Сейсенбі, 23 Желтоқсан 2025
Қоғам 229 0 пікір 23 Желтоқсан, 2025 сағат 13:33

Ұлттық идеология деген не?

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Қай заманда, қай қоғамда болсын ұлтты ұйыстырып, елді бір мақсатқа жұмылдыратын, мемлекет дамуының ішкі өзегіне айналатын ұлы күш бар. Ол – ұлттық идеология.

Бұл ұғым кейде саясатпен ғана байланыстырылып, ресми құжаттар мен мінберлердің шеңберінде қалып қояды. Алайда ұлттық идеология – тек билікке немесе бір кезеңге тән түсінік емес. Ол – халықтың тарихи жадынан, рухани болмысынан, дүниетанымынан бастау алатын, ұлттың өмір сүру философиясы.

Ұлттық идеология дегеніміз – әр халықтың өзін-өзі тануы, кім екенін, қайдан шыққанын, қайда бара жатқанын айқындайтын идеялар жүйесі. Ол ұлттың ортақ құндылықтарын, мақсат-мүддесін, арман-аңсарын біріктіреді. Ұлттық идеологиясы берік ел өз болашағына сенімді қадам басады, ал идеологиялық өзегі әлсіз қоғам сыртқы ықпалға тез беріледі.

Тарихқа көз жүгіртсек, ұлттық идеологиясыз мемлекет болмаған. Көне түркі қағанатынан бастап, Қазақ хандығына дейінгі дәуірде елдің тұтастығын сақтаған басты күш – ортақ рух пен ортақ мұрат еді. «Мәңгі ел» идеясы, жерді қорғау, елді сақтау, ұрпаққа аманат ету сияқты ұстанымдар сол заманның ұлттық идеологиясының өзегі болды. Ол жазылған заңнан емес, халықтың жүрегіне сіңген сенімнен тұрды.

Қазақ қоғамында ұлттық идеология ұрпақтан-ұрпаққа ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып арқылы берілді. Асан Қайғының жерұйықты іздеуі, Бұқар жыраудың ел бірлігі туралы толғаулары, Абылай хан дәуіріндегі азаттық рух – барлығы ұлттық идеяның көрінісі. Бұл идеология халықты қиын кезеңдерде біріктіріп, ел ретінде сақтап қалды.

Алайда отаршылдық дәуірде ұлттық идеология әлсірей бастады. Тіл, дін, дәстүр екінші қатарға ығыстырылып, халықтың тарихи санасына соққы жасалды. Кеңестік кезеңде ұлттық идеяның орнына интернационализм ұраны қойылды. Кейбір деңгейде қоғамды біріктіргенімен, ұлттық болмысты көмескілендірді. Тәуелсіздік алған соң ғана ұлттық идеология проблемасы қайта күн тәртібіне шықты.

Тәуелсіз Қазақстан үшін ұлттық идеология – жай ұран емес, мемлекеттік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізі. Жаһандану дәуірінде әр ел өзін сақтап қалу үшін алдымен рухани тұтастығын нығайтуы керек. Экономика мен технология дамығанымен, егер халықтың санасы бөлшектенсе, елдің іргесі сөгіледі. Сондықтан ұлттық идеология – тек мәдени тұрғыда демейік, стратегиялық жағдай.

Ұлттық идеологияның басты тіректері – тіл, тарих, дәстүр, дін және ортақ құндылықтар. Ана тілі – ұлттың жаны. Тіл жоғалса, ұлттың ойлау жүйесі де өзгереді. Сондықтан мемлекеттік тілдің қоғамдағы нақты орны мен мәртебесі ұлттық идеологияның өзегінде тұруы тиіс. Бұл өзге тілдерді шектеу емес, өз тіліңді құрметтеу, өз үйіңде өзіңнің иесі екеніңді сезіну.

Тарих та ұлттық идеологияның маңызды бөлігі. Өз тарихын білмеген халық болашағын дұрыс құра алмайды. Тарих – тек өткеннің шежіресі демейік, ол – сабақ. Ұлттық тарихты бұрмалаусыз, өз көзқарасымызбен тану ұлттың өзін-өзі сыйлауына жол ашады. Өкінішке қарай, кейде өз тарихымызға өзгенің өлшемімен қарап, өз батырларымызды өзіміз төмендететін жағдайлар кездеседі. Бұл – ұлттық сананың әлсіздігінің белгісі.

Дәстүр мен әдет-ғұрып та ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі. Қазақы тәрбиенің негізінде үлкенге құрмет, кішіге ізет, ұят, обал-сауап, намыс сияқты ұғымдар жатыр. Бұлар – қоғамды іштен реттеп тұратын моральдық тетіктер. Егер осы құндылықтар жойылса, заң қанша қатал болса да, қоғамда тәртіп орнамайды.

Ұлттық идеологияны қалыптастыруда білім мен ақпараттың рөлі ерекше. Мектеп пен жоғары оқу орындарында тек пәндік білім ғана емес, ұлттық сана, отаншылдық, жауапкершілік тәрбиеленуі керек. Ал бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ұлттық мүддеге сай мазмұн жоғары болуы тиіс. Өзге мәдениетке еліктеуден бұрын, өз құндылықтарымызды заманауи түрде ұсыну – уақыт талабы.

Ол өзге халықтарды жоққа шығару емес, өзіңді тану арқылы өзгелермен тең сөйлесу. Нағыз ұлттық идеологиясы бар ел ғана әлемдік кеңістікте өз орнын табады. Өзін құрметтеген ұлтты өзгелер де құрметтейді.

Қорыта айтқанда, ұлттық идеология – ұлттың рухани қазығы. Ол жоқ жерде тұрақты даму, ұзақ мерзімді болашақ туралы айту қиын. Ұлттық идеологияны қалыптастыру бір күннің немесе бір мекеменің жұмысы демейік. Бұл – мемлекет, қоғам және әр азаматтың ортақ міндеті. Әркім өз тілін құрметтеп, өз тарихын танып, өз дәстүрін бағалаған кезде ғана ұлттық идеология өміршең болады. Сонда ғана біз өткеннен сабақ алып, бүгінді тұрақты етіп, келешекке нық қадам жасай аламыз.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір