Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2715 0 пікір 7 Мамыр, 2012 сағат 10:41

Басын бұлт шалған Бурабай

Таяуда Ақмола облысының Бурабай баурайында алқалы жиын болып өтті. Оған Сенат Парламентінің бір топ депутаттары, «Өңір» депутаттық тобының мүшелері, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қатысты. Астана іргемізде болғандықтан ба, бұрын-соңды мұндай ірі өкілдер шоғыры облысымызға табан тіремеп еді.

Таяуда Ақмола облысының Бурабай баурайында алқалы жиын болып өтті. Оған Сенат Парламентінің бір топ депутаттары, «Өңір» депутаттық тобының мүшелері, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қатысты. Астана іргемізде болғандықтан ба, бұрын-соңды мұндай ірі өкілдер шоғыры облысымызға табан тіремеп еді.

«Бақсақ бақа екен», дегендей жарты Ас­та­наның қопарылып келуінің себебі Елбасының Қазақстан жұртшылығына соңғы Жолдауы­ның дүмпуі екен. Белсенділіктерінде береке жоқ, былай да жоғарыдан әмір күтіп, жал­пақ­таумен күн кешіп жатқан шенеуніктердің Президент тапсырмасын орындаймыз деп жанұшы­ра жиылған бұл бас қосуы Бурабай - Щучье курортты аймағының сандаған жылғы қорда­лан­ған мәселесін талқылауға арналды. Тап осынау республикалық маңызы зор мәсе­л­е төңі­ре­гіндегі мұндай тоқайласып тарасулар әлде­н­­е­ше рет болған. Даңғаза, дақпырты зор бол­ғаны­мен одан шыққан нақтылы қоры­тындысы жоқ басқосулардан жауыр болған біздер де осы жолғы жиыннан не шығар екен деген кү­п­ті көңіл әуейінен аса алмағаны­мыз­ды жа­сыр­ма­дық. Оған себеп жиынның қос тізгін, бір шылбырын өз қолына алған Индустрия және жаңа технология министрінің бірінші орынбасары Альберт Раудың осы өңірге жаңадан келіп, жаңадан ғана танысып отырған адамдай сөйлеуі бізді таңдандырмай қалмады. Өйткені ол, 2009 жылы Ақмола об­лысының әкімі бол­ғандығын оның өзі ұмытса да, жергілікті жұрт­­шылық ұмыта қоймаса керек. Сол жыл­дарда-ақ Бурабай - Щучье курортты аймағы­ның мәселесі әкім назарын аударарлықтай мен­мұн­далап тұрмап па еді. Вице-министрдің Астана - Щучье аралы­ғын­д­а­ғы Президенттің тікелей қадағалап, қол­дауымен салынған автобанды, Көкшетау қа­ла­сының іргесіндегі әуежайды қайыра реконструкциялаудан өткізу, аэровокзалды жабдық­тау тәрізді жүзеге асы­рылған жұмыстарды қайта-қайта шиырлап айтуын өз қолымен атқарған қызметімен ұштас­тырған дүбәра әрекеттей әсер етті.

Кезінде осы Рау аудан орталығы Щучинск қаласының көшелерін сан рет аралап көрген-ақ болар. Кулагин, Есенбаев, Рау, Дьяченко кезінде тас-талқаны шыққан қала көшелері әлі сол қалпында. Алайда, сол қи­ра­­ған көше­лерді қалпына келтіруде әкім­дер­дің неге шыбық басын сындырма­ғандығына таңбыз. Курортты аймақтың орталығы Щучинск қала­сының ойраны шыққан көше­ле­рін көру меймандар түгілі бізге ұят. Бурабай курортты аймағының экологиялық жүйесін сақтауда да экс-әкімнің мақтанарлықтай еш­теңе тындыр­м­ағандығын ол білмесе біз біле­міз. Бұл, әри­не, Рауға ғана қатысты мәселе емес. Бұл оның алдындағы да, кейінгі де әкімдерге тікелей қатысты екендігін ешкім жоққа шығармайды. Келіп-кетіп жатқан әкімдердің бар бітір­ген­дері Бурабай ормандарын отап, өздеріне вилла, коттеждер салумен шектелгендігін шегелей айтсақ ешкім де жала жауып отыр дей қоймас. Бұған министрлер мен Парламент депутаттарының үй салу­дағы ожарлы әрекет­терін қоссаңыз қа­те­леспейсіз. Өйткені осы өңірдің адамы бол­ған­дықтан Бурабайдың қолат-қойнауын­да жазғы жаңбырдан соң бас көтерген саңырау­құ­лақтай қаптап бара жат­қан жеке меншік­тегі тұрғынжайлардың шектен шыққандай көбейе түскеніне куәміз. Әт­тең, өкімет тарапынан мынау үй кімдікі, бұл жерге қалай ірге тепті, кім рұқсат берді, қаражат, құры­лыс материалдары қайдан келді дейтін ешкім болмай тұр ғой.

Альберт Рау өз сөзінде Бурабай ай­ма­ғындағы табиғи су көздері - көлдердің жыл санап тартылып бара жатқандығын айналып өте алмай ашына айтты. Бұған да шү­кір­шілік. Бірақ оның нақтылы себебін саралап бүкпесіз айтып бере алмады. Ал оның түпкі себебін аядай ғана курортты аймақ­тың жыл сайын заңсыз салынған тұрғын үйлер мен демалыс, сауықтыру орындары­ның шамадан тыс молайып кетуінен, оған ешқандай шек­теу­дің қойылмай отырған­дығынан іздеу керек.

Сөзіміз дәлел-дәйексіз болмас үшін бүгінгі таңға дейін жұмыс істеп тұрған ны­сандарға ой көзін қадап көрелік. Бұл өңірде қазір 29 санаторлық-курорттық мекемелер бар. Олар бір ауысымда 2500 орындық деп есептеледі; сондай-ақ мейманханасы, отель­дері, туристік базалары бар 53 нысан жұмыс істеп тұр; балалардың денсаулығын қалпына келтірудің 12 орталықтары бір ауысымда 3330 баланы қабылдай алады. Бұл біз біле­тін айсберг-мұзтаудың бергі беті ғана. Ал Щучинск қаласы мен Бурабай қыс­тағындағы қысы-жазы ақша сауып жатқан жекеменшік құжыралар мен жатақханалар санын кім тексеріп, біліпті.

Бурабай - Щучье курортты аймағын әлем­дік стандартқа көтеру үшін сервистік қызмет аясын кеңейтумен бірге, оның сапа­лық сипатына ерекше ден қоятын мезгіл жеткен жоқ па. Бұл арада да ұтқанымыз шамалы, ұты­лысымыз ұшан-теңіз. Бір қызығы, осы мәселе кеңестік кезеңді қоспағанда 20 жыл бойы айтылып келеді. Бірақ игілікті шара шаң бермей тұр. Тағы да айналып келіп айтарымыз су мәселесі. Щучинск қаласы­ның тұрғындары жыл сайын 1 миллион текше метр суды пайдаланады екен. Бұл негі­зінен табиғи су көзі - көлден алынып келген су. Ал осынау ысырапқорлықтың алдын алу үшін Сергеев су қоймасынан Көкшетау қаласы арқылы Бурабай көлдерін толтыру, жергілікті халықты ауыз сумен қамту мәсе­ле­сі қолға алынған болатын. «Ештен кеш жақсы», дегендей, бұл мәселе осыдан он-он бес жыл бұрын қолға алынғанда тап бүгін­гі­дей тіптен де ушықпас еді. Миллиардтаған қаржы жұм­салды дегенмен Көкшетау қала­сы­ның тұр­ғын­дары Сергеев қоймасының сапалы суының дәмін әлі күнге тата алмай отыр. Қаладағы құбырдан келетін суды ауыз су есебінде пайдалану мүмкін емес. Өйткені, сапасы сын көтер­мей­ді. Ал Щучинск, Бурабай тұрғындары толық дерлік Сергеев суы­ның қызығын көре алмай отыр. Көлің бол­са анау тартылып бара жат­қан. Сонда Сергеевтен жеткіздік деген су қайда кетіп жатыр, қайран қаржы қай қалтаға түсіп кетті? Сауал мол, жауап жоқ. Екінші бір өткір мәселе су көздерінің тартылуымен қатар, оның тым шамадан асып кеткен ластануы болып отыр. Қала мен қыстақтың су құбырлары әбден шіріп, тозған. Ал онымен келетін су ластан­ба­ғанда қайтпек? Оның себептерін де пайда­ланылған судың тазартылмауы, осы уақытқа дейін Бурабай қыста­ғында тек септиктердің ғана жұмыс істеп келгендігін қадап айтсақ жөн болмақ. Өйт­кені, қыста септиктерден аққан лай су Ша­бақ­ты көліне қотарылуда. Щучинск қала­сында әлі күнге коллектордың жоқтығы­на ерекше назар аударғымыз келеді.

Бурабай Бурабай болғалы осы екі ма­ңыз­ды мәселенің шешімін таппақ түгілі ес­ке­ріл­меуін ешқандай себеппен ақтап алуға болмайды. Курортты аймақтың сұлулығына кі­нә­рат түсірмей ықтиятты пайдаланудың ор­нына тек зиян тигізумен жүрміз. Көл табан­дарының қорысқа айналуына өзіміз кінәлі­міз. Президент тапсырмасы дегенде аймаққа ойын-сауық нысанын, казино, қонақ үйлер салумен шектелмейтіндігін неге ескермей­міз. Ол ең алдымен табиғаттың осыншалық­ты жомарттықпен сыйлап салған сұлу мүйі­сі­нің экологиялық жағдайын барынша қатаң ескеру, көздің қарашығындай қорғап, сақтау керек емес пе. Кесілер ағашты есепке алу, салынар жолдың, тартылар құбырлардың, жылу, газ, электр желілерінің табиғатқа ти­тім­дей де зиянын тигізбеуін бақыламас па? Ендігі жерде Бурабай баурайынан жер сатуды шектеу емес, түбегейлі тоқтату қажет. Қолат-қойнауларға тұмсықтарын тығып ал­ған вилла, коттеж­дер­дің ауыз суды, техника­лық суды, жуынды суды қалай пайдаланып, қайда төгіп жатқан­дығына қатаң тексеріс қажет. Бұған СЭС ұйымы, табиғатты қорғау прокуратурасы батыл араласса жөн болмақ. Біздің ойымызша Бурабай-Щучье курортты аймақ аясын дамытамыз деп далитып құры­лыс сала бергеннен де қолда барын құттап, экожүйеге зиянын тигізбей пайдалану жағын қарастырған абзал. Курортты-туристік қыз­мет­ті барынша жақ­сар­ту осы аймақты эко­но­микалық жағынан дамыту, саяхатшылар мен туристерді көптеп тарту сан салалы мәселелерді кешенді шешу­ді талап етеді. Алайда, бұл жағынан аса ұят­ты­мыз. Әсіресе жаз айларында жабайы демалушылар тарапынан жасалып жататын тағы­лық­тарды та­биғат-анаға тотальдық шабуыл деп де баға­лауға болады. Бірақ оған тосқауыл болар жергілікті басшылық төбе көрсетпейді. Ие­сіз қалған ел игілігін ойына келгенінше илеу иектеп барады. Бұл орны толмас өкініш!

Біздіңше бұл мәселе де батыл бақы­лау­ды талап етеді. Ал демалу мәдениеті қалыптас­паған біз сияқты елде табиғат құнды­лық­тары құнсыздана бермек.

Сонымен келген жұрт Бурабай - Щучье курортты аймағына қатысты тағы бір бас қосу өз жұмысын аяқтадық деп тар­қас­ты. Ал біз жұмыс жаңа тыныспен өріс тапса жақсы болар еді деген есекдәмеде қалдық.

Бурабай басын бұлт шалғалы қашан.

Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы.

Ақмола облысы

«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407