"Жусан": Жат ағымның жетегінде кеткендер
2011 жылы Сирия аумағында азамат соғыс басталды. Бұл «Араб көктемінің» бір майданы болатын. Жат жердегі қанды қырғында түрлі діни топтар бас көтеріп, Сирия лаңкестік ошағына айналды. Лаңкестік топтар мен жат діни ағымдағы ұйымдар әлемнің түрлі елдерінде өз насихаттарын жасырын жүргізіп, әлеуметтік желі арқылы жақтаушыларын жинап, соғыс аймағына шақырды. Жат ағымның қақпанына түсіп, қанды қырғынға аттанғандар арасында қазақстандықтар да бар еді. Өкінішке орай олардың көпшілігі отбасыларын өздерімен бірге әкетіп, оқ пен оттың арасында қалдырды. Қазақстан Сириядағы азаматтарын алып шығып, елге әкелуге шешім қабылдады. Операцияны «Жусан» деп атап, бірнеше кезеңмен іске асырды. Жусан жайдан жай таңдалмады. Ежелгі дәуірден елінен ауып, өзге аймаққа кетпек болған батырға жусан шөбінің иісін иіскетіп, райынан қайтарған екен. Әрине, мағынасы терең, алайда жүгі ауыр операция екенін атап өткеніміз абзал.
«Жусан» арнайы гуманитарлық операциясының басталғанына екі жыл толды, оның аясында Қазақстан азаматтары Сириядағы ұрыс аймағынан өз отанына қайтарылды. Құтқарылған әйелдердің тағдыры ҰҚК баспасөз қызметінде айтылды.
Департаментте атап өтілгендей, ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің, әскерилердің, дипломаттар мен операцияға қатысқан басқа құрылымдардың қызметкерлерінің жақсы үйлестірілген жұмысы мен жоғары кәсібилігінің арқасында 600 адам эвакуацияланды, оның ішінде 413 бала, олардың 34-і жетімдер.
ҰҚК екі жыл бұрын қазақстандықтардың гуманитарлық операцияның қажеттілігі туралы пікірлері екіге бөлінгенін айтады. Көпшілік отандастарға жаңа өмір бастауы үшін көмек қолын созуды қажет деп санады. Басқалары соғыс ошағынан қайтап оралғандар қазақстандықтарға радикалды идеологияны насихаттайды деп есептейді.
Соғыс ошағынан оралған әйелдер түрлі оқиғаларды айтып, арнайы деректі фильмдерде сұхбаттар беруде. Олар Қазақстаннан қалай кеткенін, Сирияда көрген тозақтары мен азаптарын, оқ пен от астындағы өмірлерін, күнделікті өлім мен балаларын қалай жер қойнына бергендерін, Жусан операциясы аясында ұшақтар келгеніне қалай қуанғаны мен экстремистік жолға түспеу жайында өз ойларын айтуда. Бұл маңызды. Себебі жат ағымның барлық сұмдығын көріп, жақындарын жоғалтқан жандардың сөзі қоғамға өтімді, елге сіңімді болмақ. Қазақстан билігі діни экстремизмге қарсы күресті жалғастырып, ел халқының жат ағым жетегінде кетпеуі үшін барын салатын болады.
Abai.kz