Сенбі, 19 Қазан 2024
Жаңалықтар 6497 0 пікір 12 Маусым, 2012 сағат 07:12

Мұхтар Қожа. Хан Абылай қай жылы дүниеге келген?

Абылай ханның қай жылы дүниеге келіп, қай жылы өмірден өткені әдебиетте әртүрлі  көрсетіліп жүр. Орыс тарихшысы А.И. Левшин 1832 жылы басылған кітабында «Абылай 1781 жылы Ресей шекарасына келе жатқан жолында 70 жасында қайтыс болды» деп жазса, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Абылайдың дәл қай жылы кеткенін біле алмадым, олай да болса қисыны 1788 жылының орайы болар» деп жорамалдайды. Ал қазіргі заманғы оқулықтарда (нақты айтсақ, 2010 ж. 5 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихынан әңгімелер» атты мектеп және жоғары оқу орындарына арналған «Қазіргі Қазақстан тарихы» атты оқулық кітаптарында) Абылай 1711 жылы дүниеге келіп, 1781 жылы  дүние салған деп көрсетіледі. Кейбір зерттеушілер  Абылай 1713 жылы туылған деп санайды. Осы көрсетілген  жылдардың  қайсысы  дұрыс?

Тарих ғылымының сүйенері - тарихи дереккөздер, байырғы құжаттар. Қазірге дейін  Абылай 1711 жылы туылды деп нақты көрсететін көнекөз құжат, жазба дерек табылған жоқ. Тарихшылар Абылайдың туылған жылын белгілеуде оның дүниеден өткен жылынан жасаған жасын шегерумен шығарады. Сондықтан біздің тақырыбымыз үшін оның қайтыс болған уақытын  дәл  анықтау маңызды. ХІХ ғасырдың орыстілді тарихи әдебиетінде Абылай 1781 жылы қайтыс болды делінеді. Бұған қазақтың атақты ханының қайтыс болғаны жөніндегі  хабардың орыстарға 1781 жылы  жеткені  арқау  болған.

Абылай ханның қай жылы дүниеге келіп, қай жылы өмірден өткені әдебиетте әртүрлі  көрсетіліп жүр. Орыс тарихшысы А.И. Левшин 1832 жылы басылған кітабында «Абылай 1781 жылы Ресей шекарасына келе жатқан жолында 70 жасында қайтыс болды» деп жазса, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Абылайдың дәл қай жылы кеткенін біле алмадым, олай да болса қисыны 1788 жылының орайы болар» деп жорамалдайды. Ал қазіргі заманғы оқулықтарда (нақты айтсақ, 2010 ж. 5 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихынан әңгімелер» атты мектеп және жоғары оқу орындарына арналған «Қазіргі Қазақстан тарихы» атты оқулық кітаптарында) Абылай 1711 жылы дүниеге келіп, 1781 жылы  дүние салған деп көрсетіледі. Кейбір зерттеушілер  Абылай 1713 жылы туылған деп санайды. Осы көрсетілген  жылдардың  қайсысы  дұрыс?

Тарих ғылымының сүйенері - тарихи дереккөздер, байырғы құжаттар. Қазірге дейін  Абылай 1711 жылы туылды деп нақты көрсететін көнекөз құжат, жазба дерек табылған жоқ. Тарихшылар Абылайдың туылған жылын белгілеуде оның дүниеден өткен жылынан жасаған жасын шегерумен шығарады. Сондықтан біздің тақырыбымыз үшін оның қайтыс болған уақытын  дәл  анықтау маңызды. ХІХ ғасырдың орыстілді тарихи әдебиетінде Абылай 1781 жылы қайтыс болды делінеді. Бұған қазақтың атақты ханының қайтыс болғаны жөніндегі  хабардың орыстарға 1781 жылы  жеткені  арқау  болған.

Өткен ғасырдың үшінші ширегінде қазақ тарихына байланысты құнды деректер ғылыми айналымға енгізіле бастады. КСРО  архивтеріндегі құжаттар  «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары» атты  екі томдық  кітап  болып шықты. Аталған басылымның екінші кітабында Абылай ханның  қайтыс  болуын  хабарлайтын 1781 жылдың жазында Абылай ханның ұлы Уәлидің орыс патшасына жазған хаты және Ресейдiң Сiбiр шебiндегi әскербасының бұл жағдай жөніндегі Сыртқы iстер коллегиясына арналған рапорты  жарияланды. Орыс қолбасшысы  генерал-майор Н.Огаревтiң 1781 жылы мамырда жазған құпия рапортында өзінің бұрын да Абылай ханның қайтыс болғаны жөнінде хабар бергенін тілге тиек ете отырып: "Қазір де оның баласы Уәли сұлтан хат жолдап ... әкесінің алпыс тоғызға қараған шағында, жорық үстiнде ауырып, дүние салғанын хабарлады» - деп көрсетеді. Міне, осы құжаттар негізінде тарихшылар атақты ханның өлген жылын 1781 жыл деп санап келді. Тіпті 1982 жылы басылған Қазақ ССР тарихының 3 томында Абылай 1781 жылы майда Ташкентте 69 жасында қайтыс болды деп жазылды.

Алайда Ресей мұрағаттарындағы басқа да құжаттармен танысқан белгілі тарихшылар Р.С. Сүлейменов пен В.А. Моисеев орыс тілінде 1988 жылы басылған кітабында Абылай ханның 1781 жылы емес, 1780 жылы дүние салғанын көрсеткен болатын.  Алайда бұл пікір кейбір тарихшылар тарапынан күдік туғызды. Солардың бірі 1994 жылы жызылған зерттеуінде төмендегідей пікір айтты: «Егер Абылай хан шынында 1780 жылы қайтыс болса, онда жыл бойы оны патша ағзамға хабарламағаны болады ғой. Әрине ол мүмкін емес». Осыдан барып қазіргі заманғы түрлі басылымдарда, зерттеулерде Абылай ханның қайтыс болған жылы екі түрлі үлгіде, бірде 1780 жыл, бірде 1781 жыл болып беріліп келеді.

Одан бері тарих ғылымы ілгерілеп дамып келеді. Зерттеушілердің тынымсыз ізденістері барысында қазақ тарихына қатысты деректер қоры ХХІ ғасырда толыға түсті. 2007 жылы белгілі ғалымдар т.ғ.к. И.В.Ерофеева мен Б.Жанаев Абылай ханның қайтыс болуына байланысты архив қойнауында жатқан жаңа тарихи құжаттарды - Орынбор губерниялық кеңсесінің арнайы тексеру материалдарын ғылыми айналымға енгізді. Бұл құжаттарда Абылай ханның дүние салуы туралы көптеген тың мәліметтер бар.

Солардың бірінде, нақтырақ айтсақ, генерал-майор Н.Огарев  Сыртқы iстер коллегиясына 1781 жылы 22 сәуірде жазған рапортында «Абылай хан өткен күзде дүние салды және Түркістан қаласында жерленді» - деп көрсетеді. Орысшасы: «Облай-хан прошедшею осенью умер и похоронен в городке Туркестанте».  Ресей архивінде сақталған, баспа бетінде жарияланған осы біртоп құжаттарға  қарағанда ханның қайтыс болғаны туралы мәліметтер орыс әкімшілігіне 1781 жылдың ақпан айынан бастап келген. Наурыз айында түскен хабарларда Абылай ханды ташкенттіктер у беріп өлтірген деген мәліметтер де бар. Орысшасы: «... хан, находясь в Ташкении, умер, которого уверяют, ташкентцы окормили ядом». Бұл хабардың рас-өтірігін анықтау үшін қазақ даласына арнайы адамдар жіберілген. Солардың бірінде, дәлірек айтсақ, башқұрт старшинасы К. Казанбаевтан 1781 жылдың 17 тамызында жазып алынған мәліметте  Абылайдың өткен күзде дүние салғаны тағы да айтылады. Орысшасын келтірсек,  «Абылай-хан,  находясь в болезни целый месяц, подлинно помер натуральной смертию и похоронен в городе Туркестанте прошедшей осенью».

Ал кейбір тарихшылардың хан өлімі  туралы  хабардың  орыс әкімшілігіне   кеш жетуінің себебі не деген сауалдарына да жауап табылды.  Аталған құжаттардың бірінде Абылайдың баласы Шыңғыс сұлтанның  бұл жөнінде жазғы уақытқа белгіленген құрылтайға дейін орыстарға айтуға тыйым салынғаны жазылған: «Цынгис-солтан запрещает киргисцам о том российским людям объявлять до предбудущего их собрания в летнее время». Біздің оймызша, мұндай нұсқауды өлер алдында Абылай ханның өзі  беріп кеткен. Басшының  өлімі   белгілі бір мақсат үшін жасырылатыны тарихтан белгілі. Мысалы, Шыңғыс ханның өзі өлімін жаулардан жасыруды тапсырғаны,  Әмір Темір қайтыс болғанда да  осы жағдайдың  қайталануын тілге тиек етсек болады. Абылай хан да өзі дүниеден кеткен соң болар жағдайды ойлап тағына орыс әкімшілігі айтқанынан шықпайтын адам қоюға әрекет етеді деген  болжам  жасаса керек. Міне, Абылайдың қайтыс болғанын жасырудың нәтижесінде орыс әкімшілігі бұл жағдайдан хабарды кеш естіген. Сонымен архивтен алынған және ғылыми айналымға енген тарихи құжаттар Абылай ханның 1780 жылы күзде дүние салғанын айғақтап тұр.

Абылай қайтыс болған жылы анық белгілі болған соң ханның туған жылын да дәл анықтауға мүмкіншілік туады. Абылайдың туған жылын белгілеуде  тарихшылар Абылай 1781 жылдың басында қайтыс болды деп санап оның мұрагері Уәлидің әкесі 69 жаста қайтыс болды деген хабарын  негізге ала отырып, 1780 жылдан 69 жылды шегеретін. Осыдан Абылай ханның туған жылы 1711 жыл деп көрсетіліп кеткен. Бұл бір қарағанда дұрыс сияқты.

Алайда,  Абылай хан дүние саларда 69 жаста емес 70 жаста болды деп санауға  бірнеше себеп бар. Біріншіден,  Абылай ханның ұрпағы - Шәді төре бабасына арнап жазған жырында «Көп жылға Абылай ханның жасы жетті. Жетпістен деп айтады ілгері өтті» деген жолдар.

Екіншіден, Абылай хан қайтыс болған соң 50 жыл өтпей жатып тарихи зерттеу жазған белгілі тарихшы А.И. Левшиннің «на 70 году от рождения умер и похоронен в Туркестане» деп көрсетуі.

Үшіншіден, Үмбетай жыраудың «Бөгембай өлімін Абылай ханға естіртудегі» мына жолдар:

«Жиырма жасың толғанда,

Қалмақпен соғыс болғанда».

Абылайдың жігіттік кезіндегі қалмақпен соғысы 1723-1730 жылдары болған. Р.С. Сүлейменов пен В.А. Моисеевтың көрсетуінше, бұл Қазақстанның күллі тарихындағы ең ауыр кезең: «Ойратское нашествие в 1723 г. и последующая борьба казахов с джунгарами, вплоть до 1729 г., были, вероятно, самым страшным временем в истории Казахстана». Шоқан Уәлихановтың көрсетуінше, Абылай осы соғыста ерлік жасап алғаш көзге түсті: «Міне, осылай екіұдай, үрейлі қанды-қасап кезінде ел назары Абылай сұлтанға ауады. Өйткені ол жорықтардың бәріне алғаш қатардағы жауынгер боп қатысып, соның өзінде қисапсыз ерлік көрсетіп, айрықша амал-айласымен көзге түскен еді. Өнегелі ақыл-кеңесі, сұңғыла зердесі арқасында ол бірден-ақ көреген, кемеңгер деген атқа ие болды». Р.С. Сүлейменов пен В.А. Моисеевтер де Абылайдың осы соғыста алғаш аты шықты деп санайды.

Енді Абылай 1711 жылы дүниеге келген деп санасақ, онда оның 20 жасындағы ерлігі осы атақты қазақ-қалмақ соғысы шеңберінен шығып кетеді де 1731 жылға сай келеді. Бұл тарихи жағдайларға қайшы келеді. Себебі, 1730 жылы Жоңғария мен Қытай әскерлері арасында үлкен соғыс басталып, қалмақтардың негізгі әскерлері Цин бағытында әрекет етіп қазақтармен соғысуды тоқтатқан, қазақ пен қалмақ арасында 1730 жылдың сәуір-мамыр айларында бейбіт бітім жасалған. Тарихи құжаттарға сүйенсек, жоңғарлар қазақтарға қарсы тек 1732 жылы және 1735 жылы жаңа жорық ұйымдастырыпты. Бұлардың арасында көзге түсерліктей  шайқастар болмаған.

Ал Абылай 1710 жылы туылған болса оның 20 жасы дәл 1730 жылға келеді. Ал бұл жылдың, яғни 1730 жылдың көктемінде қазақтар үлкен жеңіске жетіп, Аңырақай шайқасында қалмақтарды талқандайды. Сондықтан Үмбетай жыраудың айтқанын сол заманғы тарихи жағдайларға сәйкестендірсек,  Абылайдың  туған  жылы  1710 жыл  болып  шығады.

Жоғарыда көрсетілген деректердегі мәліметтердің басым бөлігі Абылайдың туған жылы 1710 жыл екенін көрсетіп тұр. Жоғарыда айтылған тарихи жағдайларға байланысты Абылай 1711 жылы немесе 1713 жылы туылуы мүмкін емес!   Ал Абылайдың ұлы Уәли не себепті 69 жаста қайтыс болды деп көрсеткен? Осы арада,  біздің қазақтың ертеден күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан дәстүрі бойынша пайғамбар жасына жетпей қайтыс болғандарға бір жас қосылып, ал ол жастан асып кеткендерден 1 жас шегеріліп қойылатынын есте ұстау керек. Біздің пікірімізше, Пайғамбар жасынан асқан 70-тегі  Абылайдың жасы 1 жас шегеріліп қойылғандықтан оның ұлы Уәли, сол қойылған жаспен орыстарға 69 жаста еді деп  жазған.

Сонымен ғылыми айналымға енген жаңа және бұрыннан белгілі тарихи құжаттарды талдау, оларды  бір-бірімен  сәйкестендіру Абылай хан 1710 жылы туылып, 1780 жылы қайтыс болған деген тұжырым  жасауға негіз береді.

Тәуелсіздік алған Қазақстан Абылай ханның туғанына 300 жылдығы өтіп кетті демей биыл 2012 жылы немесе 2013 жылы оны мемлекеттік дәрежеде атап өтуі қажет-ақ. Мысалы, Шыңғыс ханның туған жылы көнекөз тарихи деректерде  әртүрлі  етіп  көрсетілген.  Рашид-ад-дин оны 1155 жылы дүниеге келді десе, Юань әулетінің ресми тарихында ол 1162 жылы деп көрсетіледі. Осындай қайшылықтарға қарамастан көрші Монғолия өкіметі арнайы жарлықпен 2002 жылы Шыңғыс ханның 840 жылдық  мерейтойын  дүркіретіп  атап  өтті.

Абылай хан қазақ тарихының алып тұлғасы.  Абылай  қазақтың  тәуелсіздік туы, бостандық нышаны, ұраны болды. Дана Абай Көкбай ақынды шақырып алып: "Абылай хан  мен Кенесарының  қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, осыны өлең қыл ... Абылай  да,  Кенесары  да  қазақтың  мақтан  қылатын  ерлері.  Бұлардың  еңбегі де айта  қалғандай  ұмытпастық  еңбек» деп  тапсырма берген екен.

Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтқанда: «... орыс үкіметінің қазақты бағындырудағы мақсат қылғандығы. Осындай ала-сапыран дәуірде қазақ халқының «қазы құрттай» үміті, жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың  тілегін,  ту  көтеріп  бір араға жиған Абылай болатын».

Әлемдік тұрғыдан қарағанда да Абылайдың Еуразия тарихындағы рөлі әлі де ашылмай келеді. Абылай қытай әскерімен соғыс жүргізген /осы соғыста үлкен жарақат алды/, кейін түрлі дипломатиялық амал-тәсілдер қолданып, Орта Азия шеңберіне еніп бара жатқан аждаһаның бетін қайтарған тарихи тұлға. Планетаның «2 мың ұлы тұлғасы» атты Харьковта шыққан анықтамада ( «2000 великих людей» Малая энциклопедия персоналий, 2001) қазақтың өткен тарихынан тек Абылай ханға  ғана орын берілген.

Кеңес дәуірінде Абылайдың өмірі мен оның қайраткерлігі туралы ғылыми ізденістерге тыйым салынғаны түсінікті. Ол заманда Абылай туралы айтудың өзі  ерлік  еді. 1943 жылы ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың Абылайдың ерлігін, қолбасшылығын жазған кітапшасы шықпай жатып жойылғанын басым көпшілік біле бермейді. Осы кітаптың жалғыз данасы атақты ғалым Құлбек Ергөбековтың кітапханасында сақталған. Аталған кітапта ханға мынадай баға беріледі: «өзінің де, өзгенің де күшін дұрыс бағалап, соған қарай өзінше саясат ұстауы, төңіректегі елдермен орынды қарым-қатынас жүргізуі арқасында Абылай қазақ халқының басын құрап, елдігін қайта орнатты». Абылай ханның мерейтойы - қазақ халқының батырлығының, қаһармандығының, жасампаздығының тойы болуы тиіс.

Мұхтар Қожа

т.ғ.д.,

ХҚТУ-дың  профессоры

«Абай-ақпарат»

0 пікір