Айнұр АЛМАТ. «Алтын сақа»
Біз тым әдемі сөйлеп үйренгенбіз. Бәріміздің де ойымыздан әйтеуір бір мекеменің тұтқасы мен әлдебір майлы орынның орынтағы, тіпті биліктің сағымданған шынары кетпейді. Уысымызға осылардың бірін ұстап, шексіз де, шетсіз манаптыққа масаттанғымыз келеді. Жағажайда жатып, құл жұмсамақты армандаймыз. Еңбек етпей, олжаға батпақты қиялдаймыз. Сол себепті де бес адамның басы қосылса, «елжанды», «ержүрек», «елсүйер» жан болып шыға келеміз. Себебі, «Бұл азамат елжанды (ұлтжанды дегім келген, бірақ біздің қоғамда қазақтың қамын жегендер ұтылады) екен», - деп, депутат сайлап жіберуі мүмкін. Бұрынырақта мұнымыз әншейін ғана қиял болатын.
Біз тым әдемі сөйлеп үйренгенбіз. Бәріміздің де ойымыздан әйтеуір бір мекеменің тұтқасы мен әлдебір майлы орынның орынтағы, тіпті биліктің сағымданған шынары кетпейді. Уысымызға осылардың бірін ұстап, шексіз де, шетсіз манаптыққа масаттанғымыз келеді. Жағажайда жатып, құл жұмсамақты армандаймыз. Еңбек етпей, олжаға батпақты қиялдаймыз. Сол себепті де бес адамның басы қосылса, «елжанды», «ержүрек», «елсүйер» жан болып шыға келеміз. Себебі, «Бұл азамат елжанды (ұлтжанды дегім келген, бірақ біздің қоғамда қазақтың қамын жегендер ұтылады) екен», - деп, депутат сайлап жіберуі мүмкін. Бұрынырақта мұнымыз әншейін ғана қиял болатын.
Бірақ, қиял ғажайып ертегілердегі ұшқыш кілемдер - ұшаққа, Таусоғарлар - техникаға, саққұлақтар - қалта телефон мен интернетке айналып кеткен мына заманда бәрі де мүмкін екен. Армандап жүріп, байқаусызда депутат болып кеткен ағаларымыз аз емес. Аз емес деппін-ау. Саусақпен санарлық бес-алтауы болмаса, қалғандарының барлығы дерлік ертегінің кейіпкерлері. Олар үшін өз ертегілерінің ақырына таяу. Ол біткенше, қармап қалу, яки мансабын пайдаланып асап қалу құнды (әлеуметтік жағдайларын немесе жеке бизнестерін жақсарту барысында). «Тұрса, отырып, отырса, тұра алмайтын Мыстан кемпірдің алдындағы «алтын сақаны» алып кетпей, әсте тынымдық жоқ.» Ал, бос сөзбен елдің тағдырын ойлап, бас қатырғансуға уақыт тапшы. Оның үстіне жоғарыға жаман атты болып қайтеді. Ұлтарақтай қиып алған депутаттықтың бірер жылы өтіп кеткені тағы бар. «Алтын сақаны» іздеу енді ғана басталды. Сол себепті де жоғары жақ «әләй» десе, «ойбай құлдық» дейді. Мыстан кемпірге берер төрт тұяқтың бірі ертегі басталмай жатып, жұлынып кетуін қаламайды. Жоғары жақ талқыға жер сату мәселесін қойса, бас шұлғи салады. «Алтын сақаға» жеткізетін тұяқ керек, тұяқ. Ал, жер деген армандар мен қиялдардың қасында немене, тәйірі...
Осындай сағымдардың арасында жүріп, байқамай зайырлы мемлекет болып алғанбыз. Шет елдерден құдайларын таңушылар келіп жатыр. «Келсе келе берсін. Менің есігімді қағып жатқан жоқ қой» деп іштей айтып, ал сырт көзге «әлемдік демократия қағидасына сай...» деп көлгірсітеміз келіп. Ойымызда баяғы - «алтын сақа». Осы ойдың ұшпағында жүріп, бұрынырақта тағы да байқамай, «мемлекеттік тіл - қазақ тілі, ресми тіл - орыс тілі» деп жазып жіберіппіз. Кіп-кішкене көк кітаптағы осы сөз үшін даурығудың да қажеті жоқ. Алдымен «алтын сақаны» алайықшы. «Ресми орын деген мемлекттен бөлек құрылым емес қой» деген пікірді кей кезде айтып жібере жаздаймыз. Бірақ, «алтын сақа»...
Жоғары жақ қолымызға қате теңгені ұстата салады. Ақша деген арман. Бірақ, біз ойлаған «алтын сақа» ол теңге атаулының бәрі емес. «Кете берсін, қате, бола берсін, қате!». Мақсатым елдің қамы емес, «ал-тын са-қа»! Иә, «дат тақсырлыққа» жарар деп сенген зиялыларымыз «ләббәй тақсырлықтан» алыстай алмағанын көргенде олардың атынан осындай ой-толғамдар айтқың келеді екен. Әйтпесе, көтерем десе, бізде қордаланған мәселелер көп қой. Елдің мұңы, әл-ауқаты, тілі, діні, тіні, рухы жоғарыдағылар ойындағысымен тіптен кереғар екенін бүгінгі депутатар білмейді деу мүмкін емес. Олақ заңдарымыздың өзімізге қарсы шығып, бір ұлттың, бір ұлттың емес, қағаз жүзіндегі бірегей ұлттың, анықтап айтқанда, Сәйденовтың «к»-сі «қ»-ға ауысқаны сынды тәуелсіздік алғаннан кейін «казах» деген кепешін лақтырып тастап, «қазақ» деген атауын алған халықтың тағдырына қауіп төндіріп тұрғанда «алтын сақаны» ойлап жүру бізге лайық па еді?
Мысалға, депутаттар күн құрғатпай демография мәселесін көтерсе, билік қуана іске кірісер еді. Сырттағы бауырларымызбен қауышар едік. Санымыз артар еді. Сырттағы бауырларымызды былай қойыңызшы бізде сәбилердің жағдайы да мәз емес қой. Дәлелге сүйенер болсақ, өткен жылы Республика бойынша жүз жиырма тоғыз мың төрт жүз тоқсан бес келіншек түсік жасатып, олардың 19-ы көз жұмыпты. Жыл сайын 15 жасқа толмаған екі жүзден астам қыз бала жасанды түсік жасатса, 15 пен 18 жастағы бойжеткендер арасында бұл көрсеткіш 8 мыңнан асып кетіпті. Елдің ертеңі үшін мұндай мәселенің алдын алуымыз керек емес пе? Қызымыз Сейфуллин мен Сайынның көшесінде жүр. Ұлымыздың қайда жүргенін бір Құдай біледі. Ал, енді халықтың санын көбейтіп көрелік. Тумай жатып өлтіріп алып, одан кейін көлгірсу біз үшін мәртебе емес шығар. Бүйте берсе, аумағы неше мықты мемлекетті орап алатын жеріміз басқаның қанжығасында кетпей ме? Бүйте берсе, ұлымыз - құл, қызымыз - күң болмай ма? Бүйте берсе, ұлтымыз ұлтараққа айналмай ма? Батыс демократиясын далалы демократиямен ұштастыруға болмай ма екен? Басқаның заңын көшіріп алғанша, басынан бастап неге өзіміз жазбаймыз. Бір жағадан бас шығарар ұрпақ қайда? Неге үнсізсіздер, ағалар!
P.S. Айтпақшы, мен осы материалымның соңында түсік жасату мәселесі жайлы ой қозғаған болдым. Оның демографияға әсерінің де жоқ еместігін айттым. Демек, мен «елжандымын». Патриотпын. Депутат сайлап жібермес пе екенсіздер? Ең жас депутат боламын. Бұрынғы жас деутаттарыңыз Бердіоңғаров сынды «23 ақпан - Қызыл Армия күні» деп аузыма келгенін көкімей, тып-тыныш отырамын. Ех, «АЛТЫН САҚА»!
«Алты Алаш» газеті, №3 (03.07.2009)