Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Дат 6321 18 пікір 16 Тамыз, 2021 сағат 19:13

Билік назарына: Қуатты соттау - тіл мәселесін шешпейді!

Қазақ азаматтарының Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуі – қылмыс па? Сұрақты бұлай қоюымыздың себебі де жоқ емес. Соңғы үш-төрт күннің ішінде Қазақстан мен Ресей арасында тіл дауы қайта өршіді.

Ресейлік және өзге де орыс тілді ақпарат құралдары «Қазақстанда ұлтшылдық белең алып барады. Орыстар мен орыс тілділерге қысым күшейді», - деген арандатушы ақпаратты отқа май құйғандай қыздырып әкетті. Кремль айналасына топтасқан орыс саясаткерлері Ақорданы атап көрсетіп, ОА-дағы, оның ішінде «Қазақстандағы орыс тілінің мүддесі» жайлы сөз етіп жатыр.

Ақорда да үнсіз қалмады. Дәурен Абаевтың «үңгірдегі ұлтшылдық» туралы сөздері қазақ қоғамында қызу талқы болды.

Осыдан кейін мемлекеттік тілдің, қазақ тілді тұтынушылардың құқын Заң шеңберінде қорғап жүрген қоғам белсендісі Қуат Ахметовке қарсы ақпараттық шабуылдар басталды. Ресей Сыртқы істер министрлігі Қ.Ахметовке РФ аумағына кіруге 50 жылға тыйым салды. Ал белгілі заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желіде «Тіл майданы» қозғалысының жетекшісі, қоғам белсендісі Қуат Ахметовтың үстінен әлдекімдер ҚР ҚК-ның 174 бабы бойынша шағым түсіргенін және арыз түсіруге үндегенін айтып дабыл қақты.

Сонымен, арыз жазған кімдер? Тіл мәселесі қоғамдағы наразылықты өршіте ме? Ресей билігінің рейтингі мәселесі мен Ұлттық санақ арасында байланыс бар ма? Өзгенің ықпалымен өз азаматтарымызды соттау соңғы 30 жылдағы тіл мәселесін шеше ме?

Біз заңгер Абзал Құспан мырзаға хабарласып, аз-кем сұхбат жасадық. Істің мән-жайын сұрап білдік.


Заңгер Абзал Құспанның жауаптары:

Ресей ықпалымен өз азаматтарымызды соттау – Тәуелсіздігімізге қатер төндіреді!

Орыстілді БАҚ пен Сергей Уткин сияқты заңгерлер «Тіл майданына» қатысты, Қуат Ахметов сияқты жігіттерге қатысты «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша тексеру жүргізу қажет деп мәлімдеме жасады. Оны Қазақстандағы орыстілді БАҚ жарыса жазып жатыр. Одан бөлек, белгісіз екі азаматтан ресми түрде ішкі істер органдарына арыз түскенінен хабардармыз. Онда дәл Қуат Ахметовтың және «Тіл майданының» үстінен 174-баппен іс қозғау туралы шағым түскен.

Енді бұл жағдайда біз неге назар аударуымыз керек? «Бесінші колонна» туралы әңгіме бұрыннан қозғалып келе жатыр. Ресейде осындай мәселе көтеріле ме, оның жаңғырығы міндетті түрде Қазақстанға жетеді. Жалғасын Қазақстаннан табады. Бұл өте бір қауіпті құбылыс. Ресейдің, бөтен мемлекеттің ықпалымен Марғұлан Боранбай, Данат Намазбаев сияқты өз азаматтарымыздың үстінен іс қозғатып, соттата берудің түбі жақсылыққа апармайды. Бұл Тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретін, Тәуелсіздігіміздің бар-жоқ екендігіне күмән тудыратын мәселе.

Қазақ тілінің мәселесі – принципті мәселе!

Тіл мәселесі қоғамдық наразылықты сөзсіз ушықтырады. Біз алдында жасаған мәлімдемемізде ашық айттық. Біз «Тіл майданының» жұмысын жалғастырмаймыз, біз одан әрі жандандыратын боламыз. Бұдан да үлкен ауқымда, бұдан үлкен қарқынмен жұмыс істейтін боламыз. Егер, Қуаттың үстінен іс қозғайтын болса, онда бәріміз соның артынан ерікті түрде барып, сотталуға дайынбыз.

Тіл мәселесі – менің өмірімнің мәні. Ең алғашқы қоғамдық жұмысым осы тіл мәселесінен басталған. 2007 жылдан бастап айналысып келе жатырмын. Сондықтан бұл мен үшін принципті нәрсе. Өзін қазақ деп есептейтін барлық азамат үшін солай деп ойлаймын.

Ең қызығы – бұған қазір қазақ тілді емес, орыс тілді қазақтар көбірек атсалысуда. Әзірге көрініс таба қойған жоқ, бізге хабарласып жатқандар көп. Украина, Қырғызстаннан хабарласып, қолдау білдіріп жатыр.

Біздікі мәдениетті, заңды жол ғой. Біздің әрекетіміз біреудің көзін шығарып, тұмысығын бұзып мәдениетсіздікке бару емес. Қайта керісінше, біздің «Тіл майданының» жігіттеріне неше түрлі дөрекелік көрсетіледі. Оның бәрін алдын-ала ескертіп айтып отырамын. «Ешқандай дөрекілікке барып, күш қолданбайсыңдар. Тіпті, біреу ұрып жіберсе де, сендердің жұмыстарың келіп тиісті органдарға арыз жазумен шектеледі. Болды»,- деп айтып отырамын.

Енді осы жағдай Қырғызстандағы стакан лақтырған жағдайдан кейін өзекті бор шықты ғой. Бізде жігіттер ондай жағдайға бірде-бір рет жол берген емес. Сондықтан біздің бұл әрекетімізді Қырғызстан да өз тәжірибесіне енгізбекші.

 Ресейдің кезекті арандатуы

Ресейдің ішкі-сыртқы саясаты біздер үшін өте маңызды. Өйткені ол жақта бірнәрсенің дыбысы шықса, жаңғырығы міндетті түрде Қазақстанға жетеді. Және ол бізде қайталанады. Бұл жерде Ресейдің әдейі істеген шаруасы екенін біз түсініп отырмыз. Енді осыны нысана қылып алды да, шағыстыруды бастап кетті. Бұл жерде мен «Новая газетаның» жазғанымен келісемін. Олар: «Бұл Путиннің ежелгі саясаты. Олар осындай кезде сыртқы жау іздейді. Сол кезде орыс халқына жау болса болды. Ішкі мәселе ұмыт қалады», - деп жазды. Бұл сөзсіз. Бұған келісемін.

Тіл мәселесінде бір қадам да артқа шегінбейміз

Осы кезге дейінгі Қазақстанның саясаты үндемеңіздер, ұлттық мүддемізге келгенде тағы да артқа шегінейік, ең бастысы анау шешілсін, мынау шешілсін деп келе жатыр. Тіл мәселесі саудаға түсіп отырғаны бірінші рет емес. Мұны Дос Көшім ағамыз жақсылап айтып берер. Талай рет біз Ресейдің қас-қабағына қарап, сыртқы саясат, анау-мынау деп ұлттық мүдде мәселесінеде шегініп келдік. Осылай біз 30 жылымызды өткізіп алдық. Отыз жыл бұрын дүниеге келген бала қазір сақалы шыққан ер азамат болды. Отбасылы, балалы-шағалы. Олар қазақ тілі қажет емес деп есептейді. Ең қауіптісі осындай құбылысқа тап болып отырмыз.

Астанада, Алматыда көріп жатырсыздар. Аулада қазақ тілінде сөйлеп жүрген балаларды көрмейсіз. Сол 30 жыл бұрын дүниеге келген балалар мүлде қажеттілігін сезінбейді. Енді соны тағы да он жыл күтеміз бе, тағы 20, 30 жыл күтеміз бе? Өйтіп отырсақ біз мүлдем Тәуелсіз кезеңде тілдік қасиетімізден айырылып қаламыз.

«Ресей әдейі ұйымдастырсын», «Ол соғыс ашуы мүмкін», «Жеріміздің жартысын тартып алады». Біздегі құбыжық әңгімелер осы ғой?.. Оны маған айтпай жатқан адам жоқ. Арасында депутаттар да бар. Менің жасым 43-те. Мен 7-8 сыныптан бастап газет-журнал оқып келе жатырмын. Содан бері көріп, естіп келе жатқаным осы әңгіме. Мен ол кезде жай тұтынушы едім. Қашанғы біз шегіне береміз? Шегінудің де шегі болады.

Егер бізге Назарбаев немесе Тоқаев: «10 жыл уақыт беріңіздер, біз тілдік ахуалды түзейміз», - десе бір сәрі. Бірақ, олар олай айта алмайды ғой. Айтса да енді ешкім сенбейді. Сондықтан ендігі жерде мемлекет қандай сасяат ұстанатынын білмеймін, бірақ, біз тіл мәселесінде бір қадам да артқа шегінбейміз. Оны ашық мәлімдейміз.

Біздің азаматтарымыздың сотталып кетуі әбден мүмкін

Біз бұл мәселеде «Тұтынушылар құқығын қорғау» туралы Заңды орындап отырмыз. Бұл жерде он жерден тырысса да 174 баптың белгілері жоқ және шықпайды да. Бірақ, біздің билік егер арнайы тапсырма беретін болса, ешнәрсеге қарамай шығара салады.

Мысалы, Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбаевтың жазған постарында 174 баптың белгілері жоқ. Қайта оларға қарсы жазып жатқан «жәбірленушілердің» әрекеттерінде 174 баптың белгілері бар. Юриннің әрекеті, мысалы. Бірақ, соған қарамастан Юриндер, Аружан Саиндар жәбірленуші болып отыр. Ал, біздің азаматтарымыздың сотталып кетуі әбден мүмкін. Бұл абсруд. Бірақ, бізде мұндайға таңқалудың қажеті жоқ...

Үш ай бұрын біз Қуат Ахметовтың «You Tube» каналының аккаунты бұзылып, бүкіл мәліметтер жоғалып кетті. Оның ішінде менің 15-ке жуық видео сабақтарым бар. Әрбір сабағымда «Тіл майданына» қатысты айтамын: мәдениеттілік, дауыс көтермеу, балағаттамау, тек қана заң шеңберінде әрекет ету... Бірақ, ол видео сабақтарымды қазір қайтадан түсіріп жатырмын. Пәленбай жылдық жұмыстарымыз өшіп кетті. Шабуылдың қайдан болғанын анықтайтын мықты маман бізде жоқ.

Сайлау мен санақтың технологиясы бір

Бұл әрекетті халық санағымен байланыстыра алмайды екенмін. Ол үшін мұндай сцена ұйымдастырудың қандай қажеті бар? Өйткені санақ жұмысы біз қаласақ та, қаламасақ та еркімізден тыс болады. Қанша жерден бақылауда ұстаймыз десек те, бақылай алмаймыз. Сайлау сияқты ғой. Сайлау мен санақтың технологиясы бір. Ең соңында отырған адам қандай цифр береді біз соған сенуге мәжбүрміз. Ал, жалпы санақта қазақ тілділердің санын кемітіп көрсетеді деген әңгіменің айтылып келе жатқаны бірінші рет емес. Және ол тегін әңгіме емес. Біз оның кімнен қай жақтан шыққандығын білеміз. Және шындыққа сәйкес келмейтіндігін өзіміз де көріп жүрміз. Бірақ, ол үшін мынадай сцена ұйымдастырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Тіл мәселесі жарылайын деп тұрған бомба

Мен қазақ тіліне қарсы науқан басталды деп ойламаймын. Саналы түрде қазаққа қарсы науқан басталды деп есептемеймін. Бірақ, осы ойды жалғастырайын: Жылдар бойы қалыптасқан дағды бойынша, Қазақстанның билігі Ресейдің алдындағы өзінің адалдығын дәлелдеп жатыр. Бұл бірінші рет болып жатқан жағдай емес.

Бірақ, Қазақстан билігі қазір қоғамның өзгергенін, әсіресе қазақ тілді ортаның өзгергенін аңғара алмай қалды. Қателеспесем, 2018 жылы мен айттым: «Кез-келген уақытта, кез-келген қазақ тілді ортадан шу шығады. Өйткені ол жарылайын деп тұрған шиқан».  Ол тұрғын үй мәселесі болсын, жер мәселесі болсын, сапасыз өмір бар, тіл мәселесі бар осының бәрі қазақ тілді ортаның әбден шамына тиіп тұр. Мысалы, Қарағанды оқиғасы болардан екі күн бұрын сайтқа шықты. «Мен білмеймін қазір, қай өңірден қандай нәрсе бұрқ ете қаларын. Бірақ, қазақ тілді орта қазір буырқанып отыр. Кез-келген уақытта көтеріле алады. Және оны билік түсінбейді», - деп айтқам. Артынша, екі күннен кейін Қарағандыда халық көтерілді. Қарап тұрсаңыз тұрмыстық мәселе ғой, бір қазақты өлтіріп алды. Армян жігіттерінің арасында болған жағдай. Орыстілді деп есептейтін Қарағандыда көшеге адам сыймай кетті. Ал, мұндай мәселе қазақтілді деп есептейтін Шымкентте не болады? Қызылордада не болады? Батысты мүлде айтпай-ақ қояйық. Алматыда не болады?

Тіл мәселесі ол – оңай мәселе емес. Мұны анық білу керек. Қарағандыдағы мәселемен салыстырып отырмын. Ол сол жердегі азаматтардың шамына тиген мәселе, қазақтың азаматын армян өлтіріп тастады деген. Ал, тіл мәселесі Қазақстанның барлық өңірі үшін әбден пісіп, жетіліп, жарылайын деп тұрған бомба. Бұл бомбаны қозғамай-ақ, қойсын. Қуатты соттап, Абзалды арандатып бұл мәселені шешеміз деу үлкен қателік. Онда олар үлкен механизмді іске қосып жібереді.

Орыс жерді басып алар, бәлкім алмас, бірақ, енді қазақ тілді орта бұл мәселеде билікке қарап отырмайды. Бұл жер мәселесінен артық болмаса, кем болмайды.

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1553
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3347
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6207