Хосе Мухика: Кедей адам - дүние-мүлкі аз адам емес...
«Әлемдегі ең кедей президент» атанған Уругвай елінің президенті Хосе Мухиканың 2012 жылғы маусымда Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ-ның тұрақты даму конференциясында сөйлеген сөзінен...
Осында жиналған мемлекет басшыларына рахмет. Менен бұрын сөйлегендерге де алғыс айтқым келеді.
Әр елден келіп мұнда жиналған мәртебелі меймандар адамзат алдында тұрған халықаралық мәселелерді шешуге қатысты шын жүректен тілектерін білдірді деп ойлаймын.
Өзімді мазалайтын күрделі күмәндарды Сіздермен бөлісуіме рұқсат етіңіздер. Бүгінгі талқылаудың негізгі тақырыбы тұрақты даму және жаһандық кедейлікті жою болды.
Біздің шын ниетіміз қандай? Қазіргі бай елдердің дамуы мен тұтыну үлгісіне еліктеу үшін бе?
Осы жерде бір сұрақ туындайды: - Егер немістердің бір отбасындағы автомобильдермен тең машина Үндістанның әр үйінде болса, ғаламшарға не болар еді? Тыныс алу үшін адамзатқа қанша оттегі қалар еді?
Мәселені басқаша айтар болсақ, батыстың ауқатты қоғамы тәрізді аста-төк ысыраппен тұтынуға әлемнің 7 миллиард адамы жаппай еліктейтін болса, мұндай «соғысты» қанымдай алатын резерв планетада бар ма? Жалпы солай болу мүмкін бе? Әлде біз басқа бір пікірталасқа көшейік пе?
Неліктен біз бүгінгі таңда осындай қоғамды құрып алдық?
«Нарықтық экономиканың балалары», «капитализмнің балалары», басқаша айтқанда, біз осы шексіз тұтыну мен дамуды талап ететін қоғамды құрып келген екенбіз. Нарықтық экономика нарықтық қоғам құрса, жаһандану дегеніміз әлемнің бұрыш-бұрышынан шикізат іздейтін қоғам құрғаны шындық емес пе?
Біз жаһандануды басқара алып отырмыз ба? Әлде жаһандану бізді жетелеп келе ме?
Осындай қатал бәсекелестікті шарттайтын тұтынушы қоғамның ішінде жүріп «Бүкіл әлемді жақсартайық!», - деп ұрандатып бірге өмір сүру және бірлесіп даму туралы пікірталас өткізу мүмкін бе? Қай жеріне дейін бірлесіп және қашанға дейін бәсекелесуі керек?
Бұл туралы айту бүгінгі шараның маңыздылығын жоққа шығару деген сөз емес, мәселенің түйіні осы! Біздің алдымызда тұрған үлкен проблема қоршаған ортаның қауіпсіздігі туралы емес, ол саяси мәселе болмақ.
Бүгінгі таңда адамзат жасаған осы орасан зор инерцияны толығымен бақылау мүмкін емес. Керісінше, адамзат тұтынушылық қоғамға бақыланып басқарылуда. Біз бұл әлемде гүлдену үшін туылмағанбыз. Біз бұл дүниеге бақытты өмір сүру үшін келгенбіз. Өмір қысқа, ол көз алдыңда ағып өте шығады. Тірі жүру, бақытты өмір сүруден артық құндылық жоқ.
Шамадан тыс тұтыну (гипер тұтыну) әлемді жойып жатқанда, адамдар өз өмірлерін қымбат тауарлар мен стильдерге жұмсауды жалғастыруда. Тұтыну қоғамның қозғалтқышы болып табылатын бұл әлемде біз оны тоқтаусыз «тез» және «көп» жасамасақ болмайды. Тұтыну тоқтап қалса экономика сал болып қалады, ал экономика сал болып қалатын болса дағдарыс деген құбыжық бәріміздің алдымыздан шыға келеді.
Осы шектеусіз тұтынуды қанағаттандыру үшін тауарлардың қызмет ету мерзімін қысқартып, оларды мүмкіндігінше мол сату маңызды. Бізде 100, 000 сағаттық шамдарды жасайтын соғыс технологиясы бар болғанымен, 1000 сағат ғана жанатын шамды сатпасақ болмайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай берік шамдар нарыққа зиянды болғандықтан жасауға болмайды.
Адамдар тіпті көп жұмыс істеп, тіпті көп сату үшін «тұтынып ғана тастай салатын» қоғамды жалғастырудан басқа жол жоқ. Барлығымыз осындай қиын айналмаға тап болғанымызды түсінеміз бе? Бұл басқа ештеме де емес, тек саяси мәселе, және бұл мәселені басқаша шешудің жолын біз мемлекет басшылары ретінде табуымыз керек.
Мен тас дәуіріне қайта оралайық деп айтып тұрған жоқпын. Бірақ нарықты бақылуға алмасақ болмайды дегенді айтқым келгені. Менің әлсіз санамда бұл саяси мәселе болмақ.
Тіпті ежелгі данышпандар, мысалы, Эпикур, Сенека, Аймарлар да осылай айтқан.
Кедей адам деп дүние-мүлкі аз адам емес, шексіз тілегі бар және ешқашан қанағаттанбайтын адамды айтады.
Бұл бүгінгі талқылауларымыздың мәдени кілті, түйіні деп ойлаймын.
Өз елімнің өкілі ретінде Рио отырысына және оның шешімдеріне мен осы тұрғыдан қатысамын. Менің баяндамамда құлаққа тосын естілетн сөздер көп болуы мүмкін болса да, мен Сіздерге су ресурстары мен қоршаған орта проблеманың түп-тамыры емес екеніндігін түсінулеріңізді қалаймын.
Мәселенің түп-тамыры - барлығымыз іздеп жүрген, жүзеге асырып жатқан әлеуметтік модельдің өзінде. Соның ішінде мұқят қайталап қарастыруға тиіс біздің өмір салтымызды (әдеттерімізді, көзқарастарымызды) білдіреді деген сөз.
Мен табиғи ресурстарға бай шағын елдің өкілімін. Менің елімнің халқы 3 миллионнан сәл асады. Бірақ менде әлемдегі ең әдемі 13 миллион сиыр бар. Сонымен қатар 8-10 миллион ешкі бар. Менің елім азық-түлік экспорттаушы ел. Шағын мемлекет болғанымен, оның территориясының 90%-ы табиғи ресурстарға өте бай.
Менімен пікірлес жерлестерім 8 сағаттық еңбек үшін күресті. Бүгінде олардың кейбіреулері 6 сағаттан да жұмыс істей алады. Алайда күніне алты сағат жұмыс істей алатын мүмкіндігі барлар қосымша жұмыс істеп, ақырында бұрынғыдан да ұзақ уақытпен жұмыс істейтін болды.
Неге солай? Себебі сіз машина немесе мотоцикліңіздің жалдау ақысын төлемесеңіз болмайтын болғандықтан солай. Ай сайын екі есе артық жұмыс істеп қарызын төлеп жүріп, бір қарағанда мен секілді кәртейіп қалғанын бірақ біледі. Дәл мен секілді, олардың да бақытты өмір сүру арманы көзінен бұлбұлдай ұшады.
Сонда сіз өзіңізге былай сұрақ қоясыз: Жалпы осылай болу адамзаттың тағдыры ма?
Менің айтып жатқаным өте қарапайым әңгіме.
Даму, өркендеумен бақытты шектеуге болмайды. Даму адамзатқа бақыт әкелмейтін болса қажеті жоқ. Сүйіспеншілік, адамдар арасындағы қарым-қатынас, балаларды тәрбиелеу, достар табу, содан кейін негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру. Біз осыларды ғана жасауға тиіспіз.
Бақыт - бәрімізге де ең қымбат нәрсе. Егер біз қоршаған орта үшін күрескіміз келсе, онда адамзаттың бақыты дегеніміз ғана қоршаған ортаның ең маңызды элементі екенін ұмытпауымыз керек.
Назар аударғандарыңызға рақмет.
Аударған Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz