Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
2877 0 пікір 30 Сәуір, 2021 сағат 18:07

Тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастырудағы мұғалім рөлі ерекше

Биыл Қазақ елінің Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығына отыз жыл. Түп тарихы сонау ежелгі түркіден бастау алатын мың өліп, мың тірілген қазақ халқы бағзы заманнан бері ұлттық келбетін, мемлекеттік іргесін, салт-дәстүрін сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік пен асқақ рухының арқасы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», - деп жазады.

Ендігі кезекте педагогтердің міндеті – Тәуелсіздіктің тарихын, құндылығын насихаттап, бойында отансүйгіштік қасиеті жоғары жас ұрпақ тәрбиелеу. Ғасырлар бойы Тәуелсіздікті жырлап өткен талай ақын-жазушылардың, ата-бабамыздың дара жолын жазған тарихшылардың  құнды дүниесін жас ұрпақтың рухани санасына дер кезінде сіңірту.

Осы орайда өскелең ұрпақты ұлттық бірлікке, Отанын, елін сүюге, тәуелсіз мемлекетті нығайтуға өз үлесін қосуға тәрбиелеуде мұғалім рөлін айқындау, тарихи сана қалыптастыруда әдістемелік ұстанымдарды талдау мақсатында «Өскелең ұрпаққа Тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастырудағы мұғалім рөлі» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шара барысында Тәуелсіздік жылдарындағы «Қазақстан тарихын» оқытудың әдістемесі, Қазақстан тарихын және әдебиетін оқытудың ғылымилылығы, жүйелілігі, инновациялылық ұстанымы, тәрбиелік мәні сынды тақырыптар талқыланды. Пән мұғалімдері үшін Қазақстанның жаңғыруы, ата-бабалар аңсаған еркіндік пен бостандық, патриоттық идея; Тәуелсіздік орнағаннан бергі кезең тарихы және тұтас «Тәуелсіздік идеясымен» тығыз байланыстылығы, қазақ ұлттық және жалпыадамзаттық адамгершілік-эстетикалық құндылықтар бағытындағы оқытудың тиімді әдістері ұсынылды.

«Мәңгілік Ел – жалпы Қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы болатын. Ендігі ұрпақ - Мәңгілік қазақтың Перзенті. Ендеше, қазақ Елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік Ел!» деп тұңғыш Елбасы нақты атап өткендей, тарих пәнінде кіріктірілген сабақтарды жиі өткізу арқылы Мәңгілік ел құндылықтарының идеясын қалыптастыру үлкен маңыздылыққа ие. Сондықтан осы облыс педагогтерінің басқосуында оқу-тәрбие процесінде халықтың алдыңғы қатарлы дәстүрлерін нақты мысалдармен ашып көрсетудің; көрнекі қайраткерлердің де, қарапайым халық өкілдерінің де тарихтағы, халық алдындағы еңбегін насихаттаудың; туған өлке материалдарын тиімді пайдаланудың әдістемелік сүйемелдеу жолдары кеңінен талқыланды.

Қуанышбек Г.Е.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы және
Шымкент  қаласы бойынша ПҚБАИ 
«Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының
аға оқытушысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965