Сейсенбі, 26 Қараша 2024
3132 0 пікір 28 Сәуір, 2021 сағат 13:04

Тәуелсіздікке 30 жыл: «Дала дидары» сүйсінтті

Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінде «Дала дидары» атты өнер фестивалі жүріп жатыр. Әлі де көпшілікке танылмай жүрген, ел ішіндегі саф алтындай таланттардың  жолын ашып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беретін бұл рухани жоба Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып отыр. Фестиваль Көкпекті ауданы шеберлерінің көрмесімен ашылған еді.

Музейдің кіші залына Көкпекті ауданы шеберлерінің қолынан шыққан елу жеті бұйым қойылыпты. Ішінде қолөнер туындылары мен кескіндемелік картиналар, пейзаждық жұмыстар да бар.

- Бір қарағанда қарапайым дүниелер болып көрінгенімен, өздері малмен, күнделікті күйбің тіршілікпен  айналысып жүрген адамдардың уақыттарын бөліп, қолөнерге көңіл бөлулерінің өзі қаншалықты?! Осы көрмені ұйымдастырудың өзі үлкен қажырлылықты талап етері сөзсіз, - дейді өнер мұражайының қызметкері Сыйлық Кашей.

Маманның айтуынша жұмыстардың арасында тың стильде орындалған, қазылар алқасының назарын селт еткізген дүниелер бар екен. Мысалы, Гүлгина   Ахметқалиеваның аралас стильде орындалған картиналарын алайық. Біз әдетте картиналарды тек бояумен салады деп қабылдап үйренгенбіз ғой, басында өзіміз де солай ойладық. Анықтап қарасақ, негізі, фоны дейміз бе, жүннен жасалған, осы стильде бірнеше туындысы бар. Жүннің әр талы түтіліп, қанық түстерге боялған. Жылылық сыйлайтын түстер таңдалып алыныпты. Ал сырға толы тастағы суреттерді жіппен кестелеген бе деп қаласыз. Сөйтсек, ол жіңішке сыммен тоқылған екен.  «Күзгітұрым» деген пейзаждық суреті де түсі қанық,  орындалуы өте сабырлықты, шыдамдылықты қажет ететін дүние.  Ал Жанна Жабекованың  қолынан шыққан себет пен киіз үйді қарапайым қағаздан жасалған деп әсте ойламайсыз. Шебер алдымен газет беттерінен түтікше жасап, оларды ине арқылы бір біріне жабыстырып, тоқыма материал дайындап алып, содан тоқыған екен. Мүмкіндігі шектеулі жан болғанына қарамастан Жанна осы қолөнерінің арқасында қосымша табыс та тауып отырған көрінеді. Ольга Луцкаяның кендір жіптен тоқылған  торсығы мен  тостағандарын тек сәндік үшін жинап қоймай, күнделікті  тұрмыста қолдануға да болады, дейді мұражай қызметкері.  Көкпектінің көрікті табиғаты бейнеленген Серікбай Рысүмбетовтің «Қыс», Эльмира Ізғұттынованың «Таң» атты пейзаждары да көпшіліктің назарына ілікті.

- Көрме желтоқсанның он алтысына дейін созылады. Жыл соңына дейін өңірдегі он бес ауданның суретшілері мен қолөнер шеберлері кезекпен өз туындыларын әкеліп отырады. Көкпектіден кейін Шығыс жұрты мамыр айында Алтай, Тарбағатай  аудандарының көрмесін тамашалайды. Қорытынды көрмеде қазылар алқасының шешімімен ең таңдаулылары марапатталатын болады, - деді музейде.

Фестиваль барысында ауданның өнерпаздарына  ән мен жырдан шашу шашып, бар өнерлерін паш етулеріне мүмкіндік бар.  Осылайша тасада қалған таланттардың көзін ашу – рухани жобаның басты мақсаты.

Айтпақшы, қазір облыс орталығы «қызыл» аймақта болғандықтан, көрмені келіп көрушілердің қарасы аз. Алайда  музей қызметкерлері әлеуметтік желі арқылы онлайн экскурсия ұйымдастыруды қолға алған.

Айна Ескенқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019