Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 8168 15 пікір 12 Тамыз, 2021 сағат 14:06

Орыс тілі - өзгелерге қысым жасаудың құралы

Көрші Ресейдің «ойбай, орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр» деген сылтаумен қоңсы қонған елдерге қоқан-лоққы көрсетуі қалыпты жағдайға айналғалы қашан...

Өздеріне қай жағынан да жақын дейтін Украинаға да кезінде дәл осындай сылтаумен тиісті. Ондағы билік басындағылардың «біздің елде тіл жағынан ешкімге қысым көрсетілмейді» деп, қаншама рет нақты уәж келтіргендігіне қарамастан, ақыры оларды қанға бөктірді. Қырымды алғанымен қоймай, негізінен орыстар қоныстанған Донецк мен Луганск облыстарына іріткі салып, олардың үй ішінде үй тігуіне қолдау жасады.

Әрине, пәле іздеген жанға қашанда сылтау табыла кетеді. Оған кей-кейде өзіміздің шолақ ойлайтын, ештеңенің мәнісіне терең бойламайтын, әпербақан адамдардың өрескел әрекеттері тамызық бола кетеді. Мәселен, жақында көрші Қырғыстанның Бішкек қаласында бір мас жігіттің «SMagik» ойынханасында  кассир орыс қызының оған қырғыз тілінде сөйлемегені үшін қол жұмсағаны тіпті, таптырмас оқиға болды. Содан Құдай сақтасын, Ресейде орыс тілінің қорғаушыларының кезекті дабылы басталды.

Әсіресе, ұлы державалық сырқатқа ұшыраған орыс баспасөзінің құдайы беріп қалды. Тіпті, бұл туралы жоғары деңгейде, Ресейдің заң шығарушы органы - Мемлекеттік Думада да мәселе қозғалды. Қырғыстандағы Ресей елшілігі де ерекше алаңдаушылық танытып, бір қыр көрсетіп қалды. Мұндай даулы мәселені естісе, қышуы қанып қалатын Ресейдің Жириновский секілді шовинистер де дереу атқа қонды. Ерінбестен «орыстілдірге тиісуде» деп, қалың жұртшылықа үндеу тастап, Қырғыз Елшілігінің алдында наразылық акциясын өткізіп, өзіне жұрттың бір назарын аударды. Сондай-ақ, Қырғызстаннан келген жұмысшылардың санын азайтып, екі мемлекет арасындағы экокомикалық байланыстарды әлсіретуге шақырды.

Орыс тілін бүкіл халық болып қолдауға шақырған бұл науқан мұнымен де тоқтамады. Қайта, бұрынғы кеңестік елдердегі орыс тілінің бүгінгі жағдайына деген алаңдаушылықты сылтау еткен арандатушылық одан сайын етек алып кетті. Мұндайда аса белсенділік танытатын орыстың «Лента.ру» секілді порталдары аттанға аттан қосып жатты. Олар жақында ғана «Қазақстанда ұлтшылдар «тіл патрульдерін» ұйымдастырып жатыр» деген мақала жазыпты. Өйткені, біздің елде «Til Maydani онлайн партиясы» порталының бір топ белсенділері дүкендер мен мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінің қалай қолданып жатқандығын тексерген. Сонда қалай, бізде ешкімнің мемлекеттік тілдің жағадайына алаңдауына, оның қалай қолданып жатқандығын зертеп білуге ешбір құқы жоқ па?.. Оны айтасыз, бұл порталдың жазуынша, «орыс тілінің бұл республикада мемлекеттік мәртебеге ие болғандығына қарамастан қазақ ұлтшылдары әдеттегідей дөрекі де сауатсыз әдетімен (орысшасы «хамской и безграмотной манере») орыс тілінде сөйлейтін адамдарды «гастарбайтер» деп атайтын көрінеді. Мінекей, мәселенің мәнісіне бойламай-ақ, өздеріне ұнамаған жандарды мәдениетсіз де дөрекі етіп көрсетуді қалыпты жағдайға балайтын секілді. Ал орыс тілінің біздің елде «мемлекеттік мәртебе алған» деп, сүйкей салуы олардың нақты жағадайдан гөрі армандауы басым екендігін айқын дәлелдесе керек.

Сосын, көршіміздегі ұлы державалық сырқатының барған сайын асқынып бара жатқаны бәрімізді де алаңдатады. Олардың ойынша, барлық жерлерде де орыс тілі аса үстемдік құруы керек. Бітті. Өзге ешбір уәж қабылданбайды. Неге олай болуы тиіс деген сауалға басын ауыртпайды. Баяғы «аға халықтан» қалған ауру. Сірә, бұл созылмалы сырқат жақын уақытта жазыла қоймас. Өйткені олар үшін бір елдің тәуелсіз өмір сүретіндігі, олардың өзінің мемлекеттік тілі болатындығы мүлдем ескерілмейді. Олардағы қоғамдық сана оны мүлдем қабылдамайды да. Әйтпесе, белгілі бір елде өздерінің мемлекеттік тілінің қолдану аясының қаншалықты деңгейде кендігіне көз жіберіп, зерттеу дейтін қалыпты жағдай неге өзге тілге қауіп төндіруі мүмкін? Ол әр елдің ішкі шаруасы емес пе?

Ал жалпы, Ресей баспсөзінің тіл мәселесіне келгенде екіжүзді саясат ұстануы, реті келгенде орыс тілінің құдіреттілігіне бас ию керектігін де еске салып өтеді. Оған мысал, «Russіkimir.Ru» порталының жазуына қарағанда, Ресей ғылым академиясының  тіл білімі инстутының зертеуінен орыс тілі бұрынғы кеңес одағы елдерінде кейінгі кезде қатты бедел алып, күшейіп келе жатқандығы байқалады екен. Ал егер дәл осылай болса, онда неге «орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр» деп байбалам салады? Өйткені мұның бәрі шылғи өтірік. Ал шын мәнінде орыс тілі тек Белоруссияда ғана мемлекеттік мәртебеге ие.  Бізде болса, әлгі «орыс әлемінің» айтуына қарағанда, «латын әрпіне көшуімізге қарамастан орыс тілі ресми мәәртебеге ие болып, қазір ұлт аралық қарым-қатынас құралына айналып, өзгелерге шекесінен қарап тұр» екен. Оған ешбір күмәніміз жоқ. Алайда, «орыс әлемінің» мың өтірігінің бірі - біздің латын әрпіне баяғыда көшіп кеткендігіміз. Орыс әліпбиінен құтыла алмай жатқанымызда, бұл да біз білмейтін «үлкен жаңалық» екен.

Ал енді бұрынғы кеңестік елдердегі орыс тілінің жағдайына оралалық. Біз бұл жерде Балтық жағалауы елдерін тіпті де мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Олардың орыс тілі мен «орыс әлемінен» біржолата құтылғаны қашан... Мәселен, Молдова орыс тілінің «ұлтаралық қатынас тілі» деген мәртебесін алып тастауға жақын. Қырғыздарда ол біздегідей ресми тіл. Әзербайжан, Армения мен Грузияда ол шетел тілі болып саналады. Өзбектер де осынау ұлы тілге қашанда қырын қарайды. Онда орыс тілі тек Ресейге жұмыс істеуге баратындарға ғана үйретіледі. Ал орыстардың аса қимас досы - Арменияда орыс мектебі мүлдем жоқ. Ресейдің осыларға қаһарын төкпей, жалпақ шашейлікке салынуын қалай түсіндік?.. Міне, көршіміздің орыс тілін біреулерге қысым жасаудың құралына айналдырғаны осыдан-ақ, байқалады.

Жайберген Болатов

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443