Жауап беріңіз, Мусин мырза!
Қазақстан Үкіметі «электронды үкімет» (eGov) платформасын жасау үшін Ресейдің СБЕР компаниялар тобымен меморандумға қол қойғаны белгілі. Бұл келісімге екі ел президенттерінің, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің көзінше қол қойылған.
ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрі Бағдат Мусиннің өзі мәлімдеген. «Atameken Business» арнасының эфирінен неге Ресейлік компания қызметіне жүгінгенін түсіндіруге тырысқан министр Мусин екі тараптың құқық-құзыреттері түгел жазылатын аталған келісімге келесі жылдың наурыз-сәуір айларында қол қою жоспарланғанын айтқан. Министрдің айтуынша, жоба 5 жылға жоспарланған. Құны – 500 миллион долларды құрайды. Біз бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталында егжей-тегжейлі жаздық.
Бүгін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мырза, аталған мәселеге қатысты өзекті мәселелерді қамтып, министр Бағдат Мусиннің атына депутаттық сауал қойыпты. Біз депутат сауалын Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн көрдік.
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновация, аэроғарыш өнеркәсібі
министрі Б.Б. Мусинге
Құрметті Бағдат Батырбекұлы!
Қоғамда eGov порталын алмастыру және Ресейдің «СБЕР-імен» осы мәселе бойынша меморандумға қол қою әр-алуан пікір туғызуда.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің сандық технологияға көшіп, осы саланың шапшағдығы артып, тиімділігі артқандығы дұрыс, құптарлық қадам.
Сарапшылардың айтуынша, технологиялық дәрежесі жоғары серіктессіз бұл мәселені шешу мүмкін емес екендігін анық.
Дегенмен, қоғам өкілдерін қазақстандықтардың жеке деректерінің сақталуы мен қауіпсіздігі мәселесі өте алаңдатып отыр.
Бүгінде, барлық деңгейде азаматтар осы мәселені қызу талқылауда.
Nur Otan партиясы еліміздің цифрландыру саласы мемлекет дамуына өзінің нақты үлесін қосуы тиіс деп есептейді!
Осы проблемаға байланысты келесі сұрақтарға жауап беруіңізді өтінемін!
1. Неліктен Қазақстан Республикасының сандық трансформациясы саласындағы жұмысқа «Сбербанк» серіктестігімен меморандумға қол қойылды?
1.1. Неліктен, банк төрағасы қол қойған мұндай құжатқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қол қоюы тиіс? Министр немесе «Азаматтарға арналған Үкімет» басшысының деңгейі емес пе?
2. Осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы серіктес болу үшін жаһандық деңгейде лидер ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілді ме?
3. Аталған жоба іс-жүзіне асқан кезде, ақпараттық қауіпсіздік нормалары қалай қадағаланады, азаматтардың деректер базасы қай жерде сақталады, бұл базаға шет ел азаматтарының кіру, көру еркіндігі бола ма?
4. Алты жылда мемлекеттік «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ 860 млрд астам қаржы бөлінген. Сонымен бірге, барлық мемлекеттік органдар, квази мемлекеттік сектор, ешқандай қызметін көрмеседе, осы компаниямен келісім-шартқа отыруы тиіс деген ақпаратта бар. Осыншама қаржы бөліне отырып неліктен азаматтар сыртқы-ішкі қолданушы ретінде, үзіліссіз, кедергісіз жұмыс істейтін ұлттық сервис алаңын жасай алмадық ?
5. Архив саласын цифрландыруға 1,2 млрд теңге бөлінген екен, осы шаруа неге аяқсыз қалған, қаржы қайда? Азаматтар ең көп қолданатын жердік кадастр саласы неліктен әлі күнге дейін цифрландырылмаған?
Біздің ойымызша, халық, қоғам алдында цифровизация саласындағы жаңдай жөнінде есеп беретін уақыт жетті!
Құрметпен,
Мәжіліс депутаты,
Nur Otan партиясы Фракциясы мүшесі
Ерлан Саиров
Abai.kz