Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 10201 15 пікір 19 Шілде, 2021 сағат 16:20

Қанат Саудабаев және Қазақстанның «жұмсақ күші»

Бірде болашағынан үміт күттірерлік бір жас композитор Моцартқа келіп, өзінің талантын қалай дамыту керектігі жөнінде ақыл-кеңес сұрайды. «Қарапайым композициялардан бастау керек. Мысалы, әндерден бастасаң», – деп кеңес береді Моцарт. Жас жігіт: «Өзіңіз бес жасар бала кезіңізден-ақ симфониялар жаздыңыз ғой!» – деп, наразылық білдіреді. «Иә, дәл солай. Бірақ мен талантымды қалай дамыту керектігі жөнінде ешкімнен ақыл-кеңес сұраған емеспін. Мен қашанда өзімнің дара жолым барын білдім», – деп жауап береді Моцарт.

Мен бүгін тәуелсіз Қазақстанның мәдениет саласындағы ұлттық даму стратегиясын құрудың бастауында тұрған Елбасының сенімді серіктестерінің бірі, туған жердің текті тұлғасы, шынайы патриоты, саясат сардары ҚАНАТ БЕКМЫРЗАҰЛЫ САУДАБАЕВ туралы өз ойларыммен бөліскім келеді.

Тағдыр оған ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында 45 жылға созылған Отанға қызмет етудің өзіндік жолын таңдауға мүмкіндік берді. Оның соңғы 30 жылында, Қанат Бекмырзаұлының өзі: «...Мен түрлі салаларда Президенттің өзіме деген жоғары сенімі мен қалыпты қарым-қатынасын бар ынта-жігеріммен ақтауға тырыстым. Алдағы уақытта да солай бола бермек!», - дейді.

Сұңғыла саясаткердің 17 жастағы жасында-ақ одақ көлеміндегі ең беделді университеттердің бірі – гуманитарлық шығармашылық білімнің шамшырағы Ленинград мемлекеттік мәдениет институтының «режиссер» мамандығын таңдауы да тегіннен тегін болмаса керек.

Дәл осы сәттен бастап Қазақстанның болашақ мемлекет қайраткері қалың көрерменге байыпты бағыт-бағдар беретін, ерекше ойлау мен концептуалды идеялар қалыптастыратын режиссура мамандығының сан қырлы шеберлік қатпарларын жән-тәнімен игеруге ден қояды. Өз кәсібіне бар болмысымен беріледі.

1968 жылы Қазақстанға талғамы терең, ой-толғамы кең, шығармашылық тұрғыда да, мемлекеттік қызметте де өзінің сонарлы соқпағын айқын сезінетін білікті маман оралды. Әр нәрсеге талапты, аңғарлы, жиырма екі жастағы маман бірден назарға ілікті. Сөйтіп тағдыр оған әрдайым бастамашы, өзіне сеніп тапсырылған жұмыс салаларында толайым табыстар мен жетістіктердің авторы болуды бұйырды.

1968 жылы Мәдениет институтын бітіргеннен кейін Қанат Бекмырзаұлы бірден М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының режиссері, қазақ сахнасының саңлағы Әзербайжан Мәдиұлы Мәмбетовке көмекші болады. Осылайша, өнер жолында жұмыс істейтін адамдардың абыройы мен дарынын терең құрметтейтін екі шығармашылық тұлға бас қосты. Ұстаз және оқушы. Қанат Бекмырзаұлының режиссер мамандығының құпиясы мен қыр-сырын жете танытып, үлкен еңбек жолын енді бастаған маманға қапысыз қамқорлық жасаған тәлімгеріне деген құрметі ерекше болды, оның адамшылық абзалдығын, жүрек жылуын әрдайым өзіне өнеге тұтты.

«Бірде профессор тақтаға үлкен әріптермен 1 санын жазды да, студенттерге қарап: «Бұл сіздердің адамшылықтарыңыз. Өмірдегі ең керек қасиет. Оған міне дәлел». Содан соң «1» санының жанына «0» деп жазып: «Ал бұл сіздің жетістіктеріңіз, ол адамшылық тұрғыда 10 есе өсті». Тағы бір «0» – тәжірибе, онымен адам «100» болды. Сөйтіп, «0»-ге «0»-ді қоса береді, оның әрқайсысын сенімділік, зияткерлік, т.с.с. деп түсіндірді. «Әрбір қосылған «0» адамды бір саты өсіріп отырады», - деді профессор. Кенет ол «1» санын өшіріп тастайды. Тақтада ешқандай мағынасы жоқ нөлдер ғана қалады... «Көріп тұрғандарыңыздай, егер сіздің адамгершілігіңіз биік болмаса қалғандарының құны нөл», - дейді.

Қанат Бекмырзаұлының адамгершілік қасиеті – өзінің кәсіби қалыптасуы үшін көп ықпал еткен, адамдарға деген құрмет пен қарапайымдылықтың үлгілі болған өмірлік ұстазы Әзірбайжан Мәдиұлымен арадағы қарым-қатынасынан жарқырап көрінді. АҚШ-тан келген бойда тағылымды тәлімгеріне барып, саулығын сұрап тұруды өзіне парыз санайтын. Қанат Бекмырзаұлының бар болмысы осы, ол еліміз бен қоғам өмірі үшін жан аямай қызмет ететін адамдарға қай кезде де адал.

Қанат Бекмырзаұлының «Нұрсұлтан Назарбаев: Халықпен бірге өмір сүру және Халық үшін өмір сүру» атты мақаласын оқи отырып, мен оның және бір қырын ашқандай болдым: Ол тағдырдың жазуымен тарихтың бастауында тұрған адамның ой-санасын бар болмысымен, терең сезіне біледі.

Қанат Бекмырзаұлы: «Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біздің жаңа мемлекетіміздің Басшысы үшін Қазақстан Республикасының халықаралық деңгейде танылған шекараларын заңды ресімдеу мәселесі маңызды басымдыққа айналды. Дәл осы жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел көшбасшылық және тамаша адами қасиеттері көрініс тапты», - деп жазады.

Ол Елбасына тек Көшбасшы ретінде ғана емес, «Батыстың жаңашыл бастамаларына ұтқырлықпен ұмтылыс жасай отырып, сол талпынысты Шығыстың сан ғасырлық құндылықтары мен қоғамдық ұстындарына деген құрмет сезімін қатар ұстай білетін Жасампаз көшбасшы ретінде қарайды».

Мен дәл осы, Елбасының кемеңгер ой-санасының сыр-сипатын терең танып-білгендігі, сол тұрғыда оны жан-жақты қолдап, сенімді серіктерінің қатарынан табылуы Қанат Бекмырзаұлының биік рухани мәдениеттілігінде деп білемін. Елбасының сындарлы сөздері мен қарымды іс-қимылдарына деген сенім оны дипломатиялық салада өз күшін сынап көруге итермеледі.

Текті тұлғаның жанының ашықтығы, көңілінің кеңдігі және азаматтық адалдығына тағы бір мысал – оның ақиық ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовпен достығы.

Өзі: «Жаспын, Ленинградтағы студен кезім, Сүлейменовтің Ленинградтағы және сол елдің басқа қалаларындағы поэзия кештерінде туған даланың ерекше күшімен және жусан иісімен толтырылған өлеңдерін мақтанышпен және шабытпен оқитынмын. Оқып қана қоймай, ақын сөзінің оқырман жүрегінде қалай резонанс тудырғанын сезетінмін... Біздің алғашқы кездесуімізде Олжас ақ батасын беріп қана қоймай, менің мәңгілікке рухани тәлімгерім болды. Сол өте қымбат қарым-қатынас 57 жылдан бері әлі жалғасып келеді», - деп ерекше ілтипатпен еске алады.

Қанат Бекмырзаұлы Қазақ мемлекеттік циркінің негізін қалады. Оның кезінде Қазақ циркі ұлттық мәдениеттің өміршең дәстүрлеріне жүгініп, далалық ат өнерінің мәдени мұрасын жандандырды. Қанат Бекмырзаұлы ерекше айшықты ұлттық үлгідегі «Джигитовка» ансамблін құрды. Ол ансамбль құрамындағы аттың құлағында ойнаған жігіттердің асқан шеберлігімен, мәнерлі киім үлгілерімен көрермен жадында жатталып қалды.

1976 жылы Қанат Бекмырзаұлы мемлекеттік қызметке шақырылды. Нақ осы салада оның стратегиялық тұрғыда ойлай білетін мемлекетшілдік және патриоттық таланты бар қырынан жарқырап ашылды.

Одан кейінде ҚазКСР Министрлер кеңесі Іс басқармасының мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ҚазКСР Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметінде, елдің мәдени беделін арттыруды басты бағыт ретінде ұстай жүріп, Қазақстанның мақсат-мүддесімен әрдайым тағдырлас, тамырлас болды.

Мемлекеттік киноның басшысы бола жүріп, Қанат Бекмырзаұлы Қазақстанның кино саласының дамуына қатысты өзінің бірегей шешімдері мен стратегиялық көзқарасы арқылы кинематографиядағы қазақтың «жаңа» толқыны феномені деп аталатын әлемдік деңгейдегі мәдени құбылысты өмірге әкелді. Ол Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты (ВГИК) жанынан АЛҒАШ РЕТ ҚАЗАҚ ШЕБЕРХАНАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ, онда атақты режиссер Сергей Соловьевтің жетекшілігімен Рашид Нұғманов, Абай Қарпықов, Ардақ Әмірқұлов, Әмір Қарақұлов, Талғат Теменов, Дәрежан Өмірбаев және Серік Апрымов сынды белгілі қазақстандық кинорежиссерлер легі өсіп шықты. Кейін олар бірнеше мәрте Италия, Германия, Португалия және т.б. халықаралық кинофестивальдердің басты марапаттарына ие болды.

Ол басшылық еткен жылдары «Қазақфильм» киностудиясы Бүкілодақтық прокатқа «Игла» (Р.Нұғманов), «Тайны мадам Вонг» (С. Пучинян), «Сладкий сок внутри травы» (С. Бодров, А. Әлпиев), «Чужая белая и рябой» (С. Соловьев) сынды белгілі фильмдерді экранға шығарды және «Қош бол, Медеу» атты алғашқы халықаралық киножобаны құрды.

1991 жылдан 1992 жылдың мамырына дейін ҚазКСР-нің өкілетті өкілі мәртебесінде қызмет еткен жылдары жүйе аяқ асты ауысып, соның салдарынан орын алған келеңсіздіктерге қарамастан, өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды қалтқысыз орындады. Бұл ретте Қанат Бекмырзаұлы алдыңғы шепті тек командирінің бұйрығы бойынша ғана тастап шығатын қатардағы сарбаздай болды. Бұл жерде де оның нағыз мемлекет қайраткері ретіндегі ерен ерік-жігері мен ұстамдылығы айқын көрініс тапты.

Қанат Бекмырзаұлы елші лауазымында да елімізді жаһандық қоғамдастыққа паш ету жөніндегі Нұрсұлтан Әбішұлының алға қойған міндеттерін көрегендікпен, табандылықпен шеше білді. Бұл бағыттағы бірінші, бедерлі бекет түркітілдес әлемнің батыс құрылымдарына батыл жол ашатын басты елі Түркия болды.

Одан кейін жаңа тағайындау – ірі экономикалық державалардың бірі Ұлыбритания, онда ол Қазақстан экономикасына Британдық инвестициялар тарту міндеттерімен шұғылданды. Жеті жылға жуық уақыт АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елші қызметінде болып, нәтижесінде АҚШ-пен арада стратегиялық серіктестік орнады және Қазақстан-Америка сауда-экономикалық ынтымақтастығы кең қанат жайды.

Әдеттегідей, тың істің барлық қыр-сырын жете түсіне отырып, Қанат Бекмырзаұлы дипломат лауазымында да бүкіл көркемдік үдерісті кеңінен қамтып, тұтастай құрастыра білетін режиссураға ұқсас тәсілдерді танып білді. Ішкі қырағылықсыз немесе, дәлірек айтқанда, шығармашылық түйсіксіз режиссер болмайды. Соның арқасында ғана режиссер жалған мен ақиқатты, көзбояушылық пен шынайылықты тап басып ажырата алады. Сол сияқты таным-түйсіксіз, өзіндік бақылау мен талдаусыз дипломат та болмайды, оны да өзінің дипломатиялық қызметінде Қанат Бекмырзаұлы нақты көрсете білді. Сөйтіп, өмірінің көп бөлігін дипломатия саласына арнады: ұзақ жылдар Қазақстан Республикасының елшісі, Сыртқы істер министрі лауазымында еліміздің мүддесін майталмандықпен қорғады.

Қанат Бекмырзаұлы ЕКІ РЕТ ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ болды (1994, 2009-2011). Осы жауапты лауазымды жауапкершілігі одан да жоғары ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ лауазымымен қоса атқарды (2009-2011). 2010 жылы Қазақстан ғана емес, ТМД ТАРИХЫНДА ТҰҢҒЫШ рет Астанада жоғары деңгейде ЕҚЫҰ Саммиті өткізілді.

Қанат Бекмырзаұлының дипломатиялық қызметінің шарықтау шегі оның 2010 жылы ЕҚЫҰ Төрағасы дәрежесіндегі жұмысы болғанын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы өзінің ең сенімді көпжылдық серіктестерінің бірін тағы да аса жауапты қызмет саласына бағыттады, онда да ол біздің еліміздің сыртқы саясатын сәтті жүзеге асыру үшін Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне жүктеген сенімді абыроймен ақтап шықты.

Мен Қанат Бекмырзаұлының басқа қызмет саласына ауыса отырып, ұлттық шығармашылық қауымды қолдауды жүйелі жалғастыра жүріп, мәдениетке адал болып қалғанын ерекше атап өткім келеді.

АЛҒАШ РЕТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРЕНАЛАРДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӘСІПҚОЙЛАРДЫҢ ЖАҢА ЕСІМДЕРІ ПАЙДА БОЛА БАСТАДЫ.

Біздің әртістер Америка Құрама Штаттарындағы (Карнеги-холл), Ұлыбританиядағы (Royal Albert Hall), Франциядағы үздік концерттік алаңдарда өнер көрсетті. Олар Генуядағы (Италия) Н.Паганин атындағы скрипкашылар байқауы, Париждегі (Франция) Лонг пен Тибо атындағы жас пианистер мен скрипкашылар байқауы және т.с.с. беделді халықаралық конкурстарда жүлделі орындарға ие болды.

Қанат Бекмырзаұлының Қазақстанға, халыққа және елдің тарихи тағдырына шынайы қызмет етуге негізделген азаматтық ұстанымы оған Қазақстанның халықаралық аренадағы «жұмсақ күші» қуатын жеке беделімен арттыра түсуге мол мүмкіндік берді.

Қазақстанның АҚШ-тағы мәдени күндерін өткізу барысында ол жоғары дәрежелі дипломат ретінде рухани іс-шараларға шақырылған көптеген американдық саяси қайраткерлердің сеніміне ие бола білді. Мәдениет күндерінің кең тынысты бағдарламасы, қазақстандық халықтық және классикалық музыка орындаушыларының шынайы шеберлігі, еліміздің бірегей тарихи-мәдени мұрасын паш ету Америка астанасының мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналғанын ерекше атап өткен жөн.

2005 жылғы Қазақстанның Мәдени күндерін өткізуге дайындық пен өткізу шаралары жақсы жадымда, жауапкершілік дегеніңіз көп-ақ. Біз онда Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ұлттық мәдениетімізді АҚШ-та көрсеттік. Қазірде ғой, қазақстандық мәдениет пен өнер әлемдік қоғамдастыққа кеңінен танымал. Ал ол кезде бізге бірінші рет Вашингтондағы Кеннеди орталығы, Нью-Йорктағы Карнеги холл сияқты беделді залдарда өнер көрсетуге мүмкіндік туған еді. Мәдениет күндерінің Кеннеди орталығындағы ашылу салтанатында ел астанасын 1999-2007 жылдар аралығында 9 жыл басқарған Вашингтон мэрі Энтони Уильямс құттықтау сөз сөйледі. Жауап ретінде Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Қ.Б. Саудабаев оған аса сәнді қазақ домбырасын сыйға тартты.

Концерттен соң мен Қанат Бекмырзаұлынан әлемнің жетекші державасы астанасының мэрін шақырудың сәтін қалай келтірдіңіз деп сұрадым. Сөйтсек, қала мэрінің анасы Верджинья Хайс Уильямс белгілі кәсіпқой әнші екен. Ол баласы қаланы басқарған жылдары кеңінен танымалдылыққа ие болып, ресми іс-шараларда ән айтады. Халық «қаланың бірінші анасы» деп құрметтейді. Міне, мэрдің анасы арқылы өзімен де жақын қарым-қатынас орнатыпты.

Халықта: «Қайырымдылықпен сабақтас ақыл – даналық» деген қанатты қағида бар. Бұл сөздерді зият білім иесі – зерек дипломат, нағыз еңбеккер, сарабдар саясаткер, сындарлы санаткер Қанат Саудабаевқа да батыл сеніммен арнауға болады. Мен оның өз-өзіне деген сенімділігі, талмайтын талабы, таусылмайтын ынта-жігеріне, мемлекеттік тұрғыдағы нақты идеялары мен іс-әрекеттеріне қашанда тәнтімін. Өмірінің қырық бес жылын Отанға шексіз қызмет етуге, оның мүдделері мен тәуелсіз ұлттық саясаттың басымдықтарын қорғауға арнаған жан қандай құрметке болсын лайық.

Шығыста: «Адам дегеніміз – символ. Символға ой-сана тоғысқан. Сол ой-сананы танып-біліңіз» деген даналық сөз бар. Менің ойымша, осы айтылғандардың мән-мазмұны өмірден өз жолыңды тап, оның сын-сипатын түсін, өзіңнің кім екеніңді дәлелде дегенге саяды. Қанат Бекмырзаұлы Саудабаевтың 75 жылдық өмір жолы шығыс даналығының ақиқатын растайды: ОЛ БҮКІЛ САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ АРНАП, ӘРДАЙЫМ ӨЗ ЖОЛЫМЕН ЖҮРІП КЕЛЕДІ!

Арыстанбек Мұхамедиұлы, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
өнертану докторы, профессор

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404