Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзгелер 6213 2 пікір 21 Маусым, 2021 сағат 13:31

Пашинян соғыста жеңіліп, сайлауда жеңді

Араға айлар салып Арменияға ел назары тағы ауды. Бұл жолы соғыс емес, сайлау елді өзіне елең еткізді. Армения соғыстан жеңіліп, саяси және экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр.

Парламент сайлауы бұл жолы өткір пікірталас пен қоғамдық бөлініс негізінде жүруде. Партиялар "Қарабақты қайта Армения құрамына қосамыз", деп орындалмас уәдені үйіп-төгуде. Пашинянға бас қарсылас - бұрынғы президент Кочарян болып тұр.

Кеше Арменияда сайлау өтті. Сайлауға жиынтығы 26 партия мен блок қатысқан. Никол Пашинян "Азаматтық келісім" партиясының атынан премьер министрлікке үміткер болса, оған басты қарсылас "Айастан" партиясынан бұрынғы президент Роберт Кочарян болуда. Өзге партиялар да жеңістен үмітті. Парламенттен орын алу үшін партиялар 5%-дық, ал саяси блоктар 7%-дық межеден асуы тиіс. Сайлаудың өту барысын бақылауға 483 халықаралық ұйым қатысқан. Олар сайлаудың жоғары дәрежеде өткенін айтуда.

"Қалалық аймақтарда дауыс берушілер саны көп, ал ауылдық жерде сайлауға қатысушылар саны аз", деп бағалады сарапшылар. Бұл кез келген мемлекеттегі сынды құбылыс, саяси және экономикалық өзгерістер қалада жүретіні анық, сондықтан қала халқының көп қатысуы да заңдылық.

Жалпы дауыс берушілердің тізіміне 2,5 млн адам енгізілген. Оның ішінде соңғы мәліметтер бойынша нақты сайлауға қатысқандар саны 1 281 000 адам. Бұл жоғары көрсеткіш болып саналады. Себебі 2018 жылы Арменияда мерзімінен бұрын өткен сайлауға 1 млн 260 мың адам 11 партияға дауыс берген еді. Биыл қатысушылар саны да, партиялар саны да артқанын көріп отырмыз. Сарапшылар соғыстан кейін халықтың белсенділігі бәсеңдеп, саяси процесске қызығушылығы азаяды деп болжаған еді. Олай болмады.

Сайлауалды үгіт-насихат қатаң талапта өтті. Пашинян Әзербайжан тұтқынындағы армяндарды қайтару үшін тіпті, ұлын алмастыруға дайын екенін мәлімдесе, Кочарян "Қарабақты қайта қосамын", деп атой салды. Өзге партиялар да қалыспады. Көпшілігі Пашинянды түрік кейпінде бейнелеп, түрлі үгіт материалдарын таратып жатты. Өйткені барлығы да бұл сайлаудағы басты қарсыласы Пашинянның "Азаматтық келісім" партиясы екенін жақсы түсінді.

Қазірдің өзінде сайлаудың нәтижесі белгілі. Пашинян жеңіске жетті. 2008 сайлау учаскесінен келіп түскен бюллетеньдер саналып, Орталық сайлау комитеті сайлау нәтижелерін жариялап жатыр. Пашинянның "Азаматтық келісім" партиясы 53,92% дауыс алған. Ал оған басты қарсылас болған Роберт Кочарян құрған "Айастан" (Армения) блогы 21,04% дауысты қанжығасына еншіледі. Бұрынғы президент Серж Саргсянның "Намысым бар" саяси блогы 5,23% пайыз дауыс алды. Саяси блок кемі 7% дауыс жинау керек екенін ескерсек, Парламентте бұл блокты көрмейміз. Қалған дауыстар өзге партиялар арасында бөлінген және 5%-ға жетпейді. Қазірдің өзінде Кочарян сайлау нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеп, ұзақ мерзімді қарсылық акцияларына шақыруда.

Жаңа үкімет құрамын Пашинянға жасақтау қиынға соғады. "Соғыстан жеңіліс тапқан басшының жаңа бастамаларына сенетіндер аз", дейді сарапшылар. Күзден бастап тіпті Пашинян партиясының құрамында болған белді шенеуніктер де оған қарсы шығып, партиядан кетуді жөн санаған. Армениядағы саяси дағдарыс асқынған күйде тұр. Қазан айына дейін тұтқындарды қайтара алмаса, соғыстың бітуіне бір жыл болған сәтте Армениядағы саяси дағдарыс тіпті асқынып, үлкен қақтығыстарға ұласуы мүмкін.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435