Қап түбiне қайтадан салып қойдың,

Сүрiнiп ем жатып-ақ қадам баспай.

Тiлдесуге мен болсам тосырқаймын,

Сен кейiме кеттiң деп хабарласпай.

Бақ таусылар дегенде көп қарсылар,

Жауар әлi бақ болып ақ тамшылар.

Ұл-қыздарың қасыңа жиналуда,

Саулығыңды бәрi де Хақтан сұрар.

Бiр балаңды таппасаң арасынан,

Бiр бұрышта бүк түсiп жатқан шығар?!

Осылай қолқа салатын жалғыз Ержеңiс деймiсiз? Сөз ұғатын адамға осындай хаттар қанша жан азабын ала келетiнiн шамалай берiңiз. Әр айтыстың алдында келетiн осындай өлең-хаттар менi сергелдеңге түсiредi.

Былтыр Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуына орай өткiзiлген республикалық мүшәйрада мен бас жүлдеге ие болдым. Өзiмнiң ең жақсы көретiн шәкiрттерiмнiң бiрi, оралдық Бауыржан Халиолла өлеңмен құттықтау жолдапты:

Мақатаев...! Жазмыш па, әлде бұйрық па,

Құтты болсын! Қымызыңды құй жұртқа.

Тiрi жүрсек, таласармыз бiз де ертең

Жүрсiн Ерман атындағы сыйлыққа!

Мен Бауыржанның поэзиясын жоғары бағалаймын. "Бiр өлең - бiр әлем" атты мүшәйрада ит туралы өлеңiмен жүлдеге де ие болған. Алғаш­қы кiтабы да менiң алғысөзiммен жарық көрген. Әттең, "жұтып" қоятыны бар. Бар бол­ғанда да, кейде тiптi мөлшерден асып, оң-солын жоғалтып алады. Сол үшiн мен оған көп ренжимiн. Көп ұрсамын. Әлгi құттықтаудың алдында да арамызда сондай бiр түс шайысулар болып едi. Сол себептi де жауабым қатқыл шықса керек:

Ғұмыры бар сабындай-ақ қамшының

Өз биiгiн бiлу керек әр шыбын.

Жүрсiн Ерман атындағы сыйлықты

Алқаштардың алуына қарсымын!

Алқаш десем, шамданба, алқаш iнiм,

Мен өзiм де сол құрттың малтасымын.

Талантыңның су құйып төбесiнен

Етiп жүрме ертерек жан-тәсiлiм!

 

Мұндай қатты сөзге шыдамаған Бауыржан да шорт кетiптi:

 

Сақтап келген соңғы сөзiң болды ма,

Ендi алдыңда ұстамаспын домбыра.

Бiр ақынның алып тұрып сыйлығын

Бiр ақынды табалауың - зор күнә!

Бұған не деуге болады?! Мен Бауыржанға жауап хат жазғаным жоқ. Еесесiне ол тағы бiр хат жолдады:

Осы айтыстың жүргiзем деп кемесiн,

Сен отыз жыл арпалысып келесiң.

Ит терiмдi қаптап менiң басыма,

Ту сыртыңа келiп қалсам - тебесiң.

Сенемiн деп айтыс пенен өлеңге,

Сау тамтық жер қалмап едi денеңде.

Табынатын жалғыз шәкiрт мен едiм,

Қайран ұстаз, айырылдың-ау менен де!

Мен күнi кешеге дейiн Президенттiк мәдениет орталығында директордың кеңесшiсi болып қызмет iстеп келдiм. Бұрынғы Сыртқы iстер министрi, мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев аяқ астынан директор болып келдi де, қысқарту арқылы тағы да жұмыстан кетуiме тура келдi. Осыны естiген болу керек, қарағандылық ақын бауырым әрi қазақы жолмен балдызым болып келетiн Дидар Қамиев "көңiл айту" хатын жолдапты:

Уа, Жүке, жездем едiң сен жыр кеуде,

Көңiлiң ұқсас тұнық, мөлдiр көлге.

Арда өнерге араша түсе бiлдiң,

Желiгiп талай төбет желге үргенге.

Көп ақынды кiргiздiң радиоға,

Қызметсiз қалмасын деп мен жүргенде.

Сөйткен Жүрсiн Ерманның осы күнi

Жұмыссыз екендiгiн ел бiлген бе.

Ине байғұс жалаңаш қалады екен,

Әлемдi киiндiрем деп жүргенде.

Мен Дидардың өз ұйқасын сақтай отырып, бiр шумақпен жауап жолдаған едiм:

Болмайды елден биiк ермiн деуге,

Мен қашан қызметпен кердiм кеуде.

Күрекке боқ таба алмай қалдым тағы

Түсiрiп Саудабаев тендiрлеуге.

Аштан өле қоймаспын, көштен қалып,

Арғындар жосылып жүр ендi iргемде.

Дидардың жауабы да әзiр тұр екен:

Қыпшақ боп тулағаны бойда қанның,

Образын сомдасаң ойлы адамның.

Қызмет - жуса кетер қолдың кiрi,

Бұдан жаман күнде де тойға бардың.

Қазақ үшiн сiз белдi қызметкерсiз,

30 жыл арда өнердi жоймаған кiм.

Жүрсеке, артық кетсем, кешiрерсiз,

Жездем деп, жақын тартып, ойнағанмын.

Күйеуiн аш-жалаңаш қалдырмайды

Бiреуiн патша қылып қойған арғын!

Осындай орынды әзiлi бар, ұрымтал сөзi бар SMS хаттардың кiсiге сыйлайтын қуанышы неге тұрады? Қағазға қайсысын түсiре бере­сiң? Серiк Абас-шахқа жолдаған бiр хатыммен сөздi шиырайын:

Айналғандай бейне бiр құзғынға адам,

Азып бара жатыр-ау бiздiң қоғам.

Бiр жақсысы - көзiңдi өзi шоқып,

Бере қоймас басқаға тiзгiндi ағаң.

Бал жалатса, керегi не тұздың маған,

ТЖ-лардың бiрiмiз бiз мыңдаған.

Сiрә, Серiктiң де көңiлi құлазыған бiр шағына тап келсем керек, оның хат жазған ауаны соны аңғартады:

Балаларды ендi ешкiм ойнатпайды,

Тайлақ бiткен пессимист, ойлап қайғы.

Алтын шашты тек қана кәрi түйе

Рухпен ойнап, тоңқаңдап, ойнақтайды.

Топастықтың сезгенде күшiн анық,

Көңiл азып,

Қалады кiсi налып.

Қалың сұрақ қаумалап, қажытқанда,

Ойдан қашқың келедi iшiп алып!

Қой, Серiкжан, қажыма! Өмiр күрделiлiгiмен қызық. Абай атаң: "бәрi өтпелi болса, жаманшылық неге тұрақтап қалады деп ойлайсың", - демеп пе едi.

Одан да, қолың қалт еткенде, хат жазып тұр!

Жүрсiн ЕРМАН

«Жас Алаш» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395