Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
IV
Гоминданның Шинжяңға арнаған саясатын алғашында Жушауляң әкелсе де, азулы әскери қолбасшы сахнадағы рөлді толық атқара алмай, тез танылып қойған. «Аппастың» қанды қырғыны жетесіне жеткен құсалы халық «жаппас» келген соң буырқана түспесін бе? Сол тасқынды тыныштандыру үшін Жяң Жиеші өзінің ең «өнерлі» артисі У Жұңшинді өткен күз басында жіберіп еді.
У Жұңшин жетілген улы тырнағын ішіне бүгіп, халық халіне қайғырғанси жетті. Ежелден ел сатып, халық жеп әдеттенген шұбар төс ақсақалдардың аузына бұл мен шәйді топ-тобымен тықпалауға кірісті. Мұның аты «халықтан хал сұрау» еді. «Қан ішер Шың Шысай қамап кеткен адамдарыңды түгел азат етеміз» дейтін сөзбен бұл да аузын көпіртіп алды да, өзіне қызмет көрсетер деп сенген қытай тілділердің екі-үшеуін ғана түрмеден шығара қойды. «Жастар Жұңхуа Мингоның кең құшағында еркін жасайды» деп алып, артына қайырып тұрған қолымен мектеп оқушыларының өз үйлеріне жазған хатын да тексеріп тұруды бұйырды...
Таңертең көшеге шығып бара жатқанымда Кәменнің хат жөніндегі тергеуіне ілінуім осы «еркіндік» саясатты ескермей жауап беруімнен еді. Кәменнің алдына түсіп, аңдуына қалмаудың сылтауын тауып «жатақханада қалыпты» деген сол хатты қайтып келе сала жаздым да конвертке сала қойдым.
Енді бас мұғалімге тапсырып бере қояйын деген оймен жүгіріп жеткенімше алдымнан Кәмен шыға келді де, арсылдап тұра қалды:
IV
Гоминданның Шинжяңға арнаған саясатын алғашында Жушауляң әкелсе де, азулы әскери қолбасшы сахнадағы рөлді толық атқара алмай, тез танылып қойған. «Аппастың» қанды қырғыны жетесіне жеткен құсалы халық «жаппас» келген соң буырқана түспесін бе? Сол тасқынды тыныштандыру үшін Жяң Жиеші өзінің ең «өнерлі» артисі У Жұңшинді өткен күз басында жіберіп еді.
У Жұңшин жетілген улы тырнағын ішіне бүгіп, халық халіне қайғырғанси жетті. Ежелден ел сатып, халық жеп әдеттенген шұбар төс ақсақалдардың аузына бұл мен шәйді топ-тобымен тықпалауға кірісті. Мұның аты «халықтан хал сұрау» еді. «Қан ішер Шың Шысай қамап кеткен адамдарыңды түгел азат етеміз» дейтін сөзбен бұл да аузын көпіртіп алды да, өзіне қызмет көрсетер деп сенген қытай тілділердің екі-үшеуін ғана түрмеден шығара қойды. «Жастар Жұңхуа Мингоның кең құшағында еркін жасайды» деп алып, артына қайырып тұрған қолымен мектеп оқушыларының өз үйлеріне жазған хатын да тексеріп тұруды бұйырды...
Таңертең көшеге шығып бара жатқанымда Кәменнің хат жөніндегі тергеуіне ілінуім осы «еркіндік» саясатты ескермей жауап беруімнен еді. Кәменнің алдына түсіп, аңдуына қалмаудың сылтауын тауып «жатақханада қалыпты» деген сол хатты қайтып келе сала жаздым да конвертке сала қойдым.
Енді бас мұғалімге тапсырып бере қояйын деген оймен жүгіріп жеткенімше алдымнан Кәмен шыға келді де, арсылдап тұра қалды:
- Ей, сенің әлгі таңертеңгі хатың қайда? Почтаға өз бетіңмен.. ешкімге көрсетпей өз бетіңмен салып жіберіпсің ғой!
- Олай емес шығар, Калаусы! Олай емес?!...
- Солай болған, Кәзенге тапсырмапсың!
- Таба алмай қойғанмын, жаңа таптым Калаусы!
- Қане?!
- Міне!...
Кәмен ашық конверттен хатты суырып алып қарап жіберді де:
- І... міне солай!... жүр бері!- деп ерте жөнелді тәртіп бөліміне.
- Калаусы, Калаусы!... Әр кластың өз бас мұғалімі тексеруші еді ғой?
- Енді мына мен тергеймін! Осы мектептегі қазақша хат бүгіннен бастап түгелімен менің қолыма өтті, біліп қой!
Бұл мәнсаптың бағана алаңнан қайтысымен тәртіп меңгерушіге келіп менің хат жайындағы сөзімді жеткізу арқылы жеткен биігі екенін түсіне қалдым. Тәртіп бөліміне қарасты бір кішкене бөлмедегі жалғыз орындыққа отыра қалып, тергей жөнелді:
- Таңертеңгі хат қайда?
- Осы!
- Неге мұншалық қысқа жазылған?... Асығыс сүйкей салғансың!
- Үйге үнемі осылай қысқаша амандық айта саламын.
- Мені бұл сөзбен ақымақ қыла алмайсың, шыныңды айт!
- Ал, шыным сізше қалай?- деп тігіле қарадым.
- Таңертеңгі хатты жөнелтіп жібергенсің де, мені алдау үшін асығып, осыны жаза салғансың, міне осылай!
- Ендеше жексенбі ғой, бүгін жүрген жоқ. Барыңыз да, почтаханадан тауып әкеліп, мені жазалай беріңіз!
Кәмен ақырып қалды.
- Қай почтаға салғаныңды өзің білесің, тап өзің!
Менің де ақыраңдай жауап қайыратын жөнім табылып еді, алдағы міндетімді ескеріп егестірмегім келді де бәсең үнмен сөйледім:
- Калаусы, осыдан басқа жазған хатым жоқ, сондықтан іздемеймін. Сенбесеңіз іздейтін міндет сіздікі. Бас почтаға менің атым мен адресімді айтып телефон берсеңіз, бар болса сізге қайтарып бере салуы сөзсіз. Ал сөзсіз іске ендігі сөз керексіз! - деп шығып жүре бердім.
Сары жүзі қызғылт тартып, тығыла қалды Кәмен.
- Көрерміз әлі керекті-керексізін!
Бұл ит кейін тағы да тақымдай қалса арашашы болсын деген оймен осы жауабымды Кәзенге баяндап шықтым.
- Мұнысы болмапты!- деп қалды Кәзен. Ызаланғандағы дағдысынша, бет ұшы алмадай қызара қалды....
Кәзеннің алдынан шығысыммен-ақ «Шығыс Түркістан» жөніндегі істі бұрыннан сырласып жүрген Қуатқа толық сөйлеп беріп едім, жарнаманы іңірдегі сабақ пысықтау уақытында ептеп оқып шықты да, жуан басын сипалай берді.
- Болады, тәуекел,- деді жатақханаға қайтып бара жатқанымызда, - енді осы жарнаманың екі нұсқасы да менде болсын, осы қазір-ақ жылжытып жіберейін. Мектептегі тыңшы емес сабақтастардың барлығы оқып болған соң өзімізге қайтып келетін амал қолданамын!
- Қалай қайтады бізге?
- Әрбір сабақтас өзі алған адамына қайта тапсырып бере берсе, қайтып маған келмей ме? Өзім берген адамға «тауып алдым» деп қана қоямын... Ал, шырағым, ұйымға ресми тарту мәселесін осы жарнаманы бәріне оқытып болған соң байқап жүргізелік. Өздігінен сыбанып шығушылар көріне қалар да, ұйтқы күшімізге айналар. Мұндайлар өздігінен келіп, сенімді ақылдасады, көресің әлі!
- Ол да мүмкін... Бірақ, оқитын адам аса сақтанып оқысын... Жау қолына түсіріп алмауды мықтап тапсырып берсін бір-біріне. Егер біреуінен оқыс кетсе, өзі ғана дәретханадан тауып алған болсын...
«Екі молламыз» сөйтіп ел аралап жүре берді. Біреуі екінші жылдық кластағы бір досына, және бірі сол кеште Ынтықбайдың «ауылына» қонғанын білдім. Ынтықбай ертеңіне таңертең менен ақырын ғана сыбырлап сұрады:
- Бір қызық хат тауып алыпты біреу, оқыдың ба?
- Оқымадым, не хат екен ол?
Оқымасаң қайта тауып бір көрсетейін саған, сонан соң әңгімелесерміз.
Сағат ара демалыс кезінде осылай екі-екіден ғана күбірлесулер көбейе берді. Біздің кластағы үнсіз күрең Сәбиттен басқасы түске шейін түгел-ақ оқып болған сияқты, жайнаң-жайнаң қағады, бір-біріне қарап. «Басқалардың бәрі оқып болғанда бұл оқымай қалсын ба» дегендей, Тілеуқан қу маған жылтың-жылтың қарай берді...
Түстен кейін бірінші сағаттағы мемлекет тілі сабағына Кәмен кіріп келгенде тәртіп бойынша орнынан тұрып әдеп көрсетудің орнына көбі шалқалай қалысты.
- Не болды сендерге, әдеп қайда? ... неменесіңдер сендер? - деп зекіді «Калаусы». Ешқайсысы үн қатпай қойған соң, «саяси лекциясын» тағы бастай беріп еді. Әлгі алға қарап шалқалақтағандар, енді артқа қарап отырып алды. Істің насырға шауып бара жатқанын байқап отырған Қуат пен Ынтықбай маған қарай берді. Бұл үшеуімізден сырт Оралқан мен Сәбит қана оң қарап отыр екен.
- Бері қарап отырыңдар, тәртіп қайда?- деп ақырды Кәмен. Ешкімнен үн шықпады. Калаусының топырақ сары жүзі бір ағарып, бір қызарды. - Ей, сиырлар, тұрыңдар орындарыңнан. Оқығыларың келмесе шығып кетіңдер! Ешкімнен жауап ала алмаған соң Калаусының мысы құрыды білем, класс бастығын тұрғызды.
- Оралқан!... Мына иттерің не дейді, айтшы маған!
Партаның қыспағынан қарнын күшене суырып әрең шығарған Оралқан бір күрсініп алып, мырс ете түсті:
- Білмеймін, мұғалім!... Оқу бітіретін жылымыз келіп қалды ғой, биыл ханзу тілі сабағын оқи алмай қалдық. Соған өкпелеп отырған шығар?
- Ендеше бұл пікірлеріңді дұрыс айтпай, шошқаша неге күржиесіңдер?.. Кімге арқаланасыңдар осы, соны айтшы! Сендерді құтыртқан кім?! - Шошқа дегенге Оралқан да шамданғандай, партасына қарнын қайта нығарлап жіберіп, отыра кетті.
- Ей, сен тұр!- деп Калаусы мені нұсқады. - Кімге арқаланасыңдар осы, сен айтшы!
Мен «көзге түспеу» үшін ғана әрең шыдап отыр едім. Әрең түрегеліп, жуас жауапты әрең-пәрең таптым.
- Арқаланатын ешкімім болмаған соң сізге қарап отырмын ғой Калаусы, көріңізші, міне,- деп орындықты бөксемен қойып қалғанымда теріс қарап отырғандар мырс-мырс күліп жіберді. Кәменнің «күржиесіңдер» деген сөзі шыққалы қатты күржиіп, бұқаша сүзе қарап отырған Ынтықбайдан басқасы түгел күліп еді. Бұл сойқан істі бастаушы кім екенін айыра алмай тұрған Кәмен осы күлкіні пайдаланып екінші қырына ала қойды.
- Ондай талаптарың болса, дұрыс қарап отырып-ақ айтсаңдар болмай ма?... Ал, бері қарап отырыңдар, мемлекет тілі сабағын бастадық!
Көпшілік мұнысына мизей қоймап еді, ендігі қыр көрсетудің қисыны табылмай қаларын байқаған Қуат кірісті сөзге.
- Сабақ бастайық деді ғой, сабақтастар, оң қарап отыралық.
Көпшілік бір-бірлеп оңына келе бастады...
Ендігі қыңыратқудың қисынын таба алмай отырғанымызда қолтыққа түртудің қисынын Калаусының өзі тапты. Ханзу тілі сабағын «Жұңхуа, Жұңхуа, о, Жұңхуа» деп бастады. Мұнысы әлдеқашаннан жатталып болған, Гоминдан оқулығы алғаш келгенде-ақ өтілген сабақ еді. Соны ханзуша бір-бір сөйлемнен өршелене оқып, қайта-қайта айтқызды. Кеудесін асқақси керіп, үстемдігіне масаттанған кейіппен қасақана нығарлап оқиды, өз ішінен: «менің арқаланатыным - үстіңдегі осы Жұңхуа Минго» деп тізерлегендей бізді.
«Жұңхуа, Жұңхуа, а, Жұңхуа,
Бес мың жылдық тарихы бар Ұлы Жұңхуа!
Бес жүз миллион халқы бар алып Жұңхуа!
Теңдессіз парасатты дана Жұңхуа,
Теңдессіз құдіретті батыр Жұңхуа!...»
Кәмен соны шалқалап оқып, кеспелтек танауы қоңқия түсті де, оқушылары сырт айналып тоңқия түсті. Сол танауға қаратқан арқа қайтадан көбейді сөйтіп. Ұстазының танауын қоңқитқан Гоминданның уы еді де, оқушыларының арқасын қампитқан молла жарнамасының буы еді.
«Калаусы» оқулықтың үстінен оқушыларын сығалай аңдып оқып тұрды, мен қабағымның астынан қалт жібермей барлай қарап отырмын. Екеуміздің де білмегіміз - осы сайысты бастаушы мықтылар. Калаусы оларды соғу үшін іздеп тұр да, мен оларды сылтаумен құралдандырып, осы тыңшының өзін соқтыру үшін іздеп отырмын.
Сол сабақтың әр жолын үш реттен қайталап, үш рет айтқызып шыққан Кәмен енді қызыл сияға малынған бормен қара тақтаға жазды:
- Бұл осы кітаптың ішіндегі ең жақсы сабақ, жаттап алуларың қажет... Тағы да еріп оқыңдар,- деді сонан соң, мен жаңағыдай бір сөйлемнен оқығанда, сендер одан екі есе жоғары дауыспен қайталап оқисыңдар. Сонда тез жатталады. Ал, оқыдық!
Калаусы бізге қадағалай қарап тұрып, алғашқы сөйлемін қайта бастап оқығанда бесеуімізден басқа ешкімнен үн шықпады.
- Бері қарап отырыңдар!- деп ақырып қалған Кәмен кеңірдекше түтіктеріне зақым келтіргендей, алқымын сипалап біраз тұрды да, тамағын қырына түсіп қырылдай сөйледі, ей, жойыттар, бұл сабаққа теріс қарағандарың оңбағандықтарыңды ескеріңдер!... Маған ғана емес, Жұңхуа Мингоға қарсылықтарыңды көрсетеді! Бері қарап оқисыңдар ма, жоқ па?!
- Оқымаймыз сенен!- деп екі жерден екеу күбірлеп еді. Сол сөзді бәрі бір-ақ көтерді. - Кет!... Кет алдымыздан! Шық кластан!
Алғашқы шыққан баяу күбірлер - Серәлі мен Салықтың үні еді. Кәмен олардың кім екенін біле алмай алақ-жұлақ қарағанша, соңғы қатал зекулер тасқындай лап ете түсіп, өзін іліп әкеткендей, борды лақтырып тастап, шыға жөнелді.
- Тым асығыс іс қылдыңдар-ау, шырақтар,- деп Қуат басын сипап, жан-жағына қарай берді.
- Жә, сендер неғып қалтырай қалдыңдар? - деп Салық қызарақтады. - Жандарыңды алса, Құдай алмай ма, Кәмен алушы ма еді?
- Бұл атаңның аузын... не істемеді уызге? - деп Түгелбай гүж ете түсті. - Жақшы көрінейін дейтін ағайындар соның гүнжарасын жалай берсін, біз көрдік осының күшін!
Шақан партаны қойып жібергенде бәріміз жалт қарадық. Үндемес Сәбитке құжырая қалған екен:
- Мұнан кейін осыған жағайымсып, сөз тасып көріңдерші қане?
- Енжар болмай бәріміз түгел теріс қарап алсақ, жаңағысын да оқыта алмай, мазақ қыла алмай кететін еді! - деген Серәліге жауап қайтарған болып, бәріне ескерте сөйледім мен:
- Жоқ, бұл оның кетуі емес, мықтап келу үшін кеткені. Қазір клас бойынша тергеуге алынамыз. Сойқан шығарған бәрімізді жазалай, алмай басшы деп бір-екі сорлыны ғана тықыратын әдеті бар емес пе еді. Бізді енжар екен деп ойламай, соны ойлаңдар! Бізге мемлекет тілін оқытпай қойды ғой, Жұңхуа Мингоның ханзу тілді жақсы азаматы болып шықсақ, Кәменге не зияны тиер еді?... Оның жеңілер жері осы сұрауда. Біз бүгін қатты талап еткенде оқытып тұрғаны мынау, былтыр өтілген сабақ қой!... Біреу келіп тергей қалса, осылай... жалпылай жаудырып... тең жауап береміз. Енжар емес, бәріміздің талабымыз осы!
Өз пікірімді Сәбиттен сәл көлегейлеп, осылай сөйлеп тоқтап едім. Көпшілік дұрыстап, жауап даярлауға кірісті. Есік жақты ымдауым бойынша қарауылдап-сығалап тұрған Әмірқан зып етіп келіп орнына отыра қалды бір кезде.
- Келді, келді, ғылыми меңгерушіні ертіп келді!
Кетеген түйе бастанып кекжиген, ұзын бойлы, жуан танау қара келіп кірді. Мектебіміздің ғылыми меңгерушісі болып Чұңчиңнен келгеніне жыл өтсе де, бұл жылтыр қара шаштының біздің класқа кіргені осы-ақ еді. Сорайған ұзын мойнын кекшите жүретіндігі, орсақ тісі көтеріп, салпитып тұратын қалың ерні түйені бейнелегендей, бір бейуазы осы болар деп ойлайтынмын.
Алдымыздағы үстелге келе салпиып, қаңбаққа қараған түйеше әрқайсынымызға үңіле қарап алды да, артынан еріп келіп қатар тұра қалған Кәменге ым қақты, «аудар» дегені екен:
- Мұғалімдеріңе неге бағынбайсыңдар?- деп сұрады бізден. Бұл сөзді Кәмен: «неге мұғалімдеріңе қарсы көтерілесіңдер?» деп аударды. - Бастағандарың түрегеліп, толық ұқтырыңдар, талаптарыңды орындап берейін!
Бағана теріс қарағандар түгелімен бір-ақ түрегелді. Оң отырған бесеуіміз қозғалмай отырып қалып едік, ғылми меңгеруші бізге бір-бірден үңіле қарап алып, баяу үнмен сұрады:
- Сендер неге тұрмайсыңдар?
- Біз дұрыс қарап оқыдық,- деп Оралқан жауап қатты.
- Ал, сендер неге теріс қарап алдыңдар?
Көпшілік түгел жауап қайтарып, әрқайсысы өз бетімен дабырлай жөнелгенде ғылыми меңгеруші тыжырынып, қолын сілкіп-сілкіп жіберді:
- Тоқтат!... Бас бар ма сендерде!... Басшыларың кім?! Біреуің-ақ сөйлеп бермейсіңдер ме!
- Бәрімізде де бас бар,- деп тағы дабырлады сойқандар.
- Кәмен бізге қыс бойы сабақ өтпеді!
- Мынау былтыр оқыған сабағымыз!
- Мұны өзіне оқыта аламыз!
- Отырыңдар!- деп зекіді ғылыми меңгеруші. Көпшілік отыра қалып дабырласты.
- Тоқтатыңдар!... Біреуің-ақ сөйле дедім бе! Қане, қайсының көпшілікке өкіл болып сөйлеп бересіңдер?
Сойқандылар тағы да түгелімен көтерді қолдарын:
- Мен!
- Мен сөйлеп берейін!
- Мен толық білемін!
- Мен басынан сөйлеп түсіндіре аламын!
- Мен бәрін сөйлейін, Кәмен былай тұрсын!
- Оралқан аударсын, мен тұқым-тұқиянымен түсіндіремін!...
Осы сөздерді айтысып бәрі қайта түрегеліп болды.
- Отырыңдар!- деп зекіген «түйе» сұқ саусағымен бір-бірден нұсқап отырғызды да, бәрінен биік Түгелбайды қалдырды. - Сен сөйле!
Түгелбай сөйлей бергенде Кәмен меңгерушіге: «бастаған бұл емес» дегендей күбірлеп қалды да:
- Сен сөйлеші!- деп Серәліні нұсқады.
- Мен сөйлей алуайым ба? - деп Түгелбай гүж ете түсті, - Кәмен, біз - сенің үстіңден арыз айтып тұрбыз, сен өзің былай тұр, ханзуша өзім-ақ түшіндіре алауын!
Түгелбай ханзуша сөйлеп, Кәменнің көптен бері сабақ өтпей қойғанын, мемлекет тілі сабағын бос мылжыңмен өткізгенін айтып келе жатыр еді:
- Басқа қандай мәселе бар?- деп ғылыми меңгеруші Түгелбайдың арызын аяқсыз қалдырды да, Серәліні тұрғызды. - Сен сөйле!
Серәлі орнынан тұра сөйлеп, Түгелбайдың сөзін қуаттады:
- Түгелбайдың сөзін түсіндіңіз ғой, ғылыми меңгерушімізге бәріміздің айтатын арызымыз осы... Кәмен, сен аудармай-ақ қой, біз ханзуша тіл білсек тілмаштығымды тартып алады деп оқытпай жүрсің ғой, Оралқан аударсын!
Кәмен атыла қарады Серәліге. Елеңдеп үңілген «түйе»:
- Не дейді,- деп Кәменнен сұрады.
- «Меңгеруші, сен Түгелбайдың сөзін неге тыңдамайсың, ғылыми меңгеруші осылай бола ма дейді» деп аударды Кәмен.
Бәріміз ханзуша сөйлеп шу ете түстік:
- Қате аударды, Серәлі бұлай сөйлемеді!
- Бұзып аударды!
- Сізді бізге өшестіру үшін, бүкілдей бұзып аударды!
- Оралқан кім? ... Ал сен аудар!- деп «түйе» ернін салпита тістеніп, жараған бураша шақырлатты тісін, шықшыты бүкілдей берді. Оралқан Серәлінің жауабын да, Кәменді шектеген сөзін де дұрыстап толық аударғанымен, меңгеруші шықшытының бүлкілі тоқтамады.
- Бәрібір оттаған сөз... және қандай пікірің бар? - деп Серәліге басын кекжең еткізе салды.
- Біз тек оқу үшін ғана келгенбіз,- деп жалғастырды Серәлі сөзін, - Кәменге біз осыны неше айтып өтінсек те оқытпай қойған соң, бүгін теріс қарап отырып алдық...
- Алдымен бастаған кім?
- Міне біз, «кластан шығып кет» деп те айғайладық!- деп көпшілік секіре тұрды орындарынан. Дауыстары бірдей шықты, - сабақ оқытпайтын мұндай мұғалімнің керегі жоқ бізге!
Ғылыми меңгеруші қолын үнсіз сермеп оларды қайта отырғызды.
- Ал сөйле,- деді Серәліге, - тағы қандай мәселе бар?
- Сабақ уақытын ыңғай бізді жәбірлеп тілдеумен ғана өткізеді!
- Бұл жаман найман сөзін қашан жеткізіп айта алушы еді! - деп кейігенси түрегелді Ынтықбай, Оралқан банжаң, алдымен мына сөзімді аударшы «бақытымызға ғылыми меңгерушінің өзі келіп қапты. Бір мәселені ғана анықтап алайын!... Педагогикада оқытушының оқушыларды жағалата боқтап шығуы «сабақ» деп атала ма?
- Отыр, кім рұқсат етті саған?! - деп зекіді меңгеруші. Ынтықбай отырмай жауап қайтарып тұрып алды:
- Рұқсат етпегеніңізбен осы кластағы мәселеге менің де қатысым бар ғой!
- Оқу басталғалы Кәменге дұрыс қарап бағынып отырғанымызбен біздің де пікіріміз бар,- деп Қуат түрегелді, - Ынтықбай сабақтас мәселені анықтау үшін сұранды сізден, рұқсат етіңіз!
Ғылыми меңгеруші қол сағатына қарап жіберіп тыжырынды да:
- Олай болса, маған сұрау қойып былжырамай, қысқа ғана жауаптарыңдыр беріңдер! Осы ереуілді бастаған кім? Ұстазға қарсы шығуды кім үйретті сендерге, осыны айт!
- Осыны бастаған адамды мен анық білемін,- деді Ынтықбай. Бұл сөз шыққанда Кәмен дәмелі итше жалана қарады да, қожасы ернін шүйіріп, мойнын соза үңілді. Бірақ, іле-шала бірі ырсиып, бірір қаңқая қалатын жауап шықты. Ол - Кәменнің дәл өзі!- деді Ынтықбай сүзе қарап, - Кәмен көптен бері мемлекет тілінен сабақ өтпеді. Оның орнына «малғұн», «шошқа», «ит» деп тілдеумен келеді. Жаңа сабақ өтуді қатты талап еткенімізде оқытқаны мынау! Былтыр өтілген сабақ! Мұны былтыр жаттап алғанбыз. Нанбасаңыз осы қазір қара тақтаға қарамай-ақ зулатып берейік... Кәне сабақтастар, бәрің артқа бұрылыңдар!
Ынтықбайдың осы сөзімен бәріміз сырт айнала зулатып жібердік те, қайта оң қарап отыра қалды.
- Міне,- деді Ынтықбай, - бізді Кәменге теріс қаратып қойған Кәменнің өзі емей кім?... Бізге мемлекет тілін жақсы оқытып, біз де ханзу тілді жақсы азамат болып шықсақ, Кәменге не зиянымыз тиер еді? Осыны Кәменнің өзінен сұраңызшы, қане!
Қара тақтаға жазылған сабақты теріс қарап алып саудырлатқанымыздан «түйенің» ерні жыбырлап, күлкіге бейімделіп еді. Сонысынан үміттеніп, әділ жауап күте қалдық.
- Мына сабақ,- деді ғылыми меңгеруші, қара тақтадағы Кәменнің жазуына қарап қойып, байыпты, баяу үнмен сөйледі, - күніне неше рет оқысаңдар да татитын сабақ екен, дұрыс Кәменнің үлкен әріппен жазып қойып оқытқаны тіпті дұрыс! Мұның ішкі мәнін түсінулерің қиын. Сондықтан, теріс қарап отырып алғансыңдар!... Сендер теріс қараған сайын жабайылықтарыңды, хайуандықтарыңды көбірек ескертіп оқытқаны жақсы!... Құлақтарыңды таяқпен қағып тұрып оқытса тіпті жақсы болар еді деп ойлаймын. Есектің құлағы ұруға ыңғайлы, бірақ, қаттырақ қақса ғана ұғады. Демек, оның ақылы құлағында. Сиырдың ақылы мүйізінде, түйенің ақылы тұмсығында... Мұны айтуымның себебін қате түсініп қалмаңдар! Қате түсінсеңдер, бұдан да көп қылмыс өткізіп қоясыңдар. Сендер осындай мал сияқты, мешеу ұлттан туған ұрпақсыңдар. Сендерге осылай түсіндірмеген ұстаз ешнәрсе ұқтыра алмақ емес!... Кейбір хайуанның ақылы қай жерінде болатынын білу өте қиын. Мәселен, шошқа сондай жануар. Сөз ұққанды былай қойып, қай жерінен ұрсаң да, бәрібір, былқ етпейді. Сондықтан, өндіршегінен ұзын пышақты бойлата тығып, бұлғап-бұлғап жібереміз. Өйтетініміз, жүрегін тілгілемей ол өлмейді...
Ғылыми меңгеруші осындай сөздерін бір сөйлемнен нақтап айтып, Кәмен үстем шыраймен рахаттана аударып тұр. Сабақтастар арасында сыбыр-дыбыр үдеп барады. «Жабыла қопарылып бір-ақ шығып кетейік» деседі. Меңгерушінің оны сезбегенсіп сөйлей беруіне қарағанда, мақсаты бізді әдейі шоршытып, орға түсіру иә мектептен безіндіру сияқты көрінді маған. «Бұлай қорлап, шымшуға шыдамай, өз ықтиярымызбен шұбап шығып жүре берсек, мұндай мақлұқ не зиян тартпақ» деген ойға келдім де, бетімен қараған әрқайсысына «шыда!» дегендей ишара көрсете бердім.
«Бұл қай шыдамдылық?» дегендей жазғыра қарады Ынтықбай маған. Оған да, мұндайға ең шыдамсыз Шақанға да бұрыла қарап, соны қайталап ишараладым. Ынтықбай біраздан соң бұл «конымпаздығының» да, бүгінгі «момақандығымның» да жарнамадағы үлкен іске дайындық екенін түсінгендей шырай көрсетті, енді бір қарағанымда өзі де менше ишаралап, сабырға шақырып отыр екен.
- Оспан дәл сол шошқа сияқты мақлұқ,- деп ғылыми меңгеруші сөзін үзбей жалғастыра түсті, - біз Шың Шысай емес екендігімізді, ол түрмелеген адамдарды азат ететіндігімізді айтып, неше рет тыныштыққа шақырсақ та, жыртқыштығын тоқтатпай, әлі дүрбелең тудыруда. Енді оған өндіршегіне қылыш бойлатпай қалай түсіндіреміз?... Мына сабақтағыдай ұлы Жұңхуа Мингоның шошқаға күші жетпей ме?... Түсініп алыңдар, бұл рет құлақтарың мен мүйіздеріңе ұрмай сөйлеп тұрмын. Сендерді қайтсек те хайуаннан адамға айналдыру - біздің міндетіміз. Біз нені үйретсек, пышаққа ілінбей түсініп алу - сендердің міндеттерің!.... Ұқтыңдар ма, жоқ па?! - деп тастап, жауап, пікір күтпей адымдап шыға берді меңгеруші. - Кәмен жолдас, осы сабағыңды қанша оқытсаң да ықтияр өзіңде, қашан түсінгенше оқыт!... Енді қыңыр қарағанын тізімдеп әкеле бер маған!...
Ғылми меңгерушінің осындай «жуас» сөзінен жуан ғылым игергендей «қанағаттанған» бейнемен недерімізді білмей отырып қалыппыз.
Қалай екен бәлем дегендей, бізге үстемси қарады Кәмен. Сабақтастар қатты шөлдегендей түтікті, тым-тырыс. Екінші сағаттың көзілдірікті бір оқытушысы мен Ақылбай кіргенде Кәмен шығып жүре берді...
Қалай дегенмен де «ғылым иесі» ғой, ұйымдастыру ісімізге ғылыми меңгерушіміз осы сөзімен тым жақсы орай тауып берді: соның кешінде-ақ ықпалы бар қабілетті сабақтастар оңашаға шақыра түсті бірін-бірі. Жарнама жөнінде толық түсінік, жол-жоба аңсап жүрген сияқты. Жым-жырт отырған мені де шақырысады. Жарнаманы оқыған-оқымағандығымды сұрайды. Мен қысқаша сөзбен басу айтып қана қайтамын:
- Оқыдым. Оған елеңдеп жүгіре берудің пайдасы жоқ. Желкелеріңде иіскелеп Кәмен жүрмей ме? Таратушысы мезетінде өзі шыға келер де түсінігін айтар, асықпай, сабақтарыңды тып-тыныш оқи беріңдер, жарым жылдық сынау басталып қалды ғой?
Төте келгендерін осылай тыныштандырып қойдым да, ұйқыға жатар шақта «Шығыс Түркістан» жөніндегі барлық сырды Ынтықбайға сөйлеп бердім. Ұйымдасудағы тәртіп-ережені айта келіп, әркім өз байланыстырушысымен ақылдаспай іс істемеуін мықтап тапсырып едім; сеңдей соғылысқан ашу кек тасқыны ертеңіне-ақ ақыл сабасына түсіп, тағы бірер күн өткенде тәртіптің ең жым-жырт класына айнала қалдық.
Бұл жайымызды Кәмен өзінің мықтылығы арқылы жуасытқандығынан көріп, қомақтана, қоқилана түсті. «Құтыртушыны» жерлестерінен тағы сұрастырып, іздеп жүргенін естідім. Өзара түртінді-көрсетінді шықпай қойған бұл жым-жырттықтан секемденіп, класымызды енді «мерез» деп иянаттайтын болыпты.
Тәртіп меңгерушісі мектеп бойынша «үлгі» деп келе жатқан бұл басаламандар табыны, ынтымақтасып Кәменге қарсы шыққан күннің кешінен бастап-ақ тағы да сол меңгеруші жағынан «хуайдан» аталып еді. Осы жаңа атауымыз жалпы жиындарда бірнеше рет атала келе, жарым жылдық сынаудағы мінездеме дәрежелерімізді күрт түсірді.
Сабақтастар қатты ызаланды бұған. Осы демалыста Кәменді «келістіріп бір соғу» талабы бірден бірге қуаттала-қуаттала келіп, тәртіп бойынша Қуат пен Ынтықбайға жетіпті. Ол екеуі мені қузай түсті:
- Бір рет тоқпақтап алсақ қайтеді, көпшілік қой, қатты жазалана қоймас.
- Шегінен тым асып кетті, сондай бір қатты таяқ жемесе бұл тыңшыға дауа табылар емес, - десті.
Мен ойланып қалдым: тыңшы шектеу талабы дұрыс талап болса да, Кәменге бұрыннан қарсы екендігіміз мектеп бойынша әшкере жарияланып тұрған осы мезетте бізді мерт ететін тәуекелшіл талап сияқты. Кәменді жазалау үшін, оған класс бойынша түгел өштік себебімізді жауып тұратын басқа бір мықты сылтау керек. Бұл сылтау Нұрияға жазған Кәменнің өз хатынан толық табылар еді. Ол хатты өзіне қайтармай сақтап тұруым да осындай керекке жарату үшін болатын. Бірақ, Нұрия қыстық демалысқа қайта алмайтын болды, Алтайға аэроплан жолы бекіп қалыпты. «Кәменді осы хат сөзін желеу етіп соққылатуға өртіміз Нұрияшты шарпып кетер ме екен» деп хауіптендім. Бұдан басқа ұтымды сылтау табылар емес.
- Қазірше қоя тұралық,- дедім мен, - тыңшысын сабап қойсақ, мектептің бізді ауыр жазалайтын дәлелі дайын тұр. Ең кем болғанда ұрушыларды мектептен қуалайды. Тергеуге ешқайсымызды түсірмей соққыға жығатын сылтау табайық... Соны мен тауып қалармын. Осы реткі өштесумен ұрғандай болмай, із тастап, біраз уақыт өткізелік. Сабақтастарға осыны өз пікірлерің ретінде жалғастыра тұрыңдар.
Көпшіліктің қызу талабын осы сөзбен шектеп қалдым.
Тергеушім, сіз қылмыс табуға, әсіресе оны талдауға келгенде сегіз ғана емес, сексен қырлы қайраткерсіз ғой. Менің бұл тараудағы қылмысымды нағыз төңкерістік қырыңызбен талдайтындығыңызға сенемін. Осы бір өткір қырыңызбен қарамағанда бұл тарауда менен ересен зор жаңа қылмыс табылмай қинайтындығын бесікте жатқанда-ақ ойлап қойғандығыңызға күмән барма. Бұл қырыңыздағы әйнектен Кәмен, сізге, әрине, нағыз сасық кері төңкерісші болып өз қалпында көрінетіндігі даусыз. Сонда оны «қорғаштаған» менің «әзелде кім» екендігім, осы тараудан ойнақтап шыға келмеді ме: Гоминдан қарақшыларының Кәмен сынды ең жексұрын жендетіне қарсы күресте бұғып қалғаным, оны соғарманға келген төңкерісшілердің ағынына кесе көлденең болуым нағыз кері төңкерісшілдік емей немене!... Осыған төңкерісшілер қатарына «жалбызбалап кіріп алған» қылмысымды қоссаңыз нем қалды!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»