Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2759 0 пікір 12 Шілде, 2009 сағат 18:13

Нұрмұхаммед Мамырбеков. Өмірден түңілген қазақтар көбейіп бара жатыр

 

 

Алматы қалалық тұрақты орны жоқ адамдарды бейімдеу орталығы қаламыздағы жалғыз орталық болғаннан кейін оны паналайтындардың саны өте көп. Алайда орталықтың қазіргі жағдайы сын көтермей тұр. Бұлай деуімізге себеп, 130 адамға арналған мекеме кей мезгілде 200-ден астам адамға дейін қабылдауға мәжбүр болады. Бір сорақысы, олардың бір бөлігі жылу жүйесі, дәретхана, жуынатын жері жоқ, адам тұрғысыз бөлмелерге орналастырылады. Соңғы жылдары қожырадай ескі мекемені сая тұтып келетін қарадомалақтардың да қатары артқан. Олар осында бұқпантайлап келіп, өз ағымдарын насихаттайтын өзге діни ұйымдардың арбауына түсіп жатыр.
Орталықтың ауласына кіріп барғанда көзіміз бірден ескі ғимараттың алдында топтанып отырған адамдарға түсті. Мұнда бірінші рет аяқ басқан адам қарттар үйіне тап болдым деп ойлауы мүмкін. Себебі топтанып отырғандардың көбі шау тартып қалған кәрілер.
«2001 жылы салынған мекемеде қазіргі күні 100-ден аса адам тұрады. Осы жылдың алты айында 375 адам қабылдадық, былтырғы жылы 608 адамды паналатқан едік. Мұнда, әсіресе қыстың күні келетіндер қатары көп. Аяқ киімі, жылы тоны жоқ адамдарды сыртқа теуіп тастауға дәтіміз шыдамайды. Сондықтан қақаған аязда үсіп қалмауы үшін 130 адамға арналған орынға 200-ден астам адамды жатқызамыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын базбіреулер орталықтың жанынан 150 орынға арналған жатақхананың құрылысын бастаған. Ол екі-үш жылдан бері қаланып бітпей, қаңтарылып тұр. Артық адамдарды қолдан жағдай жасап, сонда жатқызамыз. Бізге қарапайым дәретхана табудың өзі қиын, бірнеше күн бұрын «биотуалет» алайық деп ойлағанбыз, бірақ оны еш жерден таппадық. Енді дәретхананың орнына шелектерді пайдаланып жүрміз»,- дейді орталық директорының орынбасары Гүлнар Сүлейменқызы.
Соңғы алты айда мекемеге 279 ер адам, 96 әйел қабылданған. Олардың ішінде жазасын өтеп келгендердің саны 43-ке жеткен. Мұндағы қазақтардың қатары да жылдан-жылға көбейіп жатыр екен. Алты айдың ішінде мекемеге 120 қарадомалақ түскен. Г.Сүлейменқызының айтуынша, орталыққа әртүрлі діннің өкілдері келіп, уағыздарын жүргізеді. Тамақ, киім берген болып, ашық түрде адамдарды өз діндеріне тартуға әрекет жасайды. Бір өкінерлігі, мұнда Ислам дінін уағыздайтындар бас сұқпайды. «Мен осында бірнеше жылдан бері жұмыс істеймін. Осы уақыт ішінде Алла жолын, Пайғамбар хадистерін насихаттап келген адамдарды көрмедім. Өткенде бір адамдар көмек көрсетеміз деп уәде беріп еді, бірақ сол кеткеннен молынан бір-ақ кетті», - дейді Г.Сүлейменқызы.
Біз Бомж атайтын адамдарды қаланың кез келген бұрышынан кезіктіруге болады. Әрине оларға қарап қоғамды кінәлай алмайсың. Психологтардың айтуынша, Бомж-дың басым бөлігі әлеуметтік жағдайдың дұрыс болмауынан, араққа салынудан осындай күйге түседі екен. Ал оларды қайта тәрбиелеп, оң жолға түсіру кімнің болсын қолынан келмейді. Тұрақ орны жоқтар мекемесінде осыған дейін 32 қызметкер жұмыс істеген. Былтырғы жылы 60 адамға дейін орын берілді. Алайда жалақының аздығынан, есесіне жұмыстың ауырлығынан бұл орындарға мамандар толмай тұр. Келген мамандар бір-екі күннен кейін тұрақтамай қайта кетіп қалатын көрінеді. Бұл жердегі тағы бір кілтипан, Бомждардың көбісінің құжаттары болмайды. Ал оларды жасатуға министрліктен ақша бөлінбейді екен. «Құжат жасату үшін кемінде 2000-3000 теңге керек. Бұл ақшаларды жинауға Бомждардың шамасы келмейді. Сондықтан біз өздеріңіз сияқты келген-кеткен адамдардан ақша сұраймыз. Әрине кейбіреулері көшеде қайыр тілеп, ақша жинайды. Алайда құжат дайындап болғаннан кейін жұмыс, не баспана табылмай, қайта ішіп кетеді», - дейді директордың орынбасары.
Ғимараттан сыртқа шыққанда алқа-қотан жайғасқан шал-кемпірлер әлі отыр екен. Бізге жалтақ-жалтақ қарайды. Әжім торлаған жүздерінен өкініш пен реніш, не нәрсеге болса мойынсұнатын шарасыздың табы байқалады. Бұл жер маған үйсіздердің баспанасы емес, астанасы сияқты көрініп кетті!
Марат ҚАСЫМҰЛЫ:
- Бұл орталықта жатқаныма бір жылдай болды. Алматы облысында туылып, өстім. Әйелім ішімдікке салынып, содан екеуміз ажырастық. Тағдыр соқпағымен осы жерді паналауға мәжбүр болдым. Екі ұл, бір қызым бар. Қызым Семей қаласына тұрмысқа шықты. Кіші ұлым әйеліммен бірге, үлкен ұлым осы Алматыда тұрады. Өзім Алматы Денешынықтыру институтын тәмамдағанмын. 22 жыл түрлі оқу орындарында мұғалім болып қызмет істедім. Соңғы рет еңбек еткен мектебім - №103 гимназиясы. Ұл-қыздарымның қасына барып тұрмаймын, өзім жұмыс істеп, бөлек үй сатып аламын. Диплом, барлық құжаттар дайын тұр. Қазір жұмыс іздеп жүрмін.

 

 

Николай КОРОТИЦКИЙ, Алматы қаласы тұрақ орны жоқ адамдарды бейімдеу орталығының директоры:

- Қалада әрбір оныншы адам тіркеуге тұрмаған. Мұндай азаматтар үйсіздер деп есептеледі. Олар өздерін Алматының тұрғындарымыз деп есептегенімен, Алматы оларды баяғыда-ақ жатсынып кеткен. Қазір қаламызда жалғызбасты аналар өте көп. Сондай-ақ күн сайын дүниеге сәбилер келіп жатыр. Алайда олар тіркеудің жоқтығынан, мемлекеттен тиісті көмекті ала алмай отыр. Олардың сәбилері тіпті қарапайым балабақшаға да бара алмайды. Менің ойымша, біз осындай азаматтарды тіркеуге алатын арнайы мекеме құруымыз қажет. Сонымен бірге әлеуметтік жатақханалар салынса жөн болар еді. Оны әрбір қаладан емес, әрбір ауданнан ашу керек.
Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің деректеріне сүйенсек, 2008 жылдың 9 айында Алматы территориясында тұрақ орны жоқ адамдардың 317 мәйіті табылған. Олардың 162-сі туберкулез, инфекциялық арулардан, 58-і сапасыз өнімдерден, 50-і ауа райының суықтығынан, 30-ы төтенше жағдайдан, 6-сы өз-өзіне қол жұмсап қаза тапқан. Осы уақыт аралығында баспанасыздардың қолымен 1169 қылмыс жасалса, олардың 437 ауыр қылмыстар екен. Панасыздар үйіне 4938 адам жатқызылған. Олардың 4678-і өзге елдің азаматтары болып шықты.

 


Нұрмұхаммед Мамырбеков
"Алаш айнасы" газеті 10 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475