Тәуелсіздік бәрінен қымбат: Ата Заң елдіктің кепілі
«Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды».
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан
Қазіргі аумалы-төкпелі дүниеде, талай ұлттар мен ұлыстар өзгенің тепкісін көріп, жат пиғылдың өгейлігін сезініп, жаутаңкөзге айналып, өз алдына ту тігу қол жетпес арманға айналған кезде Жаратқан жар болып мыңжылдықтар тоғысына таяу ежелгі өркениет мекені – Қазақия өз алдына Ел болып еңсе тіктеді. Ел болып ұйысудың басты шарты – Халықаралық дәрежеде мойындалған шекара тұтастығы, ел айбынын асырар әскері, ортақ мақсатқа ұйыстырар мемлекеттік тілі және елдің бүгінін ғана емес, ертеңін де кемелдендірер Ата Заңы!
Жалпы осы Заң дегеннің пайда болу төркініне, түбіне бір үңіліп көрсек. Біздің жаман ойымыз Заңның пайда болуының түбі ырым-тиымдарда жатыр дейді. Алайда, Заң белгілі бір қоғамның, мемлекеттің мүддесін көздей отырып жасалады. Егер жеке бастың мүддесін көздеп жасалса (тарихта ондай жағдай да болған) онда ол мемлекеттің іргесінің шайқалуына әкеп соғады.
Әлемнің кез-келген толыққанды елдерінің ешбірін мемлекеттік Конституциясыз елестете алмайсыз. Құдайы көршілері Еуропаның өзін көзіне іле бермейтін, тәкаппар ел – Англия орта ғасырлардағы арыстан жүрек Ричардтың кезінде қабылданған Заңдарын басшылыққа алады деседі. Осындайда ойға Шыңғысханның «Ұлы Жасақ заңын» былай қойғанда, Қазақ мемлекетінің ежелгі заңдары – «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» келеді екен. Тарихтың қойнауына үңіліп отырған себебіміз, Ата Заңымызда көрсетілгендей қазақ халқының ежелден-ақ мемлекет құрып, бір мақсатқа біріккен ел болғанын айта кету еді.
Ерте дәуірлерде адамзат ру-тайпа боп біріге бастағанда өздеріне ортақ қағидаттарды ұстанды. Ру ішінде белгілі бір тәртіп болды, ұстаным болды. Соған орай тіршілік ортақ, намыс ортақ еді. Қандай да бір рудың әдет-ғұрыптық қағида-ережелері, салты әлсіресе ол рулар тарих сахнасынан біржола өшіп немесе басқа руларға сіңіп кетіп отырған. Міне осы кезде әдет-ғұрып заңының ережелері қалыптаса бастады. Одан кейінгі тайпалық одақтар, тіпті мемлекет пайда болу кезінде де ортақ намыс, ортақ қағида, адамгершілік ұстындары, қоғамдағы қарым-қатынас ережелері сақталып отырды. Ертеректе заңдарды «ата-баба жолы», «жөн-жосық» деп атаған. Осыған орай ел ішіндегі небір қиын дау-шарлар өз жөн-жосығымен, салтқа сай шешіліп отырған. Ондай заңды шығарушы ел арасынан іріктеліп шығып, өзін мойындата білген ғұлама ғалымдар мен дана билер болған. Сол даналардан қалған тағылымдар «үлгілі сөз», «аталы сөз» ретінде кейінгі ұрпақтарына бағыт сілтеп отырды. Әрине, заманына қарай заң-ереженің де өзгеріп отыратыны заңдылық. Өкінішке қарай ежелгі сақтар заманын былай қойғанда, Түрік қағанаты кезіндегі Заңдар да бізге беймәлім. Тек Елжау би, Нән би, Тоныкөк, Оңқай би, Аяз би, Төбе би, Майқы би айтқан сөздер ғана үзік-үзік боп жетіп отыр.
Біз жоғарыда билік құру үшін өрен шешендік керек дедік. Ол Қазақ даласында ғана емес, көне дүниенің бәріне тән ұстаным еді. Қазақ даласының перзенттері Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Қорқыт ата, Жиренше шешен, Асан Қайғылар, одан кейінгі иісі қазаққа билік айтқанТөле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер де ежелгі Сократ, Цицерон, Эсхил және т.б. тұлғалардан шешендігі жағынан да, даналығы жағынан да кем түспейтін еді. Дала билерінің басты ұстанымы «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «би екеу болса, дау төртеу болады», «билік әділ болмаса, халықтың берекесі кетеді» деген қағидаттар еді. Дауға билік айтарда хан мен қара деп бөлмей, бай мен кедей деп екшемей таразысы – әділдік болған билердің шығарған заңдары мен қағидалары халыққа жақын және түсінікті болатын. Себебі, олар халықтың ортасынан қайнап шыққан құрыштар еді. Екі би дауға түскенде ортақ мәмілеге келе алмаса төбе биге жүгінетін. Тарихтағы қандай би болмасын жүгінер таразысы – ар соты еді.
Одан кейін дәуір ауып, бастағы бақ құсы ұшып, кешегі өр ел еңсесі езілген халыққа айналды. Қазақ атқа мініп, садақ тартып жүргенде Еуропаңыз өндірістік төңкеріс жасап, даму жолына түсіп қана қоймай, әлсіз елдерге аранын аша түскен. Сол кезде еуропаның шарапатымен дамып, күшейіп алған патшалық Ресей өз боданы – Қазақ жерінде заң ғылымын зерттейтін ғылыми-зерттеу мекемесі тұрыпты, оқу орындарын да ашпады. Тек 19 ғасырдың соңына таман қазақ жастары Петербор, Мәскеу және Қазан университеттерінің заң факультеттерінде оқып, білім ала бастады. Б. Қаратаев, Ж. Ақбаев, М. Шоқай жәнет т.б. тұлғалар алғашқы қарлығаштар еді. Бодан бола отырып отарлаушы елдің алдында халқыңның мүддесін қорғау үшін солардың заңын да, тілін де, болмысын да жақсы білуің керек қой. Жоғарыда аталған азаматтар бұл үддеден шыға білді. Олар тек Заң білімін алып қана қоймай еліміздің әдет-ғұрып заңдары мен тұрмыстық салт-дәстүрлерін де зерттеп, ел өміріне қолданбақшы болған сыңайлы. Алайда, ол кезде оқ кірістен шығып кеткен, отар елдің ата жолын ескеруші адам болсын ба?
Ақ патшаның басынан бағы ауып ол шіркін Кеңестердің басына қонғанда Қазақ халқының заңдық жүйесі толықтай кеңестік заң жүйесіне бағынды. Ал, ежелгі жөн-жоралғылар ескіліктің қалдығы ретінде күресінге лақтырылды. Сөйтіп, ежелден өзінің заңдық қағидаттары бар ел бүтіндей еуропалық заң жүйесіне кіріптар боп шыға келді. Тамыр үзілді, мәңгүрттенудің алғышарты қаланды.
1926 жылы сол кездегі астана – Қызылорда қаласында әуелі заң қызметкерлерін дайындайтын курс ашылып, артынан ол екі жылдық заң мектебіне айналды. Ал, 1934 жылы Алматыдағы Кеңес құрылыс институты Қазақстанда заң білімін дамытуға сеп болды дейді. Себебі, 1938 жылы осы институт негізінде алғаш Заң институты құрылып, артынан 1955 жылы ҚазМУ-ң құрамына Заң факультеті боп енгізіліпті. 1972 жылы Қарағанды университетінде еліміздегі екінші заң факультеті ашылды. Алғашқыда заң мамандары ғылыми жұмыстарын Мәскеу, Ленинград қалаларында қорғаса кейінірек елімізде ҚҒА-ң Философия және құқық институты ашылып кандидаттық, докторлық диссертациялар өзімізде де қорғала бастады. Қазақ заң ғылымының негізін салған ғалымдар ретінде С. Зиманов, Т. Күлтөлеев, Ғ. Сапарғалиев, Г. Тайманов, С. Сартаев және т.б. тұлғаларды атай аламыз. Олар кеңестік Қазақстанда заң ғылымының мектебін қалыптастырды.
Тәуелсіз Қазақ Республикасы 1993 жылдың 28-ші қаңтарында өзінің алғашқы Конституциясын қабылдады. Дегенмен, көне кеңестік сораптағы Заң жаңа демократиялық мемлекеттің, жаңа қоғамның өмір талабына сай келмегендіктен, одан екі жылдан кейін жас мемлекеттің өзіндік ұстанымдарын көрсететін жаңа Заң қолданысқа енді. Қазақстан халқының үштен бірі талқылауға қатысқан жаңа Конституция 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум арқылы бекітілді. Референдумға қатысқан 90 пайыз сайлаушылардың 81 пайызы Конституцияны жақтап, дауыс берді. Өздерінің мүддесіне сай қабылданған, солардың құқығын қорғайтын Ата заңның авторы ретінде Елбасының бастауындағы бүкіл халық деп жасқанбай айтуға болады. Ол туралы Елбасымыздың өзі: «Көптің сөзі киелі», - дейді дана халқымыз. Ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы. Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды», - деген үлкен баға берді. Ата Заңымыздың кіріспесінде: «біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде (ерекшелеген біз, автор) мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз», - деп мақсатымыз айқын көрсетілген. Бұл біздің қазіргі қоғамдағы азаматтарға артылған міндет, болашаққа қалдырар аманатымыз.
Қазақстан әлем алдында өзін демократиялық мемлекет деп жариялады. Ал, оның негізі құқықтық мемлекет болып табылады. Ал, сол құқытық мемлекет ретінде қалыптасу үшін заманауи, сапалы заңнама, оны сайма-сай қолдану және құқықтық сана деген негізгі үш тұғыр қажет екен.
Республика халқы Кеңестік кезеңде мүлде армандап та көрмеген көптеген игі істер осы Ата Заңымыздың арқасында жүзеге асып жатыр. Солардың қатарында өшкенімізді жандырып, тарихымызды таразылауымызды ерекше атап көрсету қажет. Әсіресе, өз алдына ел болғалы ұлттық мәдени мұраларымызды жаңғырту ісі түбегейлі қолға алынды. Себебі, қандай бір халықтың ұлылығы оның жерінің кеңдігі, байлығы, қисапсыз халық санымен емес, ең әуелі тереңге кеткен тарихи-мәдени тамырымен өлшенетіні, рухани, мәдени, ұлттық мұралар елдерді, халықтарды біріктіретін негізгі факторлар екені көзі қарақты адам баласының бәріне де белгілі жайт. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 1992 жылғы 2 шілдедегі №1448-ХІІ Заңы (кейінірек 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №288-VI Заңымен күшін жойды) мәдениет саласына соны бір серпін берді. Осы Заңның арқасында жас мемлекет өзінің мәдениет саласын жаңаша бағытта қарастыра бастады. Солардың қатарында бұрын Қазақстан тәжірибесінде болмаған дерлік «қорық-музей» деген ұғым пайда болып, тарихи-мәдени ерекше орындарда қорық-музейлер ашыла бастады. Қазақстан Республикасының мәдени саясаты туралы Тұжырымдамасының жобасында елдің шетінде, желдің өтінде орналасатын қорық-музейлер туралы арнайы құқықтық статус қарастырылып, ол туристік кластерді дамытудағы негізгі салалардың бірі болуы керектігі көрсетілген. Әрине, оны қалай дамыту жөніндегі ұсыныстар мен қорық-музей айналасындағы шешілмей келе жатқан түйінді мәселелер де да осында көрініс тапқан. Оның бәрі жеке қарастырылатын күрделі мәселе.
Жазбаның соңында барша отандастарымызды Тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің белгісі, бостандығымыздың кепілі – Ата Заң күнімен құттықтай келіп, әлемдік демократиялық үрдістердің барша талаптарына жауап бере алатын Заңымыз бар, енді сол Заңды сақтап, қорғап, мүлтіксіз орындайтын қоғамымыз болсын деп аяқтағымыз келеді.
Досым Зікірия,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени
қорық-музейі директорының орынбасары
Abai.kz