Министр сәбіз бен картоп "жорығына" аттанды
Қымбат картоп пен сәбіздің мәселесін министр Бақыт Сұлтанов майшаммен қарап, өзім шешемін деп екпіндеп отыр. Тіпті бұл тұрғыдан көрші елдерге іс сапармен барып, келіссөз жүргізбек.
"Ішкі нарықтың тұрақтылығы мен экспорттың болжамды көлеміне қатысты мәселелерді шешу үшін көршілес елдермен келісім негізіндегі жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы Қырғызстанмен, Өзбекстанмен, Тәжікстанмен. Мен бүгін Орталық Азия елдеріне іс сапармен аттанамын. Біз өзара қамтамасыз ету үшін форфорвардтық келісімдер жасаймыз. Мысалы картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақты бізге жеткізеді, ал жеміс-жидек піске уақытта біз оларға жеткіземіз. Бұл елдерге экспорттық бағаның көлемін де болжап отырмыз", деді министр.
Қазақстанда маусым айы қымбатшылық сөзімен синонимдес негізде өтуде. Әлеуметтік маңызы бар түрлі тауар құны аспандап кетті. Бұған дейін Қазақстан сыртқа картоп өнімдерін мыңдаған тоннамен сатып жіберіп, өзі үш есе қымбат бағаға Пәкістан мен Ираннан сатып алғаны жайлы айтылған еді. Ел естісе күлетін ақпарат ақиқат болып шықты.
Еnergyprom.kz порталының мамандары жүргізген зерттеуге сәйкес, 2021 жылдың алғашқы тоқсанында елге 31,5 мың тонна қырыққабат, 19,2 мың тонна картоп, 13,1 мың тонна сәбіз жеткізілген. Көкөністің бұл мөлшері өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда едәуір көп. Сарымсақ пен бақша дақылдарының импорты да 40 есе өскен (6,9 мың тонна). Әйтсе де бұрыштың (41,3% - 2,5 мың тоннаға дейін), сарымсақтың (23% - 2,8 мың тоннаға дейін), қызылшаның (18% - 3 мың тоннаға дейін), қызанақтың (9,7% - 2,8 мың тоннаға дейін) импорты азайған. Аталмыш көрсеткіштерге қарамастан Қазақстанда көкөніс тапшылығы мен нарықтағы тым қымбат баға азаяр емес.
Мысалы картоп жорығына аттанған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қымбатшылық туралы өткен аптады: "Ағымдағы жылдың бес айында тауар бағасының өсуі бойынша Түркістан облысында жоғары болып отыр. Онда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы — 9,4 пайызға өскен, Нұр Сұлтан қаласында — 8,5 пайыз, Алматыда — 6 пайыз. Баға өсімі аз өңірлер ретінде БҚО — 5,7 пайыз, Ақмола обласы — 5,6 пайыз, Қарағанды облысы — 5,2 пайыз болып тұр", - деген еді. Әрине министрдің ресми статистикасы шындыққа жанаспайды. Оны сөредегі келісі 500 теңгелік сәбіз бен 400 теңгелік картоп дәлелдеп тұр.
Министрдің жорығы мәселені уақытша ғана шешетіні анық. Ішкі нарықты толық қамтамасыз етпей, сыртқа экспорт жасау мемлекеттік азық-түлік саясатын соққыға алу деген сөз. Бұл тек қана әлеуметтік емес, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Өйткені тапшылық бізді өзге елдермен тиімсіз шарт жасасуға итермелейді. Ал министрге айтарымыз жорықты өзге елге емес, ішкі шаураларды қолдауға бағыттаған дұрыс болады. Наманганға емес, Нарынқолға сапар жасасаңыз отандық шаруа шалқып, ішкі нарық сапалы әрі мол өніммен қамтылмай ма?!
Ка мырза
Abai.kz