Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3417 0 пікір 19 Маусым, 2012 сағат 08:03

Райхан Сахыбекқызы. Маңызы зор мәлімдемелер

5-ші қыркүйек -Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

БиылАхмет Байтұрсынұлының туғанына - 140 жыл, ал Ахаң түрлеген әліпбиге - 100 жыл

 

 

Ахмет Байтұрсынұлындай қазақ халқының ар-ожданына айналған тарихи тұлғаның қолымен жазған қандай да қағазды назардан тыс қалдыруға құқымыз жоқ. Оның талай жылдар бойы қапаста жатқан мәлімдемелері мұқым жұртқа әлі мәлім бола қоймады. Тарихи маңызы зор мәлімдемелерді тек алаштану мәселесімен айналысатын санаулы орта: қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ тарихын зерттеп жүрген арнайы мамандар ғана білетін болар. Онда біздің мұнымыз үлкен әбестік. Өйткені, Алаш арысының айтқанынан жалпы алаш - қазақ жұрты құлағдар болуы парыз. Бұл келешек ұрпақ үшін қажет. Мәлімдеме дегеніміз не? Әрине, мәлімдеме туралы ұғымның ауқымы өте кең. Әрі ол мазмұнына қарай әр түрлі болады. Жалпы, мәлімдеме мемлекеттік мекемелер мен түрлі ұйымдарда іс жүргізуге байланысты рәсімделетін ресми құжат.

5-ші қыркүйек -Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

БиылАхмет Байтұрсынұлының туғанына - 140 жыл, ал Ахаң түрлеген әліпбиге - 100 жыл

 

 

Ахмет Байтұрсынұлындай қазақ халқының ар-ожданына айналған тарихи тұлғаның қолымен жазған қандай да қағазды назардан тыс қалдыруға құқымыз жоқ. Оның талай жылдар бойы қапаста жатқан мәлімдемелері мұқым жұртқа әлі мәлім бола қоймады. Тарихи маңызы зор мәлімдемелерді тек алаштану мәселесімен айналысатын санаулы орта: қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ тарихын зерттеп жүрген арнайы мамандар ғана білетін болар. Онда біздің мұнымыз үлкен әбестік. Өйткені, Алаш арысының айтқанынан жалпы алаш - қазақ жұрты құлағдар болуы парыз. Бұл келешек ұрпақ үшін қажет. Мәлімдеме дегеніміз не? Әрине, мәлімдеме туралы ұғымның ауқымы өте кең. Әрі ол мазмұнына қарай әр түрлі болады. Жалпы, мәлімдеме мемлекеттік мекемелер мен түрлі ұйымдарда іс жүргізуге байланысты рәсімделетін ресми құжат.

Мәлімдеме мәтінінің - бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланым көруі сирек құбылыс. Егер мәлімдеменің мазмұны қоғамдық ортаға қандай да пайдасын тигізетін болса ғана, ол ел назарына ұсынылып отырған. Мәселен, А.Байтұрсынұлының Кеңес үкіметін мойындап, коммунистік партияға мүшелікке қабылдауына байланысты жазылған мәлімдемесі. Мұны тіпті, сол кездегі Кеңес одағының большевиктер партиясы саяси науқанға айналдырып, орталық басылымға жариялаған[1].

Тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, А.Байтұрсынұлындай ірі саяси қайраткер және реформатор-ғалымның беделі арқылы қазақтар арасында партияның ықпалын арттырып, беделін көтеру болған. Әлбетте, коммунистік партия діттеген мақсатына жетті, ал Ахмет ше? Қазақ ұлтының келешегі үшін мүшелікке кірген партиясынан жылға жетпей шығып қалды. Міне, осы тұста ол өзінің «Жазығым не?» деген сауалнамалық мәлімдемесін өтініш түрінде партия алдына қойған. Ал партия оны алғашқы мәлімдемедей бұқара жұртқа жария етпеді. Неге? Өйткені, бұл мәлімдемеде қазақ жеріне келген Кеңес үкіметінің большевиктер партиясы қазақ жұрты үшін жұмыс жасамағаны айтылды. «Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың» демекші, А.Байтұрсынұлы айтқан ащы шындық жымысқы саясаттың «қаратүнек қапасына тоғытылды». Коммунистік партияның мазасын алған мәлімдеме жөнінде тәуелсіз кезеңнің тарихшы-ғалымдары, заң, әлеуметтану, мұрағаттану саласының мамандары Алаш қозғалысына қатысты зерттеулерінде тұтастай қарастырмаса да, азды-көпті пікірлерін айтып келді. Мүмкін келешекте бұл мәлімдеме жан-жақты талданып, тиісті бағасын алар. Оған алдағы уақыт - төреші.

Тарихи тұлғаның бұл мәлімдемесі 1996-шы жылы ҚР Президенті мұрағатының қызметкері Ж.Сүлейменовтің дайындауымен «Ақиқат» журналында жарияланды [2, Б. 80-81].2006-шы жылы әдебиетші-ғалым Т.Жұртбайдың құрастырумен «Алаш ақиықтары» жинағы жарық көрді [3, Б. 221-224]. Т.Жұртбайдың талай жылдардан бері түрлі мұрағаттардағы жабық қор құжаттарымен жұмыс істеп жүргені ғылыми ортаға мәлім. 1928-1932-ші жылдары Алаш зиялыларына Мемлекеттік саяси басқарманың ерекше бөлімі жүргізген тергеу ісінің айыптау папкісі том-том болып, шаңға бөгіліп, қараңғы қапаста жатқанына жарты ғасырдан аса уақыт өтті. Бұл құжаттардың тарихы сан қилы, тағдыры одан да шытырман. Ал шындықты аршып алуға өткір көз, алмас жүрек керек. Қазақ елінің мүддесі үшін күрескен толайым тағдырлы тұлғалар «шындықтағы шырғалаңның» ара-жігін ажыратып, ақиқатын айтатын өзінің адал ұрпақтарын күткелі қашан?! «...Байлаттырған қолымды, Бөгеттірген жолымды. Жақыным бар, жатым бар, Хабарлана жатыңдар! Мен сендерге жүгіндім, Төреші - әділ қазы деп» артындағы ұрпағына үміт артқан Ахаң мұрасының кейбірі әлі күнге әділетті бағасын алған жоқ. Алашшыл ғалым Т.Құдакелдіұлының кез келгеннің тісі батпайтын том-том папкілерге көз майын жегіп, оны кітап етіп құрастырып, ел назарына ұсынуы - қазақ деген ұлыстың ұрпағы екенін мақтаныш тұтатын талайлардың рухын қозғап, адасып жүрген санасын селк еткізген шығар-ау!

«Алаш ақиықтары» атты жинақ-Алаш арыстарының көркем әдебиет туралы асыл сөздерін артындағы ұрпағына қаз-қалпында жеткізген тағылымы мол кітап. Осы жинақтың алғысөз орнына берілген «Талант талқысы» аясындағы ой-толғаққа А.Байтұрсынұлының 1929-шы жылғы тергеушілерге берген жауап-мәлімдемесі бөліп-жарусыз тұтастай енген. Сірә, құрастырушының бұл мәлімдеме-жауаптың түпнұсқасын оқыған сәттегі жұлым-жұлым болған жүрегі мәлімдемені бөлшектеуге дауаламаған болуы керек. Өйткені, осы мәлімдеменің тергеу хаттамасына тіркелген орысша нұсқасын оқығанда есеңгіріп қалғанмын. Есімді жинаған сәтте «Шіркін-ай, төте жазудағы нұсқасын оқыр ма еді, кім екен орысшалаған, барлық сөзін бүкпесіз аударды ма екен?» деген күдікті ой сап ете қалды. Міне, сол орысша мәлімдемені кирилл-қазақшамен шебер сөйлеткен Тұрсекеңнің қаламына тәнті болдым.

1992-ші жылы аталған мәлімдеме жазушы Д.Досжановтың «Абақты» кітабынының «Ахмет Байтұрсыновтың істі болу тарихы» тараушасында қарастырылған[4, Б. 152-218]. Бір өкініштісі, мәлімдеменің кейбір тұстары кітап авторы тарапынан біршама өзгеріске түскенін, кейін деректі құжатты көргеннен соң барып байқадық... Жазушының қиялы ұшқыр болатыны рас шығар, бірақ тағдыр-талайы тозаққа толы аяулы арыстар жөнінде жазғанда, қиял жетегіне емес, ар ісіне бағынған абзал-ау! Жазылған әрбір мақала, мейлі зерттеу еңбек, мейлі арыз-өтініш болсын әдебиет деген асыл мұраның қорына барып құйылатынын ұмытпаған дұрыс. Алаш зиялылары «Әдебиет ардың ісі» деп бекер айтпаған. Қай-қайсымыз да тарих таразысына, әйтеуір бір түсетінімізді жадымызда ұстасақ екен.     

Енді «Жазығым не?»жөніндегі мәлімдемелік өтініш туралы сөз қозғасақ, бұл 1921-ші жылы қызыл партия қатарынан шығарылғаннан кейін А.Байтұрсынұлыныңпартияғақойғансауалы.Шындығында, ұлт жұмысын арымен атқарған, қарақан басының қамы емес, халық қамын жеген адамның жазығы не? Оның қаншалықты жазықты, не жазықсыз екенін тарих таразы өзі салмақтайды емес пе?! Коммунистік партия өзі даттады, өзі ақтады. Әрине, талай жылдарды артқа тастап, зарықтырып келген ақиқаттың астарына үңілу - ұрпақ парызы. Бүгінгі тәуелсіздігіміз - сол ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлт үшін жасаған риясыз еңбектері мен олардың жеке бастарын құрбандыққа шалу арқасында келген тәуелсіздік. Ұлтына жасаған ұлы істерінің ілтифатын өздері көре алмаған, бірақ өз ұлтын шексіз сүйгендіктен, оның жолында «құрбан» болған Алаш арыстарының әруағына мәңгі тағзым жасасақ та, «коммунистік партияның көсеуіне айналған қандас-белсенділердің былығы қанша ұрпаққа жүк болар екен» деген сауал да өзекті өртейді.

Қазақ сөз баққан жұрт. «Айтпаса - сөз атасы өледі» деген қанатты сөз де сол қазаекемнен қалған. Жүректегі сөзді тіл ұшында іркіп, біреудің пайдасына қарай көлтектемей, ойды тура айтсақ, алпауыттардың илеуіндегі заманға жем болмасымыз анық-ау! Біз өзгеге аз жем болған жоқпыз, «...төл әдебиеті бар жұрт қана тарихта орын алады»деген Ахметтің ел аузындағы сөзді жинап, оны талдап, талғап, сонан соң өз жанынан қисынын тауып қазақ ұлттық ғылымын жасаған теңдессіз еңбегін 70 жыл бойы өзара талан-таражға салдық. Содан не таптық?! Текке итаршы болып, өзгелердің әдебиетін ұлықтадық, ұлт әдебиетінің қайнары «Әдебиет танытқыштың» төл авторын құлыптадық... Қандай ерік күші, намысы жоқ ерме ұлтпыз, әлі әркімдердің айтағына еріп жүрміз. Ғасыр басында қос тілді қауіп көріп, «сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады»деп шырылдаған ғалымның ғибратынан өнеге алудың орнына «үш тұғырлы - тіл» деп ұрандаған ұрпақпен қатар өсіп келеміз. Үш тұғырлы тіл саясатында ұлт тілінің теңдігі сақталса бір сірә. Отанымызда отырып халықаралық қатынас құралына айналған орыс пен ағылшын тілінің жыртысын жыртпай-ақ, «отбасылық тілдің рөлін атқара алмай отырған өз тіліміздің ертеңі не болмақ?» деген сауалдың зауалын тартып жүрмесек екен, ағайын!

* * *

Партияны тазалау жөніндегі губерниялық

комиссияға (аудандық комиссия арқылы)

РКП мүшесі Ахмет Байтұрсыновтан өтініш

 

Жазығым не?

Қырғыз-қазақ халық ағарту комиссариатының коммунистік ұясының хатшысы партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссияның қаулысы бойынша менің партиядан шығарылғанымды мәлімдеді. Маған жеткізілген хабарға қарағанда, менің шығарылуыма, біріншіден, партия жиылыстарына қатыспағандығым, екіншіден, мүшелік жарнаны уақытысымен төлемегендігім және үшіншіден, менің Алашорда ұйымына қатысқандығым болса керек.

Маған қойылып отырған бұл айыптардың қайсысынан болсын мен бас тартпаймын.

Қазақстандағы кеңес өкіметі өмірінің үш жылы ішінде РКП ұйымдарының қазақтар арасында жүргізген жұмысының қай саласын алсақ та ешқандай алға жылжушылық болмады. Неге осылай болды? Жұмысқа кедергі жасаған не? Бұл сауалды ешкім де өзіне қоймады және ешкім де бұл туралы байыппен ой жүгіртіп көрген емес.

Жаңа шындықты түсіну үшін секунд де жетіп жатады, ал оған бой үйретуге, оны игеріп кетуге ондаған жылдар аздық етеді. Жеке адамның немесе қоғам тіршілігі қағидаларының орташа дәрежесіне азды-көпті сай келетін ақиқаттар мен идеялар ғана біршама жеңілқабылданып, меңгеріліп кете алады. Көптеген утопистердің экономикалық жоспарларының іске асыру үстінде сәтсіздікке ұшырауы - олардың мән-мағынасының жоқтығынан емес, өз заманының жағдайына сәйкес келмегендігінен жүзеге аспай қалды, өйткені адамдар санасында айтарлықтай даярлығы бар негіз таба алмауының салдары болды.

Қашан да болса теория жедел түрде алға басады да, практика болса баяу жылжиды, өмір жалқаулана сүйретіліп, үнемі артта қалады да, алысқа ұзап озып кеткен ғылым сәулесін әрең сезінеді. Адам еркіне ұзақ уақыт бойы әсер еткен сезімдер оның жанына өте терең еніп, дағдыға, салтқа айналады да, содан соң іргетасын қиратып, тірегін шайқаса да өзінің орнын қорғай береді.

Біздің алдымызда білім жағынан артта қалған, сезім тұрғысынан қарағанда өзінің әдет-ғұрпына берік батқан, сонымен бірге жедел түрде даму қажеттігін сезінген, әр кезеңде прогрес дөңгелегіне жармасатын қазақ халқы тұр. Бұл халықта әдеби кітаптар ғана емес, өзінің ана тіліндегі оқулықтары да жоқ, яғни қандай болса да мәдени-ағарту жұмысын бастауға негіз боларлық басты құралдың өзі жоқ...

Негізінде қазақтар арасында саяси-ағартушылық, үгіт-насихаттық, партиялық және әр түрлі басқа да жұмыстарды жүргізу қажеттілігі мойындалып, бұл үшін бір қатар ұйымдар мен мекемелер құрылған болатын. Аталған жұмыстар қазақ арасында жүргізіліп отыр ма? - Жоқ. Қазақтар ортасындағы жұмыстың ең қарапайым түрі - кітапханалар мен оқу үйлерін ашудың өзі мүмкін болмай отыр. Қазақ тілінде әдеби кітаптарды шығармай тұрып, қазақтарға кітапханалар мен оқу үйлерін ашамыз деудің өзі күлкілі жайт болып табылады.

Қазақтар үшін де, жалпы алғанда қараңғы қалың бұқара үшін де коммунизм идеясы, Гейненің сөзімен айтқанда «шақырылмаған бөтен қонақ». Халық бұқарасының саналылық жағынан алғанда мешеулігі, ал сезім жағынан түрлі тереңірек өзгерістерге деген бейімсіздігі көпке белгілі шындық. Коммунизм идеясы қазақтарға тез арада қонбайды. Біз оны «атты әскер шабуылымен» енгізе алмаймыз, біз оны ұзаққа созылатын қатаң жүйелі ісіміз арқылы орнықтыра аламыз. Ал бұл үшін ешқандай қолайлы алғы шарттары болмаса да, шапшаң түрде табысқа жетеміз деп сенетін жолдастар қатты қателеседі. Қазақ өлкесінің кең байтақтығы, тұрғын халықтың шашыранды орналасуы себепті, темір жолдардың жоқтығы және басқа да қатынас құралдары мен байланыстың қиыншылықтары, қазақтар арасында қандай да болмасын жұмысты тез қарқынмен жүргіземін деп, әсіресе үгіт-насихат және мәдени-ағарту жұмыстарын жүргіземін деп армандаудың артық екендігін көрсетеді.

Аталған салалар бойынша жұмыс жоспары ұзақ мерзімге арналып жасалынып, айқын жетістіктерге жететіндей болуы керек. Біз қазақтар ортасында коммунизм идеясын тарату жұмысын қазақ халқына қызмет етуге даярланған үгітшілер мен насихатшыларды Қазақстанға толтыру арқылы, не болмағанда қазақ тілінде әдебиетті мол етіп шығару арқылы, ал дұрысында, осы екі тәсілдің екеуімен де жолға қоя аламыз. Бірақ мұның алғашқысы немесе соңғысы болсын, ең басты негіз - қазақ тілінде оқулықтар жасалмайынша бос қиял болып қала береді.

Қандай болмасын тілде дұрыс оқып, жазу үшін алдымен осы тілдің ережелерін білу қажет, ал тілдің ережелері осы тілдің өзінен, оның қасиеттері мен заңдылықтарынан келіп шығады. Қазақ тілі жеткілікті түре танылып, зерттелген жоқ. Тіліміздің өзіне тән ерекшеліктері мен қағидаларын игере отырып, зерттеу үстінде оның ережелерін тұжырымдауға тура келеді. Ереженің әрқайсысы оның дұрыстығын растайтын халықтың ауыз әдебиетінен алынған көптеген үгіт-нұсқаларын зерделеп түйіндеуден келіп шығады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыс қиындығы мол, еңбекті көп керек ететін іс, көп уақыт пен орнықтылықты қажет етеді.

Мен қазақтар арасында жүргізілетін мәдени істердің ішінде қазақ тілінде оқулықтар жазу жөніндегі жұмысымды өзімнің басты қызметім санай отырып, өзге жұмыстарға тек аса қажеттілік туғанда ғана белгілі мөлшерде уақыт бөліп отырдым. Мен РКП программасын ұзақ уақыт бойы қазақ халқын азат етудің жолдарын іздестіруден соң барып қабылдаған едім. Өтінішімнің 3, 4 және 5 баптарында мен неліктен партияға кіретінімді айқын жазған едім. Партияның программасын ешқандай жеңіл ойсыз және өзімді өзім алдаусыратпастан саналы түрде қабылдай отырып, мен өзімнің пікірімді айтуға құқым бар деп есептеймін, қазақтар арасындағы жұмыстардың бағыттары мен әдіс-тәсілдері жайында өзіндік ой-пайымдауларымды білдіруге еркінмін деп санаймын.

Халық ағарту комиссары бола отырып, КЦИК Төралқасының мүшесі әрі қазақ оқулықтарын жасау жөніндегі редакциялық алқаның төрағасы ретінде мен екінің бірін таңдауға: не қазақ тілінің оқулықтарын даярлау ісімен айналысуды, немесе шынын айтатын болсақ, мен сияқты басқа да қазақ жолдастарға ешқандай пайдасы жоқ партиялық жиналыстарға қатысуды қалауға мәжбүр ететін жағдайға тап болдым. Мен мұның алғашқысын қаладым, неге десеңіз, өзімді қазақ тілі турасындағы еңбекке икемдірек және пайдалырақпын деп ойлаймын. Бұл саладағы менің қызметім партиялық жиналыстардағы отырыстармен салыстырғанда анағұрлым нәтижелірек болатындығына еш шүбәм жоқ.

Партия жиналыстарына жұмсалуға тиісті уақытты мен босқа (ойын-сауыққа) йаки партия қызметіне еш пайдасыз істерге жұмсаған болсам ғана, жиналысқа қатыспауым туралы айыпталуымның мән-мағынасы болар еді. Дәл осы сияқты жарнаны уақытысында төлемеуім жөніндегі кінәлауды да баспа станогы РКП қолында болмаған жағдайда орынды болар ма еді, ал станок партия қолында тұрғанда мүшелік жарнаның төлену мезгілі партиялық істерде айтарлықтай маңызды рөл ойнамайды.

Менің Алашорда ұйымына қатысуым туралы айыпталуыма келсек, бұл жөнінде мені партияға алған партия ұйымы жақсы білді. Менің өтінішімді және партияға кіргенімді хабарлап, өлкелік басылымда жария еткен де солар еді. Мен «Алашорданы» алғашқы құрушылардың бірімін және осы ұйымның ішінен кеңес өкіметін бірінші болып мойындаған да мен едім. Кеңес өкіметі жағына шығуға мәжбүр етілдім дейтіндер жаңылысады. Бұған аса қажеттілік ол кезде болған жоқ, өйткені мен кеңес өкіметі жағына 1919-шы жылдың басында, Колчак әскері Самара маңында тұрғанда өткенмін.

Осы айтқанымды ескере келе, менің іс-қимылдарымның маңызы кемдеу жағын көріп, жұмысымның маңыздырық тұстарын көрмеген партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссияға мүше жолдастардың бұл іске қатынасында жеткілікті дәрежеде байыптылық таныта алмаған деп түйемін. Егер де мені коммунистік идеяға қайшы келетін әрекеттерім үшін партиядан шығаратын болса, жұмған аузымды ашпас едім. Ондай қадамдар мен қылықтарға мен барғаным жоқ, сондықтан мені партиядан шығару туралы комиссияның қаулысын қанағаттандырарлық негізі жоқ деп есептеп, оны өзгертуді өтінемін.

Ахмет Байтұрсыұлы.

1921-ші жылдың 15-қарашасы.

Орынбор қаласы.

[3, Б. 221-224].

 

** *

1929-шы жылдың маусымындағы мәлімдеме

Бірінші нұсқа - «Абақты» атты кітаптан:

«Әдеби еңбекті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады. Ұлтының қажетін өтейді сөйтіп. Менің ақ патша тұсында басылып, халыққа кең тараған әдеби еңбектерімнің ішінен Крылов мысалдарының қазақша аудармасын, «Маса» деген атпен топтасқан өлеңдерімді бірегей бөлектеп атар едім. Совет үкіметі тұсында шығармашылық шаруадан қашықтай бердім. Ғылыммен айналыстым, қасиетті тілдің түп төркінін ақтарып, ғылым жасадым. Көркем  әдебиетке  деген көзқарасым: оның құндылығы сонда - нендей идеяны көтерген шығарма болмасын егер адам әлемінің сезіміне, жан дүниесіне қалай, қайтіп әсер ете алады дегеннен шығып жатады. Әсерге бөлей алса ғана ол әдебиет. Ой-тұжырым мәселесі екінші кезекте тұрғаны жөн, ал адамды өз әлеміне баурай тартып еліктіріп әкетер күші жоқ шығарма әдебиет емес, идеология ғана деп ойлаймын.

Қазақстандағы әр қилы әдеби ағымдармен таныспын, әйтсе де олардың ешқайсысына енген емеспін, өз басым әдеби өмірде жұмысшы табының мүддесі жоғары ма, әлде ұлттың мүддесі жоғары ма деген тұжырымға елп ете қоймаймын. Ең әуелі кәсіп емес, мұң, шер, адам жаны бірінші көрінуге тиіс қой. Өзімнің жоғарғы оқу орындарында жастарды тәрбиелеу ісіндегі сындарымда, әдебиет мәселелері туралы жазған мақалаларымда осы қағидадан табан аударғаным жоқ. Сосын «Мәдениет тарихы» деген еңбек жазып, сол бойынша Қазақ оқу-ағарту наркомында, Орынборда, Қызылордада дәріс оқып, адамзат қауымын ілгерілетер демеуші күш ғылым мен техникада жатқанын қадап айттым.

Есімде қалғаны, бірде 27 жылы Қызылордада шетел бөлімінде лекция оқып тұрғанымда маған «келешекте басқарушы үкімет сақтала ма?» деген сауал қойылды. Бұл сауал менің сол кездегі мемлекет басшылығы туралы дәрісіме орай, адамзат өзінің арғы-бергі тарихында басқару үкіметінсіз өмір сүрген емес деген тұжырымнан туып кетті. Ойлы сұрақ. Мен жауапты былай бердім: қай ғылым болмасын тәжірибеге табан тірейді, ендеше тарих тәжірибесіне зер салсақ адамзат ешқашан басқару үкіметінсіз тіршілік етпепті. Осыған сенер болсақ, болашақ туралы жеткілікті түрде тәжірибе жинақтай алмай жүрген уағымызда келешекте билеуші үкімет болама, болмайма? дегенге жауап беру әлі ертерек.

«Табалдырық» деп аталатын әдеби ұйымның платформасын жіліктеп шағып берердей көз жеткізіп біле бермеймін. Газет бетінен, қолжазба күйінен оқыған шығармын, әйтсе де әдебиет мәселесін жоспарлауға, тиянақтауға келетін болсақ, керісінше, шығармашылық шаруасы ешқашан талқыланып, жоспарлауға көнбейтін, кісінің ерік құқына байланыссыз қасиетті іс деп тұжырамын.

Мұстафа Шоқайұлының Парижде тұратынымен ғана хабардармын. 1924 жылы Парижде өткен өнер шығармаларының дүниежүзілік көрмесіне қатынасып абырой алған қазақ әншісі Әміре Қашаубаев елге қайтып оралған соң Шоқайұлы өзі аянышты тіршілікте жүріп елін, жұртын аяған жүрегі жылы азамат деп ойлаймын.

29 жылғы 18 маусым.

Байтұрсыновтың қолы»

 

[4, Б. 187-188].

 

Екінші нұсқа -«Алаш ақиықтары» атты жинақтан:

«Менің әдеби шығармаларымның ішінде самодержавие тұсында басылып шыққандары: Крылов мысалдарының аудармасын және «Маса» деген атпен шыққан өзімнің өлеңдерім мен аудармаларым. Кеңес өкіметі тұсында мен әдеби іспен айналысқаным жоқ. Көркем  шығарма туралы мәселеге келетін болсақ, мен көркем дүниенің құндылығын оның қандай идеяны негізге алғандығымен емес, адамның жан дүниесіне, сезіміне қалай әсер етуіне байланыстыбағалануы керек, деген көзқарастарын жақтаймын.

Қазақстандағы ағымдармен таныспын, бірақ та олардың ешқайсысына іш тартпаймын, себебі, мен үшін әдеби бағыттардың - пролетарлық немесе ұлтшылдық сарынның қайсысы басымдық танытса да бәрібір. Оқу орындарында жастарды тәрбиелеу жолындағы ұстаздық қызметімде әдебиет жөніндегі дәрістерімді жоғарыда айтқан пікірімнің негізінде жүргіземін. Ал Орынбор мен Қызылордада қаласындағы қазақ ағарту институтында дәріс берген «Мәдениет тарихы» пәнінің бағытына келетін болсақ, онда мен өзімнің негізгі арнамды - адамзаттың дамуының қозғаушы күші мен қуаты - ғылым мен техника деген пікірді жетекшілікке алдым.

Бірде 1927-ші жылы Қызылорданың Қазақ ағарту институтында тарих пәнінен дәріс беріп тұрған кезімде маған: болашақта өкімет бола ма? - деген сұрақ қойылды. Бұл сұрақ мемлекет билігі туралы оқылған дәрістегі адам баласы барлық заманда да биліксіз өмір сүрмеген деген сөзден туындады. Мен ол сауалға ғылым - тәжірибеге негізделеді, ал өткен тәжірибеге жүгінсек, адамзат биліксіз өмір сүріп көрмепті. Сондықтан да тәжірибеден өткізіп алмай, болашақта өкімет билігі бола ма, жоқ, оған ғылыми тұрғыдан баға беруге болмайды, - деп жауап бердім.

Егерде ұмытып қалмасам, менің жауабым сонымен тәмамдалған сияқты болатын. Ал социализм құрылысының даму болашағы мен содан келіп туындайтын мемлекеттік биліктің тағдыры жөніндегі сұрақтар маған берілген емес.

Қазақ әдебиетінің ағымдары туралы мәселені мен ешкіммен де бірігіп талдағам жоқ. Оның ішінде Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бірігіп оқыған емеспін. Қалай болған күннің өзінде, мен Мәскеуге барған кезімде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерінен көрмегенім анық, сондай-ақ Жұмабаевтың пәтерінде болғаным жоқ.

Нақтысын айта алмаймын. Жұмабаев пен Бөкейханов мен орналасқан жатақханаға (ол РСФСР-дің Халық ағарту комиссариатының Мәскеудегі жатақханасы болатын, 1924 жылы күзде мен өлкетанушылардың өлкелік құрылтайына қатысу үшін барғанмын) келді ме, әлде бәрімізде өлкетанушылардың құрылтайының мәжілісінде кездестік пе, әйтеуір, бір жүздескеніміз рас. Сондай-ақ, «Табалдырық» әдеби үйірмесінің бағдарын оқығаным да есімде жоқ. Әрине, әдеби шығармаларды оқыған болармыз, алайда ешқандай қолжазбаның болғаны жадымда сақталмапты, ал Сәрсенбиннің газетте жарияланған мақаласы есімде. Мен Мәскеуде болған кезімде оны Жұмабаевпен көріп қалғаным бар.

Орынбор қаласында тұрғанымда Сәрсенбин менің үйіме келген емес. Әйтеуір, менің жадымда қалмапты. Тіпті, өлкетанушылардың құрылтайынан кейін соның өзін көрдім бе, жоқ па, білмеймін.

Жұмабаевтың әдеби бағдарын талқылауға арналып, Алдыоңғаровтың үйіне бір рет бас сұққан жоқпын.

Шоқаевқа қатысты білетінім, оның Парижде тұратындығы ғана. Тек 1924-ші жылы Парижде өткен дүниежүзілік өнер мерекесіне барған қазақ әншісі Әміре Қашаубаев ол жақтан қайтып келген соң Шоқаевты көргенін айтқан болатын. Бұдан басқа ол туралы ештеңе деген жоқ. Бұл сөзді Әміре менің үйіме әдейі келіп айтты ма, жоқ, көшеде кездейсоқ кездесіп қалғанда айтты ма, ол жағы есімде қалмапты.

Менің берген жауабым өзіме оқылды, менің айтқан сөздерім дұрыс қағазға түсірілген, сол үшін қол қоямын.

А.Байтұрсыновтың қолы

Жауап алған - Саенко

[3, Б. 7-8]

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Заявление о вступлении в члены РКП (б) А.Байтурсынова // Известия Киргизского края, 15 апреля 1920.

2.     Байтұрсынов А. Жазығым не? (Материалды әзірлеген: ҚР Президенті архивінің қызметкері Сүлейменов Ж) // Ақиқат №9,  Б. 80-81, 1996.

3.     Алаш ақиықтары: Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар. (Құраст.: Жұртбай Т). - Алматы: Алаш, 2006.-288 б., Б. 7-8, 221-224.

4.     Досжанов Д. Абақты. - Алматы: Қазақстан, 1992.-288 б., Б. 152, 187-188, 189-218.

Имаханбет Райхан Сахыбекқызы,

Халықаралық бизнес университетінің доценті,

Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434