Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 8087 0 пікір 27 Сәуір, 2012 сағат 06:30

Смағұл Елубай: «Ашаршылықтың демографиялық һәм психологиялық зардабын әлі тартып келеміз»

«Ашаршылық трагедиясы әр отбасында болды»

- Смағұл аға, «Ақ боз үй» трилогиясы кеңестік кезеңдегі қазақ халқы бастан өткерген геноцид туралы жазылған кең тынысты шығарма. Өзіңіз бір әңгімеңізде «әулетімізде қалам ұстаған ешкім жоқ, Тәңірден берілген сәуле арқылы осы туындыны дүниеге әкелдім» деген екенсіз. Ашаршылыққа арналған қазақ әдебиетіндегі алғашқы кең тынысты туындыға қалай келдіңіз?

«Ашаршылық трагедиясы әр отбасында болды»

- Смағұл аға, «Ақ боз үй» трилогиясы кеңестік кезеңдегі қазақ халқы бастан өткерген геноцид туралы жазылған кең тынысты шығарма. Өзіңіз бір әңгімеңізде «әулетімізде қалам ұстаған ешкім жоқ, Тәңірден берілген сәуле арқылы осы туындыны дүниеге әкелдім» деген екенсіз. Ашаршылыққа арналған қазақ әдебиетіндегі алғашқы кең тынысты туындыға қалай келдіңіз?

- Біздің ауыл өткен ғасырдың отызыншы жылдары қарсаңында Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан Қарақалпақстанға көшіп, ол жақта 1932 жылдың ашаршылығына ұрынған. 1925 жылы Қазақстанның басшылығына Голощекин келді. Ол келгеннен кейінгі тарих бізге белгілі. «Қазақ даласында Қазан төңкерісі болмаған екен, «Кіші Қазан төңкерісін» жасаймыз» деді. Сөйтіп, 1928 жылы аласапыранды бастап кетті. Бұл - халықты ашаршылыққа алып келді. Біздің ел ашаршылықтың алдында, өкімет малды жинай бастағанда көшкен еді. Қарақалпақстан да Қазақстанға қарағандықтан, барлығы Голощекиннің қоластында болды. Осы жәйтті көрген әке-шешеміз Түркіменстанға өтіп кетті. Олардың айтуынша, Түркіменстандағы жағдай Қарақалпақстандағы жағдайдан мүлде бөлек болыпты. Бала кезімізде сол тарихты күн сайын бізге айтып отыратын. Мен есейіп, Алматыдағы №12 мектеп-интернатты бітірдім. Кейін қарасақ, тарих оқулығында ашаршылық туралы ресми сөз жоқ, «сол жылдары асыра сілтеу болды» деген сипатта ғана айтылады. Осыдан кейін біз бұл тарихты ақырындап жинай бастадық деуге болады. Шындықты айту қажет деп білдік. Университеттің 1-курсында оқып жүргенімде мен «Қашқын ауыл» деген романды жоспарладым. Бұл - «Ақ боз үйдің» алғашқы эскизі болатын. Кейіпкерлері кім, тарихы қалай? Бірақ әлі жазушы болып үлгермеген студентке ондай ауыр тақырыпты көтеру мүмкін емес еді. Сондықтан, оны доғарып қойдық, пісіп-жетілгенде жазармыз дедік. Бірақ, аштық тақырыбына құлағымыз түрік жүретін.

1982 жылы киностудияның басшылық бір жұмысынан бас тартып, еркін шығармашылық жұмысқа ауыстым. Біздің елдің ескі жұрты, Елубай шалдың сүйегі жатқан жерге - Ақтөбенің Байғанин ауданына барып, елді араладым. Ашаршылық заманды көзбен көрген қариялармен сөйлестім. Келесі жылы Қарақалпақстанның Қоңырат ауданын, Түркіменстанның Ташауыз облысын аралап, біздің ауылмен бірге болып, бірге көшкен тағдырлас елдің көзі тірі қарияларымен сөйлестім. Біздің ауыл ашаршылыққа ұрынған 1932 жылы халықты Әмудария өзенімен Арал теңізі арқылы бірнеше пароходпен Тараздың түбіне әкеліп төккен екен. Сол ауылдарға бардым. Бірақ, Тараздың төңірегіндегі қариялар маған ашаршылық жөнінде айтудан қорықты. Ол кезде де Кеңес өкіметі ғой. Айтуға болмайды деген саясатты ауылға дейін сіңіргені көрініп тұрды. Алматының батыс жағында «Ақсай» атты сай бар. Сол уақытта өзім ауырып, денсаулығым сыр беріп жүрген-ді, аздап жүйке шаршауы  болды. 1982 жылы бір жағынан емделейін, бір жағынан жұмыс істейін деген оймен шопан ағамыздың киіз үйін бұлақ басына тігіп, «Ақ боз үй» романын жазуға отырдым. Ол кезде жасым 35-те болатын. Кітап, негізінен алғанда, көзкөрген адамдардың әңгімелерінен құралды. 1984 жылға дейін, яғни, үш жаз Ақсай сайында үй тігіп отырып жазып шықтым. Әрине, ол заманда мұндай тақырып баспадан өтпейтін. Баспаға алып барғанымда, олар кітапты оқудан шошыды, мемлекеттік жоспарға енгізбеді. Осылайша, кітап 1990 жылдарға дейін 5-6 жыл жарық көрмей жатты. Тек коммунистік жүйе құлағаннан кейін ғана жариялана бастады.

- Үш кітаптан тұратын осы шығарма арқылы қазақ даласындағы ашаршылықтың болмысын аша алдым деп ойлайсыз ба?

- 1982 - 1985 жылдарға дейін ашаршылық тақырыбына арналған қазақ романы жазылды дегенді естіген емеспін. Кеңес өкіметі тұсында кең көлемде, роман жанрында қалам тарту мүмкін болмады. Дегенмен, ашаршылықты көзімен көрген жазушылар көп еді. Олардың ішінде кейбірі әлі күнге дейін көзі тірі. Бірақ, біздің жазушыларымызға кеңестік идеология өтіп кеткен болуы керек, ешқайсысы бұл тақырыпқа қалам тартпады. Өз естеліктерінде Ғабит Мүсіреповтің айтатыны бар, оның өзінде аштықтың бір эпизоды ғана айтылады. Бейімбет Майлин 1921 жылғы ашаршылықты өзінің «Күлпәш», «Ашаршылық құрбаны» деген әңгімелерінде жазды. Би-ағаң ашаршылық тақырыбын әңгіме жанрында болса да керемет классикалық үлгіде жазды. 1940 жылдары ақын Жақан Сыздықов  «Әли қарт» деген шағын ғана поэма жазды. Сол үшін ол жазаланған, кітабы өртелген болатын. Тоқсаныншы жылдарға жақындағанда Балғабек Қыдырбекұлы «Алатау» романын жазды. Соның ішінде бір тарауы ашаршылыққа арналған. Өйткені, роман Жетісу тарихынан сыр шертетін. Содан кейін Адам Мекебаев тоқсаныншы жылдары «Құпия қойма» деген шағын роман жазды. Бұл  ашаршылық тақырыбында өте талантты жазылған шығарма. Мұның бәрін қосқанда осынау ұлттың ұлы қасіретін өз деңгейінде толық қамтыдық деп айта алмаймын. Бұл трагедияны толық қамту мүмкін емес. Өйткені, бұл сол кездегі әрбір ауылда, отбасында болған, 4 миллион қазақты жалмаған трагедия.

- Сіз бұған дейін Украина, Ресей елдерінің ашаршылыққа берген бағасы жайлы жиі айтып келдіңіз. Биыл Елбасы бұл тарапта өз ойын айтып, ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтуге тапсырма берді. Жалпы, зұлмат жылдарды еске алуды қандай деңгейде өткізген дұрыс деп ойлайсыз?

- Біз осы күнге дейін біреуді өкпелетіп қоямыз ба, Кремльдің көңілін қалдырамыз ба деген оймен ауыз толтырып айта алмай келдік. Дегенмен, биыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен 1932-1933 жылғы ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтпекпіз. Қазіргі уақытта аталған зұлматты жылдарды лайықты атап өту жөнінде қозғалыс басталды. «Ештен кеш жақсы». Мұның бәрі жасалуға тиіс шаралар. Мәселен, Еуропадағы «Холокост» мемориал кешендері үлгісімен келешекте (тым алыс болашақта деуге болмайды), ашаршылықты бастан өткергендер өмірден өтіп кетпей тұрған кезде Қазақстанның түкпір-түкпірінен аштық құрбандары топ-тобымен жерленген жерлердің топырағын жинап, мемориал кешенін жасауымыз керек деп ойлаймын. Мемориалға бір есігінен кірген адам екінші есігінен шыққанша Қазақстанның ақтаңдақтарын түгел көріп, сол оқиғалардың ортасымен жүріп өткендей болуы керек. Қазіргі кезде балауыздан мүсін жасау аса қиын өнер емес. Сол балауызбен ашаршылықтағы бір отбасының басындағы хал-ахуалды суреттеуге болады. Яғни, бұл отбасыға ашаршылық қалай келді? Алдымен Голощекиннің атарман-шабармандары, шолақ белсенділері оның мал-мүлкін, азық-түлігін тартып алды ғой. Осы процестің бәрін балауыз мүсіндер арқылы жасап көрсетуге болады. Мұны көрген адам ашаршылық зұлматын көзбен көргендей болады. Оған тек ашаршылық емес, тарихтың басқа да ақтаңдақ беттерін, атап айтқанда, 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін, 1937 - 38 жылғы репрессияны, тың игеруді, Желтоқсан оқиғасын енгізуге болады. Осылайша тоталитарлық режим құрбандарына арналған мемориал -кешен орнатылуы керек деп білемін.

Егер өркениетті ұлт боламыз десек, геноцидті бастан кешкен өркениетті елдер орнатқан  «Холокост» үлгісіндегі осындай кешен  орнатып, біз де осынау қазақтың ұлттық трагедиясын болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек. Әрине, бір-екі романмен шаруа бітпейді, аштық тақырыбына арналған телесериалдар немесе кең тынысты көркем фильмдер түсірілуі керек деп білемін. Отызыншы жылдар ақиқатын әдебиетте, экранда бүгінгі ұрпақ айтпаса, келер ұрпақ оны жасай алмайды.

«Ақ боз үй» романы 1990 жылдан 2007 жылға дейін мектеп бағдарламасында оқытылып келген. Қазір оқу бағдарламасынан алынып тасталыпты. Неге екенін білмеймін.

Үлкен экранда «Ақ боз үй» романы Дамир Манабаевтың режиссерлігімен 1990 жылы 2 сериялы фильм болып түсірілген. Бірақ, сол фильмді түсірген «Катарсис» атты студияның ақшасы бітіп қалып, фильмнің соңғы жағы сәл сұйылыңқырап барып бітті. Әрине, оған қайта оралуға , «Қазақфильм» қайта түсіруге болады деп ойлаймын.

- Біз газетіміздің жуырдағы нөмірлерінде қазақ халқы бастан өткерген ашаршылық туралы ұлттық драма сипатындағы көркем фильм түсіру қажеттілігі жөнінде жазған болатынбыз. Бұған арқау боларлық трагедиялық көріністер зұлмат жылдары қазақтың әр отбасында болды ғой...

- Әрине, мен сізге бір ғана эпизодты айтып берейін. Осыдан бір жарым жыл бұрын Жазушылар одағында ашаршылыққа саяси баға беру жөнінде ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Оған көптеген ғалымдар,  әдебиет, өнер қайраткерлері  жиналды. Соның ішінде академик марқұм Салық Зиманов та болды. Салық Зиманов өз өмірінен естелік айтып, 12 жасында көрген оқиғасын баяндап берді. «Біз ол кезде Гурьевтеміз. 1932 жылы қаланың базарларында аштан бұратылған адамдар толып кетті. Содан кейін оларды арбаға толтырып алып, қаланың сыртына апарып, жерден қазған апанға итере салатын. Біз, балалар, ізінен еріп барып, ыңыранып жатқан адамдарды қызық көріп, бір жағынан шошимыз, бір жағынан бала болған соң қызық көріп қарап тұрамыз. Сонда апанның түбінде ыңыранған халық, бала-шаға, кемпір-шал, аштықтан әлі өле алмай жатқан адамдарды өз көзімізбен көрдік», - деген еді Салық ағамыз. Яғни, Голощекин басқарған өкіметтің халыққа жасаған «қамқорлығы» - оларды құтқарудың, тамақ берудің орнына, тірідей көме салған. Осындай жағдай Голощекин басқарған Қазақстанның талай жерінде болғанын білеміз.

Мұхтар Әуезов алғашқы қазақ құрылтайында ашаршылық құрбандарына алаңдады

- Сіз осыдан екі-үш жыл бұрын ХХ ғасыр басындағы қазақ саяси қайраткерлерінің бірі Нығмет Нұрмақовқа арналған жиында кейбір деректерде қазақ халқының саны 1911 жылдары жүргізілген санақ бойынша 10 миллионға жетеғабыл болған дегенді айтып қалған едіңіз. Осы туралы таратып айтыңызшы?

- Статистикалық деректерге көз жүгіртетін болсақ, көзі ашық қауымның барлығына белгілі, 1897 жылғы халық санағында біздің халқымыздың саны 4 миллион 84 мың адам деп көрсетілген. Ол кезде қырғыз, тәжік, түркімен халықтарының әрқайсысы 300 мыңның о жақ-бұ жағында болған. Өзбек - 700 мың, сарт - 700 мың деп көрсетілген. 1 миллионға жететін біреуі де жоқ. Ал, қазақ 4 миллионнан асып-жығылған. Бірде ғалым ағамыз Мырзатай Жолдасбеков Орынбордан Чулочкин деген тарихшының «История киргиз-кайсаков» атты кітабын тауып әкелді. Оның бір данасын маған берді. Соның ішінде қазақтардың саны 1911 жылы 8 миллион адамды құрады деп жазылған. Бұл - шын мәнінде ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейінгі қағазға түсірілген  жалғыз дерек деуге болады. Біз оған дейін тек Ахаңның: «Әлхамдулла, 6 миллион халықпыз» деп айтқан сөзіне ғана малданып жүрдік. Әрине, ол да рас. Бірақ, мынау қағазға түскен, зерттеуші орыс ғалымы  келтірген дерек қой. Бұны  Чулочкин қайдан алып отырғанын білмейміз, бірақ, бір деректен алғаны анық. Ал, 1911 жылы 8 миллионды құраған қазақты қыру процесі 1916 жылғы оқиғадан басталғанын білесіз. 1918 жылы Кеңес Одағының территориясында азамат соғысы басталғанда оның ең ауыр зардабын қазақ ауылдары шекті. Өйткені, қызылдар да қазақтың малын тартып алатын, ақтар да тартып алатын, еркімен бермесе қырып кететін. Мінеки, сондай аласапыран заманда, 1917, 1918, 1919, 1920, 1921 жылдары қазақ даласында  алапат ашаршылықтың алғашқы толқыны болып өтті.

1920 жылдары орын алған ашаршылықтың зардабын сол кездегі зиялылардың көбі, Тұрар Рысқұлов та, Мұстафа Шоқай да жазды. Соңғы кезде тарихшы, әдебиетші Тұрсын Жұртбай ҰҚК-нің мұрағатынан Мұхтар Әуезовтің 1921 жылы қазақтың тұңғыш құрылтайында сөйлеген сөзін тауып алды. Құрылтайда сөйлеген сөзінде Мұхаң: «соңғы жылдары ашаршылықтың салдарынан 1 миллион 700 мың қазақ қырылды, оның 700 мыңы балалар» деген. Сол кезеңде «Правда» газеті Сафаров есімді комиссардың 1 миллион қазақ қырылды деген сөзін жазды. Орталық газет қырылған халықтың санын қысқартып айтқан болуы керек. Біз Сафаровқа сенеміз бе, Мұхтар Әуезовке сенеміз бе? Әрине, Мұхаңа сенеміз. Ал, енді 1932 - 1933 жылдары орын алған ашаршылыққа келер болсақ, оның  есебін шығарған тарихшылардың айтуынша, оның ішінде ашаршылықты көп зерттеген ғалым Талас Омарбековтің сөзіне сүйенсек, 2 миллион 300 мың адам опат болды. Енді бұл көрсеткішке 1918 - 1921 жылдар аралығында қырылған қазақтың санын Мұхтар Әуезовтің берген дерегі бойынша 1 миллион 700 мың деп алсақ, аштықтан қырылған қазақтың барлығы 4 миллион болады. Міне, біз кеңес өкіметі кезіндегі ашаршылық салдарынан 4 миллион қазақ қырылды деп айтуымыз содан. Кейбір тарихи деректерде, 1932 жылғы ашаршылықта жалғыз қазақ емес, Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің бәрі, яғни 250 мыңға жуық өзге ұлт өкілі қырылған делінеді. Соның көпшілігі орыстар болған.

- Ашаршылық жылдарындағы Алматы туралы не айта аласыз?

- Маған бір оқиғаны  көзкөрген марқұм Молдабай Әбдіров деген ақсақал айтып еді: «ҚазПИ-де студент едік. Институт залының  президиумында Голощекин бастаған республика басшылары: «Бес жылдықтың жоспары керемет орындалды. Ура-ура! Жасасын, комунистік партия!» деп айғай салып, ұрандатып отырды.  Күн ыстық болғандықтан, залдың есігі ашық тұрған еді. Жиналысқа қатысып отырған студенттер, ашық тұрған есіктің ар жағында жолда аштықтан бұралып, құлап жатқан қазақтарды көріп, жылап отырдық. «Мыналар неткен көрсоқыр, қаныпезерлер еді», - деп жылап отырдық» дегені есте. Міне, осы бір эпизодтың өзі Голощекин басқарған саясаттың қазаққа қарсы бағытталған  қылмыстық, шовинистік сипатын көрсетеді.

Тоболин деген комиссар бір үлкен жиында: «Қазақ - көшпелі халық. Олардың социалистік құрылысқа тұрмыстық деңгейі келмейді. Сондықтан, олардың жойылуы тарихи заңдылық» деп ашықтан-ашық мәлімдеуі сол қылмыстық саясаттың көрінісі .

ҚазПИ-дің алдында қазіргі Панфиловшылар саябағы тұр ғой. Сол саябақта болған бір оқиғаны Мәриям Хакімжанова апамыз өз естелігінде: «1932 жылы біз техникумның студентіміз. Түні бойы аштан өлген адамдар паркте, қала көшелерінде жиналып қалады. Таңғы алагеуімде студенттерді шығарады. Біз өліктерді арбаға тиеп алып, қаланың сыртындағы сайға апарып төгіп тастаймыз. Студенттердің күнделікті жұмысы осылайша қаланы аштан өлгендерден тазарту болды. Бір күні қыздар болып, өліктерді арбаға тиеп жүргенімізде паркте ағашқа арқасын сүйеп, тіп-тік бір ірі шал отырғанын көрдік. Басында тұмақ, үстінде белін буып алған тон. Өзі қимылсыз. Біз өліктерді жинап жүргендіктен, тірі отырған адамды көріп шошып кеттік. Жақындап келіп қарасақ, өліп қалыпты. Үңіле қарағанымызда, бір қолында қысып ұстаған домбырасы, екінші қолын да кеудесіне қысып ұстаған екен, тонның ішкі жағынан кішкене нәрестенің басы қылтияды. Ол да өліп қалған. Яғни, аштық меңдеген шал тік отырып өліп кеткен», - деп жазады.

- 1939 жылдары жүргізілген құпия санақтар бойынша барлық өңірде адам басы айтарлықтай кеміп жатқан кезде, ашаршылық пен репрессияны бастан өткерген аралықта Алматы халқының саны керісінше артыпты. Бұл - 1929 жылы Алматының астана болып жариялануы негізіндегі көші-қонның әсері шығар деп топшылаймыз...

- Алматыдағы ашаршылық туралы айта алмаймын. Мен бұл тақырыпты індете зерттеген емеспін. Бірақ, Жетісу өңірінде ашаршылық сұмдық болды. Тіпті, жолдар бойында адам жүре алмайтындай жағдайға жеткен. Бұл туралы аштықпен күрескен санаулы қазақ саясаткерлерінің бірі Ораз Жандосовтың естеліктерінде жазылған. Жетісу қазақтары бұл жерде қайыр болмағаннан кейін қырғыз асқан. Қырғыздар аштықтан бұратылған ағайын жұртқа мемлекеттік деңгейде көмек жасап, жүздеген мың тонна астық бөліп, біршама елді аман алып қалған. Мұны мен соңғы жылдары қырғыз тарихшыларынан естідім.

«Жай жатқан жер жау шақырады»

- Елбасы ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтуге тапсырма берді. Бірақ, тарихта 1921 - 1922 жылдардағы ашаршылық болғанын білеміз. Осы есеппен биыл ашаршылықтың 80 жылдығын емес, 90 жылдығын атап өтуіміз керек сияқты...

- 1932 жылғы ашаршылықта халықтың жаппай қырылып қалуы мүмкін еді. Осындай жағдай қалыптасты. Өйткені, Голощекин басқарған өкімет халықтың қолындағы мал-мүлкі мен азық-түлігін түгін қалдырмай сыпырып алу саясатын жүргізді. Оған жергілікті жандайшаптар, жас, надан белсенділер отқа май құя түсті. Мінеки, надандықтың бір қаупі - өз халқына қарсы шабу.

«Геноцид» - ауыр сөз, бір халықты қыруға бағытталған саясат. Аштыққа саяси баға беруден біздің саясаткерлер тайсақтағанымен, кеңестік билікте шынымен сондай бағыт болды. Өйткені, Кремль барлық ахуалды біліп отырды. Бірақ, қазақтың қырылғаны, оның жерінің босағаны большевиктерге керек болды. Оның нәтижесін кейін Хрущевтің өзі көрсетті. Босаған жерге келіп тың игеруді бастады. Егер коммунистер шынымен қазаққа жаны ашитын болса, ашаршылық кезінде шет елге кеткен 1 миллион қазақты неге тың игеруге қайтарып алып келмеді?! Демек, ашаршылық қазаққа қарсы жасалған жоспарлы саясат болды. Өйткені, жерді босатып, оған өзге халықтарды алып келу керек еді. Солай болды да, яғни, бұл саясат тың игеру арқылы аяқталды. Өз атамекенінен кеткен миллиондаған қазақты қайтарып алу мүмкіндігі болса да, кеңестік билік бұл қадамға бармады. Осы олқылықтың орнын қазір толтыруымыз керек. «Нұрлы көш» бағдарламасымен ашаршылық кезінде жат елге кеткен ұрпақтарымызды қайтарып алуымыз керек. Біз 1920 - 1932 жылдары 4 миллион халықтан өлідей айрылсақ, қазір солардың ұрпағынан тірілей айрылу қаупі алдында тұрмыз. Енді он жыл ішінде оларды қайтарып алмайтын болсақ, одан кейін олар алтын берсең де Қазақстанға келмейтін болады. Өйткені, оның тілі, ділі, діні өзгереді. Ол қазақ болмайды. Қазірдің өзінде Ресейдегі қазақ жастары ассимиляцияға түсті. Қытайдағы қазақ мектептері қытайланып кетті. Өзбекстанда қазақ мектептері жабылып жатыр. Міне, үш ұлы көршімізде отырған 4 миллионнан астам бауырларымыздан тірілей айрылып қалу қаупі алдында отырмыз. Еліміздің көші-қон саясаты көңіл көншітпейді. Көші-қон өз алдына министрлік болуы, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары соған жұмыс істеуі тиіс еді. Өйткені, мемлекеттің болу-болмауы халыққа байланысты ғой. Жай жатқан жер жау шақырады. Күндердің күнінде «жерің кең екен, мұнда халық сыймай жатқанда, азғантай халық ұлан-ғайыр жерде отырсыңдар, егер гуманизмге қарсы болмасаңдар сәл әрірек, ығысып отырыңдар» деушілер табылуы мүмкін. Сондықтан, жер бос болмауы керек. Бұл жерді аман алып қалудың жалғыз жолы - ашаршылықтан азып-тозып кеткен қазақты атажұртқа қайтару.

- Ашаршылықтың 80 жылдығын атап өту шеңберінде «Қызыл қырғын» атанған геноцидтің негізгі айыпкерлері болған Голощекин сияқты терроршылардың ұрпақтары қазақ халқы алдында кешірім сұрауы қажет деп ойламайсыз ба?

- 1920 - 1932 жылдардағы алапат қырғынды ұйымдастырушы - сол кездегі большевиктік, әсіресе, Қазақстандағы большевиктер партиясы. Оның бүгінгі мұрагері - Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы. Сондықтан, символикалық түрде болса да бұл партияға ашық сот өтуі керек. Бұл партияға  Қазақстанда өз қызметін жүргізуіне тыйым салынуы, заңнан тыс деп жариялануы қажет. Өйткені, партияның жасаған қиянатынан, қаныпезерлігінен жарты қазақ қырылды. Бұған кінәлі - бұрынғы Қазақстан коммунистік партиясы. Оның мұрагерлері халық алдында ашық түрде кешірім сұрауы керек. Сот арқылы біздің мақсатымыз - бір адамды түрмеге тығу емес, кінәлінің кім екенін көрсету. Шын құқықтық мемлекетте осылай болуға тиіс. Өйткені, аштан өлген 4 миллион халықтың өліміне кім жауап береді? Ол 4 миллион шыбын емес қой. Бір адам өлсе де жауап береді. Ал, 4 миллион адамның өліміне, әрине, сол кезде билік басында тұрған компартия жауап береді. Демек, компартия Қазақстанда заңнан тыс деп жарияланып, оған қарғыс айтылуы керек. Елімізде оның өзі тұрмақ, басқан ізі қалмауы тиіс.

- Қаламызда компартияның басшыларына қойылған ескерткіштердің кейбірі әлі тұр...

- Зұлмат жылдары компартияның басшылығында болған бірде-бір басшының, Ленин, Сталин, Дзержинский, Калининдердің ешқайсысының ескерткіші елімізде тұрмауы керек. Ол ескерткіштерді апарып қоқысқа  тастау керек.

- Біз 31-мамырды - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтеміз. Алайда, мұның сыртында ашаршылық құрбандары қалып қоятын сияқты...

- Бұл Заң 1995 жылы қабылданған. Заң жобасы Парламентке жолданған кезде «Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып ұсынылған еді. Коммунистік заманнан қалған үркектік пен қорқақтықтан «ашаршылық» деген сөз сызылып қалды. Биыл ашаршылықтың 80 жылдығын атап өту шеңберінде Парламентте бұл мәселе қайта қаралып, қайта тыңдау болуы керек деп ойлаймын. Осылайша, 31-мамыр - «Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып қалпына келтірілуі керек. 4 миллион аруақты сызып тастауға болмайды.

«Қазақ халқының дамуын 110 жылға кейін шегерді»

- «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дейді қазақ. Бірнеше жыл қатарынан орын алған, дүркін-дүркін қайталанған ашаршылық зұлматынан ұлтымыздың әбден сансырағаны анық. Яғни, кеңес өкіметі қолдан жасаған ашаршылықтың зардабы мен салдары туралы не айтасыз?

- Ашаршылықтың зардабы өте ауыр болды. Мамандар қазақ халқының дамуын 110 жылға кейін шегерді деп айтып жатыр. Мәселен, бұл бағытта демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің тарихи деректерді тауып жариялаудағы еңбегі зор. Бәріміз де осындай ғалымдардың  еңбектеріне сүйенеміз. Ашаршылықтың салдары қазақ халқының мәңгілік проблемасы болып қала береді деп ойлаймын. Жуырда ғана Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы: «егер ашаршылық болмағанда біз қазір 45-50 миллион халық болып отырар едік», -  деді. Егер біз қазір 45-50 миллион халықты құрап отырсақ, даламыз шын мәнінде осыған лайық болатын. Кезінде халық осы далаға сыймай отырды ғой. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқысаңыз, әрбір құдыққа, қыстауға таласып отырған рулардың неліктен сыймай отырғанын аңдауға болады. Яғни, сол заманда қазақ өз жерін толық игеріп отырды. Біз қазір 45-50 миллионды құраған ұлт болып отырсақ, саны жөнінен әлемдегі ұлы ұлттардың қатарында болар едік. Бізде тіл, діл, дін проблемасы да, ұлтаралық проблеманың да ешқайсысы болмаған болар  еді. Өйткені, саны көп халыққа кейбір ауытқулар әсер етпейді, жойылу қаупі төнбейді. Халық саны көп болған сайын жаһандану да оның жанын мазаламайды. Ал, саны азайған сайын ұлттың тіліне де, дініне де, қанының сұйылуына да, территориясына да қауіп төнеді. Мемлекеті қалт-құлт етіп тұратындай әлсіз болады. Яғни, қауіптің барлығы халық санының аздығынан шығады. Бұл - ашаршылықтың демографиялық саяси салдары. Екіншіден, мұның психологиялық жағынан үлкен зардабы болды. Біз, қазақ, өте еркін халық едік. Төбесіндегі Тәңірге ғана табынған ер мінезді халық едік. Ал, 1932 - 1938 жылдары халық жер бетінде болмаған дозақи сұмдықтан өтті. Аш адамдар бірін-бірі, өз балаларын жеп жатты. Яғни, халықтың есі ауысып кетті, қорықты деп білемін. Қорыққан халық комформист, ыңғайшыл болып шыға келеді. 1950, 1960, 1970 жылдары халқымыздың жаппай орыстануы, бала-шағасын тек орыс мектебіне беруі, қазақтың «қазақ» деген атаудан шошуы, өзінен өзі жеруі, орыс болуға тырысуы, барлығы 1920 - 1930 жылдардағы ашаршылық апатының психологияға ұрған салдары. Яғни, одан кейінгі халық тек күн көруге ғана, қара тобырға айналуға шақ қалды. Қара тобыр дегеніміз жеген ас-суын ғана біледі. Осындай психология бізде көпке дейін сақталды. Мұны мен өз жағдайымнан білемін. Біздің әке-шешелеріміз 1970 жылдарға дейін өкіметтің бидайын сатып алуға болмаса да, шопырларға ақша беріп, қамбаға толтырып қоятын. Бір күні ашаршылық болады деп күткендей үрейленіп жүретін, ашаршылық  енді болмайды дегенге сенбейтін...

Ұлтты қорғаушылар азайып, ұлтты қорлаушылар көбейген заман болды

1920 - 1932 жылғы ашаршылықтар халықтың санасын сансыратып тастады. 1930 - 1940 жылдардағы бірін-бірі көрсетуі қорыққан адамның құлдық психологиясынан шығады. 1950 жылдардағы сатқындық, ұлтқа қарсы интеллигенцияның өз шабуылы, ұлттың қорғаушыларының азайып, ұлтты қорлаушылардың көбеюі трагедия емес пе?! Осы жағдай Сталиннің көзі тірі кезінде орын алды, оның зардаптары одан әрі созылып, халықтың бала-шағасын орыстандыруымен көрінді. Қазір біздің арамызда миллиондай шала қазақ жүрсе, олар қорыққан комформист интеллигенцияның бала-шағалары деп білемін. Олар қазақ болудан қорықты, тағы да ұлтшыл деп ұстай бастай ма деп үрейленді. «Заманға адам күйлемек, заманы оны илемек» деген Абайдың сөзіндегідей, өкінішке орай,  интеллигенция заманға күйледі, идеология оны  иледі. Күресе алмады. 1932 - 1933 жылдарғы ашаршылықтан, 1937 - 1938 жылдары орын алған қудалаудан халықтың рухы сынды. Әрине, бұл дүрбелеңнен басқа халықтар да өтті. Бірақ, ашаршылық қазақ үшін ұлттық қасірет болды. Оның салдарынан әлі күнге құтыла алмай келеміз. Қазақтың бойындағы ұлтсыздық, тілсіздік, дінсіздік, кейде сатқындық деген жаман әрекеттерді ушықтырған, комформист жасаған Сталин, Голощекин басқарған большевиктік дозақ деп білемін. Шындығында, мұндай дозақтан халықтың аман өтуі мүмкін емес еді. Әйтеуір, Құдай сақтап, жарты халық қалсақ та аман өтіппіз. Сондықтан, бұл біздің тарихымыздағы ең қаралы, ұлттық қасірет. Ешқашан ұмытылмауға тиіс Ұлттың Ұлы Қасіреті.

Сұхбаттасқан - Думан АНАШ

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322