Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4053 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 09:59

Әлібек Қаңтарбаев. ҚАЛАДАҒЫ ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ ДӘРЕТХАНАДА ОҚЫП ЖАТЫР

«Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайтыны» рас екен. Тәуелсіздіктің жанға жайлы қоңырқай самалы есіп кеп бергенде, әй, қазақтай қуанған ешкім жоқ болар. Сонда  қазақ егемендіктен қазаныма қазы-қарта, жал-жая салып бере көр дегенді емес, кеңестік керзі етік киген формацияның тәнім мен жаныма салған алапесінен айықтыра гөр дегенді сұраған. Нарықтық қатынастар басталып, біреуді біреу біліп болмайтын заман орнағанда   ауыл жұрты қалаға андыздаған.  Алайда, Өскемен қыр қазағына баяғы өгей қабақ танытқан қалпынан еш өзгере қоймаған болатын.  Әлі күнгі сол қалпы.

 

 

ҚАЗАҚ БАЛАБАҚШАСЫ... ҮШЕУ-АҚ

 

 

«Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайтыны» рас екен. Тәуелсіздіктің жанға жайлы қоңырқай самалы есіп кеп бергенде, әй, қазақтай қуанған ешкім жоқ болар. Сонда  қазақ егемендіктен қазаныма қазы-қарта, жал-жая салып бере көр дегенді емес, кеңестік керзі етік киген формацияның тәнім мен жаныма салған алапесінен айықтыра гөр дегенді сұраған. Нарықтық қатынастар басталып, біреуді біреу біліп болмайтын заман орнағанда   ауыл жұрты қалаға андыздаған.  Алайда, Өскемен қыр қазағына баяғы өгей қабақ танытқан қалпынан еш өзгере қоймаған болатын.  Әлі күнгі сол қалпы.

 

 

ҚАЗАҚ БАЛАБАҚШАСЫ... ҮШЕУ-АҚ

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» дегенді айтқалы қай заман. Сонымен бірге ол кісі мемлекеттік тілді өз тұғырына қондырудың бас тетігі - балабақшалар мен мектептеріміздің қолында екендігін де қадап айтқан. Ал осы бір күрделі мәселе Өскеменде өз шешімін қалай табуда?
Бір кездері Өскемендегі қазақтардың саны 10 пайызға тұяқ іліктіре алмаушы еді, тәубе, биылғы халық санағының алдын ала жасалынған қорытындысы 40 пайызды көрсетіп тұр. Яғни, 300 мың халқы бар қаланың жартысына жуығы қазақ деген сөз. Ал осы қазақ балаларын өз тілінің уызына қандыратын балабақшаларымыз бен мектептеріміздің хал-ахуалы не күйде? Әңгіме сол төңірегінде.
Мемлекеттік тілдегі балабақшалардың қауқары белгілі: қаладағы 30 балабақшаның тек үшеуі ғана таза қазақша. Олар - «Қарлығаш», «Ақбота», «Күншуақ» балабақшалары. Оларға сәбилерін «өткізе алмай»,  әйтседе үміттерін үзбей кезекке тұрғандардың саны қаншама. Мәселен, бір ғана «Күншуақ» балабақшасына кезекке тұрғандардың саны 300-ден асып жығылады.

 


БҰЛ МЕКТЕПТЕРГЕ 1961 ЖЫЛДАН БЕРІ  ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛГЕН ЕМЕС

 

 

Балабақша тауқыметін бір құдайға тапсырдық делік, білім беретін мектептеріміз жарылқап жатыр ма екен? Жоқ, қаладағы 45 мектептің тек 6-ы ғана қазақша дәріс береді. Әлгі алты мектептің өздері атам заманғы ғимараттарда күн кешуде. Жалпы, Өскеменде ашылатын қазақ мектептері «біреудің қаңсығы - біреуге таңсық» дегеннің кебін киіп орыс мектептері тастап шыққан ескі  ғимараттарға «қуана-қуана» кіріп алысады. Жаңа мектептен дәметпейді де. Неге десеңіз, оның қазаққа бұйырмайтынын біледі...
- Мектеп ғимараты 1881 жылы салынған. Алғашында екі қабатты болған екен, кейіннен тағы да екі қабат қосымшаланыпты. Оқу орнында 1245 бала екі ауысымда оқып жатыр, ал даярлық тобымыз үш кезекте оқиды. Қалай сыйып жатырсыздар дейсіз бе, жолын таптық. Мектептің астындағы жертөлені, басқа қабаттардағы екі дәретхананың біреуін қайтара жабдықтап, кабинет етіп отырмыз, - дейді 32 шәкірті  "Алтын белгіге" ие болған қаладағы № 3 мектеп-гимназияның директоры Есім Әкітбаев.
Қаладағы №1, №20 қазақ орта мектептерінің жайы да мәз емес. Екеуі де өткен ғасырдың бел ортасында салынған ғимараттарда. Еден тақтайлары, терезе, есіктері қаусап шашылуға шақ тұр.
- Баяғыда бір кейуана: «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен, сол айтпақшы, мына қырық құрау мектепті жамай-жамай әбден діңкеледік. Сырты әбден тозды, күрделі жөндеу 1961 жылдан бері болмапты! Әйтеуір ата-аналардың күшімен 12 кабинетті жөндеп алдық. Шатырымыздан сорғалап су ағып тұрушы еді, аққа құдай жақ, биыл соған 4 миллион қаржы бөлінді, соған қуанып отырмыз, - дейді №20 мектептің директоры Қанипа Батталқызы.
- Биылғы жылы даярлық тобына, 1-сыныпқа қосымша бала алуға мүлдем мүмкіндігім жоқ, оқушылар сыймайды, - дейді №44 Оралхан Бөкей атындағы 1176 оқушыға дәріс беріп жатқан лицейдің директоры Таңатқан Түменбаев.

 

 

АРАЛАС МЕКТЕП - ҚАСІРЕТ

 

 

Екі дүркін қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланған Таңатқан Қалибекұлы тағы бір мәселенің шетін шығарып:.
- Орыс тілді мектептердің жағдайы біздерден әлдеқайда жақсы. Мәселен, №31 мектеп 1500 оқушыға лайықталған болса, онда 630 оқушы ғана, №17 мектеп 2100 оқушыға арналса, тиісінше 780 оқушы, №39 мектеп 1800 балалық, онда бар-жоғы 860 оқушы ғана емін-еркін білім алып жатыр. Мемлекеттік тілдің мәселесі көтерілгенде қалалық білім беру бөлімі тығырықтан шығу үшін аралас мектептер ашқан, олардың саны - 14. Ал, аралас мектептердегі қазақ балалары дұрыс білім ала алмайды, тілдері  дүбәра болып қалады. Аралас мектеп - қасірет, - дегенді айтты.
Рас-ау, аралас 14 мектептегі мемлекеттік тілде дәріс алып жатқан балаларды мектепке шақсақ, 7 мектеп қажет екен. Қазақ мектептерінің шалғайлығынан немесе оларға балаларын бере алмай отырған, сондықтан амалсыздың күнінен балаларын орыс мектептерінде оқытып жатқан ата-аналардың сұранысын қосақтар болсақ, Өскеменге ең аз дегенде 20 қазақ мектебі қажет екен. Ал, оны кім береді?
Оның да жолын табуға болатын сынды. Тұрғындардың пікіріне сүйенсек, мәселен, Севастополь және Революционный көшелеріндегі №28, №15 орыс тілді мектептердің біреуін орысшаға, біреуін қазақшаға берсе, болады екен.  Өйткені  орыс балаларының саны аз, екі мектепте оқып жатқандары бір мектеп ғимаратына еркін сыятын көрінеді. . Сол сияқты Аблакеткадағы №14, 13 аралас мектептерді де солай оңтайландыру керек дейді балалары дәретханада отырып дәріс алып жатқан ата-аналар.
P.S. «Біреу тойып, біреу тоңып секірген» заман... Қазақ мектептері аузы-мұрнынан шығып, ақыр соңы дәретхана, жертөлені сынып бөлмесіне айналдырып, жанталасып жатса, «Өскемен» қонақ үйінің қамшылар бүйіріндегі №36 орыс мектебі артық-ауыс бөлмелерін спорт комитетіне, «Секонд-Хенд» сынды сауда орындарына жалға беріп отыр. Қазақ балалары сол ғимараттардың табалдырығын аттаса, босағасы қақырап түспесі анық. Осы бір түйіні жеп-жеңіл шешілер мәселені облыстық білім беру басқармасының бастығы А. В. Гречухин мен оның қалалық басшысы А.А. Кузнецов мырзалар ойланар болса, миларына салмақ түспес еді-ау.

 

 

Әлібек Қаңтарбаев, «Дидар» газеті. Өскемен қаласы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435