Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3002 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 08:53

Шалқар Естен. АТЫ АҢЫЗ - АРВИДАС!

1979 жыл. Баскетболдан КСРО жасөспірімдер құрамасы Еуропа біріншілігіне дайындалып жатты. Алып империяның атынан сынға түсер команданы литвалық атақты баскетболшы Модестас Паулаускас жаттықтыратын. Құрлық чемпионатына арнап жасақталған команданың сапында 14 жасар Арвидас Сабонис те болды. Өзінен бірнеше жас үлкен спортшылармен терезесі тең өнер көрсетіп, жұртты таңқалдырған, болашағынан зор үміт күттірер жас перінің әрбір қимылын баққан мамандар жаңа жұлдыздың өсіп келе жатқанын сөз етісті. Бірақ тым жас ойыншыны дүбірлі додаға қосуға жүрексінген бапкерлер сол жолы Арвидасты құрлықтық сайысқа қоспай тұра тұруға бел байлады. Әйтсе де, көп ұзамай-ақ талантты жас туралы әңгіме ел ішінде кеңінен қозғала бастады.  

1979 жыл. Баскетболдан КСРО жасөспірімдер құрамасы Еуропа біріншілігіне дайындалып жатты. Алып империяның атынан сынға түсер команданы литвалық атақты баскетболшы Модестас Паулаускас жаттықтыратын. Құрлық чемпионатына арнап жасақталған команданың сапында 14 жасар Арвидас Сабонис те болды. Өзінен бірнеше жас үлкен спортшылармен терезесі тең өнер көрсетіп, жұртты таңқалдырған, болашағынан зор үміт күттірер жас перінің әрбір қимылын баққан мамандар жаңа жұлдыздың өсіп келе жатқанын сөз етісті. Бірақ тым жас ойыншыны дүбірлі додаға қосуға жүрексінген бапкерлер сол жолы Арвидасты құрлықтық сайысқа қоспай тұра тұруға бел байлады. Әйтсе де, көп ұзамай-ақ талантты жас туралы әңгіме ел ішінде кеңінен қозғала бастады.  
«Бұрынғы Кеңестер Одағының ең әйгілі, ең даңқты баскетболшысы кім?» деген сұраққа бір ауыздан «Әрине, Сабонис!» дейтін жауап аларымыз анық. Арвидас Сабонис - тек КСРО емес, әлемдік баскетбол тарихында өшпес қолтаңбасы қалған айтулы жұлдыз. Оның алаңға шығуының өзі бір мереке болатын. Қимыл-қозғалысы, допқа ұмтылысы, әріптесіне пас беруі көрген жанды тамсандырмай қоймайтын. Жанкүйерлер Сабонистің қатысуымен өтетін матчтарды жібермеуге тырысатын. Баскетбол патшасының өнеріне қаншама жан ынтық болды. Бір ғана мысал, 1986 жылы «Жальгирис» Батыс Германияның Хаген деген қалашығындағы беделді турнирге қатысады. Жарыстың алғашқы кездесуіне бар болғаны 300-ге жуық қана билет сатылады. Дегенмен, жергілікті газеттердің алғашқы беттерінде Сабонистің де турнирге келгендігі туралы ақпараттар берілісімен кассаларда бірде-бір билет қалмай өтіп кетеді. Міне осы оқиғаның өзі-ақ жанкүйерлердің Сабониске деген, оның ойынына деген шексіз махаббатын әйгілейді.
1964 жылдың 19- желтоқсанында Литвада дүниеге келген Арвидас Сабонис 17 жасында әлем чемпионы атанды. Бұл баскетбол тарихындағы рекорд еді. Оның биік белестерді бағындырып, даңқты баскетболшы атануына алғашқы бапкері Юрий Федоровтың да зор еңбегі сіңді. Ол допты алып жүруді енді-енді үйреніп жүрген баладан болашақ баскетболдың жарық жұлдызын тани білді. Және ең бастысы ол әлі оңы мен солын ажыратып үлгермеген, еркелігі бойынан арыла қоймаған жасты уақыт өте келе даңқты баскетболшы боларына сендіре алды. Өйткені Арвидас та көптеген замандастары секілді, өмірдің қилы қызықтарына алданып, спортты жиі тастап кетіп жүрді. Жас кезінде Арвидас музыкамен де әуестенді. Баскетбол мен музыканың арасында басы қатқан баланың көңілін аулап, ақыр аяғында оның ата-аналарымен сөйлесіп жүріп, өз дегеніне жетті.
Сабонис көбінесе әдемілік үшін ойнайтын. Кейбір сәттерде оған нәтижеден гөрі көңілге ләззат сыйлар сұлулық маңыздырақ болып жататын. Мұны оның бапкерлері жиі айтатын. Ол кейде әдемілік үшін ауадай қажет ұпайларды құрбан ететін. Дегенмен спорттың бір бөлігі, ажырамас құрамы да осы  көз сүйсіндірер сұлулық емес пе?
Мамандар Сабонис-Ткаченко жұбының өнерін әлі күнге дейін тамсана еске алады. Екі бірдей орталық ойыншының, екі бірдей даңқты спортшының қосарлануы күтпеген жаңалық болды. 1984 жылы Париждегі Олимпиада қарсаңындағы турнир осы екеуінің ұлан-асыр мерекесіне айналды деуге толық негіз бар. КСРО құрамасы Париж турнирінде Сабонис пен Ткаченко жұбының арқасында қарсылас шақ келтірмеді.
Сабонисті «Жалғандыққа көп барады: кішкентай жарақатқа бола тұрмай жатып алады, төрешілердің қателігіне балаша ренжиді, кейбір сәттерде эмоцияға беріліп, өз-өзін ұстай алмай көз жасына ерік береді» деп табалаушылар да бар. Қалай десе де, салмағы 120 келі, бойының ұзындығы 2 метр 24 сантиметрге тең алыптың жүрегі нәзік екендігі рас. Бірақ ойын барысындағы күресте ол мүлдем өзге адамға айналып сала беретін. Оның жолдаған пасының тегеуріні күшті болғаны сондай, осалырақ деген әріптестері ұстай алмай да қалатын. Арвидас кез келген ойында ең бірінші кезекте командаға жұмыс істейтін. Сол үшін де әріптестері мен бапкерлерінің арасында үлкен беделге, құрметке ие болды.
1988 жылы КСРО құрамасы Сеул олимпиадасының алтын жүлдесіне қол жеткізді. Сол жылғы жұлдызды құрамның басында әрине, Арвидас Сабонис тұрды. 1992 жылы ол литвалық әріптестерімен бірге Барселона олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Бұл сөз жоқ, Литва спорты үшін зор табыс саналды. 1982 жылы Сабонис Ұлттық Баскетбол Лигасына шақырту алды. Бірақ, сол кездегі саяси жағдайға байланысты Арвидастың мұхиттың арғы бетінде өнер көрсетуі қызық қуған көптеген жанкүйерлер үшін орындалмаған тілек күйінде қалды. Ақыры 1995 жылы Арвидас Сабонис АҚШ-қа сапар шегіп, аса беделді ҰБЛ біріншілігіне қатысып, «Блэйзерс» командасының жейдесін киді. Лигада Саба деген атқа ие болған ол жаңа ұжымындағы ойыншылар арасында да сыйлы болды. Бірақ жасы біразға келіп қалған, оның үстіне ескі жарақаттары жиі сыр бере бастаған даңқты баскетболшы мұнда жарқырап көрінді деп айта алмаймыз. Жалпы әлемнің өзге құрлықтарынан келген баскетболшылардың Ұлттық лигадағы қадамы аса сәтті бола бермейтіні анық. Тағдыр Сабонистің маңдайына да осы жолды жазыпты. Ол 2005 жылы үлкен спортпен қош айтысты.

 

2009 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445