Сенбі, 23 Қараша 2024
Әліпби 3845 14 пікір 11 Мамыр, 2021 сағат 12:50

Латын әліпбиі: И мен У-ды жазуға жаңа тәсіл керек

Бүгінгі таңда ғалымдардың арасындағы ең даулы мәселе й мен у-ға қатысты болып отыр. Бұл орайда орфографиялық топ й мен у-дың алдынан естілетін қысаң дыбысты жазбаған тиімді десе, ғалымдардың екінші бір тобы оны жазған дұрыс дейді. Біз бұлардың екеуіне де қосылмаймыз. Өйткені екі тәсілдің де артықшылықтарына қоса кемшіліктері де бар.

Мысалы, бірінші тәсілде төл сөзіміз тіліміздің заңдылықтарына қайшы жазылады. Орфографиялық топ «бүгінде кирил жазуымызда да осы тәсілді пайдаланып жүрген жоқпыз ба, үйренуге оңай ғой» деп, бұл кемшілікті ақтауға тырысады. Алайда, оларға оңай көрінгенмен, мектеп мұғалімдері бұл жазу тәсілінің сөзді буынға бөлуде қиыншылық келтіретінін айтады. Осы арада кирил жазуында ол тәсіл орыс тілінен енген сөздерді өзгеріссіз жазу міндеттелуіне байланысты еріксіз қабылданғанын айта кеткен жөн. Болмаса, төл сөздің өз заңдылығы бойынша жазылуы − дау тудырмайтын қағида. Олай болса, қазіргі еркіміз өзімізге тиген шақта тіліміздің заңдылықтарына қайшы ережеге жабысып айрылмай қалуымыз орынсыз.

Енді екінші тәсілге келсек, онда тіліміздегі заңдылықтар толықтай сақталады. Бірақ оны қолданғанда кірме атаулар мен терминдер басқа елдерден өзгеше жазылатын болады, ал бірдей етіп жазсақ, өзгеше оқылатын болады. Мұндай сөздердің латын әліпбиін қолданатындарға ортақ жазылу дәстүрі бар екенін ескерсек, ел-елмен саяси, мәдени, ғылыми және экономикалық қарым-қатынасымыз кең өріс алған қазіргі заманда олардан тым өзгешеленуіміз тиімді бола қоймайды. Демек, бұл тәсіл кірме сөздерді жазуға қолайсыз.

Сонымен сөз болып отырған екі тәсіл де төл сөзіміз бен кірме сөздердің бірін жазуға жараса, екіншісіне жарамайды. Олай болса, төл сөзімізді тіліміздің заңдарына сай жазуға да, кірме атаулар мен терминдерді халықаралық дәстүрге сай жазуға да мүмкіндік беретін жаңа жазу тәсілін ойластырған дұрыс.

Мұндай тәсілді табуға болатынының дәлелі – біз ұсынып жүрген мына ереже: й мен у-дың алдынан естілетін қысаң дыбысты одан бөлек буында тұрса, жазамыз да; онымен бір буында келсе, жазбаймыз. Мысалы, бі-йік, тұ-уыс деп айтылатын сөздер бійік, тұуыс деп; ал бій-лет, тұу-ла деп айтылатын сөздер билет, тула деп жазылады. Бұл мысалдардан біздің тәсіліміздің төл сөзімізді де, кірме сөзді де жазуға жарамдылығын аңғаруға болады. Сондай-ақ й мен у-дың алдынан естілетін қысаң дыбыстың одан бөлек буында тұрған-тұрмағаны сөзді айтқанда білініп тұратындықтан бұл ережені қолдану да қиындық туғызбайды. Тәсіліміздің ғылыми жағынан дұрыстығының дәлелін және дыбыстарды таңбалау  мәселесін басқа арнайы мақалада сөз етпекшіміз. Сондықтан бұл мақалада осындай тәсіліміздің бар екенін хабарлаумен ғана шектелеміз.

Жоғарыда сөз болған екі тәсілді жақтаушылар арасындағы айтыстың басталғанына ғасырға жуықтап қалғанын ескерсек, олардың бір-бірін де, басқа тәсілді де мойындай қоюы неғайбыл. Сондықтан әліпби мен емленің мәселесі тезірек шешілуі үшін оған жауапты басшылар айтысушы тараптардың бірін жақтап кетпей, не бірінің екіншісін мойындауын босқа күтпей, ғалымдардың алдына и мен у-ды жазудың біз айтып отырғандай жаңа тәсілін іздеу міндетін қойғаны жөн деп есептейміз.

Қуантқан Ванов

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394