Бейжіңде қазақ радиосын құрған қазақ...
- Сағат Жайпақұлы, әңгімені өзіңіз туып-өскен өлкеден бастасаңыз?
- Мен 1935 жылы маусымның 15-жұлдызында Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Күнес ауданының Шақпы жайлауында Бөгенбайдың бесінші әулеті Қабылбайдың ұрпағы Қартайдың ұлы Жайпақ зәңгінің отбасында дүниеге келдім. Шақпыдан басталып, шапқылаған өмір жолым да, әне сол сайын сахара секілді өрлі-қырлы болды. 1942 жылы қыркүйектен 1944 жылы маусымға дейін Досымбек Баймұратұлы салдырған Шапқы іші Бөлгенсай бастауыш мектебінің үшінші сыныбына дейін оқыдым. Отбасы жағдайына байланысты оқуымды жалғастыра алмай қалдым. Содан 1945 жылы мамырдан 1947 жылға дейін байдың малын бақтым. Үш аймақ (Іле, Алтай, Тарбағатай) азат болған 1946 жылдан кейін, Іле аймағы Күнес ауданынның орталығы Бестөбеде орталау мектеп ашылды. Осы мектепке, әл-ауқаты төмен кедей балаларынан қырық неше баланы үкімет қаржысымен жатақта жатқызып, оқытты. Мен де үкіметтің осы қамқорлығына ілігіп 1947 жылы қыркүйектен 1951 жылы маусым айына дейін толықсызды осы арададан үздік бітірдім де, сол жылы Шынжаң өлкелік биюро кадрлар мектебінің үшінші кезекті оқуына емтихан беріп қабылданып кеттім. Үрімжіде бір жылдан артық биюро мекемесінде оқып бітіргеннен кейін, 1952 жылы қазан айында «Шынжаң газеті» мекемесіне жолдамамен қызметке тұрдым. Он жеті жасымда ақпарат кәсібінің табалдырығын осылай аттаған мен бұл мекемеде жаңа келгендер өтетін алғашқы өткелде көшірмеші, корректор, қаламақы есептеу, хабар-мақала тіркеу сияқты ұсақ-түйек істердің ырқына көніп, ығына жүгірдім.
- Дейтұрғанмен, арнаулы ақпарат мамандығын алмаған он жеті жастағы боз жігітке бұл кәсіп алғашында қиын болған шығар?
- Әрине, қиын болды. Бірақ, өзіме тиесілі міндеттерді орындай жүріп, редакторларға еліктеп мақала өңдеуге, мақала жазуға талпындым. Талпынысым табысқа жеткізді. Сол кезде қаламы төселген журналист, қазақ тілі газетінің бас редакторы Қали Ысқақұлы, редакция бөлімінің меңгерушісі Бұлантай Досжанин, бір беттің жауапты редакторы Рақыметолла Әпшеұлы сияқты ақын-жазушы, редактор ағалардың назарына іліндім. Бір жолы бас редактор Қали Ысқақұлы мен өңдеген бір мақаланы бүкіл редакция (ханзу, ұйғыр, моңғол тілінедегі) бойынша ашылған жиналыста үлгі ретінде оқып мадақтады. Осыдан шабыт алсам керек, мен журналистика мамандығын игеруге барған сайын ұмтыла бердім. Бос уақытымда ханзу тілі мен фото сурет түсірді үйренетінмін. Ол кезде редакцияда адам аз, газет редакторларға мұқтаж еді. Небәрі екі жыл ішінде корректорлықты игеріп болып, редакция бөліміне ауыстым. Содан көп өтпей газеттің бір бетінің жауапты редакторы болып шыға келдім. 1962 жылға дейін «Шыңжаң газеті» қазақ редакциясында редактор, тілші, фото тілші болып қызмет жасадым.
- Кейін қандай жұмыс істедіңіз?
- 1962 жылы Шыңжаң партия комитеті қазақ тілінде «Ячика тұрмысы» журналын шығаруды белгіледі. Мен осы журналда сегіз жыл бойы қазақ редакция бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жүргіздім.
- Сіз Бежіңдегі Орталық халық родио станцясының қазақ бөліміне қалай бардыңыз?
- Мәдениет зор төңкерісінің аласапыраны арнаға түсе бастаған кезде «7-мамыр кадрлар мектебіне» барып шынығу деген науқан басталды. Бұған әуелі Шыңжаң автономиялы райондық партия-үкімет саласындағы кадрлар баратын болды. Мен де солармен бірге автономиялы район жағынан Құтыби ауданында құрылған «7-мамыр кадрлар мектебіне» бардым. Бір күні там сылауға бір қырман лай жасап болып, кешкі тамаққа бара жатқан жолымда біреу мені алыстан қол бұлғап шақырып:
- Үй, Сағат, қайда жүрсің? Мектеп директоры сені көп іздеп кетті, шұғыл шаруасы бар көрінеді, – деп менің қол-аяғымды жерге тигізбей ертіп кетті. Мен сол кісінің айтқаны бойынша «7-мамыр кадрлар мектебінің» директоры болып тұрған Шыңжаң автономиялы райондық партия комитеті үгіт бөлімінің бастығы Фууын мырзаның кеңсесіне бардым. Ол көрген жерден маған жігі-жапар болып:
- Сен дереу сүт фермасының кеңсесіне бар, сол жерде Орталықтан келген екі адам сені тосып отыр, – деді. Үсті-басым лай-батпақ, киім ауыстыруға үлгірмеген мен желе жортып сүт фермасының кеңсесіне барсам, онда шынымен екі адам отыр екен. Бірі – әскери адам, енді бірі – жай кадр. Олар мені көрген жерден аты-жөнімді сұрап, отбасы жағдайымды ұғысты. Одан соң шапаграфпен өшкіндеу басылған бір мақаланы сомкасынан алып шығып:
- Осында отырып мына мақаланы аудар, – деп менің қолыма ұстатты. Мен мақаланы қолыма алдым да, бас-аяғын бір шолып өттім. Бақсам, Шыңжаң әскри бөлімінің дала жаттығуын өткізгендігі туралы әдеби хабар көрінеді. Ұзын ырғағы белгілі болғанымен ішінара әріптері маған жат сезілді. Басқа түссе баспақшыл демекші, тәржымылауға кірістім. Менің әдетім жазу жазғанда қаламды ұзындау ұстап тез жазамын. Бұл жолы тіпті кідірмей тез аударуға ұмтылдым. Мақаланың аяғына таяп қалғанда:
- Болды, осы араға дейін аудар, – деді де аударған мақаланы жиыстырып алып жатып ол:
- Хабар бізден болсын, Үрімжіде арнаулы емтихан тексеретін комиссия бар, мына қағазды соларға береміз, төрелік солардан болады. Егер емтиханнан өтіп жатсаң, Бейжіңге барып Орталық халық радиостанциясының қазақ тілінде ашылатын радиода істейсің. Ал емтиханнан өтпесең, өз орныңда боласың, – деді маған мән-жәйді түсіндірді.
- Кейін олардан қандай хабар алдыңыз?
- Арада екі ай өткен соң бір күні тағы біреу маған келіп:
- Баталион бастығы сені шақырып жатыр, – деді. Мен тізгін ұшымен кеттім. Әскери салт бойынша батолион бастығына сәлем бердім. Ол кісі қабылдап ишарат білдіргеннен кейін:
- Сен Бейжіңге ауысатын болдың, шақыртуың келді, тез дайындал. Сені машинамен Үрімжіге апарып қояды. Үшкіннен қалмай Бейжіңге жол тартасың, поиез белетін де алып қойыпты, – деп сөзін келте қайырды.
- Сіз бұл бұйрыққа бірден келісім бердіңіз бе?
- Мен де «мақұлдан» басқа бөтен пікір болсын ба?! Дереу жүгімді арқалап жолға шықтым. Үйге келесап Бейжіңге ауысатын мән-жәйды баяндадым, тіпті тездетіп жолға шығатынымды айттым. Бастабында мақұл болғанымен үйге келген соң ойланатын бірталай шаруалар бар еді. Балалар жас, жалғыз әйел адам қайсысына үлгіреді. Бұл тұрғыдан ойланғанда жылы орнымнан қозғалмағаным абзал еді. Бірақ амал жоқ, енді толғануға, бекімді өзгертуге келмейді, тым кеш. Ақыры ұйымның белгілемесіне мойын ұсындым. Одан бұрын Бейжіңге ауысамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Мені дәм-ырыздық солай жетеледі. Қызметтің қажеті ғой десем де, тұла бойымды қуаныш та, қобалжу да алма-кезек биледі. Қауанатыным, Бейжің миллияд елдің астанасы, жүрек біткен астана деп соғады. Білім, мәдениет ордасы, ол арада жұмыс жасау әрине, мен секілді қазақ баласы үшін даңқты. Ал қобалжығаным, елден алыс жерге кетіп барам, отбасым қалып барады. Үй-ішімді ауыстырып бере ала ма, жоқ айта салған сөз бе, балалар әлі жас дегенді ойлайсың...
- Бұл сіздің Бейжіңге тұңғыш рет баруыз ба еді?
- Үрімжі мен Бейжің аралығындағы поиыз жолы маған онша жат емес еді. Бірқанша жылдың алдында Бейжіңге екі рет барғанмын. Бірі – 1961 жылы, енді бірі – 1968 жылы еді. Бұл екі реткі сапарым менің өмірімде ұмытылмайтын із қалдырған сапар болды. Осы екі ретте де «Мау Зыдұң шығармаларын аудару, қарау, бекіту» тобындағыларымен бірге барып, Бижіңде бір жылдан көбірек уақыт тұрғанмын. Әрине, Бейжіңге бару, Бейжіңде жұмыс істеу бір адамның саяси өміріндегі көп адамға бұйыра бермейтін қуанышты іс. Ақыры аңсаған астанаға да келіп жеттім. Бұл 1969 жылы қарашаның соңғы кезі еді. Сөйтіп, Орталық халық радио станциясындағы 15 жылдық өмір жолым міне, осылай басталған. Астанамыз Бейжіңдегі қазақ радиосы 1971 жылы 1-ші мамырында құрылды. Мен осы радиода табаны күректей 15 жыл жауапты болып, ұжымды басқардым.
- Ұжымда неше адам жұмыс жасадыңыздар?
- Біздің ұжымда бес ұлттан құрылған 18 адам болып, бір-бірінен үйреніп, бірінің артықшылығымен бірінің олқылығын толтырып отыратын. Олар төңіректің төрт бұрышынан түрлі кәсіптен, түрлі мамандықтан келген болсада қысқа уақыттың ішінде өз ара шүйіркілесіп қызметті барлық ынта-пейлімен беріле істеді. Жубаучуан (ұлты ханзу) мырза менің орынбасарым болды. Екеуіміміз бөлімнің қызметінен шашау шығармауға ұмтылдық. Береке-бейіміміз жақсы болғандықтан партия мен халық тапсырған міндетті шамаша шарқымызша орындадық.
- Сонда радиода қазақтан басқа ұлттар да жұмыс жасаған болды ғой?
- Шыны керек, ол кезде бір ұжымда түгел қазақтың жұмыс жасауы мүмкіндік емес еді. Қазақтың көптеген ұлт зиялылары «ұлтшыл» деген қоңырау тағылып шеттетіліп, алды сотталған заман еді. Менің де жағдайым мәз емес тұғын. Байқаймын, Үрімжіден ат арытып мені іздеп келгеніне қарағанда, сол кезде олар менен басқа жібі түзу адам таппаған көрінеді. Қазақ радиосында жұмыс жасаған ханзу, ұйғыр, моңғол және дүңген ұлтының бәрі қазақ тілін жақсы білетін.
- Сізге бұл жұмысты басқару оңайға түспеген шығар?
- Жасырары жоқ, әрқандай іс бірден сәтті бола бермейді. Радио эферге шыққан тұс Мәдениет зор төңкерісінің құрсауы қол-аяғымызды босатпай, бір мезгіл кібіртіктеп қалдық. Ылғи аударма материал беруден аса алмадық. Жерлік қазақ авторлардың шығармасын берге мүмкіндігіміз болмады. Өзімізден тілші шықпады. Сонымен, «олай тартсың өгіз өлетін, бұлай тартсаң арба сынатын» тұйыққа тірелдік. Сүйтіп жүргенде бағымызға жарай қоғамдық жағдайда кенет өзгеріс бола бастады. Партия орталық комитетінің көрегендігімен «Төрттік төбе» дейтін алапат биліктен аластатылды. Бұған бүкіл ел халқы қуанды. Бұрынғы қат-қабат ресмиет-кедергілер алынды. «Гүл біткен жайнады, тіл біткен сайрады». Реформа мен сыртқа есік ашудың алғашқы үрдісі басталды. Бұрынғыдай емес, өз алдымызға тілшілік істеуге, ақын-жазушы мен өнер адамдарынан сұхбат өткізуге мүмкіндік алдық.
- Осы мүмкіндікті сіздер ең алдымен неден бастадыңыздар?
- 1980 жылы шілде айында Күнгей Мұқажанұлы, Мақатан Шәріпқанұлы, Жақып Мырзақанұлы қатарлы жазушылар Бейжіңге мәжіліске келді. Біз оларды әдебиет туралы шолу жазуға ұсыныс еттік. Бұл үш қаламгер ақылдаса келіп «Көркейу жолындағы қазақ әдебиеті» деген тақырыпта әдеби шолу жазды. Шолу сол жылы шілденің 5-ші жұлдызы радиода оқылды. Жыйырма неше жыл аты өшіп, із-тозсыз кеткен аға буын жазушылардан 30 неше кісінің аты аталып, атағы әйгіленді. Осы әдеби шолу жарияланғаннан кейін қалың тыңдарман қауымды, өте-мөте өнер адамдарын қуанышқа бөлеп, үмітке жебегендігі ауыздан-ауызға аңыз болып тарады. Тыңдармандар редакциямызға хат жазып, алғыс айтып марапаттады. Бірінші болып ақын, қоғам қайраткері Құрманәлі Оспанұлы хат жазды. Ол кісі шолуды естігенін айтып қана қоймай, өзгелердің де жақсы лебізін жеткізе келіп: «Шолудың құрылымы, мазмұны, тіл көркемдігі жағынан тұжырымды, көкейге қонымды, шындық шымыр бейнелеген» деген еді хатында.
- Демек, осыдан кейін ұлттық әдебиет пен ұлттық өнерді насихаттаудың мүмкіндігі туылған болды ғой?
- Әрине, ол дәуір бүгінгеден басқаша, әдебиет-көркемөнеріміз әлі де құлашын кең жайа қоймаған кез болатын. «Су бастан тұныйды» демекші, Орталық халық радио станциясында істеудің арқасында саясаттағы беталыстың өзгеруін дер кезінде игеріп, тиімді орайды қолдан бермедік. Қазақ радиосының, әсіресе әдебиет пен көркемөнердің сапасын жоғарлатуға батылдықпен кірістік. Біз үшін 1970 жылдардың соңы мен 1980 жылдардың басы қазақ радиосының алтын дәуірі есептеледі. Бұл жылдары біз бөлім атынан қазақтың ән-күйлерін көбейту туралы билікке доклат жаздық. Доклатымыз көп өтпей бекітілді. Сонымен 1979 жылы «Төрттік төбе» талқандалып, заман жақсара бастаған тұста Орталық халық радио станциясы мен Шыңжаң халық радио станциясы бірлесіп, Күйтің қаласында бас қосып, үш аймақтың ән-би үйірмесінен 70-80 адам шақырып, екі айға жуық уақытта 100-ден астам ән-күйді таспаға жазып алдық. Бұған Орталық халық радио станциясының қазақ бөлімінен Мұқамет екеуіміз барған едік. Бұл рет жазып алынған ән-күйлер радионы шыт жаңа бейнеге енгізді. Осы ән-күйлердің бірталайы күні бүгінге дейін беріліп келеді.
Іс мұнымен тынбады, жақсы заман бізді онан ары құлшынуға жебеді. Қазақтың халық әнін радиода бергенді қойып, дастарқан басында айтуға да шек қойылған заман болды ғой. Егер кімде-кім халық әндерін абайсызда айтып қалса сол кінәлі болып тергеуге алынатын. Бірақ, аспанды торлаған осы қара бұлт айыға салысымен он неше жыл шаң басқан ұлттық ән-күйлерімізді алтын қордан іздеп тауып, кейбірін қайтадан орындатып, радио эферіне бере бастадық. Мұның ішінде «Ақ тамақ», «Майра», «Ақ бидай», «Абай күнім-ай», «Алқоңыр», «Сұржекей» т.б секілді халық әндері мен халық композиторларының әндерін азат етіп радиода жаряладық. Бұл халық арасында үлкен дүмпу қозғады. Шыңжаң халық радио станциясындағылар: «Орталық радиодан халық әндері шырқалып жатса, біз неден жасқанамыз дедік те, бізде дереу алтын қорға жүгірдік», – деп көңіл-күйлерін баяндаған қызықты әңгімелерін естіген едік.
- Радиода ақын-жазушылар өз шығармаларын өздері оқыған кездер болған екен. Сол туралы айта кетсеңіз?
- Халқымыз «көш жүре түзеледі» демеп пе еді. Құрылғанына небәрі 10 жылға жетпеген, оның бірнеше жылы сынақ ретінде жарты сағаттық аударма хабар берумен жүрген жағдайда жаңағыдай жетістікке қол жеткізу оңай емес. Сол тұстары астанаға келген ақын-жазушылардың шығармаларын өздеріне оқытып тарата бастадық. Мысалы, Омарғазы Айтанұлы, Қаусылқан Қозыбаев, Мақатан Шәріпқанұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Құрманәлі Оспанұлы, Ерғали Әбілқайырұлы, Әбдірешіт Байболатов, Жұмабай Біләлұлы, Оразқан Ахметов, Жұмаділ Маман, Әкпар Мәжітұлы сияқты қаламгерлеріміз радиода поэзиялық, прозалық шығармаларын оқып өз үндерін әлемге таратып, томағасын алған қырандай шарықтады. Мұның өзі өшкіндеп, сөніп бара жатқан қазақ мәдениетінің шырағын қайта жаққандай болды. Қалың тыңдарманның көңіл-күйін сергітіп, болашаққа деген сенімін күшейтті. Әйгілі әншілеріміздің Бейжіңге келіп түрлі мәдени шараларға қатысу орайын қалт жібермей, оларды студиямызға шақырып, дыбыс таспасына ән жаздырып алып қалуды әдетке айналдырдық. Мысалы, Қамит Ысқақұлы, Камал Ішікбай, Күлман Шүленбайқызы, Арзыгүл Тұрсынқызы сықылды әншілерден орайы келгенде таспаға ән жаздырып алып қалып отырдық. Мәдениет зор төңкерісі тұсында қазақ халқының түрлі мәдениеті, әсіресе домбыра-күй мәдениеті жоғалуға шақ қалған еді. Біз осындай көкейкесті мәселені ескеріп 1980 жылы Орталық халық радио станциясының басшыларына халық ән-күй мұраларын жинау жөнінде өтініш жаздық. Станция басшылығы бұл өтінішімізді бекітті. Шыңжаң қазағының әйгілі күйшілерінен Тайыр Белгібайұлы, Дәулет Халықұлы, Камал Мақайұлы, Ғизат Сейітқазин сиқты домбырашыларды Бейжіңге ұсыныспен шақырып, көптеген халық күйлері мен өз күйлерін алтын қорға жаздырдық.
- Радионы басқарған 15 жылыңыз қалай өтті?
- Қызмет бар жерде табыс та, олқылық та, қайшылық та, пікір талас та өмір сүреді. Бұл табиғый құбылыс. Менің радиода жұмыс жасаған 15 жыл уақтым тып-тыныш, мамыражай, ақаусыз, кедергісіз, ылғый сәтті болды десем ақылға симайды. Қызмет барысында кемшілік те, талас-тартыс та болады. Бұлар мүлде отаса алмайтын мүдде қақтығысынан туындыған емес. Қайта қызметті жақсартуға, ынтымақты күшейтуге, алға басуға, жаңалық жаратуға бағытталған көзқарас. Таным, пікір жағындағы ұқсамастықтан туындаған уақыттық құбылыс. Олардың барлығы өз кезінде шешімін табып отырды. Біз жастық көктемімізді радио ісіне арнаған сол жылдарды мағаналы, берекелі, нәтижелі, көңілді өткіздік деп, көп ұлтты қазақ радиосы өз бастамасын жақсы бастады деп қазір де, келешекте де айта аламыз.
- Өзіңіз негіз қалаған бүгінгі қазақ радиосының жұмысына көңіліңіз тола ма?
- Қазір қазақ радиосында 20 неше журналист, редактор, аудармашы бар, 44 мемлекетке үні жететін мемлекеттік ақпарат құралына айналды. Эферге шығатын сағат саны көбейді. Біздің заманымыздағыдай емес, шектеусіз дәуір талабына үйлесімді, сан-саналы айдарлар ашылды. Мұның ішінде «Ауыл ауаны», «Парасат», «Қайнар», «Заң және замана», «Экономика айдыны», «Шипагерлік», «Техника тетігі», «Әлем аясында», «Өнер өлкесінде» т.б. лар бар. Осыған қарап қуанасың. Қызметкерлердің бәрі жастасты, өз басым олардың әр қадамына күн сайын сәт сапар тілеп отырам. Осы орайда айтайын дегенім: Жастар заманның атойшылдары, олар қай қашанда ер жүрек, батылдықпен ескіні ығыстырып, жаңалықты жақтаушылар. Әлмисақтан бері солай. 40 жылдықтың салтанатты өтуінде жастардың қажырлы еңбегінен бөле қарауға болмайды. Олар 40 жылдықты астанамыз Бейжіңде ғана өткізіп ғана қоймай, 40 жылдықтың алауын Шыңжаңның Үрімжі, Алтай қалалары мен Қаба, Буыршын, Қобықсары аудандарына, Қанас саяхат районына дейін апарып тұтандырды. Мұның өзі радионың ықпал күшін де, ел арасындағы беделін де арттыра түсті. Ең маңыздысы радиода жұмыс жасаған қарт қызметкерлер мен бүгінгі таңда радиода жемісті еңбек сіңіріп отырған буындардың бір жерде бас қосуына үлкен орай тудырып, өз ара пікір алмасуына, тәжірибе таныстиыруына, ой бөлісуіне кең жол ашты. «Үлкен пышақ ұялса да өтеді» деген ата сөзі бар емес пе? 40 жылдық мерей тойды тойлап отырған мезгілде менімен сұхбат өткізуге келген ақпарат, телевизия тілшілеріне радио туралы өз ойымды былай түйіндеген едім:
Бастайық радиодан сөзімізді,
Бұлақтың көзін ашқан кезімізді.
Бір ұрпақ бір ұрпақтан асып түсіп,
Құлпыртып келе жатыр ізімізді.
Ұлт мұратын жалғаған ұрпақтың арқасында,
Өрледі өркениет шыңнан шыңға.
Нұрлы болашақтан жаза баспай,
Көріндік 40 жылдың қырқасында.
Әр дәуірдің өзіндік таңбасы бар,
Қырық жылдың таусылмас жалғасы бар.
Бір биік бір биікке көтереді,
Биікгің тіпті көркем алдан шығар.
- Сіз қытай еліне белгілі баспагер, аудармашысыз. Осы саладағы еңбектеріңіз туралы айта кетсеңіз?
- 1984 жылы қарашадан 1995 жылы маусымға дейін Шыңжаң халық баспасының қазақ редакция бөлімінде орын басар меңгеруші, тете аға редактор, «Оқырман өресі» журналы бас редакторының орынбасары болып жұмыс істедім. Ақпарат ғылымының белді саласы есептелетін газет-журнал, радио және баспасөз саласында 40 неше жыл жемісті қызмет істедім. Ашығын айтсам, мен өмірімде төрт саланың кәсібіне араластым. Бәріне жетілген маман болмасам да олардың жай-жапсарын біршама қанық білемін. Осы төрт салада істеген еңбегімнің бәрін жіпке тізіп айтып отырмай-ақ, тек Шыңжаң халық баспасында істеген кезімде өзім жауапты редактор болған шығарған кітаптар мен әдеби аудармалардың бастыларын айта кетейін. Олар: «Қытайдың қазіргі заман тарихы туралы білім» (екі кітап), «Сотциялизм тарихы», «Тіл ғылымы мәселесі туралы», «Психология туралы сұрау-жауп», «Тарих білімі сөздігі», «Заң білімі туралы» (7 кітап), «Жаңа дәуірдегі партия құрлысы» т.б. 200-ге тарта кітапты редакциялап баспаға жолдап, қырық неше кітаптың жауапты редакторы болдым. «Оқырман өресі» журналының 60 саны менің жауапкершілігімде жарық көрді. Аударған әдеби туындыларым: «Батысқа сапар» (роман, екі адам бірлесіп аудардық), «Ергежейлі елі мен алыптар елі» (романнан үзінді), «Өмір», «Біз жастар» (повэст), Уаңмиңнің «Соңғы тау», «Сапырылған салашылар» (әңгіме), ханзутілінде жазатын қаламгер Әкпар Мәжітұлының «Ақсақ құлан», «Он бестегі Халида», «Әттең ромкабай» т.б. әңгімелері. Мұның сыртында ханзу авторларының шығармаларынан тәржымалаған он неше әңгіме мен өзім құрастырған үш кітап бар. Міне, осындай еңбектерімнен тыс, өзім қалам тербеп жазған очерек, шалқыма, эссе, жаңа жылға арнау сияқты әдеби мақалаларым да өз заманында оқырманың алғысын алып, жақсы әсер қалдырған еді.
Үкімет жарты ғасыр төккен терімді, елге сіңірген еңбегімді бағалаған болса керек, менің өмірбаяным мен еңбегім туралы жазылған шағын таныстыру 1989 жылы Бейжіңдегі кітап баспа мекемесі жағынан жарық көрген «Қытайдың баспасөз саласындағы әйгілі адамдар сөздігінің» (қытай тілінде) 481-бетіне және 1994 жылы Лияулиң Ұлттар баспасы жағынан жарық көрген «Қытай аз ұлт мамандары, оқымыстылары сөздігінің» (қытай тілінде) 593-бетінде берілді. Ал 1999 жылы Бейжіңде жарық көрген «Дүние білім қамбасы» атты үлкен желілес кітаптың бірінші томының 991-бетіндегі «Домбыра» тақырыптағы қытайшаға аударылған очергім басылды әрі очерк алтын медальмен сыйланды.
- Сіз жалпы өмір жолыңызға ризасыз ба?
- Өрлі-қырлы өмір жолымда шығандап шыңға, қара үзіп озып кетпесем де, шама шарқымша талай кезеңдерді астым. Өмірде осы жүрісіме ризамын. Мен екі сөздің бірінде бүгінгі бақытты заманда жасағаныма разы-хош болып «өмір саған рахмет!» деген сөз мәтеліме айналып кеткен көрінеді. Шынында солай, өткен өгей өмірдің ащты-тұщтысын азда болса татып қалған біздер қазіргі бақытты замананы ересен қастерлеп, дәуірдің талабына сай бүкіл күш-қуатымызды қоғам қажетіне сарқа жұмсаған екенбіз. Енді ойласам сол көрген қызық, басқан іздерімнің барлығы сонадайда жыл сораптарының соқпағында қалған тәрізденеді. «Өмір саған рахмет!» деген өзімнің үйреншікті мәтелімді қайталай бергім келеді...
- Сұхбаттың соңында бала кезіңізде есте қалған қызықты оқиғалардың бірін айта кетсеңіз?
- Балалық шағындағы қызықты іс кімнің есінен көтеріліп кетеді дейсің. Адамның бала кезінде көргені, естігені тайға таңба басқандай есінде қалады. Мекеніміз Күнес ауданы Шақпы ішінің күңгей беті, Кереге тастың бауырайы. Ойынның деген туын тігетін кезім.
Шапқы іші ырысты мекен, жер жаннаты десе дегендей, не кереметтің бәрі табылады. Сондықтан, ақын Таңжарық осы құтты атамекенді өз кезінде былай деп жырлаған:
«Туған жер, атамекен – шіркін Шапқы,
Сенде ойнап, сенде өткіздім бала шаққты.
Күн батқанша жүгіріп тыным таппай,
Жағаңда ойнаушы едім атым запқы.
...
Жерің кең, шөбің шүйгін, суың балдай,
Халқың бар берекелі, ынтымақты.
Өзіңдей жаннат бейне құтты жерді,
Қайран бабам іздеп кеп қалай тапты?!».
Шапқының ұшан теңіз кен байлығын былай қойғанда, аң мен құсының түрін санап тауысуға болмайды. Әсіресе, Күнгей жағында шыл, кекілік жер қабыстырып өріп жүреді. Бізбен көрші отыратын Қонысбай атай, да құсты қорғай білетін. Қыста үйде кекілік, кептер бағады. Балапан құсты әуес көреді, құсқа жақындап, қолынан жем беруді ерекше қызық санайды. Содан болар, әр күні таңертең бір топ бала Қонысбай атайдың үйіне барып, мазасын алатын көрінеміз. Бірақ ол кісі балажан екен, топырлап барғанымызға іш жимай жылы шыраймен қарсы алады. Құс туралы бізге көп нәрсені үйретеді, бізді көрген жерден:
- Балалар, келіңдер, мына құсты білесіңдер ме, аты не, қане кім айтады? –деп сұрай Бастайды. Білетін балалар мен айтамын деп шу ете түседі:
- Анау тұрған – кекілік, мынау – шыл, сонау тұрған кептер, – деп атын атап, түсін түстеп жатады.
Қонысбай атай бір іске разы болғанда алдымен өзі күле сөйлеп, балаша қуанып кетуші еді. Бұл жолы да сондай бейне байқатып:
- Барекелді, дұрыс айтасыңдар, ал сендер көрмеген тағы бір құс бар. Ол анау шарбақтың ішінде қамаулы тұрған қырғауыл, қараңдаршы, өзі қандай әдемі, көздің мейірін қандырады. Өздерің білесіңдер, қырғауыл мына түбекте жын атады ғой, мен оны қолда бағып, пайдасын көрейін деп ұстадым. Әрқандай жануардың жауы болады, бір қыран құс осы қырғауылды іліп әкетуге үлгірмей, тасқа соғып зақымдап кетіпті, содан әкеліп бағып отырмын. Ақаусыз жазылғанда табиғатқа қоя беремін. Бұл ана үшеуінен үлкен, жемді көп жейді. Дегенмен, қолға бірден тез көне қоймайды, белгілі барыс керек, ақырын үйренеді. Кептер мен кекілік баққанға шапшаң көнеді. Не берсең талғамай жейді, тағылау келеді, қолдан жем берсең жемейді. Бұлардың ішінде етінің дәрілігі, құндылығы, шымырлығы жағынан кекілік бірінші орында тұрады. Тәжірибелі шипагер жасы егде тартқан, дене қуаты әлсіз, науқасшаң адамға кекіліктің еті, сорпасы табылмайтын ем екендігін айтады. Қырғауылдың, шылдың еті де жақсы деседі. Ал кептердің етін өзім жеп көрмедім, кептерді баққаным етін жеу үшін емес, менде ондай ой жоқ. Менің бірғана ойым бар, ол – қанатты құс та, төрт аяқты қоңыр аң да адамның серігі. Айналып келгенде, осылай істеуімнің бәрі соларды қорғау үшін болып отыр, – деп Қонысбай атай өз ойын айтқанан кейін, өзгеше бір тың әңгімеге бастайтындай сыңай байқатып, әуелі өзі қарқылдап күліп
- Тамашы болсын, құсты көрдіңдер, таныстыңдар, мен енді сендерге бір қызықты әңгіме айтып берейін. Сендер кекілік туралы тақпақты білесіңдер ме, білмесеңдер мен үйретейін. Кішкене кезімізде бізде осы тақпақты ұл-қыз екі жақ болып айтып, бір-бірімізді шенеп, мұқатып, тамаша ойынның қызығына бататынбыз. Әуелі ұл тақпағын айтатын:
- Кекілік кекілік кер жорға,
Кекіліктен мен жорға.
Қызыл тұмсық шау қарға,
Қыздан басқа жау бар ма? – деп ұл жағы шырқаса, іле-шала жұлып алғандай қызы жағы:
- Кекілік кекілік кер жорға,
Кекіліктен мен жорға.
Ұзын тұмсық шау қарға,
Ұлдан басқа жау бар ма? – деп қыз жағы қолма-қол қаруын қайтарып, осал соқпайтындығын көрсетеді. Бұл теке тірес талай тартыстан өтіп, талықсығанда барып тынады. Осы кезде төр алдында ұршығын иіріп, өзімен өзі болып отырған
Күмісқан әжей ішек-сілесі қатқанша күліп сөзге араласты:
- Ой, шал-ау, мұның не, балаларды әуре-сарсаңға түсіріп, салғыластырып қойғаның қалай. Үйретсең, бір тәуір регін тапсаң болмай ма? – деп балалардың екі жақ болып айтысқанын ерекші қызық сезініп:
- Ей, балалар, ертең келіңдер, мен де сендерге оқуда жалқау баланың тақпақ өлеңін үйретейін, – деген еді, балалар жағы бірден құптап:
- Күмісқан әжей өте жақсы, үйренеміз, ертең келейік, – деп кекілік туралы тақпақты таласа айтып думандатып тарады.
- Балалы үй базар деген емес пе? Қонысбай атаның үйі тағы да думанға бөленді. Балалар бірін-бірі тоспай дабырлап сөйлеп жатқан еді, Күмісқан әжейдің көтеріңкі шыққан дауысы олардың дабырын басып түсті. Күмісқан әжей кешегі уәдесі бойынша әңгімесін бастады.
- Ал, балалар мен сөйлеймін, тыңдайсыңдар ма? – деп еді, балалар:
- Тыңдаймыз, – деп бір келкі үнмен шу ете түсті. – Ендеше, тыныш отырыңдар. Әңгіме жалқау бала туралы:
- Менің ескіше оқып жүрген кезім, бес саусақ бірдей болмайтыны сияқты, оқуда да баланың бәрі бірдей болмайды. Біреуі үздік оқыса, біреуі орта, біреуі нашар оқиды. Сол нашар оқитын менің бір ұл сыныптасым бар еді. Өзі жалқау, оқу десе басы ауырады, мектепке барғаннан бармағаны көп, тапсырманы орындамайды, доска алдына шығудан жалтарады. Сондықтан, күнде мұғалімнің сөгісін естиді. Оны тыңдап жатқан ол емес, бүгін айтсаң ертең ұмытып кетеді. Әуелі егескендей қайдағы бір тақпақты үйреніп алып айтып жүреді. Сол айтатын тақпақ өлеңнің мәтіні есімде қалуынша мынандай:
Салдыр-салдыр сәрсенбі,
Сағынғаным бейсенбі.
Жұма біздің досымыз,
Сенбі біздің қасымыз.
- Бұдан не ұқтыңдар, бейсенбіні неге сағынады, жұманы неге дос санайды, сенбі қалайша жауы болады?
- Кәне, кім ұқты, айтатындарың бар ма? – деп сұрап еді, балалардың ешқайсысы жұмған аузын ашпады.
- Олай болса мен айтайын, ұғып алыңдар, – деп Күмісқан әжей бұл тақпақтың шығу жай-жапсарын ашалап түсіндірді:
- Ескіше оқығанда, қазіргідей, жексенбі күні демалмайды. Тек бір ғана күн – жұма күні демалады. Сол себепті, жұма күні – жалқау оқушының досы, сенбі күні қасы, сағынатыны бейсенбі болатыны осыдан, – дегенде, балалар қаншалық түсінді, кім білсін, әйтеуір ұзақша шулап күліп жатты.
- Өгізге туған күн бұзауға да туады, сендер де, әлі-ақ мектепке баратын боласыңдар. Жаманан жиреніп, жақсыдан үйреніп, жарамды адам болып ержетіңдер, – деп күмісқан әжей сөзін салмақтай сөйлегенде, Қонысбай атай да оның сөзін құптап:
- Кекілік туралы тақпақ өлеңді тамаша үшін, жалқау бала жөніндегі тақпақ өлеңді тәлім үшін айтып отырмыз. Ылғи ойынға ғана беріліп кетпей, оқуға да ынталы болыңдар, – деп көпті көрген, көңілге тоқыған екі білімді қарт сөзін аяқтатқанда, балалар мәз-мейрам, разы-қош болғандай қуана-қуана өлеңдетіп үйлеріне қайтты.
Шіркін, балалық шақтың көреген түстей тез өте шығарын кім ойлаған. Түн ұзарса түс көбейеді дегендей уақыт өткен сайын балалық шақ маған қарасын көрсетпей алыстап кетті.
«Жоққа жүйрік жетпейді», талыққанан тарыққан жаман екен. Бір жылы шешем науқастанып қалғанда үйде іліп ауызға салар дән жоқ еді. Көктемде елдің көлігін, соқасын әрең жалданып жүріп алып, бір тақия тары егетінбіз. Содан бір жылдық қоректі жабдып алғанбыз. Қазіргі талшық етіп отырғанымыз сол, қатықсыз қара көже, қара шай шешеме жаға бермейді. Кейде жүрегі қарайып, басы айналып, аузынан қара суы төгіледі. Жұмысқа зауқы соқпай, талықсып жатып қалды. Жалғыз сиырдан жаз бойы тырнаштап алған құрт, май әлде қашан қағылған болатын. Бізде ұсақ мал деген болмайды. Жан қысылғанда жақынды да іздеп көрдік, одан да ешқандай қайыр болмады. Бәрінен үміт үзіліп, барар жер, басар тау қалмағанда, баяғы Қонысбай атайдың кекіліктің етінің құнары туралы айтқан тәлімі бойынша қара тұзақты білегіме салып, ем табылып қалар деген оймен кекілік өлеңін сеніммен екпіндете айтып, күнгей бетке қарай аттандым.
Бір үйлі жан елден телміріп күткен несібесін мейірлі жер ананың ыстық құшағынан теріп жеп, тарықтырмайтын өмір жолын тапқанына қуанды.
Өз еңбегіне сүйеніп тіршілік ету – өмірлік деген міне осы.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы
Ескерту: Сұхбат бұрынырақта алынған
Abai.kz