Нұрбек Тәленұлы. Таң қалдырған ұқсастық
("Әже арманы" әңгімесі және "Дариға-ай, сол қыз..." киносценариіндегі ұқсастықтар жөнінде)
Оқырман қауымға бұл мақаланы ұсынудағы басты мақсат: бір көркем әңгіме мен бір көркем телефильмнің арасындағы оқиға сюжеті мен деталдардыңұқсастығы себеп болып отыр.
Қытайдағы белгілі жас қаламгер Тұрымбек Қасенұлының "Үш боздақ" атты әңгімелер жинағындағы (ұлттар баспасы) "Әже арманы" атты әңгімесімен режиссер Серік Ыбырайым таспалаған Қасым Аманжоловтың "Дариға-ай, сол қыз" өлеңінің желісі бойынша түсірілген көркем фильмнің арасындағы ұқсастықтар бізді осы ойларға еріксіз жетелеп отыр (бұл фильмнің сценариін Болатбек Баянханұлы мен Қанағат Әбілқайыр деген екі азамат бірлесіп жазыпты) .
"Әже арманында" - қыз кезінде "Маралбайдың Марқасы-ай!" деп атанып кеткен әнші, айтыскер қыз, ал кейін "Марқа әже" атанған әженің Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың "Дариға-ай, сол қыз" әнін радиодан естіп, өткенін - өз тағдырын еске алып, оны немере қызына айтып беруінен басталады.... "Кезінде сенің ұлы әкең Әріпбайға өз еркімнен тыс атастырылған едім. Бірақ мен ғана емес,ол тұстағы қыздардың бәрі де сол. Сондағы маған арман болып қалған нәрсенің белгісін саған көрсетейін, - деп, қолымен жер тірей бүкшеңдеп түрегелді де төрдегі жүгін бір-бірден түсіріп, жүк астындағы көнетөз қызыл сырлы сандықты ашып, бүктелген кестелі орамалды маған алып көрсетті" ("Үш боздақ" 22-бет)
Сонан Марқа әже немере қызына жас кезінде сүйген жігіті Манат жайлы әңгіменің тиегін ағытады. Махаббаттарының оттан ыстық алаулы шақтарын, шын берілген жүректің мұңын шебер суреттейді. Манаттың жылқышы ғана емес, қыз жүрегінің пернесін шерткен күйші,тыңдаушысын тербете білген әнші образы шебер бейнеленеді. Марқаны Сақабектің озбырлығынан арашалаған Манат тұлғасы сомдалады. Әу баста Марқаның әкесі "Жиенімді мен қолқанат етіп алайын" деп Манаттың әкесін мақұлға көндіреді.Манатты еліне алдырады.Оның икемін байқаған нағашы жиенге жылқысын бақтырады.Кейін оның жүрегінде жиені Манатқа деген бақастық бас көтереді. Мұның себебі,бір «Шілдехана» тойынан бастап қыз жүрегіне түскен махаббат ұшқынынан Марқа мен Манат ортасындағы басталған ұяң сезімнің біртіндеп маздаған шоққа,бөгет шақ келтірмес тасқынға айналғандығы еді...
Марқаның әкесі мұны сезген соң бұрынғы атастырып қойған құдасының алдында ұятты болмайын деп, жылқы бағып жүрген жиені Манатты әдейі әскерлікке тізімге алдырады.Сөйтіп ол, әрі құда қысымынан құтылса, әрі өз ұлын әскерге алудың алдын алған-ды.
Сол сәтте қыз: "О,сорлы бейбақ, пешенеңе не жазып тұр екен мына тағдыр.Еріксіз менен айырылғаныңмен қоймай, ел-жұртыңнан, туған топырағыңнан қол үзіп, қараңды өшіретін болдың ба?!" - дейтіндей күйде қалады."Қайда жүрсең аман бол, Манатай! Саған әзірлеген естелігім мынау, сағынғанда бетіңді сүртіп жүр,-деп төрт бүктеулі осы шытты ұсынғам сонда, отарға кетерде "Манат" деп өз атын сиялы қарындашпен әтей осы шытқа тігем деп жаздырып алып қалған болатынмын. Сол есімді көбелектің қанатына осы бойынша түсірдім" (36-бет) .
.......................
Манат соғыста жараланып,ауыр қиналыс үстінде: "Ел-жұртқа сәлем айтқайсың, нағашымның қызы Марқашқа (ұзатылып кеткен болу керек) қайдан болса да тауып мына маған берген естелік орамалын өз қолыңмен ебін тауып табыс етерсің.Бұған қан-терім сіңген еді. Иіскеп болса да мауқын бассын. Бермесең ақыреттік мойныңа қарыз. Арманда кетіп барамын.... - деп ағыл-тегіл жылаған ол, құтқаруға үлгірмей қансырап жан үзіпті" (38-бет) .
..........
"О, шырағым, соны ойлау, арман етіп аңсау менің өлмей тірі жүруіме сүйеніш сияқтанады. Әттең қанатым болса сол қиырдағы қалған Манаттың қабірін тауып басына Құран оқып қайтар ма едім деп те көксеймін. Топырағың торқа болғыр Жәмен марқұм "өз қолыммен жерлеп,басына белгі қызыл тасты құлыптас қылып кеткен ем, іздесем жазбай табамын....." деп отырушы еді. (37-бет) .
"Әжем әңгімесін аяқтап, "үһ" деп көкірегін кере бір күрсініп алып әлгі тозығы жетіп, кір басып тұрған орамалды ептеп бүктеп маңдайына, екі бетіне кезек-кезек басып, құшырлана бір искеп қойып, орнынан созыла түрегеліп сандығына қайта салып қойды" - деп әңгіме аяқталады.
Орамал дегеннен туады. "Дариға-ай, сол қыз" көркем филімінің сюжетінде де үзбей желі тартатын бір деталь бар десек, ол дәл осы - кестелі орамал еді.
Айырмашылық сол,кинодағы әженің қасындағысы - келіні болса, әңгімеде - немере қызы.
Кинода әжесін алып келіні ұзақ сапарға барады, көлік - от арба.
- апа, жолды көтере алмай қиналып қалар ма екенсіз?
- ештеңе етпес,бұл сапарды күткелі қаншама жылдар болды.
Мына диалогте (немесе көріністе) сонау жарым ғасыр бұрынғы соғыста өлген, сүйегі қаһармандар зиратында қалған сүйген жігітінің қабырының басына барып бір Құран оқу арманын іске асыру үшін жолға шыққан - киелі сапарға аттанған әже бейнесі бейнеленеді.
Кинодағы әже сан жылдардан соң сүйген жігіті - боздағының топырағын искеп,Құран бағыштауға барады. Әрі бұл оның - ұзақ жылдар бойы жүрегін кеміріп жеп келген бір арманы .
"Әже арманында" - Марқа әже, "Әттең қанатым болса сол қиырдағы қалған Манаттың қабірін тауып басына Құран оқып қайтар ма едім" деп көксейді.
Кинода: жігіт соғысқа аттанар тұста кестелі орамал сыйлайды:
- қорқам...........
- әлі-ақ жеңіс тойы мен екеуміздің үйлену тойымызды бірге өткізетін боламыз.
Бұл кинодағы жігіт пен қыздың диалогі.
Әңгімеде жігіттің соғыстағы жағыдайы жазылмайды. Кинода айырым көрініс ретінде қарастырады.Әңгімедегі Марқаның намысын таптамақ болған Сақабек сынды обрыз кинофильмде калхоз мансаптысы ретінде көрінеді. Ол қыздың соғысқа аттанған жігітіне деген шынайы сүйіспеншіліктен туған сезімін көрсе-ақ қорланып, артында қалған жігіттің керқұласын басы-көзге сабайды...
Көркем фильмде жігіттің жауынгер серігі соғыстан келіп:
- Сіз Дариғасыз ғой...
- .......................
- мен аманат арқалап жүрген адаммын,- деп қызға кестелі орамалды табыстайды.
Кинодағы әже келінін ертіп сүйген жігітінің басына Құран оқып қайтқанымен кино аяқталады.
Ал кинодағы әженің жас кезіндегі қызыққа толы күндері жарыстыра баяндау арқылы қысқа уақыттың ішінде жүгіртпе көріністер арқылы ғана көрініс табады.Енді біз "Әже арманы" әңгімесінің авторының өзіне сөз кезегін берелік.
Тұрымбек Қасенұлы:
Сіздерге түсінікті болу үшін алдымен бұл әңгіменің қалай туғанын ескерте кетейін. Мен оқу бітірген алғаш жылдары (1997-2004-жылға дейін) Текес аудандық Қарадала ауылында оқу-ағарту саласында қызмет істедім. Бұл жылдары негізгі сатыда қызмет өтеп, халық ішінде болдым. Көпті көрген қазылы қариялармен сырлас болдым. Онда Ұшқұштай деген жерде тұратын кезінде үш аймақ төңкерісіне қатынасып, жаралы болып қайтқан сақа жауынгер Құйқалақ деген қарт болған еді. Ол кісі жасында өлеңші, қартайғанда бәтәгөй, әңгімешіл ақсақал болды. Бір жолы осы адам әңгімесінде: "Мен қолы қысқа жай шаруаның баласы едім. Әскерге бала алғанда бір бай туысқанның баласының орнына кетіп қалдым. Байлар пара беріп балаларын әскерлікке жібермей алып қалып отырды. Әскерге көбінесе жарлының балалары барды. Жас кезімізде Кіші Құштайда көршілес отырған Құрман ауылына барып, құдаша қыздармен айтысушы едік. Кейін әскерден қайтып келсем, солардың бәрі ұзатылып кетіпті" деп әңгімелейтін. Содан Бейімбеттің "Шұғасына" еліктеп махаббат тақырыбында бір әңгіме жазғым келді.2000-жылдың көктемінде үш-төрт күн отырып, бұл шығарманы жазып шықтым. Атын «Әже арманы» деп қойдым. Қасымның әндерін ұнатушы едім.Сондықтан әңгіменің басында "Дариға, сол қыз.."- дың бір шумақ тексін кіргіздім. Алғашқы оқырманым жатақтасым Тоқтар деген бала болды(мал дәрігерлік пүнкітінің күзетшісі еді). Одан кейінгі оқырманым - әдебиетке жаны құштар Сымайыл Бейсенбекұлы деген азамат еді. Ол кезде компъютерде жазуды білмейміз. Қолжазба күйінде "Іле айдынға" жолдадым. Содан жарым жыл жатып, зарықтырып жыл соңында жарық көрді. Редакциясын Нығымет Қамызайұлы деген ақын ағамыз қарапты. Бұл менің басылымдағы ең алғашқы жарық көрген шығармам еді. Қатты қуандым. Ол кезде "Іле айдыны" журналының таралымы жақсы еді. Ауылдағы жұмысшы-қызметші, оқытушы, қыстақ кадрларына дейін жазылатын. Бұл әңгіме шыға сала елді елең еткізді.Жақсы пікір қалыптасты.Көптеген үлкен кісілер "әңгімедегі Марқа мен Манат кімдер еді?" деп сұрап келгендері де болды.
2007-жылы шілдеде Қазақстанға барғанда, бұл әңгіменің көшірме нұсқасын төте жазуды танитын журналист туысқаным Бағдагүл Көккөзоваға бердім. Ол кейін кирилл жазуында көшіріп басылымдарға бергенін айтты. 2008-жылы өзіміздің «Парасат» сайтына шығардым. 2009-жылы 1-айдың соңында Қазақстанға екінші рет барғанда «Жұлдыз» журналына өз қолыммен апарып бердім. Шыққан-шықпағанынан хабарсызбын. 2009-жылы күзде Қазақстанда тұратын жиенім арқылы бір топ әңгімелермен қоса Алматыда "Інжу-маржан" баспасының директөрі Төлеуқан мырзаға (түп нағашымыз еді) табыс еттім. Бұл әңгімені кейін еліміздегі Күлтегін, Еларыс қатарлы әдеби сұхбаттарға шығардым. 2011-жылы ұлттар баспасынан "Үш боздақ" атты әңгіме-повестер жинағыма енді.
Ал жақында 2011-жылғы жасалған "Дариға-ай, сол қыз..." атты көркем фильмді көріп таңғажайып күй кештім. Уақиға желісі бір-бірінен аумай тұр. Қанша ен-таңбасын өзгертсе де, жоғалтқан малды иесі көрген жерден тани қоятын әдет бар ғой. Бұл мәселе қазір оқырмандардың назарына да ілігіпті. Қазақстандағы таныстарымнан сұрасам,сценарий авторының біреуі Болатбек Баянханұлы деген жігіттің біздің жақтан барған оралман екенін айтты. Бұл кино Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз...» әні негізінде жасалды деп түсінік беріпті ол. Қасымның бұл әні лиркалық өлеңнен әнге айналған туынды емес пе еді. Онда фильмдегі негізгі уақиға желісі қалай пайда болды? Мұндағы ұқсастықтарды сұхбаттағы тордостар (пікір білдірушілер) айтқан екен. Сол үшін тоқталмадым. Бабаларымыздың "Тас - таразы, Тәңір-қазы" деген нақылы бар ғой. Егер, менен бұрын басқа біреудің осы негізде жазылған шығармасы болса, өкпем жоқ. Бәлкім, жасампаздық жолында ортақ түйсікке ие болған болармыз деп те ойлаймын ?..
Бұл көркем әңгімемен көркем кинофильм басқа да көптеген тaраптастардың назарын өзіне аударған. Мынау жұңго-қазақ сайыттарында басқарушы болып жүрген Кенжеқара атты асабаның көзқарасы:
"Бірінші,Тұрымбек Қасенұлының әңгімесінде Дауылпаз ақынның "Дариға, сол қыз" әні тілге тиек етіліп, уақиғаның басталуына осы әннің текісі себепші болады. Ал фильмнің басты тақырыбына да - Қасымның осы әні арқау етілген.Екінші, әңгімеде уақиғаның басталуы Марқа әжемен немере қызы Құндыз ортасында болса,фильмде Дариға әжемен келіні екеуінің сапар үстінде айтылған әңгіме,естеліктері арқылы өрбиді.Үшінші, әңгімеде бас кейіпкер Марқа мен Манаттың махаббат хикаясы болып,Марқа ғашығы Манатқа кестелі орамал сыйласа,филымде де сондай, Дариға да ғашығына кестелі орамал ұсынады.Төртінші, әңгімеде Манат үш аймақ соғысының әскеріне қабылданса, фильмде Дариғаның сүйген жігіті Отан қорғау соғысына аттанады.Бесінші, әңгімеде Марқа сүйген жігітін әскерге ұзатқанда,Манат ат үстінде қоштасса,фильмде Дариғаның сүйген жігіті пойыз үстінде қош айтысып қала береді.Алтыншы, әңгімеде Марқа сүйген жігіті Манат әскерге кетіп қалғанда, ата-анасы оны ықтиярсыз құдаласқан жері Әріпбайға ұзатса, фильмде Дариғаны соғыстан қайтып келген мүгедек бригадір Тәліпке еріксіз үйлендіреді.Жетінші, әңгімеде Марқаның ғашығы Манат Өр Алтайда бандылармен болған бір шайқаста жараланып қаза тапса, фильмдегі Дариғаның сүйген жігіті Отан соғысы кезінде орыс даласында жараланып құрбан болады.Сегізінші, әңгімеде Марқаның ғашығы Манат көз жұмар алдында ғашығының кестелі орамалын жолдасы Жәменге аманат етсе, фильмде Дариғаның сүйген жігіті де ғашығының кестелі ормалын жолдасы арқылы аманат етіп қалдырады(тек ұқсамайтыны-ормалмен қоса қыз бен жігіттің бірге түскен суреті бар).Ең соңында кестелі ормалдар сол аманат бойынша иелерін табады.
Ал ұқсамайтын жері: әңгімеде Марқа әже Манаттың қабырына бара алмағандығына өкініп арман қылса, фильмде Дариға әже жасының егде тартқанына қарамай орыс жеріне келінімен бірге барып, сүйген жігітінің қабыр басына барғаны айтылады.
Қысқасы, осы екі елде жазылған әңгіме мен филімнің кейіпкер аттары мен орын, уақыты,сондай-ақ ішінара қосалқы уақиғалар ұқсамағанмен шығарманың көтерген тақырыбы, мазмұны, уақиға жүлгесі (сюжеті) негізінен ұқсас". Бұл қандай кездейсоқ сәйкестік болып тұр?.. Қасым ағамыздың мерейтойы қарсаңында мұндай фильмнің жарық көруі, әрине, қуантады.Бірақ осы кездейсоқ ұқсастық көңілге күдік те ұялатпай қоймайды...
Құрметті оқырман қауым! Сонда «Дариға-ай сол қыздың» кино сценариі шындығында қайсы әңгімені арқау етіп жазылған?
Нұрбек Тәленұлы ҚХР,Іле облысы,Күнес аудандық қазақ орта мектебі.
«Абай-ақпарат»