Сенбі, 19 Қазан 2024
Жаңалықтар 3396 0 пікір 14 Маусым, 2012 сағат 10:05

ҚҰМЫРСҚАҒА ЖЕМ БОЛҒАН ӘУЛЕТ НЕМЕСЕ КІТАПҚА ТҮСКЕН ҚҰДАЙДЫҢ ТҮСІ

 

Шығармашылық мүмкіндіктің шексіз екенін әлемге тағы бір айғақтап берген Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романының тылсым сиқырына арбалмаған оқырман жер әлемде кемде кем шығар. Талай тілге аударылып, миллиондаған таралыммен жарық көрген бұл роман, 80-жылдардың аяғында қазақ оқырманының да қолына тиді. Дүниеауи әдебиет зерттеушісі Аслан Жақсылықов пен жазушы Серік Нұғыман осы шығарма жөнінде әлі де толассыз жүріп жатқан пікірталасқа өз тарапымыздан төмендегіше ой қосты.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Асеке, сіздің орыстілді жазушы екеніңізді білеміз. Сіз бізді әлем әдебиетіндегі түрлі ағымдарды зерттеуші қаламгер ретінде қызықтырып отырсыз. Демек шетел жазушыларынан қандай шығарма аударып жатқанымыздан хабарсыз емессіз. Осы «Жүз жылдық жалғыздық» романының қазақ оқырманына жету жолы біраз ұзаңқыраған сияқты ма, қалай?

 

Шығармашылық мүмкіндіктің шексіз екенін әлемге тағы бір айғақтап берген Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романының тылсым сиқырына арбалмаған оқырман жер әлемде кемде кем шығар. Талай тілге аударылып, миллиондаған таралыммен жарық көрген бұл роман, 80-жылдардың аяғында қазақ оқырманының да қолына тиді. Дүниеауи әдебиет зерттеушісі Аслан Жақсылықов пен жазушы Серік Нұғыман осы шығарма жөнінде әлі де толассыз жүріп жатқан пікірталасқа өз тарапымыздан төмендегіше ой қосты.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Асеке, сіздің орыстілді жазушы екеніңізді білеміз. Сіз бізді әлем әдебиетіндегі түрлі ағымдарды зерттеуші қаламгер ретінде қызықтырып отырсыз. Демек шетел жазушыларынан қандай шығарма аударып жатқанымыздан хабарсыз емессіз. Осы «Жүз жылдық жалғыздық» романының қазақ оқырманына жету жолы біраз ұзаңқыраған сияқты ма, қалай?

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ: Алдымен бұл романның қысқаша тарихын айтайын. «Жүз жылдық жалғыздық» 60-жылдардың аяғында Аргентинада шыққан екен. Бұл романның алдында Габриэль Гарсиа Маркес алты роман жазыпты. Ол романдардың кейбіреуі жарық көрді, кейбірі қолжазба күйінде қалды. Оқырмандарға жетпей қалғандары да бар. Сөйтіп қиналып жүргенде әйелі Мерседес екеуі Францияға қоныс аударады. Сол жерде осы романның сюжеті ойына келеді. Бар шаруасын тастап, осы романмен айналысып кетеді. Күніне 10-12 сағаттан отырып, романды бір жылдың ішінде жазып шығады. Романды аяқтағаннан кейін Аргентинаға жібереді де, сол жақтан жарыққа шығарады. Одан бүкіл Латын Америкасына аударылып, таратылады. Одан кейін даңқынан дақпырты асып, батысқа да жетеді. Ең аз дегенде 40 шақты тілде жарық көрген екен, соның ішінде орыс тіліне де аударылған. 1971 жылы сөйтіп Ресейде де жарық көрді. Жаңа сіз дұрыс айттыңыз, орыс тілінен қазақ тіліне 80-жылдардың аяғында Кеңес Юсупов аударған болатын. Роман осылай қазақтарға келген. Бірақ аса кеш емес, әңгіме қызып тұрғанда аударылды.

Серік НҰҒЫМАН: Мұхиттың арғы жағында өмірге келген бұл романның қазақ даласына келуі үлкен оқиға болды деп айтуға негіз бар. Әрі алыста жарық көріп, араға жиырма жыл түссе де, қазақ топырағына тез жеткен роман осы болды деп айтуымыз керек. Бұл бір жағынан Кеңес Юсупов ағамыздың еңбегінің арқасы. Қазақ жазушыларының арасында біраз әңгіме болды. Қазақтың ғалым-жазушысы Ақселеу Сейдімбек ағамыз қолма-қол мақала жазды. Әмірхан Балқыбек секілді кейінгі буын да қалам тербеді.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Секе, қалай ойлайсыз, романдағы  мифология, қиял-ғажайып әңгімелердің бір ұштығы бізге таныс секілді көрініп тұрады. Тіпті, қан жақындығынан торай құймышақты адамның өмірге келуін алайық. Бұл қазақта бар ұғым. Жеті атадан беріде қан араластырмау керек деген нәрсе біздің санамызда берік орныққан емес пе?

Серік НҰҒЫМАН: Сіз айтып отырған жайт шығарманың өзегінде жатқаны рас. Бұл жерде айта кететін бір мәселе, миф жүзеге асқанда ғана өзінің өміршеңдігін дәлелдейді. Ал мына романда мифтің басталуынан аяқталуына дейін жалпы адамзаттық мәселелермен астасып жатқан дүниелер бар. Мысалы, сол өңірдегі ең алғашқы Макондо қаласы табиғаттың ортасындағы тұп-тұнық жерде орналасқан. Адамдары да жақсы көңіл-күйде, өздерімен өздері өмір сүріп жатады. Бұл жерге жету үшін олардың ата-бабасы қаншама күш-қайрат жұмсады десеңізші. Сөйтіп тапқан жерге сығандар бастап, түрлі келімсектер келе бастайды. Демек, бұл табиғи орта ғана бүлініп қоймай, адамдардың салт-санасы мен мәдениеті де өзгеріп, экспансияға ұшырай бастады дегенді меңзейді. Содан кейін соғыс басталды. Соғыстың санасы үлкен саясатшыларда ғана, ал халық соғысқа санасыз түрде араласа береді. Осының нақты көрінісі кейіпкерлерден шығады. Қайынатасының кішкене бюллетеньдерді салып жібергеніне бола, ертесінде әулеттің екінші ұлы соғысқа аттанады. Содан 30 жылдай қантөгіс болады. Назар аударатын тағы да бір фактор бар. Ол «Соғысты бастағаннан оны аяқтаған қиын» деген сөз. Кейін үкіметпен келісім жасалып, соғысты тоқтатайық деген кезде офицерлер қарсы шығады. Оны басу үшін өзі соғысқан үкіметтің әскерін әкеліп салады. Үшінші фактор, адамдардың туған жерінен жерінуі. Адам табиғатқа деген махаббатпен өмір сүреді, негізі. Адамды байлап тұрған нәрсе туған жерге махаббат десек, осыдан жерінеді де  тарам-тарам болып кетеді. Кейіннен шектеу қойылған өзара некелесу көрініс береді, өкінішке қарай. Ата-бабалардың ескертуін мәңгүрттенген адамдар ескерусіз қалдырады да, нәтижесінде әулеттің тағдыры трагедиямен аяқталады.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сөзіңізді кішкене тірілте кетейік. Асеке, қарап отырсаңыз, адамның мәңгүрттенуіне баратын жолды қиял-ғажайып оқиғалармен, ертегілермен, аңыздармен керемет астастырып береді. Бұл романның бір ерекшелігі - фантастика мен нақты өмірдің арасындағы шекара сақтала бермейді. Мысалы, бүкіл әулет ұмытшақтық ауруына ұшырайды. Бұны жазушы қызық үшін ғана енгізіп отырған жоқ қой. Тұтас ұрпақтың мәңгүрттенуіне осы астарлы ұмытшақтық ауруының қалай әсер еткенін көреміз. Әр затқа, тіпті жан-жануарларға дейін ұмытып қалмау үшін ат-атауларын жазып қояды. Сиырдың қандай жануар екені, оны неге пайдалануға болатыны үстінде жазулы тұрады. Шынайы өмір мен мифология қаншалықты шендестірілгенін айтсақ, кітаптың сипаты ашыла түседі  ғой деймін.

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ: Бұл жерде постмодернизмнің негіздері алынған. Сүйектің жерленбей қалуынан келген кесапат, сондай-ақ аруақтың да келіп  тұруы нанымды оқиғадай суреттеледі. Олар тірі адамдармен сөйлеседі. Және кейбір адамдар басқа адамдардың түстерін көре алады екен. Сосын Ремедиос дейтін қыз бала шабыттанып кетсе, ауылдың үстінде ұшып жүреді екен, мысалы. Адамның өз болашағын көріп отыратыны тағы бар. Бұны бір жағынан фантастика деп түсіндіруге болады. Екіншіден, жазушыда терең ой бар. Бұл жалған дүниенің өзі де фантастика ғой. Негізі біз бұл дүниені әлі дұрыс түсінген жоқпыз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кітапта сіз айтып отырған жайт негізгі жүлге ретінде алынған сияқты. Нақтылы өмір мен паралельді өмір қатар алынып отырады. Шығармада екі дүние тұтас бірлікте көрініс табады.

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ: Ғасырларға созылатын Құдайдың түсі деуге болады оны. Сондықтан қатпары қалың шығарма ғой. Осы әдісті қолданып, романның ішкі құрылымын жасаған. Бір ой айна сияқты, басқа ойларды көрсетіп тұр.

Серік НҰҒЫМАН: Негізінде сиқырлы реализм деп жүр. Реализмнің ішінде бірнеше бағыт бар, соның ішіндегі сырлы реализм дегені құлаққа жақын.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сиқырлы реализм деп отырғаныңыз магиялық реализм ғой. Сиқырлыдан гөрі оның ауқымы кеңірек болуы керек шығар. Ал енді сіздің сырлы реализм дегеніңіз біздің оқырманға көп таныс емес.

Серік НҰҒЫМАН: Сырлы реализм дүниежүзілік әдебиетке де тән нәрсе емес, тек Латын Америкасына байланысты айтылады. Өздеріңіз білесіздер, өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап, Латын Америкасы әдебиетінде әдеби жаңғыру пайда болды. «Жарылыс» деп айтады оны. Ал ағым туралы айтатын болсақ, тарихтан алып қараған кезде кейбір зерттеушілер былай қарастырады екен: «Бұл Латын Америкасындағы табиғи жағдайдағы сырлылық». Бұндай мәдениет туралы сыртынан айту оңай, бірақ ортасына түссеңіз расымен де сиқырлы екенін білесіз дейді зерттеушілер.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Секе, осы жерде дін деген мәселе қозғалады. Әулеттің қандай дінге бас ұратынына байланысты сыр ашылады. Содан соң діл мен тілдің де мәселесі бар. Жергілікті халық өкілдері сырттан кіріп жатқан үндістер мен сығандардың тілімен сөйлеп кетеді. Ұмытшақтық ауруына ұшырайды да, саясаттан да, соғыстан да, адамдармен сөйлесуден де шаршайды.  Сонда бас кейіпкердің бірі өзіне ғана түсінікті тілмен сөйлеп кетеді. Осы жөнінде таратып айтсаңыз...

Серік НҰҒЫМАН: Баяндауда көз аштырмайтын ырғақ бар ғой, негізгі айтар нәрсе соның астында қалады да, тереңдеп бармасаңыз оқырманға байқалмай қалады. Ишарамен айтқан нәрсе көп бұл жерде. Адамзаттың тәжірибесі деген адамның өмір сүруінің үлкен жетістігі деп айтуға болады. Оны сақтай отырып, адам алға басады. Басқа тілге кетіп қалатын себебі, басқа тілдің экспансиясы жүріп жатыр ғой. Бұл жерде тіл ғана кетпейді, соған қатысы барлық құндылықтар да кетеді. Қазір қазақтың балалары жеті атасына дейін қыз алыспайды десе, оның үлкен тарихи себебі бар. Сондықтан текке қатысты бар нәрсеге осылай қарауымыз керек. Тағы бір айтатыны, романдағы жүз жасаған кейуана Урсула жастығында не көрмеді? Әулетті ұстап тұрған сол Урсула соңында сүлікке таланып өлді дейді. Сол әулеттің атасы болған үлкен кісі сығандардың өнерін зерттеймін деп жүріп, ақырында жын ұрып кетеді. Осындай астарлы нәрселер көп.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл жерде қарап отырсаңыз, бүкіл кейіпкерлер жалғыз. Бүкіл әулеттің басы Хосе Аркадио Буэндия деген кейіпкер жалғыз. Соңында жынданып кетіп, талшын ағашына жалғыз байланып отырады. Сосын Урсула да жалғыз қалады. Ребекка деген кейіпкер шынайы өмір мен жалған елестің арасында жүріп, күтушісімен жалғыз қалады. Сол сияқты Амаранта деген кейіпкер бар. Жай ғана отбасын құру, ерлі-зайыптылық міндетін атқару деген нәрседен бойын таза ұстап, о дүниеге бейкүнә қалпында кетеді. Бүкіл кейіпкерлер жалғыз. Қарасаңыз адамның бойындағы жалғыздық, одан кейін әулеттің бойындағы жалғыздық, сосын ұлттың жалғыздығы деген нәрсені шығарады. Жалғыздық дегеннің апат екенін айтады, қысқасы. Нобель сыйлығын алған шығармадан саяси астар іздейтін әдет таптық қой қазір. Осы тұрғыдан келгенде «Жүз жылдық жалғыздыққа» сын қоймайды екен. Бірақ менің ойыма мына нәрсе келді: жалпы ғаламнан тыс қалсаң, өркениеттен құр қалсаң, осылай өзіңмен-өзің құрисың деген идеяға тіреп тұрған жоқ па?

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ: Бұл бір ойдың қыры ғой. Экзистенция философиясы бар. Ол осы жалғыздықтың философиясы. Адам ақиқатты өзінің ішкі дүниесінен іздеуі керек. Сыртқы дүниеде ақиқатты таба алмайсыз. Ал мына романдағы анық нәрсе, осы әулет қарғысқа ұшыраған сияқты. Олар ақиқатқа қанша жерден таза болса да жете алмайды. Ремедиостан басқасы, ол туғанынан таза, періште. Осы Ремедиос ауыртпашылықтан құтылады, қалғандары батып қалады. Неге десеңіз, олар жалғыздықты дұрыс түсіне алмайды. Жалғыздық адамға берілсе, тек қана дін жолына түсу керек қой деп ойлаймын.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сіз жақсы талдап отырсыз. Осы әулеттен шыққан негізгі кейіпкерлердің бірінің ашынасы бар. Қалай ашынасына барады, солай жолы болады. Қалай ашынасына бармай қалады, малы азайып, сәтсіздікке ұшырайды. Бұған өзінің әйелі де келіседі. Сонда анау сылтау іздеп: «Ашынама бармасам, мал азайып бара жатыр» дейді. Көрдіңіз бе, сайтан әкеле жатыр.

Серік НҰҒЫМАН: Мынандай трагедия бар. Мекеніңізден кеткеннен кейін барлық құндылықтар сол жерде қалып қояды. Сіздер босқын ретінде қайтадан ұйысып болғанша тағы да біраз уақыт кетеді деген сөз. Ал жығылғанға жұдырық болғандай, біздің полковник бұл жағынан әлсіздеу болды. Әйел адам Урсула қанша тырысқанымен, қызы үйінде мәңгілікке қалды. Ал екі ұл әуейі болады. Сығандардың азғырушы қылықтарына еріп, бұзылды. Бұл жерде халықтық тәрбие, оның ұстап тұратын мәдениеті, өзінің тиымдары, ырымдары бар, міне осыдан кетті де, әулеттің анасы Урсуланың «өстімесең тумай қалғыр, айтып едім ғой, бұл әулет осындай, өстіп жүріп өледі деп», деп айтқанындай болды. Үлкен ұлы Аркадио екінші әйелін баласымен тастап, қаңғып кетті. Ұрпаққа деген жауапкершілік жоқ. Екіншісі соғыстан көзін ашпады. Өсіп-өніп, ұрпақ тәрбиелейік деген ой жоқ. Ал әйелдердің шамасы келмейді. Расында да, шайтан азғырып, ашынасына қарай беті бұрып тұрады. Ал шындығында үйінде де тыныштық жоқ. Өйткені келіндері Фернандо басқа тәрбиенің адамы. Өзі атаққұмар. Ұрпақты былай ысырып тастады - дағы, нағыз өзімшілдің істерімен айналысып кетті. Ең шырқау шегінде, романның соңындағы қорытынды сол, сыған шалы Мелькиадестің құпия жазбасында көрсетілген жайт дәл келеді.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қазақта «күлге аунап туған» деген сөз бар ғой. Сондай балалар басқа әулеттен болса да, түбі туысқан болып шығады. Романда сондай екі кейіпкер бірін бірі  таза махаббатпен тауып, үйленген. Соншама қиыншылықты көріп келіп, таза махаббатпен үйленген екі жас, бағанағындай жолмен бір-біріне туысқан болып шығады да, олардан торайқұймышақты бала туылады. Соны «қалай жасырамыз» деп жүргенде шешесі қаза болады. «Елдің көзінен қалай жасырамыз» деп жүргенде сорлы бала құмырсқаға жем болады. Ал астарын өзіңіз көре беріңіз.

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ: Бұл жерде үлкен жазушы, мистик, романтик Эдгар Поның әсері бар сияқты. Шекспирдің де әсері жоқ емес. Бұның түпнұсқасы испан тілінде ғой, осы тілдегі зерттеулерді оқысақ, испан тілінде бұл шедевр деп саналады екен. Әсіресе стиль жағынан. Келісуге болады. Тіпті орысша аудармасында да, қазақ аудармасында да аудармашының әуені байқалады. Біртұтас интонация білінеді. Сол әуен басынан аяғына дейін бәрін байланыстырып тұр. Романның біртұтастығын айта кету керек. Бір әлемнің тарихы сияқты. Көп жазушы бұндайды келтіре алмайды, көріп жүрміз ғой. Маркеске еліктейтіндер де аз емес. Бірақ мынандай деңгейге көтеріле алмайды. Біздің халықтың мәдениетінде мифология ұшан-теңіз. 400-дей дастан, 500-дей жыр бар. Қиссалардың санында есеп жоқ... Кейбір елдерде жоқ жанрлар бізде бар. Бірақ бұның бәрі тұңғиықта жатыр. Біздің әдебиетке қызмет жасап жатқан жоқ. Маркес Колумбия халқының мифологиясын, аңыздарын, ертегілерін бәрін біріктіріп, жасап кетті.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әдебиеттанушы Әмірхан Балқыбек: «Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» қазақ даласында жазылуы керек еді», - депті. Шын мәнінде қазақ даласына түк те қатысы жоқ, әлдебір ну жынысты аралдағы таңғажайып өмір жайлы шығарма ғой. Алайда бізді осы романда суреттелген адамзат жаратылысындағы ортақ құндылықтар жайлы мистикалық толғамдар бейнелеп айтқанда, «Көктөбенің басында кездестіреді».  Сіз айтқандай, қазақтың мифологиясын, аңыздарын, ертегілерін негіз етіп алсақ, өзіміздің де жаратылысымызға қатысты толғайтын, тіпті санамызда тұтастай төңкеріс жасайтын мәселе көп. Ал одан айырылсақ, табанымыздан жер жылжып кеткендей өзімізді орнықсыз сезінер едік. Осы тұрғыдан келгенде жоқтың орнын аудармамен толтырған секілдіміз. Кейбір сөйлемдердің шұбалаңқылығы, қолдан сөз жасау, жасанды балама табу сияқты кемшіліктері болғанмен, романның қазақшаға үлкен еңбекпен аударылғаны көрініп тұр. Сөз соңында аудармашыға рахмет айтып қоюдың еш артығы жоқ деп ойлаймыз.

Газеттік нұсқасын дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Халық сөзі» газеті

 

0 пікір