Дүйсенбі, 22 Желтоқсан 2025
Білгенге маржан 247 0 пікір 22 Желтоқсан, 2025 сағат 14:08

Бауыржан Момышұлы Сібірде Мағжанды көрген бе?

Сурет: halyqline.kz сайтынан алынды.

Бауыржан Момышұлының 1948 жылы Сібірде Мағжан Жұмабаевты көргеніне Сіз сенесіз бе? Мен сенем. Өйткені Жұмабек Тәшенов шақыртқанда Баукең мұны өз аузымен айтқан. «Наркескен» хикаятымда хас батырлардың кездесуін Баукеңнің күнделігіне сүйеніп жаздым. Ерінбесеңіз, оқып көріңіз!

Тәшенов енді бұдан да маңызды әңгіме бар дегендей Баукеңе ойлы жүзімен барлай қарап, Солтүстік Қазақстанның Бейнетқор ауданында істеген кезін ойша есіне алды. Бұл қазақтың маңдайына біткен сұрапыл ақын Мағжан Жұмабаевтың туып-өскен жері болатын. Сонда істеген үш жылдың ішінде Жұмабек Ахметұлы сырмінез азаматтардан Мағжан туралы талай-талай әңгімеге қаныққан. «КПСС тарихы» деген қалың мұқабамен қапталған, латынша кітаптың ішіне жымдастырыла тігілген беттерден айтулы ақынның өлеңдерін де оқыған. Енді сол аяулы азаматтың атылып кетті дегеннен кейінгі бір сыбысын естіп, Баукеңнен соның анық-қанығын сұрады. Батыр да Жұмекеңе барлай қарады. Іле-шала шұғыл шешім қабылдағандай:

–  Секретке қалай едіңіз?– деп сұрады амалсыз.

Намыс найзағайы осып өткендей Жұмекеңнің көзі жарқ етті.

–  Сатқындықты суқаным сүймейді!

–  Ә-ә, онда бопты, мен көзіммен көргенімді ғана баяндайын. Сену-сенбеу – өз еркіңізде.

–  Жақсы, Бауке. Сізге сенбей, кімге сенеміз!? Құлағым сізде.

Бауыржан Момышұлының қабағы қарс жабылып, тұңғиық мұңға батқандай күйге енді. Сұңғыла жан осыдан он шақты жылдай бұрынғы оқиғаны есіне түсіріп, ойын жинақтап, сөзін жұптағандай недәуір үнсіз отырды да, күмбірлеген қоңыр даусымен тебірене сөйлеп кетті.

– 1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командиріне орынбасар болып тағайындалдым. Тұрған жеріміз – Магадан облысы Сусуман ауданы еді. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері көзге оғаштау, әсілі сотталғандар болса керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Түр-әлпетіне қарасам, қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ерін ұшымен ғана қабылдап, түріме одырая қарады да, үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп, ойымды жинап үлгергенше, әлгі кісі теріс қарап отырған күйі:

–  Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді,– деді таза қазақша. Сол кезде барып менің есіме заманынан асып туған Мағжан ақын түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп:

–  Жігітім, бізді қоғам алапестей аластап, итжеккенге айдаған. Ендеше сенің де жұғысуың бекер, маған жолаушы болма. Зияным тиіп кетеді!– деп ескертті. Сөйлегенде кісіге тік қарамай, мойнын бір жағына бұрып, қырындау отырады екен. Қанша тырысып үнін қатқыл шығарғысы келгенімен, тумысынан даусы биязы, мінезі жұмсақ екені байқалып қалды.

Не айтпағы бесенеден белгілі еді. «Ертеңгі күнінен үміті бар адам біздейлердің өлеңін де оқымас, маңына да жоламас болар! Нең бар менде? Қараптан-қарап күйіп кетесің, нақақтан күйесің» дегені ғой. Өзінің халі қыл үстінде тұрып, бостандықта жүрген менен көмек сұрағанның орнына қайта маған жаны ашып отыр. Жүрегі аттың басындай, кең пейіл, дархан көңілді,  абзал азамат-ай!.. Нағыз ер мінезді, ізгі жүректі жанның қылығы ғой. «Маңыма жолама! Нақақтан күйесің...» Теріс айналып кете беруге дәтім шыдамады. Енді оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екеніне әбден көзім жетіп, шамам келсе көмектескім келіп:

–  Бәлкім, бір септігім тиіп қалар, Мағжан аға! Қандай көмек керек!– дедім тамағыма өксік тығылғанын сездірмей.

–  Көмек деймісің!? Қапелімде не дейін?! Шамаң келсе, мені елге жеткіз! Әрине, ең әуелі өзіңе зияным тиіп кетпеуін ойла,– деді.

–  Жақсы, дегеніңіз болсын! Мен он шақты күннің ішінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болыңыз,– дедім де кете бардым. Баяғыда бір данышпанның «Құдайдың ішек-сілесін қатырғың келсе, жоспарыңды жайып сал!» деген әзіл-шыны аралас ескертпесін оқып едім. Айна-қатесіз, дәл айтыпты. Күні бұрын кесіп-пішіп  айтуға бола ма?! Әскери темір тәртіп те сенің ойыңа келгенді істеп, илеуіңе көне бере ме?! Мен сол сәтте оған қайтсем де көмектесем деп, тас түйін бекіген болатынмын. Алайда, іссапарға аттанып кетіп, келіскен уақытта үлгеріп келе алмадым. Уағдаласқан мерзімнен он күндей кешігіп келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғанын айтты...

Батыр терең күрсінді. Адамзат тарихындағы теңдесі жоқ қанды қасапта жан баласының ойына келмеген шұғыл шешім қабылдап, сан рет қоршауды жарып шығып, әлемдік әскери өнерге жаңалық енгізген Бауыржан Момышұлы қазақтың маңдайына біткен марқасқа Мағжан ақынын құтқара алмағанына өзін кінәлі жандай сезініп, қапаланып отыр.

–  Қапаланбаңыз, Бауке! Айдауда жүрген «халық жауын» босатып алу, елге жеткізу ойыншық па екен?! Кешегі көсем Сталин жолдастың өзі туған ұлына көмектесе алмаған. Яков Джугашвили мен Юлия Мельцердің тағдырын менен гөрі Сіз жақсы білесіз ғой,– деп жұбатты Жұмекең.

...Қос сайыпқыран одан арғысын үнсіз ғана ұғысып, іштен тынды. Көп ұзамай Тәшенов ол кезде жұрт атын атаудың өзінен өлердей қорқатын Мағжан Жұмабаевтың жесірі Зылиқаға Алматыдан баспана бергізді. «Ойбай, өйтуге болмайды ғой, «ұлтшыл» деген айып тағып, құртып жібереді!» деп, сақтандырғысы келгендерге қайсар азамат: «Құртса құртсын, Алаштың арыстарынан жаным артық па?! Маған «ұлтшыл» деп айып тағатындарға түкірдім» деп, кесіп тастады.

Әбділдабек Салықбай

Abai.kz

0 пікір