Мектеп бағдарламасында бала құқығын қорғау пәні жетпей тұр
Апта бойы саясаттың көрігін қыздырып, (қайсыбір елдің парламенті секілді жаға жыртыспаса да) елдің дамуы үшін дамыл таппайтын Мәжілістің отырыс залы кеше мерекелік көңіл күймен әрленіпті. Балаларды қорғау күніне орайластырылған халықаралық конференция барысында елдің болашағы жайлы сөз қозғалып қана қоймай, сол балғындардың өнерін тамашалауға да уақыт берілді. Сондықтан да мұны Мәжілістің тарихындағы ерекше күнге баласа да болады.
Бұл күні Мәжіліс қабырғасында «Заңнама және тәжірибедегі қазақстандық балаларды жан-жақты қорғау жолында» тақырыбымен халықаралық конференция ұйымдастырылып, бүгінгі Қазақстандағы бала құқықтарының қорғалу жайы талқыға түсті. 1 маусым, бір жағынан, балалар мерекесі болғандықтан болар, конференцияда сөз алған Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева әңгімесін жағымды жайттан бастады. «Қазақстан - жастардың мемлекеті» дегенді жиі естимін. Дегенмен мұны «Қазақстан - балалар мен жасөспірімдердің елі» деп атағанымыз дұрыс. Бүгінгі таңда біздің елімізде 2 млн 254 мыңнан астам мектепке дейінгі жастағы бала және шамамен 2 млн 517 мыңнан астам мектеп жасындағы бала бар», - дейді өз пікірін нақты сандармен дәйектеген депутат Д.Назарбаева. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында ғана республикамызда 902 400 бала өмірге келді. Бұл - 2011 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары әрі қазірдің өзінде Қазақстандағы балалар саны күн сайын өсіп отырғандығын көрсететін қуанышты көрсеткіш.
Әлбетте, мұның бәрі мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралардың жемісі болса керек. Өйткені бала құқығын қорғау тұрғысынан еліміздің бірқатар табыстарға қол жеткізгенін өзгелер де айтып отыр. Мысалы, «сырт көз - сыншы» деген қазақтың мәтеліне салып, ел дамуын бақылап отырған шетелдіктердің бірі - ЮНИСЕФ өкілі Джун Кукитаның пікіріне құлақ түрсек, біздің еліміздің соңғы 20 жылда әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар, балалар құқығына қатысты қоғамдық таным мен білім бағытында да айтарлықтай ілгерілегенін алға тартады. Бұл балаларға жағымды жағдай қалыптастырудағы мемлекеттік практикалар мен стандарттарды айтарлықтай жақсартуға септігін тигізген. «Қазақстан балалар құқығын қорғауда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Мәселен, мен мұндай аса маңызды жетістіктің тек 10 бағытына ғана тоқталсам, жеткілікті. Біріншіден, Балалар құқығын қорғау конвенциясына сәйкес, олардың құқығын барынша тиімді қорғау бойынша Қазақстан 100-ден астам нормативтік-құқықтық құжатты қайта қарап, қабылдады. Балалар құқығын өңірлік деңгейде кеңейту үшін Қазақстанның 17 қаласы «Балалар үшін дос қала» бастамасына қосылды. Бұдан бөлек балалардың ойлау қабілетін жоғары дамытуға қатысты игі қадамдарды да жүзеге асырды. Қазақстан балаларды мүгедектіктен қорғауға баса назар аударды. 2006-2011 жылдар арасындағы мектепке дейінгі біліммен қамту екі есеге артып, қазір 40 пайызды құрап отыр», - дейді Джун Кукита балалардың игілігі үшін атқарылып жатқан игі істерді санамалап.
Джун Кукита сондай-ақ Қазақстанда соттар барысында балалардың құқығын қорғау бойынша ювениалды жүйе енгізіліп, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданғанын, сол арқылы мүгедек балалар ұдайы мемлекет назарына алынғанын да атап өтті.
Дейтұрғанмен балалар құқығын қорғау, оларды түрлі әлеуметтік қатерлерден сақтау ісін мүлде кемшіліксіз деуге тағы ауыз бармайды. Мұны ЮНЕСКО өкілі ғана емес, Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров те айтып отыр. Мәселен, А.Шәкіров елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық деректері әлі де кездесетініне, өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының көбейгеніне де қынжылыс білдіреді. Оның айтуынша, еліміздің білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесіндегі бірқатар мекемелерге арнайы жүргізілген зерттеулер барысында балаларға зорлық көрсету фактілері анықталған. Осындай жайттарға назар аударған ол мектеп бағдарламасына арнайы пән енгізуді ұсынады.
«Республикада балаларды қорғаудың берік әрі ілкімді тетіктері құрылған. Алайда өскелең ұрпақты патриоттық дәстүр, отбасы мәртебесін нығайту, мектеп пен отбасы және қоғамның өзара әрекеттестігі бағдарында тәрбиелемейінше бұл міндетті іске асыру қиын. Сондықтан мектеп бағдарламасына арнайы бала құқығын қорғау пәнін енгізу мәселесі назар аударуға тұрарлық деп ойлаймын», - дейді Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров.
Автор: Қанат ҚАЗЫ
"Алаш айнасы" газеті