Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2832 0 пікір 5 Шілде, 2009 сағат 20:09

Дәурен Қуат. Кепілдік кімге берілді? Кепілдікті берген кім?

 

 

Заманында Рим императорларының бірі жүрісі майда, желісі қоңыр сүйікті жанауарын Сенатқа тағайындапты. Кезінде бұл жайт императордың тарапынан қабылданған   салиқалы шешім ретінде мойындалғанымен кейін ел есін жиып етегін жапққан соң әртүрлі әжуаның нысанасына айналып әлі күнге дейін ауыздан ауызға көшуде. Сенатта сіресіп отыратын депутаттар содан бері «Калигуланың аты» деп аталады. Біздің тілімізде «халық қалаулысы» ретінде әспеттелетіндерді әлгі жануарға ұқсатудан аулақпыз, бірақ, олардың да бөгелектеген аттай әркімге бас шұлғый беретіні жасырын емес. Ұлттық келе, мелекеттік мүддеге бас шұлғып ауызбірлік танытып жатса, сөз жоқ. Тегінде «Нұр Отан» партиясының мүшелерінен ғана сайланған депутаттардың құрамы қазіргі билік жүргізіп отырған саясатқа ерекше ықлас танытып, мемлекет ісін алға оздыру үшін құрылған заң шығарушы орган болуға тиіс-ті. Расында, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» (бұл Президент Назарбаев жиі айтатын қазақтың аталы сөзі) заманда билік бұтақтарының арасында әрі тартып бері жығатын әрі сәрі әрекеттің берекетке ұласпасы айдан анық. Алайда, сыртқы сипаты «нұротандық» болғанымен бір партиялы парламенттің ішінде қаржылы топтардың сойылын соғып, дауын даулайтын,  оны айтасыз, қайдағы бір базар басшысының базынасына бола баладай жүгіретін депуттар да төбе көрсетіп қалып жүр. Соның бірі - генерал-депутат Сәт Тоқпақбаев дейтін кісі. Сәт Бейсембайұлы депутаттардың осы маусымдағы кезекті демалысына дейін дем алмастан Әділхан Жаужүрек есімді базар басшысының жоғын жоқтап күңіренумен болды. Сонысына қарап Тоқпақбаев мырзаны парламентке халықтың даусын алып емес, Жаужүректің батасын алып барған ба дерсің. Оқырманның қаперіне сала кетелік, депутат Тоқпақбаев ағымдағы жылдың ақпан айында Елбасының атына мәлімдеме жасап, «ҰҚК қызметкерлері менің телефонмен сөйлескенімді тыңдапты» деп байбалам шығарды. Сол байбаламында ол Алматыдағы «Тигрохауд» сауда орталығының директоры Әділхан Жаужүрек пен Исак Іңкәрбаев дейтінге өзі қоңырау шалып «Әй, біз демалысқа шығып барамыз арыздарыңды тездетіп жіберіңдер» дегенін айтты. Депутатқа арызын ақтарып, мұңын шағатын жұрт көп екен. Мұны  Тоқпақбаевтың өзі жария қылды. Әділхан Жаужүректе сол көптің қатырында қалқиған пенделердің бірі болса керек-ті. Бірақ, депутат оған айрықша ықылас білдіріп «хатыңды тез жаз» деп қамқорлық танытады. Өзге жұртқа ол дәл осылай өзеуремеген сияқты. Өйткені ҰҚК қызметкерлері Тоқпақбаевтың «Тигорхаудқа» қатысы барын, әлгі аталған сауда орталығында болып жатқан ойранды жіті назарында ұстап, ықпал етіп жүргенін анықтай түсу мақсатында оның сөздерін таспаға түсіріп алған. Негізгі қисын осыда. Ал, Сәт Бейсембайұлы ақылсыз жаратылмаған жан, оның үстіне депутат. Сөйтіп депутаттық мандатын көлденең тосып, әрі Әділхан Жаужүрекпен етене таныстығын жасырып қалудың айла шарғысына жүгініп Елбасының атына мәлімдеме жасап, байбаламға басты. Әйткенменде, генерал-депутатқа халықтың даусы базаркомның алдында елпек қағу үшін берілмеген болар. Өкініштісі депутат осыны еш ескермейді. Ескермегеніңіз не Жаужүректің жағына шығып алып есі кете  қорғап бағады. Бастапқыда Жаужүрекпен ілік-шатысын жасыруға тырысқанымен кейін журналистер ізіне түскен соң «Мен сендерге Әділхан Жаужүректі танымаймын деп қашан айттым. Мен оны жақсы танимын» деп ақталады. Мұнысымен қоймай Әділхан Жаужүректің «жауларын» қаралап, омырауында шақалақ сәбиі бар аналарға гүрзідей жұдырығын білеп, үстелін тоқпақтады. Міне, қараңыз ол былай дейді:

 

«...Қаржы полициясының бастығының бірінші орынбасары Р. Ибраимовтан да хат алдым. Ол хатта «М.Құлжабаеваға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабы, 3-бөлігі, «б» тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалды, тексерулер жүріп жатыр, ал М.Құлжабаева тергеу органдарынан қашып жүр» деп жазылған. Содан кейін ІІМ Бас прокуратураға оны қамауға алу туралы ұсыныс жасағанымен, ол ұсыныс жүзеге аспағаны белгілі болды. Мінеки, ІІМ мен қаржы полициясы осылай хат жазған соң, мен адамдардың құқықтарына араша түсіп, жұртқа жария еттім. Бары - осы». («Жас қазақ» газеті. 17.04.2009)

Қазақстандағы кез келген құзыретті мекеменің есігін шалқалата ашып кіретін депуттатың қаржы полициясынан хат алып, Қылмыстық кодексттің баптарын тізіп, Ішкістер министрлігінің Бас прокуартураға жасаған ұсынысын қадағалап тыным таппағанына қарап Құлжабаеваны ұйымдасқан қылмыстың «Мата Хариі» ме деп қаларсыз. Жо-жоқ, мүлде олай емес. Ол нәпқасын маңдай терімен тауып жүрген қазақтың қаракөз қыздарының бірі ғана. Шиттей бала шағасы бар жас әйел. Ал, «Тигрохаудтың» айналасындағы келеңсіздік аталған сауда орталығын ашып, ісін алға бастырған құрылтайшылардың сіз біз десіп-ақ шешетін шаруасына ұқсайды. Алайда, сондай ұсақ-түйекке депутат араласқан соң оның күрделі сипат иеленері даусыз ғой. Ал күрделі мәселелердің төңірегінде қомақты қаржылардың тасқыны мен адамдардың тағдыры мидай араласатыны бар. Депутат үстелін тоқпақтап отырған Тоқпақбаев мырза мұны бәрімізден жақсы білетініне күмәнсізбіз.

Тағдыр деген қиын нәрсе ғой. Әріптестерін қудалап, әрі Тоқпақбаевтай депутатына арқа сүйеп шалқалаған Әділхан Жаужүректің өзі аяқ астынан істі болып қамауда жатқанына төрт айдан асқан. Бұл екі арада Сәт Бейсембайұлынан тағы да береке кетіп «тергеу изоляторындағы Жаужүрек жаман ауыруға шалдығыпты» деп шырылдады. Үкіметке қарата алты рет мәлімдеме жасаған Тоқпақбаевтың мәлімдемелерінің негізін осы Жаужүректің жайы құрайды. Соған қарағанда Жаужүректің жайы Тоқпақбаевтың түсінігінше мемлекеттік мәселелердің біріне айналған сияқты. Әйткенменде, Қазақстан азаматының құқығын қорғау депутаттың міндеті. Ендеше Жаужүректің ғана жайын күйттемей депутат «Тигрохаудтан» қуылған өзге азаматтардың да арыз арманына құлақ түрсе, біз жоғарыдағылардың бәрін жіпке тізіп әуреленбес едік. Алайда Жаужүрек жай адам емес екен. Ал бізде «жай адам еместтердің» жаны аяулы, құқығы бәрінен де жоғары. Міне, осы сөзіміздің дәлеліндей жақында Жаужүрек кепілдікпен бостандыққа шығудың әрекетіне кірісіпті. («Время» газеті. О2. 07. 2009. «Агашки с понятиями») Әңгіменің әлқиссасы былай: Алматы қалалық прокуратурасы өзінің әуел бастағы шешіміне қайшы әрекетке барып, прокурордың орынбасары Т. Сүлейменовтың (Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайырбек Сүлейменовтың ұлы) Жаужүрекке қатысты істі өзгертуге байланысты пәрмен білдірген хаты Алмалы аудандық сотына жолданады. Хат сотқа жетісімен «денсаулығы күрт нашарлаған» Жаужүрек мүлкін кепілдікке қойып азат дүниеге қайта оралудың қамын қарастыра бастайды. Базар басшысы базардың аш құрсақ бақалақшысы емес, арба сүйретіп арып ашыған арзанқол қызметшісі емес, тағамның құнарлысын таңдап жейтін адам, қала берді қалаған уақытында саф ауалы саяжайларда дем алып ем қабылдауға құдіреті жетіп артылады. Қысқасы Әділхан Жаужүректі алып бара жатқан ауырудың жоқтығына бәс тігуге болатын шығар. Қазақтың апайтөс азаматтары аман болсын. Біз Жаужүректің амандығына тілектеспіз. Тәйірі, басқа не дейміз?.. Алайда Қылмыстық кодекстің 172-бабының   1-тармағы,  177-бабының  3- тармағы, 181-бабының 2-тармағы бойыншы айыпты ретінде абақтыға түскен Жаужүректің Қылмыстық процессуалдық кодекстің 148-бабының 1-тармағына сәйкес кепілдік беріп бостандыққа шыға салуы заңға томпақ дейді біз кеңес сұрап хабарласқан заңгерлер. Оқырманға түсінікті болсын, жаңағы баптар аса ауыр қылмыс жасаған айыпкерге таңылады. Ал аса ауыр қылмыс жасаған айыпкер кепілдікпен тергеу изоляторының есігін сыртынан жауып кете аламайды. Демек, Жаужүректің кепілдікпен шығуына кепіл болатындай Тоқпақбаевтан өзге тағы бір мықтының тақымы атқа тигенге ұқсайды. Ол кім екен? Қоңторғай қазақ ортасында «орыс әділін айтады» дейтін түсінік бар. Орыс біткен әркез әділ сөйлей бермейді. Бірақ сырт көз болғандықтан олардың қазақ ішіндегі шындықты шыжғырып бетке басатыны рас енді. Кезінде Петр Своик «қазақ өкіметі жекжаттар мен туыстардың байланысынан құрылған» деген еді. Бұл шындықты уақыттың өзі әшкерелей түсуде.  Оқырман бізді дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Өйткені мұндай мақала туыстар мен жекжаттар билік құрған мемлекетте ғана жазылады. Басқа амал кем. Және ауыр қылмыспен айыпталған адам туыстар мен жекжаттар билік құрған мемлекетте ғана ҰҚК-нің тергеу изоляторының есігін бір-ақ теуіп жүре береді. Басқаша болуы неғайбыл. Ел тағдырын табанға таптап, барлық бұлың пұшпақты  ендеп алған коррупцияның тамыры да осы тамыр таныстық пен туыстықта жатқанға ұқсайды.  Сонымен, кепілдіктің кімге берілгені, кепілдікті оған кімнің бергені жалпақ жұрттың зиынына жеткен болар. Осыдан кейін ел ырысын күбірткедей кеміріп бастаған коррупциямен күрестің нәтижесіне, барша азаматтың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ететін Конституцияның салтанат құрып, Қазақстанның алдыңғы қатарлы зайырлы мемлекет болатынынына кім сенеді? Иә, сенім сетінеп барады.

 

P.S. Жалпы қос палаталы бұл парламенттің мәжілісі  туралы әдеттегідей мерзіміне жетпей тарап кетеді екен деген қауесет қаулап тұр. Қауесеттің аты - қауесет. Алайда, екінші сессиясын тәмамдаған «қалаулылырамыз» миссиясын мерзіміне жетпей аяқтамастан бұрын бір-бірлеп Заң шығарушы органның сарайынан кетіп тынатын сияқты. Естеріңізге салайық, үлескерлердің қалтасын үптеп алып үндемей депутат мандатын иеленген Виктор Цой мен Ерқанат Тайжановтар жалғанның бір жарық күнінде табандарын жалтыратып парламенттен тайып тұрды. Серікжан Мұқышев деген мықты ұшақтың ішінде отырып, көңілі тым аспандап кетсек керек, әуе кемесінің қызметкерін сыбай боқтап, ақырында ол да депутаттық куәлігін парламент әкімшілігінің кеңсесіне тастап  орынтағын босатты. Мына «екпінін» тежемесе, Орал Мұхаметжановтың қарауында заң жобаларын талқылап, мәселе көтеретін  депутаттардың қаламауы да мүмкін.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404