Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 4696 8 пікір 2 Қыркүйек, 2021 сағат 11:57

Байтұрсынұлы тұжырымы қате ме?..

Сөздің алдыңғы буынындағы еріндік дауыстының ықпалымен келесі буындағы дауыстының еріндік болып айтылуы ерін үндестігі делінетіні белгілі. Бұл орайда А.Байтұрсынұлы «еріндіктер бас буыннан басқасын сүймейді» деп, тіліміздегі ерін үндестігін жоққа шығарыпты. Алайда 2007 жылы «Арыс» баспасынан шыққан Орфоэпиялық сөздікте «ұтымдылығының», «үнемшілдігінің» сияқты сөздерді «ұтұмдұлығының», «үнөмшүлдігінің» деп айту, яғни ерін үндестігін үшінші буынға дейін сақтау ұсынылған. Сонда қалай, А.Байтұрсынұлы тұжырымы қате ме?

Бұған қатысты талдауымызды ерін үндестігін сөздің басынан аяғына дейін сақтауды ұсынушылар пікірін қарастырудан бастайық. Олардың пікірі бойынша  жоғарыдағы «ұтымдылығының», «үнемшілдігінің» деген сөздер «ұтұмдұлұғұнұң», «үнөмшүлдүгүнүң» деп айтылуы керек. Алайда адамдардың көп буынды сөздерді айтуына зер салсақ, сөзінің соңын ернін бүріп, жағын қусырып, еріндік дауыстымен аяқтайтын адамды кездестірмейміз. Демек, бүгінгі сөйлеу мәнерімізде ерін үндестігінің сөз соңына дейін сақталмайтыны ақиқат.

Енді орфоэпиялық сөздіктегі ұсынысқа келейік. Бұл ұсыныс «ерін үндестігінің ықпалы алғашқы бірнеше буында ғана сақталады да, соңғы буындарда азайып, бірте-бірте жойылады» деген пікірге негізделген. Мұндағы ерін үндестігі ықпалының буын өткен сайын азайып, бірте-бірте жойылатыны жөніндегі тұжырым қазіргі айту мәнерімізді дұрыс сипаттайды, оны еріннің алғашқы буындағы сүйір қалпынан соңғы буындарға қарай езулік қалыпқа ұмтылатынан аңғаруға болады.

Бұл орайда біз де еріндік дауыстының өзінен кейінгі буындағы қысаң дауыстыға ықпал ететінін жоққа шығармаймыз, алайда оны еріндікке айналдырады дегенге келіспейміз. Өйткені еріндік дауысты өзінен кейінгі буындағы қысаң дауыстыны еріндікке айналдырады деп жоритын болсақ, бұл бойынша бірінші буындағы еріндік дауысты екінші буындағы қысаң дауыстыны еріндікке айналдырып, екінші буындағы еріндік дауысты үшінші буындағы қысаң дауыстыны еріндікке айналдырып, осы үрдіспен ерін үндестігі сөз соңына дейін жалғасатын болады. Бұл ерін үндестігінің сөз соңына дейін жетпейтіні жөніндегі ақиқатқа қайшы. Демек, жоруымыз қате. Олай болса, еріндік дауысты өзінен кейінгі буындағы қысаң дауыстыны еріндікке айналдырмайды, яғни А.Байтұрсынұлы тұжырымы дұрыс.

Сонда еріндік дауыстыдан кейінгі буындағы қысаң дауысты қандай дыбыс? Сөздерді айнаға қарап тұрып айтатын болсақ, бұл буында ерін өзінің алдыңғы буындағы еріндік қалпынан гөрі босаңситыны, бірақ езулік қалыпқа ауысып үлгермей, жартылай еріндік қалыпта болатыны аңғарылады. Сондықтан, біз бұл қысаң дауыстыны езулік те, еріндік те емес, олардың аралығындағы реңкте айтылатын дыбыс деп есептейіз. Оны «жартылай еріндік дауысты» деп атайық. Бұдан әрі келесі буындағы дыбыс осы жартылай еріндік пен езуліктің арасындағы түрді қабылдайды. Соның нәтижесінде кейінгі буындарда дыбыстың еріндік сипаты әлсіреп, езулік сипаты күшейе береді де, бірте-бірте езулік дыбысқа ауысады. Сөз езулікпен аяқталғанда сөйлеу мүшелері өздерінің табиғи қалпында болатыны белгілі. Демек, «алдыңғы буынында еріндік дауысты бар сөзді айтқанда сөйлеу мүшелері өздерінің табиғи қалпына ұмтылады».

«Жартылай еріндік дауыстыны» қалай жазған дұрыс? Оны еріндік дауыстының таңбасымен жазсақ, еріндік дыбыс түрінде айту керек болады, бірақ ол еріндік дыбыс емес дедік.  Біздіңше, езулік дауыстының таңбасымен жазған дұрыс, өйткені бұл жағдайда сөйлеу мүшелері езулікке ауысып үлгере алмайтындықтан оны айта алмай, өзінен-өзі жартылай еріндік дауысты түрінде айтатын болады. Олай болса, алдыңғы буынында еріндік дауысты келетін сөздердің келесі буынындағы қысаң дауыстыны ы, і арқылы жазатын қазіргі дәстүріміз дұрыс. Ал сөздің дәл айтылуын көрсетуге арналған фонетикалық жазбада оны ы, і-нің еріндік реңкімен, яғни түрінде көрсетуге болады.

Сөзіміздің соңында «ерін үндестігінің сөз соңына дейін сақталуы − тіліміздің бертінге дейін келген табиғи заңдылығы, ал оның қазіргі кездегі әлсіздігі − жазуда еріндік дауыстыны қолданбаудың салдарынан тіліміздің бұзылуы» дейтін пікірге көзқарасымызды білдіре кетелік. Бұл пікірді жақтаушылар өздерінің тұжырымдарында түркі тілдерін зерттеуші В.В.Радлов, П.М.Мелиоранскийлердің қазақ сөздерін көңүлшөк, дөнөжүн, күлдүрөуүш, төрөлөрдүң, төрөлөргө деп басынан аяғына дейін ерін үндестігін сақтай отырып жазып көрсеткен деректеріне сүйенеді. Бірақ, біз ол деректерді сенімді деп санамаймыз. Өйткені олардың зерттеу жүргізген кезеңінде ерін үндестігі сөз соңына дейін толық сақталатын болса, мұны сол кезде өмір сүрген А.Байтұрсынұлы да байқар еді ғой. Бірақ оны А.Байтұрсынұлы байқамаған. Бұл орайда тілі қазақша шықпаған және оны күнделікті қолданбайтын орыс ғалымдарының біздің дыбыстарымызды ажырату мүмкіндігінен Байтұрсынұлынікі төмен деудің де қисыны жоқ. Біздіңше, орыс ғалымдарының жоғарыдағыдай деректер қалдыруы еріннің жартылай еріндік қалпын еріндік дыбыс айтылып тұр деп шатастыруларынан сияқты. Сондықтан тіліміздегі ерін үндестігін, тым әріректе болмаса, беріректе орыс ғалымдары көрсеткендей дәрежеде болмаған деп санаймыз. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлының тілімізде ерін үндестігі жоқ деп түйіндеген уақыты жазудың жетегіне кеткен кезеңге жатпайды. Олай болса, тіліміздегі ерін үндестігінің әлсіздігі жазудың салдары емес, табиғи дамудың нәтижесі. Бұған ерін үндестігінің басқа қыпшақ тілдерінде де әлсіздігі дәлел бола алады.

Сонымен қатар біз «еріндік дауыстыдан кейінгі буындағы қысаң дауыстының еріндік болып айтылмауын тіліміздің бұзылуы» дегенге де келіспейміз. Өйткені оның еріндік те, езулік те болмай, аралық дыбыс ретінде айтылуы арқасында алдыңғы буындағы еріндіктен соңғы буындағы езулікке көшу бірте-бірте іске асады. Демек, жартылай еріндік дауысты еріндік пен езуліктің арасындағы үндестікті үйлестіреді. Соған байланысты сөздің айтылуы жеңілдейді. Және де сөз езулікпен аяқталғанда сөйлеу мүшелерінің табиғи қалпында болуы оларды келесі сөзді айтуға дайын етеді. Тіпті, сөйлеу мүшелерінің табиғи қалпында бет-әлпетіміз де еріндік дауыстыдағы ерніміздің бүріліп не шүртиіп тұрғанына қарағанда көркемірек көрінеді. Сондықтан, біз қазіргі сөйлеу мәнерімізді сөзді айтуымыздың бұзылуы деп емес, жетілуі деп түсінеміз.

Қуантқан Ырзаұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371