Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2548 0 пікір 10 Шілде, 2009 сағат 06:42

Ләззат Кемелбаева. «Милы бастар» жат жұртқа неге кетеді?

        Ғаламдағы қуатты қаруға айналған адамның миын әл ауқаты озық елдер өз қажетіне әдемі пайдаланып отыр. Өйткені дамудың даңғыл жолына түскен мемлекеттер адами ресурстың мұнайдан да, алтыннан да «салмақтылығына» дау айта алмайды. Әсіресе, әлемдегі «милы бастарды» айналасына жинауға жан-тәнімен кіріскен алпауыт Америка келешек кілтінің білімділер «қалтасында» екенін ұққаны қа-ш-ан. 

       Әлеуметтік ахуалын бірнеше есеге «сатылатқан» Финляндия қазірде ІЖӨ-нің деңгейі  жөнінен 17-орынға табан тіреп, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің санатына енді. Бүгінде бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша дүние жүзінде бірінші орынды иеленетін Финляндияны кезінде ұлы орыс империясының мешеу қалған бір бөлігі деп кім айтады?  Халық саны Қазақстаннан үш есеге аз, ал аумағы 8 есе кіші мемлекет орманнан өзге табиғи байлық атаулыдан жұрдай. Ендеше шағын ғана Финляндияның табысты дамуының сыры неде? Сөз жоқ, фин елінде адам құндылығы басты сатыда. Сол үшін де финдіктердің бүкіл саясаты адам капиталын барынша дамытуға бағдарланған.        

        Ғаламдағы қуатты қаруға айналған адамның миын әл ауқаты озық елдер өз қажетіне әдемі пайдаланып отыр. Өйткені дамудың даңғыл жолына түскен мемлекеттер адами ресурстың мұнайдан да, алтыннан да «салмақтылығына» дау айта алмайды. Әсіресе, әлемдегі «милы бастарды» айналасына жинауға жан-тәнімен кіріскен алпауыт Америка келешек кілтінің білімділер «қалтасында» екенін ұққаны қа-ш-ан. 

       Әлеуметтік ахуалын бірнеше есеге «сатылатқан» Финляндия қазірде ІЖӨ-нің деңгейі  жөнінен 17-орынға табан тіреп, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің санатына енді. Бүгінде бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша дүние жүзінде бірінші орынды иеленетін Финляндияны кезінде ұлы орыс империясының мешеу қалған бір бөлігі деп кім айтады?  Халық саны Қазақстаннан үш есеге аз, ал аумағы 8 есе кіші мемлекет орманнан өзге табиғи байлық атаулыдан жұрдай. Ендеше шағын ғана Финляндияның табысты дамуының сыры неде? Сөз жоқ, фин елінде адам құндылығы басты сатыда. Сол үшін де финдіктердің бүкіл саясаты адам капиталын барынша дамытуға бағдарланған.        

          Жоғары технологиялық мемлекет қалыптастырудың маңызды шарты - оқымыстылардың салмағын арттыру. Ал адам ресурсының сапалық деңгейге көтерілуі тек ғылымға жете көңіл бөлгенде ғана жүзеге асады. Дамыған елдерде ұлттық байлықтың 75 пайызын интеллектуалды капитал құрайды. Аз уақытта әлемнің алдыңғы қатарлы озық елдерінің қатарына қосылуын малайлықтар пальманың басынан түсіп, компьютердің алдына келіп отыруымен түсіндіреді. Енді бір 20 жылдан соң жаһанды ақпараттық жүйенің орнына нанотехнология түбегейлі жайлайды. Өркениетке ұмтылған елдер қазірдің өзінде жаңа технологияның жай-күйін күйттеуге кірісті. Дарындыларын «далаға» жіберген Қазақстан да әлемдік ғылымның көшіне ілесуге «буынып-түйінуде». 

           Кейінге сәл шегініс жасасақ, кеңестік елдердің ішінде ғылымды дамытуда Қазақстан мемлекеті алдына тек Ресей мен Украинаны өткізіп, үшінші орынды еншілеген. Әттеген-айы, қазақ қоғамы қазір бұл құқықтан айырылған. «Утечка умов» ұғымын өмірге әкелген 90-жылдардағы тоқырау ақылдылардың «ауылын» алыстатты. Елдегі экономикалық ахуалдың ауыртпалығына шыдамай, шетелге «шашылған» «миларды» жиып-теру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Сол кезеңде 200 мыңның үстіндегі орыс ғалымы Ресейді тастап, батысқа бет бұрған. Бұл жағдай теріскейдегі көршімізге оңай тиген жоқ. Оқымыстылардың орны кәдімгідей-ақ ойсырап қалды. Өйткені бір мезетте орыс ғалымдары 58 пайызға кеміп кеткен. Батысқа ағылған «ұлы көш» әлі де ішінара жалғасын тауып жатыр. Жағдай осылай жалғаса берсе, 2010 жылы орыс мемлекетінде таза ғылыммен шұғылданатын 260 мыңның айналасында адам қалуы мүмкін деген болжам бар. Демек, көршіміздің өкшесін басып келе жатқан біздің де ахуалымызды айтпай түсінуге болады. Қазірдің өзінде біраз оқымыстының орнын сипап қалдық. Ендігі жерде сол олқылықтың орнын толтыруға тиіспіз.  

       Ғылым саласына «салмақты» қаржы «сырғытқан» кеңестік дәуір біраз жетістікке қолымызды жеткізді. Әйтсе де, батыс технологиясын басып озған Одаққа мұхиттың арғы жағындағылардың «көзі тиді». Бірінің аузына бірі түкіргендей, посткеңестік елдердің барлығы да білім саласын ақсатып алды. Енді соның орнын толтыруға жанталас үстінде. Мәселен, «зеркальная лаборатория» құрған ресейліктердің сүбелі саясатынан түбінде нәтиже шығатын түрі бар. Сол арқылы шетелдегі орыс оқымыстыларының бүйрегін Ресейге бұруға бағытталған зертхана бүгінде тым жақсы жұмысын жандандыруда.

         «Мемлекетті ақшаға деген жетіспеушілік емес, дарынды адамдарға деген жетіспеушілік әлсіз етеді» деген Вольтердің сөзі қазақ қоғамына айтылғандай. Бүгінде елімізді адам капиталы арқылы бәсекеге қабілетті ету үдерісі жүріп жатыр. Алайда адам факторының пәрменін арттыру тұтастай ғылымға байланысты. Ал жаһандану дәуірінде технологиялық бәсекеге төтеп беретін ғылымның жайы Қазақстанда «жә» дегізерлік емес. Кезінде қанатының астынан атышулы ғалымдарды «ұшырған» Ұлттық Ғылым Академиясының ахуалы ауыз толтырып айтуға келмейді. Мүйізі қарағайдай шаңырақтан «түкке тұрғысыз» деп теріс айналдық. Оның орнына саны бар да сапасы жоқ қарақұрым ғылыми кеңестер мен кішігірім орталықтар қаптады. Аты дүрдей бұл ғимараттардың «іші қуыс». «Тот басып» жатқан ғылыми жобаларды өндіріске енгізуге пәрмені жетпейтін мекемені ғылымды дамытады деу қиын.  Африка неге бүгінде дамыған елдермен иық теңестіре алмай отыр? Өйткені оларда технологиялық даму салғырт. Осындай елдердің кебін кимес үшін мемлекетіміз «милы бастарды» отанға қайтару мәселесін күн тәртібіне қойды. 

Елбасы шақырған ғалымдар келді ме?

      «Сүрінген» ғылымды «сүйеуге» кіріскен Қазақстанда игі бастамалардың «біссімілләсі» басталды. Білікті кадрларды дайындауда «Болашақ» бағдарламасының берері көп. Жыл сайын «болашақтықтардың» қатарын еселендіріп отырған Елбасы осыдан екі жыл бұрын шетелге «шашылған» «қазақ миын» жиыстыру жөнінде келелі кездесу өткізгені белгілі. «Инемен құдық қазған» саланың нанын жеп жүрген ғалымдардың басын біріктірген отырыста шетелдің ауасымен тыныстап, жат жұртқа кеткен қазақ оқымыстылары да төбе көрсетті.

     Жан-жақты дамыған ғылымсыз өркениетті елдердің қатарына қосылудың мүмкін еместігіне «екпін» қойған Президент сол жиында: «Бүгінде шетелде жұмыс істеп жүргендердің, әсіресе, жас ғалымдардың енді Қазақстанға қызмет ететін уақыты келді»,- деп мәлімдеген-ді. «Милы бастарды» елімізде ашылғалы тұрған әлемдік деңгейдегі халықаралық университеттер мен зертханаларда жұмыс істеуге шақырған Елбасы сонда ғана біраз шаруаның еңсерілетінін айтып, орынды мәселе көтерді.

    Алайда көпшілігінің шетелден оралатын оқымыстылардың пайдасына күмәнмен қарайтынын жоққа шығара алмаймыз. Президент мұхит асып кеткен ғалымдарға жаңадан қабылданатын бағдарлама бойынша Қазақстанда оларға шетелдегіден кем емес жағдайдың жасалатынын жеткізген-ді. Осыған орай, отандық оқымыстылардың пікірі екіге жарылып отыр. Кейбірі бұл мәселені қос қолын көтере қолдаса,  бірі, өз еліне ақша іздеп келген жастардың келешегіне күмәнмен қарайтынын жасырмайды. Енді бірі, мұндай шұғыл қадамға Қазақстанның әлі дайын емес екенін ескертеді. Физика ғылымдарының докторы, академик Мейірхан Әбділдиннің айтуынша, ұзақ жылдан бері шетелдің жайлы «климатына» бой үйреткен отандастарымызды қайтадан Қазақстанға қайтару қиынның қиыны. Өйткені осы уақытқа дейін өздерінің қамдарын күйттеп алған оларға ойдағыдай айлық пен жайлы «орынтақ» тауып беру былай тұрсын, қазіргі қазақ қоғамына сіңістірудің өзі оңай емес. Тіпті, кейбір ғалымдар қамсыз өмірді аңсаған қазақстандық жастардың шекара асып, мемлекетіміздің қазіргі осындай кадрлық тоқырауға ұрынуын қоғамдағы патриоттық тәрбиенің дұрыстап жүргізілмеуіне әкеп тірейді.

     Не десек те, содан бері аттай сырғып екі жылға жуық уақыт өтті. Баяғы жартас, бір жартас. Елбасы шақырған ғалымдарда әзірге «сілкініс» жоқ. Ал ғылымға «құйылып» жатқан қаржының көлемі көңіл тоғайтады. Келесі жылы жалпы білім саласына бөлінетін қаражат ІЖӨ-нің 2 пайызын құрамақ. 2015 жылға дейін ғылымның «қалтасын» 25 есеге «томпайтуды» қолға алған мемлекетте, алайда білімді «қатайтуға» бағытталған бетбұрыс байқалмайды. Бетбұрысты ғылым тетігін шыр айналдыратын шеттегі оқымыстылардың «миын» тездетіп бір орталыққа жиыстырудан бастауға тиіспіз. Ал бұл тарапта нені қаузап жатырмыз? Ғалымдарды шақыруға дайынбыз ба? Осы мәселені тармақтап көрелік.     

Қазақ ғалымдары қай университеттерде дәріс оқиды?

      Күллі әлемді аузына қаратқан қазақ ғалымдарының алтын белесі өткен ғасырдың еншісінде қалды. Оқымыстыларымыздың ашқан жаңалығы одақ атты алып державаның игілігіне айналды. Әсіресе, химия ғылымының жеткен жетістігі аз болмады. Бір ғана қазақстандық химиктердің жаңалығы сол кезеңде Ресейден 20-дан астам жаңа зауыттың салынуына себепші болды. Қазақтың қарадомалақтары ғарыш технологиясына да сүбелі үлес қосты. Ал математиктеріміз әлі күнге дейін әлемдік түйінді шешуден алдына жан салмай келеді. Әйтсе де бар дүниені бағалай білмеген қазақ қоғамы қазір еріксіз бармағын тістеп отыр.

      Өкіндіретін жайт, кезінде Ресей зауыттарында қолтаңбасын қалдырған қазақ ғалымдары бүгінде жер шарында тарыдай шашылап жүр. Қаншама  қазақтың «миы» өзге мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеуде. Саусағыңызды бүге беріңіз, бірнешеуін санамалап берейік. Математика ғылымдарының докторы Қайрат Мыңбаев АҚШ-тың Оризона университетінің экономика факультетін тәмамдаған. Бразилияның Сеара штатындағы федералдық университеттің профессоры бүгінде экономикадан дәріс оқиды. Франциядағы Густав Рози институтының зертхана меңгерушісі Мұрат Сапарбаев та келешегінен үміт күттіретін білікті кадр. АҚШ-тың Болдер қаласындағы Стандарттау және технологиялар ұлттық институтының ғылыми қызметкері Жандос Өтеғұлов пен Техас университетіндегі жетекші ғылыми қызметкер Рүстем Омаровтар да қазақтың мақтанышы. Осындай жат жерде ұлт мерейін үстем етіп жүрген қандастарымыздың бірі - Санкт-Петербург қаласындағы Экономика және құқық аймақаралық институтының ректоры Ерлан Ысқақов. Біле білсек, орыс жерінде білдей білім ордасын басқарып отырған отандастарымыз аз емес. Губернатор Аман Төлеевке арқа сүйеген бауырлары баршылық. Мәскеудегі физика-химиялық медицина институтының зертхана меңгерушісі Қуат Момынәлиев те жоғарыда аталғандардың тізімін толықтырады. Жапонияның Дэнки университетінде Қилан Әлімхан деген қазақ ғалымының есімі шетел жұртшылығына жақсы таныс. Бірақ, жапон технологиясының бүге-шігесіне дейін шағып беретін ағамызды алдыру оңайға соқпас. Өйткені кеңестік кезеңнің көзін көрген біздегі технологиялар тым ескі, лабораториялардың жабдығы заманауи емес.

    Шеттегі қазақ ғалымдарының тізімінде Қытайдың Шыңжаң университетіне қарасты арнайы математика институты директорының орынбасары Тұрдыбек Нұрдыбекұлының да өзіндік орны бар. АҚШ-тың Аргон ұлттық зертханасының ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымдарының докторы Алпысұлы Еңсепов те осы қатарды толықтырады. М.Краузе мен П.Пудлаканың қиын түйінін шешіп, кәрі құрлықты шулатқан белгілі математик Александр Шерстов - Қазақстанның төл тумасы. Ұлты басқа демесең, кәдімгі Қарағанды қаласының №1 мектеп-гимназиясынан түлеп ұшқан ғалым бүгінде Остиндегі Техас университетінде шәкірт тәрбиелеп жатыр. Өмірін ғылыммен ұштастырған жерлесіміз аталмыш оқу ордасының білдей бір информатика факультетінде еңбек етеді. Есімі шет жұртқа кеңінен танылған талантты математик Асқар Жұмаділдаевтың да беделді университеттерге лекция оқудан тәжірибесі бар.

     Қазіргі таңда қазақтың мерейін математиктер өсіріп отыр. Мәскеу математиктерінің ерекше ілтипатына ілінген академик Мұхтарбай Өтелбаев Штурм-Лиувилля операторының әмбебап формуласының шешімін тапса, жоғарыда атап өткен Асқар Жұмаділдаев векторлық өрістер кеңістігінде жалғыз екі аргументті тензорлық амалды анықтаған. Сонымен қатар функция теориясында жоғары жетістікке жеткен дарындалар қатарында Рысқұл Ойнаровты да атамай өтуге болмас. Бүгінде швециялық әріптестерімен бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізіп жатқан Ойнаров Италияның Падово қаласындағы классикалық университетпен де тығыз байланыста. Мәскеуден білімін жетілдіріп, ғылыми атағын да орыс жерінен қорғаған талантты математиктеріміздің бір Сейіт Сағитов Швецияның Гютебург қаласында тұрады. Бүгінде Швецияның азаматтығын алған Сейітті отанға оралады деп кесіп-пішу қиын. 

      Ал соңғы жылдары қазақ математикасын төрткүл дүниеге танытуда физика-математика ғылымдарының докторы Уалбай Өмірбаевтың үлесі қомақты. 2001 жылы жапон ғалымы М.Нагатаның 40 жылдан астам уақыт бұрын қойған күрделі түйіннің шешімін тауып, айналысқа енгізген Уалбай бертінде ағылшын математигі П.Конның еркін ассоциативті алгебралардың автоморфизмдеріне байланысты проблеманың жұмбағын жазды. Осылайша әлемдік математика ғылымында қазақ ұлтының еңсесін көтеріп тастады. Дегенмен көзге түскен ғалымдарымызға шетелдіктердің «кенедей» жабысатын қашанғы әдеті емес пе. Астанадағы Еуразиялық университеттің оқытушысы көрнекті математик Уалбай да қазір мұхит асып, бойындағы білімін шетелдік студенттерге сығып беруде. Қуантатыны, мәңгіге емес. Бұған дейін Манитоба (Канада), Гонконг, Сан Пауло (Бразилия), Клауд Бернард - Лион 1 (Франция), Ла Рашолле (Франция) университеттері мен Германияның атышулы Макс Планк институтында дәріс оқыған қазақ ғалымы бүгінде келісім-шартпен сыртта жүр.

    Ал белгілі ғалым-микробиолог Геннадий Николаевич Лепешкиннің зертханасын еріксіз «тартып» алдық та, «ауылына» қолдан қайтардық. Степногорскідегі әскери бактериологиялық қару жасау өндірісінің бағдарламасына жетекшілік еткен Геннадий Николаевичтің мемлекетке бергені аз емес-ті. Шетелдік беделді университеттің түлегі 20 жылға жуық өмірін қазақ топырағында өткізді. Биологиялық қару шығаратын құпия зауыт жыл сайын әлемге жүздеген мың тонна топалаңға (сибирская язва) төтеп беретін бактериялық қаруды тасымалдап отырған. Біз қадірін білмеген осы қарудың авторы отандасымыз Қанатжан Әлібековті бүгінде Америка жұртшылығы алақанға салып аялап отыр. Медицина және биология ғылымдарының докторы, профессор Лепешкиннің айтуынша, сол кезеңде құпия аймақта 10 мыңға жуық ғалым қызмет еткен. Зауыт жабылғаннан кейін дарындылардың 40 пайызы Америка, Мексика, Бразилияға қарай «жылжыған». Қазір олардың батыс елдерінде қол қусырып қарап отырмағаны ақиқат. Биоқаруға қатысты жобалармен айналыспай жүргеніне тағы кепілдік бере алмаймыз. Кезінде тек кеңес үкіметі, оның ішінде Қазақстанда ғана үстемдік еткен биоқару технологиясы бүгінде әлем бойынша үш мемлекетте - Ресей, Америка және Иракта тіркелген. Ал бұл елдердегі ғалымдардың дені еңбек жолын Степногорскіде бастағандар. Егер аталмыш зауытты сақтап қалғанда Лепешкин мырза Ресейге, Әлібеков Америкаға кетпес еді.

        Биотехнологияны бірсыпыра әлемдік маңызды мақсаттарға пайдалануға болады. Мәселен, қазіргі таңда жер шарын шыр айналдырған ауру көп. Соның бірі ғасыр дертіне айналған СПИД індеті. Бүгінгі күні жаһан ғалымдары осы індетке төтеп беретін биоқару түрін таппай шарқ ұруда. Кім білген, мұның түйінін шешу шет елде жүрген Қанатжан сияқты қазақ ғалымының пешенесіне жазылуы бек мүмкін.  

Ғалымдардың жалақысы қанша?

 

      Ресейде «Ученые в сегодняшней России - неудачники» деген жаттанды тіркес қалыптасқан. Біз де осының айналасынан аса алмаймыз. Көршіге күлетін күнге жеткен жоқпыз. «Эврика» деп айқайлауға әлі де жағдайымыз жар бермей жүр. Аспиранттарға 20 мың теңге төлеп, арқаға қағатын Қазақстанның ғылымның майын ішкен оқымыстыларды да жарылқап жатқаны шамалы.

       Бүгінде біздің елдегі ғалымдардың жалақысы жүз мыңға да жетпейді. Бұл тек Қазақстанды жайлаған олқылық болмай тұр, посткеңестік елдердің барлығының мұңы бір. Жалақы мәселесінде өзгелерге үлгі боларлық орыс империясының да жағдайы мәз емес. Мәселен, шаң басқан зертханада қатерлі ісікке қарсы вакцинаның түйінін тарқатуға тер төккен орыс ғалымының ай сайын алатын айлығы 450 рубль. Ал күнделікті дәл осы кәсіпті қайталайтын оның шетелдік әріптесі айына 8,5-10 мың долларды қалтаға басады. АҚШ пен Канадада мықты программистердің жалақысы орта есеппен 9-10 мың доллар. Ал талантты ғалым-теоретиктер мен инженер-конструкторлардың бір айда 20-25 мың көкқағазды шытырлатып санауға мүмкіндігі мол. Ресейде кіші ғылыми қызметкер 13 мың рубль алады. Жетекші ғылыми қызметкердің жалақысы  - 40 мың рубльге дейін жетеді. Мұның өзі біздің кішігірім оқытушылардың түсіне кірмеген ақша. Орыстілді ғалымдарды елге жинауға білек түрген солтүстіктегі көршіміз академик деген атаққа төленетін ақшаның өзін 800 долларға көтерді. Университет профессорының атағына қосымша 1000 доллардан төленеді. Биылдан бастап Ресей президенті Дмитрий Медведев ғылым академиясының басшысына 5 жыл көлемінде орыс ғалымдарын баспанамен толық қамтып шығуға тапсырма берді. Орыс мемлекетінің басшысы бүгінде Калифорнияның күніне қыздырынуға қызықпай, отандық ғылымды дамытуға қомақты үлес қосып келе жатқан жас ғалымдардың әлеуметтік мәселесін шешуге құлшына кірісуде. Соның өзінде олардың ғылым саласына «құйып» жатқан қаржысы өзге елдерден әлдеқайда төмен. Атап айтқанда, АҚШ-тан - 13, Финляндиядан - 9, Ұлыбританиядан - 6, Испаниядан - 2 есеге кем. Ал бұл көрсеткіш біздің елде былайша түзіледі: АҚШ-тан - 20, Финляндиядан - 13, Ұлыбританиядан - 9, Испания мемлекетінен - 4 есеге төмен.

      «Милы бастарды» өздеріне «икемдеуге» ұмтылып жатқан алпауыт мемлекеттер мықты мамандарды көл көсір ақшамен «сатып» алуға ниетті. Мәселен, орыс оқымыстыларына қызығушылық танытып жүрген немістер олардың айтқан сомасына қарсылықсыз келісіп отыр. Германияның Гейдельберг қаласындағы атышулы Макс Планка институты ресейлік жас ғалымдарды бүкіл салықтан босатуға бар. Оның үстіне қазіргі жалақысынан екі есе көп қаржы ұсынуда. Ирландия үкіметі докторлық диссертациясын дәл осы елде қорғауға ынталы жас ғалымдарға 5 жыл бойына 1 миллион евродан төленетін президенттік стипендия тағайындады. Мұның астарында «әйдік» саясат жатыр. Инженерлік және технологиялық ғылыми орталықтардың бағдарламаларына ирландықтар 25 миллион евро босатқан. Бұл сома 5 жылды қамтуы тиіс.   

      Ғалымдарын демеуге Украина да белсенділік танытуда. Ғылыми конференциялар мен басқа да маңызды жобаларға Украина үкіметі жыл сайын 2 млн. евро шығындайды. Ал мұндай жобаларды қаржыландыруға келгенде қолы ашық АҚШ бұдан үш жыл бұрын ғылыми зерттеулердің өзіне 30 млрд. доллар бөлген-ді. Ресейліктер бұл бағытқа 2 млрд. шетел валютасын жұмсаған. Бүгінде ғылым саласын көтеруге Ресей мемлекетінің бөліп отырған қаржысы ІЖӨ-нің 2,8 пайызын құрайды. 2010 жылы орыс үкіметі мұның көлемін 4 пайызға жеткіземіз деп отыр. Алпауыт Америка мен Жапонияда бүгіннің өзінде 4 пайызға жетсе, Израильде - 5 пайыздан асып жығылады. 

      АҚШ-тың Ұлттық Ғылым Академиясына ел бюджетінен жылына 164 млн. доллар бөлінеді. Бұл бағытта Француз Академиясы ортақ қазынадан 70 млн. евро көлемінде ақша алады. Ал бізде ше? Жығылғанға жұдырық болып, посткеңестік елдердің ішінде мүйізі қарағайдай Ұлттық Ғылым Академиясына ғылымды басқару құқынан ертерек айырған мемлекет Қазақстан мен Түркменстан ғана. Экономикалық ахуалы бізден әлдеқайда артта қалған Тәжікстан, Қырғызстан, Армения мемлекеттері  100 доллардың ар жақ бер жағында зейнетақы алса да, ғылыми орталықтарына бағынышты. Өйткені бұл елдерде оқымыстыларға деген құрметтің «оты сөнбеген». Сол үшін де олардың ғылымы шіренген шенеуніктердің нұсқауына бағынбайды, керісінше, ғалымдардың айтқанымен жүреді.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475