Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2536 0 пікір 7 Мамыр, 2012 сағат 10:31

ҚАЛДЫҢ БА, КРЕМЛЬ, ОСЫЛАЙ?!

Өткен аптада, дәлiрек айтсақ, 24 сәуiр күнi Ресей президентi Дмитрий Медведев Мемлекеттiк кеңестiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде сөз сөйлеп, алып елдiң екi тiзгiн, бiр шылбырын өзi ұстаған төрт жылда атқарылған iстердi қорытындылай отырып, алға қойылған басты мақсаттар мен мiндеттер жөнiнде ойын ортаға салды. Үлкен Кремль залында өткен салтанатты жиынға Ресейдiң барлық аймақтарының басшылығы, бiрқатар партиялардың белсендi өкiлдерi мен парламент мүшелерi, үкiмет және құрылуына Медведевтiң өзi мұрындық болып жүрген ашық үкiметтiң мүшелерi қатысты.

Өткен аптада, дәлiрек айтсақ, 24 сәуiр күнi Ресей президентi Дмитрий Медведев Мемлекеттiк кеңестiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде сөз сөйлеп, алып елдiң екi тiзгiн, бiр шылбырын өзi ұстаған төрт жылда атқарылған iстердi қорытындылай отырып, алға қойылған басты мақсаттар мен мiндеттер жөнiнде ойын ортаға салды. Үлкен Кремль залында өткен салтанатты жиынға Ресейдiң барлық аймақтарының басшылығы, бiрқатар партиялардың белсендi өкiлдерi мен парламент мүшелерi, үкiмет және құрылуына Медведевтiң өзi мұрындық болып жүрген ашық үкiметтiң мүшелерi қатысты.

PБК daily газетінің пікірінше, бұл биік мінбер Медведев үшін жыл басында орындарын ауыстырған тандемнің алдағы стратегиялық жоспарларынан мүлдем бейхабар сайлаушылар және Ресейдің саяси элитасымен бетпе-бет түсінісудің соңғы мүмкіндігі болатын. Ежелгі гректердің нанымы бойынша, құдайлар мәңгі жаз болып тұратын Олимп тауын мекендейтіні әркімге белгілі. Олимпке бір жеткен қарапайым пенде онда мәңгіге тұрақтап қалуға тиіс. Бейнелі тілмен Кремльді де грек құдайлары мекендейтін Олимпке теңегенмен, онда мәңгі жаз болмайтыны белгілі. Сөйткендей аз уақыт болса да биліктің тәтті дәмін татқан адамға Кремльмен қоштасу оңай емес. Сондықтан да саясаткерлер, көптеген сарапшылар мен білікті зерттеушілер, әсіресе әлі күнге ішкі алауыздықтарды жеңе алмай отырған Ресей қоғамының саналы өкілдері үлкен үміт артқан әрі аса қызығушылық танытқан осы салтанатты жиындағы қоштасу сөзі Ресей президентіне ешқандай да ұпай әкелмеген сыңайлы. Бүгінгі Ресейде қалыптасқан саяси жағдайдың бас­ты ерекшелігі сол, енді бес күннен кейін Медведев премьер-министрдің шекпенін киюге дайындалуда әрі Мемлекеттік дума оның кандидатурасын 8 мамырда талқыға салуға тиіс. Ал күннен күнге күш ала бастаған оппозиция оған қарсы дауыс беруі ықтимал. Көпшіліктің пікірінше, бұл жиын оның беделін асқақтатқан да жоқ, төмендетпеді де. Дмитрий Медведев биік мінберден пәлсафаға бой алдырды, жалпылама сөздер мен баршаға белгілі тұжырымдардың тиегін ағытты, «жаулар» туралы ойын ортаға салды. Сөйте тұра, бірқатар білікті сарапшылардың пайымдауынша, бұрынғы президенттің философиялық тұжырымдары мен арагідік айтылған ащы сөздерінің негізгі нысанасы Владимир Путин болса керек. Болашақ президентке қарата айтылғанға ұқсайды. Дмитрий Медведевтің: «Болашаққа жіті қарауымыз керек, біздің ешқайсымыз да мәңгі қызмет істемейміз», - деуі де сондықтан шығар. Әрине, мәңгілік туралы әркімнің пікірі әр алуан. Тіпті мәңгіліктің өзі салыстырмалы ұғым! Сондықтан Үлкен Кремль залында мық шегедей болып отырған Владимир Путин мырза бұған онша былқ ете қойған жоқ. Жүзінде жылы шырай, толқыныс табы байқалмаған. Мысалы мізбақпады. Өйтетін реті де бар. Көптеген сарапшылардың ортақ пікірінше, В.Путин алдағы сегіз жылда да Кремльдің алтын кілтін өз қалтасында сақтайтынына дау жоқ.
Осы орайда КВН-нің (көңілді тапқырлар клубы) сәуір айының бас кезіндегі кезекті ойыны ойға оралады. Айтпақшы, президент сайлауы қарсаңында В.Путин жастардың дәп осындай ойындары мен жиындарына жиі қатысып, көрермендердің қалың ортасында үнемі күлімсіреп отырушы еді, ал соңғы уақытта, яки Кремль қақпасы өзіне тағы да айқара ашылған соң көрінбейтін болды. Сірә, түйелі керуені тар көпірден өткен соң «көңілділердің» де, көңілді еместердің де онша керегі болмай қалған сияқты. «Іс бітті, қу кетті» деген осы шығар, сірә?!
Жә, әңгімемізге қайта оралайық. Сонымен әлгі КВН-де команда мүшелерінің бірі: «Ресейде мәңгілік машина ойлап табылды!» деп салтанатты түрде жар салды. «Қалайша?!» «Ақ-қара түсті кино бізге қайта оралды, ескі жаңа президент қайтадан таққа отырды! Бәрі де баяғыдай». Иә, алып Ресейде бұдан былай да бәрі баяғыша қала бермек. Мұны Дмитрий Медведевтің өзі де мойындады. Өз сөзін бостандық туралы ой-толғамдарымен бастаған Ресей президенті де алып елде айтарлықтай өзгерістердің болатынына сенбейтін сияқты.
Осыдан төрт жыл бұрын президент сайлауы қарсаңында «Тәуменділіктен бостандық артық» деп тұжырымдаған ойын соңғы кездері жиі еске салып жүрген Ресей басшысы: «Тұлдыр кедейлік, экономикалық артта қалу, өмір сүрудің қысқалығы мен сыбайлас жемқорлық - біздің бостандығымыздың басты жаулары», - деп ой түйіндеді. Олай болса, Ресей осыған дейінгі сандаған ғасырлар бойы арыла алмаған барша қасірет пен жамандықтардан әлі күнге толық арыла алмай отыр. Сөйте тұра РФ президенті қазіргі дағдарыс жылдарында «халықтың жаппай кедейленуіне жол бермеген» ел үкіметінің атына жылы лебіз білдіруді ұмытқан жоқ. Әлбетте, көптеген сарапшылар бұл тұжырымға қисынды күмән келтіруде. Өйткені экономикасы артта қалған, өндіргіш күштері мешеу дамыған және жаңа, заманауи технологиялар өндіріс пен күнделікті тұрмысқа дендеп енбеген, оның үстіне табиғи шикізаттардың бай қорының арқасында күн кешетін кенжелеп дамушы елдерге ешқандай әлемдік дағдарыстың салқыны онша әсер ете қоймайтыны экономикалық заңдылық. Мәселен ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Батыс елдерін аямай буындырған Ұлы дағдарыстың болғанын әлемнің өзге түкпірлеріндегі талай елдер білмей де қалған-ды. Қазір де Африканың алыс қияндағы түкпірлерінде әлемде аса ауыр дағдарыстың соңғы бес-алты жыл бойы жүріп жатқанынан мүлдем бейхабарлар жетіп артылады. Посткеңестік елдердің де барлығы дерлік жаһандық дағдарыстың ауыр демін, нағыз салқынын бастан кеше қойған жоқ деуге болады. Өйткені әдетте экономикалық дағдарыс кезеңдерінде байлар ғана жиған-терген байлығынан айрылады, ал кедейлер бұрынғы кедей қалпында қала береді. Сондықтан мешеу елдердің дағдарысқа бой бермедік, жеңдік деп мақтануы күлкі шақыратын қисынсыздық. Есесіне, осыдан төрт жыл бұрын президент тағына отырардағы Дмитрий Медведевтің: «Азаматтық және экономикалық бостандықты дамыту өзімнің аса маңызды міндетім деп санаймын әрі әрбіреуге неғұрлым көбірек бостандық беру - бұл менің ең басты мақсатым болып қала береді», - деген сөзіне иланбайтындар қатары бүгінде қара-құрым. Бостандық туралы қайта-қайта айтқан жан сол бостандықты қоғам өмірінде тереңдеп сіңіру жолында табанды, қайтпас күрескер де бола білуі керек. Ал өзінің мойындауынша, Ресейде губернаторлар сайлауды тоқтату жөніндегі идеяның авторы Медведевтің нақ өзі екен. Оның үстіне өткен жылдың 24 қыркүйегінде Ресей президенті өзінің шынайы жақтастарының сенімі мен үмітін ақтамай, президенттікке басты үміткер ретінде Владимир Путинге өз еркімен жол беруі оның бостандық идеалдарына адалдығына елеулі көлеңке түсірді. Бұл - ешкімге түсініксіз компромисстің сорақы көрінісі болатын. Әрине, ұзақ жылдардан бері Владимир Путин авторитарлық билік түрінің бірегей өкілі болып саналып келсе, Медведев оған қарама-қарсы либералдық бағыттың қолдаушысы әрі дем берушісі ретінде қарастырылатын. Билікті уыстан шығармау жолында ортақ келісім, мәмілеге келу, қандай қиын болғанмен қитұрқы жолдармен болса да компрамисске қол жеткізуге деген ұмтылыс Кремль билігінің ең қатерлі кемшілігіне айналған сияқты. Сондықтан да Ресей қоғамы әлі күнге «Медведев кім?» деген сауалға біржақты жауап таба алар емес. Әлем де әрі-сәрі. Өйткені Дмитрий Медведев Кремль тағына мінген 2008 жылы бейбіт Грузиямен арада соғыс өрті лап етіп тұтанып, «Бейбітшілікке күштеп көндіру» операциясының нәтижесінде тәуелсіз тау елінің егемендігі мен территориялық тұтастығына қол сұғылды. Ресейде, әсіресе Мәскеуде грузин халқының өкілдеріне қарсы жүгенсіз саяси, әлеуметтік қысым жасалды. Өз Отанының басына қиын-қыстау күн туғанда азаттық сүйгіш грузин халқының ұлтжанды азаматтары - Вахтанг Кикабидзе мен әнші Валерий Меладзе Ресейдің ресми марапаттары - биік дәрежелі ордендерінен бас тартып, өлмес даңққа бөленді. Басқыншылардың алтын жалатқан сылдырмақтарынан өз Отанының бостандығын биік санағаны тәнті еткен, барша посткеңестік елдердің адамдарына үлгі болса ғой дегізген. Әй, қайдам?! Кремль сол соғыста айқын жеңіске жеткен сияқты көрінген. Бірақ бұл уақытша масқара жеңістің тасасында В.В. Путин тұрғаны айдан анық еді. Осыдан кейін В.Путин «орыс жерлерін қайта жинаушы» деген күмәнді атаққа ие болды. Есесіне Дмитрий Медведев мырза әлі күнге ауыр «грузин синдромынан» арыла алмай жүрген сияқты.
26 сәуір күні Ресей бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Ресей президенті болашақта Михаил­ Саакашвили биліктен кеткен соң, Мәскеу Грузиямен қарым-қатынасты жаңаша қалыптастыруға дайын екенін мәлімдеді. Ең сорақысы сол, Медведев грузин президентін «бос орын және нөл» деп атаған еді. Өзін мәдениетті, зиялы жан деп санайтын, озық ойлы ғалым деп есептейтін Д.Медведевтің тәуелсіз елдің басшысы туралы осылай бейпіл ауызданғаны Ресейдің болашақ премьер-министрінің де өресі қай деңгейде екенін көрсетсе керек. Орыс патшаларының менмендігі, тоңмойындығы, орынсыз асқақтығы мен таяздығы либерал Дмитрий Медведевке де жұққан секілді. Халықаралық қарым-қатынастағы дау тудырған мәселелерді шешу жолында базардағы ұрыс-керіс деңгейіне дейін төмендейтін Кремль басшыларының баяғы әдетінен ол да арыла алмағандай. Сірә, «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген дәп осы болса керек. Іле-шала Грузия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Николоз Вашакидзе: «Бұл адам (Ресей президенті - Ж.Ш.) бірнеше жылдан бері бейпіл ауыздықты халықаралық лексика мен риториканың деңгейіне сіңіріп келеді. Бұл жайт халықаралық жағдайға кері әсерін тигізеді деп ойлаймын», - деп мәлімдеді. Хош, «Не ексең, соны орасың» деген ғой. Алайда осы салтанатты жиында Медведев экономика саласына мемлекеттің араласуын азайтуға шақырды. Бәсекелестік жарыста әкімшілік ресурстарды пайдалануды тоқтатып, құқық қорғау органдары бизнестің барлық түріне бірдей қарауы керек екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы экономикалық қылмыстарға қатысты жазаны жеңілдетуді ұсынуда.
«Тергеу кезінде тұтқынға алу шараларын азайтып, бостандықтан айыруды баламалы жаза түріне ауыстыру тәжірибесін кеңейтуді қолдаймын», - деді. Сөз садағының қайда атылғаны, сөз - жебенің қай нысананы көздегені айтпаса да түсінікті. Кезінде Путинге жақпай қалған, ортақ тіл табыса алмаған біраз олигархтардың аяусыз қудалауға түскені белгілі. Ұзақ жылдардан бері орыс түрмесінің қатқан қара нанын жеп келе жатқан Михаил Ходорковскийдің тағдыры талай жылдан бері ресми Мәскеудің бас ауруы болып отыр. Батыс елдері әрқашан «Ходорковский картасын» ойнаудан жалығар емес және Ресейге тиімді сандаған келісімдер осы жайтқа байланысты жүзеге аспай қалғаны рас. Байды бай қорғайды! Батыс елдерінің шылқыған байлары Ходорковский тағдырына алаңдаушылық білдіруі тегін емес. Олардың басты талабы - Ресейде бизнеске мемлекет ықпалын азайту. Нарықты экономиканың заңдылықтарына ешкімнің орынсыз қол сұқпауы. Сондықтан да алдағы таяу айларда Ресейде аса ірі мемлекеттік компаниялардың Үкімет қарамағында қалуының тиімділігі жөнінде қоғамдық талқылау басталмақшы. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет өз активтерін тағы да бір рет електен өткізіп, тиімсіз деп табылған компанияларды жекешелендіруге кең жол ашпақ. Бұл тұрғыдан келгенде, Дмитрий Медведев сыбайлас жемқорлықпен күресте бір адым да шегінбеуге сөз берді. «Осынау ауқымды түйткілді шешу үшін уақыт, күш және аса зор ерік-жігер керек; бұл жерде үгіт және пиармен ештеңе шеше алмайтынымызды түсінгенмін және түсінемін» деген Ресей президенті бұл тұрғыдан мемлекетке «жақсы дайындалған жаулар» қарсы тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ ол жүйелі сыбайлас жемқорлыққа қарсы «экономиканы жаңғырту, ашықтық пен биліктің жауапкершілігі» көмектесетінін қадап айтқан.
Дмитрий Медведев соңғы төрт жылда туған үйіндей болып кеткен Кремльмен қоштасу үстінде. Ол қандай билеуші болды? Оған біржақты қорытынды шығару болашақ тарихтың еншісінде. Бірақ кейбір зерттеушілердің айтуынша, либерал Дмитрий Медведев жаңа Ресейдің тарихындағы ең әлсіз президент болғанға ұқсайды. Оның билігі тұсында Ресейде табиғи, техногендік апаттар жиі орын алып, Мәскеу маңындағы ормандар от-жалынға оранған. Ресейдің басқа аймақтарындағы ормандар да аяусыз өрттің құрбанына айналған. Ресей ұшақтары жиі апаттарға ұшырап, талай адам көз жұмды. Ярославльдің атақты хоккей командасының апатқа ұшырауы да Ресейді қалың қайғыға батырған. Волга бойында балалар мінген теплоходтың суға батуы да Медведевке жақсы ат әпере қойған жоқ.
Қалай десек те, Дмитрий Медведев енді президент тағымен шындап қоштасты. Оның болашақ тағдыры өз қолында. Ал кәрі Кремль таяу күндерде өз табалдырығынан аттап кіретін ескі де жаңа президентті тағатсыздана күтуде. Ол президент - Владимир Путин!

Жаңабек ШАҒАТАЙ

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394