Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 7894 28 пікір 17 Шілде, 2021 сағат 13:41

«Qazaq tili» қоғамының үш бірдей қарары

Халықаралық «Qazaq tili» қоғамы өткізген шаралары бойынша мынадай Қарарлар қабылдап, оны тиісті органдарға жіберді:

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «QAZAQ TILI» ҚОҒАМЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІ МЕН МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ САЙЛАУЫ ҚАРСАҢЫНДА, 2020 жылдың 18 қарашасында ҚАБЫЛДАҒАН ҚАРАРЫ:

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Мәслихатының депутаттыққа үміткер болашақ халық қалаулыларынан Қазақстан халқы тілін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуін толық қамтамасыз етуін қалың көпшілік атынан талап етеміз.

Бізге мемлекеттік тілді біліп қана қоймай, сол тілде ойлайтын, сапалы жұмыс істейтін, сол тіл арқылы өздерін адам, азамат және ұлт өкілі сезінетін, түйсінетін депутаттар ғана керек!

Қазақстанда бүкіл мемлекеттік істердің, қызметтердің, жұмыстардың – қазақ тілінде жүргізілуін қысқа мерзімде қамтамасыз етуіміз шарт.

Мемлекеттік жұмыс мемлекеттік тілде іске асырылатын болсын!

Ұлттық қауіпсіздігімізді, мемлекеттік мүддені, ел мен жер тұтастығын қара басының қамынан жоғары ұстайтын қазақы, көкірегі ояу, көзі ашық, халық тілін толыққанды меңгерген, мемлекеттік істерді мемлекеттік тілде атқаратын азаматтарымыз ғана Парламент төрінде депутат болуын талап етеміз.

2021 жылдың 30 сәуірінде өткен «ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АУҚЫМДЫ РЕФОРМАСЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ ҚАБЫЛДАНҒАН ҚАРАР:

1. Біз латын қаріпіне көшу мерзімін соңғы ресми ақпаратта айтылғандай 2030 жылға дейін созуға қарсымыз. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы  13 наурыздағы № 27-р өкімімен бекітілген Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін деп қалдырылғанын қолдаймыз.

2. Осы уақытқа дейін бір ғана орфографиялық топ Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен  А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты атқарып келген әзірлеу, сараптау сынамадан өткізу, енгізу жұмыстары Білім және ғылым министрлігіндегі мектепке енгізілетін оқулықтарды сараптау жүйесіндегідей бір-біріне тәуелсіз бірнеше ұйымға жүктеліп, сатылай сараптаудан өту арқылы ғана мақұлданып, бекітілуін ұсынамыз.

3. Латын графикасына көшу, әзірлеу және енгізу кезеңдерінен тұрады. Әліпбидің кемшін тұстары республикадағы білікті ғалымдар арасында осындай ашық жиындарда жан-жақты талқыланбай бекітілсе, алдындағы ҚР Парламентінде таныстырылған диграф жобасы мен ҚР Президенті бекіткен апостроф және акут жобаларының тағдырын құшады. Сондықтан әзірлеу кезеңі аяқталмай тұрып оны қоғамға, оқу үдерісіне енгізу жұмыстары (насихаттау, диктант алу, сауалнама алу, газет шығару, бекітілмеген әліпбимен көрнекі ақпарттар ілу, және т.б) тоқтатылсын.

4. Осы салаға жауап беретін Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті ҚР Мәжіліс депутаттарын, Қоғам қайраткерлерін, Білім саласының өкілдерін, ЖОО оқытушыларын, Халықаралық қазақ тілі қоғамының өкілдерін, белгілі түркітанушыларды, ең бастысы осы салаға қатысты білікті мамандарды жинап қазақ жазуының өзекті мәселелерін талқылап бір шешімге келуі керек.

5. Ең басты мәселе – жазу реформасы арқылы тілімізді А. Байтұсынұлы салған ұлттық арнаға әкеліп, кеңес дәуірінде тынысын тарылтып келген жат тілдік ықпалдан арылу деп түсінеміз.  Жат  дыбыс пен әріп, жат сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байланысты да түпкілікті байлам мен шешімге келу аса маңызды. Бұларды шешпейінше, қазақ тілінің бәсекеге қабілетті ұлттық тіл ретіндегі келешегін қамтамасыз ету де мүмкін емес.

6. Иә, қанша ғалым болса, сонша пікір болады деп «мен білемдікпен» біржақты кету дұрыс емес екендігін көрдік. Тіліміздің табиғи болмысын сақтаймыз десек, барлық ғалымдар кеңесе отырып түбегейлі бір шешімге келуі керек. Төреші тілдің ішкі жүйесі мен басты заңдары болуы тиіс. Басты міндет - ғылыми негізделген, тіл заңдылығына сүйенген, ең бастысы, тілге қызмет ететін, тіл болашағын сенімді ететін жаңа әліпби мен емле ережелерін қабылдау болуы керек.

2021 жылдың 25 маусымында өткен «ҮНДЕСІМ – ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ БАСТЫ ЕРЕКШЕЛІГІ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ҚАРАРЫ:

1. Қазақ фонетикасы теориялық және практикалық жағынан еуроөзектік бағытты ұстанып келгені белгілі. Оның өзінің себептері болды, ең алдымен бізге орыс-қазақ әліпби үлгісі күшпен таңылды, одан туындаған бөгде еміле-ережелер басты қағидаға айналып, мектептен бастап, жоғары оқу орындарының бағдарламасына ендірілді, оқулықтар мен оқу-құралдары осы үлгімен қалыптасты. Осының салдарынан қазақ тілінің фонетика-грамматикалық құрамында көптеген қайшылықтар пайда болды. Әлімхан Жүнісбектің ұсынып отырған теориялық шешімінен кейін жоғарыда аталған мәселелер барлық деңгейде қайта қаралуы керек.

2. Кезінде Ақымет Байтұрсынұлы негізін қалаған тіл ғылымын өзінің ұлттық арнасына қайта түсіру жұмыстары Білім және ғылым министрлігі деңгейінде қолға алынып, осы бағыттағы зерттеулерге мемлекеттік тапсырыс немесе мемлекеттік тапсырма түрінде гранттар бөлінгені жөн.

3. Зерттеулердің нәтижесі бойынша қазақ тілінің академиялық грамматикасы, қазақ тілінің дыбыс жүйесі, ондағы басты заңдар, әліпби мен емле ережелері, докторантура мен постдокторантураға оқытылатын ғылыми фонетика, фонология, морфонология, фоносемантика курсы жоғарғы оқу орындарының оқулықтары мен оқу құралдары, бағдарламалары мен силлабустары және мектеп оқулықтары қайта қаралуы тиіс.

4. Үндесім заңы түбі бір жалпы түркіге ортақ болғандықтан түркі әлемінің ғалымдары қауымдасып ортақ жұмыстар, диахронды және синхронды зерттеулер, түрлі танымдық ғылыми шараларды қолға алғаны жөн деп есептейміз.

5. Түркі тілдерінің үндесім заңын тек қана фонетика-фонологиялық құбылыс түрінде ғана емес – басты тілдік кең ауқымдағы грамматикалық буын – түбір – сөз – сөйлем – мәтін құраушы, құрастырушы, реттестіруші, түрлендіруші басты категория деңгейінде жан-жақты, кешенді зерттеу объектісіне айналдырған абзал.

Бижомарт Қапалбек,

Филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435