Дипломат журналист
Бұйрабас бала
«Абитуриент-88»-де КазГУ-дің журфагына жан-жақтан жиналған қияли қасқалардың қарасы қалың еді. Көпшілігі – өзіміз сияқты ауылдан алып-ұшып, жалын құшып жетіп, аптығын баса алмай жүрген ақауыздар. Оларға араласып кете алмай, шеткеректе қылмиып қана тұратын қалалық бес-алты қыз бен жігіт бар. Тағдырлары тар қақпаның аузында тоғысқан екі бөлек әлемнің тұрғындарына ұқсайтын болармыз, әйтеуір әзірге біздің қуғынбай қойыртпағымыз оларға, олардың ақылды сыбыр-күбірі бізге қызық емес.
Дегенмен, сол топтың ішінен арықша келген, орта бойлы, аққұба өңді Бекжан Әліқұлов деген бұйрабас бала осы «екі әлемнің» ортасына бірден-ақ алтын көпір орнатты. Кең пішімді аппақ көйлегіне қылдай қара галстугі жарасқан ол торкөзді қарасұр пиджагын сұқ саусағымен сол иығына ілген қалпы ара-тұра жанымызға маң-маң басып келеді. Келеді де, сұсты да «серьезный» түрімен түксиіп тұрып, танымдық «ликбез» өткізіп кетеді бізге. Осылайша тірлігі қыж-қыж қайнап жататын қала өмірінің көлденең көзге көріне бермейтін көмескі «құпиялары» мен небір қулық-сұмдығына көкірек-көзімізді алғаш рет айқара ашып еді сабазың.
Кейіннен, танысып-білісе келгенде, сабазымыздың түксиген түрінен түгі де қалмады. Сұсты етіп, сазартып алатын сықпыты да соншалықты бір «серьезный болмай» шықты. Аңқылдаған ақкөңіл де адал досымызға айналған ол жатыпатарлықтың жамбасын жапырып, әзілдің әкесін танытып, қалжыңның қалпағын қайырып жіберетін нағыз жайдарман, ал енді реті келіп қалса... қарсыласының жағын айырып жіберетін нағыз майталман болып шықты. Бұл ретте оның қапысын тауып айтқан қағытпалары мен басынан кешкен «ерлікке» толы хикаяларын тізе берсең, талай томға жүк болары анық.
Ауыл мен Алматының арасында
Бертін білгеніміздей, ауылдан келгендерге Бекебай досымыздың бүйрегі ерекше бұрып тұратыны тегін емес екен. Жастай отау құрған елімізге белгілі биолог ғалым Зерекбай Әліқұлов ағамыз бен ағылшын тілінің маманы Ғайни Керімбайқызы апамыздың әлі студент шағында төрт баланың тұңғышы болып, Жамбыл облысының Жуалы ауданында батыр атамыз Бауыржан Момышұлының ауылында дүниеге келген ол Алматыдай алып шаһарда ержетсе де, біраз жыл бойы ауыл мектебінде оқып, Уәйда әжесінің тәрбиесін көріпті.
Ертеректе дүние салған Әліқұл атасы болса өз заманында жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыздың әкесімен үзеңгілес жүрген адам болған екен. Атасын көрмесе де, Уәйда әжесінің өзін қалай еркелеткені де, әңгімелеп беретін ескі аңыз-ертегілері де, бертінге шейін Мұртазаның кемпірі Айша әжемен есік алдында емен-жарқын шүйіркелесіп отырып, түтіні будақтаған ып-ыстық самаурыннан шәй ішетіндері де – бәрі-бәрі бала Бекеңнің жадында жатталып қалған...
Кейіннен КазГУ-дегі оқуымыздың екінші жылында қаладағы жайлы пәтерде тұратын Бекжанның, біз деген барудан қашатын, барсақ та жатақханадан орын алу үшін амалдың жоқтығынан ғана баратын Қостанай жеріндегі қара суықта картоп жинайтын «сельхозкаға» өз еркімен барып, «өмір көріп» қайтқаны да оның ауыл тұрмысының жанына жақындығынан, бәлкім, ауылға деген балалық сағынышынан болар.
Ал алғашқыда-ақ ауылдықтар мен қалалықтардың арасына алтын көпір болған оның кейіннен ел мен елді елдестіріп, арасын жіпсіз жалғайтын білдей бір белді дипломат болып кетерін қайдан біліппіз.
Журналист жолы
Десек те, оқушы кезінен-ақ «Қазақстан пионері» арқылы жазу-сызуға қаламы төселген оның прозалық шағын туындылары алғашқы курстан бастап «Өркен» газеті, «Арай» журналы сияқты жастар басылымдарының бетін құрғатпай шығып жататын. Сол шақтарда шығармаларының шұрайлы тілі қалың оқырманды тұшындыра тамсандырса, үнемі басылым бетінен түспейтін қой көзді бұйрабас автордың бұла бейнесі талай-талай қыз-қырқынның көзін арбап, таңдайын қақтырғаны анық.
Университеттен кейін «Алматы ақшамы» газетінде еңбек жолын бастап, «Парасат» журналы сынды республикалық беделді басылымда жемісті қызмет атқарып, сондай-ақ қазақтың әуе толқынындағы үні – Қазақ радиосының ұжымымен бірге жаңа астана Ақмолаға алғашқы көштің құрамында қоныс аударған жылдары да Бекеңнің кәсіби деңгейін шыңдап, шығармашылық шабытын шарықтата түскен.
Алайда, қандай саланы болмасын жатырқауды білмейтін журналистің жүрмейтін жері бар ма? Жаңа ғасырдың басында жаңа астанадағы жаңа уақыттың жаңа сұранысына сай буырқана басталған жаңа өмірдің асау ағыны Бекеңді жаңа – мемлекеттік қызмет саласының жаңа жағалауынан бір-ақ шығарды.
Елдестірмек – елшіден
Сөйтіп, мемлекеттік қызметтің алғашқы сатысын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Аппаратының үшінші хатшысы болып бастап кетті. Одан беріде Еуразия ұлттық университетінде білімін құқықтанушы мамандығымен толықтырып, Дипломатиялық академияда біліктілігін арттырып үлгерген ол аталмыш министрлікте ширек ғасырға жуық уақыт бойы табан аудармастан қызмет етіп келеді. Қызмет сатысына сәйкес лауазымы өсе отырып, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшілігінде, сондай-ақ Ресейдің Астрахань қаласындағы Қазақстанның консулдығында бірнеше жыл қатарынан жауапты қызметтер атқарып, елдерді елдестіру ісіне өзінің қомақты үлесін қосып жүрген нағыз кәсіби дипломат деңгейіне көтерілді.
Бүгінде І сыныпты кеңесші деген дипломатиялық дәрежеге көтерілген ол осы министрліктің Шетелдік аппарат және халықаралық ұйымдар басқармасын басқарып отыр. Қайсыбірін айтайын, дегенмен, еліміздің шет мемлекеттермен халықаралық байланысының нығаюына сіңірген еңбегі үшін алған өңіріне тақса – кеудесі толатын, кабинетіне ілсе – қабырғасы көрінбей қалатын марапаттары да жетерлік.
Бақ пен Бас
Десе де, «басты байлығым – отбасым» деп санайтын Бекеңнің «әйелдердің барлығы менің Шолпаным сияқты сырбаз да шаруақор болса, ойланбастан екі-үшеуін алып қояр едім» деп қалжыңдайтын ақылына көркі сай жары екеуі мәпелеп өсіріп отырған Айдана мен Ақнұр атты ару қыздарының бірі бүгінде мақтаулы магистрант, екіншісі озат студент атанып, Бекеңнің қырықтан асқанда «өз аузынан түсе қалған» кенжесі Ясмина ата-анасын бастауыш сыныптағы жетістіктерімен қуантуда.
Осылайша, жетістікке толы жылдар жылжып өтіп жатыр. Аллаға шүкір, бүгінде Бекебайдың төрт құбыласы түгел, отбасы да өсіп-өніп жатыр. Қызметі де өсті, әріптестері мен дос-жарандары алдындағы абыройы мен беделі де өсті, салмағы да жайлап өсіп, центнерге жуықтаған жайы бар.
Тек, өкінішке орай, өспей қалған бір-ақ нәрсе бар Бекеңде. Ол – баяғы бұйра шашы. Көз тиді ме, сөз тиді ме, әйтеуір селдіреп-сиреп барып, көзден ғайып болып, басы айнадай жылтырап қалғанына біраз жылдың жүзі болды. Өзі айтпақшы, пәленбай жыл көрмеген танысы таңданысын жасыра алмай: «Бек, а где твои кучерявые волосы?! Ты совсем босяком стал...» – деп күйдіргені аздай, бірде Бекең басының әр тұсынан қылтиып шыға қалатын қыл-қыбырды түбірімен тақырлатып тастауға салонға барса, шаштараз қыз беті былқ етпестен: «Как будем стричься?» – деп сұрайтын көрінеді. Әдемі әзілі әрдайым әзір тұратын Бекебай да саспастан: «А что, есть варианты?» – депті.
Шаштың түскенін бастың піскеніне балайтын халқымыздың «Аман болса алтын басым, әлі шығар талай шашым» дейтініндей, ең бастысы – бақ келіп қонатын басың аман болсын, бауырың бүтін болсын, Бекебай бауырым. Есігіңен енген ердің жасы – елуің баянды болып, бақ-берекеңді еселесін!
Серікқали Мұқашев
Abai.kz