"Қазақстандық жол": Сан діннің басын қосқан татулық моделі
Әлем елдерінде діни және этникалық қақтығыстар өршіп келеді. Жалпы тұтастай алғанда діни қақтығыстарды реттеу қиын және олардың басым бөлігі ғасырларға созылған қанды қырғындарға себепкер болады. Таяу Шығыс пен Африкадағы көптеген соғыстар солардың дәлелі мен айқын мысалы. Қазақстан одан барынша сабақ алуға тырысады.
Қазақстанда этникалық топтар мен конфессиялар арасындағы өзара әрекеттестіктің тұрақты моделі қалыптасты, ол қоғамдағы тұрақтылық пен шығармашылық келісім атмосферасын қамтамасыз ете алды. Діни және мәдени әртүрлілік Еуразияның жүрегінде ұзақ тарихи кезеңде дамып келеді. Қазақтар мың жыл бұрын ислам дінін қабылдады, сондықтан Қазақстан ислам әлемінің бір бөлігіне айналды, ал ислам өз халқының рухани өмірінің ажырамас құрамдас бөлігінің бір түп қазығы. Елімізде өзге де дін өкілдері жетерлік. Ресей империясының отарлық саясаты мен артынша Кеңес билігінің орнауы, халықтарды күшпен депортациялау елімізге сан түрлі ұлттың ағылып келуіне әсер етті. Аталмыш ұлттар өздерінің діни сенімдерін де ала келді. Осылайша Қазақстан көптеген діни сенімдер тоғысқан мекенге айналды. Бұл діндердің барлығы дерлік бейбіт өмір сүруі аса маңызды әрі қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздік үшін қажет.
Қазақстандағы ислам әрқашан басқа діндермен бейбіт қатар өмір сүрді. Біздің елімізде барлық этностардың дәстүрлері мен сенімдері мұқият сақталған. Ежелгі уақытта Шығыс пен Батыс өркениетін байланыстыратын Ұлы Жібек жолы Қазақстан даласынан өтті. Керуен жолдарының маршруттарында көптеген діндердің өкілдері болуы кездейсоқтық емес.
Айта кету керек, Кеңес Одағы кезінде кез келген дінге іс жүзінде тыйым салынды, дін қызметкерлері мен діни уағыздаушыларды жаппай тұтқындау мен қудалау жүргізілді. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ата-бабаларының жұмысын жалғастыруға, қоғамда руханиятты дамытуға, оның ішінде исламның бейбітшілік сүйгіш мәнін таратуға баса назар аудары, мемлекетті зайырлылық принципі бойынша дамытуды дұрыс деп тапты. Сондықтан Қазақстан қазір жаһандық діндердің диалогын қолдайды және олардың бейбіт өзара үндестікте күн кешкенін қалайды. Елімізде 18 түрлі конфессияның бейбіт өмір сүріп жатуы да соның бір айқын дәлелі.
Қазақстан өзінің ішкі саясатының үш негізгі басымдылығын тұжырымдады - бейбітшілік, келісім және шоғырлану. Бұл әсіресе діни бірлестіктер мен сенім иелеріне арналатын құндылықтар.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында бүкіл әлемде белгілі және танылған қазақстандық қоғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі құрылды. Оны тіпті кейде «Қазақстандық жол» деп те атайды.
Жиналған тәжірибеге және әлемдік деңгейдегі бір модельді құрудың маңыздылығын түсінуге сүйене отырып, Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл өркениетті әлем сұхбаттасудың бірегей алаңы ретінде танылған «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін» шақыруға бастамашы болды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезі 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Еуразияның дәл жүрегі - Астана қаласында орналасқан тәуелсіз Қазақстанның жас астанасында өтті. Содан бері араға 18 жыл уақыт салса да, оның маңызы жоғалған емес. Оның айқын дәлелі Қазақстанға діни қақтығыс болған емес.
Бұл форум адамзат тарихында тұңғыш рет Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Америка елдерінен ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм мен синтоизм дінінің өкілдерінің басын қосып, 17 делегацияны жинады. Бір қызығы, қатысушылардың арасында көптеген жылдар бойы қарама-қайшылықтарға байланысты бұрын басқа конфессиялармен диалог жүргізу мүмкіндігін жоққа шығарған діни бірлестіктердің басшылары да болды.
Бірінші Конгресс қиын жағдайда өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президентімен жекелеген кездесулер кезінде дін өкілдері бір-біріне шағымдарын білдірді, бұл біздің заманымыздың ең өткір проблемаларына ортақ көзқарастың жоқтығына айқын дәлел бола білді. Мұндай қайшылықтар мемлекеттер арасындағы саяси проблемалардан туындады. Бірақ Қазақстан олардың арасындағы қарама-қайшылықтарды бейбіт реттеу керектігін түсіндіретін және үнемі есігі ашық диалог алаңын ұсына білді. Уақыт өте келе қатысушылар арасында мемлекеттер арасындағы саяси қарама-қайшылықтар контексінен тыс дінаралық диалогты жалғастырудың маңыздылығын түсіну пайда болды. Съезд құжаттарында және қатысушылардың сөздерінде көрсетілген пікірталастың жоғары мәдениеті конфессия басшыларының өзара сыйластығын білдіреді.
Қазақстанның діндер арасындағы келісімді қалпына келтіру бастамасын Сауд Арабиясы, АҚШ, Ресей, Франция, Италия, Египет, Польша, Германия мен халықаралық ұйымдардың басшылары мойындап, арнайы хаттар жіберді. Мұндай беделді дінаралық форум өткізу орнын таңдау кездейсоқ болған жоқ. Біріншіден, Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қазіргі дәуірде алғашқылардың бірі болып халықаралық қақтығыстарды шешуге, жаһандық қатерлерге қарсы тұруға, ксенофобия мен төзбеушілікті жеңуге әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани-адамгершілік әлеуетін пайдалануға сәтті талпыныс жасады.
Екіншіден, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей: «Барлық әлемдік діндер қазақ жерінен өтті, сондықтан төзбеушілік немесе діни фанатизм бізге жат. Бұл рухани дәстүр, Құдай сөзіне кез келген жағдайда ашықтық - Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге толеранттылығымызбен, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен диалогпен таныламыз» деген еді.
2022 жылы пандемиядан кейін Қазақстанның астанасы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VII съезін өткізуге дайын болады. Бүгінгі тарих алдағы VII Конгрестің алдында күрделі міндет қойды, өйткені қатысушылар дінаралық диалогты жалғастыруға ғана емес, сонымен бірге ортақ мүдделермен біріктірілген қауымдастықтар мен мемлекеттерді бейбіт түрде біріктірудің жолдарын табуы қажет.
Әлемдік дін көшбасшыларын бір алаңға жинаудың 18 жылдық тарихында жаһандық «рухани дипломатияның» маңызды элементіне айналды деп сеніммен айта аламыз. Бұл форум әлемдік қоғамдастықта кеңінен танылды, қазақстандық сыртқы саясаттың танылатын брендіне айналды.
Дінаралық форум жетекші мемлекеттердің көшбасшыларына, бұрынғы және қазіргі белгілі саясаткерлерге, діни лидерлер мен ғалымдарға халықаралық қақтығыстарды шешудің жолдарын табуға, әлемдік ауқымда толеранттылық пен өзара түсіністік принциптерін нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан аталмыш бастамалар арқылы діни достық пен татулықты нығайтуын жалғастыра бермек.
Abai.kz