Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 6029 0 пікір 27 Сәуір, 2012 сағат 07:01

Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Ислам – адамзаттың асыл тәжі»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлімен (суретте) «Егемен Қазақстан»  республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдырахмановтың сұхбатын оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз. Зиынды жұрт үшін тағылымды әңгіме айта отырып шейх Әбсаттар қажы асыл дініміз исламның ішіне кеулеп кіре бастаған ағымдардың жосықсыздығына қатысты пікірін білдіре келіп, ағым өкілдерінің «Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі Ханафи мәзһабына тіл тигізу, ата дәстүрі мен әдет-ғұрыпты мойындамау, оған құрмет көрсетпеу, мәдени және тарихи ошақтарды зиярат етуді дінде жоқ деу, ата-баба зираттарын қирату сияқты жәйттер көрініс бере бастағанын теледидардан көріп жүрміз», дейді.

Сұхбат «Егмен Қазақстан» газетінен алынды. Сұхбаттың кіріспе сөзі ықшамдалып берілді.

«Абай-ақпарат»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлімен (суретте) «Егемен Қазақстан»  республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдырахмановтың сұхбатын оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз. Зиынды жұрт үшін тағылымды әңгіме айта отырып шейх Әбсаттар қажы асыл дініміз исламның ішіне кеулеп кіре бастаған ағымдардың жосықсыздығына қатысты пікірін білдіре келіп, ағым өкілдерінің «Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі Ханафи мәзһабына тіл тигізу, ата дәстүрі мен әдет-ғұрыпты мойындамау, оған құрмет көрсетпеу, мәдени және тарихи ошақтарды зиярат етуді дінде жоқ деу, ата-баба зираттарын қирату сияқты жәйттер көрініс бере бастағанын теледидардан көріп жүрміз», дейді.

Сұхбат «Егмен Қазақстан» газетінен алынды. Сұхбаттың кіріспе сөзі ықшамдалып берілді.

«Абай-ақпарат»

Қадірлі хазірет! Өзіңізге белгілі, кеңес кезінде қазақтың мәдениетіне, әдебиетіне, салт-дәстүріне, тіліне, ділі мен дініне қиянат жасалды. Оған тарих куә. «Құдайсыздар қоғамы» дегенге дейін құрғызған сол заманда да талай зұлматты бастан кешкен ата-бабаларымыз тағдыр тезіне төзіп, сабыр сақтап, сенімдеріне селкеу түсірген емес. Енді егемен ел атанып, етек-жеңімізді жинап, еңсемізді тіктедік. Осы ретте Исламды қабылдап қана қоймай, асыл дінімізді байыта түскен бабаларымыздың рухани мұрасын зерделеу, түгендеу, оны әлемге паш ету игілікті ісі өзінен-өзі сұранып тұрғандай.

- Дұрыс айтасыз. Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзақ-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, келешегіне болжам жасайды. Бүгінде әлемнің төрттен бірін құрайтын мұсылман жұртшылығының да алтын әріптермен жазуға тұрарлық өзіндік жарқын тарихы бар. Иә, дінмен, иманмен, сеніммен біте қайнасып жатқан тарих қашанда сәулелі, нұрлы болары сөзсіз.

Тарихтың әу басы әлемді түнектен жарыққа жетелеген пайғамбарлардан бастау алады. Адамзат баласы ең асыл қасиеттерді, барша ізгі құндылықтарды пайғамбарлардан үйренді. Мәселен, өз ағаттығы үшін Алла Тағаладан кешірім тілеп, тәубеге келуді мұсылмандар сонау Адам (ғ.с.) атамыздан үйренді. Дұшпандары тарапынан отқа тасталып жатса да, қасқайып тұрып: «Хасбуналла» (медет тілерім бір Алла) дейтін қас жүрек турашылдықты Алла Тағаланың досы Ибраһимнің (ғ.с.) тәлімінен алды. Өз еңбегімен, һәм маңдай терімен күн көруді Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардан, қиын-қыстау, ауыртпашылықтарға сабыр етуді Аййуб (ғ.с.) пайғамбардан, ар-намысты бәрінен жоғары қоюды және әр мәселені даналық және хикметпен шешуді Жүсіп (ғ.с.) пайғамбардан үйренді. Ендеше, бүкіл жақсылық атаулының ең алғашқы насихатшылары пайғамбарлар болған. Олардың өмірі ғибратты үлгі-өнегеге толы. Осынау рухани әлемнің керуенін ғаламның рақым нұры, адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) тәмамдады. Соңғы Пайғамбардың (с.ғ.с.) Алла құзырындағы, пайғамбарлар арасындағы, екі дүние жұртындағы орны, әрине, зор. Алла елшісі (с.ғ.с.) барша пайғамбарлардың ерекшеліктері мен қасиеттерін бойына жинай білген пайғамбарлар сұлтаны һәм ақырғы елші. «Мұхаммед» (с.ғ.с.) деген есімді естігеннің өзінде ақиқат әлеміне бойлай білген қаншама адамның көзі сүйіспеншілік жасына, көңілі шаттық сезіміне бөленіп, ғаламат бір күй кешеді. Ең соңғы дін ретінде одан бұрынғы замандардағы жақсылықтардың бәрін бір бойына жинаған Ислам - адамзаттың асыл тәжі.

Қазақ елінің тарихына да Ислам шежіресіндегі мәртебелі, ұлы тұлғалар қатыссыз деуге құқымыз жоқ. Өзімізді һәм ата-бабаларымызды мұсылман санасақ, онда осы тарихқа да ортақпыз деген сөз. Бүгінге дейін қазақтың тарихы біраз жазылды, зерттеліп, зерделенді. Қатпар-қатпар тарихымыздың қойнауын ақтарсақ, руханиятымыздың, дініміздің, мінез-құлқымыздың, дүниеге көзқарасымыздың да өз жолы болғанын аңғарамыз. Бүгінде бабаларымыздың діни жолы мен ұстанған бағыты қандай болған, асыл діннің даңғыл тарихына қай ғасырда қосылдық деген секілді сұрақтардың жауабы әр қазақты қызықтырса керек. Дүниені жайлаған жаһандану дәуірінде бұрын көз көріп, құлақ естімеген  түрлі дін атын жамылғандар елімізге келіп жатқанда мұны зерделеу айтарлықтай маңызды. Зерделеп те жатырмыз. 2006 жылы мен және еліміздің бір топ ғалымдары Шам жұртының астанасы Дамаскіде Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың зиратына зиярат жасадық. Ғылымның сан түрлі саласын меңгерген бабамыздың рухына Қасиетті Құран аяттарын бағыштадым. Қазір Дамаск қаласында ғұламаның кесенесі салынып, аз-Заһир Бейбарыс бабамыздың медресесі мен кітапханасы қайта жөнделіп жатыр. Жуырда бұлардың бәрі бітеді деген хабар бар.

- Сіз жақында бізді тағы бір мақтаныш тұтар тұлғамызбен таныстырдыңыз. Маған телефон шалғаныңызда Тараздан шыққан ірі ғалымның еңбегін жариялағаныңызды, ол жайында арнайы кітап жазғаныңызды айтып едіңіз. Жаңа әңгімеміз басталарда ол кітапты сыйладыңыз да. Осы адамның тағдыры, еңбегі жөнінде оқырмандарға да айтып берсеңіз деймін.

- 2002 жылы Каирде өткен дәстүрлі Ислам конференциясына қатыстым. Сонда мені осы елдегі елшіміз Асқар Мусинов Насрулла ат-Тарази деген кісімен таныстырды. Ұзын бойлы, ат жақты адам екен. Араб, парсы, қазақ, өзбек тілдерінде еркін сөйлейді. Қасында баласы бар. Аты - Мүбарак. Ол 1922 жылы Таразда парасатты, білімдар кісі Әбу Насыр Мүбашшир ат-Таразидің (1896-1977) отбасында дүниеге келген. Әкесі Әбу Насыр Кеңес өкіметін қолдамаған. Сол үшін бірнеше рет абақтыға да жатып шығады. Ақырында отбасымен Ауғанстанға қоныс аударады. Ол жерде де тыныштық болмаған соң Пәкстанға асады, ақырында Египетке тұрақтайды. 1977 жылы Әбу Насыр Мүбашшир ақсақал Каирде дүниеден өткен. Насрулла Ауғанстанда орта мектепті тәмамдаған соң Кабул университетінің парсы тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. Насрулла ағамыз араб, парсы, ежелгі түрік, шағатай тілдері ғана емес, сондай-ақ түркі халықтарының тарихы мен әдебиетінің, жазба жәдігерліктерінің білгірі боп шықты. Мен Тараздың тарихы, осы шаһардан шыққан ғұламалар мен дарынды перзенттері жайлы жазған мақалаларымда Насрулла ақсақал туралы айтуды, оны насихаттауды да ұмытқан емеспін. Каирде 2011 жылы болған бүлікке дейін Египетке барған тағы бір сапарымда Насрулла ағаның ұрпақтарының жерлесіміз мұрасының бір бөлігінің Өзбекстанға, тағы бір бөлігін Қазақстан мұрағатына өткізгенін естіп, сүйсіндім.

- «Хибатулла ат-Тарази и его духовное наследие» деген кітабыңыз орысша шығыпты.

- Оның жайы былай. Мұндай тұлғалар жайында бүкіл мұсылман әлемі, ең алдымен түркі жұрты білуге тиіс. Тек қазақша жазсаңыз татар, башқұрт, өзбек, қырғыз сияқты ағайындарымыз хабардар болмай қалады. Сондықтан орысша да шығардым.

Ақырғы елші аманаты

- Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі жайында, оның көркем мінезі туралы өз аузыңыздан естісек деп едік. Бір қарағанда Пайғамбарымыз туралы әңгімелеңізші деудің өзі артық  та сияқты. Бәріміз бұл жөнінде білуге тиіспіз ғой. Әйтсе де, қазірше дәл олай емес. Газет оқырмандары арасында мұндай әңгімені қажет ететіндер де табылатыны талассыз.

- Әуелі Мұхаммед пайғамбарымызды (с.ғ.с.) неге соңғы пайғамбар дейтінімізді түсіндірейін. Һижрадан (622 жыл һижра жыл санауының бастауы) 4600 жыл бұрын Ад тайпасына жіберілген Һуд (ғ.с.), һижрадан шамамен 4400 жыл бұрын Самуд тайпасына жіберілген Салих (ғ.с.), һижрадан шамамен 3400 жыл бұрын Мадиян жұртына жіберілген Шұғайб (ғ.с.) және һижрадан шамамен 3800 жыл бұрын Меккедегі Журхум тайпасына жіберілген Исмайыл (ғ.с.) және т.б. хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейінгі араб жұртына жіберілген пайғамбарлар қатарын құрады.

Алланың соңғы елшісі, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) араб елінің экономикалық және діни орталығы саналған Мекке қаласында 571 жылы дүниеге келді. Бұл қаланың тұрғындары егіншілікпен де, қол өнерімен де, бау-бақша өсірумен де шұғылданбайтын. Олар солтүстік жағынан Шам, Ирак, Мысыр қалаларынан, ал оңтүстігінен Үндістан, Қытай, Шығыс Африка елдерінен келетін үлкен-үлкен сауда керуендерінің күтімімен айналысатын. Халықтың дені негізінен осы іске ден қоятын. Меккедегі ең беделді әрі бай саналатын Құрайыш тайпасы сауда экспедицияларын ұйымдастырып басқаратын. Сондай-ақ, өсімқорлық та бұл тайпаның кәсібі болды. Өйткені, Хижаздың көшпелі тайпалары көбіне-көп қарыз астында езіліп, одан құтылу үшін өсіммен ақша алатын.

Құрайыш тайпасы Араб түбегіндегі өзге тайпалардың бірі ғана болғанымен, экономикалық жағдайы жағынан өзгелерден көш ілгері-тін. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы тайпаның Һашим руынан шықты. Әкесі шағын дәулетті Абдулла деген кісі еді. Ол өмірден ерте озып, алты жасында анасы Әминадан да айырылып, жетім қалды. Сөйтіп, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көкесі Әбу Тәлібтің қамқорлығында өсті. Оның қолында жүріп, қой да бақты. Ер жете келе сауда керуендеріне қосылды. Құран Кәрімде Алла тағала Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды бүкіл ғаламға рақым нұры, әрі ақиқат дінді жеткізуші етіп жібергені жайлы: «(Мұхаммед с.ғ.с.) «Ей, адам баласы! Мен барлығыңа Алланың елшісімін. Ол сондай, Алла жер мен көктің иелігі оған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Аллаға және Алланың сөздеріне сенген, жіберілген оқымаған Пайғамбарға иман келтіріңдер. Және оған еріңдер, әрине, тура жол табасыңдар!», («Ағраф» сүресі, 158-аят ) дейді.

Бұған дейінгі сан мыңдаған пайғамбарлардың арасында бір қауымға ғана емес, бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген ақырзаман пайғамбары хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) алар орны ерекше. Алла тағала: "Сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік", деп оған өзгеше ілтипат танытты. Сондықтан Алланың соңғы елшісі (с.ғ.с.) қасиетті Құран Кәрімді барша адамзат баласына түсіндіріп, насихаттады. Өмірінің соңына дейін осы міндетті қалтқысыз атқарды. Мүбарак Құран болса, жер бетіне өзінен бұрын түскен қасиетті кітаптар мен парақтардың (сухуф) мазмұнын толықтай қамтыды. Оларда берілген діни үкімдерді бекіте келді және алдыңғы кітаптардың үкімін жойған соңғы түскен қасиетті кітап болды.

Ұлы өркениетке қадам

- Бүгінде Батыстың мүйізі қарағайдай кейбір ғалымдары Исламды мойындап қана қоймай, Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әкелген асыл дінімізді қабылдауда. Оның тек Алла Елшісі ғана емес, данагөй дипломат, ұлы ұстаз, әділетті басшы, мейірімді әке, көркем мінезге ие жан екені жайлы парасатты пікірлер паш етілуде. Екі дүние сардары тас жүректерді жібітті, халықты қараңғылықтан құтқарды. Оның ізін басқан сахабалардың да есімі тарихта алтын әріптермен жазылды. Осы ретте Исламды төрткүл дүниеге таратқан саңлақ сахабалар жайлы әңгімелеп берсеңіз.

- VII ғасыр алғашында араб қоғамы, кейіннен бүкіл адамзат үшін ұлы өркениет пен мәдениеттің нұрлы бастауына айналды. Араб түбегінде аса қуатты діни мемлекеттің орнауы жер-жаһанның тынысына бұрын-соңды болмаған жаңа леп алып келді. Бұл елдің бұрыннан табынып келген жалған құдайлары мен пұттарын тастап, мұсылмандықты қабылдап, жалғыз Алла тағалаға ғана құлшылық етуінің игі әсері еді. Адамдардың дүниеге, бүкіл жаратылыстарға деген көзқарасы өзгерді. Ұлы Жаратушыға деген сенім біртіндеп адамгершілік қасиеттермен де толықты. Ислам қоғамдық қатынастарға ықпал етіп, жалпақ жұрттың әлеуметтік мәселелерін де оп-оңай шеше бастады. Бір-бірімен шабысып-қырқысып жатқан араб ру-тайпаларының бір тудың астына бірігуі халықтың көсегесін көгертіп, мерейін асырды. Ислам діні адамдарды жаңа құқықтық қарым-қатынасқа шақырып, жаңа сенімнің кеңінен жайылуына жағдай тудырды. Жаңа дін келуінен он жыл өтпей жатып арабтардың ұлан-асыр жерді бағындырған даңқы жан-жаққа жайыла түсті. Ал хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың қауымы ақиқат дінді жаю жолындағы күрестің маңызын жан-тәнімен қабылдап, оны табиғи мінездеріне айналдыра білді. Сөйтіп, Ислам діні Азия мен Африка халықтарының арасында, Еуропаның бір бөлігінде, жалпы Үндістаннан Испанияға дейінгі ұлан-ғайыр далада кеңінен жайылды. Үш құрлықтың тұрғындарынан құралған көптеген халықтар бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп, рухани-саяси күшке айналды. Сол кезде әлемді дүр сілкіндіріп тұрған екі алып империя Иран мен Византия да мұсылмандардың ығына жығылды.

Анығырақ айтар болсақ, Әбу Бәкір (р.а.) халифалығы кезінде (632-634 ж.) зекет бермейтін тайпалар тәртіпке келді. Қасиетті Құран Кәрім кітап болып жинақталды. Хазіреті Омар (р.а) кезінде (634-644 ж.) Ирак, Иран, Шам және Мысыр елдеріне Ислам діні орнады. Хазіреті Османның (р.а.) дәуірінде (644-656 ж.) алғашқы Ислам теңіз флоты құрылды. Кипр азат етілді. Бірақ үшінші халифа кезінде билікке қарсы шығушылар бой көтеріп, хазірет Әлидің (р.а) дәуірінде тіпті күшейіп кетті. Бұл мұсылмандардың бөліне бастауына себеп болып, Исламның жайылуына кері әсерін тигізді.

Умеядтар (Амауилер) дәуірінде (661-750) Ислам діні қайта қанат жайды. Солтүстік Африка толығымен Исламды қабылдап, Испанияға Ислам туы тігілді. Хорасан мен Мауараннаһр аймақтары жаңа дінге өтті.

Аббасилердің билігі кезеңінде Ислам дінінің таралу қарқыны бәсеңдеді. Дегенмен, бұл дәуірде Исламды өркениет жолымен жаюға, ілім-білім мен өнерге, әдебиетке көбірек көңіл бөлінді. Түріктер мен парсылар (Иран) секілді халқы араб емес өлкелерге бұл дәуірде белгіленген міндеттер жүктелді.

Түркі әлемінің діни тарихына келсек, бұл жұрттың өте көп сенім түрлерін басынан өткізгенін көреміз. Бірақ мұнда бәрінен де Көктәңірге сыйыну тараған. Кейбір шетелдік тарихшылар түркілер тарихын Исламға дейінгі және Исламнан кейінгі деп бөле қарастырады.

Аббасилер дәуірінде түрік-арабн қақтығыстары айтарлықтай орын алған жоқ. Ал 751 жылы қытайлар мен Аббас әскері арасындағы Талас (Атлах) шайқасында қарлұқтардың мұсылмандарды жақтауы аббасилердің жеңісіне сеп болғаны тарихтан мәлім. Аталмыш шайқастан соң бірте-бірте түркі араб қарым-қатынастары жақсара берді. Орта Азия біртіндеп мұсылман еліне айналды.

Сунниттер және шииттер

- Жасырсақ та, жасырмасақ та дәл қазір ислам әлемінде тұтас бірлік жоқ екені рас. Әрине, басы ашық нәрсе: күллі мұсылманның Құраны бір, Пайғамбары да бір. Алайда, Ислам тарихынан бастау алған мұсылмандардың сунниттер және шииттер деген атаумен қос топқа бөлінуі туралы түрлі пікір бар. Тіпті одан саяси астар іздейтіндер де табылып жатады. Осы оқиғаның тарихына тоқталып, ара жігін ажыратып берсеңіз.

- Мәселені тым олай етіп қоюға болмайды. Өйтіп айтсаңыз, христиан дініндегілерде де тұтастық жоқтығын қосып айту керек. Ана жылы дүниеден өткен Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің әлемнің жүзден астам елін араласа да, Ресей жеріне табанын тигізе алмағанын бәріміз білеміз. Діни соғыстар  мұсылмандардан гөрі христиандар тарихында көбірек екенін білесіз.

Енді біздегі бөлінушілікке байланысты айтайын. Табиғиндер (сахабаларға ерушілер) дәуірінде мұсылмандар арасында пікір қайшылықтары да кездеспей қалмады. Сүннетті ұстану жолынан байқамай адасқандар да кездесті. «Әһли сунна уа жамаға» (сүннет пен жамағат иелері) жолынан бағыты тайып кеткен Харижилер (бөлініп шығушылар) шиалар секілді бағыттарға бөлінушіліктер осы кезеңге тән.

- «Шиа» деген не?

- «Шиа» «партия», «жақтаушылар», «тараптас болу» деген мағыналарды білдіреді. Сондықтан үшінші халифа хазіреті Османның (656 ж.) шаһид етілуінен кейінгі ішкі жанжалдар кезінде хазіреті Әлиді халифалыққа лайық көріп, әсіре жақтаушылар «Шиа-и Әли» (Әлидің жақтастары) деп аталды. Шиа бағытының тарихы осылай басталған. Хазіреті Әли жиырма жылдан астам өзінен бұрынғы үш халифаға бой ұсынып, олардың билігі бойынша өмір сүрді. Түсінген жанға бұл да біраз жайттан хабар берсе керек.

Жалпы алғанда, шиа бағытының пайда болуына хазіреті Әлиге деген шектен тыс махаббат жол ашты. Дәлірек айтсақ, бұрынғы екі үлкен мемлекеттердің бірі сасандықтар мұрагері ирандықтар арабтардың өздеріне билік жүргізуін іштей қаламады. Нәтижесінде Әлиді жақсы көру деген желеумен арабтардан бөлініп, өздерінше діни бағыт қалыптастырды. Бірақ бұл діни бағыт толық салтанат құра алмады.

- Жаңа «шектен тыс махаббат» деп қалдыңыз. Дінге келгенде де сондай бола ма?

- Неге болмасын? Әбден болады. Абай айтқандай, не нәрсе де мөлшерінен аспауы керек.

Бүгінгі таңда әлемдегі мұсылмандардың шамамен 90 пайызы Исламның сунниттік бағытын ұстанады. «Суннит» араб тіліндегі «Әһлу сунна уәл-жамағат» (Сүннет пен жамағат иелері) тіркесінен алынған. Негізінде, сүннет («сунна») деп ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолын айтамыз. Исламның алғаш пайда болған кезіндегі саңлақ сахабалар, олардың соңынан ерген табиғиндер (ерушілер) және табиғиндерге ілесушілер осы суниттік бағытта болды. Олардан кейінгі ғұламалар «халафи садықиин» (кейінгі шыншылдар) деп аталды. Олар да сунниттердің жолын ұстанды. Қысқасы, суннизм - сонау VII ғасырдан бүгінге дейін алтын тіндей үзілмей жалғасып келе жатқан ислам жолы. Сунниттер төрт әділ халифаның заңды билігін мойындайды, алты негізгі хадис (Бухари, Муслим, Тирмизи, Әбу Дауд, Нәсаи, Ибн Мәжа) жинақтарына күмән келтірмейді, сенім тіректері жағынан имам Матуриди, Әшғари мектептерін басшылыққа және төрт құқық мектебінің (мәзһабына) біріне тиесілі болады. Қазақ халқы да сан ғасырлардан бері осы сүнниттік жолдың ішіндегі Ханафи мәзһабын ұстанып келеді.

Исламдағы төрт мәзһаб

- Мәзһаб дегеннен шығады, шариғат алауыздыққа жол бермейтінін өзіңіз ақпарат құралдары арқылы, түрлі  конференцияларда, алқалы жиындарда, жұма намаздарында айтып та, жазып та жүрсіз. «Бөлінгенді бөрі жейтінін» жиі қозғайсыз. Исламның төрт құқықтық мектебін (мәзһабын) ұстанушылар арасында түрлі сипатта құлшылығын орындайтындар аракідік кездесіп жатады. Мәзһаб деген не? Оны ұстанудың маңыздылығы қандай? Шынын айтқанда, осы шамалас сұрақты сізге төрт жыл бұрынғы сұхбатта да қойғанмын. Қайталай айтсаңыз артық болмайды. Одан бергі уақытта мәзһаб мәселесі бұрынғысынан да өткірленіп кеткен сияқты да әсер қалдырады.

- Мәзһаб - жол, мектеп, бағыт деген мағынаны білдіреді. Шариғат тұрғысынан алғанда, арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен Ислам ғұламаларының көзқарастар жиынтығын мәзһаб дейміз. Мұсылмандар өміріндегі намаз, ораза, зекет, қажылық сынды діни іс-амалдардың барлығы мәзһаб ғұламалары анықтаған үкімдерге сай атқарылады.

Исламның алғашқы дәуірінде мұсылмандар арасында діни қайшылықтар бола қоймады. Өйткені, хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз қасиетті Құран және өзінің даналығымен мәселенің шешімін айтып, дер кезінде алауыздықтың алдын ала білді. Уақыт өте мұсылмандардың саны көбейе түсті, жаңа мәселелер туындай бастады. Өйткені, өмір мен тіршілік үнемі өзгеріп, өркендеп, жаңарып, дамып отырды. Мұндай жағдайда, сахабалар өз білімдеріне сүйеніп, шариғат шеңберінде ондай өзекті мәселелерді шешіп отырды. Кейінірек Ислам діні өзге халықтар, ұлыстар арасына тарады. Олар араб тілін де, дінін де біле бермейтін. Діни үгіт-насихат пен тағылым істерін оларға жеткізу сахабалар үшін оңай емес-ті. Бұл ретте сахабалар ислам дінін бүге-шігесіне дейін үйренемін дегендерге ұстаздық етті. Сол ұстаздар қатарына хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың ұлық төрт халифасын, сондай-ақ Абдулла ибн Масъуд (590-653), Абдулла ибн Омар (612-692), Абдулла ибн Аббас (619-687), Абдулла ибн Әмр ибн Ас (615-684), Зәйд ибн Сәбит (615-665) және хазіреті Айша (613-678) (р.а.) анамызды жатқызуға болады. Олар өз заманының дара әрі дана адамдары еді. Абдулла ибн Аббастың (р.а.) үйі «білім ордасы» атанған. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз оларға: «Сахабаларым аспандағы жолшы жұлдыздар іспетті. Оларға ілессеңдер, хақ жолын табасыңдар»,  деп жоғары бағасын берген.

 

Сахабалар кезінде түрлі діни көзқарастар пайда болды. Уақыт өте фиқһ (мұсылман заңы) саласы бойынша Мүбәрак Құран аяттарын дұрыс талдау және хадистерді зерттеу арқылы шариғатты дамытып, жалған мектептерге  қарсы күресуші, олардың қателіктерін паш етуші Әбу Ханифа (699-767), имам Малик (717-795), имам Шафиғи (767-820), Ахмад ибн Ханбал (780-855) секілді ислам ғұламаларының мәзһабтары дүниеге келді. Бұлар ислам әлемінде ресми мәзһаб саналып, 1300 жылдан бері өз ұстанымдары бойынша амалдарын жүргізуде. Ол мәзһаб иелерінің әрқайсысы мүжтаһид (білгір) ғалымдар еді. Солардың біріне мойынсұну арқылы, осы заманға дейінгі әртүрлі қайшылықтардың алды алынып келді. Сондықтан бұл төрт мәзһабтың бірін ұстану қазіргі заман талабы да. Өйткені, олар Құран Кәрім мен сүннет жолына лайық болғандықтан «әһлу сунна уәл-жамаға», яғни хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннет жолын ұстанып, көпшіліктен бөлінбей, бірлік-ынтымақты жақтаушы қауым мәзһабтары атанды.

Ханафи мәзһабы

- Сұхбат арасында қазақ халқының сан ғасырлардан бері сүнниттік жолдың ішіндегі Ханафи мәзһабын ұстанып келе жатқанын тілге тиек еттіңіз. Оның басқа мәзһабтардан ерекшелігі неде?

- Исламның төрт құбыласын тең қылып тұрған төрт мәзһаб ішіндегі қарға тамырлы қазақтың жүрегі мен табиғатына, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына жақыны, әрі жалпақ даланы желіп өткен бабаларымыздың ықылым заманда-ақ таңдағаны имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы. Негізінен Үндістан, Пәкстан, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Кавказ, Орта Азия мен Қазақстан жұртына кеңінен тараған Ханафи мәзһабы тұла бойы адамгершілік пен бүкіл адамзатқа ортақ асыл құндылықтарға бай.

Күні кеше қызыл империя салған 70 жылдық зобалаңнан кейін, атеистік уыттан әлі айыға қоймаған, түрлі діни ағымдар шапанының астынан шыға алмай жүрген, діни білімі мен танымы кемшіндеу кейбір бауырларымыздың: - Әбу Ханифа мәзһабын ұстанудың не қажеті бар? - деген қитұрқы сауалдарын құлағымыз шалып жатады.

- Ондай сауалдарға бұл мәзһабты ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанған, сонысымен де ол уақыт сынынан өткен, қазаққа жаққан деп қарапайым жауап беруге болатын сияқты. Әйтсе де, күмән келтірушілер азаймай тұрған мына заманда ондайларға қандай кеңес берер едіңіз?

- Біріншіден, бұл сауалды қоюшыға Әбу Ханифа мәзһабының мән-маңызын ұғынып, сарабдал сырларына үңілуге кеңес берер едік. Екіншіден, олар бұл құқықтық майталман мектепті ата-бабаларымыз неге ұстанғанын, оның өміріміз бен қоғамымыздағы алар орны мен рөлін бағамдағаны ләзім. Үшіншіден, әлем мұсылмандарының жартысынан астамы неге осы мәзһабты ұстанады? Себебі, бірлік пен ынтымақ адамзат баласы үшін құнды қазына. Исламдағы бір мәзһабты ұстанудың артықшылығы - халық біртұтас, ынтымағы мен бірлігі күшті, ұйымшыл болады. Орта Азия мен Қазақстанда қанша ғасырлардан бері діни алауыздық шықпай, халықтардың діни ұрыс-керіс, дау-жанжалдан іргесін аулақ салуының да бірден-бір сыры осында. Әйтпесе өз мақсаттары мен мүдделерін іске асыру үшін аянып қалмайтын түрлі сенім өкілдерінің тасамыздан тас атып жүргені де жасырын емес. Сондықтан бірауыздан үн қатып, бірлесе отырып, бір мәзһабта тізе қосып алға жылжысақ, ешкімнің бізге тісі бата қоймасы анық. Өйткені құлшылық амалдарының бір болуы ондай жат пиғылдың тууына жол бермейді.

Әбу Ханифа мәзһабы өзге діни мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жеңілдік беруімен, әрі демократиялығымен де ерекшеленіп тұрады. Біздің жартылай көшпелі халқымыздың бұл мәзһабты қабылдауының тағы бір себебі - өз дүние танымы, бітімі мен болмысы, жүрегі мен діліне оның тонның ішкі бауындай жақындығында.

- Естіп жатырмыз, жақында осы бағытта тағы бір қадам жасапсыздар. Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VI құрылтайында бізде Ислам дінінің тарихи ерекшелігін ескере отырып, сүнни бағытындағы Әбу Ханифа мәзһабы бойынша насихатталуы қамтамасыз етіледі деген тұрғыда Жарғыға өзгеріс енгізіліпті.

- Ол өзгеріс Президент өткен жылдың қазан айында қол қойған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға сәйкес енгізілді. Онда Исламның ханафиттік бағыты ел мұсылмандары үшін дәстүрлі ұстаным ретінде танылған. Ендігі жерде ел аумағындағы барлық мешіттерде бүкіл діни рәсімдер де, құлшылықтар да осыған сәйкес жүргізіліп, өткізілуі тиіс. Мұнан өзгенің бәрі дін жөніндегі жаңа заңға да, діни басқарманың жарғысына да қайшы, яғни оны бұзушылық болып табылады. Демек, жаңа заң  ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түсуге қызмет етеді. Тағы да айтамын: дінге байланысты соңғы заңда Қазақстан мұсылмандарының осы мәзһабпен амал жасайтыны шегелеп көрсетілген.

Малики мәзһабы

- Мәзһабтың негізін қалаған ғалымдар жайлы көп айтыла бермейді. Олар бір-бірінің діни үкімімен, пәтуасымен санасқан ба? Төрт мәзһаб жайында таратып айтып берсеңіз.

- Малики мәзһабының негізін қалаушы - Мәлик ибн Анас (һ. 93-179 ж, м. 712-795). Бұл мәзһаб Мәдина қаласында пайда болып, Араб елдеріне, Мысырға, Солтүстік Африка мен Андалусияға дейін жайылған. Имам Маликтің ең әйгілі еңбегі «Муатта» деп аталады. Ол - фиқһ тәртібіне қарай жазылған алғашқы хадис кітабы. Малик атақты табиун ғалымдардан хадистер мен фиқһ ілімін үйреніп, кейіннен өзі де пәтуа бере бастайды.

Имам Малик үкім шығаруда өзге мүжтаһид имамдар секілді негізгі діни қайнарларға (Құран мен сүннет) және сахабалардың пікірлеріне көп мән берді. Малики мәзһабы алдымен Хижаз өлкесінде, кейіннен имамның Асад ибн Фурат, Ибн Уәхб және Ибн Қасым сияқты шәкірттері арқылы Солтүстік Африка мен Испанияның оңтүстік бөлігіне, яғни Андалусияға тараған, тіпті бұл Андалусияда Умеядтар мемлекетінің ресми мәзһабы болды. Қазір бұл мәзһабты көбіне Мысыр, Тунис, Алжир, Марокко және Судан мұсылмандары ұстануда.

Шафиғи мәзһабы

- Шафиғи мәзһабы туралы не айтасыз?

- Бұл мәзһабтың негізін қалаушы - фақиһ (заңгер), мухаддис (хадисші), Мұхаммад ибн Идрис әш-Шафиғи (767-820). Ол Палестинаның Газза қаласында әскери қызметкер отбасында дүниеге келген. Жастайынан әкесінен жетім қалады. Шешесі тегі бұзылмасын деп оны Меккедегі әкесінің абыройлы туыстарының қолына береді. Мұнда ол Суфян ибн Уяйна (811 ж. ө.) секілді тіл ғылымын, хадис пен фиқһ ілімдерін терең меңгерген көрнекті дін ғалымдары мен білімпаздардың ортасында өседі. Ер жетіп, 20 жасқа толған шағында аш-Шафиғи Мәлик ибн Анастан дәріс алу үшін Мәдинаға қоныс аударады. Мәлік оны қамқорлығына алып, көмекшісі міндетін жүктейді. Шамамен 35 жасында ол Бағдат пен Меккеде өз бетінше мүджтаһид (шариғат білгірі, ғалым) ретінде әрекет етті. Сол кезде ханафилік пен маликилік мектептердің өзара қарама-қайшылықтарын біріктіруге тырысқан мәзһабын насихаттады. Жаңа мәзһаб айналасына жиналған жақтаушылар саны өсе берді. Шафиғи мәзһабы Мысырда, Малайзия, Индонезия және Кавказдың кейбір бөлігінде кең таралған. Әш-Шафиғидің негізгі еңбегі - фиқһ негіздері туралы жеті томдық «Китаб әл-умм». Бұл - шәкірті Яқуб әл-Бууайти ұстазының дәрістерінен жазып алған, ал кейінірек тағы бір шәкірті ар-Рабиа ибн Сүлеймен толықтырып, түсініктемелер жазып жарыққа шығарған еңбек. Имам әш-Шафиғи сондай-ақ хадистер жинағы «Муснад әл-имам әш-Шафиғиді» - «Имам әш-Шафиғидың муснадын» құрастырып, хадистерді салыстыру жолдары туралы - «Ихтилаф әл-хадис» - «хадис қайшылықтары» атты кітабын жазды. Әш-Шафиғи - құқық негіздерін (усул әл-фиқһ) бірінші рет жүйелеп, діни ұғымдарды өзара жіктеп, олардың өзара қарым-қатынасын «Рисала фи илми-л усул» - «Усул ғылымы жайлы трактат» кітабында айқындап берді.

Ханбали мәзһабы

- Мәзһабтың тағы бірі - Ханбали. Енді осыған келсеңіз.

- Бағдат қаласында 848 жылы дүниеге келген Ахмед ибн Ханбал негізін салған мәзһаб бұл. Ол он бес жасынан бастап, 816 жылға дейін көп кітап оқып, мұсылмандардың діни орталықтарында діни білімін шыңдады. Әбу Юсуф пен әш-Шағбии сияқты көптеген ғалымдармен қарым-қатынас жасады. Ахмет ибн Ханбал исламды жаңа сенімдер мен ағымдардан қорғаушы ретінде көп еңбек сіңірді. Ол хадис үйренуге, жинауға және жазуға көп мән берді. Имам Шафиғиден үкім шығару әдіс-тәсілдерін үйренген. Мәжбүр болмаған жағдайда қиясқа (үйлестікке) бойұсынудың қажеті жоқ деген пікірді қатаң ұстанған.

Ханбали мәзһабы Бағдат, Мысыр, Сирия және Хижазға жайылған. Қазіргі таңда ол Сауд Арабиясының ресми мәзһабы саналады.

Мәзһаб ұстану - дініміздің негізгі қайнар көздеріне сүйенген дұрыс жолға түсу.

- Сонда бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары неде деп білеміз?

- Мәзһабтардағы айырмашылықтар тек абзал және дұрыс деген сөзде ғана. Яғни, біз өз мәзһабымызды абзал санаймыз да, ал қалған үш мәзһабты дұрыс деп білеміз. Тек біздің мәзһаб дұрыс, қалған үшеуі бұрыс деу  - адасушылық. Бізде қазір сондай адасушылық бой көрсетіп жүр. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үмбетімнің (кейбір мәселелерде) әртүрлі көзқараста болуы - рақымдылық» деген. Қазір біз көп айтатын толеранттылық, плюрализм ұғымдары Исламда баяғыдан бар.

- Қазақ мұның бәрін «Кең болсаң кем болмайсың» деген бір ауыз сөзге сыйғызып жіберген ғой. Солай емес пе?

- Солай. Солай болғандықтан да мәзһаб ғұламалары діннің негізгі заңдары шеңберінде адамдардың жағрафиялық жағдаяттарын, өмір сүру салттарын, дәстүрлерін ескере отырып, тармақ мәселелерде түрлі үкімдер шығарған. Бірақ бұл олардың арасындағы бірлік-ынтымаққа кері әсерін тигізбейтін. Керісінше, бір-біріне деген құрмет-сыйлары қашанда артумен болатын.

Сұрағыңызға ғибратты мысалмен нақты жауап берейін. Ислам тарихында мынадай өнегелі оқиғалар кездескен. Ханафи ғұламасы әл-Қади Әбу Усам Шафиғи ғалымы Қаффалдың мешітіне барады. Әбу Усамды көрген Қаффал муаззинге қаматтың Ханафи мәзһабы бойынша түсірілуін тапсырады да, Әбу Усамға имам болуды ұсынады. Әбу Усам намаз оқытады. Бірақ өзі Ханафи мәзһабын ұстанатындығына да қарамастан, намазда «бисмиллаһты» Шафиғи мәзһабы бойынша жария оқиды.

Тағы бір мысал. Имам Мәликтің «Муатта» кітабын оқып шыққан халифа Жағфар Мансур (754-775 ж.) біліміне ризашылық білдіріп: «Өте құнды еңбек жазыпсыз. Келіңіз, мұсылмандарға ислам дінін тек осы кітап бойынша амал еткізейік», дегеніне имам: «Жоқ, олай етуге болмайды. Расулулланың сахабалары жан-жаққа тарады, олардың барлығы да өздерімен жақсылықты ала барды»,  деген екен.

Міне, ғұламалар арасындағы әртүрлі көзқарас пен мәзһаб ерекшелігі олардың арасына сызат түсірмеген.

Теріс ағымдар туралы

- 2010 жылы Құранның орысшаға аудармашысы Валерия Пороховамен сұхбат жасаған едім. Ақтаудағы ол әңгімеміздің бас жағына сіз де қатысқансыз. Кейін сол сұхбат «Казахстанская правда» газетіне де басылды. Сонда газет В.Порохованың «Ваххабизм - отклонение от Корана» деген сөздерін тақырыпшаға бөліп шығарыпты. Жасыратыны жоқ, осы ағым бәрімізді алаңдатып отыр. Тараздағы жеті адамның қанын төккен сұмдық оқиғаға себепкер лаңкесшінің діннің осы бағытын ұстанатыны сотта дәлелденді.

Ақиқатпен бірге жалған ақпарат жармаса жүретіні жасырын емес. Өкінішке қарай, білім мен даналықты ұштастыра алмаған кейбір адамдар амалдары арқылы білместікпен Ислам жайлы жағымсыз пікір қалыптастыруда. Исламның кеңшілігін кемшілікпен жеткізуде. Онсыз да кемел дінді келемеждеп көрсеткісі келетіндер үшін бұл іздегенге сұраған болды. Біреулердің білімсіздігі Исламға кір келтіруде. Осындайда адасқан ағымдардың кесірінен кейбір адамдар дінге үрке қарауда. Ислам атын жамылған ағымдар жайлы не айтасыз?

- Пікіріңізбен келісемін. Ағымдар жайлы айтқанда, оның шығу төркіні мен тарихына тоқталған дұрыс. Осы мәселені жіті зерттеген ғалымдардың пікірінше, ХVІІІ ғасырда Нежд өлкесінде дүниеге келген Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһаб негізін қалаған діни-саяси ағым оның атымен «уаһһабилік» деп аталған. Уаһһабилік идеология өкілдері өздерін  «салафиміз» деп атағандықтан осы атпен таныла бастайды. «Салаф» сөзі Қасиетті Құранның бірнеше жерінде кездескенімен, ол «алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан салафи мұсылмандардың алдыңғы үш толқынына берілген атау. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары, табиғиндер (сахабаларды көргендер) мен табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер). Заманымызда өздерін «салафи» санаушылар Исламның әуелгі үш ғасырындағы өмір сүргендерге теңеуде. Бұрынғы салафилер шынайы ислам жолын ұстанушылар болса, қазіргілер олай емес.

- Неге бұлай дейсіз?

- Еліміздегі кейбір бұл ағым өкілдері әһли сүннет жолын ұстанушы 4 мазһабтың біреуін де ұстанбайтын көрінеді. Алайда,  әһли сүннет жолын ұстанушы Ханафи, Шафиғи, Малики, Ханбали мазһабтары екендігі шындық. Шынайы салаф жолын ұстанушылар қоғам бірлігі мен ынтымағына сызат түсіретін оғаш қылық көрсетпеді. Аталмыш ағым өкілдері болса, өздерін салаф санағанымен ғалымдарымыз рұқсат беріп, қаншама ғасыр бойы жалғасын тауып келген кейбір діни мәселені бидғат санайды екен. Мәселен, дүниеден қайтқан кісі үшін Құран оқуға, құдайы ас беруге, намаздан кейін тәспі тартуға, бет сипауға, мазһабпен жүруге, марқұмның жетісін, қырқын, жылын беруге қарсы.

- «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін, аруақ аттамайтын қазаққа ата-анасының, жақынының жетісін, қырқын, жылын беруге болмайды деп уағыз айту, кесенелерді қиратуға шақыру  күпіршілік емес пе? Дәстүр де ұлы күш қой.

- Олардың баз бірі ғалымдар деңгейінде қарастырылатын діни мәселелерді қарапайым мұсылмандар шешетін мәселе секілді дауға айналдырған сыңайлы. Сонымен қатар, намаз оқымаған жағдайда мейлі ата-ана болсын, ағайын-туыс болсын мұсылман емес деп қарым-қатынасты үзуде екенін еміс-еміс естіп қаламыз.

- Ойыма бір жағдай түсіп отыр. Осыдан оншақты жылдай бұрын жұртқа танымал айтыс ақыны дүниеден өтті. Қазанаманы суретімен жарияламақ ниетпен үйімен хабарласқанымызда өзінің фотосы тұрмақ, ата-анасының, балаларының фотоларына дейін жойып жібергенін естідік. Ислам адамның суретін салуға тыйым салады дегенді ұстанғаны екен.

- Өкінішке орай, бұл ағым өкілдері ислам дінін жақсы жағынан ғана таныту орнына қатыгездік пен дөрекілік арқылы ата дінімізге залалын тигізуде екенін жұрт айтады. Қала берді, исламның отбасын құру мәселесін ұят жағдайға дейін жеткізді деседі. Исламның көп әйел алу кеңшілігін дұрыс пайымдамай, үйлену мен ажырасуды нәпсі қалауларына сәйкес жасап, діннен хабары аз жұртшылықты исламға үрке қарауға апаратындарын көрген халық шошуда.

Салафилік идеология Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Орта Азияға, соның ішінде қазақ жеріне де келе бастады. Олар елімізде алғашқы кезде қайырымдылық қорлар ашып, сауат ашу курстарын, араб тілін үйретеміз деген желеумен бірқатар жастарды адастырды. Қала берсе орыс тіліне аударылған тегін діни әдебиеттер таратумен діни сауаты жоқ қандастарымызды қатарларына тарта білді. Тоқсаныншы жылдары көптеген жастар діни білім алу мақсатымен мұсылман жұрттарына барды. Соның ішінде осы идеологияның шырмауына іліккендер оқуын тәмамдап, елге оралған соң, сол діни ағым ұстанымдарын жаюға кірісті.

Бірте-бірте халқымыз сан ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі Ханафи мәзһабына тіл тигізу, ата дәстүрі мен әдет-ғұрыпты мойындамау, оған құрмет көрсетпеу, мәдени және тарихи ошақтарды зиярат етуді дінде жоқ деу, ата-баба зираттарын қирату сияқты жәйттер көрініс бере бастағанын теледидардан көріп жүрміз.

- Жаның түршігеді. Не болып барамыз? Бір қиырдан бір қиырға шығандап шыға беретін халықпыз ғой өзі. Көпшілік жұртты «Құранымыз бір, пайғамбарымыз бір, ұлтымыз бір, тіліміз бір бола тұра неге салафизм, таблиғи жамағат, ахмадия секілді т.б. ағымдарға бөлінеміз, ислам бөлінуге қарсы емес пе?» деген сауал жиі мазалайды.

- Екі дүниенің бақытына жетелейтін Қасиетті Құранда «Бақара» сүресінде «Лә тафәррақу» - «бөлінбеңдер» делінген. «Бөлінгенді бөрі жейді»,  деп атамыз қазақ текке айтпаған.

Білімге үндейтін ілім

- Исламда ілім үйренудің маңызы жөнінде не айтар едіңіз?

- Ислам озық ой мен прогресс діні ретінде қай кезде де ғылыми-ағартушылық бағытты негіз етіп алды. Сондықтан да алғашқы күннен адамзатты білімге, оқуға үндеді. Құранға үңілумен қатар мына алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге шақырып, Ұлы Шебердің құдіретіне саналы түрде бас идірді. Қасиетті Құранның алғашқы аяты «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталуы да ойланғанға ғибрат. Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмар» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Шын мәнінде құлдарынан ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11-аят) деген аяттарды, сондай-ақ, «Ғалымдар - пайғамбарлардың мирас­қорлары» (Әбу Дәуіт), «Тал бесіктен көр бесікке дейін білім іздеңдер» (Әл-Ажлуни), «Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз» (Ибн Мажа), «Ілім үйренуге шыққан адам Алла жолында» (Муслим) деген секілді хадистерді көкейге түйген мұсылмандар ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) он мұсылманға оқу-жазу үйреткен тұтқындарды босатып, суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмылдырған.

Исламдағы алғашқы ілім ошағы әл-Масжиду-л Набауимен басталған. 830 жылы халифа әл-Мамун тұрғызған Бағдаттағы әйгілі «Бәйту-л хикма» осының бірі. «Бәйту-л хикма» (оқу-ағарту үйі) аударма орталығы, кітапхана, сондай-ақ алғашқы жоғары оқу орны рөлін де атқарған. Тіпті «Бәйту-л хикмаға» қарасты арнайы обсерватория да салынған. Бұл кезеңде тараған обсерваториялар бір жағы астрономия пәнін үйрететін мектеп қызметін де атқарған.

Бағдатта уәзір Низаму-л Мүлк тұрғызған «Низамия» медресесі сол кезеңнің ең озық, ең ірі оқу орны міндетін атқарған. Андалусиялық әмауилер мен Бәни Ахмар мемлекетінде де оқу-ағарту жұмыстарына көңіл бөлінген.

Аббасилер кезеңінде білім басты назарда болған. Халифа Һарұн ар - Рашид Анкараны өзіне қаратқан кезде, сондай-ақ халифа әл-Мамун Византия императоры Мишель ІІІ-ті жеңгенде, екі халифа да төлем ретінде ақша емес, көне жазбаларды талап еткені ой саларлық. Әсіресе, Умеядтар кезеңінде Иран, Үнді, Сирия, грек тілдерінен көптеген еңбектер арабшаға аударылған. Ежелгі грек тілінен Аристотель, Птолемей, Пифагор, Евклид, Гиппократ, Платон, Архимедтің өлмес-өшпес шығармалары, парсы және санскрит тілдерінен де терең ой, парасатқа шақыратын талай асыл дүниелер араб тіліне аударылды. Оларға түсіндірмелер жасалды. Аударма жұмыстары Аббасилар кезеңінде тіпті үдеген. Аударудың арқасында көне мәдениеттермен кеңінен танысқан мұсылман ғалымдары бұл мәліметтерді өз білімдерімен байытып, жетілдіре түскен.

Ислам әлемінде ғылыми жұмыстар мәселесінде Андалусия әмауилері озып шыққан. Бағдат пен Кордовадан бастап, Ислам әлемінің қалаларында кітапханалар мен медреселер көптеп бой көтерген. VIII-ХІІ ғасырларда ғылымның дамуы тұрғысынан мұсылмандарға жетер ешкім болмаған. Еуропадағы мәдениеттің қалыптасуына, ренессанс пен реформалық қозғалыстарға Ислам мәдениеті зор үлес қосқан. Мұсылмандар тәпсір, қирағат, фиқһ, калам, хадис секілді ислами білімдерді дамытқан. Тәпсірде әт-Табари, әз-Замахшари, Ибн әл-Араби, Фаһр ад-дин әр-Рази, Ибн әл-Касир сынды ғалымдар көзге түссе, фиқһта Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи, Ибн Ханбал секілді білімге ерекше терең бойлаған ғалымдар шыққан. Калам саласында Имам әл-Ғазали, Ибн әл-Арабилер өз қолтаңбасын қалдырса, хадис саласында Имам әл-Бұхари, Имам Тирмизи, Имам Муслим, Малик ибн Анас сынды білгірлер алдына жан салмаған. Мұсылмандар ислами ілімдермен қатар медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді жаратылыс пәндерін де дамытқан. Әсіресе халифа Һарұн ар-Рашид пен әл-Мамун кезеңдерінде мұсылмандар білімде ешкімге ат оздырмаған. Әр салада әлем мойындаған озық ғұламалар жетілген. Айталық, медицинада Әбу Бәкір ар-Рази, Ибн Сина; математикада  әл-Хорезми, Ибн Жамшид, әл-Бируни, Омар Хайям; химияда  Жабир ибн Хайян, әл-Мақсиди; пәлсапада Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Кинди; астрономияда әл-Баттани, Али Кушжи; тарихта ал-Масуди, әт-Табари, Ибн Халдун; географияда Ибн Баттута, Ибн Хаукал, тағы басқалар ерекше еңбек еткен.

-  Бұрын бір жолыққанда «Тарихқа үңілсек, батыстықтардан бұрын көптеген ғылыми жаңалықтарды мұсылман ғалымдардың ашқанына куә боламыз» дегеніңіз бар еді. Соларды нақты айтыңызшы?

- Айталық, алғаш күн сағатын ойлап тапқан Жабир ибн Әфлаһ (орта ғасырда), атом бомбасы жайлы алғаш түсінік берген Жабир ибн Хайян (721-805), автоматтық жүйені алғаш ойлап тапқан Жазари (1136-1206), зоологиялық энциклопедия кітабын жазған Мұхаммед ибн Мұса (1349-1405), тригонометрияға тангенс, котангенс, синус және косинус заңдылықтарын қосқан Әбул Уафа (940-998), алгебра кітабын жазған әл-Хорезми (780-850), агрономия саласында тұңғыш еңбек жазған Ибн Аууам (ХІІ ғ.), алғашқы қағаз фабрикасын құрған Ибн Фазыл (739-805), ішек, құрт микробын тапқан Камбур Уасим (?-1761), Жер шарының диаметрін алғаш өлшеген Мұхаммед ибн Мұса, алгебрадағы «Бином» формуласын тапқан Омар Хайям (?-1123), қазіргі дүние жүзі картасына өте жақын кейіпте дүние жүзі картасын сызған Пири Рейс (1465-1554), алғаш ұшақ жасаған Ибн Фирнас (?-888), тұңғыш рет компасты ойлап тапқан Кабажаки (ХІІІ ғ.), тарих ғылымын алғаш жүйелеген Ибн Халдун (1332-1406), химия саласында Кантитаф тәсілін ашқан Әбул Қасым әл-Каши (?-1436), 1000 жыл бұрын майда тамырларды тауып, алғаш рет рак ауруына операция жасаған Әли ибн Аббас (?-994) секілді жүздеген ғалымдар мұсылмандар еді. Бұлар жайында Қайрат Жолдыбайұлының «Күдікпен күрес» деген кітабында жан-жақты жазылған.

- Лайым солай болсын ғой. Бірақ мұның талайын әлі толық дәлелдеуге, талайын тиісінше қосымша насихаттауға тура келеді. Мысалы, алгебра ұғымын Хорезми енгізгенін, арабтың «аль-джебр» сөзінен шыққанын, алғашқы қағаз фабрикасын арабтар құрғанын, біздің даламыздағы Атлах шайқасында тұтқынға түскен қытай шеберлерінен қағаз жасаудың құпиясын меңгергенін деген сияқты біраз жайды білеміз. Жаңағы айтқандарыңыздың біразын таратып айтатын авторлар табылса, біз ондай мақалаларды ықыласпен жариялар едік. Ислам біздің даламыздағы ілім-білімге қандай ықпал жасады?

- Қазақ халқы исламды тек қабылдаушы ғана болып қалған жоқ, сонымен қатар біз ислам өркениетін байытуға үлес қосқан халықпыз. Ислам дінінің тарауы арқылы қазақ жерінде де ғылым дами түсті. Тіліміздегі «қалам, дәптер, кітап, мектеп, ұстаз, мұғалім, медресе» сынды ғылымға қатысты сөздердің араб тілінен енгендігі исламның жерімізде ғылымның дамуына қаншалық оң әсер еткендігін аңғартса керек. Ислам діні келгеннен кейін еліміз аумағында көптеген әлемге атақты ғалымдар шықты. Мысалға айтқанда, Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан даналар ішінде Әбу Нәсір әл-Фараби (870-950) - ғылымның барлық саласы, Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048) - әсіресе география, Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) - медицина, Ұлықбек (1394-1449) - астрономия, Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби (951-?) мен Исмайл әл-Жауһари әл-Фараби (?-1002) араб тіл білімі, Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1561) тарих, филология ғылымдарына өзіндік үлес қосса, бұлармен қатар Исфиджаб-Сайрам, Йасы-Түркістан, Тараз бен Сығанақтан шыққан асыл перзенттеріміз де мұсылман заңы мен хадистану, тәпсір секілді ислами ілімдер саласына қалам тербеп, ислам мәдениеті мен ғылымынан өзіндік орын алды. Бұл біздің даламызға тән Ислам жолының басым бағыттарының бірі ғылыми-ағартушылық бағыт болатынын көрсетуде.

Түркі даласына Исламның жетуі мен тарауында Йасыдан шыққан ғұламалардың ішінде түркі әлеміне танымал Қожа Ахмет Йасауидың (993-1167) орны бөлек. Тарихқа қарасақ, орта ғасыр Ислам өркениеті мен мәдениетінің ықпалы күшейген кезең екенін көреміз. Хорасан аймағынан бастау алған сопылық бағыт қазақ жерінде де қанат жая бастады. Осы тұста өмір сүрген Қожа Ахмет Йасауи бүкіл күш-қайратын ізгілік жолына арнап тек қана ақиқатты жырлады. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Сол арқылы түркі халықтарының ақиқатқа көзін ашып, Аллаға деген құрметін арттыра түсті, Исламға деген танымын кеңейтті. Сондай-ақ, сопылық жолдың да негіздерін дұрыс түсіндірді. Шариғат, тариқат, ақиқат, мағрифат ұғымдарының маңыздылығына тоқталды. Йасауи өз хикметтерінде тасаууф ілімі туралы кең мәлімет беріп, оны шын мәніндегі ілім ретінде жоғары бағалады. Түркі тілдес халықтар арасына Ислам діні сопылық жол арқылы кең тарады. Сопылық жол да өз арасында бірнеше тариқаттардан тұрды. Әрине шынайы сопылық жолды ғалымдарымыз қолдаған. Қожа Ахмет Йасауиді ешкімнің жекешелендіруіне және Йасауи жолын жеке пайданы діттейтін, жікке бөлу секілді теріс мақсатқа пайдалануға жол бермеу керек.

 

Жер шары - ортақ мекен

- Бүгінгі алмағайып заманда ұлттарды біріктіру қиын. Алайда, Ислам дінінің жауласқанды жарастыру, дауласқанды достастыру, таласқанды татуластырудағы рөлі өте жоғары. Осы ретте еліміздегі ұлттар мен ұлыс­тарды бір мақсатқа ұйыстырудағы Исламның факторы қандай болуы керек?

- Жер шары - ортақ мекен. Оны сақтау адамзат алдында тұрған аса күрделі мәселе. Осы мақсатты алға қойған қаншама ресми институттар оның шешімін таба алмай бас қатыруда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Астанада 2003 жылғы қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары құрылтайының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Халықтардың, діндердің, мемлекеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі кезде ерекше өзекті маңызға ие. Ол таза теориялық аядан аса маңызды практикалық міндеттер қатарына шықты. Сондықтан да көптеген аса көрнекті саяси және діни қайраткерлердің күш-жігерімен, шынтуайтында, байырғы заманнан қазіргі күнге дейін тоқталмаған діндердің, мәдениеттердің, өркениеттердің үнқатысуын жалғастыру ерекше қажет», деген еді.

Бүгінгі қым-қуыт дүниеде бейбітшілік пен ынтымақ күшейіп, дамуы үшін дәстүрлі діндераралық үнқатысу мен төзімділіктің мән-маңызы жоғары. Әлемдік тарихта бұрын-соңды бір үстелдің басында көптеген дін басшыларының бас қосып, үн қатысуы, өздерін толғандырған ойларын ортаға салуы, бір-бірін сабырлылықпен тыңдап, түсінісуіне біздегідей мүмкіндік аз туған. Елбасымыздың бүкіл әлем алдындағы биік беделінің тағы бір көрінісі бұл. Еліміздегі дәстүрлі дін өкілдері арасындағы ортақ келісімдер мен басқосулар осындай ерекшелігімен құнды. Өркениетаралық үндесулердің дамуы мен конфессияаралық диалог мәдениетін қалыптастырудағы бұл оң бастама алдағы уақытта да еліміздің діни жолындағы басымды бағыт болып қала берері сөзсіз.

Ислам діні сан ғасырлардан бері мемлекеттің тірегі ретінде ақыл мен парасаттың, озық ғылым мен ұлы өркениеттің, мәдениет пен татулықтың діні қызметін атқарып келеді. Ата-бабаларымыз таңдаған ұлы жол қай кезде де елді бірлік пен ынтымаққа шақырып, тәрбие мен өнегеге бастады. Салтымызға сіңіп, дәстүрімізге айналды. Қыз ұзату, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, келін түсіру, баланы қырқынан шығару секілді салттарымыздың қай-қайсысы да мұсылмандық таныммен әдемі үйлесуде. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без», «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» сынды тәрбиелік мақалдардың көпшілігі мұсылмандық этикамен тығыз астасып жатыр. Сондықтан ұлт тәрбиесінің мәйегі болған дініміз алдағы уақытта да осы жүрісінен жаңылмақ емес. Баршамыз мақтаныш тұтатын кешегі өткен Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Туркістани (1286-1357), Һибатулла әт-Тарази, Хусам ад-дин әс-Сығнақи және басқа да Сығнақ пен Кердер ғалымдары, Тараз бен Отырар ғұламалары, берісі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп т.б. - бәрі де фиқһта Ханафи мәзһабын, ақидада (сенімде) Матуриди мектебін ұстанған. Сондықтан о бастан сунниттік екеніміз, іс-амалда Ханафи мәзһабы мен сенімде Матуриди жолын таңдауымыз ұлт ретінде ұйысып, мемлекет ретінде дамуымызға тың серпін берген. Ендеше бүгінгі күні дінде де ата-бабамыз салып кеткен сара жолды ұстануымыз аса маңызды.

- Күні кеше ғана Елбасымыз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының конференциясында жасаған баяндамасында мұсылмандар арасынан ғылымда ат оздырып, Нобель сыйлығын алғандардың жоқтығына қынжылыс білдіріп, қоғамды рухани әрі ғылыми жаңаруға үндегені белгілі. Бұл Ислам әлеміндегі жаңғырудың қажеттілігін көрсететін ірі сөз болды. Осы орайда алда қандай міндеттер бар деп ойлайсыз?

- Алдағы уақытта ғылыми-ағартушылық бағыттан таймау, ел тыныштығын күзетіп, діни төзімділік негізінде өзге дәстүрлі дін өкілдерімен де жарастықта өмір сүру, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсуге жұмыс жасау - біз ұстанатын діни жолдың негізгі бағыты һәм асыл мақсаты болмақ. Елбасымыздың бастамашылдығымен осымен төртінші рет өткізілгелі отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде бүкіл адамзат алдынан шығып отырған күрделі рухани мәселелер терең талқыланатына сенеміз.

- Қадірлі хазірет! Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде діни қайраткерлер кеңесі құрылғалы жатыр. Кеңестің құрамына бүкіл дін мұсылманнан екі адам кіреді делініп жүр. Бұл құрметке, бұйыртса, Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы, шейх Абдалла ат-Турки мен сіз ие болғалы отырсыз. Мұның өзі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық жасаушы Қазақстанның мұсылман дүниесіндегі салма­ғын да көрсетеді. Алдағы съезд жұмысына табыс тілейміз. Осынша мол уақыт бөліп, салиқалы сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320